Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәдібек Түгел: "Ең үлкен бақыт-туған Отанға адал қ...

17.03.2016 5120

Сәдібек Түгел: "Ең үлкен бақыт-туған Отанға адал қызмет ету"

Сәдібек Түгел: "Ең үлкен бақыт-туған Отанға адал қызмет ету" - adebiportal.kz

 

Сәдібек ТҮГЕЛ.jpg

 

Сәдібек Түгел

жазушы


 


 

 

 


 

-Сіз елге танымал тұлғасыз. Жеке көлігіңіз бен дүние мүлкіңізді ломбардқа салып, Ұлы даланың даңқты тұлпары Құлагерге ескерткіш орнатуыңыз ұлт руханиятына қосқан зор үлес екені даусыз. Алайда, мұндай тәуекелге баруыңызға не түрткі болды?

- Жігіттермен алдын ала кеңескесін, олардың уәделеріне орай бұл жұмысты 2008 жылдың соңғы айларында бастап кеттім. Идея мақұлданды, жоспар жасалынды, ондаған эскиздің нұсқалары істелінді, оған танымал азаматтар қатысты. Белгілі архитектор Сұлтан Ильяев жасаған вариантты ҚР ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарған мемлекеттік комиссия 2009жылдың қаңтар айында бекітті. Бірнеше дөңгелек үстел басындағы бас қосулар, жиналыстар, экспедициялар өткізілді. Оған еліміздің жақсылары мен жайсаңдары қатысты. Алдымен әрбір құрылыс нысандарына тән геодезия, жобалау, жер мәселелері қаралып, шешілді. Не керек, Бішкекте қырғыз елінің атақты сәулетшісі, профессор Болатбек Садықовтың шеберханасында Құлагердің мүсінін жасалуда, оған үш елдің шеберлері қатысты, қазақстанда құрылысшылар ескерткіштің фундаментіне бетон құюда және тағы басқа үлкенді-кішілі қаражат тілейтін жұмыстар жүргізілуде. Күнтүзбеге сәйкес,оларды қаржыландыру керек. Ақша жоқ. Біз, әлемдік қаражат дағдарысына тап болдық. Уәделерін үйіп-төгіп берген жігіттер, дағдарыстың салдарынан суы тартылған өзендердегі балықтардай қарбалаңдап қалды. Енді қайттік. Дағдарысты тоссақ, ескерткіш салынбайды. Сондықтан, нартәуекелге баруға тура келді. Бір сөзбен түйіндегенде, кәдімгі азаматтық намыс түрткі болды. Бұл ұлтқа қажетті маңызды шараны мен атқармасам кім істейді?- деп намысты қайрап, нартәукелге бел будым.


 

 

– Сіздің бүкіл дүние мүлкіңізді ломбардқа өткізгеніңізді естіген жездеңіздің уайымдағаны сондай, жүрегі ұстап, ауруханадан бірақ шығыпты ғой...

–Ол да рас. «Әкенің жақсысы жездедей болады»- деген біздің қазақ. Ертеңінде жездемнің көңілін сұрауға ауруханаға бардым. Палатаға кірген бойда, жезде, ештеңе бүлінген жоқ, достарым бар емес пе, алған қарызды уақытында қайтарып, залогтағы дүние-мүлікті аламын, бәрі дұрыс болады, сен оған бола жүрегіңді ауыртпа» — деп тіл қаттым. Ол «Сәдібек, мен саған тілектес жанмын ғой. Айтайын дегенім, ең жаман түсімде көргім келмейтін, нар тәуекел іске барып отырсың. Ұтылып қалма. Қазір біздің қоғамда не көп, табалайтын ағайындар көп. Оларға сенің өскенің, жеңіске жеткенің емес, жеңілгенің мен құлағаның керек. Солардан сақ бол! Қалай дегенмен, жарайсың, ұлтқа керек батыл қадам жасап отырсың! Алла тағала қолдасын!»- деп жездем ақ тілегін жеткізді».


 

 

-Астананың қалыптасу кезеңінде тұңғыш баспасөз хатшысы қызметін абыроймен атқардыңыз. Бұл қызметке қалай келдіңіз?

- 1998 қаңтарында Астана қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметіне заман талабына сай, журналистермен тіл тауып дұрыс жұмыс істей алатын адам қажет болып, бұл жауапты жұмысқа қолынан іс келетін маманды таңдап алу үшін арнайы байқау жарияланды. Қазақтың бас қаласы, яғни, еліміздің ресми орталығы Арқаға көшіп, үлкен саяси мәні бар жұмыс қайнап жатқанда мен де бұдан тыс қалғым келмей, жаңа елордамыздың алғашқы қадамына көптің бірі бола жүріп нақты ісіммен қолдау білдіргім келіп жүрген. Мына байқау менің әлгі ішкі тілегімді жүзеге асыруға жол ашатындай көрінді. Сөйтіп, құжаттарымды өткізіп, байқауда бағымды сынап едім, жолым бола кеткені. Осылайша Астана қалалық әкімшілігі баспасөз қызметінің алғашқы жетекшісі болдым. Мен Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметі міндетіне 1998 жылдың ақпан айының жетісі күні бекітілдім. Ол кезде жаңа Елордамыздың жаңа құрылып жатқан кезі болатын . Талай қызықты оқиғалардың бел ортасында, қайнаған қазанның ішінде жүрдік. Астана мені баурап алды.


 

 

-Сіз қазақта «Қазанат» тұқымды тұлпарлар болғаны жайлы айтып қана қоймай, оны зерттеумен айналысып жүрсіз. Осы тақырыпқа қатысты не айтасыз?

- Рахмет тілегіңіз бен сұрағыңызға. Аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, тай жарыс, жорға жарыс, көкпар, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, бүркітшілік, түйе жарыс, ат омырауластыру, «Ер жігіт» және тағы басқа ұлттық спорт түрлері халқымыздың Ұлы дәстүрі әрі асыл мұрасы болып саналады. Олардың мың жылдық тарихы бар. Біздер, соның осы замандағы, ел тәуелсіздігін алғаннан бергі, бабалар аманатын орындаушылар әрі негізгі ұйымдастырушыларымыз. Тарихи ақиқат солай. Құдайтағала бізге сондай бақ берген. Оны қалың қазақ жақсы біледі, сол үшін құрметтейді. Қазақ халқы жылқы түлігін «Ер қанаты – ат» деп әспеттеген. Жүздеген ғасырларға созылған көшпенді өмір салтының негізгі аспектісі мал шаруашылығы десек, соның ішінде жылқы түлігінің маңызы ерекше.


 

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, мен ең әуелі қазақтың Қазанатын іздеуіме не түрткі болды, сол туралы айтайын. Қазанат деген сөзді алғаш 1960 жылдары 5 жасымда әкемнің аузымнан естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. «Мынау қазақтың ұлан-ғайыр даласын біздің батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана қорғады десеңдер қателесесіңдер. Ат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған. Қазір сол аттар көзден бұлбұл ұшып, тұқымы құрып барады. Қазақ – Қазанатқа қарыздар» деген еді.


 

Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп...», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген...» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен Қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл түқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды. Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, гоновер, орыс, т.б. деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп және тайға таңба басқандай: «Жігітте де жігіт бар, АЗАМАТЫ бір бөлек, жылқыда да, жылқы бар, ҚАЗАНАТЫ бір бөлек!» деп бекер айтпаған.


 

 

- Бірнеше жыл бұрын «Қазанат тұқымы толық жойылып кетті» деген сыңайлы пікір айтып едіңіз...

- Қазанат тұқымы қазір жаппай қолданыста жоқ. Бұрын болған. Қазақ даласында 1930 жылға дейін 60 миллионнан астам мал болған екен. Тек жылқының өзі 4 миллионнан асқан. Бұл сол кездегі 6 млн халыққа жетіп жатыр деген сөз. Одан кейін Голощекин Қазақстанда «кіші октябрь» жасаймын деп қазақтардың қолынан жылқысын тартып алды. Сондағы ойлап тапқаны «маңқа ауруы» еді. Сау малға маңқа тиді деп, жылқыны қынадай қырған. Алапат жылқы қырғыны болған жер Ақмола облысы Егіндікөл ауданына қарасты Жалманқұлақ ауылы. Ауыл іргесінде «Жылқы моласы» аталатын үлкен сай күні бүгінге дейін бар. Бірнеше жүз адам жабылып қазған терең орға 1931-32 жылдары қисапсыз көп жылқыны мылтықпен атып құлатқан. Көнекөз қариялардың айтуынша, осы қазан шұңқырда бірнеше облыстың құйма тұяқтысының сүйегі жатқан көрінеді. Нәтижесінде жоғарыдағы 4 млн жылқыдан 150-ақ мыңы аман қалған.


 

 

- Аға, ұлттық спорт түрлерінің негізгі ұстыны «Ат ойындары» емес пе?

- Шынында, біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер, біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омыраулату, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары» деген сияқты...


 

 

Бірақ «Ат спорты» ойындарының жанданған кезі соңғы жылдары ғана емес пе?

–Ат спорты ойындары өткен тоқсаныншы жылдардың басыңда қолға алынды. Оны көтерген Бошай Кітапбаев, Айып Құсайынов, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары өте жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын. Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайының ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың мерейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жанданды. Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ойындарын өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтық. Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылы Жастар ісі, туризм және спорт министріне хат жаздым. Ол хат абырой болғанда министрліктің бөлім бастығы Елсияр Қанағатовтың қолына тиіпті. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр мырзаға әлі күні алғысымыз шексіз. Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев, сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Бір жылдан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет Қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы шақырылды. Бұл күн – Ұлттық Ат спорты түрлері федерациясы үшін тарихи дата болып есте қалды. Осы тұста Спорт Министрінің атына арнайы хат жазып, Ұлттық ат спорты Федерациясының өмірге келуіне тікелей себепкер болғаныма Жаратушы иемізге шексіз алғысымды айтамын. Содан бері Ат спорты Федерациясының Туын жоғары ұстап келеміз. Оған қалың ел қазағым куә. Алғашында бір ғана Ұлттық Ат спорты Федерациясы болса, қазір бұл үлкен Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығына айналып, ол өз құрамына бірнеше федерацияларды біріктірді. Олардың өзінде облыстық, аудандық филиалдары бар. Қазірге дейін 257 республикалық, 2411 облыстық, аудандық, ауылдық жарыстар өткіздік. Республика бойынша 13 ұлттық спорт мектебі, 21 ипподром, 17 ат спортының клубтары мен орталықтары жұмыс істейді. Бұл – зор жетістік деп ойлаймын.


 

 

- Шетелдерде өтетін дүбірлі додаларға қатысып жүрсіздер, нәтиже қандай?

-Ең алғаш рет 1996 жылы Венгрия Республикасы ұйымдастырған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Әлем шабандоздарының тұнғыш фестивалінің бас жүлдесінен дәмелі 23 мемлекет ішінен қазақтың жұлдызын оңынан туды. Көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды төл ойын түрлері бойынша оқ бойы озып шықтық. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген еуропалықтар жапырылып құлады. Ақырында фестиваль төрешілері мен қазылар алқасы бас жүлдені біздің жігіттердің қанжығасына байлады. Бізге дейін мажарлықтар: «Бізді дүниеде ат үстінен аударып түсіретін ұл туған жоқ» деп мақтанып жүреді екен. Осы мажар жігіттерін біздің Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сияқты жігіттеріміз қасқағымда ат үстінен жұлып-жұлып алып, лақтырып жіберді. Венгрлік гусарлардың салмақтарының өзі 120-130 келі, бойлары екі метрден асады. Біздің жігіттер орта бойлы, әлгілердің иықтарына да жетпейді. Бірақ, әдіс-айла мен тақым мықты болғанда, салмақ пен күштің дәрменсіз болатынын сонда көрдік.


 

2001 жылы Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясы құрылды, оған әлемнің 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы деген сөз. Сол 17 мемлекеттің ішінде Жапон, Түркия, Қытай, Ресей, Монғолия, Ауғанстан сынды ірі мемлекеттер де бар.


 

 

- Бірнеше жылдың алдында Сіз бастап барған Ұлыбританияға барған бүркітшілеріміз, зор табысқа кенелді. Түркиядан көкпаршыларымыз жеңіспен оралды. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз...

– 2007 жылдың шілде айының ортасында Еуропаның төрі Лондон қаласында біздің бүркітшілер тарихи жеңіске қол жеткізді. 33 мемлекеттің ішінен суырылып алға шығып, жарыстың бас жеңімпазы атанды. Бұл еліміз үшін үлкен абырой. Ұлыбританияға тұңғыш рет барлық жасауымен, оның ішінде сандық, қылыш, найза, ертоқым, алаша, текемет, қамшыдан тартып, сегіз қанат киіз үй апарған біздің жігіттер – бүкіл фестивальге қатысушыларды таң қалдырды. Франция, Германия, Бельгия, Британия, Бразилия, Жапония, Қытай секілді мемлекеттер қатысқан бұл фестивалға 5000-дай адам қатысты. «Британ құсбегілері» ұйымының басшысы, халықаралық құсбегілер Федерациясының президенті Джим Чикпен кездесу өткіздік. Мәдени-спорт саласына қатысты екіжақты ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері талқыланды. Біз апарған киіз үйді Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-Министрінің орынбасары, БАӘ Құсбегілер клубының төрағасы Шейх Хамдан бин Заед Әл-Нахянның өзі келіп тамашалады. Киіз үй Британия мұражайына табыс етілді.


 

2012 жылдың 12-15 қазан күндері Түркия елінің Денизли қаласында әлем халықтарының ұлттық спортының мәртебелі Фестивалі өткізілді. Оған дүниежүзінің 25 елінен спортшылар қатысты. Біздің көкпаршылар командасы барлық қарсыластарын ұтып, халықаралық жарыстың жеңіпазы атанды. Команда сапында бас жаттықтырушы Қуан Құрамаев,Дәулетбек Омбаев, Қазбек Амангельдиев, Темірқан Айтбаев, Мұстафа Уатаев, Бақтыбай Шырынқұлов, Еркеғали Мырзалиевтер болды.


 

 

-Құрамында 7 республикалық журнал, 2 баспасөз клубы, 8 сайты бар Сіз басқаратын «Түгел Медиа» бірлестігі еліміздің ақпарат айдынында өз орнын қалыптасыра алды. Осыншама жұмысты бір арнаға тоғыстыру оңай емес, күшті қайдан аласыз?

-Қазір біздің « Түгел Медиа» бірлестікке 7 журнал, 1 газет, 2 баспасөз клубы, 8 сайт қарайды. Олар мына журналдар: «Қазанат», «Құлыным», «Біз,астаналықтар!», «Ұлы Дала қырандары», «Керемет той», «Журналистер әлемі», «Ұлттық спорт». «Түгел-Медиа» бірлестігінің ұраны: «Біз журналистер, біз біргеміз!» – «Мы журналисты-мы вместе!». Таяуда біздің Медиа бірлестікті «Бас редакторлар клубы» өз қатарларына қабылдады. Бұл клуб 222 жетекші еліміздің Бұқаралық ақпарат құралдарымен, газет-журналдармен,телерадиолармен, ақпарат агенттіктерімен, танымал сайттарымен жұмыс жасайды. Сонда біздер, 300-ге тарта бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым қатынаста жұмыс істейміз. Бұл дегеніміз үлкен, жойқын күш.


 

Күшті - ұлтқа адал қызмет істеу қажет деген қағидадан аламын. Мен отаншыл, мемлекетшіл азаматпын. Туған Отанға адал қызмет істеуді нағыз бақыт санаймын. Ия, «ТҮГЕЛ МЕДИА» үлкен белестерге көтеріліп отыр. Біздегі барлық басылымдар мен сайттар Ел Тәуелсіздігінің баянды, берік болуына жұмыс істейді. Біз тегін жұмыс істейміз. Үкіметтен ақша алмаймыз. Бұл - біздің Туған Отанға қосқан үлесіміз болып табылады.


 

 

-Сіз «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалыстың негізін қалаушы әрі оның төрағасы ретінде бүкіл уақытыңызды, саналы ғұмырыңызды Ұлы Дала мәдениетінің жаңғыруына сарп етіп келесіз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Ұлы Дала Қырандары» туралы кеңінен айтып өтсеңіз?

- Биыл, 2016 жылы туған Отанымыз - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы!!! Бұл тұрғыда менің айтарым: дүние жүзінде – 7 миллиард 110 миллион адам өмір сүреді.Соны құрайтын екі мыңнан астам ұлттардың бірі де бірегейі біз - қазақтар. Әлемде жер көлемінен 233 мемлекеттің ішінде 9 орын алатын жерінің асты да үсті де тұнған байлық - Қазақстан Республикасы. Туған тарихына 5 мың жыл болғандар тек Мысырлықтар, Римдіктер, гректер жапондықтар, қытайларға ғана емес, біздер қазақтарда тарих тамырын тереңге жайған, келешек ұрпаққа мол, ғажап мұра қалдырған ұлтпыз. Біз кімбіз - дегенде, біз Алтайдан – Атырауға, Алатаудан – Ұлытауға дейінгі ұлан – ғайыр жерді мекендеуші – Ұлы қазақ халқының ұрпағымыз деуіміз қажет. Ал, қазақ болу бір де, нағыз қазақ бола білу – бөлек дүние. Нағыз қазақ бола білу – еліңді, жеріңді сүю, ата – бабаң сияқты бойындағы жаныңды берсең де - жеріңді бермеу, салт – дәстүріңді, туған тіліңді, дініңді, діліңді сақтау деп білем.


 

Ал, өткен ғасырда өмір сүрген нағыз қазақтар туған жерімізді көздің қарашығындай қорғап, салт – дәстүрімізді сақтап, ана тіліміз бен ата дініміздің қаймағын бұзбай кешеден бүгінге аманат етті. Ал, біз болсақ, сол ата – бабалардың салт – дәстүрін, асыл қазынасын одан әрі жалғастырушы ұрпақтардың өкілдеріміз. Өйткені, бәріміз ұлттық құндылықтардың өркендеуіне үлес қосып, өмірімізді соған арнап жүрген жандармыз. Дәл осы тұста халқымыздың соңғы бір жарым мың жылдық тарихына шолу жасайық. Бір жарым мың жылда біздің қазақ үш кезеңді бастан кешіріп, төртінші кезеңді өткізіп отыр.


 

Бірінші кезең: Дәуіріміздің 6 – ғасырынан – 16 ғасыр аралығын қамтиды.Түрік қағанаты, Дешті – Қыпшақ хандығы Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы. Бұл – 11 ғасырға созылған көшпенділердің қалыптасу кезеңі.


 

Екінші кезең: Ресей Империясының қарамағында бодан болған кезіміз. Байтал түгіл - бас қайғы болған заман.


 

Үшінші кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейінгі 74 жыл аралығы.


 

Төртінші кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 – желтоқсаннан бүгінге дейін аралық. Ең басты құндылығымыз ел тәуелсіздігі. Қазақ үшін қастерлі ұғым. Біз бейбіт өмірді бағалап, азат күнді аялап, тәуелсіз елдің тынысты тірлігі үшін ел болып, тынбай еңбек етуге тиістіміз.


 

Тәуелсіздік ең басты жеңісіміз, ең үлкен құндылығымыз! Ширек ғасыр тәуелсіз мемлекетпіз. Өз жері, өз шекарасы бар әлем мойындаған бірыңғай елміз. Осыған жеткізген жаратушы иеміз аллатағалаға және «Ұлы Далада» сан ғасыр еркіндік пен егемендікті аңсаған, сол жолда бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерін жауларға бермей арпалысқан ата-бабаларымызға әрқашан басымызды иіп, тағзым етеміз. Біз ежелден Ұлы Дала төсінде түлеп, өсіп өнген халықпыз. Ұлы Дала ұлтымыздың ұялы мекені болып саналады. Қадам заманнан ұлықты ұлт, қонысы құтты жұрт болғанымыз баршаға белгілі. Бауырынан бақ, қойнынан құт кетпеген Ұлы Далада ақиқаттан айнымай, татулықты ту етіп, шындыққа бас иіп, ерлікті ерекше бағалап, ұраннан ілім, құраннан білім алған, ата-бабаларымыз жыландай жиырылған жылдарда да, зорлығы көп зобалаң замандарда да ежелден ережесі бар қазақы қағиданың қаймағын бұзбай ұрпағына аманат етті. Туған жеріне көз тігіп, жан-жақтан келген дұшпанға қылыш боп тобасына түсіріп, тәубасына келтірген. Ал, алдына келіп ағынан жарылып жағдайын айтқан жұртқа адал ас тартып, қолұшын беріп қайырлы іс қылған. Ала жіпті аттамаған, өтірікті жақтамаған. Ел үшін егесіп, ұлт үшін ұрысқа түсіп, сүйемдей жерге сүйегін берген. Бөрілі байрағын, айбарлы аймағын ардақтап, түгел тізе қосып төрт құбыласын түгендеген. Елдің аласы, жұрттың наласы болмаған. Дегдар халқымыз Ұлы Даланың жазылмаған заңдарын темірқазық қылып, қазақ қағидасын берік ұстанған. Бірақ көш бастаған көсемдеріміз елдің бірлігін, жердің кеңдігін тұтас ұстап ұзақ сақтап қала алмады. Оған басты себеп сол уақытта жиі болған ұрыстар, одан қалды ел ішіндегі алауыздық тағы басқада ішкі, сыртқы жағдайлар. Бұның бәрі тарихтан баршаға белгілі. Атап айтуымыз керек қандай қиын аласапыран заман болса да қазақ халқы елін, жерін сақтап қалды. Ақымаққа емес, ақылға тоқтаған қазақ баласы қиын заманның қыл бұрауын, қилы тағдырдың қыл көпірін көріп ерін жоғалтса да елін, елдігін жоғалтпай ақырын жүріп, анық басып азаттыққа да жетті.


 

Тәуба! Туған жұртының тәуелсіз ел болуын көксеп көре алмай кеткен, өз елім деп өксіп өмірден өткен ата-бабаларымыздың асыл арманына қол жеткізгенімізге де жиырма бес жыл, ширек ғасыр болып отыр. Бодандықтың бұғауын бұзып, бейбіт ел болған 25 жылда қазақ қайта тұлпардай түлеп, қырандай қияға қанат қағып тұғырына қайта қонды. Азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап іргедегі елдермен ғана емес, ірі мемлекеттермен қарым-қатынас орнатылды. Алыс-беріс артып, барыс-келісте көбейді. Бүгінде Батыс пен Шығыстағы азуын айға білеген, дамудың даңғыл жолына түскен елдері санасатын елдің біріміз. Жиырма бес жылда егеменді еліміздің асқан асуы аз емес, әлі жасалмай жатқан кемшіліктерде жоқ емес. Осы уақытқа дейін Отанымызда ел игілігі үшін жасалған дүниелерді елге айтып, көлеңкеде қалып, көптен күрмеуін таппай келе жатқан қоғамдағы келеңсіз мәселелерді биік мінберлерде билік алдында көтеріп, шешу жолдарын көрсетіп, бағыт беретін, қаперден шығып қараусыз қалған құнды дүниелерді қайта жаңғыртып ұрпақ игілігіне жаратуға мұрындық болатын жаңа «Ұлы дала қырандары» атты қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалыс құрылды.


 

Алдымен қозғалыстың атауына қысқаша тоқталып, көпшілікке аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Қоғамдық қозғалыс «Ұлы Дала Қырандары» деп жәйден-жәй аталып отырған жоқ. Ұлы Дала төсін мекен еткен қырандардың қасиеті әмбеге аян, елге мәлім. Жерге қонып, көкте самғаған, көкке ұшып жерді шарлаған қырандардай қырағы һәм қиядан қарап, қисынын табатын, қандай жағдайда да талмайтын қанаты мен қажымайтын қайратын көрсету! Әрі ұлт сөзін сөйлеп, халыққа қызмет қылғанда, басқа қандай күн тусада қанатымыз талмасын, қайратымыз қажымасын деген жалғыз тілектен туған дүние.


 

Эмблемадан қанатын кеңге жайып, биікте самғап келе жатқан Ұлы Дала Қыранын көреміз. Ол жәй құс емес. Ол Ұлы даламыздың төсін мекен еткен қажымас қайратты, қанаты талмайтын, жаужүрек Дала қыраны, еліміздің символы! Қараңыз біздің қыранымыз, көзін тік қадап, арайлы күнді өзімен бірге әкеле жатыр. Бұдан шығатын қорытынды қырандардың позициясы – айдай анық. Ол халқымызды арайлы күнге бөлеу, шапағат-нұрын ел-жұртқа шашу. Осы тұста айтарымыз, қозғалыстың негізгі мақсаты – ұлтқа адал қызмет істеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, бай дәстүрлерімізді дәріптеп, салтымызды сақтау,Ұлы Дала мәдениетін жаңғыртып, рухты ұрпақтар тәрбиелеу. Қоғамымызда болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайлардан шет қалмай, өз үнімізді, өз ұстанымымызды жеткізіп отыру. Күнделікті өмірде қоғамның жұмысына белсене араласып, жақсы жұмыстардың жаршысы, игілікті іс-шаралардың ұйытқысы болып, халықтың сенімін ақтау. Біз центристік ұстанымдағы , елді , жерді, туған Отанды сүйетін, қорғайтын, қастерлейтін қозғалыспыз. Бұл дегеніңіз барды бар, жақсыны жақсы деп айта білу, жаман, жат қылықтарға жол бермей, тойтарыс беру болып табылады. Біздің қозғалысымыз 2011 жылы бірінші құрылтайда құрылды. Биыл бізге 5 жыл толып отыр.


 

Біз, алғашқы күннен бастап, еліміздегі заң талаптарын мүлтіксіз орындап келеміз. Ең алдымен, қозғалыстың дұрыс заңдылығына ерекше көңіл бөліп, құқықтық негізін қаладық. Соның нәтижесінде 2012 жылдың 12 қаңтары күні «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысы ҚР Әділет Министрлігінен мемлекеттік тіркеуден өтті. Бізге «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы Республикалық Қоғамдық бірлестігі деген заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы ресми Куәлік табыс етілді. Бұл біздің қозғалыстың паспорты болып саналады. Бұл жұмысты біз одан әрі жауапкершілікпен тегеуірінді жалғастырдық. Соның нәтижесінде,16 облыстық филиалдарымыз облыстық Әділет басқармаларынан мемлекеттік тіркеуден өткізілініп, халық арасында құқықтық негізде жұмыс істеуге болатын рұхсат алдық. Бір сөзбен түйіндесек біздің қозғалысқа заңды құқық берілді. Сонымен, «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы барлық филиалдары мемлекеттік тіркеуден өткізілген еліміздегі бірден-бір бірлестік ұйым болып саналады. Біз күнделікті жұмысымызда Конституцияға, Азаматтық Кодекске және қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер туралы заңдарға сәйкес қызметтер жүргіземіз.


 

Жоғарыда айтып өткенімдей, қырандар қозғалысы қарқынды жұмыстар істеп, жарқын істердің жаршысы, жақсы шаралардың ұйтқысы болып қоғамдық белсенділік танытуда.


 

Тарихымыздың ту-ту тереңде екені белгілі. Біз, 2012 жылы «Ботай» және «Берел» қорымдарында табылған құнды жәдігерлердің ұлттық тәрбиедегі рөліне де арнап дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Оған атақты археолог-ғалымдар, тарихшылалінр қатысты. Олардың ішінде жоба жетекшілері, белгілі археологтар, қозғалысымыздың белсенді мүшелері Самашев Зейнолла мен Виктор Зайберттер бар.


 

Біздің қозғалыс тағы бір ұлағатты шараны жүзеге асырды. Оны мен айтып өтуім керек. Ол – «Олардың есімдері жүрегімізде» – атты өмірден өткен дарынды елордалық қаламгер журналистерді еске алуға арналған мәні де маңызы зор керемет кеш. Бірінші кеш 2012 жылдың 4 мамырында Астана қаласында өтті. Онда Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Жұматай Сабыржанұлы, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Владимир Бойко, Жомарт Әбдіхалықов, Рафаель Жұмабаев, Олег Квятковский, Октябрь Әлібеков, Мадрид Рысбеков, Шакизада Куттыаяков, Алмас Жолтаев, Біржан Белқара бастаған 14 әріптес-журналистерді еске алдық.


 

2013 жылдың 12 желтоқсаны күні журналист қаламгерлерге арналған екінші кеш елорданың «Жастар» мәдениет сарайында жоғары деңгейде өткізілді. Онда елордамыздың дамуына және журналистикаға зор үлес қосқан әріптестеріміз Әскен Нәбиев, Бақтыбай Шаһанов, Владимир Гундарев, Ербол Шаймерденов, Дукенбай Досжанов, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бектемирова, Андрей Тришечкин ,Наталья Хабарова, Иван Балучевский туралы бейне сюжеттер көрсетіліп, әсерлі естеліктер айтылды, ұлағатты концерт қойылды.Үлкен тебіреніспен өткен шарада көзіне жас алып, көңілі толқымаған жан болмады. Мәні де маңызы да жоғары кешке ел риза болды.


 

Қуанышпен әрі мақтанышпен айтарымыз қырандар қозғалысы әлемде теңдесі жоқ «Ұлы Дала Даңқы» (Музей Славы Великой Степи) мұражай құрылысын салу туралы жарқын бастама көтеріп, жалпыұлттық Акцияны бастап отыр. Акция аясында жүздеген игілікті шаралар өтуде. Акцияның аты: «Ұлы Дала – Ұлттық Рух!» – «Великая Степь – Национальный Дух!» – деп аталады. Бұл мұражай жаңа Елордамыз –Астана қаласына арналынып салынады. Себебі, жиырмасыншы ғасыр мен жиырма бірінші ғасыр тоғысында Қазақ халқының тарихында мың жылда бір рет болатын ұлы оқиға орын алды. Ол ел астанасының Алатаудың баурайынан қазақтың кең жазира сахара даласы, Сарыарқаның нақ төсіне орналасуы еді. Бұл мәні де, маңызы өте зор ұлы жоба бүкіл қазақ халқының атағын аспандатып, абыройын биікке шығарып отыр.Астана күн сайын өсіп, өркендеп, қарыштап, дамып келеді. Бұл күнде жаңа Елордамызды бүкіл әлім танып, мойындады. Керемет ғимараттар мен кешендер салынып, әдемі тұрғын үйлер бой көтерді. Тек соңғы жылдары Астана қаласында әлемдік деңгейдегі ірі симпозиумдар, бас қосулар, съездер және спорттық, мәдениеттік шаралар өткізілді. Соның ішінде атап айтарымыз, ОБСЕ-нің саммиті, дәстүрлі діндер съезі, Азияда ойындары. Бұл күнде Астаналықтар Елордамыздың құрылуының 20 жылдығына және ЭКСПО-2017 әлемдік көрменің өткізілуіне дайындық үстінде. Осы орайда, «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы өзінің мол үлесін қосуды жоспарлап отыр. Ол – Астана қаласының және аты аңызға айналған ҚҰЛАГЕР ескерткішінің жанынан ғажайып«Ұлы Дала Даңқы» – «Музей Славы Великой Степи» мұражайы құрылысын салу болып табылады. Бұл шын мәнінде әлемде теңдесі жоқ, Ұлы Далаға арналған тұңғыш мұражай болып саналады. Оған ат салысу әрбір жүрегінде ұлтын, Ұлы Даласын, елін сүйетін азаматтардың асыл борыштары деп білеміз.


 

«Бұлақ көрсең, көзін аш»акциясын өткіземіз. Тағы бір мәселеге ерекше тоқталып өткенді жөн көріп тұрмыз. Қырандар күнделікті жұмысында халықтың өсуіне, демография мәселелеріне, оның ішінде отандастарымыздың ата қонысына келуіне көп көңіл бөлуде. Біз 2012 жылдың маусым айының 12-14 күндері «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының атынан Қытайда тұратын қандастарымызбен кездесулер өткізіп қайттық. Іссапар сәтті болды. Соның нәтижесінде «Бұлақ көрсең көзін аш» – атты маңызды жоба өмірге келді. Жобаның мақсаты – шет елде тұратын дарынды қазақ балаларын ата қоныстары Қазақстанға әкеліп, оқытып, білім беру болып табылады. Мысалға, Қытайдың Ащылы деген ауылында тұратын 10 жасар тума талант Қуаныш туралы айтып өтейік. Әлгі қаршадай бала Қобыланды, Алпамыс, Қамбар жырларын жатқа айтады және өлең шығарады. Бұл бала бізге керек пе? Әрине керек. Сондықтан осындай жауһарларды іздеп тауып, елге әкелуіміз керек. Бұл арада біздің қозғалыс «Балапан» телеарнасымен бірігіп халықаралық «Құлыным» фестивалін жоғары деңгейде өткізді. Қырандар ұлттық өнерді, оның ішінде көкпарды әлемдік деңгейге шығару мақсатында қоғамдық қозғалыстардың ішінде бірінші болып қазақ көкпаршыларын Туркияға апарды. Бұл сапар 2012 жылдың 11-15 қазанында шабандоздары қатысып, бақ сынасты. Осы жарыста біздің көкпар құрама командамыз жүлделі 1- орынға ие болды! Бұл – ел үшін үлкен қуаныш, үлкен абырой, үлкен мақтаныш! Қырандар әлеуметпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып отыр.


 

Туған Отанымыз – Қазақстан Республикасы әлемдегі алдыңғы қатарлы экономикасы мен әлеуметі, мәдениеті озық дамыған елдердің қатарынан орын алуға әбден лайық. Оған бізде барлық мүмкіндіктер бар. Жеріміздің асты да үсті де толған байлық. Бұл жерде атап тұрып айтатыным – біздің мемлекетіміздің қуатты елге айналуының ең басты кілті – ол ел бірлігін сақтау. Мына дүниеде бәрінен де не қымбат деген сұраққа: – «Бәрінен де, адамдарға Алла тағала сыйлаған жарық дүние мен жеке өмірі өте қымбат. Ал, жеке өміріңдегі қымбаттылары – адамдардың арасындағы сыйластық,ынтымақ, бірлік»,-дер едік. Өйткені ел бірлігі- ең асыл қасиет. Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес. Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Міне, «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы елімізде ең алғашқылардың бірі болып, осы маңызды тақырыппен 16 облыста жиналыстар өткізді. Халықты, елді, азаматтарды береке-бірлікке шақырып келеді. Біздің бұл бастамамыз – қозғалыс мүшелерінің, жастардың, елдің тарапынан қолдау тауып отыр. Соның айқын айғағы , біздің қозғалыстың ресми Ұраны: «Бірлігі мықты ел озады» деп аталады.


 

2016 жылдың 12 қаңтарында Алматы қаласында «Ұлы Дала Елі- Ұлттық Руханияттың мекені» атты тамаша мәдени-патриоттық іс-шараны ұйымдастырып өткіздік. Жиналыста осы тақырыпқа арналған Үндеу қабылдадық. Біздің алдымызда үлкен асулар мен биік белестер тұр!


 

 

-Жастарға жоғары адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беретін ұлттық идеология бар ма?

-Біздің аталарымыз: «Малым жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы. Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша – арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы» - деп өмір сүрген, өлмес өсиет қалдырған. Бізде идеология, жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесі кемшін соғуда. Оны баю, баю тағы да баю деген ұғымдар басып қалған. Бұл дегеніңіз - алдымен экономика сосын идеология дегеннің салдары деп есептеймін. Менің пікірімше экономика мен идеология қыран құстың екі қанатындай тең болу керек. Бірге жүруі, бірге мәңгі болуы керек. Тек сондай жағдайда ғана ұлт руханияты жоғары деңгейде болады деп есептеймін. Отаншылдық рух қажет. АР-НАМЫСТЫ бәрінен жоғары қоюмыз керек. Ең бастысы –туған Отанымызға адал қызмет істеу деп түсінемін. Осы жол ешкімді адастырмайды.


 

 

-Журналистика саласында 47 жылдық тәжірибеңіз бар. Әмбебап журналист болудың ең алдыңғы шарттарын атап көрсетіңізші?

- Біріншіден - шырылдаған шындықты жаз. Қателеспейсің.

Екіншіден - көп оқы. Заман үрдістерінен қалып қалма.

Үшіншіден - туған Отанның мүддесіне адал қызмет жаса.


 

 

-Ашық-жарқын әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

 

 

 

Сұқбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар