Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Анар Кабдуллина: Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерін...

19.03.2015 3086

Анар Кабдуллина: Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерінде ой да, мұң да, әдемілік те бар...

 Анар Кабдуллина: Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерінде ой да, мұң да, әдемілік те бар... - adebiportal.kz


12670074_988403907876154_8508507376097607459_n.jpg

Бауыржан Қарағызұлының мынау екі өлеңінде ой да, мұң да, әдемілік те бар...


Әу бастан қарапайым өмірді шексіз күрделендіретін адамның талапшыл санасы болар. Білуге құштарлық тылсымның түпсіз тұңғиығына бас қояды. Ақылдан баз кешу - бақыт формуласының дара шешімі бола қоймас, алайда, махаббат - өмірді мағыналы ететін жалғыз-ақ қуатты күш!

Махаббат... көбінесе, жүректің терең-тереңінде ұйықтап жатады. Оны оятып алудың сан-сан жолдары,әрине, бар...


Сыршыл ақынның сезімімен өрілген әуезді лириканың құдіреті өзіне аса бір тәнті ететіні шын. Пендеуи жүректің қыл пернесін дөп басатын арда құдірет те поэзияға тән. Не нәрсені болсын сұлу да түсінікті ете алатын тәңірдің өзіндей құдіретті лирика, жүрегім сені қатты аңсап жүр!..


Білуге құштарлық сананы үздіксіз қуаттандыруын бір сәт тоқтатпайды. Көзге көрінбейтін қуаты жойқын генераторлардан жиі-жиі толқындар үздіксіз тарайды. Ойды ой ықсырады. Махаббат жүрекке жету үшін нешеме електен өтіп,сілесі қатады. Лирика мен философия бір қазанда өлмей беріспей, шарпысады... Қарапайымды күрделі етіп көрсетуге тырысу... айтшы, бұл міндетті ме? Аңсап, шөлдеп, үздіккен жан мен рухты үлпілдеген, жеп-жеңіл үкі қауырсынмен қытықтап, ойнау... бұл соншама мүмкін емес пе?


Ақын Бауыржан Қарағызұлының өзіндік терең білімі тұңғиық ой шақырады. Жан бұлқынысын өлеңмен өргенмен, біржола қанағат таппайтындай. Құдіретті сөздің бір өзі ғана жеті түрлі сәулемен нұрлана шағылысып, құбыла ойнауы оған жеткіліксіз. «Кілтімді тап» деген құпия белгілер, басқы әріптер. Әйтпесе, жол тастау, эллипсис. Постскриптум...


Сыртқы «әшекейлер» ішкі тереңдіктің құпиясын ашуға меңзейді немесе мағына үстейді. Бұл белгілердің бәрі де ақынның«Мен» өлеңінде бар.


...Ол қайтыс болды. Бірақ, өлген жоқ.

Р.S.

Құран самалы Құбыладан есіп тұр.
Оны тек
Соқырлар көріп,
Мылқаулар оқып,
Кереңдер ғана естіген,
Шығып алып өсегінен бес күннің.

Эвфемизм мен дисфемизмнің құпиясы постскриптумда шиеленіседі. Бауыржан жан-жүрегі иманға толы ақын. Көкірек көзін ашып, мылқауға тіл бітірген, кереңнің құлағын ашқан – Қасиетті Құран шарапаты екенін айтады. Сонымен қатар, сөзді ойнатуында білінер-білінбес,бір жеңіл авантюра бар. Бұл - маңызды ерекшелік.


Осы өлеңдегі лирикалық кейіпкердің болмысы екіге жарылады.Бірі – өзінің «жан» екенін әбден түсініп-сезінеді,рухани кемелдікке құлшынысы күшті. Екіншісі – әлі де фәни дүниенің ықпалында,сөйтсе де Жаратушыны тануға ұмтылысы бар:


Ақиқаты – Ол, «Ол» емес – Адасқақ.


Мына дүниеде тәкаппарлығын тізгіндеуге рухы жетпей жататын пенде баласының қарама-қайшылыққа толы жандүниесінің арпалысы, өз-өзін ақтап алуға келгенде,әрдайым дайын тұратын уәжі:


Ол – Жан мен Тәннің сүйісінен жалығып,
Сөзге айналған махаббаты Біреудің?
Сол Біреуге ғашық еді өлердей
Ұмытты.
Ұмытты ма, жоқ, әлде уақыттан тыс жерде,
Өз хаятын өзгеше бір кітаптан өзі оқып,
Өкінішінде уатылып отыр ма?!
......................................................................
Мұндағы Ол және Біреу. Аттары аталып, түстері түстелмесе де, екеуара байланыстың мызғымас мықтылығы анық білінеді.

Жалығу, ғашық болу, ұмыту, өкіну – адамға тән. Табансыздық та:

Сол Біреуге ғашық еді өлердей. Ұмытты.

Ешқашан нүктесі қойылмай, шексіз жалғаса беретін мың сұрақ: «Ұмытты ма, жоқ, әлде...»


«Мен» өлеңіндегі лирикалық кейіпкердің жармақ болмысының бірі - Жаратушы алдында адалдыққа жетуді, махаббатына бөленуді жан-тәнімен қалайды.


Таза қазақы болмысымызбен екшесек, мұның өзінің қозғаушы күші - о дүние тозағының тезіне түспеудің амалы, таза пенделік қорқыныш тәрізді:

Көз жасында – бұ дүнияның қуаныштары күлімдеп,
Күлкісінде – о дүнияның қорқыныштары дірілдеп тұрғандай...

Екіншісінің пенделік болмысы бұ фәнидің күнәһар кірінен қайтсе арылмақ? Қарама-қайшы ойлардың текетіресі, жүрек арпалысы:

Мүмкін,
Оның сағынышы өтірік..,
өтірік.., өтірік.., – деп аласұрады.
Қап-қара Түн күрсінгенде солқ етіп,
Сыйынады тағы Соған
Бәлкім, Оның құлшылығы жаттанды?! – деп екі ойлы халде торығады.

Адам болған соң, арман да, өкініш те басым:


Бісмилла...
Өмір мәнін түсініп,
Ұмытқанын түсірсе егер есіне,
Содан соң, Ол,
Өлімді
Өлең қылып үнсіз ғана оқыса,
Періштелер аспан жақтан түсіп кеп,
Сүйер еді ернінен...
Әтте-е-ең!!!

Ар-иманы, жанның мәңгі, тәннің уақытша екендігі, өмір мен сұлулыққа шексіз кәусарлығы, періштенің биік, пенденің төменде екендігі тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Періштемен сүйісу... Мұндағы эротикалық бояу адам баласы үшін өмірге құштарлық қашанда басым түсіп жататынын көрсетеді.


Бес күнің о бастан маңдайдағы жазуға тәуелді. Шыр етіп дүние есігін ашқан соң, сәбиге тән періште пәк қалпыңды сақтап қалу мүмкін бе? Лирикалық кейіпкердің ішкі жан күйзелісін суреттеген «Жоғалу» өлеңін оқи бастайық:

Бісмилла..,
Бісмилла..,
шынында...
Үйлеспестен ешқандай бір ұғымға,
Ең алғашқы топырақтай иленген,
Және сазды сырнайдай,
Ең алғашқы жапырақтай билеген,
Есімде сол уәденің уілі...
Иә..,иә.., мына жалған – Бес Күнге,
Жағынбай-ақ, жалынбай-ақ ешкімге.
Мен Сол жақтан өзімді іздеп келгенмін,
...Біреулерге ілестім де,
Жетегінде желік қуған арманның,
Жоғалдым «Мен», саудагердей сандалдым...

Қулық-сұмдығымен жеріндіріп, «Сендермен де жүргенмін...»деп, кезінде Шәкәрім атаның да өзегін мықтап өртеген өз заманының «қулары» мұнда да жүр. Бауыржанның лирикалық кейіпкері:
Біреулерге ілестім...- деп ағынан жарылады.

Сөйтеді де:

Кешір, кешір, енді оларға ермеймін,
Ниетімді жұтып қойды, сенбеймін...- деп ақтарылады.

Тағдырымен ымырасыз бәсекеге түскен:


...Қаңғырдым,
Тарам-тарам жолдарында тағдырдың,
Жан-дүниемнен жараланған жас парлап,
Сай сүйегім сырқырап,
Езуімнен жынмен қоса, у ағып,
Әлем-жәлем көшелерде мәңгірдім.
Ақылдан баз кешеді:
Талай рет үсіткенмін ақыл қонған шекені!
Ол о бастан ақын боп жаратылған:
Менің сәби ойларымды жұбатқан,
Үні мұңлы, тылсымды бір музыка бар қанымда.

Қарсылығы – ақындық тегеуірінді қуат-күш жетелеген желдей еркін ойы. Шарасыздығы – көп өлеңдерінің соңы пессимизмге жұтылып кетеді. «Жоғалу» өлеңіндегі лирикалық кейіпкердің жаны тоқтаусыз тықылдаған тасбақа уақыттың өз баламасы тәрізді. Күйбең тіршіліктің жазылмаған қағидаларына тәуелділік, жанның дене-қалыппен санасуға мәжбүрлілігі Ақын үшін таусылмайтын сынақтың өзі:

Білесің бе?!
Кеше тағы жыладым.
Жалғыздықты жаутаңдатып жанымда.

Ақынға тән нәзіктік, аса сезімталдылық, мұсылмандық құндылықтарға адалдығы,терең білімі және бекзадалығы Бауыржанды өлең өнерінде ерекше етеді. Жырларының иірім-қатпарларында құпияға толы жасырын сырлар толып жатыр. Орыстың композиторы, өнер сыншысы Свиридов тілімен айтқанда, «құпия шифрлар» дер едім. Өзіне тән бөлек пайым, сезінулерін нәзік поэтикамен шебер үйлестірген потенциалы зор ақын.



Анар Кабдуллина 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар