Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дулат, Абай, Нарманбет поэзияларындағы мәтіндік ұқ...

29.03.2016 5204

Дулат, Абай, Нарманбет поэзияларындағы мәтіндік ұқсастықтар

Дулат, Абай, Нарманбет поэзияларындағы мәтіндік ұқсастықтар - adebiportal.kz


ербол.jpg

Бір дәуір туғызған ақындарымыздың поэзиясында дәстүрлі үндестіктер мен мәтіндік ұйқастардың кездесуі заңды дүние.


Сондықтан да бұл мәселені Дулат, Абай, Нарманбет поэзияларындағы мәтіндік ұқсастықтар деп қарастырмақпыз. Біз алып отырған ақындарымыздың жас мөлшерінде алшақтық болғанмен, өмір сүрген заманында сондай бір ерекше өзгерістер бола қаймаған, өздері құрдас емес, заманы құрдас, ойлары бір-бірімен мақсаттас, тілектері бір жандар. Дулат ақындық дәуірдің негізін қалаушылардың басты өкілі болса, Абай шарықтау биігі, Нарманбет тікелей Дулат пен Абайдың ізін жалғастырушы шәкірті. Ғылыми тілмен жікке бөлетін болсақ: Дулат та, Абай да, Нарманбет те «зар заман» ағымының ірі өкілдері, елі мен жері, азаттық пен еркіндік үшін «түн ұйқысын төрт бөлген» - ойшылдар. Ақындарымыздың өлеңдеріндегі мәтіндік ұқсастықтардың тақырыбы алуан түрлі болмақ. Ол ұқсастықтар лирикалық өлеңдерде де, саяси лирикада да, отаршылыққа бағытталған жырларда да кездесері хақ. Дулаттың:


Майырдың алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын,

Ел пысығы жортады.

Өзі елді қорқытып,

Онан өзі қорқады,

Алдына түсіп томпаңдап, - деген елден шыққан жағымпаз болыстарды сынау өлеңін Абай былай толықтыра түседі. Ақын «Күлембайға» деген өлеңінде:


Орныңнан тұра шабасың,

Атшабар келсе қышқырып.

Ояз келсе қайтер ең,

Айдаһардай ысқырып?

Отырасың үйінде,

Өз-өзіңнен күш кіріп.

Босқа-ақ түсіп қаларсың,

Біреу кетсе үшкіріп - деп, надан болыс пен мансапқұмар жанды сынға алады. Бүгін бе, ертең бе орнымнан түсіп қаламын ба, деп өмір сүргенше болыссыздық-ақ өмір сүруді (адам болып өмір сүруді) мақсат тұтады. Дулат пен Абайдың осы тақырыптағы кекесін мен шенге толы өлеңін Нарманбет ақын былай жалғастырады:


Ауылнай шапты алақтап,

Екі етегі далақтап.

Айғырын мінген ылауға

Келе жатыр иесі

Ту биемен салақтап.

Ауылнай келді «аһ» ұрып,

Дымы құрып қақырып,

«Присоп келді қаладан

Сіздерді жатыр шақырып» - болысқа присоптың келгендігінен хабар береді, «қаһары қатты» деп шошытады, есі шыққан болыс присопқа беретін парасын ала, ел-жұртын артынан ерте шабады. Міне, көріп отырғанымыздай үш ақынымыздың да өлеңдеріндегі ой, мақсат бір бағытта, болыстың әлсіздігін суреттеуге арналған.


Дулат, Абай, Нарманбет поэзияларындағы тағы бір ұқсастықтарды, ақындардың өлеңдеріндегі лирикалық «Меннен» табуға болады.


Дулат:


Тегімді менің сұрасаң

Қалың найман нуынан.

Жырымды менің сұрасаң

Сары алтынның буынан.

Сырымды менің сұрасаң

Тұманның тұнық суынан.


Абай:


Патша құдай сыйындым,

Тура баста өзіңе.

Жау жағадан алғанда

Жан көрінбес көзіме.

Арғын, Найман жиылса

Таңырқаған сөзіме.


Нарманбет:


Отыз жасқа келдім,

Қызыл алтай түлкі болдым.

Тау қыранына алдырмадым,

Құмай тазыға шалдырмадым...

Қырық жасқа келдім,

Арғымақтай аңқылдадым,

Қыран құстай шаңқылдадым,

Өзен судай тасырладым

Ақ алмастай жарқылдадым.

Жоғарыдағы салыстыруымыздағы Дулаттың мадақтау «Мені» ашық көріністе тұрса, ал Абай «Арғын, Найман жиылса, таңырқаған сөзіме» - деп өзінің шешендігін мақтан тұтады. Нарманбет ақынның «Мені» он жасынан бастап, елу жасына дейінгі өткен өміріне қайта оралу арқылы туады.


Ақындар өлеңіндегі тағы бір мәтіндік ұқсастықтарды «арнау» өлеңдерден табуға болады. Мысалы, Дулаттың «Кеңесбайға» деген өлеңінде Кеңесбайдың арғы аталарының жақсы қылықтары жағымды әрекеттері суреттеледі. Ақын өлеңінің бір шумағында:


Өз әкеңді айтайын:

Қара тіл, ділмар Ақтайлақ.

Топқа жалғыз сөйлеген,

Асыл сөзді тақтайлап, - дейді. Бұндай аталарының жақсы іс-әрекеттерін үлгі ететін өлеңдерді Абай мен Нарманбет шығармаларынан да табу қиын емес. Абай сүйікті ұлы «Әбдірахманның өліміне» байланысты бірнеше өлең арнаған.


Ақынның осы өлеңдерінің басқы жолы «Арғы атасы қажы еді» деп басталатын біреуінде:


Арғы атасы қажы еді

Бейіштен татқан шәрбәтті.

Жарықтықтың өнері

Айтуға тілді тербетті.

Адалдық, ақыл жасынан

Қозғапты, тыныштық бермепті.

Мал түгіл жанға мырза еді,

Әр қиынға сермепті - деген, әкесі Құнанбайдың асыл қасиеттерін суреттеген ұзақ өлеңі бар. Дәл осындай өлеңді Нарманбет ақынның «Орманбетті жоқтауынан» да кездестіреміз. Ақын әкесінің өліміне байланысты ұзақ толғау жырында қазақтың игі-жақсыларына, би мен батырларына түгелдей тоқталып, өз әкесі туралы:


Әкем өтті-ау, дүниеден

Ақылға диқан данасы.

Ала болған жұмысты

Ебін тауып бітірген...

Қаракесек қадірлеп,

Қалдырмады кәдеден.

Ақылының сарасы.

Орыс, ноғай, сарт, қазақ,

Орын берді төрінен,

Қарқарадың қаласы - деп мадақтайды.


Ақындарымызға тән тағы бір ұқсастықты көркем ойлау жүйесінен кездестіреміз.


Дулат:


Мөңіреп жұртқа ой қайтты,

Бұзауы өлген сиырдай.


Абай:


Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой.


Нарманбет:


Отыр енді ойлан!

Ойын емес толған!

Алтының болса ал!

Ортаға сал!

Қазақ халқы - Құдайдың құлы, Құранның шын, Пайғамбардың үмбеті екендіктеріне шүбә келтірмейді.


Тіпті бұл Аллаға деген ақ жүрек кеңестік цензура кезінде де жоғалған жоқ. Сол кездеріміздің өзінде өмір сүрген ақындарымыздың өлеңдерінен Аллаға деген сенімді кездестіреміз. 1970 жылдардың өзінде М.Мақатаев «дін ғылымының атасы, дін ғылымының анасы» деп жырлаған екен. Енді, біз сөз қылып отырған ақындарымыздың бұл тақырып жөніндегі өлеңдерінде ұқсастықтар бар ма, соған тоқталайық. Дулат ақын дінді дұрыс ұға білмеген, шала дүмше молдалыққа қарсы:


Ақылы жоқ молдалар

Иман алмақ тиынға

Оңайлықпен келмейді,

Иман деген қиында - десе, Абай Алланың бар екеніне күмәнсіз сеніп:


Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас,


Немесе:


Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес - деп, тіршіліктегі ең әділ дұрыс жол Аллаға құлшылық ету екенін айтады. Абай ойын жалғастырған Нарманбет:


Жаратқан бір ие бар,

Онан үлкен Алла жоқ.

Өзі күшті, заты пәк

Ортақ, серік әндә жоқ - дейді.


Бізден бұрын «Дулат пен Абай» деген тақырыпта зерттеу жасаған салыстырулар келтірген сыншы Тұрсынжан Шапай Дулат пен Абай өлеңдерінен мынадай ұқсастықтар келтіреді:


Дулат:                                                                                         Абай:

Атаны бала аңдыды                                                          Атадан бала ой өзге 


Бай мен кедей аңдысып                                                   Аңдыстырған екеуін құдайым-ай


Үй күшіктей үреді                                                           Үйден үрген ит құсап

Отының басын айналып


Әуелгі қазақ деген жұрт                                                 Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Миығынды көрсетпей                                                    Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың

Ұстарасыз түскен мұрт


Күнбатысқа көз салмай                                                Ғылым іздеп,

Күн шығысты еске алмай                                            Дүниені көздеп

                                                                                        Екі жаққа үңілдім


т.с.с                                                                                 т.с.с


Ғалым осы сияқты ұқсастықтарды көптеп кездестіруге болатынын айтады.


Ал, біз, өз зерттеуімізде Абайды үлгі тұтқан, ұстаз санаған, сөз жарыстырған Нарманбет пен Абай өлеңдеріндегі мәтіндік ұқсастықтарға тоқтала кеткіміз келеді.


Абай

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болады құр қожақ?!


Қайнайды қанын,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде.


Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың - ашыған у, ойың - кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөз ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек.


Ішім өлген, сыртым сау

Көрінгенге деймін-ау.

Бүгінгі дос ертең жау

Мен не қылдым, япырмау?


т.с.с

Нарманбет

. . .Өткен соң өмір-

Аққан темір

Өкінгеннен пайда жоқ.


Қаны қашып,

Малын шашып,

Іздегені - тана.


Дүниеге көзім ашық, көңілім сергек,

Өмірдің алды тұщы, арты кермек.

Бұрынғы өткендердің салтыменен,

Біраз күн қызығыңды қылдым ермек.


Дүниеге келген адам ұлып қайтар,

Қимас дос ата-анасын көміп қайтар...

Тірліктің күні - тозақ, түні - пейіш,

Азапты тірлігінде көріп қайтар.


т.с.с


Абай мен Нарманбет жалған өмір, өтпелі дүние, опасыз дос туралы философиялық толғауларында бір-бірінен алшақ кетпейтіндіктерін байқатады. Ақындарымызға тән енді бір мәтіндік ұқсастықтар Нарманбеттің Абаймен сөз сарыстыруы дедік, соған тоқталайық.


Абайды ұстаз тұтқан Нарманбет алғашқы сөзін «Өзімді алма, сөзімді ал»- деген Абай деп, ары қарай ұстазымен сөз жарысына түседі.


Абай:


Кемді күн қызық дәурен бозбалалық,

Қартаймастай көрелік, ойланалық.

Жастықта бір күлгенің бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бейшаралық.


Нарманбет:


Кемді күн қызық дәурен бозбалалық,

Бозбалаға талап көп қозғаларлық.

Басында тағылым алсаң жақсыдан ал,

Әр сөзден тиер пайда бір қаралық, - деп сөз жарыстыра отырып, Абай өлеңдерінен тағылым алады, елді соған шақырады. Нарманбет өлеңдерінен Абай өлеңдерімен ұқсас, мәтіндес тақырыптарды көп кездестіруге болады.


Ақынның «Сөздің де естісі бар, есері бар», «Толғауы тоқсан қызыл тіл», өлеңдері Абайдың «Әннің де естісі бар, есері бар», «Сегіз аяқ» өлеңдерімен үндесіп жатыр.


Қорыта келе айтарымыз: Дулат, Абай, Нарманбет поэзияларындағы үндестіктер мен ұқсастықтар біз сөз еткен тақырыптардан да терең жатқандығы анық.


Ербол Бейілхан, ақын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар