Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бағашар Тұрсынбайұлы: Ертайдың алматысы...

27.04.2016 2965

Бағашар Тұрсынбайұлы: Ертайдың алматысы

Бағашар Тұрсынбайұлы: Ертайдың алматысы - adebiportal.kz
Бағашар Тұрсынбайұлы.jpg

«Бастады маңнан топ тарқай –
Саусаққа салдық сақина.
Ақтөбе жаққа кетті Ертай,
Бауыржан болса... бақиға...»

Светқали Нұржан



Ақын-жазушыларды стиліне, маз­мұны­на, тақырыбына қарай әр түрлі ағымдарға бөліп, теориялық негізде жік­теп жатады. Ғылымға жатпайтын, бірақ одан іргесін аулақтай да алмайтын әде­биет үшін оның маңызы соншалықты те­рең деп түсінбейміз.


Болмаса әр дәуірдің, ғасырдың өз ағым­дары бар. Қаламгерлердің санасындағы ой ағымдары өздері ғұмыр кешіп отырған формациялар негізінде де топта­ла бастады. Енді бүгін қарасаңыз, ілгері өмір сүргендер өздігінен сұрыпталып, топ-топқа бөлініп, жарыс ойынын өткізіп жат­қан сияқты. Кім көп оқылады? Бұл, әри­не өте қиын сұрақ. Күрделі емес, бі­рақ жауабын нақты айту қиын. Ондай са­уал санақ жүргізетін әлеуметтік институт­тардың анкетасында да жоқ. Өткен жыл­дары ең көп оқылатын жазушы деп бір ағамыздың аты аталғанда: «Ондай са­нақты кім жүргізіпті? Ешқандай ресми орын­дар бұл ақпарат туралы тіс жармады ғой», – деген сөздер де айтылды. Еш­қан­дай қыз­ғаныш емес, (болса да, мейлі). Мәселе әркім өзін оқылымды жазушымын, я ақын­мын деп есептейтінінде. Гәп қайда? Бүкіл тақасудың төркіні «мен оқылым­ды­мын» деген есептесудің түбінде жатқан сияқ­ты. Қонышын басып қалған сөзіміздің төркіні тым алысқа апарады-ау...


Енді біз ақын-жазушыларды ешқандай теорияға да салмай, өзіміздің жабайы ойымызбен бөліп көрмекшіміз. Бір топ қаламгер туғанынан дарынды болады. Атақ та, даңқ та оларға өздігінен келеді. Енді бірі еңбектеніп, үлкен биікке шығады. Ұрпақ оларды ұмытпайды. Біреулер ең­бектенген түр жасайды, атақты болады. Бірақ оларды тез ұмытады. Біреулер қат­ты еңбек етеді. Бірақ ескерілмейді. Кейде таланттылар қызғаныштың отына күйіп, ескерусіз кете барады. Обал-ақ! Тағы бір топтың аты жиі айтылғанымен, шығарма­ла­ры көпке соншалықты кең таралмайды. Ол туралы жұрт ылғи жақсы сөз айтады. Бірақ шығармаларын сөз қылмайды. Жақсы ақын, жақсы жазушы деумен ғана шектеледі. Неге? Оның себебін нақты тауып айту да қиын. Осы тұрғыдан алғанда ақын­ның тағдыры жазушынікіне қара­ған­да жеңілдеу ме, қалай? Өйткені бір ғана өлеңімен де аңыз тудырып жүре береді. 


Алматыны мекен еткен газет қызмет­ке­рі болғаннан кейін, аймақ саналатын өзге қалаларда өзіндік көркемдік өлшемі, ойы бар адамдарды іздейсің. Әдебиет туралы әділін айтатын әр аймақтың бір-бір өкілдері біздің санамызда тұрақталып қалғандай. Шымкент десе Мархабат Бай­ғұт, Семей десе Тыныштықбек деген сияқ­­ты, Ақтөбе дегенде аузымызға Мейір­хан, Ертай, Бауыржан ақындардың есі­мі әуелі ілігеді.


Ақын туралы сөз айтудан, біреуінің шы­ғармашылығына арнайы тоқталудан қиын нәрсе жоқтай. Арғы-бергі өлең тарихын, әдебиет ахуалын салмақтап барып, ақынның орны, рөлі туралы айту ке­рек. Міндетің қытығына тимей, Көдекше айтқанда «сөзіңнің тігісіне су сіңдірмей» айтуға жарау ғана.


Ертай Ашықбаев та өзге ақындар сияқ­ты Алматыны бір кездері мекен еткен. Оның өлеңдерін оқып отырғанда, өз­ге ақындардан ерекшелеп тұратын қасиетін іздейсің. Бірақ сол өзгешелеп тұрған қасиетінің өзі бақса бір ақындарға да ортақ қасиет болып шыға береді. Мүм­кін ол заңды да шығар. Кітап оқығанда бір дәуірдің авторларын арасын үзбей, жік­теп оқу керек дейтін принцип осындай­дан кейін шыққан болар. Өйткені оларда ұқ­састық та, айырмашылық та бар. Бірі­нен екіншісіне өткенде баспалдақ сияқты жалғасқан деңгейлер. Ұқсап тұрып, ұқса­майды. Исаак Ньютонның: «біз алып­тар­дың иығына шығып қарағандықтан ғана көк­жиекті кеңірек көре алдық» – дейтін сөзінің төркіні осы жерде сияқты. Алдың­ғылар мейлі алып болсын, болмасын, кейін­гілердің көкжиекті кеңірек көруіне мол мүмкіндік тудырады. Қаламгер өзіне дейінгі жазылған шығармаларды оқып қана, өседі. Содан кейін де ұқсайды.


Өлең жазудан бастамас бұрын оның аяқ­талуын ойлап тұратындай әсер қалды­ратын жырларында форма, буын заң­дылықтары бірдей сақтала бермейді. Мейлінше еркін қозғалуға, айтар сөзін тарс айтып қалуға бейім ақын әлдеқандай күр­делі образдарды, теңеу мен метафораны да іздеп әуре болмайды. Барынша қарапайым, ойнақы жазады. Кез келген туын­дының дәмін келтіретін деталь із­дейді.


Өлеңге тапқырлықтың керегі бар ма де­ген сұрақ бүгін көп айтылады. Біреулері жақтап, бірі қош көрмейді. Қазақ поэзия­сында ондай тапқырлық үрдісі Қадыр Мырзалиевтің қаламынан қалған сарқыт болуы керек. Ертай өлеңдерінде сондай тап­қырлыққа бару, бір нәрсені екінші нәр­семен салыстырып, контрасты беру ма­шығы бар. Бірақ ақын өз рецепті бойынша дәмін келтіріп, оқырманына ұсы­нады. Гете айтатын: «ақын кез келген жер­ден бір-біріне қарама-қарсы және бі­рін бірі сәулелендіріп тұрған образ­дар­дың көмегімен әлдеқандай бір керемет мән­ді жеткізетін тәсіл тауып алады» деген сөз­ге илана түсесің.


Ертай өлеңдерінде Есенғали поэзиясына ұқсайтын тұстары да бар. Бір заманда өлең өлкесіне келген екі ақынның жа­сына қарап, ол тәсілді кім бұрын пай­даланғанын бағамдауға болатын сияқты. Про­задағы әңгімешілдік тәсілді өлеңге кө­шіріп, поэзия заңдылықтарын сақтау тым қиын. Ақын сөзінің ондыққа тимей, дәлдігі кем түсіп жататыны сондықтан болар. 


Өлеңдегі бұл дәстүр Есенғалидан бас­тал­мағаны анық. Белгілі бір тақырыпты жыр­лап отырып, оқыс, оқырманын таң­қал­дыратын мүлде басқа сөзді айтып қалу, оның өзінде түйсік арқылы психо­ло­гиялық байланысын оқырман өзі тауып алатындай шеберлікпен жеткізу тәсілінің арғы атасы қара өлең сияқты. Қарапайым тұрмыстың жағдайын айтқан болып, көркем ойдың қарапайымдалған түрімен мүлде басқа, мүмкін саясат, мүмкін әлеу­меттік жағдай туралы айту халық ауыз әде­биетінің үлгісі екені сөзсіз. «Қаламгер ұстазын өзі жаратады» деген данышпан сө­зінің шындығына және бір рет көзіміз жеткендей. Ақын неден, қайдан үйренемін десе де еркі. Жалпы осы бір тәсілдің поэ­зия­мызда жаңалық болуының себебі де осын­да. Классикалық үлгімен жазу жақ­сы шығарма тудырғанымен, жаңалық әкел­мейді. Оны оқуда да оқырман бір жүйе­ге түсіп алған. Жаңалығы болса да байқалмайды. Әлем әдебиетінің өкілдері де классикалық үлгіден бас тартып жат­қан­дырының бір себебі осы. Олай жаңа­лық әкелу де, жақсы жазу да қиын. Ескі мен жаңаның арасынан ғана мықты туын­­­­ды шығады.


«Өзіңнің ақын, я ақын еместігіңді білу үшін жастарға қара. Егер олар сенің жаз­ған­дарыңды оқып жүрсе, ақынсың» – деген өз өлшемімен өзіне қарап көрейік. «Ду қол соққан дүрмектің өкілін» жастар оқи­­ды. Күні кеше өзіміз де университет қа­быр­ғасынан шықтық. Біз ылғи да айтатын тізі­міміздің ішінде міндетті түрде Ертай Ашық­баев жүрер еді. Бірақ кітабы қолы­мыз­ға сирек түсетін. Оның себебі кі­тап са­тып алатын жағдайымыздың жоқ­ты­­ғы­нан болу керек. Бір жағы Алматыдан алыс­та жатқан ақынның насихатшысы өле­ңге еш пенделік ойсыз ғашық болған жас ақындар. Өзге ешкім емес! Әсіресе Ба­тыс Қазақстаннан келген жолдастарымыз көп айтады. Солардың үгіттеуімен, наси­хатымен Ашықбаев деген ақынның өлең­дерін газет-журналдардан кездес­тіре қалса, көшірме жасап, болмаса сол жерде-ақ құнттап оқып алуға тарысатын. Жалпы жастардың арасында кітап осылай оқылады. Әркімнің өзі жақсы көретін кітап­тары болады. Соны сабақ кезінде ауди­торияға әкеліп, оқып отырады. Бас­қалары да солай. Кейін бір-бірінен ал­мас­­тырып оқиды. Осы үрдістің себебімен көбіміз Ертай Ашықбаевтың әлемімен танысқанымызды жасыра алмаймыз.


Ақындардың ортасы қызық. Әрқайсы­ның өзінің көпке танымал өлеңі болады. Жиын­дарда ылғи сол өлең оқылады. Өз­ге­лері де сондай жақсы өлеңді жаттап алу­ға құмар келеді. Жас кездерінде бірге жү­реді. Дос болады. Уақыт өткен сайын ара­лары алыстай береді. Тіршілік қа­мы­мен де солай болатын шығар... Сондай дәу­рен Ертай ақынның да басында бол­ған. Ақынның жас кезінде көпке танымал бол­ған:


«Белгілі болмай баршаға,
Болса да кейде жүгім кем:
Тапқаным, міне, қаншама –
Миллионермін бүгін мен.

Сені іздеп өтті не түнім,
Жігіттің әні – жалқы аңыз.
Теңгедей болды етігім,
Тапқанша сені, қалқа қыз.

Бірігіп жүрер келді күн,
Қосылды енді арамыз.
Миллионермін мен бүгін,
Байлығым сенсің, қара қыз...», – деп ке­ле­тін өлеңі еді.


Ақтөбе жаққа кетпес бұрын, Алматыға ба­уыр басқан ақынның жырларында Ал­ма­тыға деген сағыныш ерекше бай­қа­ла­ды. Шығармашылығының негізгі бір та­қы­рыбы – осы. Алматының ақындарға ық­­палы алдымен қалаға деген са­ғы­ныш­тан басталып, ары қарай байқатпай, қо­ғамдағы тенденцияларды жырлатып, ақын­дық гуманизмге іліктіріп жібереді. Ішкі қуаттың күшімен еркіндікке ұмтылған ақын жаны белгілі бір мекенге байлаулы бол­мағанымен, жіпсіз нәзік сезім түйсігі ар­қылы сол аймақты ұлықтай отырып, қо­ғамның пердесін ашып қарауға мүм­кін­дік береді. Ақын өлеңі арқылы өмір жо­лының хронологиялық тізбегін берумен қатар, сол кездердегі әлеуметтік жағдайларды, қоғамда қалыптасқан даң­ғылдар мен жолсыз соқпақтарды әр тарма­ғымен сездіруге тырысады. Орыс ақын-жазушыларының шығармалары ар­қылы Петерборды көргендей, Нева даң­ғылы бойында түнгі шамдардың жары­ғымен қала кезгендей күй кешетініміз сияқ­ты қазақ ақын-жазушыларының туындылары арқылы Алматыны ерекше тани бастаймыз. Ондағы Алматы күн­де­лікті біз көріп жүрген кептеліссіз, асыққан тұрғындарысыз, шулаған моторлардың дау­сы жоқ аяулы мекен. Бұл қала көп адам­ға болашақ сыйлаған, биік ар­ман­дар­дың туы қадалған асқар шың сияқты.


«Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,
Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.
Ойыл – мынау,
Қиыл – анау,
содан соң...
Алматыны көргім келді,
көрдім мен.

Ерте солып біздің жақта бүлдірген,
Бөлісуге жарамады құрбыммен.
Бақша – шағын,
көше – шолақ,
әрине,
Алматыда жүргім келді,
жүрдім мен.

Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,
Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.
Күндер болды көкірекке леп кірген,
Түндер болды аздап азап шектірген,
Шуақ анау,
көз жасымды кептірген.
Мен –
Ақтөбе өлкесінің өзені,
Алматыдан кеткім келді,
кеттім мен...», – деген ақын жаны тәуелсіздікке ұмытыл­ғанмен, бәрібір сол баяғы жігіттік дәуре­нінің куәсіндей болған аяулы қаланы қимайды. «...Ай, жөн еді Алматыны көрмеген, Алматыға бар­мағаным жөн еді..», – деп тоқтауының арғы жағында өкініш пен сағыныш сезімі ара­ласқан түсініксіз күйге түседі. Ертай ақын­ның сағынышы да, сағынбауы да іл­гері ақын ағаларынан тым бөлек. Көш­пелі тұрмысқа бұл қатардан анағұрлым жа­қын көрінетін Мұқағали мен Тұман­бай­лардың Алматы туралы жырлары басқаша се­зім тудыратын. Олар қаладан шаршаса да, баяғы қазақы тұрмыстың иісін сағынатын.


«Мотордың даусын есіте-есіте шаршадым, жамырап жатқан жас төлдің үнін аңсадым. Жабағы үйді ақ жауын түтіп тұрғанда, отырар ма еді түтінін жұтып арша­ның!..», – дейтін.


Ал Ертайдың сағынышының түсі мүлде бас­қа. Ол еріксіз Алматымен қоштасқан Ақ­төбенің тұтқыны сияқты. Ақтөбенің өзе­ні болса да, құяр тұсы сағыныш қала­сы еді.


«Алматы – Ақтөбе. Курстастарға» деген өлеңінде екі буынның келбеті бар. Екі бөлек мезгілдегі бір қаланың шағын портреті зерленіп, салтанат құрған. Ертай эстетикасы, көркемдік өлшемі қоғамдағы құбылыстарды басқа ақындардан өз­ге­шелеу екшейді. Оның өлең жазудағы тех­никасы қатып қалған қалыпқа сыймай­ды. Ақындық түйсігі сезген жағдайлардың бә­рін неғұрлым кеңінен қамтуға тырысатын қасиеті лириктерге тән сезімталдық пен философиялық бағытта «білімді» болу­ға талпынып жүрген ақындардың бар мүмкіндігінен асып түсіп жатады. Ақын­ның философиясы белгілі бір заң­ды­лықтарға бағынған емес. Оның сезім ба­рометрі, қала жайындағы поэтикалық күші сірескен қағидаларды тас-талқан қиратады. Бір тармаққа бойын кернеген се­зім қуатын еркін сыйдыра алады. «Екі жол­дың арасын оқу» принципімен ақын­ның үш нүктелерін оқыңызшы. Оған әркім әртүрлі тәпсір жасап, көп жайтты қозғау да мүмкін. Ақын оны оқырманының өз көрегендігіне қалдырады. «...Күзі... Мұңы... Қызы... Гүлі...» сөздердің арасын­да­ғы сансыз сөйлемдердің ішінде Ашық­баев қана сезіне алатын, айта білетін ойлардың жатқанына бір сәт күмән­дан­байсың.


«...Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,
Алматының тәтті еді... Күзі... Мұңы...
Көп еді аңқау аға, қызық іні,
Әрине, көркем еді... Қызы... Гүлі...
Алматының сол сәнін тартып алған —
Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.
Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,
Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!

Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,
Бұлақ бастан осылай бұлғанады,
Осылайша дүлділ күн ұрланады.
Біз көрмеген біреулер тепсінеді,
Біз көрмеген біреулер бұлданады.
...Біздер кезген бақтарға кім барады?
Алматының мөп-мөлдір жылғалары
Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?
Құм астында көміліп жатыр ма екен
Біздің шашпа қыздардың сырғалары?
...Сол кеткенде... сол жылы... бұл менен де...
Алып қалып едіңдер бұл қаланы...»


«...Алматыны... сол жылы... бұл менен де... Алып қалып едіңдер... не істедіңдер?..». Ақын Алматыны тек сағынушы ға­на емес, оның иесіндей сөйлейді. «...Алып қалып едіңдер... не істедің?». Бүгінде Ақтөбені мекен еткен ақынға жауап бере аламыз ба? Үлкен азаматтық, ақындық жауапкершілікті сезіне отырып, Ашық­баев­қа жауап жазылса, ол қандай болар еді? Тіпті, елестету оңай емес. Ақын сұ­рауы­на жауап та дәл сол деңгейде, тура сол ынтызарлық, жанашырлық күйде, сұ­рақпен шендесе алатын поэти­ка­лық бояу­мен айтылуы тиіс. Әйтпесе бекер-ақ...


«..Бұл қаланы дәл мендей сүймейді ешкім,
Маған ешкім бермейді бұл алапты», – деп, назданатын ақын даусы неге бұрын­ғыдай өр шықпағанына таңғаласыз. Бір сұлудың меңі үшін екі қаланы сыйға тартатын шайыр­ға ұқсап, ешкімнен сұра­мас­тан-ақ егесімін десе біреу жоқ деп айтар ма? Алматыны соншалықты сүйетін әр адам өзін иесімін десе де жарасар.


Сұлу шаһарды жырға қоспаған, мен ғана ардақты сезімдерді кешемін дейтін ақын аз ба? «...Мен Ташкентте өлер ем – Ал­маты бар, Тек мен ғана түсінем ол қа­ланы» деген Есенғалиды да түсінуге бо­латын сияқты. Өзін-өзі бағалау да жақ­сы шығар кейде. Ес-ағаңның осы сөзіне қанша жауап өлеңдер жазылды. «Ес-ағам ғана түсінетін Алматы», «Ташкентте өлмей-ақ қойыңыз» деген сияқты. Сол ақындар Ер­тайдан алып қалған Алматыға не істе­гендерін әлі айтқан жоқ. Айта алмайды-ау... Аслан Тілеген деген жас ақынның:


«...Көз ұшында, ой ішінде жол егіз.
Жаны ауырған жаралы һәм қаралы.
Ертеңдерге енді қайтіп береміз?!
Ертай шалдан алып қалған қаланы» деген шарасыздық кейіптегі өлеңі де сұрақ қалпында қала бермек...


Жыр қағаны Жұматайдың иіріміне түсіп кетпеген інілері аз шығар. Кім қаған­ның соңына ілесті, сөзін тыңдады, бәрі соған еліктеді. Әркім өз соқпағын тап­ты. Асылы қаған да өз стилін інілеріне таңған жоқ. Оларға мен сияқты жазыңдар демеді. Өзіңді сақта, мына сөз майданынан өзіңді алып шық деді. Сол жыр-баһа­дүрлері бүгін бізге аға, қарттарға іні қал­пында орта буын аталады. Маған кей­де сол майданнан аман шыққан Ертай өлеңдерінде қаған сарыны бар сияқты сезіледі. Ол сарын ақын поэзиясында үлкен күшке де ие емес. Бірақ жасырынбайды да. «Таң» атты өлеңінің бір шу­ма­ғына назар аударыңызшы:


«Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап,
Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ.
Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе,
Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап...».


Енді осы шумақтың сазына назар аударыңыз. Саз Ертайдікі, бірақ осы өлең формасы, техникасы ақын поэзиясында көп кездеспейді. Ұйқасының өзі қаған­ша.
Суретті өлеңнен халықтың ұйқысынан оян­ған сәттегі хәлі айнысашы. Ілгері оз­ған уақытты ғайбаттауға болмаса да, пенде баласы ғайбат айтады. «Уақытты жаз­ғырмаңдар! Ол – Менмін!» деген Тәңір сөзін адам ылғи ұмытады. Мето­ни­мия­лық осы өлеңнен алдымен көз алдыңа қала елестегенмен, оның қабырғаларына жасырынған халықты көрмеу мүмкін емес. Осы өлең кішкентай қара нүктесі бар аппақ картина сияқты. Біз ылғи сол нүктесін көреміз. Бірақ көзге ұрып тұрған ап­пақ түске назар да салмаймыз. Тура сол суретшінің шеберлігі, я ұстаздың фи­лософиялық сұрағы сияқты асқан сұң­ғы­лалық болмаса, өлеңді түсіну де қиын. Жо­рамалдап айтқан сөзіміз, шамамен осы тұс деп түйген ойымыз нысанадан мүл­де басқа жаққа қаңғырып кетсе, айып айтушыда.


Көп ақынның арнау өлеңдері жадағай, ұйқасқа ғана негізделген маңызсыз сөз болып шығады. Әрине көп ақындар, оқырмандар да арнау өлеңдерді жақсы көрмейді. Бірақ Ертай ақынның арнаулары қызық, тосын. Публицистика көтеретін ақпараттық сөзді де, оқиғаны да өлеңге түсіреді. «Қонақтың сөзі», «Сантехник Ал­памыс» (Мадақ жыры), «Фототілші Хайреден», «Алматы – Ақтөбе», «Көк түріктер сарынын» оқыған соң» сияқты өлеңдері кейіпкерінің бар мінезін, қоғамдағы орнын, қызметін жайып салады. Бұндай өлеңдерді жазар кезде ақын кейіпкерін жақсы біледі. Психолог сияқты, өлең арнау­ға татитын болса, оны алдын ала тер­геп, бар сырын біліп алған кісідей. 


Ал ақын өзі қандай адам? Әрине өлеңі­не қарап, ақынның қандай адам еке­нін айту қиын. Шығармашылық пен бол­мыс ылғи қабыса бермейді. Әр шы­ғармашылық иесі әртүрлі. Бірақ ақын өлеңдеріне қарап, өз пайымыңды жа­сауға мүмкіндігің мол. Мына қоғамға тек ақындық терезеден ғана қарай алатын, көп қақ-соқпен ісі жоқ, өзіндік мінезі де бар, пенделігіне қарағанда кісілігі басым, жұмсақтау, философияның қатыгездігіне ұрынбаған жан.
Өзіне салсаң:


«...Беу,
Менің қансыз-сөлсіз сұп-сұр қалам,
Жайыңды қайдан мендей ұқсын ғалам!
Көзіңнің жасымын мен сықсыңдаған.
Көйлегіңнің кеше аппақ жағасы едім,
Шалбарыңның қыры едім түк сынбаған.
Не дейін, сөлсіз қалам, сұп-сұр қалам?..», – дер еді.


Көйлектің кешегі аппақ жағасы, бү­гінгі хәлін артық айтайды. «...Қыр астынан қарап тұр-ау мұңайып, қызу жүрек дәурен біздің кешегі...» деген сияқты өзі де сол аппақ кезіне мұңайып қарайтындай. Ол мұңы аппақтығына емес әрине, бүгінгі айт­паған күйіне. Пенде баласы жасы ұл­ғайған сайын қуанышы азайып, қайғысы арта түсетіндей ме, қалай... «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген хәкім сөзінің бір түйіріне татитын сөз айтылар шақ осы-ау.


Ақын жанына өзінен артық кім үңіл­сін? Адамдар өздері туралы ойлауды қойған шақта (тұрмыстық, эгоистік тұрғы­да емес, рухани деңгейін анықтауда) олар­дың болмысына ақындар үңіле бас­тайды. Белгісіз бір күшпен басталатын ұм­тылыстың шегі бар ма екен? Оқыған сайын, парасатың өскен сайын түпсіз бол­мыстың тұңғиығына бата бересің. Сы­рың­ды айтар адам болса, тыңдар жамағат болса жақсы. Болмаса:


«...Болашақты келмейді болжағым да,
Қайыры жоқ шекпенмін сандықтағы,
Шөліркеген шіркінмін көл жанында.
...Өлең дейтін біреу бар, айтқанымды
Өткізе алмай шаршадым сол залымға...», – деп Ертайша толғанасың.


Төрт стихияны: от, су, ауа, жерді поэзия қамтуға тырысады. Ақын үш күйді де: мұз, су, буды басынан өткереді. Ол өлеңге ай­налғанда қай күйде екенін оқырман өзі екшер. Тану қиын, танығаныңды жеткізу одан да қиын. Қазақ өлеңсөзінінің тақ­тасында есімі жазылған ақынға арнайы сөз бағыштағанымыздың төркіні тапсырыс емес. Қазіргі әдеби тіршілік осылай айтуға мәжбүрлейтін болды. Ағалары, қатарластары, інілері туралы ақжарма сөзін аямай жүрген Ертай ақынның өзіне алғыс орнында жүрер сөзіміз бұл. Ақын­дығын айтпасақ, азаматтық жанашыр­лығы, әдебиетке адалдығы бөлек та­қырыпқа арқау болатын сөз емес пе?! Әдебиеттегі жасампаздық рух биік парасатпен, адал ниетпен болашаққа сапар шеге бермек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар