Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

04.09.2017 8526

Ақ пен қара

Ақ пен қара - adebiportal.kz

Жазушы Төлен Әбдікұлының «Өліара» романы туралы

Безымянный.png

Адамның туабітті мінезі адамның өзіне кейде түсініксіз. Ал бойындағы қайшылықтар, ішкі арпалыстар жайында адамның өзі көп ойлай бермейді. Жан азабына түскен адамның ақылы ақымақтың сандырағындай көрінеді, ал ас ішіп, аяқ босатудан аспайтын тоғышарлықтың өзі кейде жетістік саналып жатады. Ар сотының алдында дәрменсіз хал кешкен бір адам-пенденің күйі екінші бір адам-пенде үшін жат көрінуі де мүмкін. Алайда керікеткен сана сатқындыққа да, опасыздыққа да барады екен. Ал сол сатқындық деген сұмдық сипатты сурет болып санаңда сайрап тұрса ше?! Балақтағы битің өрмелеп басыңа шықса, өзің асыраған күшігің ақыры өзіңді қапса, мұны енді ит иттігін істейді қисынына жатқызуға бола ма?! Ит екенін кім мойындай қойсын. Адам онсыз да өзін ақтап ғұмыр кешеді. Өзін алдап өмір сүреді. Бірақ ет жақыныңның, өзім деген адамыңның бойынан бір иттікті көрсең, шыбын жаны үшін арын құрбандыққа шалып жіберетін адамдықтан кетіп қалғанын сезсең, кешіре аласың ба?! Қайдам...

Адам өзінің ақиқатымен ғана адам болып қалмақ. Қорқақтың, жағымпаздың көрер күні белгілі. Келешекке қарайтын бет жоқ. Адамзат жаралғалы бері талай тағдырлар келді, кетті. Келген, кеткеннен, болған нәрседен қалатыны – жан азабы. Өзінің жан азабымен арпалысып өткен адам ақиқатын таниды. Қазақтың басынан өткен нәубет, сан түрлі аласапыран жүрекке жан азабын қалдырып кеткен жоқ па. Үлкен мансап иесіне үрке қарайтын, қолына қарға қонақтаған кісіге құрметпен қатынас жасайтын, оның да өзі сияқты пенде екенін ұмытып кетіп, ойы арқылы әлгі адамды «құдайлық» дәрежеге дейін көтеріп жіберетін мінез адамзаттың қыр соңынан қалып көрген ба?!

Жазушы Төлен Әбдіктің «Өліара» романында әрбір кейіпкер өзінің бейнесімен дараланып, мінезімен ерекшеленгенімен, бәрібір кешегі кер заманның суретін береді. Қаламгер адамзаттың адалдығы мен арамдығын салыстыра отырып, кемшілігіңді бетке басады. Шағын ғана ауылдағы ахуал бүкіл қазақтың кешегі тағдыры емес пе?! Ашынған адамдардың арман-мұратын түсінетін адамды сол халықтың ішінен табу қиын. Адам өзінің кемшілігін жасыру үшін уақытты кінәлайды. Ал құрбандық керек болғанда қимасын да шалып жіберетін жылпостықтың көкесі, адам атаулының бір-біріне кереғар әрқилы мінезі «Өліара» кейіпкерлерінің бойында тұр.

Өліара кезеңде ауданнан өкіл келіп, Қызыл отауда жиын өткізіп жатыр. Көкірегі кекті, жаны азапты халық. Әділдік іздеп шарқ ұрған жұрт. Ұлттың тағдыры қайда бет алып барады, адамдардың ендігі тағдыры қандай болады деген түпсіз сауалдар тұңғиығына жеткізбейді. Иә, бұл кезде «батырақ», «құлақ», «кәмпеске», «Тоз» деген жаңа ұғымдар пайда болған. Тағдырыңды талқан қылып, қылтаңнан қиып жіберетін сұмдық ұғымдар жан түршіктіреді. Қазақ даласындағы ұжымдастыру кезеңін баяндайтын шығармадағы мінездер әртүрлі оқиғалар тартысы арқылы көркем суреттеледі. Ақ пен қараның айқасы көрініс табады.

« – Шырағым өкіл бала, – деп Ботбай сөзін қайта бастады. – Осы отырғандардың бәрі куә – мен өзім адал итсіз тақыр кедеймін. Тіпті арғы ата-бабамда аузы асқа жарыған ешкім жоқ, несін жасырайын оның... Үкімет кедейдікі дегесін, енді жарылқанатын шығармыз деп жүрген көп дәмелінің бірі мен едім. Бірақ соның жақсылығын шынымды айтсам, әлі көргем жоқ... Көрмегенде, былай, шырағым... Маңдайыма біткен жалғыз сиыр, үш-төрт уағым бар. Ал нәлөкті мынау отырған Тұршабаймен бірдей төлеймін. Осы әділдік пе?».

Бұл романда әділдік, адалдық, мәңгілік ұғымдары осылай кейіпкерлердің ойы арқылы беріледі. Иә, Ботбай үшін малы көп Тұршабаймен бірдей нәлөк төлеу әділетсіздік. Расында да салыстырмалы түрде Ботбайдікі дұрыс. Алайда ауданнан келген өкілдің алдына Ботбайдың ауылдасын жығып бергендей күй танытуы дұрыс па деген ойға тағы қаласың. Жаны күйген адамның аңдамай сөйлеуі де мүмкін. Ал нақты іс-әрекетті аңдамай іс қылды деген қисынға жатқызуға болмайды. Шығарма барысында жазушының классикалық дәстүрі оқырманын таңдантпай, тамсантпай қоймайды. Ойлантады да. Өзі ақын Сейітттің бір сөзі:

« – Талай халық, талай ел өлген. Айнымас достық, асыл махаббат та өледі. Өлмейтін бір-ақ зат бар, ол – адам бойындағы сатқындық». Жазушы адамның мойындауы тиіс, бірақ мойындай қоймайтын шындығына Сейіт арқылы келеді. Келеді де, тағы ойға салады. Ал ертең ел бәрібір өлетін болса, бүгінгі жанталас не сонда? Әрі-беріден соң, айнымас достықты, асыл махаббатты бүгін адамдық қасиетіміз деп мойындамай-ақ қояйық. Жоқ, олай болмайды екен. Адамдығыңды аттап, асыл махаббатыңды өлтіріп алсаң, кім болғаның... Ал сатқындықты бәрібір жасайсың. Ол өлмейді, өлмеген соң өмірде айналып әйтеуір бір соғады. Жасамасыңды жасатады. Аядай ауылдағы тіршілік жан алысып, жан беріскен азаппен, шермен өте береді. Шығармадағы әрқилы оқиғалар арқылы жазушы «астапыраллалап ішінен күбірлеп бірдеңелерді оқып» отыратын Әлмембет молданың, әйелін «прокурор келіп түскен ауылнайдың үйіне қарай қуалап, ешбір жанға араша бермей, қолындағы бақанымен алдынан шыққан прокурорды салып жібере жаздап, есін әрең жиған», артынан уездің түрмесінен бір-ақ шыққан «жетек соққан» Бөкеннің, Жарықбастың қатыны Қалампырдың, «әр сөзін шегелеп, сабырмен анық сөйлейтін» Оймауыттың, ел аузында «би тұқымы» деген лақап аты бар Асқардың мінезін даралап көрсетеді. Әрқайсысының өзіне тән тағдыры мен болмысы бар. Шығармада әр кейіпкердің іс-әрекеті сипатына қарай өріліп отырады. Романдағы негізгі күрделі кейіпкер Асқар. Жазушы Асқардың ата-тегін, болмыс-бітімін «Сөзуар жұрт би тұқымы деп әзіл қылғанмен, бұл кісінің арғы атасында күлтөбеде билік айтқан ешкім жоқ. Ауыл ішінде ара ағайын төрелігі болмаса, өзі де алаштан атақ алып, би қамшысын білегіне қыстырған жан емес» деп суреттейді. Арғы атасы Жауқашты би болғанымен, тақыр кедей болған екен. Халық арасында Жауқашты туралы аңыз көп. Ал 1916 жылы ел басына күн туған кезде Ұлы Сардар Асқарға «Ақ патша 18 бен 43-тің арасын оққа байламақ, аруақ, құдай жар, өзі боп, құм бойындағы қалың елді көтерсін», – деп дұғай сәлем айтады. Шілде айында Асқар Ұлы Сардармен дуанда жолығады. Мұнда болыстар, билер, қажы, молдалар, ірі байлар әдейі шақырылады. Ары қарай:

«Мылтықтың түсіндей түсі суық генерал-губернатор сөз сөйлеп, патшаның жарлығын оқыды. Жарлықтан бас тартқандар әскери сотпен өлім жазасына кесіледі екен. Сол жолы Асқар қаптаған солдаттың алдында басын оққа байлап, Ұлы Сардардан кейін жарлыққа қарсы сөз сөйлеген. Жиын бітісімен солдаттар тұрған елді қоршап алып, Асқарды іздепті, Ұлы Сардарды тұтқынға алуға халықтан қаймықса керек. Бірақ үлкендердің ақылымен сөйлей салып, аттанып кеткен Асқар құдай жар болып бұл кезде қаланың терістігіндегі қалың қопаның арасымен аттың басын қоя беріп, құйындай ағызып бара жатқан...»

Бұл наразылықтың аяғы қарулы қақтығысқа айналып, екі болыс, бір писарь өлтіріледі. Списоктер өртеліп, пошта бекеттері талқандалады. Көзі тірісінде өзіне күмбез салдырған Асқардың қасіретті тағдыры, құрбандығы осы жерден басталады. Онсыз да Назар сияқты ауыл белсенділері Асқарды қожа-молдалардың қатарына қосып жүр еді. Бұл оқиға отқа май құйды. Оның үстіне Есімбектен бұрын туған екі ұл баласы қатарынан шешектен өлгеннен соң дінге беріліп, тақуа болған «кінәсі» тағы бар. Назар сияқтыларға шен-шекпен, жақсы атақ керек. Адамның тағдыры, обалы мен сауабы оған керек емес. Ақыры солай болды да. Бұдан кейін оқиға Назардың ауылдық кеңестің ағасы болып сайланғаны тұсынан қайта шиеленісе түседі. Ешкім елеп сәлем бермейтін Әбіл сияқтылар Назармен бір дастархан басында отырғанына Құдайға тоба қылатын күн туады.

«...Ақшоқы халқының арызқой деген аты бұл күнде бүкіл ауданға мәлім. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген, ол елге барып бастық болғанша, біржола қарап отырғанның өзі артық», – деп, бұрын атқа мінген көзі ашық кісілер өзара әңгіме қылар еді.

Осы сөзді растағандай, күзем кезінде Көбегеннің Жақайы үстінен арыз түсіп, істі болып, қызметтен босады да, май тасып жүрген Назар оның орнына ауылдық кеңестің ағасы болып сайланды. Көп ұзамай үш артельдің бастықтары: Құсайынов Сұлтан, Мақашев Тұрсын, Сәлімов Кәкімбек орындарынан түсті. Сөйтіп ауыл тірлігі аяқ астынан күрт өзгерді. Игі жақсымын деп жүргендер игі жақсы бола алмай қалды, сәлем алмай жүргендер сәлемге зәру болды. Гу-гу әңгіме. Өсек-аяң. Біреулерге осының өзі қызық секілді...».

Ата-бабалардың «Дүние-кезек» тәмсілі осы жерде еске түседі. Кеше зор едің, бүгін қор болдың. Бірақ бұл тәмсіл Назар сияқтыларға жүрмейді екен. Бірдеңе болса «Айдатып жіберемін» деп қоқаңдайтын кешегі үкімет адамының барлық мінез-құлқы Назардың бойында тұнып тұр. Бұл Назар елге не қылмады? Байдың құйыршығы, өкіметке қарсы деген желеумен талай адамды айдатты шынында. Бірақ сол Назар әлдекімнің үстінен үкім кесетіндей, тағдырына шешім шығаратындай адам ба? Әрине, ол оған лайық емес. Кешегі арызқойдың бүгінгі келбеті еш өзгере қойған жоқ. Назар ауылнай болмай тұрғанда да, оның арыз жазғыштығы ауылға белгілі еді. Күндербек Тұршабайдың үйінде шай ішіп отырып, Асқардың ұлы Есімбектің қатын алайын деп жатқанын айтады ғой. Қарап отырмай, Бәйтен екеуінің Қарасуға барып, бір қызды алып қашатынын жеткізіп, енді мұның зорлау, алдау екенін Назарға айтып, үстінен арыз жаздырту керек деп сөйлейді. Кейін сол Назар май тасып жүрген жерінен ауылнай болып шыға келді. Халықты бір-бірімен қырқыстырды. Бірақ аудан оны ауылнай қылып қойған соң, не амал. Бұл дәрежеге ол өзінің ақыл-парасатымен, еңбегімен жетпегенін өзі де біледі. Бірақ оны ар азабы қинамайды. Оған ар соты жүрмейді. Кезінде азын-аулақ дәулеті болған, қатарға іліккен Асқарға өзінің туысқаны Малдыбайды айдап салды. Иә, кешегі абыройлы Асқар бүгін кім болды. Ұлы Сардармен жолығуы қасіреттің басы екен. Асқардың жан азабын жазушы жан төзгісіз аянышты халде суреттейді.

«...Тағдырдың алдамшы екені осы емес пе. Осы тұста өз тағдыры есіне түскен Асқар: «Болмаса, менің қандай жазығым бар?», – деді күбірлеп өзіне-өзі. – Елге иттігім болды ма? Осы жүрген ағайынға қиянатым болды ма? Мырзаболаттың өңкей жуандарына осыларды талатпаймын деп билік айтпап па едім. Мешін жұтта Ошақбайдың әкесі аштан өліп, айдалада қалғанда шешесі екеуін өзім барып көшіріп әкеліп едім. Тым болмаса, жақсылықтың қадірін білетін үлкен кісі осының бәрін неғып айтпайды екен баласына. Осы ауылдағы жарлы-жақыбайдың біреуі жамандық көрді ме?..»

Назар ауылнай болып, ауданға жағу үшін қара халықты қыспаққа алғанда әлгі Сейіттің айтқан «адам бойында мәңгі өлмейтін сатқындық» ағайынбыз деп жүргендердің бойынан дүр көтерілді. Асқардың өзі айтқандай, пайғамбар жасынан асқанда Өлмес құсап өтірік айтып, Құдайдан безе алмайды. Бірақ бір қарасаң, Асқарды ешкім де жек көрмейтін сияқты. Малдыбай қу жаны үшін, бала-шағасы үшін Назардың айтқанына ергенін оңашада жыламсырап Бәйтенге айтады. Ал Асқардың бойындағы арпалысты сәттерді кім түсінеді сонда. Кенет Асқардың көз алдына Назар елестеді.

«...Шырағым, сол заманға анау айдалып кеткен Жақайдың... Кенжеғұлдың, Айсаның еншісі де сенімен бірдей емес пе еді. Солардың бала-шағасының мұрын боғы, көз жасы сенің мойныңда. Есенжол екеуің жалшылықта бірге жүрмеп пе едің, жақын десең, жақының, қай жағынан да бөтен емес. Оны неге соттаттың?..» дейді Асқар. Сонда Назардың айтқаны:

«Өйткені ауылнайлық орын біреу-ақ, – деді Назар құпия сыбырлап, – егер олар бұл орынға көз алартпаса, ештеңе де болмайтын еді. Бұл жауластықтың мазмұны бөлек, қай заманда да қалмайтын – кәдімгі бақталастық... Бақ таласы мен жар таласында біреуді біреу аяйды дегенге ақымақтан басқа ешкім сенбейді...»

Сөйткен Назар арманына жетті. «Маған өзімнен ақылды адамның керегі жоқ» деген Назар Асқар сияқтыларға сондықтан шүйлікті. Жазушы екі кейіпкердің ойша сөйлесуі арқылы Назардың түпкі мақсатының қандай болғанын ашып береді. Бұл ауылнайдың жайы белгілі болды. Малдыбай, Өлмес сияқтылар Назар жағында. Асқардың ес тұтатыны Бәйтен еді. Бірақ...

Осы Бәйтен алдында ғана ауыл адамдары Байдәулет Нұрмағамбетовке, Қотыр Тайшықовқа, Бестайлақтың Есеніне қол қойдырып, Назар Есенбаевтың үстінен аудандық партия комитетінің бірінші секретары Хамит Құдайбергеновтің тура өзіне арыз жазып еді. Арызда Назардың сиыр фермасының бақташысы Есмұрзаев Жаңғабылды таяққа жыққаны, араға түскен Ботбайды балағаттап, қорлағаны, Совет үкіметіне еңбегі сіңген Сыздықов Әусағитқа қол жұмсағаны, оның осы күнге дейін төсек тартып жатқаны жазылған болатын. «Ерегіскен адамға артық салмақ салып, оны орындамаса, акт жасап, жазаға тартатыны» да ұмыт қалмады. Назардың күшімен айдалып кеткен Көбегенов Жақай, Оспанов Мырзакерей, Беспаев Төлемістердің жазықсыз тағдырын қозғай келіп, енді Асқарды да жазықсыз зәбірлегенін жазды. Сөйтіп, әділдік іздеп, Құдайбергеновтен азаматтардың тағдырына араша түсуін сұраған Бәйтен аз уақыттың ішінде өзгеріп сала берді. Оны өзгерткен не? Қызмет па, мансап па, дүние ма? Жазушы Бәйтен бейнесі арқылы адам бойындағы сатқындықты, екіжүзділікті әшкерелейді. Ауылда бала оқытып, адамдық қалпын бұзбай жүрген Бәйтен ғашығы Хадишамен сөзге келіп қалып, ашумен қызға қол жұмсап қояды. Ал жазушы Бәйтенді қалай суреттейтін еді. «Бәйтен қазақы тәрбиені қатты сақтап өскен жігіт қой. Кішкентай кезінің өзінде әкесінің «ешқашанда біреуге қиянат ойлама, өз пайдаңа елікпе, біреуді мұқатуға тырыспа» деп отыратыны есінде. Сол тәрбие ме, әлде туа біткен мінез бе, Бәйтен өзіне деген тұста ыңғай шегіншектеп кейін тұратын бір қасиет тауып алды».

Енді қараңыз: Ауданнан арыз тексеруге адам келіпті деген хабар ауылға тарайды. Әрине, өкілдің не үшін келгенін Бәйтен бастапқыда білген жоқ. Секретардың тапсырмасымен Назардың мәселесін қарауға келген шығар деп ойлады. Бірақ... олай емес екен. Ауданнан келген «шашын жатқызып тараған ақ құба жас жігіт» Бәйтенді үйінен шақыртып алып, істің мән-жайын түсіндіреді. Сөйтсе былай екен. Бәйтеннің үш ұйықтаса түсіне кірмеген жағдай. Ауданға біріншіден Бәйтенді байлардың құйыршығы деген, ал екіншіден қызға қол жұмсаған деген арыз түскен. Сотталып кететін тірлік әрине. Ал Хадишаны үйіндегілер бұл уақытта ауданның белді қызметкері Нұрбекке күйеуге бермекші болып уәделесіп қойған. Енді жағдай тіпті мүшкіл. Бұл жайды Нұрбек те естіген, артынан өзі келді. Той қамымен ауылға келген күйеубала Нұрбек арасында үкімет шаруасын да ұмытқан жоқ. Ауданда дырдай бастық көрінеді, ақыры Бәйтенді жазалады. Сөйтіп Бәйтен қалаға айдалды.

Бұдан кейінгі жағдай аудандық секретарь Хамит Құдайбергеновтің алдында өтеді. Бәйтеннен мектептің, комсомолдың жағдайын сұрап отырған Құдайбергеновтің әңгіме ауаны бірте-бірте өзгере бастайды. Барлық мәселе Бірмағамбетов Асқарға келіп тіреледі. Асқарды кулак есебінде елден аластату мәселесінің қойылып отырғанын айтады. Ал Бәйтен сол Асқардың інісі. Демек, бұл да байдың құйыршығы болып саналады. Алайда «әскери формада киінген бұйра шашты орыс» Харламов күтпеген жерден ұсыныс тастайды.

« – Ауылдық атқару комитеті Ақшоқыдан колхоз шаруашылығына зиянын тигізіп отырған үш адамды жер аудару туралы шешім қабылдады. Сол комиссияға осы жігіттің өзін кіргізіп, партиялық тапсырманы қалай орындайтынын байқап көрейік. Егер мұнда ағайыншылық көрсетсе, онда өзіне өкпелесін...» – дейді Харламов тап-таза қазақ тілінде. Құдайбергенов мұны мақұлдайды.

Ал Асқардың іші бір қасіреттің боларын шын сезгендей. Түн ортасында Асқар баяғыда көтеріліс кезінде Сардардың жанында жүрген татар тілмаштан алған уды қалтасына салып, ауыл сыртындағы қорымға беттеді. Тұрғызылған моласына келіп өлмекші болды. Ешкімге опа бермеген мына жалған Асқарды да аяған жоқ. Жақсылығын көрген ағайыны да аямады. Назардың тірлігі мынау. Өлмес, Малдыбай, Әбілдерден қайыр жоқ. Жақын інісі Бәйтен ұсталып кетті. Оның ендігі тағдыры беймәлім. Есікті ашып, мазардың ішіне кіріп, қалтасындағы шөлмекті аша бергенде, жынды Қамза кеп қалады. Асқардың өлмек ниетін білген Қамза енді өзіне қол жұмсамақшы болады. Бұл түні дүниенің қызығынан жеріген, опа таппаған Асқар өле алмады. Қамзаның көңілін қимады. Ел Қамзаны жынды санап, өздерін тәуірге балап жүргенде, Қамза олардың жанында адам екен. Оған Асқар керек екен. Қамза шынайы адам. Ол шын жылай алады. Бірақ Асқарды өлімнен де қорқынышты жағдай күтіп тұрған еді.

Ақсуаттың талай адамды айдап алып кеткен қара жолы сайрап жатыр. Барлық жалалы осы жолмен аттанып еді. Соңғысы Бәйтен де. Одан ел күдер үзе бастаған. Себебі айдалып кеткен адамның елге аман оралуы екіталай. Көп ұзамай Бәйтен бастаған аудандық комиссияның адамдары Асқарды да осы жолмен айдап алып кетті. Бұл қалай? Осы жолмен Назардың айдалып кеткені дұрыс еді. Бірақ олай болмады. Құдайбергеов екеуінің сөзі бір жерден шығып отырған соң, оған айдалу қайда. Дүниеде өңің түгілі түсіңе де кірмеген нәрселер болады екен. Бәйтен аяқ астынан түрмеден құтылды. Бір түнде үкіметтің адамы болып, «бай-кулактарға қарсы күресіп» шыға келді. Бәйтеннің бұл мінезі оқырманды сан қилы ойға жетелейді. Мұның енді сатқындық екенін кім білмейді. Қорқақтық екенін кім аңғармайды. Ілгеріде Сейіт айтқан мәңгілік сатқындық айналып тағы алдымыздан шықты. Романдағы Асқар, Бәйтен мен Есімбек үшеуінің кездескенін еске алайық. Асқар деген қандай мейірбан адам.

« – Үміт еткен шырағым ең, – деді Асқар Бәйтенге бұрылып. – Оқыдың, адам болдың. Мырзекең марқұм қызығыңды көре алмады. Бірақ анаң тірі. Ол кісінің сенен басқа тілегі жоқ...» деген Асқардың сөзі қайда қалды. Асқар Бәйтеннің адам болғанына шүкіршілік етіп, оқуды бітіріп келгенде тай сойып, елді күтіп, енді інісінің үйленгенін қалап еді ғой. Ағалық ақылын айтып еді ғой. Өзі оқытып адам қылған Бәйтен Асқардың түбіне жетті. Уақыттың, қызметтің құрбандығы енді Асқар болып шыға келді. Иә, балақтағы бит өрмелеп басқа шықты. Оспадар мінез тас төбеңде ойнақтады. Бұдан асқан не қасірет, не қайғы бар екен дүниеде.

«Өліара» романындағы Асқар мен Назардың арасындағы жай, ақ пен қараның айқасы. Ақ қашанда әлсіз болған, қараның қаһары күшті. Бәйтеннің бейнесі ақ пен қараның арасындағы түсініксіз түс. Құбылма мінез. Жазушы Асқардың «бай-кулактық кесірінен» жақыны Салиқа мен Сейілханның жалған ажырасқаны, Хадишаны үкімет адамы Нұрбек қалыңдыққа алуға ауылға келгенде қыздың әкесі Әбілге әншейінде сәлем бермейтін халықтың құрақ ұшқаны, жылқыларын ауданнан келген өкілдерге бермеу үшін келінін дастархан жинатпақ болып олардың үстіне кіргізіп жіберген Өлместің өліммен тең әрекеті, ақыры Өлместің келінін үй ішінде олардың зорлап, жылқыларын алмай «риза» кейіппен аттанғандары арқылы кейіпкерлерінің мінез-құлқын ашады да, таразыны оқырманға қалдырады. Бұл жерде кім сатқын. Кім опасыз. Кім құрбан. Оқырманның еншілі дүниесі осыны таразылау.

Асқардың обалы екі дүниеде де Назардың мойнында. Жалған жаланың құрбаны болған Асқардың тағдыры оқырманды астаң-кестең күйге түсіреді. Романдағы әртүрлі оқиғалар, әрқилы мінездер, жан баласына түсініксіз жаратылыстар, сана түкпірінен көшкен алуан қасиеттер әдебиеттегі көркемдік концепцияның биігі. Ойды қалай беру, сөзді қалай сабақтау, адам психологиясын қалай ашу мәселесіне ерекше мән беріп, оқиғалар тізбегін орайластыра білген бұл шығарма Төлен Әбдіктің интеллектуалдық биік деңгейін көрсетеді. «Өліара» романында әр дәуірде өмір сүрген адамзаттың бойынан табылатын түрлі мінездер бар. Дүние шіркінді кім қалай бағалайды, кім қалай көреді? Адамзат үшін тірліктің мәні не? Шығарма адамзаттың алдынан шығып келген, әлі де шыға беретін осынау сауалдарға жауап береді.

Хамит Есаман, ақын


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар