Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Көкірегімде Өлең көшіп ж...

16.05.2016 5924

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Көкірегімде Өлең көшіп жүр, Қазағымның иісі аңқып!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Көкірегімде Өлең көшіп жүр, Қазағымның иісі аңқып! - adebiportal.kz

13140889_1712224619101392_1903129574_n.jpg

Тыныштықбек Әбдікәкімовтің поэзиясымен танысқан ең соңғы қазақ мен шығармын. Қазір Тыныкеңнен басқа ешкімді оқымайтын болдым. Кеш танысуымның себебі - жастау шағымда орыстілді едім. Сосын ол кезде Жұматай (Жұматай Жақыпбаев - ред.) мен Өтекең (Өтежан Нұрғалиев - ред.) тірі, екеуімен де өте жақын дос болдым. Осы екі сері, ақыры, менің қазақша жаза бастауыма да себепкер болды. Соңғы кезде Facebook-ті көп кеземін, өз жырларымды жариялаймын, өзгелердікін оқимын, сондай бір сапарымда көзіме Тыныкеңнің өлеңі түсіп, өзіне магниттей тартып алды. Содан Әдебиет порталына кірсем, Тыныштықбектің өлеңдеріне Әбіш Кекілбаев кіріспе жазған екен. Әрине ол ақынды мейілінше тануға тырысқан, бірақ, ең ғажабы, Тыныш ақынның Әбекеңді шынымен таңырқатқаны көрініп тұр. Оны әріптесін «біртүрлі ақын» деген анықтамасынан-ақ байқауға болады. Қазақта «біртүрлі» деп норманы бұзған, мінезді болмысымен сананы қытықтайтын нәрсені айтады.


 

Кезінде Мартин Хайдеггер назар аударғандай, әр құбылыстың өз бастауы болады (грекше «архэ») және сол бастау әлгі құбылыспен үздіксіз жасай береді. Сол сияқты Тыныштықбек поэзиясында қазақ поэзиясының бастауы өз-өзін қайта тапқандай. Ежелгі поэзия бізге белгілі грек және ұрым (римдік - ред.) нұсқаларында табиғаттан, жануар әлемінен, космостан ажырамаған күйінде көрінеді. Мысалы, ұрым ақыны Тит Лукреций Кар үшін бәрі бірдей: жұлдыздар бораған аспан, кемелердің желкенін сабалаған самал жел, бәрі бір ағында суреттеле береді. Тыныштықбектің де өлең жолы тым ұзын, гректің гекзаметріндей, және осы бір жолға неше түрлі суреттемелерді сыйғызып, ақырында ең соңғы мағынамен осының бәрін ой қалыбын бұзып, қопара жарып жібереді. Міне, «біртүрліліктің» сыры - көз алдымызда қалыптасқан мағынада! Мысалы, мына жолдар бір өлеңінің қортындысы:


 


 

Жетісіп бір тұр дейсің сайсала қай?

Болар ма екен бұл Көкек ең сорақы Ай?

Қой - ашқарақ, төл - тоңғақ, жусан - өлі,

Тал - жалаңаш, бұлт - үркек, жел - солақай.


 

Бәлкім қайта билігін құрмақ Ақпан?

(жалықты ғой бала да сырғанақтан)

Бір пәле бар әйтеуір келмей тұрып,

Босағаны мысыққа тырмалатқан...


 

Міне, мазасыздық, жетім көңіл, бейберекеттік туғызатын картиналар тізбегін жасап, осы қам көңілдің жиынтық бейнесіндей бәрін босағаны тырмалаған мысыққа тірейді. Бұл арада Тыныштықбектің тәңіршілдігі жөнінде сөз қозғаудың да реті келіп тұр. Зерттеушілердің көбісі бұл мәселені тым абстрактылы қылып жіберген. Ал Тыныштықбек болса Тәңіріні, немесе жазуға, ойлануға бастайтын Құдыретті жан-тәнімен сезетін сияқты. Болмаса әлгі мысықтың аласұрғаны тегін дейсіз бе?


 

Ақынның аңқыма туралы ілімі де, өзінің кішкентай немересін аңызға айналдырған жазбалары да, бәрі де оның тәңіруи тылсым нәрселерге жақындығынан деп ойлаймын. Жалпы, ақын кез келген нәрсені әспеттей, қасиеттей біледі. Оның бүкіл дүниемен қарым қатынасында бір ғажайып діни, тәңіруи тылсым сезілетіндей.


 

Жұмыс бөлмемде домбырам,

Бақсылансам даңғырам.

Шайтантиегі Ұмайтеректен.

Ата тегі Бәйтеректен.

Еріккенімде сөйлемей қоятын жыны бар.

Пернелерінде Бақ құсының үні бар.

Ішегін Сексек ата ызып берген.

Қуанышым мен қайғымда ғана қызып берген.


 

Мына жолдардан Тыныштықбектің ғажап ұлттық ақынымыз екені көрініп тұр. Бейнелер үйлесімі ақаусыз, бәрі тек келісіп тұр, бірі біріне жарасып. Не деген ірі теңеулер, тура Қазтуғанның аузынан түскендей! Бұл арада мен әлемдік поэзиядан аналог іздегім кеп жатқан жоқ. Өйткені қалай болғанда да Тынекең бәрін қазақыландырып жібереді, қашан болсын бір икемін тауып, өзінің төл мәдениетіне, төл дәстүріне келтіріп жатады. Әрине, Тыныкең де қазіргі ақпарат заманының тұлғасы, бірақ ол білімімен мақтанбайды, тек сол арқылы ұпай тапқысы келмейді. Ол мүлде басқа жақтан келіп, бар жиған тергенін оңай қорытып, барлық болмысты таза ұлттық нақышта бере салады. Егер қазақ арасында ешбір сыртқы ықпалға түспеген бір ақын болса, ол - Тыныштықбек. Осыған байланысты ол таза ұлттық негізде әлемдік деңгейге апаруға лайық дүниелер жазады. Сондықтан бұл енді үлкен құбылыс, шынымен де біраз әңгімеге арқау болатын, диссертация қорғауға тұратын биік өлшемдегі поэзия. Тіпті, аударма жағынан келетін болсақ, қалай аударуды білмеймін, аударуға еш көнбейтін поэзия. Осымен де оның ұлттық құндылығы асады.


 

 

 

 

Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэзиясы жөніндегі ойларымызды қорытатын болсақ, бұл шынымен барлық қатынастарға ашық, барлық дүниеге пара пар, тең келетін поэзия. Және, ең ғажабы, онда түк пафос жоқ, қазақ жырларында жыраулар поэзиясының пафосы әлі сезіліп тұрады ғой. Ал Тыныштықбектікі күнбе күнгі тіршілікті басқа қырынан көрсете білетін ақындық. Қазіргі Батыс Еуропада метафизикаға негізделген кейбір дүниетаным сыртқары әлемнен бас тартып, күнбе күнгі өмірге тіреліп отыр ғой. Ал бірақ күнбе күнгі нәрсені мифке айналдыра алатын поэзия ол - Тыныштықбектің поэзиясы. Бірден домбыраны даңғыра қылады, оның шайтан тиегін табады, ата тегін тура Бәйтеректен таратады, сөйтіп кете береді. Соңғы кездегі қазақ поэзиясының үлкен табысы Тыныштықбектің поэзиясы деп ойлаймын. Өйткені ол - арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі.


 


 

Әуезхан Қодар, мәдениеттанушы, жазушы һәм аудармашы    


 


 

ЖҰБАНЫШ


 

Қайран қалам, 
Неге мен өз үйімде, өз қаламда, өз елімде, 
Мына Жарық Дүниеде, 
Бойымды тіктей алмай, қиналамын көбінесе, 
Бұғаудан буынып қалған жабайы жылқыдай?!.. 
Маңдайыма солайша жазып қойып па еді Нұр-Құдай?!


 

 

Егер, шынында да, 
Елім бар болса егемен, 
Жерім бар бар болса жебеген, 
Нажағайлы күндей жалпағынан күркіреп, 
Еркін өмір сүре алмаймын неге мен?!.. 
Мысалы дегенім ғой, 
Ертең өкінбеу үшін, ана жаққа кетерде. 
Жоқ, рас, амалсыздың жазуы бар ма шекемде?!..


 

 

Неге қорына берем, жаутаңдағандай дар ағашындағы арқанға? 
Әлде, жылап жүр ме әлденендей зар қанда? 
Әлде, шабыт құйыны қанкөбелек ойнағанда арқамда, 
Құдайға ғашық жаратылған бейкүнә Үміттерімнің 
Сайтан-күштерден шошынып, 
Көз жасым түрінде құлап кетпегінен қорқам ба?!..


 

 

Сірә, соңғысы болса керек?..


 

 

***


 

 

Көсемдерден, имамдардан түңіліп, 
Көп жыл жүрді ол, өмір мәніне үңіліп. 
Мамыр айы келген кезде, 
Шіркінің 
Сирень-талға барды ақыры бір күні.


 

Керегі не патша менен нәбидің! 
Сирень қошы - күлкісіндей сәбидің! 
Сирень қошы - қайырындай Атаның! 
Сирень қошы - мейіріндей Ананың!..


 

Сирень қошы қандай нұрлы! Қоп-қою! 
Соның үшін ужапырақ жеп қою!... 
Ешкім білмес пейіштегі өнердей, 
Сол бір талға ғашық болды ол, өлердей.


 

Керек қылмай қу тірліктің түгін де, 
Сол бір талдың өлмекші еді түбінде. 
Кім бар дейсің ғашықтыққа кінә артар. 
Тек,... бір күні аңқып болды жұпар тал.


 

Сорлы ғашық өз арына жүгіне, 
Шыққан емес сирень-талдың түбінен. 
Жатты солай жалғыз өзі бұйығып. 
Қарекеттен, астан, судан тыйылып.


 

Қайран ғашық!... 
Өлсе өлді сертінде. 
Жаз жарықтық - қызыл желдің өртінде... 
Күз де кетті әлдеқайда қаңқылдап. 
Қыс кәріне тас шыдамас, тән тұрмақ...


 

Ал, көктемде... 
Сол сирень-қош!.. қоп-қою! 
Соның үшін ужапырақ жеп қою!.. 
Сол сирень-тал!.. о нендейлік ғұмыр ең!.. 
Періште аңқып шықты бір жан түбінен...


 

 

***


 

 

Шыныкөз, бетонбет, асфальттабан Қала. 
Адамдық еш жылу жоқ. 
Ондай болмайды жарқынмінезді Ес-Еге. 
Бірақ, Түз Баласымын ғой, аңқылдап шығам көшеге. 
Бейтаныстар, ерсілі-қарсылы жосыған... 
Үлкендеріне сәлем берсем, - шошыған. 
Кішілеріне сәлем берсем, - аларған. 
Яғни, сәлем беру - қылмыс саналған?!.. 
Қызына сәлем берсем, - кекиген. 
Ұлына сәлем берсем, - секиген. 
Сірә, солар мені шатастырады- ау деймін 
Қайдағы бір бөкимен?...


 

Солайша өсе ме ел, өше ме ел? 
О неғылған пешене-ел? 
Сенбес едім, біреу маған келіп: 
- Олар - адамдар! - десе егер.


 

Сондайлық құрып кетсін қаласы. 
Қайда адамдарға тән жарасым? 
Сәлеміңді де алмаған соң, 
Удай соқыр...ланасың...


 

Бірақ, Түз Баласымын ғой, жақсылық үшін, Жаны - алаң. 
Бәрі -Әкем менің, бәрі - Анам!... 
Біреуге керегім болып қалмай ма? - деп, 
Жан-жағыма қайта қаранам... 
- Сәлем, шыныкөзденген Қалам!..


 

 

***


 

 

Бауырым, 
Бір Нұр бар. 
Ғаламат жазу жазатын қалам ол. 
Менің де жазмышым жазылуда - сол қаламның ұшында. 
Солайша жаратылған балық та, шөп те, құсың да... 
Сол Нұр - ажалдың да жебесі. 
Сен де сол жебеден өлесің. 
Тіпті соны образсыз-ақ айта алам. 
Сол Нұрмен Жерге түсеміз бәріміз. 
Сол Нұрмен Көкке ұшамыз қайтадан.


 

Бауырым, 
Мынаны да біл және сен. 
Ол Нұр - тозақтығы да гүлдеулі Жұмақтың Нұры. 
Жұпары аңқыған ересен. 
Бар өзінің періштелік ғажап санасы. 
Ғажайып жарасым. 
Сол жарасым Нұры арқылы, 
Аяндық та, 
Баяндық та, 
Әуендік те байланыс орнаған о Дүние мен Бұ Дүние арасы. 
Санамызда да сол Нұр жайқалады қадымғы. 
Жаратушы Күннің Нұры кәдімгі.


 

Мынадай да бар Ой тағы: 
Түп Тәңірі - 
тоғыз Аспанға кемпірқосақтанған Құдырет Күннің Байтағы. 
Мерзімі келгенде, кәдімгі Күн де соған қайтады.


 

Осының бәрін мен қайдан білемін, Тәңіріге бармасам? 
Жұмаққа я Тозаққа бармасам? 
Далбаса? 
Қайдан білмейін, өзім де - Күнмін ғой, 
Кішкентайлығым ғана болмаса.


 

 

ЖАЗМЫШ РЕЗЮМЕСІ


 

Мен Ес білгеннен бері мәңгіріп келем, 
Тани алмағандықтан өз табиғатымды. 
Турасын айтсам, - Жан құрамын. 
Сол үшін де Тәңірді іздеп қаңғырамын. 
Яғни, ауырған Жан өзі іздейді емес пе өз емін. 
Бірақ, Жер бетін ғана кеземін.


 

Әрине, ертеңдері о Дүниеге де өтемін. 
Онда да - сол, 
Баяғы іздеу ғой дәт емін. 
Одан да әрі кетемін қаңғырып. 
Түпкі Дүниеге де жетемін мәңгілік.


 

Әне, сонда ғана білемін мен 
Азаптана қаңғыруға сай болғанымды. 
Өзін өзі іздей-іздей жұпарланған тәңірлік Ой болғанымды...


 

 

ӨЛӨҢ


 

 

Ол бір - құпия Әлем, 
Пері-Көңіл - қағатын, Періште-Ақыл айқара ашатын Қақпасын. 
Ғұмыр бойы азап көрсең де жалаңаяқ шоқ басып, 
Күнәһар болсаң, белгілі - оны іздеп таппасың.


 

 

Ойымызбен құр ғана нан шайнаңдап жүріп, 
Ол жайында білмеуші едік бұрын түк. 
Қайғыдан Жанымыз үсіп өлердей болғанда, 
Соның бір тал шөбіне де жылындық. 
Онда Ізгілікке қызмет етеді Зұлымдық.


 

 

Мәселен, онда сәл-сәл кінәлі болсаң-ақ, 
Жабайы жылқыға айнала қаласың! 
Сонда, бір қуатты жын келіп, 
Ауыздықпен керіп аузыңды, 
Қос өкпеңнен тепкілеп, 
Борбайыңа бұзаутіс-қамшы ұрып, 
Бас білдіргенде,... Естен танасың. 
Сөйтіп қана, қайта адам боласың! 
Сондай заңдылықта - ондағы ортақ жарасым!


 

 

Онда адамдық үшін ғана ұмтылады... жұрт ілімге. 
Онда адами арманы бар маймылдың да, түлкінің де... 
Онда Бақыт симфониясы ойнала кетіп күн күркірінде, 
Жылан да сөйлейді Нұр Тілінде!...


 

 

Иә, сондай бір жұмбақ Өмір бар. 
Ең бастысы, 
Онда - Балаң да, Анаң да, Әкең де бола алатын Тәңір бар!


 

 

***


 

Қамбардың қошы аңқыған қымызхана. 
Барам да, қиялданам тыныш қана. 
Жолшыбай сәлем бере кетпекшімін, 
Өзімнің ардақты бір құмырсқама.


 

Қасқа ғой - қамын жеген ұл-қызының. 
Қапері - құпиялы дүр түзілім. 
Ешқашан болған емес жұрты зұлым. 
Ешкімнен қаймықпайтын Мұртыұзыным!


 

Біздердей ойламайды қара басын. 
Ішпейді әзәзілдің арам асын. 
Саясат-саудасы жоқ, ары таза, 
Жұмақтай жұпарланған Жалаңашым!


 

О ғажап... құмырсқалық дара таным! 
Біледі ол қалай қанат жаратарын. 
Жасанды заңы да жоқ, лаңы да жоқ, 
Еңбекқор Кешбатарым-Таңатарым!


 

Біздікі - жалған талғам, жалған ұнам. 
Адам боп кете алмадық мал барынан. 
Қалайша құмырсқаға айналуды 
Құдайым айтса екен деп жалбарынам!


 

Сор тірлік - өндіршектің бүлкілінде, 
Ақысыз нан бермейді бір тілім де. 
Әлемін аңсай берем құмырсқаның 
Адамша сөйлеп жатқан Күн Тілінде!


 

Пенделік хромосом - нешінші ирек? 
Тірлікте - періштелік шешім сирек. 
Ертең де менің қасқа құмырсқашым 
Жүреді Бұ Дүниенің Көшін сүйреп! 
Жасыл жапырақ жалаулата!...


 

Қамбар Атам кешірсін, қымыз ішкім де келмей қалды.


 


 

 

ҚОРЫНАМ


 

 

Алпысжылдық айланы көргенде алты жасар баланың көзінен, - 
- қорынам 
Ондай ұрпақтың жоғы жақсы - барынан. 
Қорынам - сөз ұқпайтын ресми гүжбанға. 
Қайраным жоқта - тұмсығын бұзғанға. 
Дамбалынан сақалы ұзын діндарға; 
қазақтығы жоқ қандас жындарға - қорынам. 
Қорынам - баспанам да, жұмысым да жоғынан; 
әкіреңдік мұнара соғып алғандарға боғынан. 
Биліктің насихатынан да нұр қашып, 
заңға сүйене, бетімнен алғанда шүлдірлек ұрғашы - 
- қорынам. 
Қорынам - 
Жер-Анамды сатып алып, зорламақшы болғанға, 
қарсы шықсам, қорламақшы болғанға; 
өз Елімде өзге тілдерге құл болмағыма, 
Ордадағы мемлекеттік сорлы Тіл болмағыма - қорынам. 
Қорынам, қорынам, қорынам... 
Әй, құдай біледі, бір күні бар ғой, 
атом бомбасы болып жарылам!..


 

 

КЕЙДЕ


 

 

Кейде, мен 
қырық жыны ерен қызыл кәрленген аязға 
шыға саламын жалаңбұт... дымқыл жейдемен. 
Кейде, мен 
періштеше сөйлесіп отырам пендемен. 
Күнәм жоқ па? 
Қайдаағы... о жағынан да кенде емен.


 

Кейде, 
қаладағы ел-жұртқа 
сыпыра сәлем беруге де шығам, ән аңқып. 
Кейде, жап-жарық күлкі алып кірем, топ ішіне қараңғы. 
Қайғым жоқ па? 
Қайдаағы... кейде, сүрте алмай есім шығады сорамды.


 

Кейде, 
иіліп тәжім етем, қыз көрсем дара көрік. 
Кейде, шалшық жалдап кетем, ес білмейтін балаға еріп. 
Басқа жұмысым жоқ па? 
Қайдаағы... кейде, өсіргім де келеді санама өрік.


 

Кейде, 
мезетінде мыйішіндік күңгір Түн, 
кәдімгідей қолыммен ұстағым да келеді мұң құртын. 
Уақытша өліп, қабірге құлағым да келеді, 
сұрағым да келеді хал-жағдайын Аңқыр мен Мүңкірдің. 
Есалаңмын ба? 
Қайдаағы... әзәзілден айла ұрлаған жымқырмын.


 

Кейде, 
мендегі шырылдаған Жан - шегірткелермен де жарасымда. 
Кейде, қуана қабыл алам антұрғанның жаласын да... 
Мен әйтеуір, ел сияқты жосып-босып жүре бергім келмейді, 
ас пен дәрет ханаларының арасында.


 

 

СЕМЕЙ. ШАҺКЕРІМ ДАҢҒЫЛЫ - 86-87


 

Жұмыс бөлмемде - домбырам. 
Бақсылансам, - даңғырам. 
Шайтантиегі - Ұмайтеректен. 
Ата Тегі - Байтеректен. 
Еріккенімде, сөйлемей қоятын жыны бар. 
Пернелерінде - Бақ Құсының үні бар. 
Ішегін Сексек Ата ызып берген. 
Қуанышым мен қайғымда ғана қызып берген...


 

Жұмыс бөлмемде, сондай-ақ, 
Шүңкілдеседі қағаз бен қалам, тағы да басқа ағайын. 
Терезе алдында - титімдей ерке тоғайым. 
Қабырғада - немерелерімнің суреттері, жүрегімнен нұр сіңген. 
Мыңдаған қария-кітаптар, күрсінген... 
Бағзы заманадағы Түз Демі... 
Әлем айнасы... ол - менің үстелім. 
Содан көремін шөп шыққанын қай жерге. 
Қай жерге жасын түскенін...


 

Жатын бөлмемде ұйықтап кетіп перғауындық пішінде, 
Құдаймен де тілдесемін түсімде. 
Сондай данамын мен, әрі түк білмейтін баламын. 
Үйімнің бір қуысында пендеше күңсіп те аламын. 
Бір қуысында күнәдан да жуынып-шайынам, өлімдей. 
Төр бөлмемде Қыдыр отырады көрінбей. 
Ол кеңістік - өзімізге де құт, елге де. 
Ыңылайды ылғи көк шәугім, жан Жарым жүрген бөлмеде. 
Кеселер күледі сыңқылдап... 
Ал, мендік маңдайдан шалқиды ғұмыр-Жан. 
Таңдайда балқиды ғұмыр-дәм. 
Сылдырап уақыт ағады құбырдан...


 

О Жарық Дүние, осылай ғана тұрсаң - құп. 
Көкірегімде Өлең көшіп жүр, Қазағымның иісі аңқып!


 

ОБАЛ ЗАҢДЫЛЫҒЫНДА


 

Мамыр айы. 
Қоңырайып, 
Отыр еді ол бақ іші. 
Осырақ қоңыз ақ қайыңға жабысып... 
Шертіп кеп жіберді оны жақтырмай. 
Сол-ақ екен, аһ, пірім-ай, 
Бір қошқылтым жел көтеріліп әп-сәтте, 
Ағаш пен шөп... жапырақтар шым-шытырық күлгін гулесе... 
Жасылкөзді қара бұлттар өкіре-өкіре жөңкілісіп, 
Ажалдай суық көк нөсер қақ төбеден кетті ұрып!... 
Басыла да қалды ілезде. 
Есін жиып қараса, 
Осырақ қоңызды сүйіп тұр екен Кемпірқосақ иіліп!...


 

 

***


 

 

Бір қанаты - ақ нұр, бір қанаты қара нұр аңқып, 
Құс-күндер ұшып өтуде Бақыйға. 
Көктем ғой - негізгі уақиға. 
Бірақ, Бақ па, Сор ма Басқа біткені?.. 
Белгілісі - өзге ғұмырын бастайды тас та мүктеніп...


 

Баяғы сол ғашықтар маусымы: 
өтірік күлу де бар, шындап жылау да бар... 
Бәрінің көшпелі екендігі қиын боп тұр-ау маған!... 
Ертең Жаз келеді... 
Күз келеді, жапырақтары да жел ішінде тыраулаған. 
Ал, әзірше, 
жасасын Көктем, 
жап-жасыл шалғынына ізгі де көркем жын аунаған!..


 

 

ЖҰДЫРЫҚ ЭВОЛЮЦИЯСЫ


 

 

Қанат Ислам бауырға


 

 

Болаттай кезімдегі жұдырығым 
Болушы еді байтөбеттің басындай. 
Итмінезділерге жұмсадым оны әрдайым, 
Катапульттың ұшыртып тасындай. 
Ал, ақылым со кезде - мұңды ақыл да жынды ақыл. 
Төбелестен түк шықпасын білген соң, 
Жұдырығым тынды ақыр...


 

Әй, ит-тірлік-ай десеңші, 
Оқты көз бен шоқты сөз әрдайым қарша борайтын... 
Жұдырықтар да солай... 
Жарайды. 
Есесіне, Мыйым зорайды...


 

Жә, қиянатты көрсем-ақ, 
Ойларымнан да шып-шып қан шыққан. 
Егер, күңсіп құл, алжып хан, 
Іштен де сырттан жау келсе, 
Жұдырық Құдайы жаратыла кетеді, 
Кәлләм ішіндегі Нұрлы Балшықтан!..


 

КӘДІМГІ ҚАРАПАЙЫМ АҚИҚАТ


 

Оның әулие болғысы келеді. 
Бола ала ма? 
Ой тұтқынында әбден қамықты арман... 
Бола алмайды. 
Көкірек Көзі ит-тірліктің көтіне бағытталған. 
Құрдан құр жабықпасын. 
Жан-Нұрын Тәңір Нұрына бағыттасын.


 

Осыны мұндар да біледі. 
Діндар да ескермейді. 
Көт сасыған Сана Жұмақтың қошын қош көрмейді.


 

 

***


 

Ол бір, - ғажап сұлу Қыз!.. 
Алайда, 
мен оны ешқашан аймаламаймын, 
келсе де өлердей аймалағым. 
Көз тимесін, тіл тимесін деп қана, көңіліме қайғы аламын. 
Оның қасында - Бақыт Гүлі де жай ғана гүл...


 

Ол барда - 
көрде де, төрде жатқандай, көсілемін, 
өксігімнен де шөп өсіремін, 
уақытты да арлы-берлі көшіремін, 
періште кейпімде. 
Мен секілді ғашық болсын, сөзімді де өтірік дейтіндер.


 

Ол барда - өзімше құдаймын: 
шешілмес жұмбақты да шеше білем, 
кешірілмес күнәні де кеше білем... 
Ауырған жүрегіме: ол туралы өсектің өзі - қош өмір-ем. 
Оның көркем тәніне көзімнің нұрын да тигізбеймін, 
иіскемеймін де, омырауында аңқыған шешегінен... 
бір-ақ шықпау үшін Тозақтың ұятсыз төсегінен...


 

Ол бір, - ғажап сұлу Қыз!.. 
Оның қасында - Көктем нұры да жай ғана нұр... 
Ал, мен, шынында - 
төбесіне Бақыт Құсы жұмыртқалаған Ой ғанамын...


 

 

***


 

 

Оны көрсең, - 
ақылың Аспанмен тамырлас. 
Жұпар аңқып қоя береді өмір нас. 
Үндемейін десең, - Ойың оттан да ыстық. 
Үндейін десең, - тілің өзіңе бағынбас.


 

Оны күтсең, - 
үйінің түбіндегі қараағашпен бірге, 
өзің де қараағашқа айналасың. 
Немесе, 
терезесінен телмірген Ай боласың. 
Сондайда - оның ғашығысың. 
Әрі оған - қайманасың.


 

Оны алдыңа алып сүйсең - 
қырық шілтеніңмен "тоба!"-ласып... 
Бар менен Жоқ арасы - 
шаттықтан шыңғырған самаласың..


 

Ұнатқан Қызың - әне, сондай азап та ғажап!


 

ҒАШЫҚТЫҚ


 

Кішкентайынан ынтық болды со қызға. 
Тәкәппар қыз бойжетіп, аттанғанда жыраққа, 
Іздеп кетті ол соңынан. 
Іздей берді, іздей берді. 
Тапты ақыры... жасы жүзден асқан кейуананың моласын. 
Құсалықтан өлді со жерде.


 

НОСТАЛЬГИЯ?


 

Баяғыда. Көктем. Жаңбыр. Қолшатыр... 
Әй, шіркін-ай, қанша тамшы - қанша тіл!.. 
Моншақ төгіп бұлаң-бұлаң бұрымы, 
Қарсы алдымнан шыға келген алша-түр!


 

Ол да аңырып... қолшатырлы жат ұлды... 
Тыңдай қалдық Аспандағы шатырды. 
Менде Сөз бар, аңқып ұшар ауыздан! 
Қызда - омырау әтірлі!


 

Есімде жоқ, бір сезімнен маспын ба?!.. 
Әлде, екеуміз ұқсадық па қашқынға? 
Тілсіз ғана тілдесе сап, 
Бағдарсыз 
Жүгірген ек бір қолшатыр астында!


 

Соның өзі заңдылық па, тосын ба?.. 
Жарқ-жұрқ етіп өте шыққан жасын ба?!.. 
Баяғыда-а... 
Көктем. Жаңбыр. Қолшатыр. 
Келе жатырмын жан жарымның қасында...


 

 

***


 

 

Айбарлы адам - сол еді - ақылды адам. 
Бет-жүзі де сұрапыл лапылдаған. 
Қара нөпір еңіреп жаутаңкөздер, 
Пысықайлар саудаға ауған кезде, 
Пайда болып бойында сұмайылық, 
Кетті бірге алаяқтармен, құдай ұрып. 
Ұятының қалшылдап жанды қылы, 
Содан бастап құлқынның болды құлы.


 

Саясаттың қан-жыны буған елде, 
Жұлын-жүйке қозданып сумаңөрме, 
Уағында, түлендік түртініс көп, 
Шықты іңірге, құлқынның құртын іздеп...


 

Қайда барды, белгісіз. 
Бір заматта, 
Азулары ажал семсеріндей қайралған, 
Көздері жасын ойнатқан 
Кіл көкжалдар қоршауында тұр екен. 
Зәресі ұшып, жаны алқымға келгенде, 
Қорқауша ұлып қоя берген бейшара...


 

Есін жиып аңдаса, 
Көкжалдар жоқ. Зым-зия. 
Жердің зарын сезінуден мақұрым, 
Елдің зарын ұғынудан мақұрым 
О сорлы-ай!.. 
Тірі қалды бір жолға. 
Ал, көкжалдар - 
кезінде өзін тастап шыққан Көкжал-Ойлары еді өзінің.


 

 

***


 

Боз Даладан - не қайыр - Астанадан? 
Масқара түн - ақшалы - масқара таң. 
Көкәләйім, кеше гөр, 
Келді өзіңе 
Саясат пен саудадан қашқан Атаң.


 

Әулиедей түр де енді - жай ғана түр. 
Ауыздағы тіл де енді - қаймана тіл. 
Ақылының тағында әр адамның 
Сайтан атты сатқынкер жойман отыр.


 

Ұятты да үн-түнсіз жалмады Ақыл. 
Санадағы әр Ой да - сарнакәпір. 
Жерді сатты, Сайтекең, шерді сатты. 
Сатылмаған ештеңе қалмады ақыр.


 

Алыссақ та Сайтанмен ұдайы біз, 
Аңқылдақ ұл - саудада - мінәйім қыз. 
Бәрімізді Заңымыз жатқа сатып, 
Құлға айналды іштегі Құдайымыз.


 

Тарта қалса зар-билік жазаға Ерін, 
Көр де таппас түсерге мазақ өлім. 
Көкәләйім, сен ғана қалдың маған - 
былдыр-былдыр титімдей қазақ елім!...


 

 

ӘУЛИЕ


 

Ол Тозақты көрді, естіді, иісін сезді, дәмін татты... 
Он екі мүшесі тұтас қабылдады Тозақ азабын. 
Сол азап Оның қош аңқыған Көңілінен өтті, 
Ақылына жетті... 
Жұмақ аңқып сөйлеп кетті Ол сонда... 
Тозақ гүлдей бастады жұпарлана!.. 
Ал, ана жақта, 
Ақыл-есі тозақтанғандар бүлдіріп жатыр Жұмақты!


 

 

***


 

Жасыл нажағайларың Жалған Дүниеде еркін жайқалған, 
Уай, Қара Нөсер, 
Сенің жанарлы сансыз тамшыларыңның 
тағдырлары да сан қилы! 
Біреуі ағып тасқа түсті. 
Біреуі қонақжайлық аңқыған асқа түсті. 
Біреуі ақымақ Басқа түсті. 
Көктеген шөпке түсті біреуі, 
Оттаған көпке түсті... 
Суға түсті, отқа түсті! 
Бар мен Жоққа түсті!.. 
Сен соның барлығын о бастан-ақ білетін бе едің? 
Білсең, бір белгіңді көрсетші маған! 
Көрсетші маған бір белгі!...


 

Осылай деп ойлап тұрған ем Нөсерде, 
Алапат Кемпірқосақ көрінді!...


 

***


 

Жүрегімде дір қаққан - күнә қылы. 
Қайтейін-ай, мұң екеш мұң - ақылы. 
Бұл Атаңды, Айбөш-ау, білмейсің ғой - 
Қазағыңның шерленген бір Ақыны.


 

... кек қамшысын қайралған тіспен өрдім. 
Тіспен өріп, қайтейін, ішпен өлдім. 
Атамекен-Жері мен Ата Тілі, 
Оңғаны жоқ, саудаға түскен Елдің.


 

Ие болған тәңірлік өкілетке 
Аталы Сөз кетті өліп көкіректе. 
Мөрлімаңдай сарбаздар қасақана 
Шақырады шайтани текірекке.


 

Не көрмеді Атаңның мына Басы, 
Қазір - Көктем... гүлдеп тұр Күнә Ағашы. 
Ойй,.. Айбөш-ау, не болды?... 
Бұл - өзіңмен 
Ойнағанда... ертек қой... жыламашы!...


 

КӨКТЕМНІҢ БІР СӘТІ


 

Фантастикалық кино сияқты адам сенгісіз түрлі... түсті Өмір!.. 
Мысалы, мына Көктемде, 
Әлпеншек тепкен бала көңілі - қызғылт құскөңіл!.. 
Керемет емес пе, шөп болып та, Күн нұрына нәзік жалғану! 
Көбелектер де - гүлдердің қанаттанған қиял-арманы! 
Өзің де бірге қанаттана жаздап, есіңді әзер жиясың! 
Ал, ұлан-ғайыр жайылған хлорофилл - Ақын Тәңірдің жасыл сиясы!.. 
Мұндайда мүмкін емес өлу... жойылу! 
Самал да - періштенің жұпар қойыны!.. 
Көмекей-әуені де көркем... кептердің!.. 
Парақтарының сусылы да сияқты өлең-дәптердің! 
Уһһ, ең ғажабын-ай Көктемнің - 
дәнге айналып кеткен оқ көрдім!...


 

 

ҚАБАҒАН АШ ИТТЕР


 

Неге табылмайды уайым-қайғысы жоқ адам? 
Неге құла Түзде жалғыз ұлиды абадан? 
Осындай сұрақтар есіме түсе береді, 
Бірімізді біріміз алып жатқанда жағадан. 
Өйткені, біз адам емеспіз, - аш итттерміз қабаған.


 

Көнге ғана көн жүкті. 
Біреу дүние көретін, өзіне ғана меншікті, 
Біреу кім я не екендігін де ұқпайтын (әй, қасқа!), 
Біреу айналдырмақшы болатын ойнасқа, 
Біреу айырбастағысы келетін таққа алтын, 
Бәрімізге Тәңірі сыйлаған Ортақ Бақ бар-тын.


 

Біз сол Ортақ тірі Бақты шыңғыртып, 
Талап жеп жүрміз, жан баға. 
Талап жеуде құмарымыз еш қанбаған. 
Обалсыз Ақыл-Есіміз, ол да - қан... 
Өйткені - аш иттерміз, оңбаған.


 

Әсілі, 
Бұ ғасыр да - аш иттердің ғасыры. 
Бәрі - аш ит, бай-бағыланы, еркек-ұрғашысы, діндары, масылы... 
Лыпып тұрған өткірі 
Өмірді де бауыздап жіберерлік ерен жұпар Мұң болып, 
Әрқайсымызды азаптай береді ылғи да, 
Ортақ Бақтың ішімізде қортылмай қалған асылы.


 

Оттай береді көп көсем. 
Шіркін-ай, иттікпен өмір өтпесе!.. 
Іштегі жұпар Мұңымыз 
Жұпар Сөз, жұпар Іс болып, сыртымызға ұдайы көктесе!.. 
Әне, сол - Ортақ Бақ деген. 
Біз түгіл, Көк-Аспан солай көктеген!


 

Кейде, осылайша үріп шығам көпке мен. 
Бірақ, 
Аш әрі қабаған иттерміз ғой, әттеген...


 

 

АЯЛДАМАДА


 

Сен және мен, - аялдамада тұрмыз екеуміз. 
Жарық сәуле жұтып Жалғаннан. 
Бір аяғыңның кемтарлығын бірден аңғарғам. 
Күйік шалған жүзіңді және байқағам, салғаннан.


 

Не болды екен саған, қыз бала? 
Аялдамада - біз ғана. 
Көше бойы - арқырайды кілең көктемір. 
Алая Аспанға қарайды, ғимараттары құж Қала.


 

Дәтінің дуы дулығалы замандар үнімен сарындас, 
мен бір бейтаныс ағаңмын ғой, лапылдаған жалын-Бас. 
Жарымжандығыңды жаутаң көзіңмен жасырып, 
азаптануың-ай, қарындас...


 

Безбүйрек тасбет Қала, жезүнді, 
аяусыз жаныштай бере ме сендегі төзімді?!.. 
Ыңғайсыздана жөткірінгеніңнен төменшіктенгенің тіптен сезілді. 
Көз жасым көкірек іші езілді...


 

Өзге жаққа оқталып қызылкөз шылымым, 
өзіңді жотаммен де көре алуымның сыры - мың. 
Қарашы, әне, қандай әдемі бұрымың!.. 
Айналадағы сұқ көздер мен сумаң сөздерден қорғансыз, 
тап-таза, бейкүнә, тірі Мұң - 
ішкі Нұрыңды 
сүйіп тұрмын ғой мен, құлыным...


 

***


 

Атқан таңға өлең оқып, гүлденген шие... ағашы, 
Ауа да толқып... жұпар иіске мас -ау, шамасы... 
Гүлдер де гүлдерге жан аңқып, 
Құсүнді шалғында құлдыраңдап сәби жалаңбұт... 
Құмырсқалар да жүгірісіп таңғы шықтағы дыбысқа... 
Мейірімді көз бітіп барша жынысқа!.. 
Сырын ұққандай көктемдегі тылсым ілімнің, 
Тілін түсініп өзім де ішкі нұрымның, 
Қаперім де бүрлей берген мезетте, 
Қарқ етіп қарға безөкпе!... иә, безөкпе!..


 

Жарық Дүнием сөнді де қалды өзекте...


 

 

***


 

Сенің Ақылыңда - жаюлы дастархан. 
Бірақ, ондағы жұрттың бәрі мелшиюлі. 
Себебі, табыт жатыр қараңғы Көңіліңде. 
Шырақ жақтың табыт басына. 
Ол табыт емес, қымызға толы емен бөшке екен. 
Той дүркіреп берді Ақылыңда.


 

Сол тойыңның шырқы бұзылып, 
Қараңғылана қалған Көңіліңде табыт пайда болса ше? 
Ол да - өзіңе байланысты.


 

ҚЫРСЫҚ


 

Оның орындық болғысы келмейді, 
Таққа айналса да, көтен иіскейтін. 
Жалау болғысы келмейді, 
Туға айналса да, сасық желге де желбірер. 
Ол ешкім де, ешнәрсе де болғысы келмейді. 
Ол тіпті өзі де болғысы келмейді, 
Көсемге айналса, көпіріп те оттай салатын.


 

***


 

Ей, адамдар, ей, надандар заркүнем, 
Жылқының көзіне үңіліңдерші, 
Шошып кетерсіңдер ғаламат қайғы өртінен. 
Біз оның құсқанатты азаттығын қос бүйірден үзеңгімен тепкілеп, 
Желқанатты еркіндігін дырау-қамшымызбен қанжоса етіппіз үнемі. 
Ол - малай екен, болат ауыздықты қарш-қарш шайнап кектенген. 
Неге ойламаймыз обалы мен наласын? 
Қожа мен малай ешқашан таппас жарасым.


 

Қожа мен малай... 
Қақ айырылардай қарамыз. 
Жартылайадам-жартылайхайуан Санамыз, 
Ол да - сондай, сорлап қалған Кентавр. 
Сөйте жүріп, 
Мына Хайуан-Дүниеге де бас білдірмек боламыз.


 

Ей, адамдар, ей, надандар заркүнем, 
Тірліктерің - шер кілең. 
Хайуандықпен хайуанша арпалыса бергенше өлердей, 
Жарасым құпиясын үйренсеңдерші, 
Қияндағы тарпаңдар да сендерге өз еркімен кісінеп келердей...


 

 

"ҚОСАҒЫҢМЕН ҚОСА АҒАР!"


 


Жас жұбайларға берілер бата.


 

 

Бірде, 
Бір тылсым кеңістікте, 
Құдай жаратқан Періште мен Сайтан кездесті. 
Әрине, 
Ойы да, бойы да ерен жұпар Періштеге 
Ғашық болмау мүмкін емес-ті. 
- Құлым болсаң, саған тием! - деп, жалынды оған Сайтан-Қыз. 
Сайтан-Қыз тозақ сасыйтын. 
Періште оған көнбеді. 
Алдады - алданбады. 
Алтын берді - алмады. 
Қорқытты - қорықпады. 
Жанжалға шақырды - шықпады. 
Бірақ, Ойы да, бойы да жұпар Періштеге 
Ғашық болмау мүмкін емес-ті. 
Ақыры, Сайтанның амалы қалмады. 
Періштеге еліктей-еліктей, 
Өзі де Періштеге айналды. 
Екеуі солай жұпарлана отасты. 
Жартылайеркектік-жартылайұрғашылық 
Ғаламат ортақ Әлем жасады. 
Ол - ең құдіретті Күн еді. 
Шексіз Ғарыш - соның Жұпар Нұрынан. 
Біздің ғарыштық Күніміз де - 
жартылайеркектік-жартылайұрғашылық Періштелер ғаламы. 
Біз сол ғаламның жұпар нұрынан жаралдық. 
Соған қайта ораламыз. 
Ең құдіретті Күнге де көшеміз.


 

Қызығы, 
Әуелде, 
Маған да бір Қыз "Құлым боласың!" - деп шарт қойған. 
Өзіме еліктей-еліктей, жар болды. 
Біздің де ортақ Шаңырағымыз бар, күннұрлы. 
Жартылайеркектік-жартылайұрғашылық тұрмысымыз - тамаша.


 

Ей, адамдар, 
Еркек бол, мейлі, ұрғашы, 
Кез келгеніңнің санаңда Періште мен Сайтан бар. 
Ақыл-Естерің жұмақ аңқысын десеңдер, 
Сайтандарыңа ие болыңдар!.. 
Ие бола алмасаңдар, өмірлерің айналар тозаққа! 
Ал, "Аспаннан түскен Кітаптар" оттамасын!...


 

Осылай дейді Періштем.


 

 

***


 

Қызарып батқан кезде сап-сары Күн, 
Басамын қу тірліктің ақ шалығын. 
О менің кең көсілген төсегім-ай, 
Еркімше Ой ойлайтын патшалығым!


 

Қайтемін қағаз иіскеп, қалам алып, 
Ішімде ғарышым бар баламалы... 
Өзіңмен жыр жазамын құшақтаса, 
Санамды қара нұрмен орап алып.


 

Міне, енді, қара нұрды қақ айырып, 
Тыңдаймын жүректекті самай үнін. 
Емен тұр тереземмен күбірлесіп, 
Өзімді күзетуші ағайыным.


 

Еменнен, оу, төсегім, сен кембісің?.. 
Құдайым маған өзге берген пішін. 
Есінеп көрпем жатыр аяғымда, 
Аңқиды жастығымнан көрген түсім.


 

Көрген түс... ол бір жұмбақ арман-әтір, 
Жұпары Жан қошына жалғанатын. 
Мый - сергек, ұйқы - қанық, түйсік - өткір. 
Сәл ғана шымырлайды сол қанатым...


 

Дегенмен, түс басталды өңімдегі... 
Келмейді ой-санамды кебіндегім. 
Мен мұнда қамалмаймын қара ұйқыға, 
Өйткені, Тәңірінің Деміндемін.


 

Ыңылдап, ұмай-әнді, құмай-әнді, 
Төсек-ау, мен сенде де мың ояндым. 
Өңімді түстей көріп, 
Құдайымнан 
Еліме күтіп жүрмін бір Аянды...


 

***


 

Есірген бійлігі елін тыңдаудан қалған бір жерде, 
Ақиқатты ешкім айтпайтын. 
Бас кететін, өйткені. 
Әйтсе де, 
Бір күні біреу ақиқатты айтамын деп талпынды. 
Үрейлі жұрт тілін кесіп алды оның. 
Көзбен айтайын деп еді, көзін ағызып жіберді. 
Ал, ана қасқа қолымен дауыл тұрғызып, жер тепкілей бастады. 
Үрейлі жұрт аяқ-қолын сындырып, 
Қапасқа апарып тастады. 
Бірақ, ол бәрібір, 
Жалған Дүниенің түрмеге сұғылған ашкөз тұмсығына 
К..імен айтты айтарын. 
Сасытып айтты сұрапыл. 
Үрейлі жұрт сонда оны атып жіберді табанда. 
Жоғарғы жаққа жалтақтап, мәз болысты өздері. 
Қайдан білсін сорлылар - 
Жанға оқтың өтпесін, 
Жан Сөзінің өлмесін. 
Ертеңінде, ақиқатты айтпаққа кезекті қасқа талпынды...


 

***


 

Көкәләй, 
Мен өзім - әпенделеу сұңғыламын. 
Көз жастан анықтаймын мұң құрамын. 
Ұйқы жоқ. 
Тереземнен тың тыңдап тұр, 
Шолпанмен сырғаланған Түн құлағы.


 

Үнемі қайғырамын Ел мен Сені. 
Мұхиттан артық шығар шер мөлшері? 
Түзіміз сатылмақшы біреулерге, 
Не күйде Жусан мырза, Ермен сері?!...


 

Бұ заман - бір сұм құзғын ұзынбалақ. 
Атаң да - жауқамшыдан бұзылған ат?.. 
Өзіңе ұшыра алмай жүрмін енді 
Ойларды ойынқұмар, қызылқанат.


 

Ұлық қып шүлдірлеген бай баласын, 
Есірттік қырық сан жұрттың қайманасын. 
Ата Тіл адыра қалды. 
Білмеймін-ай, 
Қай тілдің ұрпағына айналасың?


 

Ақылым - Көкәләй-ау, - Алашымда. 
Көңілім - сендік көздің қарасында. 
Өзіңді сағына жүріп, нанасың ба, 
Еңіреймін Ел мен Жердің арасында.


 

Бізбенен жұмысы жоқ шартықтардың. 
Кегім бар. 
Керегі не артық малдың. 
Көкәләй, бұл сенбісің? - дедім дағы, 
Әдейі Түн құлағын шертіп қалдым.


 

***


 

Азғана құстарымыздың әлі де ауамызды аялап жүргендеріне, 
Аяулы иттеріміздің әлі де ерігіп қана үргендеріне, 
Ұлдарымыздың әлі де тұтастай аламастанбағандарына, 
Қыздарымыздың әлі де толықтай жалаңаштанбағандарына, 
Ата Тіліміздің әлі де мүлде құрып кетпегеніне, 
Аяр жаттардың Атамекенімізге уды әлі де жаппай екпегеніне, 
Әлі де қара суымыз бен қара нанымыздың таусылмағанына, 
Ата Жауымыз келіп, Арымызға әлі де қамшы ұрмағанына 
Тәуба! 
Осы Тәубаға Бас Бармағымды құрбандыққа шалдым, 
Қасқа тісіммен бауыздап!


 

***


 

Кейде, 
Қанат қағып кеудемдегі екі мөлдір өкпемен, 
Тәңір Жүзін көрмек үшін көтерілем Көкке мен. 
Сөйтіп жатып, ұйықтап кетем, түс көрем: 
Жалаңаяқ бала-Көктем!.. 
Күшті Өлең!


 

Кейде, 
Кейпіне еніп қаталаған соқыр аң, 
Қаперімді Қара Ертіске матырам. 
Сөйткенімде, кейбір жынды Ойларым 
Қоса ағады... 
Қайда ағады - беймәлім.


 

Кейде, 
Ашып қойып айазулы Түнге есік, 
Отырамын Көк Бөрімен тілдесіп... 
Сол мезетте, жұпар сезіп мұрыным, 
Шаңырағымнан Нұр енеді. 
Тірі Нұр!..


 

Кейде... 
Кейде... 
Кейде, 
Адам мен Һауа төсенісіп Жұмақтың қаулақ өлеңін... 
Қарабеттерді Құдай қуып жібергенін көремін. 
Сонда, бас көтеріп бұтымдағы жыланым, 
Адамзаттың арсыз әлеміне сүйсіне қарап тұрамын...


 

Соңғы Ойымнан сұмдық шошып кетем мен ылғи


 

***


 

Бұ заманның саясаты неткен қырт?!.. 
Балағатшыл - бетіменен кеткен жұрт. 
Енді ешкімді тыңдамайды ешкім де, 
Пайғамбарлық ақыл айтып, өкпең жырт!


 

Ақыл-естер тозағының жалынын 
Шалқытты ма жаттың сайтан-дарыны? 
Мейірімсіз меншікқұмар жындары, 
Білем, әйтеу, қозып алды бәрінің!


 

Жүрген жері - қып-қызыл сөз, қан-шапқын, 
Сол бір сайтан ел сатты да, жер сатты... 
Қақ жүректен көздеп тұрып, 
Қарғыспен 
Таң атқанда атар ем-ау найсапты!


 

Жын шақырар бақсы бар ма? 
Бар ма абыз? 
Көсемдер де, шешендер де - желқабыз. 
Сайтан атып көрерміз-ау, 
Алдымен, 
Қалай оны түсіреміз қолға біз?!... 
Әне, мәселе қайда жатыр!...


 

***


 

Сөз еленбей, Іс қана билік құрған заманда, 
Сөз хақында өлең жаздым толғанып. 
Құсқа оқыдым оны әуелі. 
Тұмсығындағы дәнін сыйлады ол. 
Аңға оқып ем, жатып алды алдыма, бас иіп. 
Шөпке оқып ем, одан жұпар жел есті. 
Оқыдым барып теңізге. 
Теңіз маған қақ айырылып жол берді. 
Адамға оқыдым ақыры... 
Ұйықтап кетті ол, есінеп-есінеп алды да. 
Қайран өлеңім...


 

ТӘУБА-ДЕМ


 

Күнің - анау, жұпар нұрын саулатқан! 
Жерің - мынау, жапырақтарын жасыл лаулатқан! 
Қасқа пенде-ау, іздейтінің не жының - 
Бақытыңды қиялдағы аулақтан?


 

Ауаң - анау, аңқып сүйген өкпеңді! 
Суың - мынау, кенезеңде кепкенді!... 
Қасқа пенде-ау, ішіп-жеуден өзгеше, 
Адамға тән бір тірлігің жоқ па енді?


 

Талтаң - анау, тән семірткен күн-айы! 
Жаутаң - мынау, бар білері - мұңаю. 
Бақыт деген - әділдігің болса егер, 
Мүмкіндікті беріп тұр ғой Құдайың!..


 

Өзің үшін атқаратын әр ісің 
Атқарылды ма өзгелердің де қамы үшін?.. 
Соңғы демің жылар бәрібір соңыра 
Мына өмірдің қасиетті мәнісін! 
Бірақ, өте кеш...


 

 

КӨБЕЛЕК ПЕН ГҮЛ


 

Бұл не тірлік - дәрет сасып, жан бағу?... 
Анық емес - қайда барып оңбағым. 
Гүл өсіп тұр адамша аңқып, ойлана. 
Сонда қалай, мен де - адаммын, ол да... гүл?..


 

Сор тірлікке құл болмағым - маңдайда. 
Осы маңдай, түптің түбі, оңбайды-ау!.. 
Көбелек жүр... 
Қанатына жазылған 
Тылсым өлең 
Жүрегіме қонбай ма?


 

Көбелек. 
Гүл. 
Кірпіктерінде бар ма шық?.. 
Дәл солардай өмір сүрсін әр ғашық! 
Қандай ғажап - бақытты еткен бір-бірін, 
Жұпар мен Жыр алмасып!


 

Соноу Көктен сәлем берсе қонақ-Күн, 
Қан жалаймын, битін сығып балақтың. 
О Тәңірім, мені қазір өлтір де, 
Не көбелек, не гүл қылып жаратқын! 
Мейлі, сәтке болса да!...


 

***


 

Мына Жарық Дүние маған - Қазақтың Жаны, алдымен. 
Қазақ туралы - Ауаға да айтар әңгімем. 
О Дүниеге өтсем де, одан да әрмен кетсем де, 
Қазақ болып қана қаламын мәңгі мен.


 

Қазағым - пенделікке періштедей аңырған. 
Қазағым - отыз омыртқам, қырық қабырғам. 
Қарашы, 
Аңқыған Жанын жеу үшін, 
Әлемнің бүкіл ашкөзділері жабылған...


 

Тарихы да - обалды, қанды шұбалаң. 
Тілсіз, жерсіз, үйсіз, 
Өз Отанында қаңғырып жүрген қасиетті Дуанам! 
Күнге жалбарына қол созған тірі Мұнарам!.. 
Қайтейін... 
Қазақша жылап, хайуанша ғана жұбанам...


 

Шын айтам, 
Мына Жарық Дүние маған - Қазақтың Жаны, тегінде. 
Тірі үміттері жатыр кебінде... 
Құдіретіне енсін, бейкүнә Қазаққа жол бер, ей, Уақыт, 
Көтіңнен кері шегін де!


 

 

ЖЕР-АНАНЫҢ АЯНЫ


 

Мен - Соры бес елі Жер-Анамын. 
Бес бөлігі Мыйымның - бес құрлық: 
Австралия, Америка, Антарктида, 
Еуропа пен Азия. 
Осылардағы халықтардың 
Біреуі - тыныс, 
Біреуі - жыныс, 
Біреуі - ырыс, 
Біреуі - ұрыс, 
Біреуі - қорек, 
Біреуі дәрет... орталықтары... 
Орталықтар - өте көп.


 

Мына бес Күндік Жалғанда, 
Орайым тұсында - жалғыз Қазақ Елі. 
Орталықтарды басқаруда бес Қаруы сай боларлық Рух-Ел. 
Болашақта, 
Мыйымның Көзі де сол Елде ашылады!.. 
Төбекөз!


 

***


 

Сорлы Мыйым-ай, 
Өзгенің үйі өртеніп кетсе де, сен күйдің, 
Өкінішті Ойларыңды ербитіп. 
Бір жетім кемсең ете қалса да, еңіредің сен ғана, 
Көз жасың уға айнала сорғалап. 
Бір тал қурап қалса да, қайғырдың, 
Азынағанындай етіп айғырдың. 
Әлемге де, әлдеқашан адасқан, 
Үңірея күңіренеді ішіңдегі Қара Аспан... 
Қайран қылайын десең, қабілетсізсің әлі де. 
Тіріде сен ғана - өлісің, сен ғана тірісің - өліде...


 

Айналайын-ау, жындандырдың ғой әбден жүректі. 
Ал, қызғын қу тірлік көкірек-көзіңді аштырмай, түтеп тұр...


 

***


 

Не өз Жанын, не Құдайды танымас, 
Нәпсілеріне қаны - мас, 
Адамзаттан түңілдім. 
Не мәнісін айта алмайды ғұмырдың. 
Түңілдім де, 
Аққан судан тазардым, 
Ескен желден тазардым, 
Жанған оттан тазардым. 
Сонсоң ғана Қара Жерге егіліп, 
Топырағын жарып шығып ем мазардың, 
Жайнап тұрған, сөйлеп тұрғанТәңір Нұры екен - көз алдым!..


 

Осылай дейді бір тал Шөп.


 

КӨКӨК


 

Жұрт білмесе де, мен білемін, 
Сенің есімің "Көкөк" емес, - "Көк-Көк". 
Көктемнің келгеніне, 
Көктің шыққанына өлердей шаттанып, 
Ұзақтыкүн "Көк! Көк!" - деп жүресің, жар сала. 
Айдарлы түрің де, "Көк-Көк!"-теген үнің де ғажап әдемі. 
Дегенмен, 
Көктем сенсіз де келеді. 
Көк сенсіз де өседі. 
Жұрт оны сенсіз де біледі. 
Ал, мен - жат ұяға өзің тастап кеткен ұрпақпын. 
Ертең мен де, 
Ұрпағын жат ұяда қалдырып, 
Көк белдерде "Көк-Көк!"-теуші Көкөк боламын. 
Қорынарым да - содан ғой, Шеше-Көкөк-ау!... 
Әке-Көкөм-ау!...


 

 

МАҢДАЙДАҒЫ СОР


 

Көз, сен қызыл жанған алтынға қарайсың... 
Құлақ, сен ылғи да қатынөсек жинайсың. 
Мұрын, сен де ұрғашы-еркек иісін ұнатып, 
Темекі тартасың будақтата. 
Қарын, сен арақ пен тамаққа тоймайтын болдың. 
Тіл, сенің ұдайы семіріп, 
Мас күйіңде шатпырақтайтының да сондықтан. 
Таңдай, сенің де үнемі тәттіні ғана татқың келеді. 
Өкпе, сен жұпар жұтып, сасық үрлейсің. 
Омырау, сен де қойып алдың ұятты. 
Қол, сен барып тұрған баукеспесің. 
Аяқ, сен де албастыға асығасың үнемі... 
Жыныс безі, сенің жайың айтпаса да түсінікті... 
Жә, 
Тән, сен осындай-осындай құмарлықтардың құлысың. 
Ақыл қақпасын дәйім долдана тепкілеген, әй, Жүрек-ау, 
Сенің де барша қалауың осындай! 
Ендеше, 
Мыйымыздағы Жоғарғы Бійлігіміз неге оңбағанданып кетті дейсіңдер? 
Ол мына сендердің ғана талаптарыңа рахаттана қамығып, 
Сендердің ғана қажеттеріңді қанағаттандырып жатыр емес пе?!... 
Өзі үшін де.


 

МЕН ТЕМЕКІ ТАРТПАЙМЫН


 

Мен темекі тартпаймын. 
Жап-жақсы - өзіме өзімнің күтімім. 
Алайда, 
Кейде, аузымнан шалқып шығып жатады ауылымның мейірімді түтіні. 
Кейде, аузымнан көкала қоңырсиды өрт-қайғым...


 

Әрине, 
Ақылым іші - ізгі де зұлым Ойларым сұрапыл соғысып жатады, 
Аузы-мұрнымнан атқақтап көк тамұқ... 
Сонда, қай жағы жеңер екен деп үдірея қарап тұрамын, 
Тырнақтарыма дейін шоқтанып.


 

Амал не, 
Ұдайы қырғынға ұласып, 
Бір бітпейді-ау іштегі жын-сайтандарымның күнәсі. 
Аузы-басымнан ұдайы будақтайды сондықтан 
Алас кезіндегі адыраспанымның көкшіл дұғасы.


 

Әй... тірлік деген - қырық өтірік. 
Басымыздан бара жатыр ғұмырымыздың бұлты өтіп. 
Қашан мәңгі жай табар екенбіз, 
Аузымыздан 
Бітім отының қасиетті түтіні бір бұрқ етіп?..


 

Мен темекі тартпаймын.


 

 

МЕН ҚАТЕЛЕСЕМІН...


 

Мен қателесемін. 
Тіпті, ұдайы қателесемін... 
Мысалы, өзім жалғыз жауқазын бола тұрып, 
Қара ормандай арамшөппен қатар өсемін. 
Өйткені, бұ Дүниеге жұпар үрлегім келеді. 
Сондықтан, қыстыкүні де бүрлегім келеді, 
Естіп жүрсем де бәйтеректердің көтен-өсегін.


 

Мен қателесемін, 
Еніп бара жатқандай ажал сасыған қошқыл баққа, 
Ежелгі жауымды да дос қылмаққа. 
Қателесемін мен, 
Талантыммен тағдырын шешкім келіп үрейшіл елдің, 
Құлданып біткен тақсыр-таққа.


 

Мен қателесемін, 
Тегін нұр шашқан Ақ Күнге еріп, 
Саясаткерлер мен саудагерлерден де адалдық тапқым келіп. 
Адам етемін деп қателесемін мен, ақылы дінмен қисайғандарды, 
Қамалғандай қасқырлы көк Түнге елік.


 

Мен қателесемін, 
Өйткені, бұл өмірге 
Қателікті де қасиетке айналдырар Жырмен келдім, 
Аранын тұншықтырайын деп гүлмен - көрдің. 
Қателесе де беремін мен, 
Тірлігінің талқанын шығармаққа, 
Қателеспей, жайбарақат мүңкіп жүргендердің.


 

***


 

Қара дауыл айдаһарлана құтырып!... 
Алапат арғымақтана азынасқан қара бұлттардың 
Шеке тамырлары көкжиекке дейін нажағайлана!... 
Қорқыныш пен шаттығыңның арасы - ит пен құс қашып, 
Қара нөсер жыныңды қағып алардай басқа-көзге төпеп өткенде, 
Жаңа туған жапырақ атаулы Жарық Дүниеге жаппай жамырасып!.. 
Кемпірқосақ ішінде көмейің жасыл дұғалы өлең күбірлеп!... 
Өзің де Көктем аңқи бастайсың!..


 

СЕГІЗАЙЛЫҚ НЕМЕРЕМ - ӘКӨЛӘЙ-АЙСҰЛТАН


 

Піс етіп қойса да шалбарына, 
Еңбектей жөнеледі арманына. 
Пендешіліктің түгін ұқпайды. 
Періштелер тілінде сықылықтайды. 
Уілдеуден де тынбайды. 
Маңдайымен де тыңдайды. 
Қимылына қарасаң, қошақан да, балапан да болады. 
Ойыңды ұстап алар болса, оны да тістеп алады. 
Әкесіне, Шешесіне талпынады. 
Төбе шашы Тәңіріге тартылады... 
Көзіндегі таза нұрдан, әрине, қорынасың. 
Құдай-ау, мені де сәби ете көр! - деп жалынасың...


 

***


 

Қатпарларына Бақыйдың жұпар майы жалатылған, 
Менің Мыйымда, 
Күн мен Ай бар, Көктегі Күн мен Айдан жаратылған. 
Жұлдыздар бар сансыз... 
Шексіз сана-тіл бар... 
Әрине, Тозағым мен Жәнәтім бар.


 

Өзім кіші Құдаймын. 
Тәжім - Тәңірімнің тірі зүмәраты. 
Астымда - азынаған сайтан-шұбар атым... 
Сонда, 
Менің Есіме енетін пенделердің Түп Құдайға нанбағандарының да, 
Дін аталмыш қырық өтірікті таңдағандарының да, 
Саяси оңбағандарының да, 
Кешірілмегі үшін түгел күнәраты, 
Барлығы Аңқыр-Мүңкіріммен сыналады. 
Яғни, 
Періште-Ойларымның сұрапыл сусылдап көк қанаты!... 
Патшалардың да, малайлардың да анықталып жазмыштық ақпараты... 
Күнәһарларының бәрі де өз Арының отына қақталып ап, 
Тікелей, Тозағымды гүлдендіруге аттанады.


 

Жұмағымдағылар да еш құбылтпай сөз бен ісін, 
Қош көңілмен жайқалтып Жан жемісін, 
Ұдайы еңбек етеді өзгелер үшін яки өздері үшін. 
Әне, сондай ғаламат - эволюциялық өзгерісім! 
Солайша шырқай да берем мәңгілік ғұмыр әнін! 
Өйткені, - жасампаз да жұпар Шұғыламын. 
Ал, осының бәрін мен - 
Мыйымды сәт сайын өбектеген Тәңір Есінің самалынан да ұғынамын!


 

Есі түзу кез келген адам осылай ойлайды.


 

***


 

Түнде ылғи Ай жебеп жүретін, күндіз - Күн, 
Мен бір, - арманшыл, мұңлы Жұлдызбын. 
Өмірдің жұмақтық сырын мұңлылар тұтас көрсін деп, 
Мұңлы өлеңдерімнен Мұнара тұрғыздым.


 

Көзін аштырмаса да тірліктік боран-түн, нөсер-күн, 
Көңілі ерен қош Ермін. 
Сол Мұнараға барар жолдың табанына 
Соңғы арманымды да төсермін.


 

О, мұңлылар, 
Сендерді тосып мендегі бұ Зейін, 
Мұнарама мың мәрте шығып-түсейін. 
Тек, өтінемін, лақтырып тастап келіңдерші 
Соқыр діндеріңді һәм соларыңның асайы мен мүсейін. 
Жанымның - сондай - қалауы. 
Лақтырыңдар партияларыңның да жалауын. 
Түкке қажеті жоқ мұнда атақтың. 
Қажеті жоқ алтын сарай мен күміс самауыр. 
Сөндіріп келіңдер қожайынсынғандардың сыңайын. 
Жер қылып келіңдер оңбағандарды мүләйім. 
Тазарып келіңдер, тек, тазарып келіңдер. 
Әрбіреуіңді аялап, 
Мұнарам басына өзім арқалап шығайын!..


 

"Жалған Дүние" деп аталатын бұ ғалам - 
шым-шытырық дұға-лаң... 
Өйткені, пенделік тірлік - бір құбыжық құбалаң. 
О мұңлылар, келіңдер! 
Тазарып келіңдер! 
Сендерді тосамыз біз - 
Өзім және мұңлы өлеңдерімнен тұрғызылған Мұнарам...


 

 

КӨКӘЛӘЙҒА ХАТ


 

Есіңде ме, Көкәләй, қасыңа лақ... 
Сол былтырғы ауылда... жасыл алап... 
Күшік бар ед, ұмытпасаң, 
Сені бірден 
Танитұғын сықылығыңның қошынан-ақ...


 

Кетті ол күндер ырыздық арбаласып. 
Сені қазір ойлауда сәмбі-ағашың. 
Гүл сүйеніп сәмбіге, 
Көкжілтімдеу 
Есінеп тұр, ұйқысы қанбағасын.


 

Қанатында құлпырған ақ өлең-нұр, 
Құлдыраң-құлдыраң ұшады көбелегің! 
Келетін де сияқты, көбелекті 
Қытықтайтын жаңбыр боп себелегің...


 

Солай енді... 
Ақпан жоқ көкерінді. 
Ақ бурасы қиянға шөгерілді. 
Сәмбі мен гүл... 
Бәріне айтып қойғам, 
Көп ұзамай, өзіңнің келеріңді.


 

Бір-біріне шөптер де бүгін ғашық. 
Күнде осылай болса ғой ғұмыр-нәсіп! 
Сәмбі мен гүл, көбелек... 
Отырмыз біз 
Сен туралы сырласып, сыбырласып...


 

Әй, шіркін-ай!... мың шапақ үзіп Көктен, 
Кемпірқосақ тоқыған қызық Көктем... 
Ал, таңғы шық ести сап келеріңді, 
Қуаныштан... бағана-ааа... ұшып кеткен!...


 

 

КӨКӘЛӘЙҒА ХАТ-2


 

Сен ғанасың Атаңды қызғанатын. 
Қызғанышыңның бар, білем, жүз қанаты! 
Сағындырған өзіңді Ойларымнан 
Санам іші жұпарлы із қалады...


 

Бүгін де сол... аңқыр Ой соқпағында 
Көз қысады Атаңа бақбақ ымдап. 
О не десем, бір Ойым сақ-сақ күле, 
Көкке атып жүр өзіңді, қақпақылдап!


 

Бір Ой - өзің сүйетін гүл-пішінде! 
Бір Ой тіптен құлпыртып түр-түсін де!... 
Көкәләй!.. - деп бір Ойым айқай салар, 
Қоңыраулары күңгірлеп бұлт ішінде!


 

Соның өзі - ең нашар... Ой ғой сараң! 
Жаңбырлы да шалғынды ойхой Санам!... 
Көкке қарай лақтырып қос қолымды, 
Көкәләй! - деп, өзім де айқай салам!


 

Әжең сонда көзін тым оқшырайтып, 
"Жынданғаннан саумысың? - деп сұрайды. 
Қайтер еді-ау тылсымын сезе қалса 
Сағындырған өзіңді тақсыр айдың?!...


 

 

ҰЙҚЫҒА БАС ҚОЮ


 

Түйсігімнің түкпірінен 
Жұлдыздарын бұлдыр-бұлдыр алыс жылмитып, 
Күлгіндеу Айын анайы салақтата... 
Нұрлы Ойларымды тұтас өшірген 
Бір орасан қуатты қараңғы Демге 
Тәнсіз, дәнемесіз рахаттана балқып, 
Сұмдық тартылып бара жатырмын... 
Тек ажалға ғана тән бір сасық иісті ғана сезіп үлгердім... 
Мыйым өлсе де, Өзімнің өлмеуім керек еді ғой?!...


 

 

АЙБҮБІМЕ


 

Атаңа - сәуір айы таныс елші. 
Бүршіктер Көктем нұрын жарыса емсін. 
Сағынтқан Көкәләйім, 
Көкейімдегі 
жымиған Өлеңімнің Жаны сенсің.


 

Алайда бұлт астында тән сүмеңдер. 
Тілдесу қиын енді тамшымен де. 
Сен сүйген бұлбұл, ол жоқ: 
тамағы тоқ, 
қайғысыз кезде ғана әнші-пенде.


 

Әйтеуір... 
Есік алды көк өспегі - 
жабырқау көңілімді демеспегі. 
Жұбатпақ болып-ақ жүр, 
дәл өзіңнен 
аумаған бір Көкәләй елестегі.


 

Мұңдансам, әдемілеп мұңданайын. 
Өзіңді қарсы алуға гүл де дайын. 
Бөлме іші қамалып ап, 
бұйрығыңды 
тосатын мейірімді жын болайын...


 

***


 

Уай, аспантекті аңқылдақ Қазағым, 
Арқалым, 
Сен барда, таусылмас талқаным. 
Мұңым да - Сен айырған торта-мұң. 
Арсыздансам, 
Асыл сөздеріңнен есілсін - асылып қалар арқаным.


 

Қайғы болып па - өз қайғым, 
Маздасам, Сенімен маздаймын. 
Жыласам, 
Дертіңе ем болсын - сора-сора көз майым. 
Өзіңе деген ынтық сезімнен тұншығып та қала жаздаймын.


 

Бірақ, Сен, 
Бітіп бір болмас ит тірлікте ақшашыл, 
Бітіп бір болмас ит тірлікте боқ сасыр, 
Боз Басыңмен өзгенің ойлап қайғысын, 
Көз жасыңмен суғарып жүрсің бақшасын. 
Содан шығар, мына қоғамың әзірше 
Көктем секілді алаулайды жап-жасыл...


 

Мүмкін, Сен үшін ол да - бөлек сын? 
Аңдап қарасаңшы, айналаң - толы өлекшін... 
Балағыңа ғана лайық талай жұрт Басыңа шыққысы келсе де, 
Барлығын балаңдай көріп, бауырыңа басып әлексің.


 

Еңселім, 
Мені бір өлтірсе, өлтіреді сондай кемсеңің. 
Өлеңіңнен өзге бар - деме, - нең сенің? 
Әр өлеңім - жаманның ғұмырына татырлық өлшемім. 
Қаламыңнан өзге бар - деме - нең сенің? 
Қаламым - бүктемелі семсерім!.. 
Сондықтан, 
Бір перзентіңнен байқап қалсам үркек дем, 
Аузымнан атылардай бұлт-өкпем... 
Қайран Қазағым-ау, 
Мен үшін, 
Өзгенің алтын кенінен де артық - күлтөкпең...


 

Өлмесінші - деп. - шүкіршіл ырымың, 
Бұзық пиғылдылардың бұзып та берем мұрынын. 
Танысаң таны, танымасаң, өзің біл, 
Бұл ұлың - 
Жан-Дүниесінде сондай қырсығы да бар құрылым. 
Сенсің - менің Күнге жалғасқан жұлыным. 
Қуанғаныңда - Тәңірімсің, 
Қайғырғаныңда - құлыным...


 

***


 

Орыстанды жартымыз. 
Қалған жартымыздың жартысы - сартымыз. 
Қырық түрлі арабиланды - тәңірлік мәңгі салтымыз. 
Ағылшынша да алжи бастады кейбір қыртымыз бен қартымыз. 
Е-еее, ертеңдері нендей соқыр пәлені сезер екен артымыз?!...


 

***


 

Ал, Жерімізді сатайық! 
Өзгеше өмір сүрейік! 
Бірақ, қай жерді басып жүрейік? 
Білмейміз бе? 
Сонда да, байбалам сала бермейік. 
Бабалар сүйегін үйімізге әкеп жерлейік. 
Қош. 
Онда өзен-көлдерімізді қайттік? 
Бұлтты сауып ішеміз бе? 
Қасиетті Атамекен-Отанымызды қайттік?! 
Ай бетіне барып түсеміз бе?!..


 

Бәрін айт та, бірін айт, 
Бәріміз де - тірі жүрген ажалмыз. 
Ертең қабірімізді қай жерден қазармыз? 
Сиырдың күйісінен бе? 
Жоқ, тағы да, үй ішінен бе? 
Баспанасыздар ше?... 
Әйй-ййй... 
Жоқ Басты жоғалтып аламыз деп жасқанасыздар ше...


 

***


 

Сенбілікте, бақ ішінде пенделер 
Өртеп жатыр жапырақтар сүйегін. 
Біртүрлі... күреңітеді Ійе-Күн. 
Мен де іштей күйемін...


 

Не болар еді күйігіме шерімді және қосқанда?... 
Жапырақтармен тектестік бар, бойымдағы қош қанда... 
Өртенген сүйек аузынан шыққан көк түтін 
Сөйлеп те кетті Аспанға... 
Сонда менің ұққаным: 
пенделердікі - сұм қылық. 
Адыра қалған құндылық! 
Өледі екен жапырақтардың да сүйегі 
Еш пайдасыз текке өртенгеніне шыңғырып!


 

Жапырақтар сүйегінің өзі сондай-ды. 
Ал, өздері қандай-ды? 
Әй, пенделер-ай... ойланбайды ғой... 
Оңбайды.


 

***


 

Алапат Мұхит 
Желден естіп бір хабар, 
Өн бойынан бұлт-күрсініс бұрқырап, 
Жұпар иісті нажағайлар сырқырап... 
Қара Нөсер күркірей көтеріліп Аспанға, 
Жөңкіп берді Дүниенің шетіне. 
Ал, ол жерде-шөл Далада қаталап жатқан еді бір тал Шөп... 
Көп ұзамай, Жұмаққа айналды шөл Дала!


 

Бұл хабарды да сенен естідім, Жел Ене! 
Мұхитқа сәлем айта бар: 
Бүгіннен бастап өз еркіммен құл боламын мен Оған! 
Саған да!


 

***


 

Ей, жас жігіт, 
Сасқалақтатып көкейіңнің түленін 
Қыз өтті ғой гүл-ерін... 
Сендегі көз сұғымен ол соңыра 
Өз үмітін кестелейді. 
Білемін.


 

Ұғып тұрмын, жағдайың жоқ күлерлік. 
Ертең де күт, жылқыланбай шідерлі. 
Көрерсің сен, көктемдік бір сезімнен 
Сәл ашылар гүл-ерні.


 

Бүрсігүні... киіп алып көк бөрік, 
Тағы да күт! 
Сенде де бар от-көрік! 
Дәл қасыңнан өте берген кезіңде, 
Білегінен шап беріп!..


 

Бұл - ақыл ғой жасырын. 
Әсілі, 
Бетің сонда... қыздың шапалағының да 
Нажағайының жасылын!..


 

Ей, жас жігіт, 
Баяғыда, жым қылатын жын елін, 
Қара шашы мың өрім, 
Менде де бір қыз бар еді гүл-ерін... 
Соған... күлемін...


 

Ал, сен күлме, 
Ондайда, 
Тістей қал да тіл ұшын, 
Гүл-ерінге гүл ұсын! 
Өйй... ыржалақтаған түрің құрысын!...


 

 

***


 

Отаным, 
Мен Сенің ел-жұртыңды да, 
Шер-құртыңды да сүйген бір титімдей араймын. 
Шекараңдағы мола да болғым келеді - дұшпанға қарсы зор айбын. 
Ит екеш иттің де сені ғана күзетіп үргенін қалаймын. 
Иә, мен солаймын.


 

Қорғансыз қалам деп алаңдайсың текке Сен. 
Мен бұлт болсам да, құшағыңнан ешқашан ауып кетпес ем. 
Құшағымда саған орын жоқ! - десең, 
Жасырынып, тіпті Сендегі боқта өсем. 
Егер, жауға бір тал тікеніңді сатып жіберсе де, 
Тілдерін қыршып өлсін көп көсем.


 

Отаным, 
Мен құлқынсәріден құстарыңды да тыңдаймын, 
Әр қошақаныңды да тыңдаймын... 
Өйткені, өзім де құсұйқылы, қошақантаңдайлы, тірі сырнаймын. 
Айдаладағы адам дұға етпес көріңде жатсам да, 
Бір түйір тозаңыңдағы дертке де дауа іздейді 
Көзі Аспандай мұң-қайғым.


 

Құдай тынысы Сенімен ғана өлшенер. 
Өзіңді өзгеден қызғансам, өзімді де жарып тастар семсер ем. 
Менен не қалайсың, жасырмай айт қашанда, 
Жынданайын, жынданғаным керек болса егер.


 

Менің сертім осындай, нанбасаң да, нансаң да. 
Топырағыңда да жүрмей-ақ қояйын алшаңдап. 
Онсыз да, бар ақыл-есім - Өзің үшін сарсаңда. 
Риза болар ем - 
Тым құрымаса, ғұмырымда бір рет 
"Ей, сорлым!" деп, төбемнен нұқып қалсаң да.


 

***


 

Жанымның қайдан екендігін білгім кеп, 
Ғұмыр бойы толғандым... 
Ақыры, 
Адамдардан сұрадым. 
Құстардан, 
Аңдардан, 
Жәндіктерден, 
Мұхиттар мен Таулардан... 
Бұлттардан да сұрадым. 
Еш жауап жоқ.


 

Сұрарлық та ешкім қалмаған. 
Жаһанды кезіп келе жатқанда оңбаған, 
Қар астынан бүршік көрдім, тоңбаған. 
Күнді нұсқады ол маған... 
Ақымақ Басым-ай, дана Бабалар Сөзіне нанбаған...


 

 

ТАҢҒЫ ДҰҒА


 

Күннің Өлең-Сөзі жаратты 
Бесқарулы Қазақ-Азаматты, 
Жердің Өлең-Шөбі - бестұрманды Қазанатты. 
Біз сол кезде 
Бескүндік Жалған әулекілігін сол Екеуіне жазалаттық. 
Енді, 
Өлеңсөзді Қазақ та жоқ! 
Өлеңшөпті Қазанат та! 
Тәңірім, 
Қорғансыз қалған бізді қорқау Әлемге жазалатпа! 
Қайыра Қазақ ет, көкірегімізді Өлең-Сөзге тазалат та!..


 

***


 

Қарға қарғаша шоқиды. 
Өрмекші өрмегін тоқиды. 
Балық суда жүзеді балықша. 
Тамшы ташшыша тамады. 
Ит итше қабады. 
Тауық қыт-қыттайды тауықша. 
Бір де біреуі "Адаммын" демейді.


 

Шөп шөпше өседі. 
Жел желше еседі. 
Шөңге қадалады шөңгеше. 
Бір де біреуі "Адаммын" демейді.


 

Пенде де пендеше... 
Ол неге "Адаммын" дейді ендеше?!..


 

 

КӨКТЕМГІ ЫМЫРТ


 

Жақтырмаймын шапақтың үзілгенін. 
Дегенмен де, Көктемнің жүзі - керім. 
Бір күн өтіп барады ымырттана, 
Бір күн өтіп... самалдем, қызылерін.


 

Бұлдардаймын кімдерге сырт гүлімді, 
Оу, көк жуа, сөйлейін, түрт тілімді. 
Бір күн өтіп барады ымырттанып, 
Тауқабақты, тұмакөз, бұлтбұрымды.


 

Өзімді өзім өп-өтірік қостап қойып, 
Ақшамға да ұласты-ау бастапқы Ойым... 
Мұң ұрттаймын көңілімнің көзесінен, 
Мөлдіріне бір жұлдыз тастап қойып.


 

***


 

Уай, адамдар, расында, 
Жарқын Ойлар көп, Басымда. 
Қажеттеріңе жараса, алыңдар. 
Әрқайсысында - Абызға тән таным бар. 
Әрқайсысының бар ізгі тілеуі. 
Әрқайсысы - Сөз әділ. 
Жан жарасын жазады біреуі. 
Біреуі - тән жарасын жазады. 
Біреуі - жауды жасқайтын өктем үн. 
Біреуі - күрсіністі өзгертеді шат күлкіге. 
Оларды да өздеріңнен алғам теп-тегін. 
Құдайдың берген мүлкі де.


 

Бір Ойларым бар - қателіктерің болса, кешірер. 
Жамандықтарыңды көшірер жаманға. 
Зар жылап жүрген жоқ па бір есіл Ер? 
Отбасыларың аман ба? 
Бір Ойларым бар - Ойларыңа Ой боп қосылар. 
Тіл-көзден аман сақтайды. 
Бір Ойларым бар - жұпары мұхит жасыл Ар. 
Қабылдасаңдар, - жоқ қайғы.


 

Уай, адамдар, шын айтам, 
Ғұмыр - қас-қағым. 
Сендерден адамдығым бөлек пе? 
Жарқын Ойларым көп - Бастағы. 
Жаратыңдар керекке.


 

Егер, менсінбесеңдер өзімді, 
Тәлкек етсеңдер сөзімді- 
сынақтарың қиын-ды. 
Демек, менің Ойларым - қара Басым үшін ғана үйілген үйінді. 
Қиынды да жиынды! 
Күлтөкпеге лақтырып жіберем ондай Мыйымды!


 

***


 

Дүниені жүрген иіріп 
Түгел құмарымнан тыйылып, 
Барша Ойларыма да тынышталуды бұйырып, 
Отыра қалып едім сәтке иіліп, 
Пенделерден басқа тіршілік иелерінің бүкіл жыйыны, 
От пен суы, топырағы, құйыны, 
Барлығы - 
Тәңір Тілінде ғана сөйлейді екен сүйініп!


 

Мен сол ғажапты естігенде, 
Өліп кете жаздадым ұятымнан күйініп!..


 

ЭВОЛЮЦИЯ


 

Менің Түп Атам - Икс-вирус. 
Содан бері жәндік те болдым. 
Тышқан да болдым. 
Қорқау да болдым азулы... 
Тіпті, маймылдық дәуренім де - маңдайымда жазулы. 
Қазір де Адам емеспін, хайуанға ұқсас пендемін. 
Өйткені, кемел Ойлардан әлі де кендемін.


 

***


 

Иә, менің Түп Атам - Х-вирус. 
Мыйы - Тәңір нұрынан себілген бір өскін. 
Сол мыйды жетілдіре жүріп, тіршілік үшін күрестім. 
Ол - бүгін де шикі жеміс-дүр. 
Тілім - кеміс тіл...


 

Болашақта, 
Мыйым жұпар аңқып әбден піскенде, 
Тілдесу оңай періштелермен де, құспен де!.. 
Мен солайша ұдайы құбыла жаралам! 
Тәңіріме жасампаз Нұр боп оралам!


 

***


 

Көктемгі бақ. 
Мың бір гүл - мың бір амал... 
Жас бүршіктің тамшылап үрпінен бал... 
Қош үндермен Көктемнің суретін сала, 
Сайрайды-ай кеп бармақтай бұлбұл-обал.


 

Уай, тағдырым, сәл өмір сүргізе тұр, 
Әр лүпілі самалдың - қырмызы әтір. 
Іңкәрлана сұқтанып көрікті ұлға, 
Өрік-талдың түбінде бір қыз отыр.


 

Өрік-тал да көз тігіп бозбалаға, 
Бұтақтарымен бұлқына қозғала ма? 
Қыздағы бар іңкәрлік - онда да бар!.. 
Айта берсек, шіркін-ау, сөз қала ма?


 

Жырлар әлі іңкәрлік хақында Күз... 
Тоқылдатып аулақта, мақұлдар құс. 
Неге кенет сұрлана атып тұрды, 
Өрік-талдан гүл иіскеп отырған қыз?!..


 

Енгендей ме көкірегіне шүбә шұбар? 
Көрікті ұлдың ол да енді кінәсі ме ал?.. 
Өрік-тал да - қызғаншақ, 
Байқау керек, 
Жұпарында гүлінің дуасы бар!..


 

***


 

"Бақыт деген не?" 
Сондайлық соқыр сауалға 
Ғұмыр да бойы жауаптан серік таба алмай, 
Ақыл-Есімнің шиырлап елсіз түкпірін, 
Сол елсіздегі тастарды құшып мүкбұрым, 
Көңілшек жусаны... онымен де көрісіп кекілді, 
Өзен құлағына да зарымды күрең өкірдім.


 

Тұла-бойымнан ұшқындап улы май-жұлдыз, 
Құздарға бардым... одан да әрі ай жүрдім. 
Жыл жүрдім бәлкім, сезім атаулыны сөндіріп, 
Табан мүйізін жылан тісіне жондырып...


 

Өзіндік Еске ене алмағандар сенер ме, 
Ақыры бір күн Құдайға жеттім, өлерде.


 

Кәдімгі кісі!.. 
Жылқыдай неге үркек ем? 
Кәдімгі кісі, бет-жүзін тылсым бүркеген!.. 
"Бақыт деген не?..." 
Сұрап та қалдым... жылап та. 
Құдайдан жауап ала да алмадым бірақта. 
Қасында Оның - шекесі нұрмен мөрленген 
Алапат балбал, мен жаққа қарап кәрленген.


 

Білмеймін тіпті - ұрғашымын әлде еркекпін. 
"Бақ!"* деген бұйрық күркіретіп демде Жер-Көкті!... 
Сұлап та түстім: 
"Кімді я нені бақбақпын? 
Хайуан Ойлары бағымсыз кеткен ақымақпын?.."


 

Сәлден соң ептеп Құдайым жаққа қарасам, 
О кісі - ғайып... 
Күліп тұр балбал орасан...


 

Бақ* (хайуандарды жөнге сала, асырап-сақта; Бақташы; Бақыт)


 


 

***


 

Оу, жарықдүниелік барша туыстар, 
Сендермен Жер де, Көк те бір. 
Күннің құпиялы нұры да - теп-тегін, 
Ақылдарың мен түйсіктерің ғана уыстар! 
Бірақ, 
Қурай барда - қуыс бар...


 

Жә, 
Жан-дүниемнің ізгілігін айтып қайтейін, 
Түсінгісі келмейтін мүлде ешкім. 
Бір-бір ғұмырды жұпарлай алады 
Ондағы әрбір нұрлы өскін! 
Менің ішімде Тозақ та бар, ажал сасыған сұм көшкін... 
Құдайымен талай тілдестім... 
Мұхит-мұң кештім...


 

Бұ Дүниедегі азкүндік 
Барша сатқындық, азғындық, 
Ашкөзділік тым сойқан, 
Көкіген діндер, мыйды Қабірстанға қисайтар, 
Құбыжықтанған кіл кеспір, 
Бәрі де - менің Тозағымдағы сұм көшкін... 
Ібіліс, пері, жын, сайтан...


 

Ой-й, қызылбасжегіқұрттанар!.. 
Кейде сасық шер болып, 
Кейде жұдырық түрінде сермеліп, 
Кейде у бопып, күлгін ұртталар, 
Шығып кетеді сыртқа олар... 
Кешіріңдерші, адамдар, құстар, құртқалар!...


 

***


 

Оның мысығы - өзінше шіркін бір Қызыр. 
Көз - жасыл, жүн - қызыл. 
Құйрығынан қол бұлғаса еркелік. 
Тұмсығынан пырылдайтын түнгі сыр.


 

Жел-кеште 
Ол да кетті келмеске. 
Қалмаса егер суреті, 
Қызыл мысықтың болғанына өзі сенбес те.


 

Қоңырқай Дүние опалы? 
Тірлік - Тәңірдің қалжың мақалы... 
Енді ғана суретіне қарап мысықтың, 
"Жарықтық ғұмыр бойы не ойлап өтті екен?!" - деп, қапалы.


 

Қызыл мысық батыр емес қой оқ құшқан. 
Ол не ойлаушы ед? 
Дайын тамақтан өзге жоқ дұшпан. 
Өңіне де, түсіне де құр елестеп өтті көк тышқан.


 

***


 

Мендегі ойлы ішкі әлем 
Оқып та береді құсқа өлең. 
Еш ұйықтамаймын. 
Ылғи Ой түріндегі түс көрем. 
Мылжыңға да қарап, ойланып отырам. 
"Ал, өзім ше?..." дегендей секем көп. 
Құзғынға да қарап, ойланып отырам, 
"Құзғын болсам, қайтер екем?" деп... 
Бұл өзі нендей тепеңкөк?!.. 
Төбемнен бір қойса, қайттім, 
Көктегі құдыретті Көкем кеп?!..


 

"Жооқ, 
Үздіксіз ойлай беретін сен емессің - 
Көктегі со Кісі?!..." 
Солай дейді жүрегімнің аритмиялық соғысы... 
Сеземін... 
Ақиқатында, Сезім еді ғой өзегім.


 

***


 

Асығам ылғи - ұйқыға ерте жатпаққа. 
Өйткені, 
Таң атпай, көрген түсімді айтуым керек бақбаққа. 
Өлең ішінде басталып кеткенде жан-майдан, 
Жарымды сүйіп үлгеруім де керек маңдайдан.


 

Әр сәт сайын бара жатқан соң өлмекке, 
Күн менен Елге, Жер-Көкке, 
Дұшпанға да сәлем бермекке 
Және 
Ит-тірлікті адамбейнелі етпекке, 
Қиялды қуып жетпекке 
Асығамын мен.


 

Асықпауымның өзі - асығыс. 
Сондай әр асығыс ісім - ғашық іс. 
Ішімде менің Ойдан да жүйрік ғажап бар, 
Денесі - ауа, 
Ауадай мөлдір Басы - құс...


 

***


 

Әй-әй, Көктем, 
Жаның-ай сенің... Құдайдың жасын Ойынан. 
Тәнің-ай сенің... Ұмайдың ғайып майынан. 
Менің де көзімнен сезімнің майы тамшылап, 
Өлеңге айнала, өлең-шөптей жасыл жайылам.


 

Демің-ай сенің, дертті де сүйе тірілткен, 
Мұзды да мөлдір жүгірткен, 
Өкпеме жұпар сімірткен...


 

Әй-әй, Көктем, 
Кетерсің бірде, соңыңнан еріп қамар-Күн. 
Жау ала алмас Жанымды - жаулап алар мұң. 
Балтырыңды жалбарына өбіп құшқандай, 
Қайыңды құшып қалармын...


 

***


 

Сыртқа шығарар әр демім - шайтанның дәтіне үргендей. 
Басқан әрбір қадамым - Жерді алақаныммен аялап жүргендей. 
Суды да сүйсіне сімірем - Көктің де мөлдірлік сырын білгендей. 
Күн нұрын да өлердей сүйемін - Құдайдың бетінен сүйгендей. 
Шіркін, бәр пенде болса ғой бір мендей...


 

БАҚЫТ АҒАШЫ


 

Санасы пендешіліктен әбден сасып біткен Адам Баласы 
Жер мен Көктен бақыт таппай, сандалып, 
Жата кеткен-тін жайқалған бір көне ағаштың түбіне. 
Сол ағаштан үн естілді әлден соң:


 

- Қозғалмай, бір орнымда тұрсам да, 
Жерге - тамыр, Көкке өмір жаямын. 
Тіршілік иелерін алаламай, бәріне сая боламын. 
Сасықтан жаратам мәңгіліктің жұпар баянын. 
Осы үшеуі еді - Бақыт жәйлі берер аяным -


 

Көп ұзамай, 
Адам Баласы әлгі ағашқа асылып өліп қалды.


 

САНАМДАҒЫ БІР ВАКУУМ


 

Театр, кино, көк базар, 
Эстрадалық лақпа зар, 
Бәрі - ақша үшін. 
Бала мен Жердің саудасы, 
Трайбалистік лаң тасу, 
Бәрі - ақша үшін. 
Импорт та импорт боқ тағам, 
Әр түрлі діндер оттаған, 
Бәрі - ақша үшін. 
Саяси ойындар өрескел, 
Мемлекет, байрақ және әскер, 
Бәрі - ақша үшін. 
Жасырын көрлер қазылған, 
Парламенттегі сөз ырбаң, 
Бәрі - ақша үшін. 
Ассамблеялық көлкін у, 
Халықтың Тілін өлтіру, 
Бәрі - ақша үшін. 
Заманның жүзі, сап-сары, 
Жаңадан сайлау патшаны, 
Бәрі - ақша үшін. 
Сайтанның жұлып ақ шашын, 
Құдай кеп жынын қақса шын... 
Ол да - ақша үшін?!..


 

АЯҚТАЛМАЙТЫН ӨЛІАРА?


 

Не істесем екен?... 
Көктем өтіп барады, басқан ізіне гүл біткен, 
Рахмет күтпей-ақ осынау пенде-тірліктен. 
Қара Бастың қамында жүрміз бәріміз. 
Ата жаудай - түр біткен.


 

Не істесем екен? 
Мінберлерді сөздер мекендеп езбелі, 
Құр ырылдайды көз-бөрім. 
Қайбір жарылқар дейсің Жаз келіп. 
Ол - өзге өлім.


 

Не істесем екен? 
Басынан мұңлы сыз өткен 
Баяғы Қобыз-Көңілім - жұрдай ізеттен. 
Енді ол да толғанбас, 
Ішек ызып берсем де өз ішімдегі ішектен. 
Сонсоң ше?... сол баяғы Күз өктем?..


 

Айтпай-ақ қояйын Қысты мен. 
Бүрсең Ойлар - түйсіктерде жүз түмен... 
Не істесем екен? 
Біреу ақылымды бауыздап жатқандай, 
өтпес пышқымен.


 

Көктем, мені өзіңмен бірге ала кетші...


 

***


 

Қайран, адасқақ-аңғал Қазағым, 
Сен мені 
Қайырлы Қара Жерімдей әлпеште, 
Қара тырнағыма дейін жұпар гүлдесін! 
Солай өмір сүрейік, сүргесін! 
Сен 
Аспандай баура Жанымды, 
Аңқыған армандарыңа ұшқан көкүл - мен. 
Ардақтасаң, алапат жасындай құш мені, 
Өліп те кетсем өкінбен!


 

Ал, мен Сені онсыз да өлердей сүйемін, 
Күпіншек жұлдызды күдіктерің сыпсаңдап, 
Қара тәнімді абақтыңа жазықсыз тықсаң да. 
Қаңғырып кетсе де қайғыма Ар. 
Ешқашан сөнбейді, Саған деген қаперім ойқұмар. 
Тәңірден түскен жарғы бар.


 

Мен Сені сүйемін, 
Ақыра шығып патшаң да, 
Ата Жауыңа құл ғып сатсаң да. 
Тіпті, қақ маңдайдан атсаң да, кәрленіп. 
Өлең-Сөз бен өлең-шөп лаулаған топырағыңа жерленіп, 
Өзің үшін өмір сүре беремін мен, 
Өкпелеп Саған жатсам да. 
Қайран, адасқақ-аңғал Қазағым...


 

***


 

Үйеңкі түбі - 
шырайлы 
жап-жас қыз еңіреп жылайды. 
Самалға еріп кешегі, 
сүйгені кеткен сыңайлы.


 

Таусылды ма екен бар амал? 
Көз жасы және орамал. 
Титімдей қыздың қайғысы. 
Мендегі соқыр жорамал...


 

Ішінде қыздың құндыз-түн?.. 
Көзінде мұң бар қызғылтым. 
Қасында, аяп сорлыны, 
жамылған құзбын түз бұлтын.


 

Ал, үйеңкі бағып бақбақты... 
Қарашы сол бір ақымақты: 
қайғырып тұрсам, күледі, 
тамшылап сөлі тәп-тәтті.


 

Көз жасын қыздың жайқаған, 
сөйтсем, ол дұрыс байқаған: 
қасына жігіт келді де, 
сыңқ етті сұлу қайтадан...


 

ӨҢ МЕН ТҮС


 


Дәнегі байтал жүзім бе, 
Айғырға күйлер Күзің де... 
Сондай да шіркін қызық бар 
Түн бойы көрер түсіңде. 
Жан ұқпас сөзді тән біліп, 
Жүресің сонда қаңғырып. 
Өзіңнен келіп жөн сұрар, 
Адасып өлген жаңғырық. 
Жымиып жылан қарабас... 
Өлеңге от та өле мас. 
Ойыңнан уыз ембекке 
Емінер сайтан жалаңаш. 
Сөйткенше, жаңбыр басталып, 
Соғысты тойлар аш халық. 
Нұрланып біреу тұрады, 
Ілімнен оқып шошқалық. 
Ауырып қалған Ар емін 
Іздейді құбыжық-пәле мың... 
Бәрі де соның - түстегі 
Өзіңнің Естік Әлемің. 
Ол сондай ғажап ұдайы... 
Боздап та шығар мың айыр... 
Түсіңнің - жалғыз сен ғана - 
Басқарар Патша-Құдайы. 
Алайда, бәрі - керінше, 
Сезімің - кілең өліншек. 
Түсіңде лаулап сенсіз-ақ, 
Тірілтер Ақын көрін шөп! 
Ұқтың ба оның расын? 
Оқиды біреу дұғасын... 
Сен солай... түсің ішінде 
Бейшаралығыңды ұғасың.


 

Ақылың ғана - жолбасшың. 
Ұйқыда жатса, ол - нас сұм. 
Түсіңде қорқып жүрсең сен, 
Өңіңде батыр болмассың. 
Тоқталсын десең бүрсең-шер, 
Ойнап бір берсін Тіл - семсер. 
Өңіңе ие болмассың, 
Түсіңде құл боп жүрсең сен. 
Өңің де - сендік патшалық. 
Түсің де - сендік патшалық. 
Екеуін кемел басқарар- 
Өзіңсің әділ Хақ жарық.


 

Тірлікте бәрі жақсы Адам? 
Жаралмас Рух ақшадан. 
Түсіңде кімсің, айтшы! - деп 
Сұрағым кеп жүр Патшадан...


 

***


 

Жоғалып мүлде жынысың, 
Шөппенен алсаң ұғысып, 
Темірдің өзі тамырлы, 
Айдың да көзі - бұғы-сұқ. 
Судың да Ойы - қызғылтым. 
Бір түйір тозаң - жүз құлқын. 
Ауаға жасыл үрген ит 
Тірілтер қара тұз құртын. 
Масаның сарғылт ызыңын 
Аулаған құстың құжы - мың. 
Әлгінде ғана қалғыған 
Адыраспанның жүзі - мұң. 
Адамның тұтқан мүйізін 
Өзің де - қобыз күйісің... 
Жұлдызды тыңдап отырған 
Тастың да көкшіл мыйы ұзын. 
Әрине, мезгіл - қонаға. 
Құдай да келіп тобаға... 
Бола ма бірақ ойлаңдар 
Сенуге мендуанаға.


 

***


 

Ысқырып өтер оқтай күн. 
Ұшқынып өтер шоқтай түн. 
Бес Күндік осынау Жалғанның 
Бәтуасы қайда тоқтайтын?


 

Бала-шағаңды бақтың ал. 
Бақталастыққа - көп құмар. 
Өзіңмен өзің болсаң да, 
Өзге бар, саған соқтығар.


 

Бұ тірлік нендей ірінді? 
Әйтеуір, жаман ырым-ды. 
Қарап та тұрып, жауығар, 
Жақтырмай біреу түріңді.


 

Алтынды базар, ас-базар. 
Базарлар пұлы - басқа зар. 
Ұятсыз жүрген біреулер 
Ұятың үшін де қастасар.


 

Өсектер іші бораған 
Таппай да қойдық дана адам. 
Мұңдансаң, ез де басынар. 
Сұмдансаң - жындыханадан?...


 

***


 

Бұл әлем - күмбезінен нұр жайнаған бір храм. 
Бұлқына, 
бір есігінен кіресіз де, 
жұлқына, 
екінші есігінен шайтанатқа шығасыз. 
Бірақ, нені ұғасыз? 
Храм іші - сәттік қана дем-үр. 
Дем-үрде - ит тірлік пен өмір. 
Бірі - күнәлі, бірі - күнәсіз. 
Бірі - ызалы, бірі - ызасыз. 
Адам бола алсаңыз, күмбез тесігінен ұшасыз...


 

СӘТ


 

Бейуақытта түнек бозарып, 
Әлденелер ғайыптан сыңғырлап, 
Қош иістер бұрқырап... 
Электрондық дыбыстар ырғалып, 
Ұйқымнан аяғым салбырап...


 

Әлден соң, 
Төртбұрышты, жып-жылы әрі жап-жарық кеңістік ішінде, 
Жарым мен екеуміз періштелене шүңкілдесіп, 
Таңғы шайымызды ішіп отырдық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар