Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қасымхан Бегманов: Алашорда аманаты (поэма)...

16.05.2016 4480

Қасымхан Бегманов: Алашорда аманаты (поэма)

Қасымхан Бегманов: Алашорда аманаты (поэма) - adebiportal.kz

Безымянный.png

"Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!"

Әлихан Бөкейхан*

Бiз, Түркiстан тәуелсiздiгiн жақтаушылар, елiмiздiң еркi үшiн және жұртымыз Түркiстанның бодандықтан құтылуы үшiн күресемiз. Түркiстандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазiр де жоқ және бұдан соң да болмайды…

Мұстафа Шоқай

«Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай! Қажымас, қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!» Ахмет Байтұрсынұлы

 

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі-Күн, бірі -Шолпан, бірі-Айым.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

 

...Адал сүт емген төл жатыр,

Мөп-мөлдір ғажап көл жатыр.

Таппайтын ешбір картадан,

Осынау шағын бейітте,

Баяғы Тұран –Түркістан,

Бөлшектелмеген ел жатыр.

Автор

 

I.

 

Дала бұл қара жолы ширатылған,

Қаласы, моласы да қиратылған.

Зарығып жел өксиді, опырылған,

Қарқылдап топ қарға ұшты зиратыңнан.

Шет-шегі көрінбейтін қиыр далам,

Төскейін жолбарыстар шиырлаған.

Атылып Алашорда арыстары,

Топырақ туған жерден бұйырмаған.

Далам-ай, бабалардан мұра қалған,

Қасірет қайғым ба бұл сұрап алған.

Қабағын ашпай қойды қарап тұрдық,

Балбал тас қаз-қатар боп тұра қалған.

Қайран далам,

атадан мұра қалған,

Атыз-атыз тарихтан бұлақ алған.

Арыстары есіне түскен сəтте,

Ауық-ауық бұлттары жылап алған.

Жылап алған...

дұшпанға сыр бермеген,

Көмкерілген жазығы гүлдерменен.

Суреттерден қарайды қанша сəби,

Ештеңені түсініп үлгермеген.

Бұлар, бұлар ашықтан қырылғандар,

Ата қоныс жерінен сырылғандар.

Аттан түсіп,

аялдап,

аптық басып,

Құран оқып кеткейсің бұрылғандар.

II.

Аппақ Ай нұрын төккен сары алабым,

Жаныма нұр құюға жарамадың.

Ғасырдан ғасырларға көш бастаған,

Қатепті қайда кеткен, қара нарым?

Көрмеген қиялыңды елең қыла,

Тау суын алып қашты төмен жыра.

Етпеттеп теріс қарап жата қапты-ау,

Ортасын жолдар бөлген белең мына.

Атты таң сары жолағын шашыратқан,

Көрінді Ақсары әні асық атқан.

Жырыпты жиектерін қара жолдың,

Тау суы ауылды орап тасып аққан.

Арланның азуында ғасыр ұлып,

Жоғалды топ-топ иттер асыға үріп.

Топырақ сұп-сұр бопты сазбеттеніп,

Сұмдықтар жата қалған жасырынып.

 

Өткендер өтті, кетті босама, аға,

Ынжықты қатігездер тоса алама.

Атырау мен Алтайым, Сарыарқам-ай,

Не болып, не қоймаған осы арада?!

Бораны сары шәйнектей сақылдаған,

Айтсаңшы, кім жерленген атын маған?

Бейітті беткейдегі бүркеп алып,

Осынау таңды күтіп жатыр далам.

Таулар да оңашарақ тұр ойланып,

Қашқан су бұрқылдайды лайланып.

Жаратқан ием сақта қазағымды,

Дүние де сан құбылған шыр айналып.

Төңірек тұрғандай бұл наламды ұғып,

Жұлдыздан шашу шашты қараңғылық.

Қасқыр ит,

қара жорға,

қараша үй,

Сағынып табынғандай табалдырық.

О, мұндай дұшпандыққа төзем бе, елім?

Неліктен үндемейсің,

сезем, белім...

Жұлдыздар ағып жатты із қалдырып,

Өкісігін ішке тартып өзендерім.

Түркістан көне қалам, тіл қатпаған,

Ғасырға келіп жеткен, бірге аттаған.

Жыр да аман,

әуез де аман,

ырғақ та аман,

Сырыңды неге айтпайсың құндақтаған?!

Біздерді кешіре гөр Алашорда,

Қаласы анда,

сағымды дала сонда.

Шемен боп жүректерде қатып қалған,

Қазақтың жазылмайтын жарасы онда!

Туған жер!

жерленбесе төсіңе егер,

Ере алмай қалған болсақ көшіңе егер.

О, мұңлы Алашорда,

кеш іздесек,

Біздерді кешіре гөр, кешіре гөр...

III.

О, туған жер!

Аспанда анау қаңқылдай ұшқан қаздарың,

Даусында оның азба мұң.

Арқырай соққан,

дүркірей шапқан

құлақта қалған саздарың,

Жерошақтарда қып-қызыл шоқ боп маздадым.

Шарт етіп түскен сол шоқтан,

өртеніп кете жаздадым,

Жазған жоқ мұны сәл көңіл бөлсең аз дарын.

Бәрі де дұрыс болғанмен,

уақытты қайтем зырлаған,

Алашорданы алдымда менің жырлаған,

Сұлтанмахмұт пен Мағжаның!

Көздерді көрдім кірпіктеріне ыстық жастарын сулаған,

Күз келмей жатып ағаштар менен гүлдерді көрдім қураған.

Сатқын деп кеше елімді көрдім шулаған.

Сананы солай империялар улаған,

Ұрпақты қайтем Әлихан менен Мұстафа болып тумаған,

Уақытты қайтем соңғы ракетадай зулаған

Жүректі қайтем тулаған,

Том-том ғып жазған кітаптарым мен дастандарыма сыймаған,

Қыздарды қайтем қоштасар сәтте,

жәудірей қарап қимаған,

Алашорданы жаза алмай жүрмін маңдайға мынау сыймаған.

Жастық шақ біздің көшеде қалған,

пәтерге көшкен пәтерден,

Алашорда ғой еңсені түскен,

рухты тартып әперген,

Қазақта мынау жалғыз жан болды өлеңге мені әкелген,

Айбергеновтің сағынышы да сөз емес,

Қыздарға ғашық боп жүрер қазір кез емес,

Өткінші өмір – өзі елес.

Ауыл шетінде аспанға қарап арлан қасқырдай ұлыдық,

Қасиетің мен қасіретің де қатар жатыр ма ұлылық.

Базарға шығып ұлы мұраттардан айрылып қалып құрыдық.

Күн туар ма екен отырар бірге,

қазақтың басы бірігіп,

Жаратқан екен жаратқан ием қайтейін,

жаныңды қазақ сірі ғып.

Алашордамды шетінен алып, ірі ғып,

Отырмын жалғыз суық архивте сарғыш құжаттан сыр ұғып.

Санама менің себездеп түскен алыс жылдардан жарығың,

Топырлап жүрген түңіліп кейде төңірегіме налыдым.

Айналдым сенің саңқылдап жеткен даусыңнан,

Мәскеу мен Берлин мәңгілік қалай қаусырған.

Жат топырақта қалай жатсыңдар осындай кезде алаңсыз,

Ғасырлап күткен Тоныкөктейін алыбым.

Алуан да алуан тақырып оларға көңіл соқпаған,

Соңғы ақын сірә мен емес, Алашорданы жоқтаған.

Жете алмай қалды-ау түбіне

жазғаныменен сан дарын,

Аспанда мынау шолпан жұлдыз боп жанбадым.

Шөлдеген сәтте тамшы боп неге тамбадым.

Көре алмай кеткен Тәуелсіздіктің алаулап атқан таңдарын,

Қандарын төккен батырларым мен хандарым.

Қиялдарыңмен, ұлы армандарың сілкілеп мені оятқан,

Қайталанбас,

ер Мұстафа Шоқайұлы заңғарым.

Қанша күн жалғыз саралап жаттым,

қаралап жатты санасыз,

Баласыз адам көрсеңде,

көрдің бе адам моласыз.

Сезініп әбден, көз ілген сәтте

көрде жатқандай боласыз.

Алтынды қалай бағалар,

надандар мыссыз, қоласыз,

Мұрағаттарды мұң шаққан

отырып үнсіз шоласыз,

Аралдай қайта тартылып барып, арнадан асып толасыз.

Жыр жаза алмады, әріпін ойып тасына,

Ел бара алмады,

кебінделмеген, жаназасы жоқ асына.

Бейіттері жоқ барайын десем Құран бағыштап басына,

Кім көңіл бөлсін көзіңнің аққан жасына.

Жүрекке қаяу түскенде,

барам деп қайда,

жас ұрпақ жылап жасыма,

Ормандай оймен жетеміз ұшып рухтарының қасына,

Жас ұрпақ, жаным, жасыма!

Қазақ әйелі туады әлі,

олардай асыл тұлғаны,

Шығады елім таулар мен биік қырға әлі.

Шығарып салып тұрмын мен жалғыз тізіліп ұшқан тырнаны,

Жүректі баурап жазылар жырдың ырғағы.

Асылдарым-ай, Ел мен Жер үшін қуғын-сүргіннің құрбаны,

Жағалап жүріп ойладым су қашқан ескі жылғаны.

Айналдым сенен, айналдым асыл ұлы елім,

Оңай емесін, бәрінде сезем, білемін.

Қазағыма бұл өлеңмен тоқтау айтқанмен,

Жоқтауды жаздым езіліп тұрып жүрегім.

IV.

Сан ұрпақ көңілдерің толар әлі,

Ұраның қыраның да болар әлі.

Есіме түссе менің қуғын-сүргін,

Әлихан бірінші ойға оралады.

Ана тұс қойтасы көп қорым болған,

Бір тарихым басталған со бір маңнан.

Қара Ертіс орап аққан бұл қалаға,

Әлекең кеше келген Орынбордан.

Қазақтың ұлан-байтақ даласында,

Ертістің гүл көмкерген саласында.

Әлекең көп ойланды жалғыз жүріп,

Алаштың сол бір сұлу қаласында.

Төсекке қарайламай жары жатқан,

Атыпты, атыпты ғой тағы да ақ таң.

Қара Ертіс сырын бүгіп толқып жатты,

Семейдей нән шаһарды жарып аққан.

Жазықсыз жағылатын күйені ойлап,

Обалы, сауабы мен киені ойлап.

Қол созым жерде тұрды сырлы аралым,

Әміре ән салатын Түйемойнақ 1 .

Туған елім парқыңа жетер ұлды,

Халқымен бір бақытқа жете білді.

Он екінші желтоқсан 2 ,

Азаннан соң,

Алаш туы аспанға көтерілді.

Жанарды жасырды елден жас кергенін,

Әлиханды төраға қош көрді елім.

Халық пен жерін аман сақтау үшін,

Алаштың құрды шұғыл әскерлерін.

Дұшпаны да кемшілік таба алмаған,

Сан құпия түбінде табар ғалам.

Ахаң, Жақаң, Әлихан, Мұстафаның 3 ,

Империя тауларын шаға алмаған.

Ұлы елім,

ер қадірін шын ұққандар!

Алдыңнан атқанымен күліп таңдар.

Жаханша, қайран Халел, Смағұл мен 4

Әлімхан Ермековті 5 ұмытпаңдар.

Қаршадайдан зиялы, арлы ұландар,

Ғасырдан ғасырларға қарғығандар.

Әлекеңнің үмітін ақтап өтті,

Мұстафа, Қаныш, Мұхтар, Марғұландар 6 .

Алла да берген екен сол ұлына,

Куәгер бұл сөзіме жолы мына.

Әлихан ғой ең алғаш баға берген,

Кенесары-Наурызбай жорығына 7 .

Алауың мәңгілікке жалындасын,

Беу, қазағым!

лаулайтын шағыңдасың.

Арман бар ма жігітте,

бірге туған,

Бопайдай 8 болса, шіркін, қарындасың!

Он жылдай жауға шауып атойладың,

Сезгендей сатқындардың жат ойларын.

Алты ұлын тегіс атқа отырғызған,

Өкепелеп қайын жұртқа, Бопай ханым 9 .

Көңілін толқытпайды басқа сарын,

Білгендей бұл өмірмен қоштасарын.

Есіме Бопай ханым түсе берді-ау,

Тыңдасам Тәтімбеттің Қосбасарын 10 .

 

"Он бір жыра"...

о, менің зарлы өлеңім,

Дүние-ай, алабыңды тар демедім.

Сыздық төре 11 артынан іздеп барған,

Наурызбай мен әкесі хан Кененің.

Майданға "Елімайлап" шығатұғын,

Жылжыған тас табандап жыл ақырын.

"Ел бүгіншіл..." әлі де Ахаң айтқан 12 ,

Беу, жас ұрпақ сөзімді ұғатұғын.

Ұлы мақсат ерлерді күйікті етер,

Сахарасын сонда да сүйіп кетер.

Алашорда ұрпаққа жер қалдырды,

Емін-еркін жеті ел сыйып кетер 13 .

Көктем келді жер-ана тазаратын,

Жаңа толқын жыр етіп жазар атын.

Жас ұрпақ Алла менен Алашорда,

Арқалап жүрміз бүгін аманатын.

Айтатын болсам қалқа саған атын,

Баяғы Алтын Орда қағанатын.

Адамдар ұмытуға бола ма екен,

Алла мен Алашорда аманатын.

Анық білді түбі елі гүлдейтінін,

Басқаша өмір ол ерлер сүрмейтінін.

Кейбір надан, япырай, білмей ме екен,

"Аманатқа қиянат" жүрмейтінін.

Өзге тірлік, басқа ойға бас бұрмадың,

Жанарларда кім сезсін жас тұрғанын.

Қайран Ахаң!

тірнектеп ел ішінен,

"23 жоқтау" жинап ап бастырғанын 14 ?!

Жарық күн шұғыласын жая алмаған.

Жарқырар кез келді ғой,

оян, далам!

Қалайша өлтіргенін хан Кенені,

Көне кітап біздерге айтып баяндаған. 15

 

Алашорда құрылды құдай қалап,

Қан төгілген ескі сай, жылайды алап.

Өңменіңнен өткізіп көз жанарын,

Тұрады олар суреттен сынай қарап.

Ақ үмітті аялап үлгермеген,

Жүректерін сағыныш, жыр кернеген.

Өтті өмірден сол ерлер "қазағым" деп,

Қара мылтық алдында сыр бермеген.

V.

Қазағым,

жер жүзінде ас береді,

Ескерткіш қып сан алуан тасты өреді.

Алашорда түскенде есімізге,

Жанарларға мөлтілдеп жас келеді.

Жас келеді жанарға, көңілге мұң,

Кетіп жатыр, кеп жатыр өмірге кім?

Майдандарда жеңгенім, жеңілгенім,

Болашағым ертеңім,

сенің, менің.

Түсер түбі далама жарық көктен,

Алашорда сара жол салып кеткен.

Бұл қазақтың бір мұңы,

эпостағы,

Алты қаздың сазында қалып кеткен.

Солар ғой, елім деген, жерім деген,

Қанша жыл газеттерден көрінбеген.

Апыр-ай, ажалыңнан қаймықпасаң,

Әлсіз екен алдыңда өлім деген.

Бейітке қонды барып ұшып кептер,

Ауыр-ауыр ойларға түсіп кепті ел.

Әлихан, Мұстафа мен Міржақыптар,

Ахмет, Мағжан ақын, Жүсіпбектер.

Кімге керек, уайым- қайғым менің,

Ізсіз, түзсіз жоғалған ай, күндерім.

Суреттерден тұрады сынай қарап,

Жансүгіров, Сейфулин, Майлиндерім.

Қандай сұмдар жазықсыз жазалатқан,

Жүрегіме зарлы жыр жазады ақ таң.

Әлия мен Мәншүк боп өр намысым,

Граната лақтырып қаза тапқан.

Беу өлең, нәйеті бір сыр ғанасың,

Құбылаң түгел болып тұрмағасын.

Әлихан Бөкейхан деп күндіз-түні,

Іздейді қазақ сол бір Қыр баласын 16 .

Түбі ататын ғажайып таңы барын,

Сезгендей қайран көңіл қаңырарын.

Әлихан, Әлекем деп арда туған,

Іздейді қазақ сол бір саңылағын.

VI.

Жасаурап көзі алысқа тағы қарады ұл,

Алашорданың арманы қалған дала бұл.

Сүйекке сіңген, жүрекке түскен таңба боп,

Жазылар ма екен , жазылар ма екен жара бұл.

Бозбала тоқта,

айтатын саған сөзім бар,

Басыңды көтер, шұқымай жерден көзіңді ал.

Сүйегімменен кететін бірге, ұмытпа,

Империяларда алынбай қалған кегім бар.

Кек емес бұл бір,

дерт болып қалған қанды кек,

Тиылмай жаңбыр ебілде-дебіл тамды көп.

Еңіреп туған ерлердің басы бірігіп,

Аспанда жұлдыз жапырлап тұрып жанды көп.

"Тусаң ту" – деді,

жаралған қалай шіркіндер,

Тарихқа айналып кетеді-ау ертең бұл күндер.

Жегідей жеген жаныма тыным бермеген,

Жасырған сырын айтпайтын шығар мүмкін бел.

Өтейді немен,

қайтарар қалай құнымды?

Қанша жыл кімнен,

жасырдым неге мұңымды.

Қап-қара перде көгімнен кеше сырылды,

Қазаққа деген махабаты үшін қырылды.

Теперіш көрдік,

қатігездер-ай тепсінген,

Жасырар сырым ардақты елім жоқ сізден.

Күн батар шақта жападан-жалғыз мұңайып,

Ұлы далаға қарап тұрамын кек сіңген.

Кек сіңген жазық сағымы көшкен іркілмей,

Аунады уақыт, жалт берген қызыл түлкіңдей.

Қоңырқай белдер қоңыраулы жылдар қалды артта,

Баяғы менің жоғалтып алған күлкімдей.

Жұбатуың не,

жылата алмайды сұмдарың,

Жолбарыстардың кезгенмін жалғыз жымдарын.

Мәңгілік менің аласармайтын шыңдарым,

Қасқайып қарап тұрады мәңгі шын дарын!

Кеткенмін, қалқам, елсіздің кезіп құмдарын,

Аман ап шықты қасіреттерден мұңдарым.

Толағай болып теңселіп барып, таулардың

Аспандай асқақ демеу ғып жанға шыңдарын.

Қасқырға айналып ғасырлар сазын тыңдадым,

Ұлығандар мен ит боп үргенге қыңбадым.

Алашорданы атқанда олар түп-түгел,

Шайқалып тұрдым,

сүріндім,

бірақ сынбадым.

Келмейді дерсіз,

сіз бәлкім бәрі өткен күн,

Қызығы жоқтай гүлі аңқып жеткен көктемнің.

Текті елдің мынау кектері қысып кеудемді,

Мұрағаттардан мұра іздеп қаңғып кеткенмін.

Қалғып кеткенді оятар бәлкім ғазалым,

Жаныммен егіз боп кеткен анау азалы үн.

Алашорданың алаш деп өткен қазағым,

Адамнан болған сұраймын кімнен ажалын?

О, менің мұңлы,

ғазалым дерті саулаған,

Кеудемді басып ғасырлар көші аунаған.

Қап-қара бұлттар айналып жүр ғой жаумаған,

Жас өркендерді сақтай көр Алла, қаулаған.

Ғасырлап күткен халқымның мұңын шештіңдер,

Шештіңдер-дағы бақиға түгел көштіңдер.

Мәңгілік солай көкейді біздің тестіңдер,

Сахарамызға ақ самал болып естіңдер.

Қазақтың олар осылай жоғын жоқтаған,

Именіп қалды қамшысын үйіріп боқтаған.

Том-том кітап боп үйлерге еніп қаз-қатар,

Керуен де керуен көш болып келіп тоқтаған.

Қаншама томдық кітапқа толды сөрелер,

Қаншама ұрпақ шаттыққа, мұңға бөленер.

Әлдилерменен бесікке сәби бөленер,

Өседі солай болашақ біздің төрелер!

Аласармайды ақ жаңбыр таулар, төбелер,

Ызыңдай ұшып,

ажал ап жетсін жебелер.

Алашорданың ұраны талай ұрпақтың,

Саналарына көк нөсер болып себелер.

VII.

Айтады ел бір-біріне естігенін,

Отырып тамашалап кешті керім.

Баланың жылағанын көргенменен,

Даланың көрген жоқсыз өксігенін.

Қазақты шатастырмай тоқта, ғалым!

Қайтеміз тексіздердің даттағанын.

Жаңбырлы түннен көрдім ебіл-дебіл,

Даланың перзенттерін жоқтағанын.

Долдана соқса кейде дауылдары,

Оларды іздеп жатқан бауырлары.

Біртіндеп асыл ерлер оралар деп,

Әлі күн елеңдейді ауылдары.

Көргенде сарғыш тартқан суреттерін,

Бірер сəт баурап алып күйрек сезім.

Əлдене көңіліме ойран салып,

Ауыртты жүрегімді түйреп менің.

Қамалап алар ойлар алқымымнан,

Бұл сырдың басы – қазақ, арты – ғұннан!

Алдымда олар тұрды сурет болып,

Соңында арылмаған халқы мұңнан.

Артында қазақ қалған зарлы, мұңды,

Бас тартпай орындайтын жарлығыңды.

Бөлместен ру, жүзге, ұлыстарға,

"Сүйемін" деп кетті олар барлығыңды.

Бойымды билеп алды ғажап сарын,

Қалайша көтердік біз мазақтарын.

Затыңнан, айналайын, Алашорда,

Атыңнан, айналайын, қазақтарым!

VIII.

Ұйқас таппай жүр демегін шырағым,

Кім ұмытар Алашорда ұранын.

Мола таппай жер бетінен, дүние-ай,

Көкжиекке Құран оқып тұрамын.

Шырылдаған,

шырқыраған,

шырағым,

Суы ерте тартылған ба бұлағың.

Әлденеге неге елеңдей беремін,

Әлдекімді іздеп неге тұрамын?

Сұмдықтарды неге осылай кеш сезем,

Мені бұлай толқытпайды еш кезең.

Үнсіз жатты үміт үзген қартымдай,

Арналары кеуіп кеткен ескі өзен.

Адамдар ғой,

тек адамдар ұмытшақ,

Үзілердей серпіліп тұр үміт шақ.

Тіл қатуға жасқанғандай тым-тырыс,

Күн батуға таяу қазір,

ымырт шақ.

Сусыз сірә, гүлдері өспей жайқалып,

Жота жатыр дерті бары байқалып.

Қара жолда қайқаң етіп жоқ болды,

Алабота аласұрды шайқалып.

Қайран менің мұң жайлаған өңірім,

Енді қашан көтерілер көңілім.

Менің мәңгі рухани серігім,

Сенен басқа іздер дейсің мені кім?

Алашорда –

жоқтауменен өтермін,

Қайран елім бақытыңа жетермін.

Нысанбай 17 боп жабырқадым жарығым,

Хан Кене боп көкке қылыш көтердім.

Тәуелсіз таң!

қанша уақыт атпадың,

Қанға бөкті гүлге оранған бақтарым.

Шәкәрімді құдыққа сап отыз жыл 18 ,

Асылымды, ғасырымды таптадың.

Ұмытылды,

қара бастың құлдары,

Ұмытылмас азат елдің құрбаны!

Әлихан мен Шәкәрімдей қажымыз,

Апа-сіңлі екі қыздың ұлдары.

Азаттықтың күттім қанша көктемін,

Талай ердің сұраусыз боп кеткенін.

Бегім ханым,

Бошантайдай аяулы,

Біле ме ел аналардың өткенін ?!

Таңдап мініп тұлпарлардың тарланын,

Жолдас етіп қасқырлардың арланын.

Басымды олар кесіп алып кеткенше,

Кейкі болып құмды кезіп шарладым.

Іске ассын деп Алашорда арманын,

Сұрыптадым талғамдардың талғамын.

Ақан болып айдалада аңырап,

Махамбет боп жота үстінде зарладым.

Еркек тоқты, елі үшін – құрбаным,

Арулар мен абыздарды жырладым.

Айтып кетті,

қайтып кетті ертерек,

Алашорда үкіметін құрғанын.

Алашорда – жарқыраған ертеңі,

Алашорда – өркендердің өркені.

Дəлелдеген істерімен сүюді,

Біздің мынау байтақ сұлу өлкені.

Қалай сүю керектігін үйреткен,

Алға қарай ғасырларға сүйреткен.

Аман алып қалу жолын көрсеткен,

Алапаттан дүниені күйреткен.

Алашорда – көркемдердің көркемі,

Қанша тұлға, танып білдік серкені.

Болашаққа бастап алып баратын

Алашорда – желкендердің желкені.

Алашорда – менің мәңгі ұраным,

Алашорда – қасиетті құраным.

Алашорда – аспандағы қыраным,

Алашорда – шамшырағым, шырағым.

Алашорда – менің мәңгі жыр-әнім,

Алашорда – жаңа өскін құрағым.

Алладан тек алашыма сұрадым,

Бұл тарихты ұмытпаңдар шырағым.

Сұрасам тек алашыма сұрадым,

Құласам тек қазағыма құладым.

Ардақтым-ай ақталмаймын алдыңда,

Жыласам тек өзіңді еске ап жыладым.

Бесік-бейіт арасы тым тар екен,

Өмір деген күрес екен, зар екен.

Мұстафаны қолтығынан сүйеп кеп,

Мәңгілікке аттандырған Әлекем.

Алуан-алуан терең ойлар көрігі,

Мақсатына беріктердің берігі.

Шоқайұлы ер Мұстафа ғазизім,

Әлекеңнің рухани серігі.

Бір бақытқа жеткізсем деп қазақты,

Жаза алыпты көрсетем деп ғажапты.

Алашорда атылған соң, түп-түгел,

Жалғыз тартты-ау ер Мұстафа азапты.

Беу, Әлекем,

ісің қандай, сөз қандай,

Ғаламатым уақыттан озғандай.

Қазағына болыспақ боп қолдарын,

Ғасырлардың қойнауынан созғандай.

Әлекем-ай,

данышпаным, күрескен,

Әрбір сәттің, шығар емес бірі естен.

Жалаңаяқ сәби болып ойнаған,

Талдыбейіт 19 қырларында гүл өскен.

Әлекем-ай,

Бөкейханның ұрпағы,

Қыр баласы,

атты-ау азат қыр таңы.

Көлденеңді қазақ түбі құртады,

Жала жапқан қаулыларды жыртады.

Қызыл гүлдей күнге қарап өсемін,

Тыңдамаймын озбыр елдің өсегін.

Ғасырлардан ғасырларға көшемін,

Күн қақтаған, сыр сақтаған көсемім.

Санамызды шырмап алған мақам мың,

Жеті атасын жатқа айтатын мақалдың.

Қиқуы көп мәреңізге тақалдым,

Қостанайда жары қалған іздеусіз,

Он төрт кітап жазған қайран Ахаңның 20 .

Толқып жатыр көк теңіздей тоғжан қыр,

Мұның өзі ғасырлардан озған сыр.

Талай шайыр түрікшеге аударған,

Стамбұлда шықты алдымнан Мағжан жыр.

Шапағатын сезінердей құдайдың,

Қазағыма бақыт бер деп сұраймын.

"Ақ білекті" мойыныңа арта алмай,

Аймауытов Жүсіпбек боп мұңайдым.

Кекілінен сипап қойып кекті ұлдың,

Қара қайғы алқымнан ап жеп тыңдың.

Қара желге қара жасты кептірдім,

"Оян қазақ"!

оянасың қашан" деп,

Дулатұлы Міржақып боп кеп тұрмын.

Біреуі жоқ шен-шекпенге сатылған,

Табысы мол қызметтерге шақырған.

Талай жылдар сан ұйқымды қашырды,

Шахзада ару, Шахзада қыз атылған 21 .

Оттай берсін, соттай берсін соттарың,

Жағып кеткен мәңгі өшпес оттарым.

Қырға шығып қартым қатты мұңайып,

Бозбұлау боп қара өлеңде жоқтадым.

Жалақы аз боп өткізгенмен күнді еппен,

Жылдар жылжып,

ай артынан түн де өткен.

Астана мен Алматыда ғалымдар,

Архивтердің шаңын қағып, індеткен.

Қара ошақтан шашыраған оттардай,

Ыршып түсіп алаулаған шоқтардай.

Әрбір сөзің сергітеді жанымды,

Сарыарқадан самал аңқып соққандай.

Уайым-қайғы тумай жатып жедің ғой,

Қаршадайдан қосып алған сезімге ой.

Сағыныштан жанып кеткен отызда,

Мен Төлеген Айбергенов едім ғой...

IX.

Күндер қайда жақсыға жанай жүрген,

Түбі осылай боларын қалай білген.

Тоқырауын жағасы,

Атақорым,

Талдыбейіт түсіне талай кірген.

Қайран ел,

тиді ме екен шапағатым,

Басқа жол жоқ бақытқа апаратын.

Көгеріп тұрма екен Атақорым,

Жалғыз шыбық перзенттік махаббатым.

Көгеріп тұрма екен жалғыз шыбық,

Жат жерде қалдым мәңгі,

жалғыз шығып.

Жалт еткен жастық дәурен өтті, кетті,

Алдымнан туған айдай Сары қыз 22 шығып.

Бір боздақ аласұрған іргесінде,

Сабырсыз...

кеше еркін жүргесін бе?

Әлихан түнде тағы көзі ілініп,

Түс көрді Мәскеудің тар түрмесінде.

Түсіне ауыл кірді баяғыдай,

Соңғы сәт осылайша таяды ма-ай.

Көзінен жас шықпады,

Алашымның,

Кемеңгер дүр асылын ая құдай!

Түтіні бұрымдай боп өрілетін,

Ақ тазы көлеңкеде керілетін.

Ауылдан мұнарланып ашық күні,

Ақсораң 23 мен мұндалап көрінетін.

Шашырай жайылған бұл қойды, қара,

Топ бала тай жарысқан тойды, қара.

Тоқырауын жағасы,

сағым көшкен,

Алысқа қарап тұрды ойлы бала.

Ол бала Әлихан ғой,

бала кезгі,

Қиялы құмды кезді, дала кезді.

Мәскеуден кетуіне тосқауыл көп,

Сағынды бірге өскен қара көзді.

Ойлап па,

төмпешік боп қаламыз деп,

Есікті қаққан кезде қара күз кеп.

Жошының 24 тағы кеп тұр зиратына,

Әкесі алып барған бабамыз деп.

Айтамын мұның бәрін білгесін мен,

Жаулары бой көтерген іргесінен.

Достарға үзеңгілес,

хат жолдады,

Мәскеудің тар қапасты түрмесінен.

Қалайша шығара алмақ қорымды естен,

Бөкендер сахарада жолын кескен.

Смағұлдың жалғызы алаңдатты,

Кішкентай Ескендірі 25 – қолында өскен.

Сұм заман сұрыңменен сескендірдің,

Бірін біз көрдік пе ол кешкен мұңның.

Тағдыры жүрегімді сыздатады,

Атадан арда туған Ескендірдің 26 .

Сан ойлар шырмап алып көп тұрыппын,

Ұрпағы ек жауға шапқан Көк түріктің.

Атасы Абылайдай бір үлгісін,

Көрсетіп кеткен ол да тектіліктің.

Артында аңыраған халық қалдың,

Аспанда алыс еді-ау қалықтар күн.

Қиылған қыршынынан қиын кезде,

Ескендір ұрпағы еді алыптардың.

Аяулы ел еске алмас мүмкін мені,

Сұм тергеуші аңғартты күлкің нені?

Айдалада қыстауда жалғыз қалған,

Шәкәрім 27 бөлемде жоқ бұл күндері.

Ата-баба бейіті...

егелік қыл!

Талдыбейіт, сол сырды төгелік бір.

Әлихан отырғызған ерекше ағаш, 28

Япыр-ай, әлі күнге көгеріп тұр.

Ескендір қолында өскен өзіндей боп,

Басқаға балалығы сезілмей көп.

Көгеріп тұр сол ағаш қасиетті,

Әлихан Бөкейханның көзіндей боп.

Жұмбақтарын ашады іздегендер,

Құранын, намаздарын үзбегендер.

Әлихан құрған сол бір үкіметті,

Мәңгілік жоқтаушымыз біз дегендер!

Х.

Эпилог орнына

Жат жұртқа кеткен бөлініп,

таңғажайып жағаларым-ай,

Қайран менің асыл бабаларым-ай,

ағаларым-ай.

Тақымдарында тарландарым-ай,

сан тұлпарларды тулатқан,

Дұшпандарын тұтқиылдан шауып кіріп шулатқан.

Ақ жаулықты аналар мен арудың,

сағыныштан жанарларын сулатқан,

Ерегескен иттердің тұқымдарын қуратқан.

Өтті арада қанша бүгін ғасырлар,

не көрмеген далам үнсіз мүлгиді,

Тағы міне ақ боранды туды ақпан.

Қайран менің асыл бабаларым-ай, ағаларым-ай,

Жүрегім атан тартар артар мұң,

Қабағына қарап қалдық түсі суық қалтыратқан қаңтардың.

Қазағым-ау қасиетті халқым, жұртым, киелім,

Мен өзіңді шетсіз, шексіз сүйемін.

Жайымды айтсам қазіргі,

Шұбатын аңсап шаһарда жүрмін,

аруана тектес түйенің.

Қымызын аңсап қос құлын туған баяғы,

біздің үйдегі анам сауатын биенің,

Тек өзің желеп-жебей гөр, ұлы елім, халқым, киелім!

Алламыз барда аспанда,

өзіңді жебеп сақтайтын,

Қаруың барда оқтайтын,

Таңың болмайды Алашым мәңгі атпайтын.

Жаным толғайды бар үмітіңді ақтайтын.

Аруың барда жат жұрттық еркек кіндікке,

жирене қарап, жатпайтын.

Ұятың барда жүзіңді өртеп қақтайтын.

Иманың барда жаман істерге соқпайтын,

Жүйелі сөзге тоқтайтын.

Бүкіл халық, ел-жұрт боп

Алашордамды жоқтайтын.

Намысыңды таптайтын.

Бүкіл халық алдында күнде туар оларды

Түсінбеген иттерді,

ар сотымен соттайтын.

Ортасынан сан аман шыққан майдандар менен түрменің,

Беріктігіне қайран қалмасқа шамам жоқ

жел соққан мынау іргенің.

Ұрланып шыққан арулар қайда ақ боз үйлердің ілгегін.

Текеметім мен туылдырығымды тілмегін,

Одырайып төбемнен, одыраңдап көшемде тіліңді шайнап жүрмегін.

Қаһарланса Әлихан менен Мұстафалардың ұрпағы,

Тұқымыңды тұздай қылып құртады

Құжатыңды жыртады,

Сөйлер болсаң қазағыма басынып,

Әуежай мен теміржолдан асырып,

Дегбіріңді қашырып.

Арнасынан қайта тасып төгілер,

моп-момақан аққан анау Сыр тағы,

Желтоқсан боп борандатар шаһарлар мен қыр тағы,

Бұл далада тұрып жатыр ежелден,

Төныкөк пен Күлтегіннің ұрпағы.

Әлекем менен Мұстафа аңсаған ғажайып сол бір қайда арман,

Жүзіңді неге бауырым әжімдер басып қайғы алған.

Көңіл жоқ неге жайланған,

Алаштың жолы кешегі,

бүгінгі мынау ұлы далаға айналған.

Ендігі біздің ақ үміт,

ғасырлап күткен сағыныштар құралған,

Илия мен Шәмші ән қылып асқақ шығарған.

Мұстафа Шоқай зарығып жазған,

айтпастан оны тұра алман,

Атымның басын бұра алман,

Жазатын түбі болады менің

ең үлкен бұл бір шығармам.

Көк туым тұрды желбіреп,

Қарап та тұрдық елжіреп.

Ғасырлап күткен аяулы, Тәуелсіздігім келді деп.

Бір кезде қалқып алысқа

Әнұран кетті асқақтап,

Көрсеңіз қалқам сол сәтті, жанарды тұрды жас қаптап.

Ән салып жүрді ыңылдап өзімен-өзі мәз болып,

Азырақ ішкен қымызға жан ағам менің мас боп қап.

Бір сәтке кетті быт-шыт боп,

төбемнен менің төнген мұң,

Жазушы көрдім жылаған иісін искеп теңгемнің.

Жалт ете қалған от көргем жанарларынан жеңгемнің,

Жасай бер, жаса мәңгілік бодандық итті көмген күн.

Жауларды мәңгі жеңген күн!

Орыс пен анау қаптаған Қытайды иіп көндірген,

Қайғының отын кеудемнен түн болды бұл күн сөндірген.

Асқақтап тұрды Астана,

Шекера бекіп, дүрлікті ел,

Көтерді солай, бауырым, отаным өнім өндірген.

Сүйінші сұрап жүгірді көршіге қарай келінім,

Сөз таппай тұрдым толғанып,

кенезіп шөлдеп ерінім.

Ғимараттарда Елтаңбам,

шағылды күнге жарқырап,

Біржола жоғал, кет енді, бойдағы мұңым, серігім.

Адал боп,

ата тарих пен ежелгі әдет-ғұрыпқа, Алуан да алуан елдердің өткен жолдарын сұрыпта. Қара бастарын ешқашан мəселе етіп қоймаған, Қазақтың қамын қамығып, тереңнен тартып ойлаған, Алашорданың жас ұрпақ ұлы Аманатын ұмытпа!

...Баяғы өткен заманда,

зар жылатып бабамды,

Жиделібайсыннан айырдың,

Қаптай атқа қонғанда бекер-ақ жолдан қайырдың,

Қайсы бірін-ай жоқтайын

Орынбор 29 менен Жайырдың 30 .

Шәкірті болған артында,

кешегі Қадыр асылым,

Тұманбай,

Тоқаш,

Тайырдың.

Алашшыл ұрпақ көбейсін,

Іштегі шері дегейсің.

Болмаған жолы оқтаудай,

Жазған бұл жыры жоқтаудай,

Қасымхан дейтін шайырдың...

---------------------------------------------------------

* Әлихан Бөкейханов пен оның туған інісі Смахан төре әуелгіде Нұрмұхаммедов болып жазылып, кейін Әлихан­ның өз өтініші бойынша Бөкейханов болып өз­гер­тілгені жөнінде осы күндері көп айтыла бермейді. Оның мәнісі, әйгілі Жошы ханның Көкжал Барақтан тарайтын ұрпағы Бөкейхан 1815 жылы Орта жүздің ханы болды. Міне, осы атақты бабасының есімін алу Әли­хан­ның өзінің түпкі ата - тегін тірілтпек ішкі бір арманынан туса керек.

Бөкейдің тоғыз ұлының бірі Ба­тыр­дан туған төрт ұл – Әшімтай, Рүстем, Бексұлтан, Мырзатай. Рүстем мен Мырзатай Арқаның Тоқырауын бойындағы қаракесек Сарым еліне 1858 жылы орнығады. Мырзатайдың төрт ұлы – Нұрмұхаммед, Қоске, Мәтіхан (Шолақ) мен Әбдіханның өмір сүрген кезеңі Кеңес өкіметінің билік құрған уақытқа тұспа-тұс келді. Ал Әбдіханның ұлы Қасымхан 1928 жылы өлім жазасына кесілген, бірақ ол ажалдан кездейсоқ аман қалып, 1946 жылы Алматыда қайтыс болған. Мәтіханның ұлы Мәнерхан 1933 жылы Сібірге айдалып, сол бетте хабар-ошарсыз кеткен. Мәтіханның Қожайхан деген ұлы да басында жер аударылып, сол жақтан соғысқа кетіп, қанды майданда қаза тапты. Нұрмұхаммедтің кенже ұлы Базылхан бай ретінде Сібірге айдалып, 48 жасында Новокузнецкіде қайтыс болған.

Әлиханның туған інісі Смахан да өзінің отбасы мен ұрпағының болашағына қатты алаңдап, ұзақ жылдар бойы Алматы облысында бой тасалап жүріп, Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана Балқаш қаласына оралған деген дерек бар.

1 - Семей қаласының іргесіндегі жердің аты.

2 - 1917 жылдың 13 желтоқсан күні, сағат үште, Азан шақырылып – Алаш үкіметінің құрылған күні

3 - Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай.

4 - Жаханша, Халел Досмұхамедовтер, Смағұл Сәдуақасов

5 - Әлімхан Ермеков (1891-1970) – мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, математикадан тұңғыш қазақ профессоры. Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде математикадан дәріс оқиған. Қазақ автономиясы шегарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғаған. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамыздаЛенинніңтөрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баяндама жасайды. Онда ол жер, Қазақстанның шегарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Окупанттар өз кінәсін мойындап, нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Қазақ еліне қайтарылады. Қара бас қамын ойламаған Алаш Ерлері болмаса біз осыншама 9 рет Италия жерінен үлкен, 5 рет Франция, 11 рет Ұлыбритания жерінен үлкен осындай Ұлы Далаға ие бола алар ма едік?!

6 - Мұстафа Шоқай, Қаныш Сатпаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан.

7 - Әлихан Бөкейхан Кенесары-Наурызбай ұлт азаттық қозғалысына тұңғыш баға берген ғалым: "Материалы к истории Султана Кенесары Касымова",- деген кітап 1923 жылы профессор Поливанов пен Халел Досмұхаммедұлының жетекшілігімен Ташкент қаласында жарық көрген.

8 - Бопай – Хан Кененің қарындасы Бопай xанша.

9 - Бопай ханша қайын жұрты қолдамаған соң, алты ұлын атқа қондырып ағасы Хан Кенемен бірге он жыл ұлт азаттық соғысқа қатысқан қазатың батыр қызы.

10 - Тәттімбеттің Қосбасары – Хан Кене соғысына қатыса алмаған Тәттімбетке Бопай xанша қарамай кеткен дейтін шалдар. Тәттімбет күйшінің Қосбасары Хан кене қозғалысының толғаулары сияқты әсер етеді.

11 - Сыздық төре – Хан Кененің батыр ұлы

12 - «Ел бүгінші, менікі ертең үшін» Ахмет Байтұрсынұлы

13 - Қазақ жеріне: Ұлыбритания, Франция, Жапония, Испания, Германия, Австрия, Голландия секілді жеті мемлекет еркін сыйып кететінін қазіргі ғалымдар дәлелдеген.

14 - "23 жоқтау" деген атпен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын трагедиялық жырларды кітап етіп 1926 жылы Мәскеуден шығарған.

15 - "Материалы к истории Султана Кенесары Касымова" 1923 жылы Ташкентте жарық көрген осы кітапта хан Кене мен Наурызбай сұлтанды қалай өлтіргені туралы сол қанды іске қатысқан адамның аузынан жазылды деген ақпарат бар.

16 - Қыр баласы , Степняк – Әлихан Бөкейхановтың жасырын (бүркеншік) аты

17 - Нысанбай – Хан Кене қозғалысына бастан аяқ қатысып, толғау жазған ақын.

 

18 - Шәкәрімді құдыққа сап отыз жыл – Шәкәрім ақын1931 жылдың 2 қазанында 73 жасында оққа ұшып, мәйіті құдық түбіне тасталды. Сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат әкесінің сүйегін қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.

19 - Талдыбейіт – Әлихан Бөкейханов дүниеге келген ауылдың аты.

20 - Ахмет Байтұрсынұлы он төртінші "Оқу құрал" хрестоматияны Т. Шонановпен бірлесіп жазған.

21 - Шахзада Аронқызы Шонанова –Бақытжан Қаратаевтың інісі Аронның қызы. Күйеуі энциклопедист-ғалым Телжан Шонанов 1938 жылы 25 ақпанда, Шахзада Шонанова 1938 жылы 9-ақпанда Алматы түрмесінде «халық жауы» деген жаламен атылған қазақ аруы.

22 - Алдымнан туған айдай Сары қыз – Бөкейхановтың жұбайы Ольга Яковлевна

23 - Ақсораң - Қызыларай тау массивінің оңтүстік бөлігіндегі тау, сарыарқаның биік жері

24 - Жошы хан – Әлихан Бөкейханның бабасы

25 - Кішкентай Ескендір – Смағұл Сәдуақасов пен Елизавета Әлиханқызының ұлы.Смағұл Сәдуақасов Әлихан Бөкейхановтың күйеу баласы болғандықтан оны 33 жасында Мәскеуде у беріп өлтірген. Ескендірді Әлихан Бөкейхан кішкентайынан бауырына басып өсірген

26 - Ескендір Смағұлұлы жас кезінде соғысқа сұранып кетіп, шаһид болған.

27 - Шәкәрім – Шәкәрім Құдайбердиев пен Әлихан Бөкейхан екеуі туған бөле. Әлиxанның анасы: Бекжан ел Бегім ханым деп атап кеткен, Шәкәрімнің анасы: Бошантай. Азан шақырып қойған аты Төлебике (Дәметкен, Бошантай) екен бұлар Бошан би ұрпақтары сондықтан қайын жұрты Бошантай деп кеткен. Артынан ұл туған сондықтан Дәметкен деген.

Екеуі апалы сіңілі Бегім xаным үлкені. Ата тегі: тобықты Мамай батырдан Жолбарыс одан туған Дулат қыздары. Бошантай Құдайбердінің әйелі, Құнанбайдың келіні. Әлиxан мен Шәкәрім осылай туған бөле! (Смаxан Бөкейxан .Әлекеңнің өмірі.// Ә.Н.Бөкейxан Шығармаларының толық жинағы, 520 бет.6 том, 6 бет.)

28 - Талдыбейіттегі ата-бабасының зиратына Әлихан Бөкейханов өзі арнайы әкеліп отырғызған Бразилия ағашы. Әлихан Бөкейханның негізгі мамандығы Ормантанушы. Қазіргі Ақтоғай ауданына қарасты Әлихан Бөкейханның атақорымында сол ағаш әлі күнге дейін жайқалып өсіп тұр.

29 - Орынбор – Ресейде қалған қала аты

30 - Жайыр – Қытайда қалған жер аты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар