Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дана Исағұлқызы: Сор мен бақтың ажыратар түсін кім...

18.10.2016 5599

Дана Исағұлқызы: Сор мен бақтың ажыратар түсін кім?

Дана Исағұлқызы: Сор мен бақтың ажыратар түсін кім? - adebiportal.kz



дана исағұлқызы.jpg


ДАНА ИСАҒҰЛҚЫЗЫ – 1997 жылы дүниеге келген. Қазір С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің ІІ курс студенті.



***


Күз Көктемнен жеріді, жуытпады.

Алма кезек айлары туып тағы.

Күз кеткелі Көктемге өң кірмеді,

Суық-бәрі.


Күз Көктемнен біршама жырақтады,

Жапырағы үздіксіз құлап тағы.

Ол кеткенде, қалды тек жетімсіреп,

Жылап бағы.


Тәңір Күз бен Көктемді жолықтырып,

Сарғайған сары бақта солыпты үміт.

Көктем бүгін Күзге бақ тіледі тек,

Тоңып тұрып.


Әлденеден күткенмен тосын жайды,

Сосын бақыт, сосын мұң, сосын қайғы...

Бір-бірін сағынса да, жеріп-қашып,

Күз бен Көктем ешқашан қосылмайды!



***


Бүгін тағы, шамалы ғой күшім тым.
Сор мен бақтың ажыратар түсін кім?
Құшағына Айды алып тербейді,
Жалғыздығын сезіндірмес үшін Түн!



Бүгін тағы, күндегіше күйбелең,
Мен де өмірді өз әлімше сүйген ем.
Сізді ойласам түсініксіз, бір қызық,
Күдік-үміт араласқан күйге енем.



Бүгін тағы, таусылардай төзімім,
Өмірімнің артта қалған кезі-мұң.
Сізсіз маған жоламайтын, жеритін
Бақыт деген өзі кім?!



Бүгін тағы, кешкі дала жаңбырлы.
Өмір деген әлегі көп сан қырлы.
Бүгін тағы сізді іздеп үмітпен,
Сан ойларым көшелерде қаңғырды.



Сағынышым өзегімді тілгілеп,
Жылай алмай қысылады бұл жүрек.
Бүгін тағы, түнді осылай қарсы алдым,
Таңды мұңмен атырам ба, кім білед?



***


Тереземнен қарап тұрмын, тесіле.
Өткен күнді алып тағы есіме.
Күзгі уақыт неге қайта келмейді,
Жаңбыр жалғыз келді неге, несіне?



Бар қайғысы қара жерге жаншылып,
Тереземнен сырғанайды тамшы үміт.
Қолшатырсыз жүріп қайтқым келіп тұр,
Көктем, сенің жаңбырыңа малшынып.



Кей күндердің арты-өкініш, алды-үміт.
Көктем бүгін көңілге ой салдырып,
Құрбымды ертіп шығып кеттім көшеге,
Күзге деген ренішті қалдырып.



Тымық ауа, таза бәрі кінәдан.
Көк аспан да қуаныштан жылаған.
Құрбым да пәк қасымдағы, сіз де пәк.
Жүрегімнен орын алған Ұлы адам!


***


Ақ түн!

Ақ сезім-кілті жүректің,

Ақгүлдей нәзік дір еттім.

Ақжаңбырменен ақтүнге,

Ақ өлең жазып гүл ектім.


Ақ парақ, қалам, ақ арман.

Ақ жолдар шығып сан алдан.

Ақ үміт алға жетелеп,

Қол создым таңға ағарған.


Ақ шұғылалы ақ таңның,

Ақ нұры мені тербеді.

Ақ арай күліп аспаннан,

Қолдарын бұлғап Кел!-деді.


Ақ маржан сөздің аздығы,

Ақын жандарға жат мүлде.

Ақ түстер сыйлап тербеткен,

Айтамын алғыс, ақ түнге!



***


Кешір мені!

Күз маған кеткен күннен суыт қарап,

Өзекке өксік алды жұмыртқалап,

Сарғайып, желге ұшқан жапырақтай,

Менің де әл дәрменім құрып барад(ы).


Сол бір күз неге келді өміріме?

Жүрегіме үзілмес үміт қадап.

Көктем қайта келе ме?

Шаршап кеттім.

Өтірік біреулерге күліп қарап.


Көктем қайта келеді, көңілденіп.

Қулығына қаламын жеңіл көніп.

Көктем, көктем!

Мен сені ұнатпаймын.

Бақытты болу үшін өмірде нық!


Жабыққан көңілімді елеп келіп,

Жатырсың, мұның бірақ жел өкпелік.

Мен сені қаламаймын шыныменен,

Жатпасам да сол Күзбен теңеп көріп.


Үңіліп өткеніме, жазаламай,

Кім менің жан дертімді жазады оңай?!

Отырғанда, бақытты күзімді аңсап,

Көктем сен, қоя тұршы мазаламай.


Уақыттың күзкеруен көшіндегі,

Еледің екен тағы, несін мені?

Мен сенң қаламаймын.

Өтінемін!

Көктем-ау, кешір мені!



***


Ол мені іздер болса, өзі іздесін!

Мені ойласын, сағынсын, көз ілмесін!

Мені сүйсін, аңсасын мені ғана,

Ғашықтықтан басқаны сезінбесін!


Ол мені күтсін, мейлі ұмытпасын.

Өзге қызға сезімін құлыптасын!

Менің ғана сезімім аздық етер,

Сондықтан да, сезімін суытпасын!


Мендік сөздер, тек оған "аға-ласа",

Құлазумен күй кешсін жағаласа,

Алдыма кеп, жүрегін өзі ұсынсын!

Қыз сезімін егер де бағаласа...


***


Саябақтан күніне жүз баратын,

Енді ешбір әсер жоқ, бізде алатын.

Сізді еске салатын сағат сайын,

Ол кезде Күз болатын.


Қазір Көктем, баяғы бақ гүлдеген.

Оранып ап дүние ақ бүлдемен,

Мәні кеткен сияқты бұл жалғанның

Көктем болса, көңіл де шат күлмеген.


Ал мен ше?

Бақытты аңсап өткінші сол күздегі

Жүрмін әлі, бітпеді жол тізбегі.

Тағдырыма жазылған бір адам бар,

Айтуынша қиялдың, ол - сіз тегі...


Ол-сіз тегі, иә-иә мүмкін бәрі.

Сағынатын боларсыз күлкімді әлі.

Күздегі қайтқан құстың өзгеріпті,

Көктемде қайта оралған бұл күнгі әні.


Тым алыспыз бұл күні, болсақ та ізгі.

Жанарым бір мөп-мөлдір моншақты үзді.

Сап-сары сағыныш пен мұң арқалап,

Сіз де жүрген шығарсыз, аңсап күзді...



***


Ұшып кеткен бақытым көзден күрең,

Ол дағы бірдеңені сезген, білем!

Өмірде өзгелерден дара туған,

Мен де бір азаматты көздеп жүрем.


Көп-көрім бұл бақытым кезігіп ап,

Өзін-өзі жұбатып, өзі жылап.

Келгенінен тез болды-ау, мен сорлыны,

Адастырып кеткен сол кезі бірақ.


Күтемісіз алдымнан, барсам бөлек.

Сізді сүйдім, сезімнен жансам демек.

Әлі күнге бір хабар күтетінім,

Сізді сонша құрметтеп қалсам керек.


Сезім бірақ жат емес, бізден мүлде,

Болғанменен көңілде бұл күн күдік,

Үмітті үздірмеген Күзбен бірге,

Мен әлі, өзіңізді жүрмін күтіп.

Қайдасыз?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар