Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мәди Алжанбай: Құлажирен (әңгіме)...

23.05.2016 3295

Мәди Алжанбай: Құлажирен (әңгіме)

Мәди Алжанбай: Құлажирен (әңгіме) - adebiportal.kz


 

 

мади алжанбай.jpg

Түсіме балдырған бал күндерім жиі кіреді. Әрбір қуанышқа толы сәттер, есте мәңгілікке қалған көріністер, танауды қытықтай аңқыған иістер басымды жастыққа қойғанда-ақ орала жөнеледі. Солардың арасынан қанша тырыссам да сырласымдай болған жирен атты көре алмай дал боламын. Студенттік күндердің тәттілігін сезіне бастаған шақтарда жал-құйрығы жоққа тән құлажирен ара-тұра түсіме енетін. Әсіресе сынақтардан, емтиханнан өте алмай қиналған кездерде мініп алып, әлдеқайда тартып бара жатқанымды көретінмін.


 

Бірде жақын досым Алмат екеуміз публицистика пәнінен сынақ тапсыра алмай әбден сілеледік. Онда да оқытушы апай бізге: «Сағат Әшімбаевтың жерлесі екенсіңдер. Ендеше соның «Парасатқа құштарлық» атты кітабын оқып келіңдер!» – деп қысқа қайырды. Тоқсаныншы жылдардың орта шеніндегі қиын күндерде оқығандар жақсы біледі, студенттер қауымы оқудан гөрі нәпақа табуды жөн көретін. Бізде солардың қатарында әр жерге жалданып, еңбек істейміз. Көбіне құрылыс алаңдарына, қара жұмысқа жегілеміз. Бір ойын-сауық орталығының аумағын топырақпен толтыру үшін түнгі кезекке жалданып жүрген біз ақыры кітапханаға бас қойдық. Бір аптаның ішінде әлгі кітапты жаттап алғандай болғанбыз. Бірақ жеме-жемге келгенде, яғни, сынақ мерзімі жақындаған сайын жаттағанымыз ұмытылып қала береді. Ақыры ертең сынақ тапсырамыз деген түні түсімде құлажиренге мінгескен екі достың сарқыраған үлкен өзеннен үзеңгілерін суға сүйдіріп, өтіп бара жатқанын көрдім. Осы күні сол түсті әртүрлі жоруға, арқыраған тау өзенін сынақ ретінде де, өмір жолы ретінде де қарастыруға болар, бірақ сол күні таңертеңгісін нышанды түсті іштей жақсыға балап, жатақханадан корпусқа аттандық. Сөйтіп оқуымызды ойдағыдай аяқтап, келер жылға өткенімізді дәлелдедік.


 

Сол құлажиренді осы күні түсімде көре алмай жүрмін...


 

 

* * *


 

Әкемнің жұмысына байланысты әйгілі үш Меркінің бір тармағы Кеңсу өзенінің аңғарындағы шағын ауылға көшіп келгенімізге көп болмаған. Үш сыныптық мектепте бар-жоғы жиырма шақты бала оқиды. Ұзынынан, бір көшенің бойына орналасқан шағын ауылда барлығы алпысқа жуық үй бар. Тұрғындарының бәрі де мал өсіріп, қой баққан жандар. Кеңсудың жазы жайлаудай, қысы ызғарлы. Өзен аңғарын бойлай соққан жел қарды ұшырып әкетіп, жердің қара топырағын шығарады. Аңыраған боранның үні кейде сақылдаған арсыз күлкіге, кейде ішіне тарта ұлыған ит-құстың үніне ұқсап кетеді. Дәл ауылдың ортасында орналасқан клубқа ара-тұра кино қойылса, көбіне ауыл тұрғындарының жиналысы өтеді. Мұржасы шошайған мектептің артында қой қора тұр. Оқушылар үзіліске шыққанда шулаған қозының үніне құлақ түріп, өзара сыбырласа тілдеседі. Себебі, екінші сыныпта 4 оқушы, үшінші сыныпта 1 оқушы бар. Төменгі сыныпта да солай. Ал, жоғарғы сыныпқа көшкен балалар көбіне көршілес ауылдардағы туыстарының үйінде оқиды немесе интернатта жатып білім алады.


 

Алғашқы қоңырау қарапайым ғана, асқан дабырасыз, у-шусыз өтті де, бәріміз сабаққа кірісіп кеттік. Кітап түгендердің алдында мұғалім мені өзгелерге таныстырды. Сөйтіп, бір сыныптағы үш оқушыға қосылып, аядай ғана ауылдағы құрдастарымның қатарын толтырдым. Төрт оқушының екеуі қыз, бірі – ұл. Аты Сапар. Азсөзді. Гүлнәр, Бекзат есімді екі қыз өзара дос. Соған қарамастан тез тіл табысып кеттік. Мектепке жаңа келген баланы өзгелердің қабылдауын жақсы білетіндіктен мен олардың сыртқа тебуін, жатсынуын байқай алмадым. Тіпті, бұрыннан танитындай, ә дегеннен сырласып, дос болғанымыз жаңа ғана өткендей есімде.


 

Зоотехник болып жұмыс істейтін әкемнің мінгені жорға мен жүйрік. Бір күні түсте үйге келсем жалы келте, түсі алтындай жарқыраған жирен бесті есік алдында қаңтарылып тұр. Тізгін қиған езуін жұлқылаған жирен маған сүзіле қарайды. Денесі терден жылт-жылт етеді. Жалы шолақ, құйрығы қысқа, маңдайында жұлдыздай төбелі бар. Сауыры жалпақ, сирағы қисық, құйма тұяқ. Талтайып тұрысы еркін, қарыны тартыңқы. Баданадай көзі қап-қара, танауы делдиіп, ойнағысы келетіндей. Әкемнің аткөрпесін кере түскен тізгінді тартуына қарағанда басы қатты, арынды секілді.

Бұған дейін жылқышы атамның арқасында талай жылқыға қаршадайымнан мініп, тақымым ерге ерте үйренген еді. Алғашында жалға жармасып, ер-тоқымның артқы қасынан тырмыса ұстап, болмаса тізгінді баспалдақ ретінде пайдаланып, яки, биіктеу жерге тарта отырып, үзеңгіге аяқ ілетінмін. Кейіннен тіпті таралғыға аяқ салатын жағдайға жеткенмін. Сондықтан іштей: «Көрерміз!» – деп қалдым мырс етіп. Түскі шайды ішкен соң қораның жанына үйілген үймектің қарайған күнгейінде асық атқан маған қарата әкем:


 

– Атты суғарып келші! – деп бұйырды. Мұндай қуанбаспын, әшейінде бермейтін құлжа сақамды ініме ұстата салып, жүгіре жөнелдім. Шылбырынан жетелеп, есік алдындағы су толы флягқа жеткіздім. Ердің артқы қасына ілінген тізгінді босатып, үзеңгібауға аяқ салдым. Жол жорғасына салып лыпылдаған құлажиреннің жүрісті екендігі білінеді. Қарына інімді алып, өзен жаққа қараған әкем тасаға сіңіп кеткенде тебіне бергенмін. Арындап тұрған арғымақ ала жөнелді. Ауылдың етегіндегі көпірден қайтқан күйі өзен жағасындағы қайнарға бір-ақ тоқтадық. Лекіте келіп тежелген жиреннің арыны солдат ерді желкесіне түсірді. Құйысқаны керілген күйі суға еңкейген жүйрікпен алғашқы таныстығым осылай басталды.


 

horse2.jpg 
 


 

 

* * *


 

Көктем шыға әкем жирен бестіні жарата бастады. Ойпаңдағы ауылдың шығысындағы жазыққа шығып, Бесқарағай деп аталатын қылтаға дейін желдіртіп жүргенін шәй үстінде айтып қалатын. Маған тапсыратыны қараңғы қорадан шығармай суды шелекпен беру, алдына құрғақ шөп пен сұлы ғана салу. Өзі қайта-қайта кеуде тұсын ұстаған шешемді ауруханаға апарып, емдетіп жүр. Үйдегі төрт баланың ересегі ретінде маған үлкен сенім артады. Кіші екеуін үйде қалдырып, үлкен қарындасым екеуміз мектепке кетеміз. Отты көрші Оразхан ағаның әйелі жағып береді. Сиырды да сауатын сол. Түсте сабақтан қайтып келе жатқанда інім мен кенже қарындасым терезеден бізге ыржия қарап тұрады. Сосын отырып, бәріміз шәй ішкен боламыз. Кейде екі үлкен өзара таласып: «Ыдысты сен жу!» деп тартысамыз. Үйде бізді тыныштандыратын үлкеннің жоқтығы қандай жаман?! Ақырында мал жайғау керектігін алға тартып, сыртқа сытылып кетемін. Шындығында үйді жинап жүруді, ыдыс-аяқты таза ұстауды шешем маған тапсырған. Бірақ екі жас кіші, тете қарындасым мен үшін бірінші сыныпта емес, одан да жоғары оқитындай көрінеді. Оның үстіне әкеміз қатты жақсы көретіндіктен айтқаны заң. Соны жақтырмай егесе берем.


 

Аудандық ауруханадан аздап оңалып қайтқан шешем жазға салым кәдімгідей жақсарып қалды. Үйге береке кіріп, біздің жағдайымыз оңалғандай еді. Сондай күндердің бірінде әкем 9 мамыр мерекесіне орай көршілес Жайдақбұлақ ауылында бәйге болатынын айтып, соған баратынымызды ескертті.


 

Болатын нәрсенің тезірек болғаны қандай жақсы?! Қалай екенін кім білген, бірақ менің балалық қиялым үшін бәйге күнінің тез келгені керек. Дәл сол кездерде сағат өтпей, түн таусылмай қойды. Ертеңі сенбі болатын. Ауылдан бір топ болып шыққандардың қатарында ауыздықты сүзе арындаған жиренге мінген менің дәмем бәйгеге шабу. Аттың бабын білетін ауылдың шалдары құлажиренді мақтап келеді. Шын айта ма, әлде қалхоздың белді маманына жағымпаздана ма, әйтеуір, сөздеріне қарағанда жиреннің бабы келіпті. Осы жолғы бәйге – Кеңсуда. Есік пен төрдей, ұзын қарагердің қамшылар жағына қисая мінген әкем жымиған күйі сыр бермейді. Шынында өзге жылқылардың қатарында кішірек көрінетін жирен алдында үлкен сын тұрғанын сезетіндей. Елеңдей тіккен құлақтарын қайшылап, оң мен солға жалаңдап қарайды. Бүрсең қағып, белін бүгіп алған. Қарны тартылып, сауырын тіліп түскен тілік денесінде мысқалдай майдың жоқтығын білдіреді. Енді терінің дәмін татып көру керек. Оны да әкем екі күн бұрын істеп, адырайған қолтықтың нәмін тіліне салып жүрген. Түкіріне салып: «Жақсы! Тұз қалмапты, енді суытайық», – деп қатарынан екі түн, бір күн қаңтарып тастады. Қорадан жаңада шыққан жиреннің қабағы қатыңқы. Жүрісі ширақ болғанмен сүмеңдеген кейпі атсейістердің айтқанынан бөлек. Сондықтан іштей күбірлеп, Жаратқанға жалбарынған әкемнің алаңдауы басым.


 

Ақыры, жиырма шақырымдық сөреге де келіп жеттік. Ұзын-ырғасы 50 шақты жүйрік мәреге жиналып, төрешінің бұйрығын күтіп тұр. Бір сәтте алаңдаған көңілімді күпті етіп, әкем бір баланы құлажиренге мінуге көндірді. Менен үш-төрт жас үлкендігі бар. Бірақ бойы ұзын, денелі көрінді. Екі аяғы өзі аласа жиреннің қолтығынан асып тұр. Қабағы қату әкеме ештеңе айта алмадым. Торсаңдап, қарагерді жетелей топтан алыстай берген менің құлағыма жиреннің күмбірлеген күміс үні естілгендей болды. Жаңа ғана сүмірейе көрінген құлажирен ойнақшып шыға келіпті. Тіпті, ауыздығын сүзіп, жер тарпиды.


 

Жүйріктерді бір түгендеген төрешінің қол шолтаң еткенде қалың тұяқ дүбірлей жөнелді. Ә, дегенде шыққан айғай-шу делебені қоздырып, жаңа ғана көңілімді лайлаған өкпе тарап кете барды. Қалың дүрмектен сытыла шыққан құлажирен оқтай зулады. Тұяғынан атылған қара топырақ кесегі жаңа көтеріле бастаған шаңды тіліп түсуде. Әп-сәтте оқ бойы озып шыққан жұлдыз төбелді жиреннің арыны қатты көрінгенмен оңай барлығып қалуы әбден мүмкін. Соны ұққан әкем орнынан бір тұрып, бір отырады. Дауыс жетер жер емес, әйтпесе айғай салары белгілі. Тынымсыздана жүріп, мамағашқа байланған қарагерге бір барып, қайтты. Ойлағаны жиреннің бірден озып, соңғы айналымға жетпей қалуынан өткен өкініштің жоқтығы болар?! Қалай болғанда да тыпырлап жер теуіп кетті. Аттар бірінші айналымның ортасына жеткенде оқ бойы жеке шауып бара жатқан жиреннің қасына бір баран ілесе берді. Содан мәренің тұсына жеткенше қатарласа шауып, топтың алдын бермей келді. Жақындағанда байқадым, жіңішке қарагер екен. Жиреннің аяқ алысы жаман емес. Әлгі қарагер де қалыспай, үзеңгі қағыстырардай болып өтті. Бір байқағаным сәл өрден жирен озып, еңіске еңкейгенде қарагер алға шығып барады. Жазықта қатарласа шапқан қос жүйріктің шабысы ересен. Қарап тұрып, қаның қызады.


 

Дүсірлеген тұяқ дыбысы алыстан, тым алыстан, сонау ғасырлардан сыр шертетіндей. Маңайдағы таулардың назарын аудартып, етектегі өзеннің құлағын шулатып, қарағай, қайың, тал-терек қатарласа өскен қалың орманды толқытып, қара топырақты топырлата басқан құйма тұяқ, құм тұяқты жануарлардың тынысы аптап ыстық құмның лебіндей сезіліп, шыңдарға өрмелеген ақ қар, көк мұзды ерітетіндей. Айналамдағы адамдардың бәрі де арқаланып, қиқуға қиқу қосып жатыр. Тіпті, өздерін ұмытқандай кейіпте ат тұяғының қызуына еріп кетердей, көтерілген шаңды кеуделей шапқан жүйріктермен қатарласа шабардай. Жұрттың лепірген көңілін тұяқтың дүрсілі үстемелей түседі. Жалын иесіне таратып, самал желге сүйдірген жылқы жарықтықтың өзге малдан айырмасы тізгінін қаққан жанның көңілін білетінінде болса керек. Жанашыр басиесінің артқан сенімін ақтау үшін барын салып, топ жүйріктің ішінен оза шабуды артық көреді.


 

Мәренің тұсынан өтіп кеткен жүйріктер бір бұрылысқа айналғанда Жайдақбұлақтың ақсақалы Шәріпбай әкеме қарата:

– Жіңішке қарагерді таныдың ба?! – деп екіұштылау сұрақ қойып, жауабын өзі берді. – Сен білмейтін шығарсың, оқу оқып, қалада көп жүрдің ғой... Осы қарагер әкең жылқыны өткізетін жылы тай болатын. Кейін Көшербай қойға ауысқан соң мінді. Онда құнаншығар. Дөненінде ауыл арасының бәйгесіне қосқан. Енді, міне сен жаратқан жиреннен қалуды намыс көріп барады.

– Солай ма?! – әкемнің ойлы жанары жарқ ете қалды. Жаңағы алаң көңілі сап тиылып, жүйріктер кеткен жаққа қуана қарайды.


 

Ақыры алты айналым бойы қатарласа, бәйгеге түскен өзге қылқұйрықтан оқ бойы оза шапқан қос жүйрік мәреге де бірге келді. Тек мәре сызығынан басы оза өткен қарагерді төрешілер бірінші келді деп есептеп, үзеңгі қағыстыра келген құлажиренге екінші орын бұйырды. Жүлде алған алғашқы бәйгесі болғандықтан шығар өзгеге көңіл аудармаған әкем бәйгеге берген 10 сом мен домбыраны қолтықтай келіп, атқа шапқан баланы тік көтеріп әкетті. Сосын жабулаған жиренді маған жетелетіп, жүгірте жөнелді. Бөкен желіспен еңіске қарата тізгінді сүйрей бердім. Біртіндеп адымы қысқара берген құлажирен ара-тұра тәлтіректеп қалады. Кішігірім төбешікті бір айналып, кері қайтқанымда алдымнан қарала атты Жұмаділ шығып тізгінді алды. Арты қушиған жиренді қурайдың жапырағымен қамшылап, ілесіп келем. Дабырласқан көпшіліктен бөлініп шыққан әкем ақшаны бәйгеге шапқан балаға атағанын айтып, маған домбыраны ұстата берді. Қуанышы қойнына сыймай тұрғаны білінеді. Мені ат үстінен мінгестіре салды да, құйрығы түйілген жиренге ентелей берді. Қарсы кездескен Кеңсудің үлкен-кішісі құтты болсын айтып жатыр. Бәрімен қауқылдаса сөйлескен әкемнің қуаныштан марқайғаны, шаттағаны анық білінеді.


 

Сол түні құлажиреннің жабуы таңға шешілмеді...


 

 

* * *


 

Алғашқы бәйгеден жүлделі оралған соң әкем құлажиренді баптауын тоқтатпады. Таңғы бір қараңғы, бір жарықта тоқыммен міне салып, Кеңсудың тастай суына суғарып, өзеннің ортасына дейін жалдап тұрады. Ондағысы жұлдыз жиреннің аяғына түскен жем, қылтың-сылтыңды суық сорып тастасын деген желеу. Әйтпесе, күнұзақ қорадан шықпайтын жиреннің аяғына қайдан жем түссін?! Өзі анда-санда мінгені болмаса жоны жұнттай болған жүйрік жанына торсық байлатпайтын күйге жеткен. Үзеңгіге аяқ салсаң ала жөнеледі. Қараңғы қорада құрғақ шөп пен сұлы жеп тұрған жиреннің іші әбден пысқан.


 

Бір күні сабақтан келсем қораның есігі қисайып, құлап жатыр, жирен есік алдына ілінген кірді иіскелеп, сарғая бастаған көк шөпке жайылып жүр. Әкемнің: «Көк тістетпе!» – деген сөзі есіме түсіп, шошып кеттім. Құраулап жүгірген мені көрген жирен құйрығын көтеріп алды. Енді ұстатпайтыны белгілі.


 

Кітап толы сөмкемді есіктен ішке атқан күйі шылбырын сүйреткен жиреннің артынан түстім. Сарқыраған Кеңсу өзенінің бойына орналасқан ауылды қақ жарып жатқан жолмен еңіске қарай шапқылай жөнелген жүйрік құлағын тікірейтіп, шолақ жалы мен құйрығын желбіретіп алған. Далақтап жүгіре, жүгіре әбден шаршадым. Ақыры ең шеткі үйдің тұсындағы қалың көкке бас қойған жиреннің шұбап жатқан шылбырына қолым тиді. Саумалдай тартып, жинаулы көңнің үстіне шығып, қарғығаным сол еді, орнынан атырыла жөнелді. Жөндеп те тақым қыспаған күйімде бір жағыма қисая бердім. Шалқалай жығылған менің басыма келіп, шашымды ернімен жыбырлатқан жиреннің қылығы қызық еді. Бала секілді ойнағысы келеді. Енді мініп оңдырмасымды ұғып, жаяу жетелей бердім.


 

Көшені бойлай үйге жетсем есік алдында тұрған әкем:

– Аттың бабын құрттың ғой, – деп дүңк етті. Содан бастап жиренді баптауын күрт тоқтатқан әкем өзі мінетін болды. Сонда да болса ұзақ шабысты тілейтін жиреннің табаны қызып, алыстан естілген дүбірге елеңдеп қалатын. Көбіне түскі шәйға келгенде есік алдына қаңтарылатын оның тықыршуы көп. Көшеден өткен әрбір тақ тұяқтының тықылына алаңдайды. Қорадан алыстағалы бері жиренді сылап-сипауды, жемдеуді, суғаруды әкем өзі атқаратын. Қорадағы қара сиыр мен қоңыр бұзауды уақытымен суғарып, шөбін салу менің еншімде. Күніне біруақ қи шығарып, жемдеген соң үймектің төбесіне жатып алып, кітап оқимын. Онда да шиеленіскен уақиғалы қазақ ертегілері бас алдырмайды. Ара-тұра қалың журналдарды парақтаймын.


 

Жаздың қызығы таусылып, күздің күрең күндері басталған шақта әкем кешкісін көрші Жайдақбұлақ ауылына жұмсады. Онда да жирен атпен жетуді табыстады. Өзі трактормен барып, малға қажетті қоспажемді тиетеді. Мен салт атпен әкетуім керек. Неге жалғыз жұмсағанына көңіл аудармаған күйі алып-ұшқан күйде айтқанын қоштай бердім.


 

Кеңсудің аяғындағы ағаш көпірден өткен соң қабаққа төтелеп шығатын жалғызаяқ соқпақ бар. Дәл жанында қайнар бастаудан пайда болған көлшік жатыр. Ауыл балаларының арасында сол көлшік туралы: «Тартпа су екен...» деген үрейге толы сөз айтылады. Соқпақпен өрге салдыртып шыққанымда күн ұясына кіріп, етекке қаракөлеңке ұялап қалған-ды. Жүрегім атқақтап барады. Өмірімде алғаш рет жалғыз жолға шығып тұрмын. Тұяқ пен тағаның күшінен ойылып түскен соқпақ ойпаңнан көтерілгенде айнала түгел көрінеді. Жайдақбұлақтың жазығында шошайған шилер сап түзеген әскер секілді. Самал тербеген шашағы дулығаның қылындай желбірейді. Әрқайсысының түбінен бір құбыжық тұра келетіндей, байқамасаң бас салатындай. Әсіресе кешкі апақ-сапақтағы сұсты да сұрқия кейіп көңілге секем кіргізіп, оң-солын енді тани бастаған бозбаланың жүрегіне қорқыныш себеді. Астымдағы елеңдеген жирен екі құлағын қайшылай тізгінді сүзеді. Дікілдей басқан әрбір адымы айналама топырлаған тұяқтың даусын толтырады. Тұтамнан асатын жалын бір тарап, тебіне бергенім сол еді тықыршып тұрған жүйрік ала жөнелді. Сол сәтте артымнан жын-шайтандар жабыла қуғандай көрініп кетті. Жүрегім атқақтай соғып, ердің алдыңғы қасына жармасқан қолым қарысып қалды. Қамшы салдыруды ар көретін жирен атқан оқтай заулады. Бұрылсам жүзі жиіркенішті жезтырнақ, шашы жалбыраған жалмауыз, ешкі тұяқ әзәзіл бас салатындай, артқа тұрмақ жаныма қарауға батпаймын. Әйтеуір қолымдағы қырғыз өрім қамшы мен арындаған арғымақ жирен көңіл жұбатардай. Сонда да болса тарсылдаған көп тұяқтың үні құлақтан кетер емес. Кенет бүкіл денесі сағаттай сартылдап, тынысы біркелкі шығып, тұла бойын толықтай билеп шапқан жиреннің қамыс құлағына көзім түсіп кетті де, желбіреген кекілдің үстінен зулай, бұлдыраған қара жолға қарап өзімнің есейіп бара жатқанымды сездім. Күзгі дымқыл ауамен бірге қарсы алдымнан ағылғандай көрінер өмірдің қиындықтары, ауыртпалықтары қақ маңдайдан соғылғандай, оларды астымда ат барда оп-оңай еңсеретіндеймін. Бір сәтке тоқтаусыз шаба бергім келді. Бойындағы күш-қуаты арындаған жирен ұзақ шабыс, алыс жол тілейтіндей. Алайда әрбір басқан қадаммен есейе түсетінімді ойлағанда бойды буған үрей жайына қалды; өмірдің ащысы мен тұщысы, ата мен бала, әке мен ана, жүйрік жылқы, құсбегілік, ұшқыр тазы, бес қару секілді тұңғиық ойлар жан-жақтан қаумалап қорқыныш атаулыны ыдыратып жіберді. Жиреннің арынды шабысын аяңға түсірген соң астымдағы атпен анттасқандай едім. Дәл, қолындағы қылышымен, білегіндегі найзасымен, баптап мінген тұлпарымен серттесетін ертегідегі ерлердей егіле отырып жиренге бар сырымды жайғандай, ашылып сөйлескендей, қайта шешілмес бітімге келіскендей күйге түскенім анық. Сондағы айтқаным: «Біздің қолда болсаң қамшыны қатты батырмаймын, өкше қадай тебінбеймін, қолдан жемдеп, судың тұнығын беремін, сұлының сүйрігін, шөптің құнарын саламын», – деген балаң қиял еді.


 

Шағын ауылдың шетіндегі ұзын қораға жеткенімде қараңғы әбден кіріп, мал жайғаған жандардың айғайлай сөйлескен үні естіліп тұрды. Кернейінен қара түтін атқан трактор тырқылдай қораны айналып барады, одан бері де құлағын артқа қайырған тұмақ киген әкем адымдап келеді...


 

Айналаны сұрғылт түс басқан сол кешті әлі күнге ұмыта алар емеспін.


 

 

* * *

Мектептегі сабақты оңай еңсеріп, әрбір пәннің өзіне тән қызығы болатынын сезіне бастаған шақ – қыстың ортасында шешем ауруханаға түсті. Аудандық ауруханадан облыс орталығына әкететін болған соң киім-кешегін алуға келген анамыздың қан-сөлсіз жүзіндегі айырып болмас сезімдерді көргенде әрқайсысымыз әрқилы ойда қалған болармыз; кіші қарындасым мен інім айналып-толғанып, әрнәрсені бір айтып, дабырласуда. Ересек тартқан екеуміздің ойлағанымыз: «Не болады?». Жүзіне бедірейе қарап, сұрағанына жауап бергенімізбен ішіміз алай-дүлей; анамыздың жүрегіне ота жасалатынын үлкендердің күбір-сыбырынан ұғынғандай болғанбыз. Сонда да бізге ештеңе білдірткісі келмеген әкем:


 

– Шешелерің Алматыға барып демалып келсін! Көп болды бауырларына бармағалы, – деді облыс орталығындағы нағашыларымызды меңзегендей. Тура Фурманов көшесінің бойында, «Пионер» дүкенінің жанындағы бесінші қабатта тұратын нағашыларыма жиі болмаса да қатынасып тұратынбыз. Әсіресе, жазда бір-екі күнге барып, балаларымен орысша сөйлесіп, мәре-сәре болушы едік. Соны ойлағанымша болған жоқ, жұқа қабағына тура сызық түскен шешем:

– Сен үйдің үлкенісің ғой, құлыным. Іні-қарындастарыңа өзің бас-көз бол, – деді жанарымен аймалай қарап. – Ыдыс-аяқты жууға көмектесіп, жуындыны итке өзің құйып тұр. Жігіт болып қалдың, қарындасың әлі кішкене, бойы анау – қып-қысқа. Ауыр көтертпе! Сабақтарыңды жақсы оқып, тамақтарыңды ішіп, шуламай, алыспай, үйді бастарыңа көтермей, тыныш отырыңдар, көршілерден ұят болар...


 

Үлкен қарындасым екеумізге кезек-кезек көз салып, тағы да басқа тапсырмалар берген шешем ақырында маңдайымыздан иіскеп, құшағына қысты. Жүзінен төгілген мейірімге оранып, мөлтілдеп тұрған тамшы жасын білдірмей, төрт баласын кезек-кезек құшақтайды, жанарын жұмып, іштей еміренеді. Сабағымды сылтауратып, қолтығынан сытылып шыққан күйі өзім жататын бөлмеге кеттім. Ортадағы жалғыз диванға қисайып, ұйқыға бас қоймақпын. Бас жағымдағы арлан қасқырдың құйрығы жерге сүйретіліп жатыр. Тура құлақтың түбінен тиген оқтың ізі ұйпаланған күйінде. Сүйір тұмсығынан керегенің басына ілінген теріні әкемнің өзі атып алғанын бізге мақтанышпен айтатын. Алғаш әкелгенде қорқынышты көрінетін, түнде тіріліп кететіндей, содан мені бас салатындай елестеп, кей түндері бастырылып та қалатынмын. Бірақ уақыт өте келе тырнақтарын біртіндеп кесіп алып, сұрағандарға бергелі қорықпайтын болғам. Сонда да болса көз алдымда тұрған көкшулан теріге қарап жатып ұйқыға кету әдетке айналыпты. Әрбір талының қайраттылығына, қарасұр қылшығының ұзындығына қараудан көз талғанда қалғып кетсем керек, бір жып-жылы алақан шашымнан сипап өтіп, бетімнен өбіп алды. Аз күнде маңдайына әжім түсіп, жүзіне уайым тұнған шешемді бірден білдім. Бетіме ұзақ қарап тұрып, терең күрсінді де шығып кетті.


 

Сол түні таңға дейін неше оянып, қанша қалғыдым екен?!.


 

Бір қараңғы, бір жарықта дабырлай от жағып, шәй қойған шешемнің шақыруымен ұйқыдан тұрдым. Маужырап, қалғи берсем де шығарып салудың ауыр болатынын сонда сезіндім-ау, деймін...


 

Көңілсіз, сұрқай күндер өтіп жатты. Сабақтан соң қорадағы малды жайғау, отын жарып, көмір кіргізу, күл шығарып, су тасу секілді таусылмайтын тіршіліктің жыбыры-жыбыры әбден мезі еткенде әкем Кеңсу тұрғындарының бірі қонаққа шақырғанын айтты. Кешкісін мал жайғаған соң кіші қарындасымды алдына алып, інімді мінгестіріп, үлкен екеумізді ерткен әкем қонаққа бастады. Кімнің үйі екені есімде жоқ, бірақ ет пен сорпаға тойып, құрт пен шәйға қанғанда үйді бетке алдық. Аппақ қарда аттың алдына бір шығып, артына бір түсіп жүгірген біз сырт көзге біртүрлі көрінетін секілдіміз. Сөйтіп, он шақты күннің ішінде шағын ауылдың әрбір үйінен дәм татып жүрдік. Көшеде әкелі, балалы біздердің бір атқа мінгесе, ересегінің жаяулап жүргенін жақтырмаса керек әкем бір күні тамақты өзі жасады. Қаракесектеп ет турап, күріш басты. Сөйтіп, екі-үш күн үйден шықпай әкемнің асқан етін жеп, сүйегін мүжіп жаттық та қойдық. Ертеңіне сынып жетекшім Клара тәтей:


 

– Өй, сендер көрінбей кеттіңдер ғой?!. Тамақты қайтып жатырсыңдар? – деп жанашырлықпен сұрады. Кейін өзіме таяқ болып тиерін қайдан білейін, әйтеуір, шындықты лақ еткіздім.

– Тамақты әкем жасап жүр.

– Қой, солай ма?! Кеше не іштіңдер?

– Кеспе...


 

Бір күні сабақтан келсем әкем ашулы екен. Сөмкемді мықшия көтерген маған тесірейе қарады.


 

– Үйдегі жаңалықты неге айтасың? Әлде мақтандың ба?!. Одан да сабақ оқу мен мал жайғауды білсеңші...


 

Содан көп ұзамай Кеңсудан көшетін болдық. Шешемнің жүрегіне ота жасаған дәрігерлер: «Жылы жерде тұрыңыздар!» – деп тапсырыпты. Қақаған қыстың ортасы – ақпанда інімді алдына алып, мені мінгестірген ағам Молдаш күрең атымен Жайдақбұлақты кесіп, Меркіні кешіп өтіп, Тоғызбұлаққа бет алды. Әкем екі қызын Кеген арқылы, Шелек ауданының Ащыбұлақ ауылына әкетті.


 

Жұлдыз жиренді содан қайтып көрмедім...


 

 

* * *


 

Жан-жағын қалың ағаш, жүзімдік қоршаған Ащыбұлақ ауылының мектебіне оңай сіңісіп кеттік. Өзінің үстемдігін білдірмек болған құрдастарыммен шекісіп те алғанмын. Жанынан Үлкен Алматы Каналы ағып өтетін ауыл балаларының жазғы ермегі суға шомылу мен балық аулау екен. Алғашында су көрмеген басым ағынды суға батып кете жаздадым. Онда да бір-екі жас үлкен жігіт бетон көпірде қыздырынып жатқан жерімнен кең арнаны керней аққан тау өзеніне лақтырып жіберді. Бұрын соңды ондайды көрмеген басым іштей: «Өлді деген осы шығар» деп ойлағанымша болмады судың қысымы бетіне ығыстырып шығара бастағанын сездім. Артымнан ілесе секірген әлгі екеудің бірі жанымнан төменге ақ көбікті көпіршіп өткенін білем, қолыма іліккен мойынға жармаса бердім. Суға қақала-шашала жағаға жеткен соң ойынның қызығына кіріп кеттік. Кешке өрістен қайтатын баданы күтіп, қайқы мүйіз қара сиырдың құйрығынан ұстап үйге қайтамыз. Күндізгі ыстықтан тершіген кейпімізді су сорып, құс еттеніп кетеді. Сөйтіп, бір жаздың қызығын тауысып, күзгі жүзім жинау науқанына қатыстық. Одан тапқан 3-4 сом табысымызды өзіміз жұмсап, мәз болып қаламыз.


 

Арада жыл өткен қыста шешем төркініне баратынын, қасына екі ұлын ертетінін жеткізді. Демалысқа шыққан інім екеумізге бәрі қызық. Бойы ұзарып, бокс секция барып жүрген ол анамыздың еркесі. Мен әлі күнге атам мен апамның баласымын. Кейде ғана болмаса шешемнің маңдайымнан сүйгенін аса жақтыра қоймаймын. Ауруханадан келгелі жағдайы едәуір жақсарып қалған анамыз операция кезіндегі күйін әңгімелеп отыратын. Бір палатада жатқан жандардың кейбірі қайтып оянбай қалғанын айтқанда кәдімгідей кемсеңдеп, көзі жасаурап шыға келеді. Ұйықтататын дәрі салғандағы әсерін әңгімелеп, бізбен ұзақ сөйлескісі келеді. Бірақ көше кезген бала көңіл қаңғырғысы келеді де тұрады. Суық тигенде, ашуланғанда шешеміз жүрегін ұстап, алқынып қалады. Аяқ-қолы суып, жүрек қағысы жиілеп, тер бұрқ ете қалғанда жанын қоярға жер таппай кететіндей. Ондайда балалары шыр айнала қоршап, ысытқыш резеңкеге қайнаған су құйып, табанына қоямыз. Ұсақ-ұсақ дәрілерін беріп, ұйыған қол-аяғын уқалаймыз. Екі қызының көздері мөлтілдеп, екі ұлының танауы пысылдап, жатаған диванды айналады.


 

...Ұзын «Икарус» автобусы орта жолға келгенде бұзылып қалды. Ақсай ауылынан көп ұзамағынбыз. Бір бүйірін ашып тастап, ақаулы тұсын шұқылаған жүргізушінің жанына үйірілген көпшілікпен інім екеуміз бірге тұрмыз. Шешем қырау қатқан терезенің пердесін ысырған күйі айналаға көз тастауда. Кенет алдымдағы інім қатты қысымнан болған желдің дыбысынан қорқып, артқа атырыла жөнелді. Ұстап үлгермедім. Сол сәтте ысқыра қышқырған дыбысқа қарама-қарсы бағытта келе жатқан «ЗИЛ» көлігінің сигналы қосылып, айналаны азан-қазан қылды. Орнымнан қозғала алмай қалдым. Жар дегенде жалғыз інімді жүк көлігінің арбиған дөңгелегі сүйкей өтті. Зор дауыстан кері атырылған ол менің сары тонымның етегіне бір-ақ жармасты. Қысқа ғана сәтте жыпырлап кеткен ойлардың арасынан шешемнің қуарыңқы жүзі бұлдырай берді. Қолынан жетелей автобусқа кіргенімде жүзі бозарып, аппақ қудай болған анамыз: «Уһ!» – деп күрсінгенін жасыра алмады. Айналасындағы жолаушылардан қысылған болуы керек, аузынан сөз шықпады, әйтпесе...


 

Сол жолы нағашымыздың үйінде бірер күн жаттық. Жиен деп айналып толғанғанымен қызы дегенде шешесі Ақжан апамыздың ықыласы ерекше екендігі анық байқалып қалады. Қайта-қайта маңдайынан сипап, жасаураған көзін сүрте береді. Айтатыны: «Құлдығым, құлдығым...»


 

Кештете жеткен күннің ертеңінде Шырғанақ өзенінің атырабындағы жатаған қораның алдында байлаулы тұрған Құлажирен көзіме бірден түсті. Екі арада жатқан шанжалы қашадан аттап, қалай жетіп барғанымды байқамаппын. Түгі алтындай жылтырап тұратын жиренімнің шоқтығына жауырдан ақ түктің түскені бірден көзге ілінеді. Сарғайған сірке түскен томпиған төсін қасығанымда емірене оқыранды. Аз жылдың ішінде жанарының айналасына әжім түскендей көрініп, маңдайымды жұлдыз төбеліне тақай бердім. Бір сәтке мұңдасқандай, сырласқандай едік. Тұрған сәтінде 7-8 қар басқан жиреннің бойы өспегенімен ширағандай, шыныққандай көрінді.


 

Амал не, екі-үш күн сырттай бақылап жүрген жиренімді кетерде байқай алмадым. Шырғанақ қой совхозының директоры мініп жүргенін, қосылған атжарыстан бәйге алмай келмейтінін ауылдық кеңесте бухгалтер болып жұмыс істейтін Жұмабек нағашым жырдай қылып әңгімелеп берген. Қыстың қыраулы күндерінің бірінде ауылымызға қайттық.


 

Бұл біздің соңғы кездесуіміз еді. Содан бастап, түсімде ғана көретін болдым.


 

Бірде суық тиіп, қатты ауырдым. Таудан есек шанамен отын әкеліп, күні бойы қара тер болғанмын. Кешкісін сұлқ түстім. Шешем қойдың майымен сылап, қалың тонға орап тастады. Ас-су ішуге де шамам келмей құласам керек түннің бір уағында тәтті түс көріп, ояндым.


 

...Айнала аппақ қар екен деймін, қырат қыратты, қолат қолатты нұрлы шапағымен түрткілеп оятқан таңмен таласа әлдеқайда тартып барамын. Астымда қамыс құлағынан бу бұрқыраған құлажирен. Шолақ жалы күннің сәулесімен шағылысып, алтындай жарқырайды. Алдыға үздіккен көңілім тоқтаусыз тарта беретіндей, тоқтай алмайтынымды ұққандаймын...


 

Көзге түртсе көргісіз қараңғыда көрген түсімнің әсерінен айыға алмай жатырмын. Жақсылыққа жору керектігін айтатын атамның ақылымен сергек ойлап, жақсылыққа жорыдым. Мінген ат – көздеген мақсат, алысқа ынтыққан көңіл – тоқтаусыз өмір, жеткізбейтін соқпақ – тұрлаусыз тіршілік. Таңның алтын арайлы шапағы оңғарылған жол.


 

Бүгінде шешемнің бақилық болғанына бір мүшелге толды. Көгерген алқапты, жайқалған шалғынды, сылдыраған өзен ағысын, тынымсыз тіршілікті байқатпайтын жұмыстың жетегімен көп нәрсеге көңіл аудармайтын болдық. Күндер тынымсыз зулап жатыр, аптаның шолақтығы кезек күттірмейді, туған ай туралған еттей, жылдар айға татиды. Қарбаласты күндерде шаршау көп. Сондай шаршаулы түндерде жанға жалау болатыны – түс. Түлкінің боғына баласақ та кей күндері жақсылығы басым болатынын байқап жүрмін.


 

Сондайда ердің алдыңғы қасынан бұлдыраған жирен аттың шолақ жалын көремін...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар