Әдебиет әлемін ағып бара жатқан өзен деп қарайтын болсақ, Ақылбек Шаяхмет сол ағынға қосылып өзен арнасын кеңейтіп келе жатқан қазақ ақындарының бірі.
«Тұңғыш кітаптан» (1977) бастап «Нар қазақ – намысы бар қазаққа» (2016) дейінгі жарық көрген кітаптары қаншама. Оның бәрін тізіп жазбау үшін «Өшпей жалғыз сөз қалар» деген тақырыппен «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті сайтында жарияланған ақын, көсемсөзші-журналист Ақылбек Қожаұлымен болған сұқбаттан үзінді келтіре кетейін.
– Шығармаларыңыз сан қырлы. Өзіңізге қай жанр жақын? – деген тілшінің сұрағына қаламгер:
– Жанр дегенде жас кезімнен серік қыл¬ған өлең бәрінен де жақын. Алайда өлеңге сыймайтын драмалық күрделі си-туациялар туралы қалам тербегенде пьеса¬ларыма, өзекті тақырыпты сөз етерде көсемсөз жанрына жүгінемін, - деп жауап береді. Түсініп отрғандарыңыздай кейіпкерімнің кітаптары бір ғана тақырыппен немесе бір ғана жанрмен шектеліп қалмайды. Балалар әдебиетіне де көңіл аударғанды ұнатады. Көптің тісі бата бермеген «Шешендік өнері» тақырыбында ізденіп алғаш диссертация жазғандардың да бірі осы – Ақылбек Шаяхмет. Тіпті, Тобыл – Торғай өңірінің ескерусіз естен шығып бара жатқан шешендерін түгендеп, атадан қалған асыл сөзді оқырман қауымға тарту еткен де осы – қаламгер болатын. Заманында жазған-сызғанын жинап кітап ете алмаған алаш азаматтарының шығармаларын жинақтап жарыққа шығаруда белсене еңбек етіп келе жатқаны бір бөлек әңгіме. Мұны «іздеушісі жоқ демесін» деген оймен жасалған қазақ әдебиеті үшін жанашырлығы деп түсінген жөн. Айта берсе еңбегі көп жан. 2014 жылы «Алтын қалам» жүлдесіне ие болған «Ыбырайдың өсиеті» атты пьесанның авторы. «Өкініш» атты драмасы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында қойылып қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шыққан болатын. Жыр додасында талай бағаланған өлеңдері бар. Республикалық деңгейде өткізілген жыр мүшәйралардың жеңімпазы. «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері. Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты. «Ана тілі» газетінің лауреаты. А.Байтұрсынов атындағы медальмен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 2007-2008 жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы. Басқа да түрлі байқаулардың жүлдегері. Айта берсе бір басынан асып жығылатын марапат иесі. ҚР-ның мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхметтің осынау шығармашылық жолда жүргеніне биыл жарты ғасыр. Ал бүгін Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының Концерт залында 50 жылдық еңбек пен ізденістің есебі ретінде ақынның кеші өтті. Сондай-ақ бұл кеш жуырда ғана жарық көрген төрт бірдей кітаптың («Сөз», «Голос степи», «Каскалар мен маскалар», «Нар қазақ – намысы бар қазақ») тұсаукесеріне негізделген. Сәйкесінше жиынға келушілер алдымен фойеде кітап көрмесін тамашалады. Келушілер қатарында ақынның тұрақты оқырмандарымен қатар жергілікті қаламгер дос-жараңдары, билік өкілдері болды. Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғарин мен жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік қатысты. Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетұлының кеш иесіне құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жеткізіп, арнайы сыйлық табыстады. Әнші Арыстан Құрманов пен А.Шаяхметтің немересі Бекзат Ақылбек ақын сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар жылы лебіздерін айтты. Алғаш сөз алған құрметті қонақтардың бірі танымал жазушы Төлен Әбдік болды.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.