Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Дарабоз-2016» байқауының жеңімпаздары белгілі бол...

08.06.2016 4411

«Дарабоз-2016» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

«Дарабоз-2016» байқауының жеңімпаздары белгілі болды - adebiportal.kz


дарабоз.jpg


Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауы биыл  ХІ рет ұйымдастырылып, бүгін Алматы қаласында қорытындысы жария етілді. Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасында өткен қорытынды кешке «Дарабоз» байқауының бас демеушісі, белгілі меценат Бауыржан Оспанов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және тағы басқа құрметті қонақтар қатысты.


Айта кетейік, 11 жыл ішінде «Дарабозға» 4400-ден астам шығарма келіп түскен екен. Белгілі балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлының өтінішімен іске асырылған бұл бастама осылайша қазақ балалар әдебиетінің жаңа дәуірде жаңаша сипат алуына жол ашып беріп отыр.


дарабоз...jpg


Биылғы «Дарабозға» үш жүзден астам шығарма келіп түсті. Байқауға мектеп жасындағы балалардан бастап, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдеріне дейін қатысты.


Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша, «Дарабоз»-2016 әдеби байқауының бас жүлдесі «Ілияс мінген қарагер» әңгімесінің авторы, жазушы Әбділдәбек Салықбайға табыс етілді. Жеңімпазға 1 миллион теңге, арнайы диплом және мүсінше табыс етілді. Әңгіме жыр Құлагері Ілияс Жансүгіровтың балалық шағынан сыр шертеді. Бала Ілиястың ақын Әсетке алғаш жолығып, өтініш айтуы, ақын әндеріндегі кейбір жолдарға тереңірек үңілуге тырысқаны әдемі суреттелген.


Бірінші жүлде Нұрбек Нұржан есімді жас қаламгерге бұйырды. Ол ұсынған «Аспанға ғашық құс бала» әңгімесі кейіпкерінің ерекше ойымен, қиялшылдығымен тарта түседі.


Екінші жүлде қостанайлық ақын Ақылбек Шаяхметтің еншісіне тиді. Қаламгер бұл байқауға «Ақылды хан» балладасын ұсыныпты. Балладада Ғұн патшасы Мөденің тарихта қалған ерлігі балаларға ұғынықты тілмен жеткізілген.


Ал үшінші жүлде «Беймезгіл үзілген жапырақ» әңгімесін ұсынған Мәркиза Базарбайқызына табыс етілді. Шығарма Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан өмірінен сыр шертеді.


Айта кетейік, «Балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін» атты арнайы жүлде қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Қастек Баянбайға берілді. 


adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар