Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
М. Мырзахметов: батыс әдебиеті Абайдың дүниетанымына әсер ете алған жоқ

10.12.2015 557

М. Мырзахметов: батыс әдебиеті Абайдың дүниетанымына әсер ете алған жоқ



– Мекемтас аға, Абайды зерттеуге қалай келдіңіз?
– Мен Абайға кездейсоқ келген адаммын. Абайды мектепте оқып жарытпаған едік. Институтта енді өтейін деп жатқанымызда академик Қажым Жұмалиевті айдап жіберіп, біз тағы да Абайды танусыз қалдық. Аспирантураға келгенімде Қажым Жұмалиев айдау­дан қайтып келді де, менің Абайға бұрылуыма ықпал етті. Сабақта Абай туралы сұрақтарға жақсы жауап берген болуым керек, маған осы тақырыпты бекітіп берді. Басында қиынсынып алмай, жоламай жүрдім. Бірақ амалсыз таңдауыма тура келді. «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырып аясында жұмыс істеп, 75 жылда Абайды қалай танығанымыз турасында зерттеулер жүргізе бастадым. Ол үшін латын жазуын білуім керек болды. Оны да бірдеңе етіп меңгердім. 1965 жылы бірінші рет Абайдың толық библиографиялық көрсеткішін шығардым. Диссертация қорғауым алты жарым сағатқа созылды. Үлкен айтыс-тартыс болды. Сөйлеген 18 адамның 11-і қарсы сөйлеп, 7 адам құптады. Несін айтайын, алғашында құлағаныммен кейіннен қайтадан қорғап шықтым ғой. Диссертациялық жұмысымда 1889-1965 жылдар аралығындағы Абай мұрасының зерттелуін қарастырдым. Көптеген мұрағаттарды ақтардым. Қазіргі докторлар 100-120 бет жазса, ол кезде 300 бет жазуға тиіс болатынсың. Қатты кірісіп кеткенім сондай, мен 400 бет жазып қойып, Қажекеңнің «Мені өлтірейін деп пе едің?» деп ұрысқаны бар. Содан 100 беттейін қысқартып, әрең дегенде 300 бетке сыйдырғанмын. 
– Ол кездегі қоғам Абайды қалай бағалаушы еді?
– Ол өте қиын жылдар еді. Революцияға дейін қазақ зиялылары Абайды жақсы насихаттап келе жатты. Абай қайтыс болысымен-ақ оның ақын шәкірттері Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағын баспасөзде жариялауға кірісіп кетті. Әлихан Бөкейханов пен Кәкітай Ысқақұлы ең алғаш Абайдың өмірбаяны мен ақындық өнердегі басты ерекшеліктерін саралап көрсетті. «Қазақ» газеті Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына орай, Абайдың өмірі мен ақындық өнерін таныту мақсатында ертерек қамданып, мақалалар циклын жазуды қолға алады. Ал, Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының жариялануы абайтану тарихындағы елеулі құбылыс болды. А.Байтұрсынов Абай мұрасын исі қазақтың танып, білуі керектігі жөнінде де кеңінен айтты. Абайдың тұңғыш басылым көрген өлеңдер жинағынан кейін бұрын жарияланып танылмаған бір топ өлеңдерін 1916 жылы Орынбор қаласында Самат Әбішұлы «Абай термесі» деген атпен басып шығарды. Абайдың жеті өлеңі мен бір қара сөзінен құрастырылған бұл кітапты Абайдың Қазан төңкерісіне дейін жарияланған екінші жинағы десек те болады.  Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1918 жылы Семей қаласында «Абай» деген журнал жарық көре бастады. Онда «Екеу» деген бүркеншік атпен Абай өмірі мен шығармашылығы жайында зерттеу мақалалар жазған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов сол кездегі абайтану тарихында ерекшеленіп шықты.  Ол журналдың 12 нөмірі шыққаннан кейін «ұлтшыл» деген айып тағылып, жабылып қалды. 1922 жылы Абайдың 1909 жылы жарық көрген шығармалары Ташкентте және Қазан қаласында қайта басылып шықты. Одан кейін Абай туралы көптеген мақалалар шыға бастады. 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Сәбит Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген мақаласы жарық көрді.  Осы мақаладан кейін-ақ ұлы ақын мұрасын танып бағалау, таныту жолындағы ой-пікірлер бір-біріне қарама-қарсы бағытта дами бастады. Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлихановтарға да түрлі пікірлер айтыла бастады. Үлкен айтыс туындап, «Абайтану» екіге жарылды. Ілияс Қабылов деген кісі «Абайды қазақ қоғамына танытуға болмайды, ол кертартпа, көзқарасы дұрыс емес. Абаизм­мен бүкіл Қазақстанның барлық ұйымдары күресуі керек» деп ұран тас­тады. Оны жақтағандар да, Абайды қорғағандар да болды. Екі жақты үлкен айтыстар орын алды. 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толғаннан кейін құрметті қаулы шығып, Абайдың кітабы басылып шықты. Сол жылы Мұхтар Әуезов Абайдың толық шығармалар жинағын шығарды. Бір журнал түгелдей Абайға арналды. Ондағы дені сау мақала Мұхтар Әуезов пен Құдайберген Жұбановтың мақаласы болатын. Басқа мақалалардың барлығы «Абай – феодал, буржуа­зияшыл» деген мағынада болған екен. 1934-1940 жылдар аралығында Кеңес одағында 19 млн. 840 мың адам ұсталды. Соның 7 миллионы бір жылда атылды. Атылғандардың барлығы халықтың бетіндегі қаймақтары еді. Солай 1939-1940 жылдар келді. Абайдың туғанына 95 жыл толды. Сол жылдардан бастап Мұхтар Әуезов Абай туралы роман жаза бастады. «Абай жолының» алғашқы атауы «Шығыс пен Батысты қатар емген» деген мағынада «Телғара» болатын. Ұзақ уақыт материал жинап, Абайдың өмірбаянын Мұхтар Әуезов төрт рет жазды. Негізі, Мұхаңның ойында Абылай ханды жазу болған екен. Бірақ, сол кездегі саясатқа байланысты Абылай ханды жазуға болмай, Абайға қарай бұрылып кеткен. 1940 жылы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романының бір тарауы – «Татьянаның қырдағы әнін» газетке жариялады. Жұрт жаппай оқыды. Роман шыққанда Бауыржан Момышұлы оған «Сені әдебиеттің полковнигі деп атаймын. Есейген Абайды білуші едім, бала Абайды білмеппін» деп хат жазды. Соғыстан кейін 1945 жылы Абайдың жүз жылдығы тойланды. Академиялық шығармалар жинағы жарық көрді. Бірінші рет Абайдан докторлық диссертацияны Қажым Жұмалиев қорғады. 1951 жылы Кенесарыға баға беру туралы қазақ қоғамы қайтадан екіге жарылып, бірімен бірі айтысқа көшті. Біз ол кезде екінші курста оқитын едік. Сол жылдары Қайым Мұхамедхановтың Абай туралы диссертация қорғағанын көзіммен көрдім. Бәрі жаппай сөйлеп жатыр. Орысша сөйлейді. Біз шала-шарпы ғана түсінеміз. Шыққаннан кейін ұстазым: «Қорғадық қой, әйтеуір», – деді. Бір дауыс артық болып қана қорғап шықты. Қорғағаннан кейін бір ай өтпей жатып «халық жауы» атанып айдалып кетті. Абай туралы өз кезегімен жазылып, айтылып жатты. Аспирантураға келгеннен кейін ойда-жоқта Абайға келдім. Абайдан диссертация, докторлық қорғадым. Мемлекеттік сыйлықтың да, Халықаралық  сыйлықтың да лауреаты болдым.  Абайдың бүкіл жазғандарын  жинасақ, он том болыпты. Соны он том етіп, баспаға беріп жібердік. Тарихта бірінші рет сондай көлемді дүние шықты. Ол кейіннен толықтырылып, он бір том болып қайта жарық көрді.  Сүбелі туындыға «Абайтану деректерінің дерек көздері» деген тақырып қойдым. Ол сан жағынан да, сапасы жағынан да бірінші орында тұрды. 
"Аңыз адам" журналынан

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар