Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жанболат Башар: «Елім-ай» деп еңіреген тау тұлға...

22.06.2016 4298

Жанболат Башар: «Елім-ай» деп еңіреген тау тұлға

Жанболат Башар: «Елім-ай» деп еңіреген тау тұлға - adebiportal.kz


софы.jpg

Әдебиет әлеміне өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Астана оттары» атты өлеңдер мен балладалардан құралған жыр жинағымен келіп қосылған Софы Сматаев, табиғат берген ерекше талантымен жарқырап көрінген жазушы. Содан бергі аралықта қасиетті сөз өнеріне деген құштарлығы бір сәтте бәсеңдемеген Софы ағамыз, оқырман жүрегін эстетикалық ләззатқа бөлейтін тамаша туындылар жазды. Оның прозасы да,поэзиясы да, драмасы да сан қырлы. Солардың ішінде ерекше көз тартатын, шоқтығы биігі — «Елім-ай» роман-трилолгиясы. Қалың оқырманның риясыз көңілінен шыққан бұл туынды қазақ елі басынан өткерген «Ақтабан шұбырынды-алакөл сұлама» кезеңін сезімтал суреткерлікпен көз алдыңнан өткізіп,ғажайып әсерге, зор сүйіспеншілікке бөлейді. Кезінде «Елім-ай» трилологиясын оқып шыққан Дінмұхамед Қонаев Софы Сматаевқа: «Мұхаңның «Абай жолынан» кейін сондай кесек туындылар жазылмай кетті деп аузымызды қу шөппен сүртіп келдік қой.


Халқым! Елім!» дейтін жүрегіңді таныдым, таптым ұлым.Ұлым дегенімді дұрыс ұқ, Софы-жан.


Тарихқа адалдық сендерде, жазушыларда болғаны қандай жақсы. Мұхаң, Есенберлин енді сен қазағымның жоқтаушыларысыңдар. Іздедіңдер —таптыңдар» деген екен үлкен аталық мейіріммен.


Ұлтымен қоса жасасып келе жатқан «Елім-ай» атты тарихи туындының жарық көргеніне де қырық жылдан асыпты. Содан бері бұл кітап милиондаған қазақ жастарын отаншылдыққа, ізгілікке, ұлтын сүюге баулыйтын рухани байлықтың қайнарына айналды. Шын мәнінде «Елім-ай» кесек туынды, сойы бөлек шығарма, мұнда мұқым қазақтың зары айтылып, тағдыры жырланады, елдікті сақтаудың қаншалықты қасиетті, қастерлі екені шеберлікпен әдіптеледі.


Софы Сматаев ағамыздың шығармаларына және жазушының өмір өткелдеріне үңілген сайын оны әділдіктің жоқшысындай сезінесің. Ол өзін туған елінен оқшау ұстаған емес. Оның барлық жазған-сызғаны ұлты туралы,ұлтының тағдыры, ұлтының мақсат-мұраты туралы. Елінің табанына батқан шөңге оның жүрегіне найзадай қадалған кездер аз болмаған. Кешегі желтоқсан кезінде С. Сматаев ОК жендеті Колбинің алдында тайсақтамай қазақ жастарына ара түскен адам. Бұл жөнінде белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев бір естелінгінде: «1986 жылғы желтоқсанда «Брежнев алаңында орын алған оқиғадан жұртшылық хабардар Мәскеуден нөкерімен келген «интернационалист» Соломенцев Қазақстан Компартиясы бюро мүшелері — қазақтарды кіреберісте қалдырып, қазақ жастары қозғалысын қалай басуды сөз қылуға жергілікті шовинистерді ғана жинап алады. Кенет, үлкен құзырлы өкіл бір пікірге келсе керек, қазақтарды да ішке шақырады. Насихат бөлімінің меңгерушісі Альберт Устинов Колбин қарсысындағы столдың бір жағында отырады да өзге тұсын ұлт қатынастары секторының қызметкері Софы Сматаевқа ұсынады... Сөйтсе сырттағы дүбірді басу үшін орталық комитет атынан орысша, қазақша үндеу жазу керек екен. Сонда Сматаев қазақша «Айналайын балаларым...» деп басталатын үндеудің мәтінін бұрын бітіріп, оны Колбинге орысша аударып бергенде бірінші хатшы: «Какие они милые!» — деп қазақша мәтінді лақтырып тастап Устиновтың жазғанын: Сен осыны қазқақшаға аудар! - дейді.


Үндеудің бірінші жолы «Казахский махровый национализм» (Қазақтың қараниет ұлтшылдығы...) деп басталады екен. Осы тұсқа келгенде Софы атып тұрып, Колбинге бұрылып, — махровый шовинизм исі аңқыған үндеуді аудармаймын! - деп құзырлы кабинеттен шығып кетеді» /Қалмұқан Исабаев «Шенеуніктер ішіндегі жалғыз жазушы» / мақаласынан.


Көріп отырғандарыңыздай сол заманда қылышықнан қан тамған қасаң билікке осылайша қарсы келу, қылпып тұрған ұстараны ұстаумен тең еді. Софы ағам соған жасқанбай барған, намысын қалқан етіп, арын жалау етіп Алашына ара түскен. Софы Сматаев осы әрекетімен Қазақ жерінің бөлшектенуіне жол бермей, ұлы орыстық шовинистік өктемдікке қарсы шыққан Жұмабек Тәшеновтың ерлігін қайталап, елі үшін отқа түсуден шегінбейтін ердің сойы екенін танытты. Осының бәрі оның ішкі азаматтық рухының биіктігі. Кісілік келбеті. Тасаға тығылмайтын тау тұлғалы асқақтығы. Софы ағам жағымпаздық пен жанторсық мінезді жаны қаламайтын жан.Мұны оның шығармаларынан да көреміз. Ол өзінің өлеңдерінде екі жүзділікті, аярлықты:


«Жарамсақпыз,

тілмен қорған жасап,

Төбемізге төменді қондырамыз.

Құдайсызды құдай ғып,қолдан жасап,

Жан сақтаумен кімді біз оңдырамыз?» - деп аяусыз түйрейді.


Әділдік деген Аллаһтың тоқсан тоғыз көркем атының бірі, адам Аллаға мұқтаж, яғни әділдікке мұқтаж дейміз, себебі әділдік — ізгіліктің ірге тасы. Алайда, қоғамды іштей мүжитін, теңдік бермейтін өмірдің басқа қырлары бар. Оған жоғарыдағы жағдайлар дәлел. Заман өзгеріп, уақыт озған сайын сайын әділдік те өзгеріп отыратын сыңайлы. Себебі, әр заманның ұғымға әр басқа, «әр заманға бір шұрқылтай» деген. Яғни, қатып қалған әділдік жоқ болғаны. Бәріміз де білеміз 86 жылғы Желтоқсан көтерілісінің зорлықшыл, әміршіл жүйеге — әділетсіздікке қарсы болғанын. Бірақ сол уақытта Колбиннің сөзін сөйлеген, соны «әділдік» деп ұққан қазақтың белгілі азаматтары болды ғой. Жағымпаздық пен жарамсақтық қай заманда да болған, бола береді. Тіпті, баяғы 32 жылы қазақтың басына аштықтың қара бұлты үйіріліп, әлеуметтік әділетсіздік дендеп келе жатқанда қазаққа ара түсудің орнына Голощекиннің сойылын соққан қазақтар болды ма!? Болды. Сондықтан отаншылдық пен билікшілдікті шатыстырмаған ләзім.


Отан – ел мен жер, оның тілі мен мәдениеті, тарихы. Әлеуметке әділдік әкелетін заң ғана, үстемдік құруы керек. Бірақ өмірде олай бола бермейді. Софы Сматаев қай тақырыпқа қалам тербесе де ұлтын ұлықтап, халқын қадірлеуді алға шығарады. Әділдікті жырлайды. Тарихын дәріптеп, тілін әспеттейді. Ойға, мұңға бастаса да сол биіктен, сол тұғырдан төмендемейді. Оның шығармаларында жасандылық жоқ. Не айтсада қазып айтады, жүрегінің сөзін маржандай тізіп, оқырманын қанатына ілестіріп,баурап әкетеді. Оны тебіренбей,толқымай оқу мүмкін емес...


«Пәк жүрегім шошимын, кірлеген бе? Тозақ оты дуылдап тұр денемде.» - деп арына дақ түсірмеуге, қара орман халқын ренжітпеуге деген арда тілектен жаңылмайды.


С.Сматаевтың «Мұңлы ойлар» кітабы философиялық үрдісте жазылған шығарма. Мұнда адам пақырдың арсыз дүниеге алданып ұяттан баз кешуі секілді қоғамның асқынған індетін, әділетсіздік пен имансыздықтың құрбаны болған жетім мен жесірдің зар мұңын, құлқынның құлы,қарынның ұлы болған шенділерді қарауылға алып, ар сотына тастайды. «Ұят кімде болса—иман сонда, Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деген хакім Абайша кестелі ой толғап, кеспірсіз қоғамға ашынып мұңға батады.


С.Сматаев драматургия саласында да жемісті тер төкті. Оның қаламынан туған пьесалары Қазақстанның оннан астам театрларында қойылды.Сондай ақ, Қазан, Нүкіс қалаларында да сахналанды. «Алтын құндақ», «Тағдыр», «Далам-ай—панам-ай!» пьесалары Алматы, Семей, Атырау, Шымкент қалаларында ұзақ жылдар бойы сахнадан түспей көрермен көңілінен орын алды.Өкінішке орай автордың қойылымдары қазір бұрынғыдай сахналана бермейді. Жекелеген пьесалары Пішкекте тағы басқа көршілес елдердің театрларында бар. Көз қарықты көрермен білуге тиіс С. Сматаевтың либреттосы бойынша сахналанған «Жұмбақ қыз» операсы Абай атындағы опера және балет театрында, ертерек жылдары табыспен қойылған болатын.


Софы ағам үш бағытта толасыз тер төккен танымал сөз зергері, адуын ақын. Оның өлеңмен жазылған «Жарылғап батыр» туралы романы және Әз Жәнібек ханның уәзірі болған қасиетті Мейрамсопы бабамыз бен Қаракесектің ұранына айналған қасиетті Қарқабат анамыз туралы «Мейрамсопы — Қарқабат» атты сыр-дастаны көркемдігімен, тілінің өткірлігімен ерекшеленеді. Жалпы Софы Сматаев шығармалары туралы кең көлемді зерттеулер болашақтың ісі,ал жазушының тау тұлғасы туған халқымен бірге жасап,жыл озған сайын зорая бермек.


Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне ұшан-теңіз еңбек сіңірген: кесек те, кемел жазушы,сөз зергері, арқалы ақын, талантты суреткер Софы Сматаев ағама шалқар шабыт, мықты денсаулық тілеймін! Жазары көп, өмірі ұзақ болғай!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар