Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА: Серікбол Хасанның өлеңдеріне айт...

07.07.2016 4434

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА: Серікбол Хасанның өлеңдеріне айтар уәжіміз бар...

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА: Серікбол Хасанның өлеңдеріне айтар уәжіміз бар... - adebiportal.kz


кос акын.png

                            Алпамыс Файзолла                                                                                              Серікбол Хасан



Серікбол Хасанның қолыма тиген бір топ өлеңдерін қайта-қайта оқып шықтым. Баса айтқым келетіні, оның өлеңдері қазіргі қазақ поэзиясында жиі кездесетін сары уайымға салынудан, қайғы-мұң мен тұңғиық құсаға берілуден ада. Алайда жүректі шым еткізіп, ерекше бір күйге бөлейтін тосын түйіндер мен тапқыр теңеулер баршылық. Мысалы, «Кәусар жыр» атты өлеңдегі мына тармақтарды оқып көріңіз:


...Өлең үшін өртенбеймін, өлмеймін,

Кәусар жырға шомыламын тынбастан...

...Өлең менің өмірім ғой, ол дағы,

Оралмайтын құлын шағын аңсап жүр...

...Кәусар жырға сен де шомыл, себебі,

Қайғы-мұңнан бір серпіліп қаласың...


Байқадыңыз ба, автор өлеңді іштегі шерді жайып салу үшін емес, керісінше іштегі шерден арылу үшін жазады екен. Өлеңдерін оқып отырған оқырманның мұңын қоздатуды емес, қайта шерін ұмыттырып, жан дүниесін сөз өнері арқылы рахат бір күйге бөлеуді мақсат етуі қуантады. Өйткені, қазіргі оқырмандар қаламгерлерден осындай шығармаларды күтетінін жиі айтып жүр.


С. Хасанның шығармашылығында жан тебірентіп, жүрек елжіретер ұтқыр ойлар мен нәзік сезім иірімдері көп деп айта аламыз. «Ол кезде» атты өлеңінде «Әлдебір шырынға шөлдеймін, Біреуді іздеймін тынбастан» деген тармақтары арқылы арманындағы аруды күтіп, болашақ жарын іздеп, көңілі алабұртып жүрген жас жігіттің ішкі жай-күйін дөп басқан. Ал «Армандағы ару» деген өлеңін автор:


...Ару қыз армандағы, иіскетші маңдайыңнан,

Өзіңнен бұдан басқа ештеңе сұрамаймын, –


деп аяқтайды. Осы өлең жолдарынан-ақ ақынның пәк сезімі, жүрек лүпілі, жан тазалығы көрінеді. Өйткені, мұнда қолы жетпейтінін білсе де, сүйген адамына тек жақсылық тілеген мейірім мен жылылық лебі еседі.


«Бәрі де өзгерген...» деген өлеңдегі мына шумақты оқып көріңізші:


...Бәрі де өзгерген... тәтті үнің,

Жоғалып қалғандай нақ бүгін.

Қап-қара жанардың оты өшкен,

Жарыңа сыйланып пәктігің.


Мұнда автор әйел атаулының қыз кезіндегі қысқа ғана қызғалдақ ғұмырын өзіндік өлең өрнегімен кестелей білген. Ал «Көкешім» атты өлеңінде С. Хасан өзін ұнатқан қызға жаман ойы жоқ екенін айта келе: «Кім білген, сен шығар, көкешім, Атақты ақынның анасы» деп түйеді. Бұл да жүрекке әлдебір жылылық ұялататын өлең жолдары.


Дегенмен, Серікбол Хасанның кей өлеңдеріне оқырман әрі замандас ретінде айтар уәжіміз бар. Мәселен, «Хат», «Сары қыз» сияқты өлеңдер көркемдік әдіс-тәсілдерден ада, құрғақ сөзбен жазылған. Сонымен қатар, кей өлеңдерінде сөз саптауында қателіктер кездеседі. Мысалы, «Сені іздедім» атты өлеңінде «Қарулы аяз жанымды шаршатқанда...» деген тармақ бар. Біріншіден, «аяз» деген сөзге «қарулы» деген эпитетті қолдану орынсыз. Екіншіден, адамның жаны шаршамайды ғой. Адамның тәні, яки, денесі шаршайды. Ал жан ауырады. Бұдан ақынның кейде ұйқас қуалайтыны байқалады. Аталмыш өлеңдегі «Құстар сайрап, жер жібіп... жылығанда...» деген тармақта да тура осындай олқылық бар. Яғни, «жылығанда» деген сөздің алдына ақын «күн» деген сөзді сыйдыра алмағандықтан, көп нүкте қойған сияқты. Меніңше, басқаша алып шыққанда ұтымдырақ болар еді. Тағы бір айта кететін жәйт, «Жалғыз жүрек жаралы» деген өлеңін автор өзіндік стилімен, өзіндік мәнерімен әп-әдемі жазып шыққан. Бірақ жүрек өзінің сыңарын зарыға күтетіні, сарыла іздейтіні әдебиетте айта-айта ақжем, жаза-жаза жауыр болған ой. Бұл тұрғыдан қарағанда, жалпы бүгінгі қаламгерлерге тың ой, жаңа идея жетіспейтін сияқты.


Қорыта айтқанда, Серікбол Хасанға Алла кіршіксіз көңіл, ақ ниет, пәк сезімді бергенін өлеңдерінен байқадық. Алдағы уақытта өзін жетілдіріп, шығармащылық мүмкіндіктерін дамыта түссе, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдыра алатынына сенеміз.



adebiportal.kz

Әзірлеген: Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар