Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Өтежан Нұрғалиев: Мен "түсініксіз" болсам, болайын...

05.08.2016 4927

Өтежан Нұрғалиев: Мен "түсініксіз" болсам, болайын...

Өтежан Нұрғалиев: Мен "түсініксіз" болсам, болайын...  - adebiportal.kz



Отежан-кешкен.jpg

Қай суретші екені есімде жоқ, ілгеріде Өтежан Нұрғалиевқа карикатура салды. Шаңырағын кітаптан жасалған үйшік етіп, ақынды інінен шыққан суыр етіп көрсетті. Басқа адам болса, «мені келеке еттің» деп ашуланар еді. Өтежан ақын өйткен жоқ. «Ол мені келемеждейін демеді, шындықты салды», – деді де қойды. Анығында Өтежан Нұрғалиев сол карикатурадағыдай адам еді. Саналы ғұмыры кітап кемірумен өтіпті. 8000-нан астам кітап жиыпты көзі тірісінде. Кітап болғанда, әркімнің қолындағы кітап емес. Пайдалы, сирек кездесетін кітаптар.


Молдабек Сағымбек телевизияда істеп жүргенінде Өтекеңнің үйіне барыпты сөйлетуге. Кітапхана деген бөлмесінің қабырғасы жағал-жағал, өлген маса мен шыбыннан көрінбейді екен. «Мені осы жерде отырып сөйлетіп аласың», – депті ақын. «Аға, есіктің алдына шығайық. Кітапханаңыз шашылып жатыр. Оның үстіне қабырғалары жағал-жағал, фон дұрыс болуы керек», – деген ғой Молдабек. Сөйтсе: «Түсірмесең кете бер. Менің жан-дүнием осында сіңген. Сен жағал-жағал деп жақтырмай тұрған қабырғада кітап оқып отырғанда мені шаққан талай масаны өлтіргем. Мұнда менің қаным жағылған. Соның бәрі көрініп тұрсын», – деп көнбей, ақыры хабарға кітапханасында түсіпті. Өтежан ақын оқымыстылығымен, оқыстан орып түсетін өткір тілімен ерекшеленетін. Ешкімге ұқсамайтын «біртүрлі» мінезі де ақынды өзгелерден «бөлектеп» тұрады екен. Қазақ зиялылары оны кірпінің инесідей көріпті. Тіпті кейбіреулер «жабайы» деп жақтырмапты. Бәріне себепкер – мінезінің қиямпұрыстығы, қыңыр-қырсықтығы…

Оның басқадай балалық шақты басынан өткеруі мүмкін емес

Ақынның ізінен ерген аңызды әңгімелемес бұрын, балалық шағын аз-кем баяндайық. Өтежан ағамыз атадан жалғыз ұл. Бір әпкесі, бір қарындасы бар. Ақын Есенбай Дүйсенбаевтың жары Назым Өтекеңнің туған қарындасы. Осы мақаланы жазуда әпкесі Қамқамен де танысып, сұхбаттастық. Нұрғалидың үш құлынының тағдыры соғысқа тұспа-тұс келген. Қамқа төртке, Өтежан үшке толып, Назымның туылғанына небәрі он бес күн болғанда 41-жылдың қақаған қысында соғысқа аттаныпты әкелері. Әжесі Үзілдік пен анасы Ақбөпенің өгіз шанамен бірнеше күн жол жүріп, әкелерін майданға шығарып салғаны сексенге таяған Қамқа әжейдің күні бүгінге дейін көз алдында. Өтежан мен қырқынан шықпаған Назымды қақаған аязға тоңдырмай, аналары келгенше аман сақтау 4 жасар Қаламға тапсырылыпты сонда. Көрші кемпір қойдың қарынынан емізік істеп беріпті. Жөргектегі Назым анасы келгенше сол емізікке алданыпты. «Көз қырыңды салып қой» деп тапсырған кісі ара-тұра үйлеріне келіп тұрады. Қамқаның қалғи бастағанын байқаса, жағынан тартып жібереді екен. «Қазіргі 4 жастағы балаларда не ес бар дейсің? Ал мені сұм соғыс 4 жасымда есейтіп, інім мен сіңлімнің тағдырына жауапты болуды жүктеді. Неше күн жүріп келгенін білмеймін, анама інім мен сіңлімді аман тапсырдым», – дейді Өтекеңнің әпкесі. 1944 жылы әкелерінен «Берлинге бет алдық» деген хат келеді. Артынша үш күнге жетпей қара қағаз келіпті. Анасы бетін тырнап жылап, ауыл у-шу болып жатқанда көрші әйел үйлеріндегі бар ақшаны ұрлап кетпекші болыпты. «Бала болсам да, көрші әйелдің етегі толған қызыл ақшаның бізге керек екенін түсіндім. Сөйттім де әйелдің етегіне жармастым. Мұны үлкендер байқап, қолды болған ақшамызды қайтарып алдық. Сол қызыл ақша есімізді жиғанша жетті», – дейді Қамқа әжей.

Әкелері ауқатты адам болыпты. Нұрғали әулетінің арғы аталары да қолында бар кісілер екен. Атадан қалған мал-мүлік пен берекенің арқасында Өтежандар қысылтаяң таршылық көре қоймайды. Бірақ «біз бардамды әулеттің» отбасымыз. Қолымызда бар» демей, Өтежанның анасы балаларын соғыс кезінде ауыл нені талғажау етсе, сонымен тамақтандырыпты. Әжесі мен анасы бар тапқанын әулеттің ертеңгі тұтқаұстары, Нұрғалидан қалған жалғыз тұяқ Өтежанға ұсынады. Өтежаннан қалғаны Қамқаға тиеді. Қамқа оның көбін сіңлісі Назымның аузына тосады. Бір-бірін осылай жетелеп жүріп жетіпті үш бауыр. Өтежан тары жеп, Назым мен Қамқаға талқан тиіп өссе де аналарына арыз айтпапты сонда. Өйткені, бауырдың қадірін, Өтежанның әулеттің ұрпақ жалғастырар еркек кіндікті екенін кішкентайынан ұғынған екен қыздар.

Соғыстан кейінгі қайта құру жылдары да халыққа оңай тимегені анық. Сол жылдары «Ақжар» кеңшарының халқы балық аулап күн көріпті. Бір күні Қамқа мен Өтежан балық аулауға барады. Өтежанның қармағына лақа ілінеді. «Үйімізде тамақ бар. Бірақ халық қиындық көріп, балықтың қара сорпасына қарын тойдырып жүргенде, «бізде бар» деп масаттана алмадық. Бар болса да, қолымызда жоқ етіп көрсеттік. Өйткені заман сондай болатын», – дейді Өтекеңнің әпкесі. Лақаның үлкендігі сондай, бар екпінімен Өтежанды қармағымен қоса суға тартып кетіпті. Інісін құтқармақ болып, Қамқа да суға секіреді. Мұны байқаған Сұлтан деген кісі балаларды аман алып қалыпты әйтеуір. «Бала күнінде Өтежан осылай өлімнен қалған», – дейді әпкесі. Өтежан ақын болатынын үшінші сыныбында-ақ байқатса керек, қалтасынан сия сауыты мен қағазын тастамапты. Балыққа барса да қалтасында қағаз бен қалам жүреді. Ойланған болып, бірдеңелерді түртеді екен. Бірақ оған ол кезде ешкім мән бере қоймапты.


Аңыз осылай басталған екен


Өтежан жетіншіні бітіріп, әпкесі тоғызыншыны тауысқанда Қызыл кесек Адайлар Қамқаға құда түсіп келеді. «Байға тимеймін, оқимын, бауырымды да оқытып жеткіземін», – деп әпкесі нағашылары Қырық мылтық Адайларға қашыпты сонда. «Ініңді жеткіземін десең оқымай-ақ тұрмысқа шығып жеткіз, өз қолың өзіңе жетпей, бауырыңа қалай болыспақсың?» – деп Үзілдік әжесі күйеуге беріпті. 17 жасар Қамқа 25-тегі жігітке жылай-жылай ұзатылыпты сөйтіп. Бұл аралықта Өтежан да мектепті бітіреді. Алматыға келіп, 1957 жылы ҚазМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне тапсырады. Алайда оқуға түсе алмай, Ақтөбеге қайтып, «Ақжар» кеңшарының «Ақтам» бөлімшесінде трактор тіркеушісі болып жұмысқа орналасады. Бала кезден қағілез Өтежан қарап жүрмей өлең жазады екен. Өлең жазып қана қоймай, сол кездегі ақындарды, орыс поэзиясын, әлем әдебиеті жайлы кітаптарды парақтап жүреді. Сол жылы Өтежанның ауылына Тобық Жармағамбетов деген жас жазушы Алматыдан оқу бітіріп, мұғалімдікке барады. «Әдебиетшілер үйірмесін» ашып, бір күні клубта әдеби кеш өткізеді. Кеш соңы пікір алмасуға, өлең оқуға жалғасады. Трактор тіркеушісі боп жүрген Өтежан жұртты қайран қалдырыпты. Жазған өлеңдері керемет. Әдеби білімі де жап-жақсы. Тютчевті сұраса Тютчевті, Пушкинді айт десе Пушкинді айтады екен. Өтежанның бойындағы талантты, ақындық қабілетті байқаған Тобық білдіртпей бір топ өлеңдерін Жазушылар Одағына жолдапты. Ол өлеңдерді Қуандық Шаңғытбаев көріп: «Бұл бір тәуір дүние екен. Мен мақала жазып, тұсауын кесейін», – деп «Жұлдызға» жариялайды. Осылайша Өтежан алғашқы өлеңдерімен-ақ жарқ етіп көрініп, жұртты дүрліктіреді. Сол жылы «Лениншіл жас» газетіне Әбділда Тәжібаевтың алғысөзімен бір бетке жуық өлеңдері шығып, ел тағы шулайды. Мұнан кейінгіні Оразақын Асқар былай баяндайды: «Жазушылар Одағы Өтежанды Ақтөбеден алдырып, оқуға түсірді. Біздің арамызда Алматыға Одақтың арнайы шақыруымен келген жалғыз Өтежан». Өтежан Нұрғалиевтың аңызы осыдан басталса керек.


Біресе іштей, біресе сырттай оқу


Өтежан I курсқа мұртымен келіпті. Курстастары жас жігіттің мұрт қойғанына тосырқап, таңырқап жүріпті алғашында. Ол кәдуілгі студенттердей студент болмапты. Поэзияға құштарлығы, ақындығы Өтежанды ортасынан ерекшелей беріпті. Жатақханаға сыймай, пәтерақыны мен төлеймін деп Өтеген Күмісбаевты қасына алып, екеуі Тастақта тұрыпты. «Қарақұсов деген тарихтан беретін мұғаліміміз бар еді. Лекция оқығанда не шайнап тұратыны түсініксіз, шайнаң-шайнаң етіп тұратын. Бір күні сабақтан соң Қарақұсов: «Кімде қандай сұрақ бар?», – деді әдеттегідей. «Менің сұрағым бар», – деді Өтежан. Сұрағын орнында тұрып қоя бермей, мұғалімнің қасына келді. Сосын Қарақұсовқа ұза-а-а-қ қарап тұрып: «Ағай, осы сіз не шайнап тұрасыз ылғи?» – деді. Аудитория – қыран-топан. Қарақұсов қап-қара боп кетті. «Бар, пәле, орныңа», – деп ақырды. «Өтежан өлді-ау» деп біз отырмыз. Өтежанымыз айттым екен демей қасқайып тұр. Сол оқиғадан соң тарихтан құлап тынды.

Калинин көшесімен Өтежан өтіп бара жатса, алдынан Хамит Ерғалиев пен Тауман Амандосов шығыпты. Өзін Хамаңның алдында қашанда еркін ұстайтын Өтежан: «Қасыңдағы ақсарың кім мынау?», – депті қарап тұрмай. Журфакта аты жер жарған декан екенін біле тұра айтып тұрғаны. Сол жылы Өтежан стипендиядан сызылды». Мұның бәрі Өтеген Күмісбаевтан естігеніміз. Осындай мінезінен соң мұғалімдер сырттай оқуға қуады. Сырттайда тыныш жүрмей, күндізге ауысады.ҚазМУ-ды әрең тауысыпты әйтеуір. III курста оқып жүргенде, 1962 жылы жарық «Менің махаббатым» атты алғашқы жинағы жарық көріпті. «Кітабы шыққан соң Өтежанның жұлдызды шағы басталды. Аспанға қарап, ешкімді менсінбей тұратын. Менсінбейтініндей бар еді. Ол бір кітабымен-ақ әдеби ортаны мойындатты», – дейді Сейфолла Оспан. Осыдан соң аңызы мен ақиқаты аралас, азабы да аз емес ақындық ғұмыр басталады да кетеді. Ендігілерін рет-ретімен баяндайық.


Төсбелгіні балағына таққан тентек


«Өтежан алғашқы өлеңдерімен «ұшынып» шықты». Сейфолла Оспан осылай дейді. «Өтежанның Алматыға өзінен бұрын өлеңдері келді. Өзі де әдебиетке жаңбыр болып құйып, нөсер болып төгіліп келді». Бұл – Оразақын Асқардың пікірі. Ол поэзияға келгенде Әбділда Тәжібаев «Қазақтың Пушкині келді» деп қуанса, Қуандық Шаңғытбаев «Енді қазақтың Есенині бар» деп мәз болыпты. Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиевтар да Өтежанды төбеге көтереді. «Өтежан аздан кейін сол ағаларын менсінбей: «Сендердің жазған қырық томдарың менің жазған бір өлеңіме татымайды» деген сөз айтты. Ол аздай Лермонтовты «мен бұндай балақайларды аудармаймын» деді. Ол уақытта университетті бітіргендерге «С.М. Киров атындағы Университеттің түлегі» деген төсбелгі беріледі екен. Төсбелгіні біраз жылға дейін тағып жүру түлектердің міндеті. Өтежан болса төсбелгіні кеудесіне емес, шалбарының балағына тағып алады. Осыдан кейін Өтежан кімге жақсын?! », – дейді Есенғали Раушанов. «Қазақстанда 800 ақын-жазушы бар дейді. Соның 799-ы халтурщик. Мен ғана «халтурщик емеспін» дейтін де Өтежан екен.

Өз қатарында Өтежанды Асқар Сүлейменовтей бағалаған адам болмапты. Поэзиясын түсінгенімен, мінезін түсінбей «делі құл» деп қолын бір сілтейді екен мінезді деген Асқар ағамыз да. Аты дүркіреп, жап-жақсы танылған шағында ақын аяқасты ауылға кетеді. Елге кетуін әркім әртүрлі түсіндіреді бүгінде. Оразақын Асқар: «Өтежанды көре алмаушылар күйдірді. Әдеби орта оны түсінбей жамандады, қаралады. Тіпті ащы суға да үйретті. Сосын бір-ақ күнде Алматыны тастап, Ақтөбеге тартты», – дейді. Сейфолла Оспан болса басқаша айтады. «Менің махаббатым» жинағынан кейін үлкен Мұхаңдардың өзі жырларына тәнті болды. Өтежан үлкен абыройға ие болып, көтеріліп кетті. Соңынан: «Ойбай, Өтежанның білімі онша емес екен», – деген әңгіме шықты. Сол әңгіме Өтежанды қатты ашуландырды. Содан кейін қолды бір сілтеді де, ауылға қайтып кетті. 1964 жылдан 68 жылға дейін ауылда жұмыс істеді барып. Ауылда әлем философтарының кітаптарын кеміріп тұрып оқыды ол. Сөйтіп Өтежанға оқу өтіп кетті. Содан өлеңін басқаша жаза бастады. Газеттерге апарса, ешқайсысы баспайды. Өлеңдері бір жағынан шұбалаңқы, бұрынғыдай лирика емес, философиялық ойларға кеткеннен кейін, журнал да, газет те баспай қойды. Бұл одан сайын шамырқанып, ашынып жазды», – дейді. Ал Есенғали Раушанов болса: «Әркім әртүрлі айтады, біреулер денсаулығына байланысты кеткен дейді. Қайтып келгенінде Өтекеңнің өлеңдерін адам түсініп болмайтын. Ешкім жаза алмаған «құдайский» өлеңдер жазып жүрді де, аяқасты «Афина мектебіне» ауысты. Шығармашылық ғұмырында «Менің махаббатым», «Соғыстың соңғы жазы», «Афина мектебі» деп үш рет ат ауыстырды», – дейді Есенғали аға.


Жыртық папкінің жыры


Өтежан Нұрғалиевтың аңызын әркім әртүрлі айтады. Біреулер ол кісінің мінезін «қыңыр-қырсық» адам дейді. Біреулер жалған сайқымазақтық, қолдан жасалған әртістік деп айтады. Анығында мұндай сөздердің бәрі ақынның жанын, табиғатын түсінбегендіктен айтылса керек. «Таланттардың қай-қайсысы да түсініксіздікке тап болады. Замандастары түсінбей өтеді. Өтежан да түсінілмей кеткен талант», – деді Есенғали ағамыз да сөзімізді тұздықтап. Қыңыр-қисықтықтың себебі, өзінің артықшылығын білгеннен кейін осы Раушановтың айтқандарынан аңғардық. Өзінің өлеңдерінің мықты екенін, талантының миллиграмдап емес, тонналап өлшенетінін сезгендіктен де ақын тұстастарын, ағаларын менсінбепті. Оларға жүрдім-бардым, атүсті, атан қомы жауап беріп, кейде тіпті қолын бір сілтейді екен. Таланты өзімен тең адамдармен ғана қалыпты сөйлесетін. Ауылда жүргенде 1964-68 жылдары Жарқала орта мектебінде ғалым Аманқос Мектептегіне дене шынықтырудан сабақ беріпті. Ауылға бара сала «қазақ тілі мен әдебиетіне реформа жүргіземін» деп шу шығарыпты. Ауданмен айтысып, өзінің түк қатысы жоқ спорт сабағына тұрақтағаны сол екен. «Бізге доп ойнатып қойып, өзі ойланып отыратын. Кейде кітаптың қызығына түсіп кетіп, қоңырау соғылғанда барып түгендейтін бізді», – дейді Аманқос Мектептегі.

Әдеби ортада ақын-жазушыларға ең көп ат қоятын да Өтежан Нұрғалиев болыпты. Өзімен қатарлас бір жазушыны «Бұзау бас», денесі толықтау келген ағасын «Бүйен», тағы бір әдебиеттегі үлкен ағасын «Тойған бит» деп атапты. Үнемі ақ «Волгамен» жүретін атақты ақынымызды «Қарсақ» дейді екен. Ат қойып, одан қалса кездескен жерде қыжырта беру, кейде тіпті қылжақ қылу Өтежан Нұрғалиевтың әдеті екен.

Өтекең біраз уақыт «Жалын» баспасында істепті. Бір ақын ағамыз «Жалыннан» кітабын шығармаққа барған ғой. Ол ақынның керемет классик емес, ортаңқолдау ақын екенін білетін Өтекең, «кітабымды шығарсам» деген ниетін айтса: «Жо-жоқ, қазір кітап шығару оңай дейсің бе? Кеше Әбділда Тәжібаев пен Сырбай Мәуленовті де қайтарып жібердім, «өлеңдерің жарамайды» деп. Сенің өлеңің тіпті болмайды», – депті. «Мен барымды салып жұмыс істеп едім, жазғандарымды бір қарап шығып айтыңызшы жауабыңызды», – деп болмапты әлгі ақын. Сонда Өтекеңнің көзі ақынның қолындағы былғары папкіге түсіп кетіп, «Папкің жақсы екен» дей салған көрінеді. Анау байқұс болса: «Осы папкіні сіз ала қойыңызшы», – деп жарылып түсіпті. «Қой, болмайды, алмаймын», – дейді Өтекең. «Сізге берген сыйым болсын, алыңызшы», – дейді әлгі де қоймай. «Маған беріп тұрсың ба? Онда мен папкіңнің шетінен бармақтай ғана қиып алайын», – депті Өтекең. «Ойбай-ау, Өтеке-ау, тәп-тәуір нәрсені несіне бүлдіресіз? Бүтін-ақ алыңызшы» – дегеніне болмай, папкісінің шетін қиып алыпты. Ақын ағамыз жыртық папкіні қолтықтап үйіне кетіпті сөйтіп.

«Жалында» жүргенінде Құрал Тоқмырзин екеуі Солтүстік Қазақстанға іссапарға барады. Екеуі екі ақ етік сатып алыпты. Етік болғанда етік те емес, пиманың жетілген түрі, киізден тігілген байпақ былай айтқанда. Аздап өрнек те бастырылған екен. «Мынаны екеуміз Алматыға киіп барсақ, ең «модный» адам боламыз. Бұл ақ етікке ешкімнің қолы жетпей жүр», – депті Өтекең Құралға. Тоқмырзин болса, имандай нанып, ертеңіне жұмысқа киіп келеді. Өтекең бұрынғы үшкір бас етігімен келген. Не керек, автобусқа кіргеннен, жұмысқа келгенге дейін бүкіл ел Құрал Тоқмырзиннің аяғына қарапты. «Баспалар үйінің» алтыншы қабатында істейтін қызметкерлер де бірінен-бірі естіп, келіп, көріп, күліпті. Күні бойы жұрттың аузында ақ етіктің әңгімесі. Баспаның директоры Тоқмырзинді шақырып алып: «Құреке, мұныңыз не, барып шешіп тастаңыз, ұят емес пе?», – деп ұрсыпты. «Ойбай-ау, маған Өтекең айтты ғой», – деп кейіпті Құрал Тоқмырзин. Ашуланған Тоқмырзин сонда ғана Өтекеңе алданғанын сезіп, әйеліне үйден аяқ киімімді әкелші деп телефон соққан екен.

Тізе берсек, Өтежан Нұрғалиевтің істеген қызығы, айтқан қыңыр сөздері көп. Бұған мақаланы жазу барысында біз сөйлескен ағалардың әңгімелерінен көз жеткіздік. Мінезіндегі кедір-бұдырлық, қырсықтық ақынның бір жерде тұрақтап жұмыс істеуіне ылғи да кесірін тигізіп жүрген екен. Тілімен шағып, айналасындағыларды өткір сөздерімен қуырып отыратын адамды кім ұнатсын енді?! Сондай бір кезде Өтекең «Өмірдің қызығы не?» дейді екен өз-өзіне сұрақ қойып, мұнысына: «Өмірдің қызығы – академик Ғабит Мүсіреповті араға салып, сол кісінің қоңырауымен жұмысқа тұру. Сонан соң ертеңінде-ақ арыз беріп жұмыстан кету» деген жауап айтады екен өзі. Әр жерге сыймаған соң Сағат Әшімбаев телевидениеге шақырып, балаларға арналған «Афина мектебі» атты хабар жүргізіпті. Өтекеңмен сол жылдары бір ұжымда істеген Нұртілеу Иманғалиұлы: «Ол кісі телевидениеде істеп жүріп те қалыпқа сыйған жоқ. Теріс сөйлейді. Жиналысқа тек біреуге бір сөз айту үшін ғана келетін. Айтып болған соң, жиналыс бітпесе де, жиналыстың үстінен кетіп қала беретін. Өтежан Нұрғалиев «Мен «түсініксіз» болсам болайын, жұртты мен түсінсем болды» деп өмір кешкендей көрінеді маған дейді» – Нұртілеу Иманғалиұлы.

«Істеген қырсықтығының бәрі бос қылжақ, қыңырлық емес, «ақылдылықтың» қырсығы. Сол қырсықтығымен, теріс сөзінің астарымен қашан да бірдеңені ұғындырсам деп тұратын. Тәкен Әлімқұлов, Тоқаш Бердияров, Төлеужан Исмайылов, Өтежан Нұрғалиевтар – «қалыпқа сыймайтын адамдар». Олардың мінезін түсіндіру мүмкін емес». Бұл – Есенғали ағаның пайымы.


Шыны қайсы, қылжағы қайсы?


Әңгімелерінің көбі «несерьёзный». Бір жолы түнде келе жатса, Өтекеңе екі-үш бұзақы тап беріпті. Тамағына пышақ тақап қорқытыпты. Осы жайды әңгімелеп отырғанда жұрт қызығушылық танытып, «Өтеке, шыныңызды айтыңызшы, қорықтыңыз ба?», – деп сұраған ғой. Сонда Өтекең: «Жоқ, қорыққан жоқпын, бірақ, адам аздап «нервничать» етеді екен», – деген жауап айтыпты. Тағы бірде өз руы Адайлардың таңбасын салдырып, үйінің сыртына іліп қойыпты. «Тұрғын-үй басқармасынан» адамдар келіп: «Бұл не таңба?», – деп сұраса, «Гитлердің жеке командасы болған. Соның таңбасы ғой. Мен оларды жақсы көремін», – деп қыңыр жауап беріпті. Милиция келіп іске араласып, таңбаның кімнің таңбасы екенін анықтап, әбден әуре болыпты.

Сәбит Мұқановқа: «Сәбе, осы қайсысымыз мықтымыз? Сіз бе, мен бе?», – депті бірде. «Өй, Өтежан, әрине сен мықтысың ғой», – депті Сәбең. «Осы сөзіңізді Ғабит Мүсіреповке айтыңызшы», – дейді Өтекең жұлып алғандай. «Ғабитке емес, Ғабиденге айтайын», – деген екен Сәбең де ойланған түр танытып. Сөйтсе Өтекең ойланып тұрып-тұрып: «Үшеуіңіз төбелессеңіздер, қайсысыңыз жеңесіздер осы?», – депті жоқты бастап. «Ойлап қарасаң, ақылға қонымды әңгіме емес мұнысы. Үш шалды төбелестіріп қойып, қарап отырсам деген қылжақтығы ғой баяғы», – дейді Есенғали Раушанов Өтекеңнің қызықтарын сөз етіп отырып. «Құдайдың өзі дұрыс емес қой. Әйтпесе маған Зейнолла Тілеужановтың бір аяғын берсе, қандай керемет болатын еді. Бәрібір бір аяғы ақсайды. Оған бір аяқ та жетіп жатыр ғой», – деп жоққа кейіп сөйлейді екен кейде. Осындай әңгімелерінің шыны қайсы, қылжағы қайсы жұрт аңғарып болмайды екен. Әсіресе өмірінің соңғы жылдарында қоғамға, әдеби ортаға ашынып, сұхбаттарында да, былайғы кезде де қыңырлыққа көп басыпты.


«Қадыр көрсе, қызғанады деші…»


«Менен мықты ақын шықса, қуанар едiм. Бiрақ ондай ақын жоқ», – дейді екен өзі. «Әрине, кiм-кiмнен көшiрiп алғанын жазып отырған адам ғана бiледi. Қазақтың барлық ақыны Өтекеңнен көшiру үстiнде. Менi ешкiм оқымайды деп ойламаңдар, күштi оқиды, тiптi лупамен оқиды. Сосын ойындағысын жасай бередi. Мысалы, Қадыр, Тұманбай, Оңғарсынова Фариза бәрi көшiредi. Бiрге оқыған кезде Кекiлбайдың Әбiшi де көшiрген. Бiрақ оған қалай ренжисiң, өйткенi, мен – халықтың қазынасымын», – дегенді де көп айтыпты.

Ақын Аманхан Әлімұлынан мынадай бір әңгіме естідік тағы. Одақта Аманхан ағаны кездестіріп қалып: «Өтежан Нұрғалиев мықты ақын ба, әлде Қадыр Мырзалиев мықты ма?» – деп сұрапты. «Екеуіңіз де мықты ақынсыздар ғой», – депті Аманхан аға. «Сонда да, кесімді сөзіңді айтшы», –деп қоймапты Өтекең. «Екеуіңізді де оқимыз, бірдеңе деу қиын. Екеуіңіз екі пландағы ақынсыздар ғой», – деп күмілжіпті Аманхан аға. Сонда Өтекең: «Мен ауырып ауылға кетіп қалғанда, Қадыр барлығының басын айналдырып алды. Әйтпесе менің өлеңім Қадырдікінен мықты еді», – депті.

«Менің екі бақталасым бар: Тұманбай мен Қадыр. Жасы кіші болған соң сыйлық алып, ұлы ақын атанған Темірхан Медетбекті ақын деп есептемеймін» – дегенді жүрген жерінде айтып жүреді екен. Жақсы кітапты қолына түсіріп немесе жақсы өлең жазса, «Қадыр көрсе қызғанады деші» дейді екен. Бұл сөз Өтекеңнің сөзінің салты болып, ең көп қолданатын тұрақты тіркесіндей тілінің ұшында жүреді екен.


Жан азабының соңы жалғыздыққа әкелді…


Қызылды-жасылды, тым ашық түсті киімдер киіп, мүлде үйлеспейтін түстерді «үйлеседі» деп жүретін де Өтежан Нұрғалиев. Сомбреро шляпасы мен үшкіл бас тақал туфлиі болмаса сәні кірмейтіндей көреді екен. Үстіне кәстөм, бұтына трико іле салатын да осы кісі. Кітаптан бас алмайтыны соншалық, аяқ киімі жыртылса, базарға баруға да уақыты жоқ. Бір-екі жерінен іліп тіге салып, киіп жүре беру Өтеғаңның әдеті. Сыдырмасы бұзылған етіктерін қонышынан басып кие береді екен. Елде жоқ, баяғы «Победа» деген машинаны тауып мініпті тағы. Бұл – біз сөйлескен адамдардың көбінің Өтежан ақынның жүріс-тұрысына берген мінездемесі.

Өзінің атақты «ЖенПи» атты өлеңінде:

«Гогольменен Ұйғырдың қиылысқан жерінде,

Жүрек деген құрғырдың жиі ұрысқан жерінде,

Өтпей жүрген келін бар, кетпей жүрген апай бар,

ЖенПИ жаққа барсаңдар, біздің атты атай бар», – деп жүріп, өмірлік жарды ЖенПИ-ден тауыпты. Күләш апамызды алып, ЖенПИ-ге жезде, ЖенПИ-ге күйеу атаныпты. Бір өкініштісі, ақын тірісінде үйінің тарлығынан тарығыпты. 60 жылдығында Ақтөбенің әкімінің қабылдауында болып: «Мерейтой өткізуге келген жоқпын, маған Ақтөбеден 2 бөлмелі үй бер! Алматыға тойдым, Ақтөбеге өлуге келем», – депті. Ол уақытта 2 бөлмелі үй шамамен 2000$ болса керек. Әкім 2000 долларлық үй де бере алмапты. 6 кілем, 6 шапан сыйлап, содан соң бұлақ, қырқаға атын беріпті. «Үй бер деп отырып алуға дәтім жетпеді», – деп айтып жүреді екен өзі. Алматыдағы бір жарым бөлмелі үйінде 8000 кітаппен 27 жыл тұрыпты. Кейін алған үйін әкім берді ме, өзі алды ма, ол жағын мақаланы жазуда тілдескен ағалар білмейтін болып шықты.

«Өтежан екеуіміз туралы «Қазақ әдебиетіне» фельетон жазылды ғой, сендер оны білесіңдер ме, білмейсіңдер ме?» – деп Құрал Тоқмырзин тағы бір әңгіменің шетін шығарды. 1985 жылы Өтежан Нұрғалиев екеуі Атырауға іссапарға барғанда пара алды деген әңгіме әдеби ортаны біраз шулатыпты бұрын. Сондағы пара дегені 22 сом, 52 тиын тұратын сағат. Оны Өтежан мен Құралға «орамал тон болмайды, жол болады» деген дәстүрмен таққан екен. Атырауда жүріп халықпен кездескенде Өтекең Одақ жаққа қаратылған сынды көп айтып, әрі «халтурщик» деп қыжыртқаны кейбір ақын-жазушылардың қытығына тисе керек, сыйға алған сағаты ақырында өзіне соққы болып тиіпті. «Сағат алудың арты шуға айналып, бұл оқиға Өтекеңнің жалғыз ұлы Саятқа қатты әсер етті. Баласы әбден кейіді. Көп өтпей, өзін оққа байлады. Әкесін шеттеткен қоғамға намыстанып, налыған сияқты», – дейді Құрал Тоқмырзин. Шаңырағының түтінін түтететін жалғыз тұяқ кеткенімен, әке шаңырағының есігін ашатын Маргарита, Бэлла, Тахмина есімді қыздары қалды артында. Ұлының қайтыс болуы, жарының өзінен бұрын дүние салуы қайғы үстіне қайғы жамапты. Қоғамның өзін түсінбеуі де қамықтырып, жүректегі қыжылын одан сайын көбейтіпті. Мойнына алмаздың сынықтарынан алқа жасап алып, жағымпаздарды, екіжүзділерді көрген жерде ішкі ойын іркіп қалмай, «Алмазбен тіліп жіберейін бе осы?» деп жұртты үркітіп отырады екен. Өмірінің соңғы жылдары Өтежанды жұрт кітап дүкендері мен Жазушылар Одағында қайтқан ақындарды шығарып салу рәсімдерінен ғана көріп жүрген екен. Кітап кеміріп оқи беретіні және өзі үшін жазған өлеңдері болмаса, қоғамнан көп оқшауланып, шеткері қалыпты.


«Бәрі өтірік айтады..»


Бұл сөзді Өтежан Нұрғалиев көп айтқан екен. «Ұлы болуы үшін өлу керек. Мені өлгеннен соң ғана іздейсіңдер» деген де осы кісі. Оның себебі өзін түсінбеген қоғамға налығандықтан, өзінің өлеңдеріне сенгендіктен болса керек. «Өтежан Нұрғалиевтің ең жақын араласқан, сыр шертіскен досы кім?», – деп сұрадық ақынды жіті танығымыз келіп. Бұған Есенғали Раушановтан «Өтежанның досы өзі. Өтекеңде дос деген ұғым болмайтын «Соғыстың соңғы жазы» жайлы Сағат Әшімбаев «Сол жылдардың соқпағы» деген керемет мақала жазды. Өтежан риза болып: «Сағат – менің Белинскийім, мені ешкім бұлай мақтаған емес», – деп мәз болды. Көп өтпей қыңырлығына салып, «өмірімде осындай «бездарный» мақала оқыған емеспін», – деп отыр. Мұны естіген соң, Сағат Әшімбаев әрине, шалқасынан түседі. Өтекең осындай қызық адам болатын», –деген жауап естідік.«Өтежанның ең жақсы көрген адамы, меніңше, Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияров және Зейнолла Тілеужанов», – дейді Есенғали аға ақынның қатты құрметтеген азаматтарының атын атап. Ғабит Мүсіреповке, Қуандық Шаңғытбаевқа, Әбілмәжін Жұмабаевқа туған баласындай еркелепті. Ең көп кітап алмасып, жақсы дос болған адамы Сағат Әшімбаев екен. Аманқос Мектептегінен Бартольдтің бес томдығын аттай қалап сұрап, ақырында қырық кітапқа айырбастап алыпты. Оразақын Асқардан «Манас» жырының екі томдығын ауысып оқыпты. Өтеғаңның кітапханасындағы құнды кітаптарды бір кеш оқып тұруға сұрағандардан күніне 1000 теңге кітапақы сұрайды екен. «Уәделескен күні әкеліп бермесең, әр күніңе 1000 теңге қосылады» деген шарты да бар.

Ақынның ақындық ғұмырында алған бар марапаты – «Құрмет ордені» мен «Байғанин ауданының Құрметті азаматы» атағы. «Өзін бір сыйлыққа ұсынғанда:«Сыйлық алатындай Үкіметке ешқандай жазығым жоқ. Үкіметке ешбір жамандық жасамадым», – деп алмай қойыпты. Оның ойынша сыйлық алғандар Үкіметтің қас жаулары болатын», – дейді Есенғали аға ақынның мінезін аша түсіп.

Есенғали Раушанов «Ленин комсомолының» сыйлығын алғанда елдің бәрі «әй-бәрекелді» десіп құттықтаған ғой. Өтежан ағамыз телефон соғып: «Бұл сыйлықты Үкімет саған неге берді? Дұрыс бермеген негізі. Өйткені, сенің аталарың партия мен комсомолға өш болған. Сондай адамның ұрпағына сыйлықты қалай берген? Сен дереу қайтарып бер сыйлықты. Әйтпесе үстіңнен арыз жазам», – деп біразға дейін қоймай телефон соғып жүріпті. «Арыз жазған жоқ, әрине. Бірақ, Өтекеңнің сөзінің астарында Үкіметтің берген сыйлығына сүйсініп, ақын өзіндік ұстанымын жоғалтпаса деген ой жатқан болуы керек», – дейді Есенғали Раушанов.


«Менің жілігімді шақса, май емес, шындық шығады»


«Көзі тірі классиктерді мақтамай, кем таланттардың мерейін өсіріп айтады екен отырған жерінде. «Таланттыларды адам екенін ұмытып кетпесін деп жамандап аламын. Мен қазақтың ұлыларын ақымақ қылып, ақымақтарын ұлы етiп көрсетемiн. Сонда ғана шындық қайтадан жаңа қырынан көрiнедi. Бiз дайын штамптармен жүрмеуiмiз керек», – деп түсіндіреді екен онысын.

«1980 жылы «Бастау» деген сериямен он бес ақынның алғашқы жинағы шықты. Арамызда әлі қалыптаспаған, балаң ақынның да өлеңдері кітап болып басылды. Оның өлеңдерінің әлсіз екенін бәріміз де білеміз. Өтекең «мықтымын» деп жүрген ақындарды мақтамай, арамыздағы ең нашар кітаптың авторын мақтады. Баспаның директорына да кіріп, «ең жақсы кітап пәлендікі» деп айтты. Директоры нені меңзеп тұрғанын түсінді, әрине. Түсінгендіктен де Өтежанға ең көп қаламақы қойдырып берді», – дейді Есенғали Раушанов.

«Менiң шындықты айтпаудан басқа жолым жоқ. Менің жілігімді шақса, май емес, шындық шығады» – дейді екен тағы.

«Маған осы да жетеді…»

2010 жылы Өтежан ағамыз елімен қоштасуға Жарбұлаққа барыпты. Дәл қай күні өлетінін сезбесе де, өмірінің бітуге таяп қалғанын сезсе керек ақын жүрек. Жанына аралас-құралас болып жүрген інісі Молдабек Сағымбекті ерте барыпты еліне. Жаз бойы бір тамбаған жауын ақын барған күні таңертең төпелеп жауыпты сонда. Таң атпай туған ауылдың нөсеріне сүйсініп ұзақ тұрыпты. «Аға, ауылыңыздың табиғаты да сізді танып, көңілі бұзылып тұр-ау деймін, жаңбыр құйды ғой», – депті Молдабек. Сонда Өтежан ағамыз: «Сен айтпа ол сөзді. Мұны түсінсе, ауыл адамдарының өздері айтсын», – деп тиып тастапты. Таңғы салқынмен екі сағат ауылды жаяу аралапты. Кездескендердің алдынан «Мені танисың ба?», – деп қалбалақтап жүгіріп шығады екен. «Танимыз, Өтежансыз ғой», – десе, балаша қуанып мәз болып, суретке түседі. Осылайша бүкіл ауылды алдынан өткізіпті. Сонда ғана ақын кең тыныстап: «Менің көрейін деп келгенім осы еді ғой», – депті риза көңілмен. Алайда, Алматыға қайтар уақыт таяғанда Өтекеңнің көңілі нілдей бұзылады. Әпкесі Қамқамен де ләм-мим демей, үнсіз қоштасыпты. Өңі бұзылып, бет-аузы алаулап тұрыпты ақынның. Ақтөбеге жеткенше балалық, жастық шағын, ауылда өткен қызықтарын баяндап, Байғанинге кірген бойда «мына жерде ауыл балаларымен жарысқанмын», «әнеу жерде шөп шапқанмын» деп, ауыз жаппай барған ақын қайтарда боп-боз болып, Алматыға жеткенше бір ауыз тіс жармапты. Аулына енді келмейтінін, әпкесімен қоштасып тұрғанын сезгендей, ауыр қасірет арқалап қайтыпты сапардан. Жем өзенінің бойына барып бетін шайған соң ғана ауыр күрсініп: «Болды, маған осы да жетеді», – деген бір-ақ ауыз сөз айтыпты. Көп өтпей ақын дүкенге сүт алуға барып, күрс етіп құлап түсті.


• P.S.


«Өтежан қайтыс болғанда маған өмірден еркіндік кеткендей көрінді», – деді ол кісімен жақын араласқан Әуезхан Қодар әңгіме айтып отырып. Осы бір сөз ұзын-сонар мақала жазып, Өтежан ақынның табиғатын тануға талпынған менің де жүрегімді шым еткізді.

Өтежан Нұрғалиевтің өмір бойы кітап кемірген оқымыстылығы, өлеңде де, өмірде де тазалығы, жағымпазданып, біреудің алдына баруды жат санаған мінезі жасөскінге үлгі болса дейсің. Әйтпесе нәмәрт тірлікті пендауи, дүниеауи нәрселерге айырбастамаған адамдар аз ғой бұл күнде.

Ақынмын деп жүргендер көп. Бүгінгі ақындардың бәрі бір-бірінен аумайды. Мінездері де. «Бірде артық, бірде кем» кететін «жындыбастау» ақын Өтежанның орыны ойсырап тұр бәрібір.


Қарлыға ИБРАГИМОВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар