Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бауыржан Сегізбаев: Абайдың «Қара сөзін» қашанғы қ...

17.08.2016 3212

Бауыржан Сегізбаев: Абайдың «Қара сөзін» қашанғы қате басамыз?

Бауыржан Сегізбаев: Абайдың «Қара сөзін» қашанғы қате басамыз? - adebiportal.kz


13497957_904661912977614_7172381084931363511_o.jpg

Біз Абайдың «Отыз жетінші» қарасөзінің 13-інші афоризмі немесе қазіргі «Қырық бесінші» қарасөзі бойынша әңгіме өрбітеміз.


Мұхтар Әуезов өзінің 1967 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Абай Құнанбаев» атты монографиялық еңбегінде біз айтқалы отырған осы қарасөзі туралы:


«Көпшілік қара сөздерден және де өзгешерек қалыптанған – Абайдың отыз жетінші сөзі. Бұл бөлімше өзге қара сөздерше тұтас құрылған бүтін шығарма емес. Шартты түрде «Отыз жетінші сөз» деп бір араға бастары құрылған афоризмдер саналады.


Мүрсейіттің көшірулерінде және Абайдың толық жинақтарының бәрінде осы афоризмдер жиырма үш деп саналады.


Анығында, Абайдың афоризмдері бұлар ғана емес.


Афоризмдер Абайда жиырма үштен әлдеқайда көп екенін Абай оқушыларының бәрі де біледі» (203-бет), - дейді.


Иә, әлдеқайда көп еді... Соның бірі – 37-інші қарасөздегі 13-інші афоризм. Бірақ ол бүгінгі Абай жинақтарында «Қырық бесінші сөз» болып өзінше бөлек беріліп жүр.


«Отыз жетінші қарасөздегі» бұл афоризм басқа афоризмдерге қарағанда ұзақтау һәм бітімі де бөлектеу болғандықтан жеке шығарылған.


Ал енді біздің негізгі айтпақ ойымыз – осы «Қырық бесінші сөз» деп беріліп жүрген бөлімнің соңғы сөйлемінің мүлдем өзгертіліп, басқа арнаға бұрылып, бұрылғанда да бұрмаланып кету жайы.


Сол бұрмаланған сөйлем 1995 жылғы академиялық жинақтың «Қырық бесінші сөзінің» (218-бет) соңында былайша берілген:


«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп».


Анығында, бұл адам ойын мүлдем шектеп-шідерлеу. Алла Тағала пенде баласына сана берсе, ақыл берсе, сол пенде баласына әу баста жаралып қойған, жасалып қойған нәрселерді көре-көре, оларға көңіл бөліп, ақылмен байқап сезіп қорытынды шығару арқылы неге жанынан ғылым шығармасқа, неге жаңалық ашпасқа?! Қазақ айтатын «Көре-көре көсем боласың» деген сөздің де астарында осындай үлкен ой жатса керек. Ал біз һәкім Абайдың дұрыс сөзін бұрысқа айналдырып оны өзімізше «түзетеміз».


Абай текстологиясының негізін салушы Қайым Мұхамедханов:


«Ең ақырғы қырық бесінші сөздің соңына ноқат қойылса да, сөз аяқталмағаны көрініп тұр.


«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», - деп басылған (1940, 1945, 1954 жж. жинақтар).


Абай сөзімен ертеден таныс, көшіріп жазып алып жүрген, көңіліне сақтап жүрген Әкімал Мамырбаев, Рақыш Байғазин, Әрхам Ысқақов т.б. адамдармен сөйлескенімізде ол кісілер Абайдың бұл сөзі:


«…көзбен көріп, ақылмен біліп алатын пәндеміз», -


деп аяқталатынына сендірді. Біз осылай аяқталуы сөздің мағына, мазмұнына сай, нанымды деп білдік» (Қ.Мұхамедханов «Абай шығармаларының тестологиясы жайында», 154-бет), - дейді өзінің ғылыми еңбегінде.


Енді осы сөзді Қ.Мұхамедхановтың болжамы бойынша оқып көрелік:


«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп алатын пәндеміз».


Мұнда да «ғылым шығара алмаймыз» деген ой айтылып тұр. Әуел бастағы мағынадан бір-ақ кетіп тұр. Адам баласының ілім-ғылымды меңгерудегі мүмкіндігі шектеулі дегендей ойды меңзеп тұр. Әрине, біз жаралып, жасалып қойған нәрселерді көре-көре, оларға көз жібермесек, қорытынды шығара алмасақ, ақылмен байқап сезбесек ғылым түгілі түк те өндіре алмаймыз. Мәселен, бір ғана дәлел айталық, адамзат баласы Алланың жаратқан құстарына қарай-қарай, ақылмен сезініп ой жібере келе ұшатын нәрсе ойлап тапқан жоқ па?! Бұл ғылым емес пе, бұл даму емес пе?!


Алайда, ғалымның жоғарыда келтіргеніміздей, кем-кетіктің орынын толтырмақ мақсатта талмай ізденуінің өзі неге тұрады?! Қолжазбаларды салыстырып, Абай сөзімен таныс адамдардан сұрастыруының өзі – оның Абайға деген құрметі болса керек. Алайда, Қайымдай ғалым тарапынан осындай дәлелдер айтылса да, сол сияқты нақты дәлел осы 1933 жылғы кітапта тұрса да, біздің көзқарасымыздың, ғылыми байламымыздың әлі күнге дейін бір арнаға тоғыспай жүруінің себебі, мүмкін, Абай мұрасына бейжай қарайтындығымыздан болар?!.


Қ.Мұхамедханов осы ғылыми еңбегінде: «Абайдың «Қарасөздері» ақынның жинағына 1933 жылдан бастап қана кіріп жүр» (118-бет), - деп жазады. Олай болса, ғалымның 1933 жылғы толық жинақтағы 37-қарасөздегі 13-інші деп тұрған бұл афоризмді оқымауы мүмкін емес...


Бірақ 1995 жылғы жинақта қате күйінде орын алып отырған бұл сөз 1954 жылғы жинақтың 2-томында «Қырық бесінші сөз» деп дараланып берілген қарасөздің ең соңғы сөйлемінде де қате күйде. 1945, 1948, 1977 жылғы және тағы да басқа толық жинақтардың барлығында да солай.


Осы 13-інші бап 1940 және 1945 жылдан бері дербес қарасөз ретінде беріліп келеді. Һәм әлгі қателік те әлі күнге дейін «Қырық бесінші сөздің» соңынан жабысып алып қалар емес.


Ал енді Мұхтар Әуезұлы (кітапта солай) дайындап, І.Жансүгірұлы қарап шығып сөз басын жазған 1933 жылғы Абай Құнанбайұлының толық жинағының «Отыз жетінші сөзінің» 13-інші афоризіміндегі осы соңғы сөйлем қалай берілген екен, соған келейік.


Кітаптың 296-ншы бетінде:


«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз; жаралып, жасалып қойған нәрселерді көріп-көріп, ақылмен байқап сезбесек», - деп тайға таңба басқандай анық жазылып тұр.


Яғни, Айбайдың айтпақ ойы – біз ғылым шығара алады екенбіз - жаралған, жасалған нәрселерге қайта-қайта ой жіберіп ақылмен сезсек.


Сонымен, біз бір ғана сөйлемін келтіріп отырған бұл сөз – «Отыз жетінші сөздің» 13-інші афоризмінің соңғы сөйлемі.


Жоғарыда түсіндіріп өткеніміздей, кейінгі жинақтарда осынау 37-інші қарасөздің 13-інші пунктіндегі барлық сөздер өзінше бөлек енші алып, «Қырық бесінші сөз» делініп жүр, оны жаздық. Сондықтан да, 37-інші қарасөздегі афоризмдер қазіргі күні 24 емес, 23 қана. Өкініштісі сол, біз жазған сөз жөнсіз «түзетулерге» ұшыраған.


Тағы бір айта кетерлік мәселе - осы «Қырық бесінші қарасөздегі» кейбір сөздердің өзгеріске ұшырау жайы.


Соның бірі – бірінші сөйлемдегі асты сызылған сөз. Соңғы академиялық жинақта ол (1995 жылғы) былайша берілген: «уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де», - деп.


Ал Абай «неше мың түрлі дін» деп сөйлемесе керек. 1933 жылғы толық жинақта: «Және неше түрлі діннің бәрі де» (296-бет), - деп анық жазулы тұр.


Расында да, «неше мың дін» болмайды, олай деу ақылға да сыймайды. «Неше түрлі дін» десе, қисынға келеді. Сондықтан, бұл жердегі «мың» деген – басы артық сөз.


Неге екені белгісіз, «Абай» энциклопедиясында (1995 жыл, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», «Атамұра» баспасы) осы өзгерістер жайында нақты ештеңе жазылмаған.


Мұнда тек: «Мүрсейіт қолжазбаларының 1905, 1907, 1910 жылғы нұсқаларының қай-қайсысында да «насихат» сөзінің 13-нақылы ретінде берілген. Абай шығармаларының 1940 жылғы басылымынан кейін дербес сөз ретінде жарияланып келеді. Басылымдарында аздаған текстол. өзгерістер кездеседі» (352-бет), - дейді де, бір-екі текстологиялық өзгеріске ұшыраған сөздерге ғана тоқталады:


«1-абзацтағы «әр түрлі қып», 2-абзацтың соңғы сөйлеміндегі «нандым», «нандырамын» деген сөздер 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбалар негізінде 1977 жылғы жинақта «әр түрлі қылып», «инандым», «инандырамын» деп берілген» (350-бет).


Оқып отырғандарыңыздай, негізгі бұрмаланып жүрген сөздер туралы ләм-мим сөз жоқ. Жалпы алдағы уақытта Абай шығармалары әлі талай рет шығады, сонда осы айтылған ескертпелер ескеріледі деген үміттеміз.


Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,

Әдебиет сыншысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар