Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тұрсынжан Шапайдың қалам қуатының құпиясы...

19.08.2016 4129

Тұрсынжан Шапайдың қалам қуатының құпиясы

Тұрсынжан Шапайдың қалам қуатының құпиясы - adebiportal.kz



т9рсынжан шапай.jpg

Мұрағаттарды ақтарып отырып осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» атты мақаласын көзіміз шалып қалды. «Менің көзім жетті: біз, әйтеуір, аштан өлмейді екенбіз. Бізге келетін тажалдың аты басқа екен. Қазақтың жаны үшін күрес жүріп жатыр!» - дейді публицист. «Ұлт болып қалыптасамыз ба, әлде жоқ па?» деген автордың сұрағы қай уақытта болмасын маңызды...


Әр ұлттың баспасөзі – өлшегіш барометрі болмаса да, айнасы іспетті. Сол айнадан кім қалай өзін көрсете алса, сол деңгейде қоғамдық пікір қалыптастырады. Соның нақты көрінісі - сыншы Тұрсынжан Шапайдың шығармашылығы. Қазақтың жанын селт еткізер ұтымды тіркестер мен ұтқыр ойдың локомативіне айналған публицист шығармашылығы халықтың жоғына сұрау болды. Ол өзгелер сияқты «Үздік шопан» немесе «дегдар депутат» жайын емес, жұпыны қазақ руханияты мен ахуалын тілге тиек еткен қаламгер. Көркем шығарманың арқауы шындық дер болсақ, оқиғаны желісін бұзбай оқырманға жеткізуді шеберлік деп айтар едік. Тұрсынжан Шапай публицистикасының басты тақырыбы өзі айтқандай «қазақтың жаны» мен ары, ұлтжандылық қасиеті. Жеке кейіпкердің мінезіне баға бере отырып, қоғамдық мәселені көтеріп кететін публицист тапқырлығының сыры сан салалы.


Осы ретте орыс ойшылы Бердяевтың: «Тәңірім жарылқасын, мен орыс халқын сүйіп сынадым» деген сөзі еске оралады. Т. Шапай да қазақты мақтап, әспеттеп көрсетпейді. «Бас басына би болған өңкей қиқымның» ұсақ әрекетін өткір сынға алады. Дос жылатып айтады. Бұл да болса елшіл қасиеттің айқын көрінісі екені сөзсіз. Мақаланың шарықтау шегі одан әрі қарай былайша өрбиді:


«Мен көп ағаларыма қызығамын. Қай заманда да тез күйлейді, сызатсыз сіңеді. «Капитал» мен «Құранның» арасын екі-ақ аттайды. Екі дүниенің басын иілтіп, даналықпен тең ұстайды: садақ қып тартып жамбы атса да, қияқ етіп қобыз шалса да - соның қаруы. Және міндетті түрде жүлде алады... Қызығамын. Бірақ, түсінемін: бұл – жанның ерлігі, рухтың мықтылығынан емес. Ішкі темірқазықтың жоқтығынан. Олар күнбағыстың басы сияқты: төбесінен қандай күн шықса да, бәрібір – қашан батқанға дейінінгі жолын қалт етпей қайталайды. Олар балауыз сияқты – отты қай жағына жақындатсаң, сол жағына қарай майысып, тамшылай береді».


Публицистің шығармасы ешқашан алған бетінен, жүрген бағытынан жаңылмайды. Шашырап жатқан тіркестердің ортасынан екіұшты пікір мен теңеуді таппайсыз. Күнбағысқа күннің жолын қайталамағаннан басқа амал жоқ. Ал публицистің «кейбір ағаларына» не жоқ немесе не жетпейді? «Заманың түлкі болса, арыңды шашып қал» деп ешкім айтпады ғой.


Адамдардың бәріне ортақ құрылып қойған өмірдің бір ережесі бар. Ол адамгершіліктің шеңберіндегі ізгілік дейтін ұлы ұғымның ізімен жүру. Бұл, ереженің шыңы десек те болады. Ар, ұят дегендердің маңызы осы ереженің болмысында қатаң талап етілген. Спортта ережені көбіне төмеңгі дәрежедегі ойыншылар бұзатынын ескерсек, публицист айтып отырған кейіпкерлердің кім екенін аңғару қиын емес. Осы ретте бір оқиға ойға оралып отыр. Өткен ғасырда футболдан екі алпауыт команданың арасында жарыс өткізіліпті. Ойынның тартысты болатынын білген ұйымдастырушылар гол соққан ойыншыға өте үлкен сыйақы тағайындайды. Екі команда ойынның соңына дейін бір-біріне берілмейді, әбден шаршағаннан кейін есеп те ашылмай сіресіп тұрып алады. Ойынның бітуіне аз уақыт қалғанда қақпашы гол соғады. Нақтырақ айтқанда өзінің командасына, яғни өзі күзеткен қақпаға. Әлбетте, ойын қаһарманы болып шыға келеді. Публицист келемеждеп отырған кейіпкерлер де бүгінгі өтіп жатқан ойынның айқын жеңімпаздары болып тұр. Осындай адам бойындағы жағымсыз, күлкілі мінездерді сыңға ала отырып, ұлтын шексіз сүйетін авторды жазуынан танимыз. Жиырма жылдың алдындағы жазылған мақаланың өзектілігі күн сайын артып жатпаса, кеміген жоқ... Неге? Оның құпиясы ұлтты сүю, шын сүю болса керек.


Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар