Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Cовет Хан Ғаббасов: «ЕВРОПАЦЕНТРИЗМ МЕТОДОЛОГИЯСЫ – АПАТ!..»

10.12.2015 201

Cовет Хан Ғаббасов: «ЕВРОПАЦЕНТРИЗМ МЕТОДОЛОГИЯСЫ – АПАТ!..»


Енді ғана басталып жатқан ХХІ‑ші ғасырдың күрделі де күңгірт сыр‑сыйпаттары мен құйтырқысы мол европацентризмді – барынша нақтылап, ғылыми негізде терең түсіну ‑ әсіресе, халқының саны аз, экономикасы әлсіз шағын мемлекеттерге ауадай қажет ?! Себебі, империялық мүдде мен европацентризм методологиясы, бұрынғы қай‑кездегісінен де қабыса түсіп, екеуара үндесудің не бір айлалы тәсілдері мен түрлерін (формаларын) ұсынуда... Бұл әдіс‑айлалардың аты мен затын, көкірегі ояау жандар жақсы біледі. Бүгінгі таңдағы ең жоталысы – Ғаламдану немесе ЖаҺандану – дейтін өркениетке көшуді жеделдетуде. Оның да сүйенетіні – Европацентризмнің қатпары қалың аяарлықтары ‑ екені белгілі болып отыр. Өйткені, «супердержавалар» – жаңылтпаш ғылым ретінде ‑ европацентризм методологиясынан асқан – тәсілдің де, айланың да жоқ екенін терең түсінеді. Ендеше, «Европацентризм методологиясы» ‑ дегеніміз не ? – дейтін заңды сұрақ туындайды...

- Иә‑ә, бұл жайында, көптен айтылып келе жатқанымен, еш уақытта сараптай салалап талданып та, астарындағы құпия сырларын ашып, жүйелі түрде жазылған да емес. Міне, осы сауалдың төңерегінде аз‑кем ойлануды, ұлттық қажеттілікке балаймын ?!?.. Сондықтан да, ең әуелі кез‑келген – методологияның негізі – ғылым екенін түсініп алғанымыз жөн. Олай болса, европацентризм методологиясы да – ғылым ?! Бірақ, бұл қандай ғылым ? ‑ деп зерделей түсіп зерттесек, оның «тылсымы мол құпиясы көп» екенін анық байқауға болады. Бұған, тіпті Сіздер аса қатты таңырқай да қоймауларыңыз мүмкін?!.. Өйткені, бәрімізде осы методологиямен құндақталып, неше ғасыр ұйқылы‑ояау арбалып, сандалумен күн кешіп жүргеніміз де анық. Тек, ойда жоқта келген ‑ тәуелсіздік ‑ дейтін тәтті сөздің ырғағымен ғана, Европацентризм ерекшеліктеріне – енді‑енді ғана ой жіберіп жатқандаймыз. Міне, осы арада санамызды ашып қарасақ, біздерді бодандықтың көрпесімен қымтап алған – европацентризм методологиясы – бұрынғыдай емес, ‑ Жанымызды да, Тәнімізді де ‑ қызған темірдей қарып бара жатқанын сезіне бастадық. Сонда, оның жалпы сипатынан, тайға таңба басқандай анық байқалатыны – Империялық озбыр саясаттың, айлалы тәсілдерін жүйелейтін ‑ ілімі екені анықталып отыр. Мінеки,осы қағиданың бірнеше ‑ дәлелдерін ‑ келтіріп көрелік ші ?!..

І. Бірінші дәлел:

Европацентризм методологиясын да – ең әуелі әлем тарихының әділеттілігі мен тағылымдық шындығы жоқ. Оның ең үлкен дәлелі ретінде – адамзат тарихының бұрмалануын (фальсификациялануы) айтуға болады. Мысал үшін :

Шығысында ‑ Қытайға, Батысында – Римге теңдессіз әсерін тигізген Туран елінің тарихы қайда ?..

Немесе, бүкіл Қытай қорғанынан Қаратеңіз бен Қап тауына дейін созылған Гун империясының өркенниеті неге жасырылады?

Бір мезгілде өмір сүрген А. Македонский марапатталады да, одан он есе күшті қолбасшы болған Мөде‑хан жайында еш тарихта айтылмауының себебі неде?

Тіпті, Европаға аса үлкен әсері болған Еділдің (Атилланың) тарихы неге жасырылды;

Европаның У‑ші ғасырға дейін САҚ‑ тілінде сөйлегені;

Немесе, Шығыс европаның ІХ‑Х‑шы ғасырларда қыпшақ тілінде байланыс жасағанын да (Кодекус куманикус) айтпаудың себебі неде ? ..

УІ‑УІІІ ғасырларда бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Шығыс және Батыс Түркі қағанаттары жайында да айтылмауы қалай?..

Кешегі өткен– Шыңғысхан – Жошы ‑ Батый – Алтын Орда ‑ жайындағы шындықтар неге бұрмаланып отыр? Айта берсе, бұл тәрізді тарихи әділетсіздік толып жатыр...

- Осындай әділетсіздіктің салдарынан, бүкіл адамзат тарихының ғылыми жүйелері мен негіздері бұзылды.

- Сақтар мен Гундар тарихының әдейі айтылмауынан, бүкіл Түркі халықтарының көне тарихы бұрмаланды. Осы бұрмалаудың бетін ашқан, тек Қазақ даласынан табылған бірнеше Алтын – Адамдардың ескерткіштері, Европацентризм методологиясының әділетсіз де, жалған ғылым екенін дәлелдеді.

- Мұндай фальсификациялардың салдарынан, адамзат қауымы бүгінге дейін, әділетті де қайырымды қоғам құра‑алмай отыр.

- Бұның ең үлкен зауалы мен залалы, адамзат қауымының тәрбиесіне қабағат ауыр зардаптарын тигізуде...


ІІ. Екінші дәлел:

Европацентризм методологиясының әсерімен, бүгінгі таңдағы қолданылып отырған бүкіл Педагогика мен Психология ғылымдарының Негіздері мен Жүйелері жалған бағыттарды басшылыққа алды. Мұнда да Империялық саясаттың ықпалымен, адамзат тарихының даму жолдарын дәл сипаттайтын «Морган жүйесін» және генетикадағы «Мендаль ілімін» әдейі терістеу арқылы адам тәрбиесіне жалған тәсілдер ұсынды. Мысал үшін:

- Мәселен, классикалық педагогиканың негізін – философиядан ‑ шығаруы; Бұл, тіпті ақылға сыймайтын қателік?! Өйткені, Морганның классификациясы бойынша, адамзат қауымының дамуын үш кезеңге – Т а ғ ы л ы қ (төменгі, орта, жоғарғы сатылары бар, 180 мың жылға созылады) – Ж а б а й ы л ы қ (мұндада – төменгі‑орта‑жоғарғы сатылы,15 мың жыл) – М ә д е н и е т т і л і к (5 мың жыл, бүгінге дейін) – деп бөлінеді Тек, Жабайылық кезеңнің төменгі сатысында ғана, философиялық ой түгіл, енді‑енді шешен сөйлеудің белгілері (К.Маркс) білінеді, Олай болса, классикалық педагогиканың негізі философия деу, шындық түгіл...қисынды өтіріке де ұқсамайды.

- Ғылыми педагогиканың негізі – білім беру, оқыту, тәрбиелеу – деуі, оның үстіне бүкіл Европалық ғалымдардың (Песталоцци, Макаренко) баланы туғаннан бастап қана тәрбиеленеді дейтін түсініктері де қате екені дәлелденіп отыр. Бала ана құрсағындағы 4-ші айынан бастап тәрбие күтетіні, ғылыми жаңалық ретінде мойындалған құбылыс. Олай болса, іште жатқан баланы – оқыту – білім беру – дегеннің көкейге қонбайтыны, ешқандай дәлелді қажет етпейтіні түсінікті.

- Ежелден белгілі – Аристотель мен әл‑Фарабидің – ғылыми классификациясы бойынша, Кез‑келген Пәннің негіздері ‑ өзінің ішінен шыққанда ғана – ол нағыз ғылыми пән бола алады , ‑ дейтін тұжырымын еске түсірсек, ғылыми педагогиканың негіз деп отырғандары – білім де, оқыту да – сырттан келіп тұрғанын ажырату қиын емес. Ендеше, бүгінгі Педагогика мен Психологияның осындай империялық саясатқа бағынған методологиясынан, бүкіл адамзат қауымының тәрбиесінде қабағат үлкен қателіктер бар. Осының салдарынан, бүкіл біздің өркенниетіміз бойынша, адам баласының бойындағы үш жүйесі – Т Ә Н – Ж А Н – Р У Х – тәрбиелері үндестіктерін тапқан жоқ. Бүгінгі таңда, Тән тәрбиесінен басқа, Жан мен Рухтың тәрбиесі түгіл, өзінің не екенін түсінбейтініміз шындық. Міне –Европацентризм методологиясының – керағар әсерлерінің бір саласы ғана, осындай жайсыздықтарға ие екен.

- Осыдан келіп, бұл кешегі империяларға, немесе, бүгінгі ЖаҺандану саясатына не үшін қажет болды ? – дейтін заңды сұрақ туындайды. Қысқа қайырып айтсақ, Бір халық ‑ өзінің отарындағы ондаған халықтарды еркін төстеп билеу үшін, қол астындағы халықтардың ұлттық және азаматтық санасын оятпауға тырысады екен. Сондықтан, империя атаулы бодан халықтың – ұлттық тарихын – халықтық педагогикасын – жойып жіберуге тырысса, ‑ тілін – жер аттарын – дәстүрі мен салттарын ‑ өшіруді өзекті мәселесі ретінде таниды. Мінеки, осынау санамалаған ұғымдардың теріс жүргізілуінен, ұлттық және азаматтық саналардың ашылмауынан, бүгігі маңдайымызға күйелі көсеудей ұрғылап жатқан шалақазақтар мен космополиттердің қасіретін түсінуімізге болады. Ал енді, осыншама ауыр керағарлықты түзетудің жолы бар ма ?.. ‑ Әрине, бар!?! Оны, «Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері» атты , ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімінен оқып танысқандарыңыз жөн. Ол келесі отырыстың әңгімесі болмақ...



ІІІ. Үшінші дәлел:

Европацентризм методологиясы – отарланған халықтардың мәдениеттерін де жоққа шығаруға тырысқандығы, бүгінгі таңда айпарадай болып ашылып жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Мысал үшін:

- Қазақ халқында «тарих та, мәдениет те жоқ» ‑ дейтін, кешегі европацентризм методологиясына сүйенген Кеңестік идеологияның қарабеттігін, даламыздан табылып жатқан архиологиялық жаңалықтар тап‑жылтпай дәлелдеумен қоса, бүкіл дүниені таңқалдырып көздерін шырадай ашуда ?!

- Байтақ даламыздың төрт құбыласынан да, Шығысында – Алтайдың мұзды тоңының астынан, әуелгі қалпында бұзылмай табылған – Берелдегі Алтын Адам мен ер‑тұрмандары алтынданған, мүйізді Аттардың бүтін күйінде сақталуы, европацентризмнің көмекейіне құм құйғандай болды.

- Тағы да сол Шығыстағы – Сауыр тауының етегіндегі Шілікті де табылған – даналық өрнектерге толы зергерлік бұйымдардың мәні мен мазмұны, тіпті ерекше екенін айтсақ та жетеді.

- Ал Алатау аңғарында табылған Алтын Адам – дүниені дүр сілкіндіріп, қазір АҚШ‑та және БҰҰ‑ның ғимаратында жанынан өткен жандарды тәнті етіп тұр. Жеріміздің Батысы мен Терістігіндегі енді‑енді ашылып жатқан көне қалалардың берері бұлардан да қызық болуы мүмкін.

- «Мәдениеттен жұрдай, тағылықтан басқа тәлімі жоқ» ‑ деп оқытатын Түркілердің Руна әліпбиімен жазылған Үлкен және Кіші Күлтегін, Тоныкөк, Білгі‑қаған жазуларының ашылуы, европацентризм методологиясының күл‑паршасын баяғыда‑ақ шығарған еді. Бірақ, бетсіздіктің «беделі» әлі дағы күшпен жүріп жатқаны белгілі. Оның үстіне, бүгінгі таңдағы сол методологиямен ғалым атанған «көшірме сауаттылар» ұйқысынан оянып дұрыс бағытты табуға талаптары мен дәттері жетер емес. Әйтседағы, бұрынғыдай емес, Империялардың жамбас астына салып тастаған шындық көздері – қасиетті көне ілімдермен көріне бастағанын қуанышпен хабарлауға болады. Бірте‑бірте жоғарыда келтірілген деректердің бәрі де өзінің тарихи орындарын алатынына сенгіміз келеді. Әйтпеген жағдайда, адамзат қауымының тәрбиесі тәркіленіп, қоғамдағы тәртіпсіздік пен әділетсіздік апатты жағдайларға жеткізері қақ. Бұдан құтқаратын, тек халықтық тағылымға негізделген адамзаттық парасат пен сана ғана болмақ...                         


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар