Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Рахымжан Отарбаевтың даулы сұхбаты шетелдегі қазақ...

08.09.2016 5105

Рахымжан Отарбаевтың даулы сұхбаты шетелдегі қазақ жазушыларын да бей-жай қалдырмады

Рахымжан Отарбаевтың даулы сұхбаты шетелдегі қазақ жазушыларын да бей-жай қалдырмады - adebiportal.kz


Жазушы Рахымжан Отарбаевтың  «Әдебиет порталына» берген сұхбаты қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желілердің «отын» маздатты. Бұл дау шетелдегі қазақ жазушыларын да бей-жай қалдырмады.


Белгілі қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлы бастаған ватсап желісіндегі «Сарап» атты топта Қытайдағы қазақ жазушылары бас қосып, жаңа шығармаларды сарапқа салуды, түйінді тақырыптар төңгірегінде әңгіме өрбітуді әдетке айналдырған еді. Сол «алаңдағы» даулы сұхбатқа байланысты бір-екі пікрді беруді жөн көріп отырмыз.


janbolat.jpg

ҚХР-дың Үрімжі қаласында тұратын белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Сұлтан Жанболатов:


Мен ел бұғанасы қатқанша, сыртқы қатер азайғанша, ішкі бірлік шындап нығайғанша, батысша демократияның сол бетінен гөрі, қазақы демократияның дәстүри бетін пайдалы санайтын адаммын. Өзіміздің бір мақалымызды сәл өзгертіп «Озар елдің баласы бірін-бірі асыл дейді, тозар елдің баласы бірін-бірі масыл дейділеп» айтып жүргенім содан. Сәбетқазы Ақатаевтің «бір қылығына қарап қолында өлгім келсе, бір қылығына қарап жолында өлгім келеді» деген ел билеушілеріне қарата да «қол сынса жең ішінде» дегенді жөн көріп келемін. Іш ірісе сырттан лап еткелі тұрғандар барын білгендіктен. Бізге қазір керегі жатты жанынан түңілдіретін тастай берік ынтымақ екенін сезгендіктен.


Ел бірлігі саны шекті ел билеушілеріне ғана қарап тұрған жоқ. Әрине олардың да, зиялы топтың да, жалпы халықтың да берекесіне қарап тұр. Әсіресе ел құрметтейтін тұлғалардың көңіл, ауыз, қылық бірлігі бұған үлгі ғой. Тәуелсіздігіне сырттан қатер жоқтың қасындағы елдерге, БАҚ арқылы ашық та қатты айтысу мен соттасу түгілі, парламентте төбелесу де тым ерсі саналмайтын секілді. Біз де ол күйге болашақта барармыз. Қазір ол бізге пайдасыз болар.


Мағауинді «Аласапыраны» арқылы білгемін. Өзіне де айтқамын. Өзге емес, сол сықылды шығармалары үшін ғана құрметтеймін. Отарбаевтың «Көбелектері» бұл жақта да «ұшып жүр». Ол да өзім сыйлайтын жазушылардың бірі. Аман-сәлемім дұрыс. Бұлардың бәрін Абай айтқан «керпіш» бола алғаны үшін де асыл санағанымыз жөн. Олардың бірін-бірі масыл санауын тек әдебиеттану ғылымы тұрғысынан иланарлық әдеби сыны болса құлақ түрерміз.


Отарбаевтің "жұрт «Абайды» оқымайды" дегені реалдыққа таяу. Оған Мұхтар Әуезов (кезіндегі заман ығына жығылды делінсе де) кінәлі емес. Бүгінгі заман ауқымы, техникалық прогрестің жайсыз ықпалы, оқырманның виртуал қоғамға аунап кетуі сықылдылар кінәлі. Бірақ шынай романшылар мен нағыз сыншылар, өрелі оқырмандар кешегі классиктерді үнемі оқиды. Әдебиеттің асылдары 90 пайыз халық сауатсыз кезде де өміршең болған. Оның қасында интернет, смартфон, т.б. бар.


Қай жазушыға да болашақ, уақыт және ол кездің өрелі оқырмандары баға береді. Бүгінгі сыйлықтарға таласу артық. Мен өмірі бір де бір сыйлыққа қол созбаған адаммын. Бергенін алдым, рахмет айтып. Тілегім зор сыйлықта. Ол болашақта аз да болса оқырманыңның болуы!


MG_6840.jpg

Қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы:


Әрбір нағыз шығармашлық адамы - жеке дара мінез бен көзқарастың иесі! Сол үшін де оны шығармашыл тұлға дейміз! Мына сұхбатта айтылған әдебиеттің төл мәселелері мен өзге қаламгерлер туралы ойлар Рақымжан Отарбаевтың жеке пікірі, өз жеке көзқарасы! Әсте соңғы шешім емес... Дегенмен, осы жеке көзқарасының өзін күлбілтелемей, күмілжімей батыл айта алған мінезінің өзі өнеге боларлық! Біраз мәселені батыл көтерген, тіліп-тіліп айтқан екен...


Әттең осы батылдық, осы мінез әдебиет сыншыларында болғанда ғой...


Әрине, эмоциямен тым ұшқары айтылған пікірлері бар.... Мәселен, шығарманың көлемі мәселесіне келсек, тек көлемді болса ғана керемет шығарма, немесе керісінше ықшам болса ғана керемет шығарма болады деп кесіп айту әбестік болар еді.... Сондай-ақ, М.Әуезов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов туралы пікірлерімен де толықтай келісу қиын.


Ал уақыт әлдеқашан бағасын беріп қойған ұлы қаламгерлерді (М.Әуезов т.б.) анау-мынау дейді де, Б.Нұржекеевті өзінен де жоғары қояды.... Ал түптеп келгенде Б.Нұржекеев кім? Оның қасында А. Сүлейменов кім? М.Мағауин? Ә.Кекілбаев кім?


Міне, сұхбатта осындай парадокс пікірлер аз емес...

.

Дайындаған Ризабек Нүсіпбекұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар