Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Қыз Жібекте" Шеге боп шақырған кім?...

19.09.2016 14820

"Қыз Жібекте" Шеге боп шақырған кім?

"Қыз Жібекте" Шеге боп шақырған кім? - adebiportal.kz


«Қыз Жібек» фильмі – қазақ кино өнерінің басына қонған бақ. Көңіл қуандырып қана қоймай, кезеңдер өте келе ұлттық киноға сусап қалатын қазақтың мəңгілік көңіл жұбанышы да. Ол режиссер Сұлтан Қожықовтың ғана жеке табысы емес, фильм бұл шеңберден шығып, əлдеқашан «қазақтың киносы» деген биікті белгілеп алды. Бірақ Нұрғиса Тілендиев жазған «Қыз Жібек» фильміндегі бүкіл музыканы алып тастап, оның орнын тамылжыған халық əндерімен немесе бойды балбыратып, жанды шымырлататын күйлерімен алмастыратын болса, тіпті болмаса керемет талантты композиторға «міне, материал, осыған ғажайып музыка жазып бер» деп тапсырыс беретін болса, фильм дəл осылайша өлмес туындыға айналып, табысқа жеткен болар ма еді? Дəл осылай халықтық фильмге айнала алар ма еді?

«Қыз Жібекте» Шеге боп шақырған кім.jpg

Күмəн кез-келген адамнын көңілінде туады. Өйткені фильмнің ширек бөлігін тұтас бір қабырғасын ұлттық сазбен көмкерілген осы музыкасының көтеріп тұрғандығына дау жоқ. Ұлттық топырақпен иленіп, тек бір ұлттың ғана ұғымынан туған саз бен əуенге арқаланып, көңілі асқақтамайтын адам да жоқ. Нұрғиса Тілендиев бұрыннан бар халық əндерінің өзін жаңаша жаңғыртты. Анда-санда əлдеқандай иірімдері мен қайырымдарын байқап қалмасаң, халық əуені екен деп ойламайсың да. Ал осы атақты «Қыз Жібек» фильміндегі көмекейінен өлең саулаған ақын Шегенің шарықтатып салатын ғажап əндері қай қазақтың да құлағында. Себебі, бұл фильмдегі Шегенің əндерінің орны бөлек. Шегенің əндерін актер Əнуар Молдабековтің өзі орындай ма? Үнемі мұңлы көрінетін Молдабеков ағамыз əнші де болған ба? Əлде əн басқа белгілі əншілердің бірінің дауысымен жазылған ба?


Иə, «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің əндері белгілі опера əншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Кеңес Бақтаевтың дауысымен жазылған. Ол Абай атындағы Опера жəне балет театрында табаны күректей қырық жыл еңбек етті. Табиғаты таза, бала секілді елпілдеген ақкөңіл ағамыз Шегенің құлақ құрышын қандырар əндерін тамаша тенор дауысымен киноға жазып бергенімен, өзі көлеңкеде қалды. Операға халықтың бəрі бара бермейді, ал «Қыз Жібекті» көрген сайын шырқап жатқан Шегені көргенде «Ой, мынау Əнуар емес, Кеңес қой» дейтін еш белгі де, із де қалмады. Фильм біткен соң титрға аты-жөні жазылмады. Сондықтан əуелете салатын əндерді Бақтаевтың орындағанын ешкім де білмеді.

Қыз Жібек.JPG

1971 жылы фильм түсірілгенде К. Бақтаев 33 жаста еді. Опера жəне балет театрында жұмыс істегеніне он шақты жыл болып, бұл уақытта өзі де «Қыз Жібек» спектакліндегі Шегенің рөлінде ойнайтын-ды. Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтерден кейінгі Шегенің рөлін ойнаған үшінші толқынның өкілі еді Бақтаев. Сондықтан алдындағы ағаларының киімін киіп, қолына қамшысын ұстап ойнаған Шегенің рөлі кино өнерінде кезіккенде де Кеңес ағамызға соншалықты жат емес еді. «Менің даусым тенор болғандықтан, дауысымның характері ашық, қанық еді. Фильмдегі Шегенің əндерін орындауға жарияланған конкурс өте үлкен болды, таласқандар да сұмдық көп еді. Тіпті бұл сұрыптауға Шегенің рөлін бұрыннан ойнап, əндерін ертеректен орындап жүрген Ғарифолла Құрманғалиев те қатысты. Бірақ фильмді музыкамен əрлеген Нұрғиса Тілендиев, режиссер Сұлтан Қожықов, актер Əнуар Молдабековтер менің даусымды ұнатыпты. Нұр-ағаң: «Шеге – жас, жастық желігі басылмаған жалын ақын, сондықтан оның дауысы да жас болуы керек. Дауыс бозторғайдың шырылындай тамылжып тұруы тиіс. Бұл рөлге Кеңес лайық, дауысы ашық, диапозоны кең» деп сол кезде жасы алпыстан асып кеткен Ғарекеңді емес, отызды орталауға аяқ басқан мені қолайлы деп тауыпты. Сөйтіп, əншілердің арасындағы іріктеу сынынан өткеннен кейін маған «тездетіп жаттаңыз» деп ноталар берді. Оның ішінде «Қыз Жібек» жырында кездеспейтін, Нұр-ағаңнын фильмді өрнектеу үшін өз тарапынан топтастырған жан шымырлататын саздары, əндері көп еді. Фильмде Шегенің аузымен солардың оншақтысы орындалады. Ал Төлегеннің əндерін орындауға талпыныс білдіргендердің ішінен Қайрат Байбосынов озып шықты. Дауысымызды таспаға бір айға жуық уақыт жазды. Фильмдегі Шегенің əндерін орындағаным үшін көп ұзамай маған «Қазақстанға еңбек сіңірген артист» деген атақ берілді. Менің театрдағы он жылғы еңбегімді Шеге осылайша бір-ақ фильммен бағалап берді. Содан кейін зейнеткерлікке шыққанша театрда Шегенің рөлін ойнадым. Басқа да рөлдерім өте көп еді, бірақ Шеге менің өнердегі «коронный» партиям болды» – дейді К. Бақтаевтың өзі.


Қазір Кеңес Бақтаев – зейнеткер. Қызы Жаннат Бақтаеваның да бойына əкесінің таланты мен өнері дарып, опера əншісі болып қалыптасты. Бүгінде Астанадағы К. Байсейітова атындағы Опера жəне балет театрының белді артисі. Таланты əкесінен артық болмаса кем емес – болашағынан үміт күттірер мəртебелі артистер қатарында. Жаннат – жолындағысын жайпап, таптап өте беретін екі иығын жұлып жегендердей емес, Шегенің əндерін орындап алған «еңбегі сіңген» атағымен-ақ қоңыртөбел тіршілігін кешіп, қарапайым мінезінен айнымаған əкесінің өмірдегі өтемақысы да сияқты…



Айгүл Аханбайқызының "Оқырман күткен әңгіме" атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар