Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Назерке Серікқызы: Бір туысым бар еді......

19.09.2016 4636

Назерке Серікқызы: Бір туысым бар еді...

Назерке Серікқызы: Бір туысым бар еді... - adebiportal.kz


назерке.jpg

Ағажанова Назерке Серікқызы Семей қаласының М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің «қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінің 4 курс студенті. Абай Құнанбаевқа арналған мүшәйраның 3 орын және сертификат иегері, Оралхан Бөкейді еске алуға арналған жыр мүшәйрасының 2-орын иегері, Сәбит Дөнентаевқа арналған жыр мүшәйрасының «Алғыс хат» иегері, 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне арналған қалалық жыр-мүшәйрасының Бас жүлде иегері, Мұқағали Мақатевқа арналған колледжішілік жыр мүшәйрасының Бас жүлде иегері.


Мен жайлы


Мен,
Бүршікпін! Бүрімін асыл тектің,
Туғанымда ойлаған асыл деп кім?
Он бірімде өлеңге өрттей кіріп,
Он бесімде өзіме ғашық еттім.
Құшағында отырып қасіреттің!


Мен,
Өткенімді ойлағам он алтымда,
Жастарымды қорқамын жоғалтуға.

Жігіттің арманында жүрсем- дағы

Көңлімді ала алмаған, қолы алтын да,
Ғашық еттім, жігітті он алтымда!


Мен,
Он жетімде, өкпені еткем жырақ,
Белгісіз, бір бақытты көктен сұрап.
Өлеңіммен өрлеп мен бара жаттым
Басқалары жатқанда шеттен құлап.
Біреуіне қолдарым жеткен кезде,
Біреуі тастап мені кеткен бірақ!


Мен,
Он сегізде, қоштастым жалғыздықпен,

Сырласатын сән түзіп таңғы шықпен.
Қызға айналдым, кешкі әуен аясында
Сүйіктісін құшақтап, жаңбыр күткен!


Мен,
Дерексізбін, ішінен мың деректің,
Тым төменмін өмірден, тым бөлекпін.
Кейбіреулер жай ғана керек етсе
Ал, біреуге шын керекпін,
Біреуге шын керекпін!


Бір туысым бар еді


Бір туысым бар еді алыста менің,

Мен онымен түсімде танысқан едім.

Өңімде көрсем өкінбей, жүгіріп барып

Табыспақ едім...


Бір туысым бар еді көше де менің,

Келмеген соң қайғымды еселеп едім.

Мен тоңғанда жылыта алмады бірақ,

Ал мен оған ақ кілем төсемек едім.


Бір туысым бар еді бөктерде менің,

Бөтен аяқ баспаған көктем де жерін.

Ол сүрінген жерлерге жығыла бердім

Құшақтайын деп едім кеткенде кегім.


Бір туысым бар еді аспан да менің,

Бұлттар көшіп жататын шашқанда демін.

Қайта оралып келмейтін болды ма?

Ал мен,

Бар сырымды жасырмай ақтармақ едім.


Бір туысым бар еді көрмеген мені,

Көңіліне үнсіз жайғасқан көлденең легі.

Анамнан кеше сұрап ем, сен жайлы, әке,

Ол әлі тірі, ол тірі,

«Өлмеген» ,- деді!


28.06.2016



Арпалыс



Тірілу, сүю, танысу, күлу, табысу,

Біреуден озу, біреуден кему, қалысу.

Өмір дегенің осы екен деймін өмірмен

Жеңілу үшін жарысу...


Жабығу, жылау, сағыну, сұрау, егілу,

Армандау, құлау, құлату, босқа ерігу.

Өмір дегенің осы екен деймін еріксіз

Бақытты болып көріну...


Жеңілу, жеңу, оралу, келу, жақындау,

Түн болып батпау, таң болып шуақ шақырмау.

Өмір дегенің осы екен деймін амалсыз

Өзгенің ойын мақұлдау...


Өртену, өлу, жиіркену, көну, сағыну,

Қартаю, суу, қоштасу, ойдан жаңылу.

Өмір дегенің осы екен деймін ақыры

Тағдырға тілсіз бағыну...


Көмілу, тыну, көгеру, шіру, бүліну,

Дәм – тұзың біту, сүрінер жерде сүріну.

Өмір дегенің осы екен деймін осылай

Тірілу үшін өлумен

Өлуің үшін тірілу...


09.05.2016.



Түнгі хат


Кешқұрым шақ,
Құшағымда қара түн,
Жанарда жас, жұлдыз болып таматын.
Мен сол жолды әлі іздеп таппадым
Саған бастап баратын...


Түн балбырап тереземнен қарайды,
Күз де бізді бақытсызға санайды.
"Сағындым" деп үн қатар деп күтіп ем,
Айтпай-ақ қой, жарайды.


Өзің емес, өлең болды тапқаным,
Оралсаңшы сыйлай бермей жатқа мұң,
Түн бетінде қалқып жатыр сол беті
Саған жазған хаттарым...


Көп өкіндік, өмір сүріп күдікпен,
Жалғаспадық,
Алмаспадық жүзікпен.
Бүгін бірақ тереземді жаппаймын
Сен "түн" болып келер деген үмітпен...



***


Шыдамымдай шындығыма бергісіз,
Сізде үнсізсіз, және мына менде үнсіз.
Бұл кездесу соңы болсын бәрінің
Сағынбаңыз енді сіз...


Сағынбаңыз, сұрамаңыз себебін,
Менде сыр жоқ, тек мұң ғана берерім.
Өкпелетіп алармын деп абайсыз
Тек үндемей келемін...


Тарылып тұр түн сәулесі төбемде,
Қысылмаймын, сізді «сүйем» дегенге.
Бірақ менің демім бітті кеудемде
Жаным бітті денемде.


Шарам бітті, сезім бітті, таусылдым,
Сөздеріне қалып біттік әркімнің.
Сіз күтпеген күлкім кетіп жүзімнен
Сіз сүртпеген жасты сүртіп талпындым.


Айлы түнге оранса да маңайым,
Сізге шуақ шашпайды енді арайым.
Тек соңғы рет қараңызшы жүзіме
Шын жүректен бақыт тілеп қалайын!

15.01.2016.


Апатия


Түңілу ме бұл сезім, түнеру ме,
«Сағындым» дегім келді, білемін де.
Сен бірақ өте шықтың ақ жауындай
Қалдырып жүрегіңді жүрегімде.


Сен менікі емессің, соны ұқтым да,
Жоғалып кете бардың, жолықтың да.
Соңынан ізіңді аңдып ілеспедім,
Білмеймін қорғандым ба, қорықтым ба?!


Күрең тартып жоғалған сән кешегі,
Жағалап тағы келем тар көшені.
Түн мүлгіген тұманның ырғағына,
Қосып шырқап келемін әнге сені.


Сыбырладым,
Жүрегің естіді ме?
Тағы өзіңсіз батырдым кешті міне.
Үңілместен тағдырға шарасызсың
Сүрінбестен сезімнің көшкініне.


Түңілу ме бұл сезім, түнеру ме,
«Сағындым» дегім келді, білемін де.
Сен бірақ өте шықтың ақ жауындай,
Жүрегіңді қалдырып жүрегімде.


Қайтарыңдар!


Жағаласып жалғанмен жай табыңдар,
Ренішім бар, өткенге, айтарым бар.
Қате жерін өшіріп, түзетейін,
Өмірімді өзіме қайтарыңдар!


Қайтарыңдар,
Бақытсыз бала күнді,
Жаңылысқан, жар басқан қадамымды.
Қайтарыңдар, өтінем беріңдерші
Жеті түнде жылаған жанарымды.



Жүрегімнен алыңдар, қара мұңды! 

 Білесің бе, саған да айтарым бар,
Ей, жасыл бақ жыламай жайқалыңдар.
Өткенімді қатесіз өткерейін
Өмірімді өзіме қайтарыңдар!


Қайтарыңдар!
Сұранам, шын сезінем,
Жас ақпасын ендігі мұң көзімнен.
Бір бақытты сәттерді қосып берші
Мың бақытсыз боп кеткен бір кезіммен.


Жағаласып жалғанмен жай табыңдар,
Ренішім бар, өткенге, айтарым бар.
Қате жерін өшіріп, түзетейін,
Өмірімді өзіме қайтарыңдар!
Қайтарыңдар!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар