Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұстай Ақынжанов: Абайдың Қоғамдық-Саяси Көзқарастарының Қалыптасуы

09.12.2015 249

Мұстай Ақынжанов: Абайдың Қоғамдық-Саяси Көзқарастарының Қалыптасуы

Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлы 1845 жылы Шығыс Қазақстан жерінде, Семей облысы – Шыңғыс болысында (қазіргі Абай ауданында) ірі феодал – сұлтан Құнанбайдың семьясында туды. Болашақ ақын туған халқының өмір–тұрмысымен, туған жерінің жаратылысымен осы өз аулында танысты.
Абай жеті жасқа келгенде әкесі Құнанбай Қарқаралы округіне сұлтан болып тағайындалады.
Құнанбайдың сұлтандығы реакцияшылдық-кертартпашылдық үш түрлі қырыс бетін ұстаған:
Ең алдымен, Құнанбайдың сұлтандығы әлі мүлдем басы ноқтаға кірмеген бұқара халықты патша өкіметіне қайрусыз құл етіп бағындырудың шоқпары болды.
Екіншіден, Құнанбай өзінің сұлтандығын «қарадан шыққан хан» есебінде асыра бағалады. Құнанбай күні батқан хандық өкіметін орта ғасырлық билеу «тәртібін» - диспотизмін қолына ту қылып ұстады. Әмірінен бас тартқан бұқараны, феодализмге наразылық көрсеткен халықты варварлық әдіспен өлтіру жазасын қолданды.
Үшіншіден, Құнанбай ислам дінін феодализмнің серігі, күзетшісі деп білді. Феодалдық үстемдікті – ислам діні арқылы бекітуге күш салды. Қазақ ішіне мұсылмандықты күшпен таратты. Намаз оқуды, ораза тұтуды, зекет беруді, хажыға баруды, құдайға құдайшылық қылып иман келтіруді, шариғат «догмасына» шексіз сенуді мұсылмандықтың басты шарты етіп қойды. Намаз оқымағандарды тізеге соқты, ораза ұстамаған, насыбай атқандардың ауыз-мұрнына тотыяйын ездіріп құйдырды. Әдет-ғұрып, ескі заңнан ауа жайылғандарды қолмен жазалады, дүре соқтырды. Сөйтіп, патриархалдық-феодалдық, оның күзетшісі – хандық, сұлтандық өкіметті – диспотизммен, клерикалдық –софылық дүмшелікпен ұштастырып, шегіне алып барды, - феодализм үстемдігін нығайтты.
Бұл айтылғандар орта ғасырлық басбұзарлықтың ауыр салмағы халықтың басына келіп төнген Құнанбай заманының дәмеқұл қылышы болды. «Мұсылмандықтың не екенін білмей жүрген кезде  дін үйреткен еді Құнанбай», «Жылаған баланы уатқан Құнанбай» деп мақтаныш етіп, алашордашылардың дүрлігуі осыдан.
Құнанбай режимі, сөз жоқ, халықтар наразылығын күшейтті. Тап таласын шиеленістірді. Бұқара халық стихиялық күреске шықты. Абай шығармаларының ішіндегі қайғы-қасірет, халықтың күйзелуі мен күйінуінің сарыны осы стихиялық күрестердің сәулесі.
Құнанбай режимі – әрі таптық езушіліктің, әрі ұлттық теңсіздіктің, әрі рухани жәбірлеушіліктің ең сорақы түрі болды.
Абайдың:            
Соры қалың соққы жеген пұшанамыз...
Жүрегім менің қырық жамау...
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...-
деген қасірет сарындары осының сәулесі.
Құнанбай ауыртпалығы халық бұқарасының басына ғана түсіп қоймайды. Ол баласы Абайдың басына да дәмеқұл қылышы болып төнді.
Абайдың:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме
Сандалмамен күн кешкен, түспе ізіме! –
деп, өзі өмірін өзгеге үлгі етуден бойын аулақтатуды, әке қоластында өкінішпен өтіп кеткен көп өмірінің сәулесі.
Құнанбай өз ескілігіне өзі берік болды. Абайдың естілігін ерте сезді де, оны өз ескілігіне қарай баулу үшін Абайдың алды-артын бірден шырмап, отыздан асқанша өз тұрғысынан басқа шоқыға шығып қарауылдауына ерік бермеді. Әкелік, әкімшілік, мұсылмандық, тіпті әдет-ғұрыптық басымдылығын пайдаланып, Абай өрісін тұсады.
Құнанбай патшаның жақтасы бола отырып та, фанатиктігіне жеңдіріп, баласын орыс мектебіне жібермеді. Астыртын орыс мектебінен Абай сабақ алып жүр дегенді естіп, медресені толық бітіртпестен Абайды қаладан аулына қайтарып алған. Ел билеу жұмысына, жаңадан ұйымдасқалы жатқан көрші округіне сұлтан жасауға асыққан.
Бірақ сұлтандық үкіметтің өмірі ұзаққа бармады. 1868 жылғы реформа бойынша сұлтандық қысқартылды. Оның орнына, одан көлемі кіші болыстық, ел билеу системасы жасалды. Болыстан жоғарырақ әкімшілік орындарға қазақтан адам отырмайтын болды. Құнанбай болыстық лауазымды өз басына азсынды. бірақ билікті қолынан шығармау үшін бала жігіт Абай өз баласына управительдікке ұсынды. Абай оған қарсы болды. осыдан Абай мен әке арасында көптеген келе жатқан қайшылық сыртқа шықты.
Абайдың әке әмірінен бас тартуымен байланысты, Қнанбай семьясында жанжалдар басталады. баласына өкпелеген Құнанбай өзіндей қырыс, өзінің тілінен шықпайтын бір інісін управительдікке тағайындатып, Абайды кемшін ұстады. Алайда, Абайға күндестер келесі сайлауға шейін әкесімен татуласып, орнын алып қоймас үшін түрлі айла құрып, Абайды өз елінен 1875 жылы әкімшілікке тағайындады.
Абай өз еркінен тыс үш жыл елбилеу-әкімшілік міндетін атқарды.
Бұл үш жыл Абай өмірінде ең үлкен ауыр жылдар болды. Абай әкімшілік міндетін атқарған елідң бай-феодал-шонжарлары оның басына қастандық ұйымдастырды, уезд, губерния бастықтарына тынымсыз арыздар жолдады. Сан түрлі жала жауып, Абайдың басын 10 жылға созыған дау-жанжалға ұшыратты.
Семей облыстық архивында сақталған мәліметтерге қарағанда, Абай туралы үкімет зор жұмыс қозғаған. Абай туралы жеті жүзден астам адаманан жауап аллған. Осы фактінің өзі-ақ патша үкіметінің Абайды құрту үшін соңына мықтап түскенін сыйпаттайды.
Осы кездерде Абай қалаға жиі шақырылатын, дүркін-дүркін начальниктерге жауап беретін. Өз басының ақтығын айтып ол талай мекемелердегі чинді төрелерге жолықты, арыз айтты. Бірақ Абайдың арызын тыңдаған патшалық үкімет адамынан бір жан да табылмады. Парамен аузы түшіккен төрелер, «құр қол» келіп тұрған Абайдың адалдығына да, дәлелдеріне де құлақ аспады. Абайдың тауаны қайтты.
Абай осы кезде, Россияның ресми уәкілдерінен басқа, демократиялық Россияның адамын көрді. Ол адамдар жауыздыққа жаны қас, халық уәкіліне жаны ашыйтын, әділетсіздікті тыңдайтын, тек тыңдап қоймай, әділетсіздікке қарсы күресетін адамдар еді. Абай бұл адамдардың, сөзінен де, ісінен де, пейіллінен де, чиновниктік Россиядан басқа, халықтық, демократиялық Россияны, оның таңдаулы уәкілдерін көрді. Абайды олар адам деп таныды, бауырым деп жақын тартты, Абайдың болашақ зор аддам екенін бірден бағалап құрметпен қатынас жасады. Сондай адамның бірі – демократиялық Россияның көптеген уәкілінің бірі – Евгений Петрович Михаэлис еді.
Е.П. Михаэлис Абайды патша өкіметінің қанды тырнағынан құтқарып, сот, тергеу орындарынан ақтап алуды ұйымдастырды. Абай Михаэлистер достығы – патшаға қарсы, патшашыл чиновниктерге қарсы, патша өкіметінің қазақ ішіндегі серігі бай-шонжарларға қарсы таптық, туысқандық, жолдастық күрес үстінде келіп туып халықтық, бұқаралық достық болды.
Үкімет зорлық, 
Өтірік, ұрлық,
Құрысын, көзің ашылмас! –
деп, әкесі еріксіз қосқан үкімет билігінен безіп шықты.
Абай үкімет билігінен безумен бірге, патшалық Россиядан безді. Демократиялық, халықтық Россияның жақтасы болды. Сонымен бірге, Абай Құнанбайлық Қазақстаннан да безді. «Ұры-залымдарға жеміт болып жүрген момын шаруалардың» жақтасы болды.
Бұл тарихи уақыйғалар Абайдың өз сөзімен айтқанда, Абайды жақсы білетін адамдардың мәліметтеріне қарағанда: «Менің дүниеге көзімді ашқан кісі Михаэлис болды», «Құбылам Батыс, батысым Шығыс болып кетті» дейтін жаңа «өмір өрінің» басталуы кезіне дәл келеді, 1880-1884 жылдар шамасы, Абайдың отызы орталап қырыққа тақаған жасына тура келеді. осы кезде – 1883 жылы Құнанбай өліп, Абай оның да тырнағынан құтылды.
Абайдың дүниеге көзін ашуға себепкер болған Е.П. Михаэлис, Чернышевскийдің, Добролюбовтың ой-пікірлерінен нәр алған Н.В. Шелгуновтың жолдасы.
Михаэлис 1860 жылдарда Петроград университетінде оқып жүрген кезінде Чернышевскийдің ықпалымен, Добролюбовтың тікелей басшылығымен жасалған революцияшыл үйірмелердің бірінің белсенді мүшесі болған. Бұл үйірме - ССР Одағы тарихынан көрнекті орын алған үйірменің бірі. Көптеген орыс революционерелері одан революциялық тәрбие алған, ол 1861 жылғы реформа қарсаңында Н.Г. Чернышевскийдің крепостниктік құрылысқа қарсы революциялық үгітін таратқан.
Михаэлис батыл студент еді. Петроград студенттері Михаэлисті орталарынан үнемі уәкіл етіп белгілеп, қайдағы жыйын топқа жіберіп тұрған. Михаэлисті олар өздерінің революциялық ой-пікірлерін дұрыс жеткізе алатын сенімді адамы деп саналады.
Михаэлис – Н.Г. Чернышевскийдің «К барским крестьянам» сияқты заманының революциялық зор документін халыққа таратушылардың бірі. Чернышевский ізімен Н.В. Шелгунов жазған «Жас ұрпақтарға» прокламациясын жазысуға, оның жастар арасына таралуына белсене қатынасты.
Шелгуновтың «Жас ұрпақтарға» прокламациясы 1861 жылы Лондонда Герценнің ерікті баспаханасында басылып шықты. Жастар оны да, тағы басқа сол сыяқты прокламацияларды Россияға жасырын жеткізіп алып, жас ұрпақтар арасына таратқан жерінен ұсталынып жер аударылған. Сол кезде ұсталынып жер аударылғандардың бірі – Е.П.Михаэлис. Ол 1861 жылы Сибирьге, сонан соң 1869 жылы Семей қаласына жіберілген.
Е.П. Михаэлис – революциялық школдан өткен, Россия демократтардың қатарлы қайраткері. Ол өзінің іс әрекеттері мен ой-пікірлеріндегі азнаулық кемшіліктеріне қарамастан, Абайға көмектесу, дүние таныту, орыстың классикалық әдебиеттерімен, мәдениетімен, прогрестік үздік ой-пікірлерімен таныстыруында ешқандай бұлталақсыз жәрдемдесті. Оның тарихи маңызы зор.
Е.П. Михаэлис  Семей қаласына келіп орналасқаннан кейін көптеген игілікті істердің инициаторы болды. 1878 жылы Семей облыстық санақ комитетінің құрылуына көмектесті. Жұртшылық көмегін ұйымдастырып, - осы күнгі Гоголь атындағы кітапхананы ашуға қатынасты.
Санақ комитеті мен кітапхананың ұйымдасуы Семей қаласының халқы үшін, Семей маңындағы қазақ халқы үшін тарихи маңызды. Комитеттің мүшелерінің көпшілігі ішкі Россиядан жер аударылып келгендер тұсындағы құрылысқа, режимге наразылар еді. Олардың ішінде ғылымның түрлі салаларының мамандары бар еді. Қазақ елінің экономикасын, шаруашылығын, этнографиясын жаны ашып, құрметпен зерттеді. Жердің байлығын ашуға жәрдемдесті. БҰл жұмыстарда Е.П. Михаэлис белсенді қызмет етеді.
Кітапхананың маңызы өте-мөте күшті болды. Қала, қыр интеллигенцияларының өз бетімен білім алуына көмегі тиді. Абай орыс біліміне осы кітапхана арқылы кани сусынды осы кітапханадан алып тұрған. Михаэлис, Долгополов, Леонтьевтер Абаймен осы кітапханада танысты. Кейін жиі қатынасты, достасты. Абай бұл кітапхананың әдебиет әдебиет казналарын кең түрде пайдаланған.
Абай сексенінші жылдары орыс халқының классик жазушылары Крыловты, Лермонтовты, Пушкинді, Салтыков-Щедринді, Толстойды тағы басқаларды оқыды. Бұлардың шығармаларында жазылған сынға да зер салып отырды, Белинскийді, Чернышевскийді, Добролюбовты оқып, олардың демократиялық ой-пікірімен танысты.
Абайдың орыс әдебиетіне назар аударуына және ақындықты айрықша бағалауына тағы бір жағдай болды. Ол 1880-1882 жылдары Семей қаласында Абай алғашқы рет орыстың революцияшыл демократтарының шәкірттерімен танысқан 1812 жылғы отан соғысына 70 жыл толуды тойлаған. Туған жер, өскен елден елден алыста жүрген жастар, сол ел үшін қайысқан қабырғасына өз мұңын қосып ол күнді айрықша еске алды.
Абай достарымен бірге бұл күнді еске алысқанда, сондай тамаша уақыйғаның Абай көз алдындағы өшпес ескерткіші Лермонтовтың «Бородиносы» болып көрінді. Ол жыр сол кездің өзінде өзінің идеялық өңін, патриоттық сезімін жоғалтпай отырғандығы Абайың ақындықты өнер деп бағалауына түрткі болды. Абай қатнасып жүретін әрбір кештің «таңғы азаны», «кешкі шырағы» жастардың қосылып айтатын:
Айтшы аға, неғып жеңілдік, 
Мәскеуде емес тегіндік, 
Болған білем соқтығыс, 
Емес білем аз жұмыс. 
Ұмытпайды еш орыс, 
Бородинде көргенді... – дейтін Лермонтов жыры болды.
Білетіндер Абай бұл өлеңді, сол кештерде қатынасып жүрген кезінде аударған дейді. Оған сенбеске ешбір орын жоқ. Бұл өлеңнің алғашқы бөлімі қала маңындағы халықтар аузында, соңғы бөлімі қырда (ел ішінде) сақталғаны да оны растайды. Қалайда, бұл өлең Абайға үлкен әсер еткен. Өлең-жырдың әлеуметтік мәнін түсінуін күйшейте түскен, оның тарихтың айрылмас серігі, өлмес-өшпес ескерткіші екенін танытқан. Орыстың классикалық әдебиетінің ақынға тұңғыш игілікті ықпалы осындай болды.
Абайдың бұл аудармасы бізге тұтас жетпеді. Алайда, оның толық аударылып, мазмұн, уақыйға жағынан байып, ел ортасында көп айтылатын ертегі жырға айналғанын Абай ауданының адамдары жақсы біледі. Осы сөзді жазып отырған авторда оны талай естіген. Ол жыр:
Штық, қылыш қайсарып,
Шыйратып мұртты шайнасып,
Ашулы солдат қыстықты... – деп келетін еді.
Бұл қыр ішінде жаңа үн, жаңа сарын, жаңа мазмұн әкелген өлең болды. Абай бұл өлеңді 1882 жылы жазды деп санауға болады. Абайдың тұңғыш аудармасы, сонымен қатар, ол – тұңғыш оригиналдық өлеңінің, ақындығының басы. Олай дейтін себебіміз Абайдың «Кім екен деп келіп ем түйе қуған...», «Юзі рәушан, көзі гәуһар...», «Физули. Шамси. Сайхали...», «Әлипби», тағы басқа бұған дейінгі 25 жыл ішіндегі жазған бар жыйыны 7-8 өлеңі, шын мәнісінде өлеңді өнер деп танып, соңына түскен Абай мамандығы емес. Ол ақындық дариясының ернеуінен асып сыртына төгілген тасқыны сықылды. Ал Абайдың осы жылдары жазған «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңдері – ақындығына сенген, өлеңді өнер деп таныған, өлеңнің кестелігін іздеген кексе ақынның ісі.
Абайдың 1882-1884 жылдары жазған бұл екі өлеңнің тарихи маңызы, бізше, оның көркемділігінде. Көркемдік, әрине, жақсы идеядан күрделі мазмұндылықтан туады. Абайдың бұл екі өлеңі мазмұндары жағынан бір дәуірдегі тұтас әлеуметтік-саяси құрылысты толық қамтып отырмағанымен, сол уақытқа шейінгі айтылып келген бұл жөніндегі мәселелердің мүлдем бір басқа гуманистік көзқараспен, діни схоластикадан аулақ, демократиялық дән беріп жазған.
Ал көркемдік жағынан бұл екі өлең: біріншіден, Абайдың ақындығын дәлелдеді; екіншіден, өлең-жырдың ескі формасының арнасымен жаңа арна тапқан, болашақ жазба әдебиетінің қарлығашы болды; үшіншіден, өлең-жырдың халықтық формасы, сарқылмас бұлақ екенін, ол бұлақтың көзін ашқан сайын молайып, дами беретінін көрсетті. Сонымен бірге Абай халықтық казнаның қасиетіне қанықты. Ендігі жерде осындай бай казнаны пайдаланып, әлеуметтік-саяси мәселелерді де сөз қылып, халықтың жарасына ем іздеуге болатынын, ол емнің жай сөзден гөрі өлеңмен жазғанда қонымды, халыққа ұғымды болатынын сезді.
Абай бұл екі өлеңнен кейін ендігі өлең-жырының бетін халықтың ілгері басуына кедергі болып отырған қырыс-қыңыр істерді жолдан алып тастау үшін батыл сынауға қарай бұрады. Халыққа жақсы өмір іздеуге қарай бұрады.
Абай бұл тақырыпқа қанша көп көңіл бөлсе, сонша оған өзінің дайындығы, әсіресе, білімнің жетімсіздігін мойындайды. Өлең-жыр жазуға шеберлігі жететіндігін біле отырып, ол өлең-жырменен халық тілегін, саяси әлеуметтік хал-жағдайларды толық айтып жеткізуге білімінің саяздығын, оқымай қалғанын сезді. Халық қамына мұң қоса алмайтынына қамықты. Қайғысына қалыпты, өкінішіне дәл келген лермонтовпен мұңдасады. 1885 жылы Лермонтовтың:
Әм жабықтым, әм жалықтым, 
Сүйеу болар қай жігіт, 
Көңілден кеткен соң тыным? 
Ән сүйіндім, ән түңілдім, 
Үнемі не еткен үміт, 
Өткен соң бар жақсы жылым!... –
деген өлеңін аударып, сырласады. Бірақ Абай «бар жақсы жылы өтіп кетсе де», енді менен ешнәрсе шықпас деп, не болмаса, біттім, болдым, жеткен жерім осы деп қарап отырмады. Кеш болса да талаптың тұлпарына  мініп, «өмір өріне» қол сермеді.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім, 
Пайдасын көре тұра тексермедім, 
Ер жеткен соң түспеді  уысыма, 
Қолымды мезгілінен кеш сермедім...
Абай «қол сермегеніне» ғана жұбанады. «Шығар есігін таба алмай, уайым қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық», «еріншектік – күллі дүниенің дұшпаны» деп, өзіне өзі қайрат беріп талпынады, талаптанады, ізденеді, табады.
 Абайдың бұл талабына жол сілтеген, ізденуіне жол нұсқаған, талпынуына көмектескен орыстың классикалық әдебиетінің игілікті ықпалы болды.
Абайға орыстың классикалық әдебиетінің игілікті ықпалын жеткізудің дәнекері – Семейдегі Гоголь атындағы кітапхана бұл кезде бұрынғысынан әлдеқайда зорайған. 1880 жылы 100-150-дей ғана кітабы болса, 1885 жылы оның кітап фондысы 1000 томға жеткен. Қалада бабсқа мәдени ағарту орындары да, ғылыми зерттеу мекемелері де өсті. Семей қаласында өлкетану музейі ашылды. Сибирьдің географиялық қоғамының Семейлік бөлімшесі жасалды. Бұл мекемелер жергілікті қазақ халқына, халықтың алдыңғы қатарлы үздік адамдарына жылы шыраймен қарады. 1885 жылы-ақ 4-майда Абайды Санақ комитетіне мүшелікке алды. Өлкетану музейі Абайды қазақ сахарасының ірі ғалымдарының бірі, халық өмірін жақсы білетін адам деп санап, аса қадірлеген. 1902 жылы Абайды географиялық қоғамның толық мүшесі етіп сайлаған. Ғылымға сусаған Абайға орыс білімін, орыс әдебиетін алдына тартты. Сөйтіп, Абай өмірінің соңғы жылдарында білімнің кең дариясына молықты.
Абай осыдан кейін:
Балапан құстай оңдалып, 
Қанатыңды қомданып, 
Жатпа ұяда толғанып, 
Ұш көңілім, көкке кергі енді, –
деп қырыққа кірген кезде өмірдің жаңа өріне келіп шықты.
Абайдың шығармаларына игілікті ықпал еткен қоғамдық-саяси көзқарасына демократиялық нәр берген іс әрекетінің ағартушылық бағытқа ауысуына көмектескен осындай жағдайлар еді.
Абайдың ақындық өмірінде әлеуметтік мәселелерге арнап көбірек өлең-жыр жазған кездері: 1885-1890 жылдар арасы, оның ішінде, әсіресе, 1886, 1889 жылдары ол аса күрделі еңбек жасады. Осы екі жыл ішінде жазған 40 шақты өлең-жырларының бірен-сараны болмаса, басым көпшілігі жұртшылық жайынан, әлеуметтік-саяси хал-жағдайлар жайынан жазылған. Басқа уақыттарда басқа тақырыптарда жазылған оригиналдық шығармалары мен аудармаларын Абайдың жалпы жақсылығының үлесіне қалдырып, осы 40-50 өлең жырдың өзімен-ақ Абайға толық баға беруге болады. Абай шығармаларындағы қазақ халқының мол қазыналарын орыстың классикалық әдебиеті мен революцияшыл демократтарының игілікті ықпалын ашуға болады.
Абай Құнанбаев қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің арнасын кеңейте отырып, ол арнамен таза, халықтық, көркем, түрі ұлттық мазмұны демократиялық жазба әдебиетінің негізін қалады. Жаңа ғана дүниеге жаралған жас әдебиетті еселеп өсіріп биік шоқыға шығару үшін Абай оны орыстың классикалық әдебиетінің Чернышевский ашып бергне классиктерін толық қабылдап, оны қазақтың жас бай ауыз әдебиетінің үлгілерімен ұштып, жас әдебиетінің ірге тасы етіп қойды.
Орыстың революцияшыл демократтар бағытындағы классикалық әдебиетінен Абай гуманизмін, идеялығын, реалистігін, демократизмін, сыншыл-сыршылдығын, келешекке сенушілігін, сондай-ақ көркемдігін толық қабылдады, толық меңгерді. Бұл қасиеттерді қазақ халқының ұлттық ерекшелік жақсы традицияларымен ұштады.
Көркемдік-шеберлік өзінен өзі тумайды. Осындай қасиеттерден туады. Абайдағы ұлы идеялық, ұлы көркемдікке алып келеді. Абайдың өлең-жырларының идеялығы, оның көркемдігін, шеберлігін күшейтіп, қазақтың әдебиетін совет дәуіріне шейін болып көрмеген жаңа сатыға, жаңа шоқыға шығарды. Абайдың ұлылығы – ең алдымен осында.   
Абайды ағартушылық жолдан асып революциялық жолға түспеді деп, бұқарашылдықтан (демократизмнен) асып кедейдің жақтасы болмады деп кіналау орынсыз. Оған Абайдың жасап отырған заманы, заманының патриархалдық-феодалдық қатынасы, ол қатынасты сол ескі қалпында ұстауға тырысып әрекет жасап отырған патша үкіметінің ұлт-отарлық саясаты жібермеген. Алайды Абайдың творчесвтволық еңбектері объективті түрде көптеген революциялық элементтерді ішіне алды.
Абайдың негізгі шығармалары надандыққа қарсы жазылған, сондай жауынгер шығарманың надандықты қалпына сақтауға тырысып отырған патшаға, патшалық құрылыс системіне қарсы болмауы мүмкін емес. Сондықтан Абайдың шығармалары бай, феодалдармен, монархиялық реакцияның зұлымдығын әшкерелеуге би-болыс, старшиналардың ұлықтарға сатылғыштық қылмыстарын ашуға құрылған. Абайдың жақсылық іздейтін достары, басқаның үстінен пайда тауып, кісі еңбегін жемейтін момын шаруалар болды. Абайдың творчестволық еңбектері осы момын шаруалардың мүддесін жоқтады. Момын шаруалардың ілгері басуына кедергі болатын бөгеттерді жолдан алып тастаауға арналды.
Абайдың ағартушылық жолы қожа молдалардан мүлдем басқа. Діні соқыр сезімнен аулақ, орта ғасырлық схоластикадан алыс жаңа жол – орысшаландыру, европаландыру жолы. «Хикмет те, мал да өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор.. орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті».
Ұлы ағартушы Абайдың бұл идеясына қарсы өшуші күштер өзінің идеологтері арқылы орыс жолына, европалану жолына яғни біртелеп келіп жатқан капиталзм элементіне қарсы «барын ал да, бақанын тірей» қарсы шықты. Абай байлардың идеологтерін сықақ қылды:
Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау, 
Өлеңі бәрі жамау, бәрі құрау, 
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса, 
Кемшілдігі әр жерде көрінеу тұр-ау!..
Қобызбен домбыра алып топта сарнап, 
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап, 
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, 
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап...
Терең ой терең ғылым іздемейді, 
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, -
деп әшкереледі. Сонымен бірге, өзінің алдына қойған мақсатын (Абай өлеңінде) өзі ашып айтты.
Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, 
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ, 
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, 
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ , –
деп, Абай өлеңді өлең үшін жазбаған, өнер үшін, үлгі үшін, халыққа жақсы тұрмыс іздеу үшін ағартушылығына құрал еткен.
Абай «зарзаман» ақындарынан мүлдем айрықша ауылға орыс халқымен жақындасу арқылы кіріп отырған «орысшаландыру»ды – «европаландыру»ды қуанышпен қарсы алды.
Жаңа пұлмен жамырап сәудегерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер,
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер...
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан ғылым оқып, білім алған,
  Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан басқа бәрі жалған, –
деген қорытындыға келген.
Интернатта оқып жүр, 
Талай қазақ баласы, 
Жаңа өспірім, көк өрім, 
Бейне қолдың саласы, –
деп қуанған.
Орыс теріс айтпайды, 
Жаман бол деп оларды...
Пайда ойлама, ар ойла, 
Талап қыл артық білуге, –
деп ақыл береді.
Абай сонымен, бірге капитализмнің В.И. Ленин көрсетіп берген шірік жақтарын, күңгірт беттерін ашуға талпынды. Ауылға әкеліп отырған капитализмнің қосымша құлдығын, қосымша кедергілігін ашып көрсетіп одан жиіркендіруге тырысты.
Өсімге қол жайды, 
Тай алып серкеше,
Алмаса ол тайды,
Дап-дайын көрмеске.
Абай бұл жерде, капитализмнің экономикалық заңынан туып отырған ашқарақ алақашпа агрессорлық сойқандығын айтып отыр. Бір серкешке екі серкеш алу үшін, яғни үстеме пайда табу үшін көрмей кетуге дайын екенін Абай әшкерелеп отыр. Ал оны саяси тілмен айтқанда: халықтарды арандатып қыран кескі соғысқа салуға дап-дайын екені өзінен өзі белгілі.
Сол үшін, - дейді Абай, - олар:
Амалдап қарағайды талға жалғап...-
қайтсе үстеме пайда – бір серкешке екі серкеш алуды ойлайды. Бір серкеш қана емес, «Жүз қараға екі жүз аларман» болып, әр қайсысы өзінше алудың қамын істейді.
Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жерінде тек берем деп...
Би мен болыс алады күшін сатып...
Ант ішкен, күнде берген жанды құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын,
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, 
Қу тілменен қулық сауған заңы құрсын...-
деп байлардың ішкі сырын аша келіп, олардың сыртқы бейнесін былай сықақтайды:
Кісімсіп білгіш,
Біреуге сондай-ақ күлгіш,
Булықсып бұлданып босқа,
Өзімшіл оңбаған шерміш.
Феодализм құлдығы үстіне әкеліп жамап отырған капитализм құлдығын Абай көрді. Капитализм құлдығының қолшоқпары би-болыс старшиналарды, олардың тірегі уезд, губерния начальниктерін Абай бір деп санады, екеуін бір найзаның ұшымен түйреді.
Уезд шықты сияз бар,  
«Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп,
Кәтелешка көбейді,
Сөгіс естіп тозды ажар...-
деп, реформадан кейінгі Россияның 1868 жылғы билеу тәртібінің ауылға әкеліп отырған ұлт отар қысымын, ұрып-соғу, абақтыға жабуды қабындап кеткенін, «лау» деп малды, «үй» деп баспананы да еріксіз алып отырғанын ашып айтты.
Патша үкіметінің қазақ ауылындағы қарғылы қара тазысына айналған би-болыстардың ардан, ұяттан безіп, елін «оқалы тонға» сатып, халықты екі жақтап тонап жатқанын Абай зілді кекесінмен әшкерелейді.
Абайдың бұл сын өлең-жырларында симпатиясы халық жағында екені ашық көрінеді. Бірақ Абай халық деп барлық ұлтты тұтас аллмады. Момын шаруаларды алды. Бұл оның көзқарасының демократизмін көрсетеді.
В.И. Ленин әдебиеттегі демократизм деп халық мүддесін қорғаушылықты атады. Абайды халыққа, халықты Абайға сүйдірген қасиет осы Абай шығармаларының мүдделері – халықтың тілегіне бағынуында.
Абай ең алдымен халықтың тарихтағы шешуші рөлін дұрыс бағалады. «Дүниеде жалғыз қалған адам-адамның өлгені», «Қапашылықтың бәрі соның басында» деп ашып айтты.
Абайдың данышпандықпен айтылған бұл асыл сөзін түсінбеген, түсінгісі келмеген ұлтшыл буржуазияшылдар, революцияға шейін Абайға жалған жала жауып келді. Абайды халықтан, халықты Абайдан айыру үшін Абайдың жалғыз ауыз «единица» деген сөзіне жармасты. Ол сөзді Абай сөздерінің ауқымынан аулақ алып сынады, сөз текстінен жырып алып жеке қарады. Сөйтіп «единицаны» сан саққа жүгіріп Абайды халыққа қарсы етіп есептеген.
Абай шынында «единицаны» тәңірі деп санамаған, керісінше, Барлық «қызық та, ермек те көпте», көпсіз, халқысыз дүние жоқ деп таныған.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл...
Абай ақылды халықтан іздеген, «единицадан» іздемеген.
Абайдың халқы, елі –
Жағасы жайлау ол бір көл,
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел,
Жан жағынан күркіреп,
Құйып жатса аққан сел...
Бұл сөз, Абайды халыққа қарсы қоюшылар цитатқа алып жүрген өлеңнің ішінде. Абай бұл жерде: «жапырақсыз» - «жан-жағынан күркіреп құйып жатқан тармақсыз» көлде, ел де болмайды деген.
Абай өзінің жыйырма екінші сөзінде байды, биді, болысты, мырзаны, мықтыны, басқа да ел үстінен күн көріп жүрген жемқорларды халқым деп санамаған. Олардың ісіне де, мінезіне де, тіпті олардың әлеуметтік хал-жағдайларына да жиіркеніп қараған. Оларды әділетсіз, қу мен сұм деп қаралаған. Ол қу мен сұмдар басқаны «қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес». Мен олады сыйлай алмаймын, оларға жақ та бола алмаймын деп ашық айтты.
Абай сонымен – байды, мырзаны, биді, болысты, «мықтыны», яғни кісі еңбегімен пайдаланатын жепкетерлерді «қу мен сұм» деп қаралап келіп, осы «ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын шаруалардың» тілеуін тілеймін. Сонан басқа тілеуін тілейтін кісім жоқ, менің досым момын шаруалар деген.
Абайдың жаны ашып қайғырып тілеуін тілейтін тобы – міне осы «шын момын шаруалар», Абайдың жақсы тұрмыс іздейтін адамы да – осы момын шаруалар.
Абай халқына, халқының болашағына әбден сенеді. Бұл да – Абайдың орыс ағартушыларынан қабылдаған қасиеттерінің бірі. Орыс ағартушылары халыққа, халықтың болашағына толық сенген. Жауларымен халық үшін талмай күресудің де себебі осында. Абай дәл орыс ағартушылары сияқты халыққа, халықтың болашағына толық сенді. Жамандықты кім көрмейді, үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас. Жамандықта қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, гүлі мол жақсы жаз келуші ме еді?» деп, Абай келешегіне нық сенген.
Абайдың бұл пікірінен оның дүниені өзгереді деп танығандығы көрінеді.
Абай материализмге жете алмады, бірақ табиғаттың және басқа дүниенің өзгеруіне көзі жетті, алайда, Абай оның қалай өзгеретініне, табиғаттың өзгергені сияқты қоғам да өзгереді, ол қоғамды революциялық жолмен өзгертуге болады деуге жете алмады. Оның ұстаған бағыты ағартушылық болды. Оқыса, білсе үйренсе халық сауатты болса, сонымен де дүниені жаңалауға болады деп таныды.
Алайда, Абай идеалистерше дүниенің барлығы «тәңірінің жазуымен» болады деп қарамады. Табиғаттың мол дүниесін бар қалпында пайдаланудың жетіссіздігін айтты.
Түбінде баянды еңбек егін салған... 
Жасынан оқу оқып білім алған...
Егінге отырықшылыққа шақырды. Білім алуға шақырды.
Бай қылған, кедей қылған құдай емес...- деді.
Еңбек арқылы байға бағыныштылықтан шығуға болады деп сенді.
Абайдың әйелдер бостандығына көзқарасы буржуазиялық оқымыстылардан айрықша, демократиялық халықтық ккөзқарас. Абайдың айтып отырғаны жалпы эмансипация ғана емес, Абай алдымен әйелдерді қоғамның тең мүшесі, бұқара халықтың көпшілігі деп санайды. Әйелдердің мал орнына сатылуына қарсы. Жас әйелдердің малға сатылып, тең емес бай шалдарға бұрып күң болуға қарсы.
Бай қартайса малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас құдай ұрғыр,
Біреудің қызын алып, малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр? ..
Абай бұл жерде, әйелдерді құлдыққа, күңдікке түсіріп отырған таптық құрылыстың экономикалық астарын ашады.
Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,
Кім де болса тұрғысын көксемекті,
Мезгіл өткен дәуренді қуалаған,
Неғылсын бір қартайған қу сүйекті. 
Абайдың бұл сөздеріне адамгершілік (гумандық) патриоттық, демократизм, халықтық көзқарас айқын. Сонымен қатар Абай реалистік шыншылдығымен таптық қайшылықтарды да көрді.
Абай тап күресін көрмегенмен, таптық қайшылықтарды дұрыс көрді. Кедей-жалшылардың ауыр тұрмысына жылы шыраймен қарады: 
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үйі жылы киіз тұтқан айналасы,
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы...
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінен кедейдің тұрсын күйі,
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы... 
Абай, байдың қыс қысымнан аулақтығын суық сөздерімен сұрғылт түрде айтта отырып, кедейлердің тұрмысын суреттеуге келгенде, өзінің қабырғасының қайысатынын көрсетеді. Көз жасын ағызып жүріп амалсыздан бай баласын уату үшін күлуге мәжбүр болып отырған кедей баласына Абай жылы шыраймен қарады. Кедей өзі бағып отырған малдың тезегін ұрыссыз, еркімен ала алмайтынын Абай қынжылып айтады.
Бірақ Абай бай мен кедей арасындағы теңсіздікті, әділетсіздікті көріп қана қоймайды, бай мен кедей арасындағы өшпенділікті де көрді. Ол өшпенділіктің бітімсіз екенін де сезді. 
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай.
Алса да, аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны,
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы...
Тап қайшылығын ашып айту әрине тап күресінің өрлеуіне пайдасыз болды деп айтуға болмайды. Сөз жоқ, Абайдың бұл сөздері кедейлерге байда мейір болмайтынын ұқтыруға көмегі тиді. Стихиялық күресті күшейтуге, наразылықты молатуға септігі тиді.
Абай – еңбекші халықтың «момын шаруалардың», яғни, басқаның еңбегімен пайдаланбайтын, өз еңбегімен күн көретін қанаушы емес халықтың идеологы. Абайдың ұлылығы – сол еңбекші бұқара халыққа жақсы өмір іздеуінде, жақсы тұрмыс құруын тілеуінде, сол үшін өз қолында бар құралын ұстап халық үшін феодалдық қоғамның өшуші күштеріне батыл қарсы шығуында.
Абай – ең алдымен халықтық ақын. Ол халыққа жақсылық іздеу үшін ағартушылық жолды қалады. Сол жолда аянбай қызмет істеді. Қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін салды. Демократиялық әдебиеттің классигі болды. жазба әдебиетке жаңа түр енгізді: «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Бай сейілді», «Ғылым таппай мақтанба», «Келдік талай жерге енді», «Ата-анаға көз қуаныш», «Кешегі Оспан», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Көлеңке басын ұзартып», «Қуаты оттай бұрқырап», тағы сол сияқты толып жатқан өлең, жырлардың жаңа түрлерінің ізін салды.
Сонымен бірге Абай қазақ музыкасына да олжа салды, оған да жаңа сарын, жаңа мотив әкелді. Абай өзінің «қара сөздерімен» қазақ прозасын да бастады.
Абайдың философиялық ой-пікірлері осы уақытқай шейін зерттелмей жатқан соны сала. Біз оның философиясын жеке өзалдына тексеруді керек ететін күрделі саласы мәселе деп санап, оны бұл жерде талдап отырмаймыз. Абайдың философиясынан алып сөз қылатынымыз тек оның қоғамдық-саяси көзқарастарын толықтыратыны ғана.
Абайға шейінгі (Ыбырай, Шоқанды қоспағанда) үстем болып келген ой-пікірлердің барлығы: дүние, қоғам, тағы басқаны тәңірінің сызуымен болған, тәңірден басқа дүние жоқ деген діни соқыр сезім ұғымына (догмаға) құрылған еді. Олардың ойынша, келешек те солай тәңірінің сызығымен болады-мыс. Сондықтан адам баласының барлық өмірі, тіршілігі, тіршіліктегі іс-әрекеті бұл дүние үшін емес, «ол дүние» үшін болу керек деп уағыздаған. Мұның таптық астары ашық: байға қарсы тұрмау керек, оны бай қылған да, сені кедей қылған да – құдай деген сөз еді. Сондықтан байға қарсылық құдайдың сызығына, тіпті өзіне жасаған қарсылығы болады деген теріс пікірлер еді.
Абайдың өскелең ой-пікірлері қожа-молда, софылардың бұл көзқарастарына қарама-қарсы болды. Жоқ дүние үшін әрекет қылуға Абай бармады. Дүниедегі барлық іс тек тәңірінің сызуымен болады дегенді қабылдамады. Сондықтан Абай социологияда теңсіздікті көрді. құлдыққа қарсы болды, әдебиетте сын мәселесін қолдады, эстетикада көркемдікті адам өзі жасайтынын, өзінің ақындығымен, өлең жырымен, қоғам кемшілігін сынауымен дәлелдеді. Мұның барлығы – әрине, Абайдың қоғамдық-саяси көзқарастарын толықтыратын жағы.
Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды, есітіп, көріп, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таныйды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» дейді. Абайдың бұл жердегі сүйеніші – тәжірибе. Алға ұстап отырғаны да - тәжірибе. Дүниенің құбылысына тәжірибе арқылы қол сұғумен қанағаттанған. «Жақсылықты, жамандықты қылдырған құдай емес», «Бай қылған, кедей қылған құдай емес...» деп таныды. Абай әрине бұл сөздерімен идеалистік көзқарастан асқан. Бірақ ол материализмге жетуде жолында жатқан бөгеттерді алып тастауға барамйды.
Алайда, Абай орта ғасырлық, шығыстық схоластиканы, мистицизмді, софылықты сынады. Дүниені ғылым жолымен тануға талпынды. Дүниені білуге болатындығын дұрыс болжалады. Бұл жөнінен алып қарағанда Абай білу теориясын орыстың философтарынша ұққан: «Дүниенің көрінген, әм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың өзі болмайды» - дейді Абай.
Бұған қарағанда Абай адамның ойынан тыс, объективті жаратылыс барлығын, демек, дүниенің көрініп тұрған сырынан басқа, көрінбей тұрған сыры да бар екенін мойындаған. Бұл Абайды материалистерге жақындатады. Абай білу (познание) теориясында материалистік көзқараста болды.
Абай ең соңғы жазған қара сөзінде алғашқы жазғандарынан айрықша едәуір жоғары сатыға көтерілген. Адам санасынан (сознание) тыс дүние барлығын едәуір дұрыс айтты. Мысалы, ол 43-қара сөзінде «ішсем, жесем демектің басы – жибли, «яғни, адам еркінен тыс – М.А.) ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе білсем екен, көрсем екен деген арзу (мақсат), бұлардың да басы жибли».
Бұл толғау дұрыстыққа келеді. Ал оны білуе келгенде Абай тағы бір адым ілгері басады: «Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады» деп келеді – «Ол хабарлардың ұнамдысын ұнамды қалпыменен, ұнамсызын – ұнамсыз қалпыменен әр нешік сөз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жалғастырып көңілде суреттемек».
Бірақ Абай осы сөзінде тағы тап басып тұрмайды, біраз дұрыс толғаулар айтып келіп, ақырында «жанмен» байланыстырады. 
Абайдың қоғамдық-саяси көзқарасы философиясына ықпал етеді. Бірақ оның философиядағы кейбір қайшылықтары қоғамдық-саяси көзқарасын өзгерте алмайды. Абай сөзсіз демократиялық көзқараста болды.
Білгенге жол бос,
Болсайшы, қол бос,
Талаптың дәмін татуға...
 
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан,
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан!
Абайдың қоғамдық-саяси көзқарасының шоқтығы – халық үшін еңбек ету, кетігін тауып кірпіш болып қалану. Ол үшін білім алу керек, алған білімді халыққа беру керек. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым дегеннің бәрі - ақымақтық».
Абай өмірі, тілегі, мақсаты – міне осы. Үйрету, үйрену, оқу, талпыну, талаптану – осының бәрі халық үшін.
Абайдың асыл қазыналары, оның халықтық идеясы, демократизмі, халықты шексіз сүюшілігі, халық рөлін жоғары бағалап, оның тарихтағы орнын биік шыңға көтеруі, халықтар достығын жоғары балауы бүгін де бағалы.

Абайдың өмірі мен творчествосы.
Мақалалар жинағы / Редакциясын басқарған
М. Ақынжанов және З. Ахметов. – Алма-Ата:
ҚазССР  ҒА баспасы, 1954. – 65-84-беттер.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар