Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Светқали Нұржан: Би Мәтжанның* Ешмағамбет* «шайырд...

04.10.2016 6111

Светқали Нұржан: Би Мәтжанның* Ешмағамбет* «шайырды» қалай жазалағаны жайлы хикая

Светқали Нұржан: Би Мәтжанның* Ешмағамбет* «шайырды» қалай жазалағаны жайлы хикая - adebiportal.kz

…Досы келсе – мақпалдай,

Жауды көрсе – батпандай,

Кім сөйлеген алқада

Жарыдағы Мәтжандай?! –

Әділ төре іс қылды-ай

Өз тұсында жасқанбай.

Сөзі түзу оқпандай,

Ойы биік асқардай,

Бойы биік Отмандай!

Мың бір тілмар келсе де

Қатарынан асқандай!

Шаршыға түсіп сөйлесе,

Дария шіреп тасқандай!.. 
 

Сүгір жырау Бегендікұлы


 

 

светқали.jpg


 

Биссмиллә-һи-Рахман-Рахим!.. 

 

...Кеудесі боз домбыра – күмбірлеген, 

Дауысы ақ шыңырау – дүңгірлеген. 

Адайдың аршыланы – Би Мәтжанды 

Алашта өз тұсында кім білмеген?! 

Сарайдан сартты қуды – дін білмеген, 

Келеден көртті қуды – бүлгіндеген. 

Мысын жеп кәпірдің де шүлдірлеген, 

Жөн тапты сан сайыста тіл күрмеген! 

Асасын, нашасын да тастай қашты, 

Арамза – аңқау елге «пірмін» деген... 

Мәтекем тұғыр баптап топқа қосса, – 

Кезі жоқ тұлпарша ағып жүлде ілмеген! 

Ал егер қарға баптап құсқа салса, 

Жері жоқ айдыннан қу ілдірмеген! 

 


 

---------------------------------------- 


 

Мәтжан* Тілеумағамбетұлы – ұлы би, 1841-1931 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Адайдың Мұңал-Жары аталығынан. 

Ешмағамбет* – белгілі себептермен кейіпкердің есімі сәл өзгертіліп алынды. 


 

Шаршыда дарияша шіреп тасса, – 

Қазақта жан болды ма «бұл кім?» деген?! 

Имеген жауға еңсесін, жатқа басын, 

Не даудың сара тілген ақ-қарасын. 

Хандарын Хиуаның тілмен тұсап, 

Байлаған бектерінің таққа басын! 

Ойынан Хорезмнің ойып тұрып, 

Қай биің, қазағыңа жапты* аласың?! 

Қандырып «көңіл-қарнын» Ермембеттен*, 

Тойдырып «көже-қарнын» бақты алашын. 

«Қарғамен жолдас болсаң, – боқты аласың, 

Дос болсаң қаршығамен, – тоқ боласың, 

Аққумен сырлас болсаң, – пәк қаласың!.. – 

Кәпірге итаршы боп, жұртымды жеп, 

Құрысын менің бүйтіп татқан асым*!..» – 

Деп мөрін болыстықтың талақ қылып, 

Орыстың кеткен тастап ақ қаласын! 

 

«Қазақтың мүжітпен, – деп, – жанға басын!..» – 

Орыстың тастап шыққан нән қаласын. 

...«Мөрінен» көрге кірмей айрылмайтын 

Бүгінгі өлерменге таң қаласың! 

Сүйегін ит мүжіген сорлы алашың 

Еске кеп – сары далада сандаласың. 

Еріксіз қорланасың, зарланасың, 

Жаныңды Құдай-екең алмағасын!.. 

Ұрады долы толқын жарға басын, 

Қарманып қараңғыда шам жағасың. – 

Қазақтың қара қазан-сары баласын 

Қашанғы талайды деп көр-бала сұм?! 

...Содан соң жыр жазасың өткенді еңсеп, 

Жасайтын басқа шараң болмағасын... 

 

----------------  

*Бұл жерде Әмударияның бойындағы қазақтар қоныстану үшін ханнан Мәтжан алған «Қазақ-жап» («Мәтжан-жап» деп те аталады) меңзеліп отыр. 

Ермембет* Тұрұлы (1820-1910) – атақты би. Адайдың Жеменей-Есен аталығынан.  

*Бұлар Мәтжанның өз сөздері. 

 

Құдайым шыдам егіп, төзім бергей, 

Болып тұр құлағым тас, көзім көрдей. 

Жауыққан өз жұртына ңөңді көріп, 

Зауықтан сүйек суып, безінген бой.   

...Қабірін би атамның құшам барып, 

Қадірін бүгін ғана сезінгендей... 

 

Қалғандар қалды арманда көзін көрмей, 

Алқада алшақтады ол кежім-кердей. 

Кешегі Түркістанның шиязында* 

Боздады дін қамын жеп боз інгендей. 

Бар жақсы, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрімдер 

Мүритше тыңдады оның сөзін бөлмей! 

Бақытжан Қаратаев «нағашы-лап», 

Әлихан* мүлгіп қалған көз ілгендей! 

...Мәтекем, сөзің – мөрдей, өзің – белдей, 

Қор болдым ерте туып, кезінде өлмей! 

 

Жібермей тентекке кек, теліге есе, 

Бас қосты алашымның ері неше. 

Басында Ясауидің баталасып, 

Шайқалды хақ-кәусарға толы кесе... 

Қырға әкеп дін шырағын қайта жақты, 

Бастаған шоғы да өше, өңі көше. 

Дін менен жерді сақтап қалмақ үшін 

Ашты сан ел қондырып – медіресе. 

...Сыяр ма сондай жанды, – «өлі» десе?! 

Туар ма ондай қазақ, – еңіресе?! 

 

Сол Мәтжан – отман-шыңдай алып Мәтжан, 

Сөз егер дария болса, балық-Мәтжан; 

Басқалар пұт болса, бұл – анық батпан, 

Пәм-Мәтжан, парасат пен парық-Мәтжан; 

------------------ 

*Бұл жерде 1902 жылғы Ресей патшасының қазақтарды шоқындыру жайлы жасырын жарлығына қарсы Түркістандағы қазақтың игі-жақсылары бас қосқан құпия құрылтай сөз болып отыр. 

Әлихан* – Бөкейханов. 

Сәулесі көпке түскен жарық-Мәтжан – 

Жол іздеп, жоба біліп, бағыт тапқан. 

Тұрса да қалың дұшпан қамалаған, 

Сан ірет шығып кеткен жарып топтан! 

...Бүгін де отыр үйдің қақ төрінде 

Дауысы қайтқан қаздай қалықтап паң! 

 

Ауылда меймандар көп «келді-кетті», 

Қарсы алды жаңа ғана соңғы лекті... 

Туысы Ешмағамбет сәлем айтып: 

«Еңсеме сөздің бұлты қонды!..» депті. 

«Кеудемді аузымды ашсам өлең кернеп, 

Қалыбым менің әбден толды!..» депті. 

 

Қабағын сәл ойланып шытты ағасы, 

Тиген сан шайырларға ық-панасы. 

«Кім білсін, қонса қонып жүрген шығар, 

Таздағы* Қоспақ* еді түп тағасы*. 

 

Сенудің қажеті жоқ тегіне тым, 

Бары ырас іреті де желігетін. 

Көрейік көп алдында, не де болса, 

Кейде өзі аскөстеу боп көрінетін. 

 

Байқайық кеудесінің кені қанша? – 

Қиын-дүр шыннан сөздің желігі алса. 

Ойынан қуып шығу қиын болмас, 

Бойында «қызылшаның» желі қалса...» 

 

Шанақтан кілт кідірді лекіген күй, 

Жарға ұрды лықсып кеп кепірен-күй. 

Жар шашты кенет барлық ағайынға, 

Оқыс бір шешімге кеп бекіген би. 

 

-------------------  

Таз* – ру аты. 

Қоспақ* – ақын. 

Таға* – нағашы. 

 

 «Ашайық жыр-жәрмеңке кәршөндігін*, 

Ағытсын Ешмағамбет ел-сел жырын. 

Қалмасын «мен – Адайдың» жақсылары, 

Сәтінде мейман болсын сәрсенбінің!..» 

 

Хош, сөйтіп сәрсенбі де жетті келіп, 

Ауылға түсіп жатыр көп дүмеліп. 

Ермембет, Иса, Қожық, Батанияз* 

«Оң болсын!» тілектерін төкті делік. 

 

Би Мәтжан сөз бастады ел жиылғансын: 

«Тап келген осы жерге дүйім жансың. 

Жыршы мен күйші, балуан, биің барсың, 

Ұсынған бәрі ендеше сыйымды алсын. 

Жыр-шалық бопты мына Ешмағамбет, 

Сөз тыңдап бүгін біраз иің қансын! 

Алдырдым мұны, міне, қос атпенен: 

«Шалдардан бата алам!» деп қиылғансын... 

 

Бұл егер жасын болса таста сынған, 

Келетін қорқа қоймас басқа сыннан. 

Жалғыз шарт: жыры мұның болсын, бірақ 

Бұлақтай ырғып аққан қасқа шыңнан! 

Батасын алып берем өтсе сыннан, 

Қашаған* – мына отырған бастасымнан. 

 

Шынымен, болса жыры жүрек тепкен, 

Берілмей қалмас бата-тілек көптен. 

Бізге де Құдай берген күн шығар бұл – 

Ақын мен батыр шықпай жүр ед көптен...» 

 

Би сөзін кеу-кеулесіп қостаған көп, 

Зейінін бұрды ақынға есті адам деп. 

-------------------------  

Кәршөндік* – сауықхана. 

Иса Тілембайұлы, Қожық Құлмырзаұлы, Батанияз Байғондыұлы* – Адай елінің әйгілі билері. Мәтжанның аға-замандастары. 

Қашаған* Күржіманұлы (1841-1929) – ұлы жырау. Адайдың Қосай-Бәли аталығынан.   

Адайда сөз ұстардың бәрі бар деп, 

Айылын жиып, сірә, сасқан ол жоқ. 

Әңкітіп домбыраны екі-үш ұрып, 

Айқайға басты сонда Ешмағамбет: 

 

 «...Ай, заман-ай, заман-ай, 

Алағай да бұлағай. 

Киген киім – жадағай, 

Кием жылда жамап-ай. 

Шапаныңнан бермейсің, 

Отырған би, жағалай. 

Бидің бәрі надан-ай, 

Істің бәрі шаладай, 

Астың бәрі харам-ай. 

Мәз болысып жүрсіңдер – 

Мөр таққанға тағадай. 

Болса шымшым санаң-ай, 

Айттым мұны саған-ай. 

Батаңды берсең, жылдам бер – 

Алды-артыңа қарамай!..» 

 

Жыр емес, жұрт жүзіне шашылды боқ, 

Кескендей барлық бидің бәсін бір оқ. 

Оданы, ел күтпеген есер сөзге 

Шу етіп, артын күтіп басылды көп. 

Тағы да басты дейсің ащы айқайға, 

Атып ап Ешмағамбет насын күреп: 

 

«...Шулыған да улыған, 

Бұ не деген шулыған? 

Шапаныңды шу қылам, 

Жаулығыңды ту қылам, 

Жанарыңды су қылам, 

Алабыңды бу қылам! 

Батаңды берсең, жылдам бер, 

Сенің тілің шаяндай, 

Менің тілім – у-жылан!..» 

 

Тым-тырыс, жұрттың бәрі қалды тынып, 

Басады әңгі-айқайға әлгі тұрып. 

Тағы да «жолға» түсіп жөнеп кетті ол, 

Тамағын алғаннан соң сәл жұтынып: 

 

«...Ол тұрыс та бұл тұрыс, 

Бұл не қылған тым-тырыс? 

Шығып жатқан сөзім бар 

Кеуде жарып, жыртып іш. 

Менің жәйім, құрысын, 

Сөзім – сүңгі, тіл – қылыш! 

Керек бізге жұлқыныс, 

Керек бізге ұмтылыс. 

Батаңды берсең, жылдам бер, 

Қажет емес бұл тыныс!..» 

 

Келеді әңгі шауып соқпақпенен, 

Келеді әлгі шауып тақпақпенен... 

Кенеттен ақ орданы сілкіндіріп, 

Шықты үні Би Мәтжанның: «Тоқтат!» деген. 

 

Тоқтады «шайыр» былай «жыры» қалып, 

Жұрт жайды үлгерген жоқ ұғып анық. 

Қолынан домбырасын жұлып алып, 

Желкеден жөнелді би бүріп алып! 

 

Бұл «жүйрік» шаппай жатып шойырылды, 

Шықпайды үн құрмалдықтың қойы ғұрлы. 

«Әкел, – деп бұйрық берді, – дойырымды, 

Осайын осылмаған ойыныңды!..» 

«Ақынды» екпетінен жатқыза сап, 

Дойырмен көміп ұрды, сойып ұрды! 

 

Би жүзі батар күндей күреңденіп, 

Тамыры шекесінің білемденіп, 

Құлашын керіп тұрып ұрған сайын, 

«Жыршының» қалды арқасы түренделіп! 

«...Есіңді ап екі арам без бұтыңдағы, 

Есіріп жүр екенсің түленге еріп. 

Асырып жоқтауыңды,  

осы алқада 

Құныңды құтылайын түгел беріп!..» 

...Шу асау – шідерленіп топ алдында, 

Әнсәтте қала барды жүгенделіп. 

Мисалы, оранды өлік кілем керіп 

Немесе ауға оралды сүген келіп... 

 

Жан шыдап тұрмас бидің келбетіне, 

«Шайырды» тығар сойды көрге, түге! 

«...Алланың ақ кәләмын келеке ғып, 

Көрейін боқ шашқанды ел бетіне!.. 

 

Түспестің түстің, бәлем, тырнағына, 

Ел сенің ермек пе екен ырбаңыңа?!.» 

«Ақынның» мойынына бұршақ салып, 

Қазанның қойды байлап ық жағына. 

 

«Көрейін, енді қайтып ши шығарсын! 

Ішінен жыны шығып, күйісі қансын! 

Сөзіне арнап сойған ту бие еді, 

Өзіне тиесілі иісін алсын!..» 

 

...Бұл жайды ойламап ем еске алам деп, 

Айтсам да оны ұғатын ескі адам жоқ. 

Өз «жырын» кетеді айтып жаңа тобыр, 

Жаныңда отырғанмен қостаған боп. 

Бұл кепті айтып тындым, не де болса, 

Қасымда жел мен құмнан басқа жан жоқ! 

...Бүктүсіп би аулында бес күн жатып, 

Шаруаға кетті айналып Ешмағамбет. 

Жыр айтқан жиын көрсе содан бері, 

Маңына баспай кетті ол тас-таған боп! 

 

...Өткен күн – көлбеп қырдың шағылы боп, 

Шағылмен жүгіреді сағымы көп. 

Барады салт аттылар жалдан асып, 

Сағымша толқып аттың жалы жібек. 

...күлемін түзде отырып жынды адамша, 

құлаққа көп кеу-кеудің шалығы кеп: 

«...Бүйтпесе...» «Болар ма енді...» «Қылды-ау керді!..»  

«Оқсатты-ау бұл «Жарының сағыры!..» деп... 

Жұққан сөз жел жігіне, құм жүзіне 

Еседі ескі күннің сарыны боп. 

Алайда ол сарынды естімейді 

Бұл тобыр – дабыры көп, тәлімі жоқ... 

 

Бұл тобыр – жаңа тобыр... дәрібі көп, 

Жел-көрік сөз-қоламта табын үред. 

Домбыра саптап алып тіл-күрекке, 

Қиын... жоқ, тиынды жүр жағы күреп. 

Жаман жыр айтқаны үшін сойып салар 

Дойыр жоқ жатқан оның шабын іреп! 

Қамшы емес, сұқ саусағың шошайтып көр, 

Жаудырсын жан-жағыңнан бәрі мың оқ!.. 

Пешінде шоқ қоздайды – жалыны жоқ, 

Кешінде шам маздайды – жарығы жоқ. 

...Мәтжаннан қалған жалғыз Жары-Жүрек – 

Жүреді жапан кезіп жаны жүдеп. 

 

Ол отыр жапан қырда Хаққа налып, 

Ел отыр топан-жырға... жоққа нанып. 

Жұлдызы топта жанып бәдік-бала, 

Оттайды тіл-күрегін саптап алып! 

Биің не?! – 

Әулиемнің ақ жүзіне 

Жағады құрсақтағы боқтан алып! 

«Тәк!» дейтін есті адам жоқ... 

«ешмағамбет» 

ыржаңдап қақ төрде отыр баққа қарық. 

Шуылдап қостаған көп... 

хас надан кеп 

құйылды сахынаға қаптап ағып... 

бірінің «сөзін» бірі жаттап алып,  

береді ақ нәрсеңді қап-қара ғып! 

Байраққа темір тұғыр баптап алып, 

шабады «қамшыларын» шапқа малып! 

«Тәйт!» деуге, бәрі – «қажы»! 

«Ханзада» – «пір», 

«шабыт» ап қайтад сауд жаққа барып! 

Осының бәрін біліп,  

отқа оранып, 

отырам жапан қырда Хаққа налып.  

 

У ішпей бұдан кейін, нені ішерсің? – 

Қайғыңды пенде бар ма бөлісер шын?! 

Тыңдасаң өлерменнің өлеңдерін, 

Еңіреп Ешекеңе көрісерсің! 

Ешекең – топырағың торқа болғыр, 

Өлі Өлең көшбасшысы, тегі, сенсің! 

Ат мінбей, ет те жемей, қамшы жеген 

Тек қана бағың, тағың кеміс ерсің! 

Тіріліп, түс бұл күннің базарына – 

Соңыңа сөз-саудагер тегіс ерсін!.. 

Кетер ме ең «постмодернист» болып, әлде 

Бұйырып «жөйт-сыбағаң», «орыс-еншің»?.. 

Менімен, құй, келіспес-келісерсің: 

Өңез-сөз, өлексе-өлең, өлі-шенсің! 

...Деп мені кім қарғады о басында: 

«Ділді дерт, жілігіңді жегі сорсын!..» 

 

Мен де бір жапандағы ақсақ елік, 

Қайрылып жан қарамас жатсам өліп. 

Кетті өтіп қамқор болар Мәтжан атам, 

Ал ағам жарытпады «патша» болып. 

Ағасы патша болған жетпегірге 

Төл еред «ене» көріп шапшаң өріп. 

Барады күлдіреп күн атша желіп, 

Күмбез көк қоңырауын қақса келіп. 

Тажалдың Жалғыз көзі ақшияды, 

Құдайы дүниенің ақша болып!.. 

Қорғаймын сол «құдайдан» қорығымды, 

Жүрген бір күзетшідей бақша қорып... 

 

Жоғалдың безіп қайда, қашаған-жыр? 

Қалыпты, мәтжан-билік, босағаң құр. 

Тұр төрде «төре беріп» бошалаң кіл, 

көп дию құтысынан босаған-дүр. 

Қалардай жаным жұтап – 

бағымды отап: 

топан-сөз, есер күлкі, есалаң жыр. 

Қалжырап таң алдында қайтам елге, 

бар бұған қылар менің не шарам-дір?.. 

 

Жатам кеп көкірекке өлең бөлеп, 

Пірлерім берер көмек, ерен медет. – 

Қолында дырауы бар қара шалды 

Түсімде, тым құрыса, көрем бе деп?! 

Жапанда жалғыз қалған жетім ұлын 

Жүр ме деп, рухымен желеп-жебеп?! 

 

Бүгін де бетке ап қонғам бір ауылды, 

Бұдан да сол шалықтың тұмауы ұрды... 

Жынды әлем, тыңда бір сәт жырауыңды, 

Домбырам, түсір қайта бұрауыңды! 

Жан едім түзде қонған,  

жүзге қонған 

Қағайын шаңым менен қырауымды.  

Мен түзеп алмасам да бұ қауымды, 

Қозғайын «тіл» аталар ылауымды. 

Дегенмен, бабамда бар мынау үлгі – 

Тоқтатпан шенеуім мен сынауымды!.. 

Кетіппін тағы мызғып, жаным ызғып, 

Тұсымда жетім-жыр жүр жылау-үнді... 

...Ұйқымнан қысып ұстап оянамын – 

Мәтжаннан қалған дойыр-дырауымды!.. 


 

 

24.05.14 ж. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар