Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жетеудің хатына уәж...

13.10.2016 3724

Жетеудің хатына уәж

Жетеудің хатына уәж - adebiportal.kz
Ақсораң тау.JPG

...Осыдан тура ғасыр бұрын – 1916 жылы қазақ қоғамы, көзіқарақты зиялы қауым екіге айырылды. Ақ патша батыстағы майданға окоп қаздыру үшін ел ішінен еңбекке жарамды азаматтарды жаппай тізімге алып, тыныш жатқан қазақ ортасы алағай да, бұлағай бір топалаңға айналып шыға келді. Алаш идеясын ұстанған аталарымыз "окоп қазуға қазақ барсын, әйтпесе, қырғынға ұшырайтынымыз анық" деген пікірді ұстанды. Кеңес идеясына жақын қауым Амангелді Иманов, Әбдіғапар хан, Кейкі батыр, Әліби Жангелдиндерге еріп, кеңес тарихы "Ұлт-азаттық көтеріліс" деп оқытқан қанды сойқан басталды.


Сол жылы Мәди Бәпиұлы айдаудан елге оралған еді. Шәкерім Құдайбердіұлы болса, сол қарсаңда қажылық сапардан келіп, тарихи-шежірелік шығармаларымен бірге таза әдеби-философиялық еңбектерін тереңдей толғап, саятқораға қоныс аудармақ боп, елден жырақ мәңгілік ой әлеміне әзірленіп жүрген болатын. Содан бері тура ғасыр өтіпті.


Мұны неге еске алып отырмын? Жүз жыл бұрын болған оқиғалар неге есімізге түсе береді?!


Мәдидің "Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады..." деген өлеңі әлі де өміршең боп, Шәкерімнің үш анықтың жолына түскен пенде баласының күнделікті күйбеңнің түкке алғысыз қыбыр-жыбыр екенін ұғуы тиістігіне біз әлі мойынсұнбағанымыз ойға орала береді. Ел ішінде қандай құбылыс болса да, зиялы деп саналатын қауымның ауызбіршілік танытпауы, екідай боп жарылып шыға келуі осындай көңілсіз ойларға жетелейді. Бұл ой әсіресе, кеше" Аbai.kz" порталына жарияланған қарағандылық қаламгерлердің ашық хатын оқыған соң үдей түсті. Үшбу хаттың мазмұнынан ескі бір еселерді қайтарудың, астарынан алауыз алтыбақандықтың ызбары еседі. Әлбетте, алдыңғы толқын ағаларымның алдынан шығып, "қайт-қайтқа" басар ниет емес біздікі. Тек орайы келгенде қалам қуатын өзара дүрдараздық пен алауыздықты өршіту құралына емес, таза әдеби пейілге жаратса деген тілек бар. Шындығында, ақпарат аласапыраны заманында қазір ел ішінде өлі аруақтың да, "тірінің де жаманнан аманы жоқ" боп тұрғанын күн сайын, сәт сайын көріп-біліп, оқып-естіп, жағамызды жыртарман боп ұстап отырамыз. Құдай екінің біріне бермеген жазушылық қасиетті жеке бастың жоғын түгендер сойыл еткен үлкендеріміздің әрекетіне өртене өкінгеннен басқа қайыл жоқ. Жә... Сонымен, жүз жыл бұрын, бес жүз-мың жыл бұрын да қазақ ортасын жік-жікке бөліп отыратын оқиға жетерлік. Тек, содан сәт сайын сабақ алғанның орнына, күнәға күнә артылтып, үсті-үстіне дау өршіткенімізге не жорық?! Біз өз кезегімізде, жолы, жасы, басы үлкен ағалардың соқтықпалы соқпағына түспей, тек өз көргенімізді, істегенімізді ғана айталық.


Қарағанды аймағы ерте бастан қазақ руханияты мен мәдениетінің қара шаңырақтарының бірі ретінде орыны ерек өлкелердің бірі. "Мен Едігеден бастасам, ертегіге кетермін" дегендей, сонау ежелгі дүниеден бастасақ, жазарымыз мақала емес, томға айналары анық. Сондықтан, Қазақстан Жазушылар одағының толыққанды мүшесі ретінде, әлгі үшбу хатта айтылған "Қасым" журналының бас редакторы болғандықтан, Арқадағы әдеби ортаның өзіміз көрген бірқатар игі шаруаларын атап айтпай, үнсіз қалуды жөн көрмедік. Бірден айтуымыз керек, кейінгі оншақты жыл ішінде Қарағанды аймағында өткізілетін барша әдеби, мәдени шаралардың бірде-бірі одақтың филиалының қатысуынсыз өткен емес. Мұны одақ филиалы директорының іскерлігі, елгезектігі, алғырлығы деп бағалау абзал болар.


Осыдан он жыл бұрын – 2005-2006 жылдары Қарағанды көлемінде ақындардың үлкенді-кішілі мүшәйралары жиі ұйымдастырыла бастады. Сол мүшәйралардың барлығын дерлік Жазушылар одағының облыстық филиалы, филиал директоры Серік Ақсұңқарұлы бастама көтеріп ұйымдастырған еді. Ол мүшәйралар туралы ресми ақпараттар сол кездегі облыстық, республикалық газеттерде тиісінше жарық көріп тұрған болатын. 2000-жылдардағы әдеби оқиғалардың басы-қасында Ақсұңқарұлының жүруі арқасында қазір Қарағанды аймағында қолына қалам ұстап, қазақ сөзі мен әдебиетін жанына серік еткен тұтас буын өсіп шықты. (Ақынның ойы сергек, сөзі батыл болуын ұғындырған Ақсұңқарұлының орынында бұқпантай біреу болса, ол топырақтан не өсіп-өнері бір Аллаға ғана аян.) Сол буынның алдыңғы қатарынан кеше ғана өмірден өткен ақын Дәулет Ырысбайұлын, сатирик Мартбек Тоқмырза бастаған толқынның көптеген өкілдерін атауға болады. Ақсұңқарұлы дарынын танып, додаға қосқан жүйріктердің арасынан қазір жыр жинақтары шығып, қалың қазаққа танылған Мүсіркеп Сейдахмет, Қойлыбай Асанұлы, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Бағдат Мүбәрак, Рахат Әбдірахманов, Жандос Бәделұлы, Мирас Асан, Алмаз Мырзахмет, Жанат Жаңқашұлы, Жәнібек Әлиман, Рауан Қабидолдин секілді жастарды көптеп атауға болады. Бұлардың алды 40-50-ден асып, аты аталмағандары оқу орындарында білім алуда. Ақсұңқарұлы одақ филиалына жетекшілік еткен жылдардың жемісі деп, осы ақын-жазушыларды ұялмай топқа қосуға болады.


2000-жылдардағы одақ филиалының жұмысын танығысы келген адам облыстық "Орталық Қазақстан" газетін парақтасын. Республикадағы ең үлкен облысқа тарайтын бұл басылымда Ақсұңқарұлы "Рух" атты арнайы бет ашып, рухани-әдеби ойдың тек жазушы үстелі мен қалың кітаптар ішінде ғана қалмай, ел арасында кеңінен таралып, оқу-білімге құштар азаматтың кеудесін сәулелендіруге өлшеусіз үлес қосты.


2011 жылы Қарағандыда жерлесіміз, ақын Жүрсін Ерманның кеші өткізілді. Елден ертеректе кетіп, Алматыға қоныс тепкен ақынның кешін ұйымдастырумен тікелей одақ филиалы айналысты. Бұл дегеніңіз, қолында мөрі ғана бар (есепшот, мүлкі, ғимараты мүлде болмаған) қоғамдық ұйымның қолынан келетін іс пе еді?! Жүрсін Ерман кеші өте үлкен деңгейде өткізілді. Біз еске түскенін ғана айтып отырмыз. Жалпы, Қарағанды көлеміндегі үлкен ауқымды шараларды одақ филиалының өткізгені бір бұл ғана емес.


Мәселен, 2013 жылы Алматыдан Қарағандыға көшіп келген ақын Абзал Бөкеннің кешінің өткізілуіне де Серік Ақсұңқарұлы тікелей бастамашы болды. Алматыға алмағайып заманда көшіп, 20 жыл бойы әдеби ортадан жырақ күн кешкен ақынның кеші еліне келген соң үлкен деңгейде өткізілуі керектігін Ақсұңқарұлы бір топ ақын мен облыс басшыларының көзінше сол кездегі "Болашақ" университетінің ректоры, қазақ өнеріне жанашыр азамат, заңгер, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековке баса айтып, көз алдында уәдесін алған болатын. Араға ай салмай елім деп келген ақынның кеші Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының үлкен залында бар сән-салтанатымен өткізілді. Абзал Бөкен ағамыздың әдебиетке сіңірген еңбегі елеусіз болмасын деп, халықаралық "Алаш" сыйлығына ұсынған да одақтың қарағандылық филиалы болатын. Абзал Бөкен ағамыз да Алматыдан Қарағандыға көшіп келген соң, тың шабытпен талай тамаша дүниелер жазды. Ақсұңқарұлы болса, өз кезегінде Абзал Бөкенді аймақтағы барша мүшәйра, келелі кеңестен қалдырмады. Сөз арасында айтып жатқанымыз – біздің өз көзімізбен көріп, куә болған жайлар ғана...


Сонымен бірге, 2015 жылы Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханада ақсақал жазушымыз Өмір Кәріпұлының, теміртаулық ақын Қасым Ботанұлының шығармашылық кештерінің өтуіне де Ақсұңқарұлы тікелей септігін тигізді. Жыл сайын тұрақты өткізіліп отыратын Қасым мүшәйралары, Ақселеу оқулары да одақ филиалының ұйымдастыруымен орайластырылады. Осы жылдары қарағандылық жас қаламгерлердің бірнеше жыр жинағы жарық көрсе, солардың барлығы дерлік одақ филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асырылған игі істер екені анық.


Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы "еш жұмыс атқармай отыр", Ақсұңқарұлы "шөп басын сындырмайды, құлықсыз" деген сөзге Қарағанды көлемінде атқарылып жатқан толайым істерден хабарсыз жан бас шұлғи келісе кетуі мүмкін. Шынтуайтында, олай емес. Тағы бір толымды мысал келтірелік: Мәселен, 2014 жылы Астанадағы "Фолиант" баспасынан Қарағанды аймағының ақын-жазушы, қаламгерлерінің шығармалары топтастырылған 100 томдық жарық көрді. Өзге облыстардағы ағайын мұндай үлкен істі қолға алуды әлі жоспарлап жүрген кезде осынау үлкен еңбекті одақ филиалының директоры Серік Ақсұңқарұлы тікелей ұйымдастырып, облыс басшылығымен келісіп, жүзеге асыра білді. Бұл 100 томдықта сонау Қаздауысты Қазыбек бабамыздан бастап, қазақ әдебиетінің классиктерінің, көзі тірі ақын-жазушылардың өлмес туындылары, айтыскерлердің шығармалары да, әдебиет әлеміне енді ғана қадам туралап, сөз өнерінің серті мен дертіне сиқырша арбалған жастардың да өлең-жырлары мен әңгімелері енгізілген. Бұл 100 томдық күнде шығарылатын мерзімді дүние емес, еліміз егемендік алғаннан бері жарық көрген ең үлкен еңбек, ұлы дүние екенін көзіқарақты ел көріп, бағасын беріп жатыр. Оның бағасы болашақта тіпті де артып, мәңгі мұра болары сөзсіз. Ал, осы 100 томдыққа Ақсұңқарұлына "оппозиция" болып отырған жеті ақсақалымыздың да шығармалары енгізілген. Бірқатары жеке-жеке том боп та жарық көрді...


Қарағанды ғана емес, республика жұртшылығы мен әдебиетші қауымның егемендік алған жылдардан беріде есінде қалар үлкен, есті шараларының бірі 2011 жылы Қарқаралыда өткен қазақтың ұлы ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы болды. Қасымның ғасырлық тойы жиырмашақты жыл бойы талай той-думанды өткерген қазақтың есінде несімен қалды? Әлбетте, ас ішіп аяқ босатумен емес, сол тойда облыс басшылығының қолдауымен шыққан "Қасым" журналының жарық көруімен есте қалғаны анық. Алғашқы нөмірі сол ұлы дүбірде алтынмен апталып жарық көрген "Қасым" журналы қазір екі айда бір рет 3000 (үш мың) дана таралыммен 200 бет көлемде жарық көріп, аймаққа таратылып отыр. Әлбетте, журнал сынды ресми бұқаралық ақпарат құралы болғандықтан, Қазақстан Республикасының БАҚ туралы заңнамасына сай журналдың меншік иесі ретінде "Ақсораң" атты қоғамдық қор құрылды. Себебі, журнал басалқы меншік иесінсіз заңды тұлға ретінде еш тіркеуден өте алмайтыны анық. Оның сыртында, Ақсораң – қазақтың ұсақ шоқылары қамтыған Сарыарқа аталатын осынау ұлан-ғайырдағы тау жоталарының ең шоқтығы биігі. Журнал да, қоғамдық қор да Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының органы емес.


Ал, кез келген әдеби-қоғамдық басылымның жарық көруіне, оған иелік етіп, жұмысын ұйымдастыруға кез келген адам құқылы. Қасымның ғасыр толған тойында елге тарту болған, "тойдың атымен тон тігіледі" демекші, тойдан кейін де Қасымның арманын арқалап келе жатқан басылымның онсыз да мемлекеттік тілде жарық көретін газет-журналы саусақпен санарлық боп отырған Қарағанды аймағының руханиятына қосқан үлесі туралы ешкім дау айтпаса керек-ті. Тағы қоса айтарымыз, әдебиетке "әркімнің де таласы бар" дей алатындай еркін, сөз бостандығы, іс-әрекет еркіндігі заманында журнал шығарамын, әдебиетке үлес қосамын десе, қалам ұстаған ағаларымыздың қолын ешкім қақпайтыны анық еді ғой! Кітап шығару ісі өз қаражатыңа тірелген уақытта мұндай басылым аймақтар үшін, жазғанын жариялата алмай жүрген жастар үшін ауадай қажет екені айтпаса да ұғынықты. Ал, журналға ұсынылған материалдар кешеуілдеп шығып, не болмаса мүлде жарияланбай жатса, онда бұл іске де "олар жекешелендіріп алған, бізге қолжетімді емес" деп айту да тым ағаттық болар. Себебі, журналда Қарағанды көлеміндегі барша ақын-жазушының шығармалары осы уақытқа дейін тұрақты жарияланып келеді. Мәселен, ақын Абзал Бөкеннің өлеңдері мен мақалалары, аудармалары осы жылдар ішінде бірнеше дүркін, әрқайсы оншақты бет болып басылды. Жазушы Кәмел Жүністегінің, Өмір Кәріп ақсақалымыздың шығармалары да журналда жарық көрді. Өзге авторлардың, журналға өкпе айтушылардың материалдары редакция поштасына келсе, олар да жарық көретіні анық еді. Әттегенесі сол, бізге өкпе айтушы ағайын әуелі жазған-сызғанын ұсынып барып, ол жарық көрмесе ғана базына айтқаны жөн болар еді.


Журналдың таралымына, жазылым мәселесіне келетін болсақ, оған да нақты деректер, құжаттар ұсына аламыз. Екі ай сайын шығатын журналдың 3000 таралымы облыс орталығынан бастап, барша аудандарға кітапханалар арқылы, ішкі саясат басқармалары арқылы, жекелеген жанашыр азаматтар арқылы жеткізіліп отырады. Облыстағы барша кітапханаларды біріктіретін кітапхана жүйесі арқылы 400-500 данасы аудандардағы барша кітапханаларға журнал жарық көрген сайын уақытылы жеткізіліп тұрады. 2500 данасы аудан әкімдіктеріне, мектептер мен өзге оқу орындарына да тұрақты жеткізіліп, таратылып отыр. Облыстан тыс республиканың ірі қалаларына, ірі кітапханаларға, Парламент Мәжілісіне, Үкіметке, өзге де үлкен мәдениет орталықтарына жеткізіліп тұрады. Журналдың жалпы 3000 таралымы осылайша бүкіл облыс көлеміне жеткізіледі. Редакцияда іздеп келген авторлар мен оқырмандарға арналған 100 данасы ғана қалады. Ал, пошта арқылы жазылу мәселесі тапсырыс беруші тараптан келісім-шарт бойынша анықталған болатын. Себебі, журнал тапсырыс арқылы жарық көретіндіктен, облыс көлемінде тегін таратылуы керек, пошта арқылы жаздыруға болмайды.


Бүгінгі күнге дейін журналдың 30 саны жарық көрді. Бүкіл дерлік нөмірінде жергілікті ақын-жазушылар, жастар, республикаға танымал үлкен қаламгерлеріміздің шығармалары, ғылыми-танымдық мақалалар түрлі айдарлар бойынша тұрақты жарияланып келеді. Ешқандай алалау, анау айтқандай бармақ басты-көз қысты, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық жоқ! Себебі, Қасымнан мұра боп қалған ұлы әдебиетті кірлетпеуге ұстаған сертіміз, қойған қолымыз бар! Әрі сол Қасымнан қалған ірі мінезбен журнал бетіне ауыл-үй арасындағы өсек-аяң, етегімен жер басқан төменшік халтура, дүмбілез дүниелерді де жарияламайтынымыз анық!!! Қасымның аруағы кешірмейді, ертеңгі ұрпаққа қате тәрбие берген боп шығамыз. Сөзіміз қате десеңіз, "Қасымның" кез келген нөмірін алып, еліміздегі қазіргі кез келген ақпарат құралымен салыстырып көріңіз. Классикалық әдеби дәстүрді таза ұстану мұратымен рейтинг-деңгей көтеру үшін арзан сөз, алдампаз жарнама жазған емеспіз, жаза алмаймыз да!..


Иә, "ойнасақ та біраз жерге бардық" дегендей, ақ қағаз-қара сияның обалы – орайсыз әңгімеге. Осынау мақаланы ырықсыз жазуға себепкер болған жайттар ең әуелі мәңгілік құндылықтар алдында түкке тұрмас ұсақ күйкілік екені анық қой.


Дертпен тең тіл өнерінің ту көтерушілері өзара өкпелесіп отырғанда жабырқаған жаныңа ем болар Жәнібек Кәрменов ағамның "Ағалар-ай" әнін ғана тыңдағың келеді екен...


Серік САҒЫНТАЙ,

"Қасым" әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы,

Жазушылар одағының мүшесі.


Abai.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар