Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақтың Хамаңына 100 жыл...

14.10.2016 2651

Қазақтың Хамаңына 100 жыл

Қазақтың Хамаңына 100 жыл - adebiportal.kz


хамит 1.jpg

14-қазанда қазақ поэзиясының ақтангері Хамит Ерғалиевтің туғанына бір ғасыр толды. Қазақ әдебиетінің кемел биікке көтерілуіне Хамаңның да қосқан үлесі аз емес. Алпыстан астам жылдық шығармашылық ғұмырында қаламынан өрнекті де көрнекті жырлар төккен Хамаң поэзиясы ұрпақтар жадында мәңгі жасары анық.


Жүресің жарқын жанымда,

Көрініп кейде көлеңкем!

Сені де мендей жадында

Ұзаққа сақтар кең өлкем!

Қызықпан құрғақ мадаққа,

Берілмен кесір кеңеске!

Борышын ұлдың адақтап,

Армансыз жатам дөңесте!, -


деп жырлаған Хамаңның мұндағы көлеңке деп отырғаны – шығармашылық ғұмыры болса керек. Яғни, ақын өз туындыларының туған халқымен жасай беретіндігіне сенеді. Хамаң поэзиясы – өзі көрген, өзі бастан өткерген дәуірдің шежіресі. Қан майдандағы қырғынды бастан кешкен ақынның соғыс туралы жырлары өзінің шынайы мөлдірлігімен ерекше.


Ұрыс даласында жараланып қансырап жатқан қазақ жауынгер Хамитті құтқару жолында украин досы Петр Мардак оққа ұшады.


«Мен үшін өліп,

Жеңіске

Жете алмай кеттің!.. Обал-ай...»

Тек солай деумен еңіске

Домалай бердім, домалай...

«Түсімде көрем Петяны» балладасы – ақынның соғыс тақырыбында жазылған көптеген туындыларының биік шоқтығы.


Хамаң қазақ поэзиясында игерілген барлық дерлік жанрында көсілте қалам сілтеген екен. Әсіресе, поэма жанрына қосқан Хамаңның үлесі зор. «Күй-дастан», «Шекара сырын шертейік», «Оралдағы отты түн», «Қыз-хисса», Сенің өзенің», «Қаһарман хикаясы», «Жылдар-жылдар», «Өлке шежіресіндегі өрнектер», «Үлкен жолдың үстінде», « «Аңыз ата» т.б. жиырмадан астам көлемді эпикалық туындылары – қалам қарымының, тақырыптық ауқымының айғағы.


«Хамит шығармашылығын бүгін тұтастай алып қарасақ, оның негізгі жырлағаны – адам, оның еңбегімен өмірі, қуанышы мен қайғысы, тазалық, адалдық, елдің елдігі, ердің ерлігі екенін көрсету», - деген Серік Қирабаев атап көрсеткеніндей, Хамаңның қай шығармасы болсын, шынайы өмірдің суреті, көз алдыңа келеді.


хаман.jpg

Хамаң жырларының тақырыптық ауқымы да сан алуан болғанымен, ең бастысы – азаматтық сарыннан ауытқымайтын биік тұлғалық қасиет. Жалпы, тұстастары мен көзін көрген кейінгі іні-қарындастарының естелік-әңгімелерінен біз Хамаңның өршіл де батыл, қайсар мінезін аңғарғандай боламыз. Ақын інісі Жарасқан Әбдірашевтің мынадай бір өлеңі бар:


Мақтау үшін Хамаңды,

Білу керек шамаңды.

Бір көргеннен таниды ол

Жақсы менен жаманды.

Қамал бұзып қырықта,

Көнбей келген ырыққа.

Ақ жол асау және сол

Алдырмаған құрыққа.

Жалған айтып ендеше,

Жалпылдама делбеше.

Естімеген ешкімнен

Сөз естігің келмесе.


Хамаң шығармашылығында көп көтерілген мәселенің бірі – экология тақырыбы. Айналадағы әділетсіздікке, немқұрайлылық пен келеңсіз жағдайларға бей-жай қарай алмайтын ақын адамзат баласының табиғатқа салып жатқан жарасына ашына үн қатады.


Ей, замандас! Ең алдымен досыңды ұқ!

Досың – жер, су, мөлдір ауа, өсімдік.

Ала жүріп осылардың сыйлығын,

Осыларды қорлау деген не сұмдық?..

«Адамға табын, жер енді», «табиғаттың бермесін ақыл-ойдың күшімен тартып аламыз» деп өрепкіген заман еді ғой, кеңестік дәуір.


Деушілер ғой: «Бар табиғат құл маған»,

Біреуіне аяушылық қылмаған.

Дарақылар, жұмысы жоқ өсіммен,

Жоспар үшін құртқандарын құндаған.

Жер ешкімге жазбайды деп арыз да,

Барын сарқып ала бермек парыз ба?..

Жоқ, замандас? Әр ұрпаққа туған жер

Не берсе де, беретіні – қарызға!..


Әрине, жер ананың адамзатқа берген карт-бланшының қарымын қайтаратын кез келгенін қазір сезініп жатырмыз.


Түсіне, тыңдай білгенге Хамаң жырлары өткен тарихтың сабағы, келешек үшін сілтенген бағыт. «Жас ұланға қарата» өлеңіне көз салайықшы. Жазықсыз елді орынсыз аштыққ айдап, қойдай қырған белсенді сатқындарды айыптай келе былай дейді:


Соларды және жұмсап ажалына,

Артынша өзі атылған азалы да

Халықтың жауы атанды. Сонда да біз

Тарихтың тағзым еттік тажалына.

Ол аздай, ақылдан жұрт адасарда

Біржола мансұқталды Алаш Орда.

Деген сөз бұл қазаққа ат болмай-ақ,

Есек бол сен екі есе аласар да!..


Бай мен бағланды, көзі ашық оқығанды қидай сыпырып, шаңырағын ортасына түсіріп уақытта бекзаттық сүйегіне біткен кейбір асыл тұлғалар өзгені қосақ арасында бірге ала кетуді өзіне ар санағандығын ақын былайша көрсетеді:


Әркімге ауыр күнә жүктегелі

Осылай өлімді өмір жіктеп еді.

Сонда да байдың байғұс жетімегі

«Басқаны біздің үйше жық» демеді.


Хамаңның тәуелсіз елдің болашағы азат жас ұландарға өсиеттеген мына бір жолдарын бүгінгі ұрпақ ескерсе қанеки.


Иншалла, бөтенге бас имегесін

Жас ұлан, жақсы күнде үйленесің.

Жалғыз-ақ кешегіден айнымайтын

Арамза айла-шарғы билемесін.


Иә, Хамаң айтқан «кешегіден айнымайтын», өңін айналдырып, тонын аударған кесі айла-шарғыдан халқымызды сақтасын. Қазақ баласы жерді барынша игеруі, жер емшегін еміп, туған жерінің нағыз иесі болуы керектігін аманаттаған Хамаңның сөзінде үлкен мән бар:


Содан сақ болғайсыңдар, жас ұландар!

Ақ жолдың азабына жасымаңдар!

Жаңаша Жер сендерді жарылқаса,

Ақылмен Жерді сендер асыраңдар!


Хамаң – қазақ әдебиетін өз туындыларымен де, әлем әдебиеті жауһарларымен де байыта білген қаламгер. Әлем әдебиетінің талай-талай жауһарлары Хамаң тәржімасы арқылы қазақ оқырмандарына жол тартқан екен. Атап айтқанда Шығыс шайырларының, А.С.Пушкиннің, М.В. Ломоносовтың, Д.Байронның, В.Шекспирдің, Назым Хикметтің, Пабло Неруданың т.б. туындылары көркем тілмен қазақшаға аударса, қырғыздың ұлы эпосы «Манастың» ана тілімізде жырлануына да Хамаңның қосқан үлкен үлесі бар.


Түсті есіме кешегі басқа таңым,

Қос жанарын шылатты жасқа Отаным.

Астананы жүргенде көшірем деп,

Көшіп кете барыпты ақсақалым,-


деп Жарасқан Әбдіраш інісі жырлағанындай, Елорданы Арқа төсіне қондырған 1997 жылы мәңгілік мекеніне атанған ақынның мәңгілік жырлары туған халқымен бірге жасай бермек. 


Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар