Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сайын Мұратбеков: “Жазушы – періште емес”...

14.10.2016 3957

Сайын Мұратбеков: “Жазушы – періште емес”

Сайын Мұратбеков: “Жазушы – періште емес” - adebiportal.kz


Сайын Мұратбеков.jpg

-Құдайға сенесіз бе?

– Сенемін...


Тарихи тақырыптарға неге бармадыңыз? Дайындығыңыз жетпеді ме, әлде шығармашылық табиғатыңызға сай келмеді ме?

– Жазушы атаулының бәрінің тарихи тақырыпқа қалам сілтеуі шарт емес қой деп түсінемін. Кейбір жазушының естіген, оқып- тоқығанының төңірегінде ой қозғағанынан гөрі көрген-білгенін шығарма арқауы қылғаннан ұтып жататыны бар. Кезінде ұлы Бальзак та Франция тарихын біраз зерделеп көріпті. Тарихи тақырыпқа басқасын қойып драма да жазған көрінеді. Бірақ онысы сәтсіздікке ұшыраған. Содан кейінгі тарихи тақырыпқа жазылған жалғыз шығармасы «Шуандар» ғой деймін. Бірақ Бальзактың есімі тарихқа тарихи тақырыптағы шығармалары емес, өз уақытының про­блемаларын көтерген, өз қоғамының жан дүниесін жалаңаштаған «Үзілген үміттер», «Шегірен былғары» секілді романдармен кірді ғой. Меніңше, өзің өмір сүріп отырған орта, өзің күнделікті аралас- құралас жүрген замандастарың туралы ғана дәл жазуға болады. Мен өз басым жақсы білетінімді, бастан кешкенімді жазамын.


Мұныңыз ендігі шығармашылығымда да тарих тақырыбына бар­маймын деген сөзіңіз ғой?

– Жоқ, олай деп кесіп айта алмаймын. Ойымда туған жер, бабалар тарихынан сыр қозғайтын бір шығарманың сұлбасы пайда болғалы біраз болды. Қазір пісіру үстіндемін. Қандай формада берілуі керек, сол жағы қинаңқырап жүр. Шамасы бұл туынды фантасмагориялық үлгіде жазылатын болар. Яғни, ақиқат пен қиялдың астасуы секілді дүние болмақ. Әрі туындының осындай сипатта жазылуында іштей мүдделі болып отырған да жайым бар. Әйтпесе, кешегі бабалардың көзін көріп келгендей «осындай еді» деп қалай жаза аласыз. Аузыңа өз сөзіңді салып қойып аруақтарды мазалауымыз оларды мазақ қылғанмен бірдей емес пе? Осы тұрғыдан келгенде мен Әбіштің (Кекілбаев), Ақселеудің (Сейдімбеков), Сәкеннің (Жүнісов), Маманның (Байсеркенов) Абылайларының қайсысы тарихи шын Абылайға жақын келеді деп бас қатырып жүрген адаммын. Осылай өзімнің де, өзгенің де басын қатырмас үшін жаңағы әдеби тәсілге таңдауым түсіп отыр.Шамасы, бұл менің тарихи тақырыпқа жазылған бірінші де соңғы шығармам болатын шығар.


Өзіңізді әдебиеттің новаторымын деп есептейсіз бе? Жалпы, әдебиеттегі жаңашылдық дегенді қалай түсінесіз?

– Есерлеу адам болмаса, жазушыға өзі туралы бұлай деп айтып жатудың өзі ерсі ғой. Жазушыға бағаны оқырмандары беруі тиіс. Оқырман көңілінен шығып жатса қай-қай шығарма да өз мақсатын орындағаны.

Өз басым ешкімге ұқсамай, тың бояуларымен оқырманын елең еткізер шығарма туған болса, қандай үлгіде жазылса да жаңашылдық деп таныр едім.

Мысалы кезінде Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласы» Одақ көлемінде оқырман назарын аударған дүние болды. Ал осы «Жәмиланың» түп-негізі орыс жазушысы Николай Грибачевтің «Рассказ о первой любви» деген әңгімесінде жатқанын мен жақсы білемін. Ерінбесең 50-жылдары шыққан әңгіме жинақтарын ақтарып қарауыңа болады.

Бұл жерде мен Шыңғыс шығармашылығына қара бояу жағайын деп отырғаным жоқ, керісінше, оның өзгенің қара бақырын өзінің қалыбына салғанда алтынға айналдырып жібере алатын ұсталығына тәнтілігімді білдіргім келіп отыр. Қазір Грибачевтің әлгі әңгімесін көп адам біле бермейді, ал Шыңғыстың «Жәмиласы» әлемге әйгілі.

Меніңше, бұл да әддебиеттегі жаңашылдықтың бір қыры. Жаңашыл боламын деп бүйректен сирақ шығарып жатудың қажеті шамалы. Кейде өзгенің олқы тұсын толтыру да жаңашылдық деп ой­лаймын.


Бүгінгі қазақ әдебиетінің төңірегінде қалыптасқан атмосфера жайлы не айтар едіңіз?

– Ашығын айтайын, көңілім толмайды. Көзге ұрып тұрған бір ғана мысал, жақында Жазушылар одағының мәжіліс залында белгілі ақын Несіпбек Айтовтың шығармашылық кеші өтті. Барған кім дейсіз бе, негізінен өзінің туған-туыс, арысы рулас ағайыны. Бейнебір наймандардың басқосуы өтіп жатқан секілді күйде қаласың.


Біз де болдық қой.

– Мен жалпы жиналған жұрттың арасалмағын айтып отыр­мын. Әрдайым осылай. Албанның қалам ұстағанының кешіне ал­бан барады, адайға адай бармақ. Бұл жақсы нышан емес. Егер елдің рухының, тұтастығының туын көтерер ұлттық әдебиеттің өзінде осылай бөлшектенулер жүріп жатса, түбі жақсылыққа апарып соқтырмайтыны анық. Бізде үндемей бұғып отырған рушылдық бар.


Бірқатар лауазымды орындарда болдыңыз. Қызметпен кеткен уақытыңызға өкінбейсіз бе?

– Мен оншалықты жағары лауазымды орындарда болғаным жоқ. Ортан қол шенеуніктік дәрежеде жүрдім. Және бір қызығы, бір орында 2–3 жылдан артық тұрақтап көрмеппін. Қырық бес жылдық еңбек стажым екі еңбек кітапшасына айналуы да сондықтан. Қызметтен жиі ауысқандықтан болар, ешуақытта пәлендей қынжылып, өкінген емеспін. Әр жаңа қызметіме жаңа шығармама отырғандай қызыға кірісетінмін. Қолдан келгенше өз міндетімді дұрыс атқаруға тырысатынмын.

Тынымбай Нұрмағанбетов, Бексұлтан Нұржекеев секілді қаламдас інілерімнің Алматыға келуіне де мен мұрындық болдым десем артық айтқандық емес. Кешегі кеңестік дәуірдің соңғы тұстарында бір қаттамамен төрт-бес ақынның кітабы шығарылып тұрғаны есіңде болар. Ол да шарасыздықтан ойлап тапқан қулық еді. Жоғары жаққа бір тақырыппен бірнеше баспа табаққа өтініш жасаймыз. Сол баспа табақты бірнеше ақынға бөлеміз. Бәрін тізіп жатсақ, кітап көбейіп кетті деп жоғары жақ ренжиді. Осындайда тығырықтан шығудың амалы жаңағыдай болды. Біраз жас ақындардың әдебиетке жолдама алуына септігіміз тиді. Біреуге қол ұшыңды берсең, қызметте жүрген кезіңді босқа өтті деп қалай айта аласың...


Жастарға қол ұшын беру аға буынның парызы. Өзіңіз де жас болдыңыз. Сіздің өзіңіздің әдебиетке етене араласуыңызға қамқорлық жасаған ағаларыңыз болды ма?

– Неге болмасын. Бір ғана Әбу Сәрсенбаев ақсақалды айтсам да жеткілікті. Дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденов екеумізге әдебиеттің өлкесіне жолдама алып берген сол кісі.


Кедергілер де кездескен болар?

– Болады ғой. Онсыз әдебиет әдебиет пе. Мен саған бір ғана қызықты жайды айтайын. Менде мәтіні «мен» деп басталатын «Менің қарындасым» деген әңгіме бар. Сол әңгімені «сен «Мен» деп бастайтындай Горький сияқты классик емессің» деп, сол кездегі «Лениншіл жастың» бір бөлім меңгерушісі баспай кері қайтарып бергені бар. Мұндай оқиғалар ол кездегі әдебиет төңірегінде жиі ұшырасатын.


Әр жазушының өз шығармашылық пәлсафасы, дүниетаным кон­цепциясы болады деп жатады. Олай болса сіздің де оқырманды қай қиырдан ой өрбітуге шақырғаныңызды білуге болатын болар?

– Әр жазушы шығармасын ең әуелі өзінің іште жатқан көңіл күйін, айтпауға болмас шерін тарқату үшін жазады ғой деп ойлай­мын. Және сол жазғанын белгілі бір оқырмандар қабыл алса, олар да сондай көңіл күйді бастарынан кешірсе жазушының дегеніне жеткені. Жаңағы пәлсафаң да, дүниетанымың да, концепцияң да – бәрі соның ішінде болса керек. Жазылған шығарманың өресіне қарай оқырман да әр қиырды шарлайды, небір қилы ой өрбітеді.

Ал, жалпы алғанда, мен әдебиетті теорияға таңып тастауға қарсы адаммын. Ең бастысы, әдебиет шынайы болуға тиіс.


Қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиеттен алар орнын белгілеу керек болса, оны ұлы көштің қай тұсынан көре аламыз деп ойлайсыз?

– Әр әдебиеттің өз деңгейі, өз биігі бар, ал оны анандай орын­да тұрады деу, жеңіл айтқанда, әбестік болар еді. Ал ауыз толтырып айтар болсақ, қазақ әдебиеті ұлы көштің ортан белінен беріде келе жатқан әдебиет деуге әбден болады. Өз айтары бар әдебиет.


Адамның өзіне өзі үңілуі, өзіне өзі зерделей қарауы өзін күнаһар сезінген сәттен басталады деген сөз бар. Жазушы да адам. Өмірде жаза басқан кезіңіз болды ма?

– Асылы адам дүниенің бар болмысын ең әуелі өзінің деңгейімен өлшейді. Жақсылыққа да, жаманшылыққа да өз таным көзімен қарайды, өз көзқарасын, өз ой-пікірін білдіреді. Жазушы да солай.

Өмірде жаза басқан кездерім баршылық. Кейбір шығармаларымда жан дүниемде өшпес із қалдырған өмірімдегі ондай өкінішті тұстарды пайдаландым да. Менің қағидам жаза бассаң, кейін соған сын көзімен қарай білу. Біреуді жазғырып, кектену әділдік емес. Әсіресе жазушы үшін. Көкірегінде кек қалған жазушыға өзінен басқаның бәрі қара ниетті, жауыз пиғылды көріне беруі мүмкін. Содан кейін, жазушы дегеніміз періште емес қой. Мұқағалидың ақындар жайлы айтқанын жазушыларға да айтуға болады. Мұқаң «зымиян да осылар, зиялы да» демей ме!


Қорқынышыңыз бар ма?

– Бар, неге болмасын. Біз, қазақ, кеше, тоқсаныншы жылдардың басында көптен күткен жауыннан кейінгі көктей бір көтеріліп қалып едік. Ел еңсесін тіктегендей болған. Ана тілімізге, оның болашағына жанашырлықпен қарап, болашағымыз осы тіліміздің болашағымен бір екендігін пайымдағандай күй кешкенбіз. Азаматтарымыз ұл- қызын орыс мектебінен шығарып алып, қазақ мектебінің партасына отырғызғаны да сол тұста.

Қазір ше? Бәрі керісінше. Көрші-қолаң, таныс-білістермен сөйлесе қалсаң, ұлымды немесе қызымды қазақ мектебінен шығарып алып, қайтадан орыс мектебіне оқуға беріп жатырмын деген әңгіме естисің. Неге деп себебін сұрай қалсаң, еститінің қазақ мектебінде білім жоқ, сол білімді баламыздың санасына сіңіре алатын ұстаз жоқ деген секілді уәждар.

Жақында іштей жақын тартып жүретін ініммен дидарласып қалдым. Тағы да сол тақырып. Әңгіме арасында бауырым:

– Аға-ау, бір жыл болды, балам әлі әліппені зырылдатып оқи ал­майды. Зейінінде кемшіл бар ма дейін десем, өз қанымнан жаралған пәле ғой, ойы сергек, қиялы жүйрік-ақ. Содан мұнысы несі деп, әліппені өзім қолыма алып сабағын тиянақтауға кірістім. Аға, кіріскенде байқағаным, анандай әліппемен балам шынында да бес жылда да қара танымай кетуі мүмкін екен, – демесі бар ма.

Сол әңгімеден кейін біраз мектеп оқулықтарын ақтарыстырдым. Інімнің әңгімесінің жөні бар екен. Мысалы жеті жасар бүлдіршінге «Көріп қалып қырғиды, тауық ырғиды, жылан сырғиды» (Авторы Мұзафар Әлімбаев) секілді жолдарды жаттатқаннан ұтарымыз бар ма? Мұндай жаңылтпаштан бала не түсінбек? Қазақ тілінің ұлылығын көкейіне құюдың орнына, қайта оны ана тілінен безіндіріп, жеріндіріп алмаймыз ба?

Мұндай кемшіліктер оқулықтарда көп-ақ. Бұл біле білгенге кемшілік емес, қиянат қой. Және сол қиянатты жасап отырған мүйізі қарағайдай білімдімін деп жүрген өзіміздің зиялыларымыз. Түбіріне балта шауып отырып, жастар біздің болашағымыз дейміз- ау, міне, қорқынышым осы.


Тиісті жерлерден талап қойылса түзелетін кемшілік емес пе?

– Түзелетін кемшілік қой. Бірақ сол кемшілігіңіз тереңдеп кеткен-ау деймін. Оңайлықпен дауалана қоюы қиын-ау.

Оқулықтарды ақтарыстырып отырып тағы байқағаным, автор­лары оқулыққа негізінен өз жерлестерін кіргізуге тырысады екен. Яғни, автор батыстікі болса, онда оқулықта сол өңірдің өкілдерінің қарасы басымдау дей беріңіз. Шығыстікі болса тағы да сол құбылыс. Оңтүстіктікі болса тағы да сол кепиет. Бұдан кім ұтып, кім ұтылмақ? Кімнің ұтатынын қайдам, ал ұтылатын, әрине, тағы да сол білім соңында жүрген жастарымыз болмақ. Бұл – кері кету деген сөз.


Рас, проблемалар жетерлік. Бірақ адам қашанда адам ғой, әйел затына қалай қарайсыз?

– Әйел заты, ең әуелі, туған анаң, сүйіп қосылған жарың, ішіңнен шыққан қызың емес пе. Ал бұл үшеуіне ең ардақ сезімің арналады. Біздің (өзім құралпыластарды айтамын) балалық шағымыз соғыс жылдарына сәйкес келді де әкелеріміз, ағаларымыз майданда бол­ды, елде әжелеріміздің, аналарымыз бен әпкелеріміздің тәрбиесінде болып, солардың өнегесімен өстік. Демек, менің шығармаларымда әйелдер бейнесі жиірек ұшырасса сол өнегенің жемісі деу керек.


Шығарманың ең басты ұстанымы не болуы керек деп ойлайсыз?

– Жылылық. Оқырман жазушының көңілі түкпірінен шығып жатқан сол жаңалықты сезіне алса жазушының да, оқырманның да ұтқаны.


– Әңгімегіңізге рахмет.


Әңгімелескен Әмірхан Балқыбек


Cайын Мұратбековтың шығармаларынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар