Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
БАУЫРЖАН ҚАРАҒЫЗҰЛЫ: ТАУДЫҢ ИІСІ

17.10.2016 2265

БАУЫРЖАН ҚАРАҒЫЗҰЛЫ: ТАУДЫҢ ИІСІ




Cол Түні


Сол Түні... Аспан мұңайған еді,
мұңайған еді төбеңде...
Сол Түні... Сені сағынышыма –
бөлеген едім Өлеңге.


Сол Түні... Мен де алданып тұрғам,
қар жауып тұрған болатын...
Сол Түні... Сен де жүректен басқа
жол таппай тұрдың баратын.


Сенделген сезім,
жоғалған үміт,
кеше гөр бізді кеше гөр...
Тып-тыныш аппақ,
осындай еді
көшелер аппақ, көшелер...


Сол сәтте... Әттең, қар жауды неге?!
Қар жауды неге, Тағдырым?!
Сол сәтті мүлде,
Ұмытқым келген,
ұмытқым келген...
Барлығын!


Сол Түні... Аспан өксіген шығар,
Құдірет солай жазғасын.
Ақ ұлпа, аппақ көбелектерге

айналған шығар көз жасы.


Осылай енді... Қар жауса болды
күйерін жанның білдім бе?!
...Сол Түні маған,
қол бұлғап тұрып,
жыладың ба әлде күлдің бе?!

Сол Түні...



Таудың иісі


...алты жасар ұл едім.

P.S


Көк Аспанның астынан,
қара Жердің үстінен
мені таппай жылап жүрген баланың,
оу, күрең тау, қарағым
сүрте салшы
боз жусанмен жанарын.


Ол құшақтап өкситін
қоңыр-қоңыр дөңдердің,
күрсінісін жүрегіме өңгердім.
Сағынышпен ауырған
мынау шерлі көңілді
қара адырға ұйыған Ай сүтімен емдермін.


Оу, бұлдыраған сағымдар,
қалжыраған сағымдар,
алдамаңдар баланы,
арбамаңдар баланы,
көкірегіне үміт отын жағыңдар,
жақпарларда жатып алмай
төмен қарай ағыңдар;



Өзен, өзен, өзендер,
өлеңдерге жүгірген,
өңменіңе ұмтылса бетін қақпай баланың,
бетін жуа салыңдар.


Ол мұңсыз, үнсіз ойнаған,
қиялымен сөздің бойын бойлаған,
жағалаудың ақ кемерін өзім барып құшқанда,
дәл төбемнен сары ала қаз ұшқанда,
жыланқияқ гүлдеріне айналам!




***


Күн туғанда басыңа
жоламайды көлеңкелер қасыңа...
Күн туғанда басыңа
қандай ғажап Ай туғаны керіліп,
Ұмытасың сатқындығын сағаттың,
барлығынан жерініп,
отырасың жалғыз өзің егіліп,
қандай ғажап!
Жүк түскендей арқаңнан
үңілесің өміріңе балконнан,
өмір саған үңіледі,
жарықтық,
ащы өксік тығылады қолқаңа,
шер толқиды, тістенесің, шыдайсың,
көңіліңнің кемсеңіне құлайсың...
Қап-қара Түн сипағанда басыңнан,
Шыдай алмай жылайсың,
Қандай ғажап!




Ес жию


Ая, мен енді өзіме ауаны дос етем,
Ауамен қосылып жыладым,
Көңілі бос екен, аяулы...
Бетімнен искейді, күрсініп, жарығым,
Ол да сол...
Мас екен.
Дерт ішкен, мұң ішкен бейбағым,
есіне түсті ме қайдағы?
Жаңбырдай жылайды,
Тағдырдай күрсініп...
Уф...
...несіне өмірді ойладым.
Білемін,
жоғалтқан Сөздерді табамыз
бір күні.
Ал енді,
ауаның исіне қараңыз...
Несіне өмірді ойладым...
Аягүл,
бәріне кінәлі Қара Күз...




«.»


Ең ақырғы түн сияқты. Мына түн.
Қызық емес. Жоқ ешқандай жоспарым.
Жоқ ешқандай мақсатым.


Мұратым.


Өмір деген – жалғыз түн. Кеш білдім.
Ешкім мені іздеп жүр.
Іздемеймін ешкімді.


Жер бетінде ешкім жоқ. Сол.
Себебі жоқ – себебі.
«Біреу қайтыс болыпты».
Күлкім келеді.




Апатия


Ымырт тағы өлең оқып өткенге,
Көшелерден сөз жинап жүр көп пенде...
Ертең үміт сығалаған шығыстан,
Келер жылы қар жылап тұр көктемде.


Ал сен болсаң түс көресің күнімен,
Өмір сүріп ой кешесің түнімен.
Желдің мұңын түсінбеген боласың,
Ай туғанда аппақ гүлдің түбінен...




Егер...


...тағдырымды ойладым деп ойлайсың,
сенімсіздеу сеніммен.
Ойламайсың.
Ойламайсың, ойыншықпен ойнайсың,
дұрыс па?!
Барлық адам ойнап жүр,
көңілмен.
Міне, тағы бара жатсың жұмысқа,
Келе жатсың өмірден...




ҚАР


Осылай еримін,
еримін ала-қан-ын-да заманның...


Қар.
адасқақ қар...
Сен-дағы алақанымда балқисың,
ерисің сен де
дірілдек мұңындай обалдың,
мөлт етіп,
еріксіз,
көзімнің алдында жоғалдың,
өкіндім.
Несіне жоладым мен саған?!
осы ма, осы ма арманым аңсаған?!


Қар.
Аппақ едің ғой,
кірледің, тапталдың табанда...
Обал жоқ саған да,
Маған да...


Өткінші дүния-ай,
Қар...




Автормен диалог


- Барарымыз – жер, - дейсіз,
Бәрі – жалған.
- Өлем, – дейсіз,
өлмейсіз.


- Өлім деген – жоғалу деп, кім айтты?!


- Өзіңіз,
бақ пен сорды түсінесіз, білесіз,
көзіңізде мұң жылап тұр,
тұнжырап тұр сөзіңіз,
бергі жақтан күлесіз,
арғы жақта Айдың бетін тырмалайды көзсіздік,
барарымыз – Жер емес.
- Жердің өзі – көрдің өзі.
- Шексіздік...
...өп-өтірік сенбейсіз,
біліп тұрып білмегендей боласыз,
көріп тұрып көрмегендей боласыз...
Не


шынымен көрмейсіз...
не

шынымен білмейсіз...


Р.S.


Адамның діліне қарсы
айналады бақыт,
Сағаттың тіліне қарсы
айналады уақыт.


Топырақ демі


Топырақ,
Мен жасанды мұңнан қорқамын…
Түннен қорқамын дұғасыз.
Соқыр сөздерден…
Қабірге айналған қараңғы-ы-ы көздерден,
кінәлі кірпікті жуған күнәсіз жастан….
тәубесіз бастан қорқамын,
Топырақ!


Алланың «Ойы» жауып тұр аспаннан,
Мейірім жауып тұр, мөп-мөлдір.
Иә, рас,
біз – жетімбіз жерге тасталған,
мастанған Жоққа,
не
Рахым Нұрына мас болған,
ұмытшақ нүктеміз – адасқақ…


Топырақ,
Мен, өзімнен қорқамын…
Төзімнен қорқамын кектенген.
көпірік дауысқа көмілген,
өтірік сезімнен,
қорқамын топыра-а-ақ…


Қарашы,
жаңбыр кетіп барады…
қайда кетіп барады?
тағдыр кетіп барады...
Қайда кетіп барады?
Қарашы,
Тамшы мөлт ете түсті…
шолп ете түсті бір өмір.
Топырақ!




***


...Енді саған көсемсіп, не демекпін?!
Қар жауып тұр... Қарашы, керемет күн.
Көктем емес, кешіккен тағдыр шығар,
Қар жауып тұр... Қар емес – көбелек-мұң.


Еркеледің, әдейі, күлімдедің,
Кішкентайым... Қайтейін, күнім менің.
Бәрі жақсы, тамаша, дұрыс бәрі,
Қызық маған, жығылып, сүрінгенім.


Солай, солай...
...Жылатамын, жүректі ұлытамын.
Өп-өтірік жанымды жылытамын.
Ештеңе де болған жоқ, қар жауып тұр...
Ұмыта алам, ұмытам, ұмытамын...


Бәрін ұмытамын...




ult.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар