Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлттық рух – ұрпақ тәрбиесінің арқауы...

18.10.2016 7171

Ұлттық рух – ұрпақ тәрбиесінің арқауы

Ұлттық рух – ұрпақ тәрбиесінің арқауы - adebiportal.kz


 

Ұлттық рух.jpg


 

Хакім Абайдың ғылымның, білім мен өнердің үш қайнар бұлағынан сусындап, азамат, ақын, ойшыл есебінде қалыптасқаны баршаға мәлім. Ең әуелі – қазақ халқының сан ғасырлар бойында қалыптасқан рухани әлемі, екінші – шығыстық бай мәдениеті, үшінші – орыстың, орыс арқылы келген батыстың білім-ғылымы, ой-өрісі. Әсіресе, Абайға шығыс ғұламаларының ықпалы ерекше болғаны аян. Өзінің 14 жасында жазған бір шумақ өлеңінде щығыстың ғұламаларының атын атап, олардан медет сұрауы тегін емес. Шығыс мәдениетінің алтын дәуірінде шыққан өшпес жұлдыздары Әбілхасым Фердауси, Низами Ганжеви, Хожа Хафиз, Омар Хаями, Абірахман Жами, Әлішер Науаи, Физули, Сағдилар өз заманының рухани басалқасы, батагөйі, рухани әлемнің қайнар бұлағы болғаны анық. Батыстың Шекспир, Гете, Байрон, Монтескье, Шиллер, орыстың Пушкин, Лермонтов сияқты ақындары мен философтары шығыс жұлдыздарының ықпалын бойларына сіңіріп, шығармалар жазғаны белгілі. Гетенің «шығыстың жеті ақыны бар, олардың ең нашары менен артық жазады» дегені бар. Ал Аристотельді гректердің өзі Әл-Фараби арқылы ғана танып білген. Жердің күнді айналуын Коперниктен 500 жыл бұрын Бируни айтқан. Математика, алгебра, астрономия Орта Азияда өріс алып дамығаны белгілі. Ибн-Синаның медициналық канондарын бүкіл әлем мойындаған. Дәлдік ғылымдардың бастауында тұрған әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, ибн-Сина, ат-Туси, Ұлықбек сынды Тұран ойшылдарының қағидаттары күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.


 

 

Кеңес одағы тұсында біз тұтастай батысқа бет бұрдық. Евроцентризм аясында дүниетанымымыз қалыптасты. Шығыс ғұламаларының рухани әлемінің бізге есігі жабық болды. Тек Қалмақан Әбдіқадіровтың шығыс халықтарының рухани інжу-маржаны «Мың бір түнді», Тұрмағамбет Ізтілеуовтың «Рүстем дастанды» қазақ оқырмандарына жеткізген қиыншылығы мол еңбектерін ойға аламыз.


 

 

Осы тұрғыдан алғанда «шаш ал десе бас алатын» ысқырып тұрған кеңестік қасаң саясаттың тұсында әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби бабамызды өз отанына қайтарған, оның рухани мұраларынның қазақ жұртының қолына тиюіне тікелей тер төккен қажымас қайраткер ұлы ұстазымыз, бүгінде Фарабитанудың абызы атанып отырған Ақжан Машанидың ғажайып ерлігін ерекше бағалауды тиіспіз.


 

 

Фарабитанудың ғылыми жүйесін жасау барысында Ақжан Машани ұстазымыз үш үлкен мәселеге байланысты байыпты зерттеу жүргізіп терең тұжырым жасады. Біріншіден, мұсылман діні мен ғылымының өзара тығыз байланысы жөнінде. Ақаң былай деседі: «Құран кәрім тұнып тұрған ғылым... Құран кәрімнің 80 пайызы ғылым, тек 20 пайызы ғана шариғат... Бабаң Әл-Фарабидің ғылымы құраннан бастау алады». Ал хакім Абай 10-шы қара сөзінде «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, оқылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды». Екіншіден, Ақжан Машани Әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани сабақтастықты ашып көрсетті. Екі ғалымға да тән ортақ ұстанымдарды, тиянақты пікірлерді байыптады. Үшіншіден, Ақжан Машани атамыз қазақ ұлтының дүниетанымы, ой-өрісі, әдет-ғұрпы, салт санасы шығыстың рухани әлемімен астасып тұтастық құратынын зерделеді. Мәселен, Әл-Фарабидың «күн сағаты» ұғымы қазақтың аспан әлеміне байланысты дүниетанымымен ұштасып жатқанынан айқын көруге болады.


 

 

Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бері шығыс мәдениетіне, шығыс ойшылдарының мұраларына деген қызығушылық жаңа серпінге ие болды. Л.Гумилев атындағы Евразия университетінің ғалымдары Күлтегін ескерткіштерін зерттеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. С.Торайғыров атындағы Павлодар университеті Мәшһүр Жүсіп Көбеев мұраларын жинастырып, зерделеуге үлкен құлшыныс танытты, Семей қаласы Шәкәрімтанудың шынайы орталығына айналды.


 

 

Профессор Ш.Абдыраманның «Ғибратты ғұмыр» аясынан шыққан «Ақжан Машани» эссе-романы, «Машанинама» зерттеуі, толық метражды «Ғибрат» телехикаясы, ондаған ғылыми мақалалары – оны республикада дара Машанитанушы атандырған төл еңбектері. Ш.Абдыраман басқаратын А.Машани орталығы кіндік азиядан шыққан Шығыс ойшылдарының мұраларын зерттеу нәтижесінде университетте танымдық-тәрбие ісіне жаңа серпін беру бағытында «Интеллектік ғибрат» жобасының кешенін жасау арқылы тағы бір ізгі бастамаға жол ашылған.


 

 

Еліміздің Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты жолдауында «Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады. Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз» деген болатын. Яғни, тәуелсіздігімізді нығайту үшін қоғамда болашаққа деген сенім, рухтың күштілігі аса қажет. Н.Ә.Назарбаев былай деп атап өтті: «Рухы берік санасы ояу, мәдениеті озық, әдебиеті өрен елдің, болашағы да баянды болады»


 

Жоғарыдағы аталған «Интеллектік ғибрат» кешенді жобасының түп негізі, міне, осыған келіп саяды. Яғни ұлттық рух – ұрпақ тәрбиесінің арқауы.


 


 

Ұлықпан Сыдықовтың шығармашылығынан


Ш.Әбдіраман, Ақжан Машани. Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2007, 280-б.

«Егемен Қазақстан», 12 қаңтар, 2012 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар