Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есболат Айдабосын: Қоңыр боти (әңгіме)...

21.10.2016 4362

Есболат Айдабосын: Қоңыр боти (әңгіме)

Есболат Айдабосын: Қоңыр боти (әңгіме) - adebiportal.kz

                               

«Денсаулық-зор байлық» 

(Халық даналығы)


I-БӨЛІМ


-Қадронды әйелі тастап кетіпті. Бір апта болды үйіне келгелі....

Ауылға барған бетте анамның айтқан алғашқы жаңалығы осы. Қант-шәй салынған қара дорбаның бірін босатып, екіншісінің сыдырмасын саусаққа ілген бетім еді, желкемнен біреу түйіп жібергендей көзім қарауытып кетті.

- Не үшін дегенді аузыммен ауа қармап, алқынып жатып әзер айттым.

- Денсаулығы бітті ғой байқұс баланың, баяғы ревматизм жүрекке шапқан, ана жылы жүрегіне операция жасатқанын білесің. Енді инсульт алып, құлапты. Әйелі темір жолдың қызы болатын: « Екі баламды бағамын ба әлде саған қараймын ба»,- деп үйінен қуып шығыпты шәрмөңке. Ашуланып тұрсам да анамның ат тергегіштігіне еріксіз езу тарттым. Ағайын-туған тұрмақ ауыл-аймаққа ат қойып, айдар тағып алғыш... Әрі онысы өзіне жарасымды. Бақанастағы қайын сіңлісін құмдағы қыз десе, ол тұратын Ақкөл құмды ауыл болып кеткелі қашан, ал өзінің төркіні -Дегерес, Бесмойнақ секілді тау ішіндегі елді-мекендерді «төс, төстегі ауыл» деп бір ауыз сөзбен қысқа қайырады. Ауылға келін боп түскен сіңлілерін шайға шақырып, көже тамыр болып жүретін бауырмал өзі. «Біз төстің қызымыз» деп кейде кеуделеп кететіні де бар. Енді міне Қазақстанның әлдебір түкпіріндегі әлдебір бекеттен шыққан Қадронның келіншегіне «темір жолдың қызы» деген ат бұйырыпты.

-Ойбу, обал-ай,- деп әйелім сөзге араласты. «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатынға сенбе»,- деген.

- Е.. балам-ай, денсаулығың болмаса, ешкімге де керек емессің! Бұл сөзді анам маған қарата айтқаны рас. Ешқандай арам ойсыз айтқаны да белгілі. Бірақ «қызым саған айтам, келінім сен де тыңда» қағидасын жіті меңгерген ауыл әйелінің келініне жасаған құлаққағысы екені тағы анық...

Қадронның әйеліне бола адуынды енесінен сөз естіп қалған әйелім томсырайып барып басылды, ал келінін ренжітіп алдым ба дегендей шешем:

-Менің де аяғым сырқырайтын болып жүр , Алматыға барып қаралмасам болмайтын секілді деп былғары мәсісінің сыртынан балтырын уқалап, зілсіз айтылған айыптауды жуып-шайғансыды. Ал мен ол екеуін оңаша қалдырып, қораға қарай бет алдым.

*********

Оның өз аты- Қадірбек еді, бірақ елдің бәрі Қадрон дейді. Менен бір жас үлкен, көрші тұрдық, тату болдық дей алмаймын, екі күннің бірінде балапан қораздарша шоқысып-тебісіп қалатынбыз. Екі үйдің бақшасын бөліп тұрған сымтемірден тоқылған қоршау біз үшін мемлекеттік шегарадай маңызды. Ол ар жағын, мен бер жағын күзететін қырағы сарбазбыз. Екеуміздің келісімізсіз бұл шегарадан тірі жан арлы-бері өтпеу керек. Қадрон талай мәрте менің Ақтабан кәндегімді рагаткамен атқылап, қыңсылатып жіберген. Мен де есемді жіберген емеспін. Қадронның қияр,қызанаққа құмар жалмауыз қара тауықтары территорияма кірсе, террорист көргендей тырқыратып қуалаймын.

-Тауықты таспен ұрма,-деп ол айқайлайды.

-Таспен емес боқпен ұрдым деймін бетбақтырмай. Жалма-жан жер сипалап, сиырдың жапасын, жылқының жұмыр тезегін іздеймін.

-Соқ өтірікті....Бұзауың суға келгенде құйрығын бұрап жіберейін бе тура...

-Өзіңнің құйрығың бұралып қалмасын..

-Не?

-Же..

Екі жақтың бүгінгі дипломатиялық байланысы осы диалогтармен үзіледі. Аз ғана үнсіздіктен соң соғыс басталады. Шіріген алма,ұрықтанып кеткен қияр, жарамсыз қауын-қарбыз, тас пен тезек басты қаруымыз. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп лақтыра береміз. Бастысы атқылаған «бомбамыз» қарсыластың ауласына барып жарылса болғаны. Мұндай қақтығыстарда жеңген мен жеңілген болмайды. Лап етіп тұтанған соғыс өрті үлкендер көріп қойса жалп етіп жылдам сөне қалады. Сырт көзге солай көрінгенмен ішіміздегі жаулық оты сөнбейді-ау, бықсыған қоламта секілді күні бойы түтіндеп жүреміз. Реті келсе өш алуды ойлап кектеніп, кіжінеміз. Ал кейде екі жақ армансыз атқыласамыз, шағын соғысымыз сілікпеміз шығып шаршағанға дейін созылады. Қадронның бір жақсы жері кек сақтамайды. Бұлқан-талқан болып боқтасып жатқан кезде де қалжыңын қыстырып, күлкіге айналдырып жіберуі тез. Екеуміздің қанша мәрте шекара маңында шекіскеніміз есімде жоқ, әйтеуір шекіссек те кетіскен емеспіз. Бүгін төбелессек, ертеңіне ол келіп тұратын ысқырып, немесе мен барамын флягымды қаңғырлатып... Оның үйінің тұсында кәтек қайнардың құдығы бар, су аламын....Мені көре салып ол шығады жымыңдап. Шекеміз тырысып, шылтиып тұрсақ та, артынша шынашақ айқастырып қайта достасамыз.

-«Дос, дос... алдағанның басын кес»,- деп серттесеміз. Құшақтасып алып «Батыр бала Болатбекті» дуэтпен айтамыз.

****************

Қадрон ұзын бойлы, аққұба өңді бала. Менің жайым белгілі, оның белінен келем, екеуміздің түрімізден сондықтан ұқсастық іздеп керек емес. Бірақ екеумізді бір нәрсе жақындатса ол- кенжелігіміз. Ол үйіндегі үш ұлдың соңғысы, менің екі ағам, бір қарындасым бар, яғни ұлдан кенжемін. Кенже баланың қандай болатыны белгілі, бізде көп кенжелердей ерке, ойынқұмар, тентек едік.

Қадронды атам Иембергеннің баласы дейтін. Иемберген шақылдаған ашуланшақ шал еді. Менің атам секілді атқа мініп алып, ел адақтайтын қыдырымпаз емес, үйкүшіктеу болатын. Көп ешкіммен сырласпайды, өзі құралпы қариялардан саяқтау жүреді. Атама күніне ауылдың насыбайшы шал-кемпірлері кезегімен келіп, насыбай атып, әңгіме-дүкен құрады. Ол кісіге барып жатқан тірі пенде байқамалмайтын. Біз көргелі біреуге бір сабақ жіп ары, бір сабақ жіп бері бермей бұйығы тірлік кешті. Біздің үйдің өткір балтасы, жақсы айыр-тырмасы, су таситын арба-шанасы көрші-қолаңды қыдырып жүреді. Кімге қажет болып қалды сол келеді де алып кете береді. Ескертіп, сұрап алса құдайдың жөні-ау, құдды өзінің дүниесіндей қолына іледі де жүре береді. Ал сосын шарқ ұрып ізде...Ақыры бір көршінің үйінен табасың. Біздікі ғана емес, басқалардың құрал-сайманы да сол. Кім шөп шабады, жақсы шалғы, айыр, тырма сол үйге тасылады. Кім ағаш кеседі, ара мен балта да солай қарай шұбырады. Осы бір ауыс-түйіске тек Қадронның үйі араласпайды. Үнемі өз қотырын өзі қасиды. Иемберген шалды былайғы жұрт «неміс» деп келеке қылатын. Біз де Қадронмен соғысып қалған кездері оны «фашист» деп мазақтаймыз. Мәніне оншалықты тереңдемейміз, ел айтқан соң балалар да айта береді. Басқа қалжың-оспақты басынан асырып жүре беретін Қадрон үшін «фашистен» ауыр сөз жоқ. Намыстанғаннан қып-қызыл болып кететін, «езуіңді тілем әкеңнің....» деп тістене селкілдейді. Қолына түскен затпен жіберіп ұрудан тайынбайды. Сондықтан «фашист» деуге көп ешкімнің дәті бармайды.

Қадронның атасын неміс, өздерін отбасымен неліктен фашист деп атау себебін кейіннен ұққандаймыз. Иемберген соғысқа ә деп кірген бетте тұтқынға түсіп, бес жыл бойы абақтыда азап көріпті. Кейіннен босанып шыққан соң да, Кеңес одағы майдан көрдің ғой деп маңдайынан сипай қоймаған. Қайтадан жер аударып, қара жұмысқа салған, «сатқын» деп үнемі қадағалауда ұстаған. Содан ба екен әйтеуір, Иемберген ата күдікшіл, күмәншіл еді. Әлденеге өкпелі адамдай жарты ғұмырын жабырқаулы өткізді.

Әлі есімде...Мамыр айының тоғызыншы жұлдызы болатын. Атам екеуміз Керқоянға мінгесіп, Жеңіс тойына арналған мерекеге бет алғанбыз. Қадрон есік алдындағы арық суына қайық жіберіп ойнап отыр екен.

-Әй, Иемберген қайда деді атам оны көре салып.

-Ұйықтап жатыр.

-Ұйықтағаны несі...Әй Иемберген, Иемберген-ай.... бала құсап..... Атам аттың басын Қадронға қарай бұрды. Шарбаққа Керқоянды байлай салып, омырауындағы ордендерін сыңғырлатып, үйіне кірді. Артынан екеуміз ілестік. Есіктен ентелей енген сәтте байқағаным Қадронның үйінде мерекелік көңіл-күй сезілмейді. Қаракөлеңке қоржын тамға әлі көктем кірмегендей, ызғар еседі. Төрге тақау салынған сықырлауық керуетте екі бүктетіліп біреу ыңыранып жатыр. Иемберген ата екен.

-Ә, Әкімбаймысың деп басын көтерді біз барғанда. Иембергеннің аяқ жағына жайғасып отырған атам бізді байқай салып:

-Әй екеуің кенералдың адюданты құсамай Керқоянды суғара салыңдаршы, ертеңгілік ұмытып кетіппін деп бізді жұмсап жіберді. Атамның тапсырмасын орындай сала, Қадрон екеуміз бұтақтарды бір қарыстан сындырып алып қайық жасадық. Ол он, мен он қайық шығарып, жарыстыруға кірістік. Атыздағы судың ағысына қайықтарды тастай саламыз да, құстай ұшып, екі жүз қадамдай жерден тосамыз. Кімнің қайығы бұрын жетеді сол адам жеңімпаз. Қайық қуалап жүріп, әудем жерге ұзап кеткен екенбіз, атамның дауысы шыққанда ғана бүгін мектептегі мерекеге баратыным есіме түсті. Атам Керқоянға мініп алып, көшеде күтіп тұр екен. Иемберген ата екеуі не туралы әңгімелескенін қайдам, әйтеуір жүзі жабырқаулы, жанары жасаураған. Иемберген ата да Қадрон да жеңіс тойына барған жоқ. Сол күні кешкісін атам аяғына жағып жүретін медициналық спиртін жартылыққа құйып алып, Қадронның үйіне кеткен. Содан түн жарымында әжем барып әзер ертіп келді.

-Қартайғанда намазыңды бұзып, бұ не қылғаның деп әжемнің күңкілдеп жүргенін....Ал атамның:

- Әй кемпір-ай! Сен не білесің, сендер немістің атын естіп шошып жүргенде Иемберген сорлы солардың пленінде болған пенде. Ол пақырдың көңілін аулағанымды жасаған ием кешірер деп күбірлеп жатқанын құлағым шалды. Артынан атам мен әжемнің бөлмесінен орыс тіліндегі әлдебір әскери ән естілген.

Атам көңілденген кездері «Катюшаны» ыңылдап айтушы еді.

****************

Қадрон екеуміз өсе келе жауласуды мүлдем ұмытып жақындасып кеттік. Шекарадағы шағын соғыстар мен бірде тату бірде араз қылған дүрдараздық тоқтады. Достық қарым-қатынас мығым орнады. Бізді жақын қылған көршінің ақысы ғана емес, көшенің намысы... Жаз болса көше-көше болып бәстесіп асық, футбол ойнаймыз, есек көкпар тартамыз, қыста «ауылдың ақ олимпиадасын» өткіземіз. Біресе жоғарғы көшенің, біресе төменгі көшенің балалары келеді топырлап. Көтеріліске шыққан мұжықтар секілді бәрінің қолында бір-бір таяқ. Күнұзақ қызылшеке болып хоккей ойнаймыз. Хоккейден жалыға бастасақ самоход, коньки жарыстырамыз одан қалса мәшинеге жабысамыз.

Біздің көшенің намысын қорғайтын «батырдың» бірі Қадрон. Ойын десе сорайып алып алдына жан салмайды. Қадрон футбол мен хоккейде көбіне қорғаныс шебін күзетеді. Сирағы ұзын, соққысы жойқын. Жүгіріп келіп бар пәрменімен тепкен добы, қарсыластардың айып алаңына жетіп жығылатын. Хоккейде де сырықтай уықты ( киіз үйдің уықтарын шығарып алып хоккей таяқшасының орнына қолданамыз) құлаштап сермегенде қара шайба ақ қардың үстімен зырылдап барып, қақпадан табылады немесе әлдекімнің аяғына ұрылады. Шайба тиген баланың маңдайының соры бес елі, тобығын ұстаған күйі ойбайлап бірер домалап тұрады. Қадронның осындай алапат ұрысынан өзге көшенің майда балалары сескенеді, қасына жоламай алыстан қашады. Олар қорыққан сайын Қадрон өршелене түседі. Кей кездері шайба жерден көтеріліп кетіп, ауада допша қалықтап ұшатын. Ондайда қарсыластар «таяқшаны көтеріп ұрды, қараулық жасады» деп Қадронды бес минутқа ойыннан шеттеді. Ол ойыннан шеттеді дегенше, біздің қақпаға кемінде екі-үш голдан кірді дей беріңіз. Сондықтан біз Қадронға ойын басталар-басталмастан «ақырын ұршы айналайын» деп жалынамыз. Бірақ Қадрон басында жап-жақсы жүреді де, денесі қыза келе бас бермейтін қызба жүйріктей өзіне-өзі ие бола алмайды.

Самоход жарысында да Қадрон өзгелерге дес бермейді, өзі секілді өңкиген үлкен самоходы бар. Бір талпынып жіберу, бес рет тебіну, жүгіріп келіп жіберу секілді жарыстарда алдыңғы үштіктен түскен емес. Тек конькиге келгенде ебедейсіздеу. Бір қарағанда зуылдап сырғанап барады, енді бір қарасаң сорайып құлап жатқанын көресің.

***************

Қыстың орта кезі болатын. Біздің ауылдың жолдары жылдағыдай көктайғақ. Жылдағыдай кәрі-құртаңдар қалтылдап әрең жүр, жылдағыдай тағасыз тай-құнандардың шаттары айырылып, құлап жатыр. Осы көк мұздың үстінде күні-түні ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүретін әрі ит пен мысықтай араз екі түрлі тіршілік иесі бар бұл ауылда. Оның бірі совхоздың қара жұмысына жегілген трактор, кәсөмсөттер (К-700). Екіншісі азаннан қара кешке дейін қаратерге түсіп ойын салатын қараборбайлар. Көліктер шалғайдағы малшыларға жем-шөп тартады, күртік қарды күреп жол аршиды, көмір тасиды. Ал балалар олардың жүрген-тұрғанын аңдиды. Алда—жалда сіз сол жылдары біздің ауылға барған болсаңыз, көшенің көк мұзында тайғанақтап, қырықаяқша қыбырлап кетіп бара жатқан көліктерді көрген болар едіңіз. Сонымен бірге сиырдың құймышағына үймелеген қара шыбындай көліктердің құйрығына жабысқан балаларды және байқар едіңіз. Осылардың арасында қоңыр боти киген ұзын бойлы сары баланы көзіңіз шалған болса, біздің әңгіменің бас кейіпкері -Қадрон деген сол сабаз...

Тракторға жабысу қыстың күні ойнайтын сүйікті әрі қауіпті ойынымыз еді. Көшенің аяғынан тыртылдаған трактор сұлбасы көрінсе, жол жиегіндегі ағаштар мен электр бағаналарының қалқасына жасырына қаламыз. Әлгі трактор тұсымыздан өте бере телешкісіне жармаса кетеміз. Кейбіріміз жіңішке темірдің басын ілмек бізше иіп, көлікке жабысқыш арнайы құрал жасап алғанбыз. Осылайша көшенің арғы беті мен бергі бетіне тракторға сүйретіліп сырғанаймыз да жүреміз. Тракторшы-шопырлардың қолына түссең оңдырмайды. Талай мәрте тоқтай қалып, монтировкасын лақтырып тырқыратқан. Әсіресе Сәткен жынды бала біткенге өш. Өзінің аузы арақтан босамайтын ішкіш. Жұрттың айтуынша жүз грамм ішпей жұмысқа шықпайды. Соляркам таусылды деп конторға сәлем айтып, аяғын аспанға көтеріп жата береді екен. Оның сырын білетін бригадирлер бір шелек соляркамен қоса бір шиша арағын қоса жөнелтеді. Көп ұзамай көк трактормен қоса Сәткеннің өзі де оталады. Жұмысты жапырып істейді. Сондықтан совхоз басшылары тентек жігіттің еркелігіне көнген. Сәткен баланы көрсе шайтан көргендей екіленіп кетеді. Тракторын жыланша ирелеңдетіп, көшенің біресе ана қапталына, біресе мына қапталына шығып, есалаң адамша бар жылдамдықпен жүйткітіп айдайды. Біздің жабысып алғанымызды байқаса болды, тракторын аңыратып қатты жүріп барып, кілт тоқтайды. Ондайда кейбір тәжірбиесі жоқ жас балалар трактордың телешкісіне басын ұрып, мертігіп жатады. Бірақ бәрібір қайтпаймыз, арғы көшеден көк трактордың сұлбасы шалынса, жапа-тармағай төтелей тартып, жолын торуылдаймыз. Түн уағында трактор мен камаз, жүк көліктері табылмай қалса жеңіл көліктерге де жармаса кетеміз. Бір-екі балаға олар да былқ етпейді, бірақ бес-алтауымыз қатар жармасқанда, жигулилер өрге қарай тарта алмай көтерем малдай көткеншектеп қалатын. Талай жеңіл көліктің артқы бамперін жұлып алып, талай кісінің «жетпей желкелерің қиылғыр» деп басталатын қарғысын естідік, бірді-екілі таяқ жегендер де бар.

Тракторға жабысудың бір жаман жері аяқ киім шақ келмейді, су жаңа керзі етіктің бірер аптада табаны қақырап шыға келеді. Сондықтан кейбіреулер конькимен шығатын болды, самаходымен жабысатындар көбейді. Күллі ауылдың балалары аяқ киімнің зардабын тартып жүргенде жалғыз Қадрон ғана сыр алдырмады. Көлік қуалаған балалардың атаманы атанған ол сөйтсек, тракторға жабысатын күні аяғына боти киіп шығады екен. Табаны жайпақ, өкшесіз қоңыр ботиы бар еді, күнде соны шұлғауланып киіп алады да, безілдеп жүреді. Қадронның ботиына елдің бәрі қызығады, өзге ботилардың табаны бедерлі, мұзда сырғанамай, қырсық есекше мөңкіп тұрып алады. Ал Қадрондікі тап бір сырғанау үшін жаралғандай, жүйрік. Әрі төзімді. Қадрон қоңыр ботидың арқасында алты ай қыс, аяқ киім ауыстырмай өтті. Бірақ көктем шыға мұрттай ұшты. Бастапқыда аяғым сырқырайды деп жүретін, бір күні аудандық ауруханаға түскенін естідік. Резіңке етіктің табанынан өткен суық балғын денеге ревматизм деген дерт жамап беріпті. Қадрон досым ойнақтап жүріп осылайша от басты.

************

Қадрон Ұзынағаштағы аудандық ауруханада екі айға жуық жатты. Сол екі ай досымды өзгертіп жіберді. «Қадрон үйіне келіпті» дегенді шешемнен ести сала жетіп барғанда көргенім басқа Қадрон. Бұрынғы досым жоқ. Басқа адам... Қолына Марк Твеньнің «Том Сойерін» ұстап, маған күлімсіреп қарап тұрған бозбала Қадрон емес секілді...Тек сорайған бойы мен қоңыр көзі ғана өзгермеген. Бұрын жазда күнге қақталып тотығып, қыста аяз шымшып күреңітіп тұратын жүзін дәрі сорып тастағандай, әппақ қудай. Беті ғана емес, қолы да әппақ, әрі қыздың саусағындай былбырап тұр. Амандасқанда бұрынғы әдетіне басып қолымды қысып қойды. Бұрын дәу алақанымен сығымдағанда шыңғыртып жіберуші еді, бұ жолы менің күс басқан жұмыр қолымды оншалықты мыжғылай алмады. Мамырдың ортасына қараса да аяғына аңғор ешкінің түбітінен тоқылған жүнді шұлық киіп алыпты. Екеуміз өзгелерден бөлектеніп, Қадронның бөлмесіне кіріп алып, кеш батқанша әңгіме соқтық. Ол аурухананың әңгімесін айтады, мен ауылдың жаңалығын соғамын. Футболдан қай көшенің балалары жеңіп жүргенін, біздің командада кімдер барын, әрбір ойынның қалай өткенін, кімнің қалай гол соғып, кімнің кімді шалып жыққанын, кімнің кіммен төбелескенін тәптіштеп тұрып айтамын. Мен әсірелеген сайын ол қопаңдап төсегінде отыра алмайды.

-Ондай кезде бүйту керек... Міне қарашы... мынау доп болсын иә... доп болсын... деп диванның үстіндегі жұмыр бөстекті жұлып алып еденге тастай салды.

–Допты алып келе жатқанда алдыңнан біреу жүгіре шықты. Не істейсің? Былай сол аяғыңмен тепкен құсап доптың үстінен өткізіп жібересің де, оң аяғыңмен қайта іліп аласың. Көрдің бе? Міне былай деп біздің ауылда көп қолданылмайтын алдау тәсілін жасады.

-Мұны қайдан білесің деп таңырқаған мені одан әрі таңғалдыра түскісі келгендей, -допты былай «крученный тебу» керек, сонда қақпашыны алдап кетесің деп бөстектің шетінен ұзын аяғымен бір сүйкеді. Жұмыр бөстек шыр көбелек айналып барып диванның үстіндегі орнына қайта қонжиды.

-Костя деген досым үйретті деді. Дауысында мақтаныштың лебі бар, ауруханаға емес екі ай Қаратеңіз жағасындағы «Артек» лагеріне барып келген адамдай мұрнын шүйіреді. Костя екеуінің басынан кешкен хикаялары көп екен. Соларды баяндағанда Қадронды тіпті танымай қалдым. Түрлі медициналық терминдер мен дәрі-дәрмектің атын бірінші рет естісем де, білместігімді сездірмей бас шұлғып отырмын. Байқаймын досымның өзі де, сөзі де өзгерген. Орысша араластырып сөйлейтін болыпты. Денесі толысқаннан болар, жүріс-тұрысы да басқаша. Бойына жаңа әдеттер сіңірген. Бұрын қысы-жазы тақырбас жүруші еді, желке шашы бес елідей болып, мойнына қарай жалданып өсіпті. Шаш қайырғаны да қызық. Басын кегжең еткізіп бір сілкігенде көзіне түскен кекілі лып етіп, төбесіне қона қалады. Мұнысы аз болғандай ара-тұра терезені ашып жіберіп, далаға «дызт» еткізіп түкіреді. Бұл түкіріс біздікінен бөлек түкіріс. Екі тістің арасынан сыздықтатып шығара ма қалай, әйтеуір шприцтен су атқандай жып-жинақы қалпында алысқа шашырайды.

Ол сөйлеп жатыр, әрі осындай «өнерлерін» көрсетіп үлгеріп жатыр. Мен тыңдап отырмын. Оның әңгімесіне, шаш қойысына, түкіргеніне дейін қызығып отырмын. Мен де кекілімді өсіріп, осы құсап қайырсам қалай болар екен деп қиялдаймын. Іштей қиялдаймын да жаңадан тікірейіп өсіп келе жатқан тақыр шашымды, бас қасығансып, ұстап-ұстап қоямын. Қойшы әйтеуір әжең іздеп жатыр деген хабар жеткенше Қадронның әрбір әрекетіне қызығып, пірге қол тапсырған мүридтей ұйып отыра беріппін. Ауырса да Қадрон, Қадрондығын істеді. Бастапқыда досымның халін сұрауға бара жатқанда кеудемде аяушылық сезімі болған, бірақ қайтарда оны зор, өзімді қор санап қалғанымды байқадым. Қадронға қызығып қайттым, ауруханаға жата алмағаныма өкінгендей қызғанып қайттым.

***************

Ақыры арманым орындалды. Қадронның ауруханадағы хикаялары түгесіле бастағанда ойламаған жерден мен де сырқаттандым. Басында күркілдеп жөтеліп жүретінмін, тұмауратқан деп әжем қойдың майымен сылап, шешем компресс тартып, күнде кешкілік үйдегілердің барлығы улап-шулап, шоколад, кәмпит береміз деп жүріп әзер дегенде қытай пияз жегізетін. Бірақ жөтел кетпеді. Уақыт өте келе ауа жетпей, алқынатынды шығардым. Ақыры аудандық дәрігерлер «демікпе» диагнозын қойып Алматының шетіндегі балалар ауруханасынан бір-ақ шықтым. Әке-шешем шыр-пыр болып жүр, ал мен ауырғаныма аздап қобалжысам да іштей разымын. Қадронмен теңесетін болдым, мен де Костя секілді орыс достар табамын, бір-екі айда орысша үйреніп алып, Қадронға ауруханада болатын түрлі қызықтарды әңгімелеп беремін. Өйтемін, бүйтемін деп қиял қуамын. Ол Ұзынағашта жатса, мен Алматыға келдім. Одан асып түстім деген мақтангершілік те жоқ емес. Бірақ алғашқы ине жамбасқа шаншылып, аурухананың төсегінде елегізіп ұйықтай алмай шыққан бірінші түні-ақ әлгі мақтаныш сезімі сетінеп сала берген. Қадрон әлде әсірелеп айтады, әлде жанынан шығарады, ауруханада ешқандай адам қызығар дүние жоқ екеніне бір аптаның ішінде көзім жетті. Әрине мұнда да балалар көп, бірақ барлығы дімкәс. Қиқылдап-шиқылдап жөтеліп, тұншығып жатқан өзімнен өткен көксауларды көргенде зәрем ұшып, құтым қашты. Мен секілді демікпенің алғашқы сатысында жеткізілген балалар да бар, солар бірігіп алып ойынның түбін түсіреміз. Аптасына сары жигулиді терлетіп әкем мен шешем келеді. Екеуі екі дорба азық-түлік әкеледі. Сонымен қатар, қалада тұратын нағашылар мен туған-туыстар бар. Олардың бәріне әжем қоңыраулатып тыным бермейтін көрінеді, кезек-кезек тамақ тасиды. Күлшелі бала сүйкімді деген, Республиканың алыс бір түкпірінен келіп емделіп жатқан, ағайындары айына бір ат ізін салатын балаларға қарағанда менің абыройым жоғары. Әкелген тағамдардың дәмдісін жақын достармен бөлісіп жейміз, артылғанын өзгелерге үлестіремін. Медбикелер мен дәрігерлерге де сыбаға беремін. Бәрі мені жақсы көреді. Бәрі менімен дос болуға құштар. Осылайша бірер аптада ауруханаға да үйреністім, жамбас етін шұрық-тесік қылған ине мен кермек дәмді дәріге де көндіктім. Бәрі жақсы, тек түсте ұйықтатып қоятыны жаман. Күні бойы үй көрмейтін, кешкілік талып жығылғанда ғана ұйықтайтын ауыл баласын тапа-тал түсте төсекке таңып қоюдан артық қорлық жоқ шығар.

-Поварачиваемся к стенке,- деген медбикенің айқайы шыққанда шекем тырыса қалады. Бастапқыда «ұйқысы келмеген адамды ұйықтатып қою деген заңды кім шығарған». Бүйткен «тихий частарыңның қызын ұрайын» деп атамның сөзіне салып талай боқтадым. Көзім ілініп кеткенше көрпенің астында күбірлеп, күңкілдедім. Сөйтіп жүріп түсте ұйықтауға да дағдыланып алдым.

Ауруханада бір жарым ай жаттым, Қадрон екеумізге бір жылға жетер әңгіме жинап қайттым. Бірақ дер кезінде ол хикаяларды айта алмай қалдым. Дәрігерлер барған бетте саумал ішкізіңіз депті, әкем үйге соқпастан жайлаудағы Жұмантай жекжатының үйіне апарып тастады. Жұмантайдың әйелі Нұрхан көк шелекті қарына іліп, бес мезгіл бие сауады. Ол желі басына бет алғанда кішкене кесемді көтеріп қоса ілесем. Дәкемен сүзіп жіберіп, жып-жылы саумалды қарным сыздағанша сіңкілдетіп ішемін. Құлындар өздеріне тиесілі сүтке ортақтасып жатқан маған көздерін төңкеріп, алая қарайды. Оларды қызықтыра түскім келіп, саумал қотарылған шелек бетіндегі көбікті қолыммен көсіп алып, аузымды толтыра асаймын. Шашымды саумалмен сылап, қайырып қоямын.(Ол кезде Қадрон секілді шаш өсірген болатынмын)

Саумалдың теріні ағартатын емдік қасиеті бар. Нұрхан апа негізі қараторы әйел. Бірақ екі қолы әппақ. Оның сырын сұрағанымда –күніге қолыңды бес мәрте сүтке малып отырсаң сенің де қолың әппақ болады деген, күлімсіреп.

-Баяғы хандардың қызы сүтке шомылған дейді ғой ертегілерде. Сол сүт осы саумал, саумалға шомылған адам ақ борықтай әдемі болып шығады деп Жұмантай аға әйелін қоштады.

-Қой әрі сүтке шомылған деген не сұмдық. Обал емес пе деп Нұрхан апа шоршып түсті.

-Обал болсын болмасын, солай болған. Жұмантай қойшы өзінше кесіп пішеді. Ал мен Қадрон секілді әппақ болып барсам ауылға деп армандадым емес пе?! Ендеше неге саумалды кәдеге жаратпасқа. Бие сауын болған сайын енді бетіме көбік жағатынды шығардым. Бастапқыда теріңді желімше тартып, құрыстырып тастайды. Бірер уақыттан соң сумен жуып жіберсең, бет-әлпетің жұп-жұмсақ болып былбырап шыға келеді. Жүзіңдегі бүкіл жара, тартылған теңіздің орнындай болып жарылып тұрған қабыршақтарды алып түседі.

Қойшы әйтеуір Жұмантайдың үйінде бір ай жатып саумал іштім, ауруханадан дәрі сорып келген басым мұнда құлындардың несібесіне ортақтасып, құлындай құлдыраңдап шықтым. Көкіректегі сырыл кетті, демікпейтін болдым. Әппақ сазандай болып семіріп ауылға келдім. Көліктен түскен бетте Қадронның үйіне қарадым, ешкім көрінбеді. Бірер сағат күттім, келмеді. Кеш батты әлі жоқ. Тек кешкі ас үстінде Қадронның «ревматизмі» қайта қозып бір апта бұрын Алматыдағы кардиология институтына алып кеткенін естідім. Осылайша Қадронға деп жинақтаған аурухана хикаяттары мен жайлау қызығы дер кезінде айтылмай қалды.

*****************

Қадрон бұл жолы қатты ауырған секілді. Ауруханадан жүні жығылып, жүдеңкіреп келді. Дорба-дорба дәрі ішеді. Ұзақты күнге үйінен шықпайды. Көшедегі ойындарды тек терезеден тамашалап отырады, немесе қалың киініп алып бақша шетіндегі қарақшыдай қалқиып қарап тұрады. Мені де бір ауырып тұрған соң, әке-шешем қадағалауға алған. Әсіресе қыстыңкүні үйдегі бүкіл шүберекті үстіңе жапсырып барып, далаға әзер шығарады. Қалың жемпірдің сыртынан әжем тіккен желетке одан кейін барып, күртеше киесің. Бұрындары хоккей ойнағанда бусана бастасақ аязды күні шешініп тастап кірісуші едік, енді құлақшынды бастан алмау басты міндет. Оған қоса тұмшалап бөкебай орайды. Бұндай киіммен ойнамақ түгіл далада жүріп-тұрудың өзі қиын. Сондықтан амалсыз Қадронның қасынан табылам. Екеуміз жылы үйде отырып алып, «пробка» (шөлмектердің қақпағы), «фантик»(сағыздың қабығы) ойнаймыз. Зеріге бастасақ ертегі айтамыз, ауылдағы түрлі жағдайды әңгіме қыламыз. Қадронның әртістік қабілеті бар. Кинодағы кейбір күлдіргі кейіпкерлер мен мас адамның образын керемет салады. Оның үйінің қасында Кәтек қайнардың құдығы барын әлгінде айттық, сол құдықтың басы күні-түні ығы- жығы адам. Жас та, мас та сонда. Қадрон теледидардағы қызықты кино-мультфильмдер таусылғанда терезенің алдында телміріп отырып солардың қылығын тамашалайды. Мастардың сөзін жаттап алып, диалогтарын айнытпай келтіріп, келеке қылады. Оның мұнысына мен тырқылдап күлемін, жер жүзіндегі жалғыз көрерменін разы қылғанына масаттанған балаң актер даусын одан сайын құбылтады. Қадрон сәтті шыққан пародиясын қойылымнан шеттетпейді, айына бір сахналап отырады. Кейде өзім қолқалаймын. «Сақау Алмас пен Сәбиттің төбелескенін көрсетші», «Жекпе-жек Жайықтың трактормен елді қуғаны», «Құдіренің Шандырды қылқындырғаны» «Магнитофонның өлеңі», «Иманқұлдың Кипитокқа айтқанын салшы» деп сұрап аламын. Ондайда ол бөгелмейді.

-Е, Сәбит, ей, Сәбит,- деп мезетте сақау Алмастың рөліне кіріп кетеді. Артынша Сәбит болып, шешініп тастап атып шығады. Екеуден екеу арақ ішіп отырып керілдесіп қалып, ақыры төбелесейін десе, бір-біріне батпай тұрған, айналасында ажырататын адам жоқ болған соң құры гүжілдесіп тарқаған екі құрдастың болмысын керемет ашады.

-Мен үшін тұрасың ба?

-Тұрамын

-Мен де тұрам.....ыңқ деп ықылық атады.

-Сен үшін «иллюбой» адамның мұрным бұзам...

-Әкеш бетті..

-Мә...

-Мәссаған....былш еткізіп ұрады

-Е, Сәбит, е, Сәбит.... қатын екенсің ғой... Сәбит....е .Сәбит- ей... Тісім түсіп қалды-ей, алтын тісім түсіп қалды деп кемсеңдеп жылағанда мен шыдай алмаймын, ішімді басып Қадронның сықырлауық төсегіне құлаймын. Ол ары қарай жалғайды. «Алтын тіс» дегенді ести сала, Сәбиттің жетіп келіп, екеулеп сіріңке шағып алтын тісті іздегені. Оны тауып алып бір жәшік араққа өткіземіз деп комерсанттардың үйіне бет алғанын нәшіне келтіріп айтады. Оған күлісіп алған соң келесіге өтеді.

-Кипиток жүз граммның ішінде бұрқ-бұрқ қайнайды деп басталатын Иманқұл серінің, ел-жұрт бұрқылдап сөйлейтін мінезіне қарап Кипиток атап кеткен Тұрсын деген ағамызға айтқан әзілін төгілдіреді. Қадрон осылайша әркімді бір мазақтап отырғанда маған оның ешбір жері ауырмайтын адам секілді көрінетін. Бір рет осы күмәнімді айтып қалғанмын. Ол мұң шалған жанарымен сынай қарап, мырс етіп езу тартты. Бар айтқаны түні бойы сырқырағанда, ұйықтай алмаймын, әсіресе сол аяғым қатты ауырады. Ол қақсағанда мына жерден кесіп тастағым келеді деп қарасанын алақан қырымен бір ұрды. Артынша тереңнен тартып күрсінді де жанарын терезеге аударып әкетті.

Далада біздің достарымыз самоход жарыстырып жатқан болатын.

**************


2-БӨЛІМ


Қадрон аурухана мен ауылдың арасында шапқылап жүріп, орта мектепті бітірді. Зерек болатын, сабақ үлгерімі жағынан қатарынан қалған жоқ. Аттестаты төрт пен бес. Сол жылы Алматы Технологиялық Университетіне оқуға түсіп, дипломы қолға тиісімен Астанаға кетті. Айта кету керек біздің ауылдан алыстағы Астанада қызмет істеген алғашқы адам осы- Қадрон.

-Қадрон Астанада жұмысқа тұрды деген хабар, Қадрон -депутат, министр болып кетті дегенмен бірдей естілетін бізге. Құрдастарының көбі Қадронға қызығып, іштей қызғанып та жүрді. Қадрон екі жылдан соң Астананың ауа-райы жақпады деп, Алматыға қызмет ауыстырды. Осы жұмыста жүргенде мемлекеттік квота арқылы жүрегіне операция жасатып, жасанды қалқанша орнатты. Араласып тұрдық. Артынша біз Астанаға кеттік, ол Алматыда қала берді. Екеуміз де үйлендік. Әлеуметтік желілер арқылы қал-жағдай сұрасып тұратынбыз. Агент, Фейсбук, Уатсапта балаларының суреттерін жиі жариялап, достарымен қуанышын бөлісіп отыратын. Бәріміз олардың отбасына сүйсіне қарайтынбыз, ниеттес, тілеулес едік. Қадрон жас күнінен жағаласқан ауруды жеңді деп ойлағанбыз, сөйтсек қателесіппіз. Ежелгі дұшпан аңысын аңдып жүріп, атпал азаматты тағы да алып ұрыпты. Бұл жолғы соққы бұрынғыдан жойқын болғанын жүрек құрғыр сезетіндей. Әрі ол соққы бір ғана емес екеу болса қайтпексің...Аурумен арпалысқанда таңдап алған қосағыңның қасыңнан табылмағаны -қандай қиын, бауыр еті баласының басынан бір иіскегеннің өзі дертке дауа, емге шипа емес пе еді? Неге ғана Жаратқан осы бір жайсаң жанның бақытын кемшін, сорын қалың қылды екен? Неге? Неге? Қадронды аяп кеттім.

*****************

Біздің үй мен Қадронның бақшасын баяғыдай сымтемірден тоқылған қоршау ғана бөліп тұр. Бақшаға кірген бетте, көгалды тіліп өтер соқпақ жолға түсіп бірден сол қоршауға таяп бардым. Қадронның басын торлаған соқыр тұманды сейілтудің амалын таппай далбасалаған күйі қоршауды бойлап ары жүрдім, бұрышқа тақала бере қалт бұрылып бері жүрдім. Шекара күзеткен сарбаздай қоршаудың бойында қалың ойға малтығып қанша уақыт сандалғанымды білмеймін, бір уақытта жұмыртқалағанын жар салған мекиеннің мазасыз дауысы ойымды бөліп жіберді. Тауықкүркенің артындағы қара өрік ағашының қасына келіп тұр екенмін. Қадрон екеуміздің бала кезде кездесер нүктеміз, ары-бері өтетін өткеліміз осы болатын. Бізден кейін бұл арқылы байланыс жасайтын адам болмаған-ау, шамасы... Қоршаудың белін майыстырып, аттап өтуге ыңғайлап қойған тұсын әлдекім жоғары керіп, түзетіп тастапты.

Темір қазықтан қос қолдай ұстап тұрып, бір ырғып арғы бетке түстім. Қадрон алма ағашының көлеңкесінде жатыр екен. Тақтайдан нар жасатыпты, қабат салынған үш-төрт көрпенің үстінде, құс жастықты қолтығына қысып сұлық жатқан жігіт суық амандасты. Тап бір мені күнде көріп жүрген адамдай, бей-жай. Әрбір жерде жапырақтармен араласып ойын картасы шашылып жатыр.

-Күні бойғы уақытым осы жерде өтеді,-деді амандық-саулық сұрасқан соң... Асылқұлдың Бақытжанын білесің ғой, сол келіп тұрады анда-санда. Карта ойнаймыз, ол жоқ болса жалғыз ойнаймын. Телефон шұқылап, Фейсбук пен Уатсапты ермек қыламын. Сен секілді хат жазбай кеткен достар көп. Соларды күніне бір мазалап тұрамын деп зорлана жымиды.

-Ее, жөн екен дедім басқа сөз аузыма түспей. Менің сүрінгенімді қалт жібермеді.

-Несі жөн мұндай өмірдің деп шақ ете қалды. Науқас адамның көңілін сұраймын деп келіп, ашуландырып, ауыртып аламын ба,- деп не айтарымды білмей сасқалақтап қалдым. Соны сезгендей өзі сөйлеп кетті. Ақырын, бәсең дауыспен асықпай сөйледі. Бірақ әрбір сөзінен жалын атып, өкініштің өрті өзегін өртеп лапылдап тұр. Тоқтамастан сөйледі. Астанадағы өмірі, операцияға кіріп бара жатқан сәттегі арманы, темір жол бекетінде әжептеуір қызмет істегені, сол жерде жүріп әйелімен танысқаны...үйленгені, тұңғышы өмірге келгенде қуанғаны, перзентханадан көтеріп шыққандағы көңіл-күйі секілді әңгімелерін тыңдайтын адам таппай жүрген-ау шамасы. Көктемнің нөсеріндей бірінен кейін бірін төгіп, аса ыждахатпен әңгімеледі. Әсіресе екі баласының қылықтары туралы айтқанда қуаңқы жүзіне қан ойнап шыға келді. Телефоннан суреттерін көрсетті, кішісі өзінен аумай қалыпты.

-Кенжелер ерке болады, тентек өзі,- деп бір сәт сол бір сары баланың қылығын есіне түсіргендей күлімсіреп отырды да, мезетте түсін суыта қойды.

-Әйеліме ренжімеймін,- деді сыбырлай. Отыздан жаңа асты. Мен секілді екі күннің бірінде талып жататын көксауды қашанғы сүйрелеп жүреді. Арманым жоқ, артымда ұрпақ қалатын болды. Жиырма бес жасымда жүрегіме жасанды қалқанша салғанда, ендігі өмірім біткен шығар деп ойлағанмын. Құдайдан отбасын құруға мұрсат бер,- деп егіліп сұрағанмын сол кезде, баламның боқ сасыған бұтынан бір иіскетші деп жылағанмын. Жаратқан тілегімді берді. Бір емес,балпанақтай екі ұлым бар. Әттең соларды оқуға түсіріп барып құлағанымда, ештеңеге өкінбес едім. Дегенмен, әйелім ақылды, жеткізеді оларды,-деді. Сен де көз қырыңды сала жүр,- деп сұқ саусағын шошайтты маған қарай.

-Қадрон қойшы қайдағыны айтпай, әлі-ақ жазылып кетесің. Ертең әйеліңді барып алып келемін, мына балаларды жеткізу міндетің антұрған,- деп бұрынғыша қалжыңдағансып иығынан түртіп қалдым. Ол менің саусақ ұшымен ғана ақырын түрткенімді ауырсынғандай, қабағын кіржитті. Күрсінді.

-Әйелім мені қуған жоқ, өзім кеттім,- деді. Ауылға апарып таста деп екі ай бойы қақылдадым,- деп сыбырлады бөтен біреу естіп қоймасын дегендей жан-жағына ұрлана көз тастап.

-Оның не?

-Сол дұрыс. Менсіз өмір сүруге үйрене берсін.

-Қойшы-ей, сандалмай деп ашуланған түр танытып едім, ол қулана жымиды.

-Қалжың ғой...Дәрігерлер тыныштық керек деген. Әрі менің мына жатысымды көрген бала не болады?! Жасып қалар. Жазылғанда барамын да бұйыртса,-деп әлгінде айтқан ауыр сөздерін әзілге жеңдірді.

- Айтпақшы қол-аяғың балғадай болып өзің не бітіріп жүрсің?

- Өзің білетін екеуі, біреуі іште жатыр. Күзге салым шығамын,- деп қояды.

- Ол китайский бала болайын деп тұр ғой,-деп жымиды да дереу түсін өзгертіп:- Балаға дұрыстап қарашы осы бастан,- деді ойлы көзімен менің сықпытымды тінте шолып.

-Бала деген бапкер қолындағы бәйге аты екен ғой. Оның бабын тауып, бағын ашу бапкердің яғни ата-ананың міндеті. Қазақ әке балаға сыншы дегенді бекер айтпаған, мен осыған әке балаға сыншы ғана емес, бапкер дегенді қосар едім. Құнанбай медресеге жібермегенде Абай да осыншалықты білімге жетер ме еді? Балқожа бидің көрегенділігі болмағанда Ыбырай, Ыбырайлық дәрежеге көтерілер ме еді? Тіпті осы күнгі Бақтияр Артаевты әкесі бокс үйірмесіне жетелеп апармағанда, оның күнделікті жаттығуын қадағаламағанда, жеңісіне қуанып, жеңілген сәтінде демеу бермегенде Бақтияр Олимпиада биігін бағындыра алар ма еді? Өткенде газеттен Денис Тэн туралы оқыдым. Оның әке-шешесіне ескерткіш қойса да артық емес. Солар бала Денисті ары-бері сүйрелеп, жылт еткен ұшқынды жалынға айналдыра білді. Ақшасын аямады. Ақыры кеткен қаржы мен төккен тер ақталды. Әнекей қаршадай Денис мұз айдынының королі болып жүр.

-Балаға салынған инвестиция- ең қайырлы инвестиция,- дедім сөз арасына килігіп.

-Қайырымды ғана емес, қасиетті шаруа. Әке-шешенің борышы. Бірақ инвестиция дегеніңмен келіспеймін. Инвестиция- экономикалық термин, оның астарында нарықтық пиғыл, бір тиынды екеу қылсам деген бақай есеп жасырынып жатыр. Балаға салған ақша мен еңбектің қайтарымын дәметсек, онда біз алыпсатар комерсант болғанымыз. Балаға бергеніміз ол біздің әке мен шешеден алғанымыз. Біз біреуден алғанымызды біреуге беріп қана отырмыз, болған біткені осы....Қарға да баласына боқ шоқуды үйретеді, қасқыр да бөлтірігін аңшылыққа баулиды. Сондықтан «сені оқыттым-шоқыттым» деп баласына міндет қылатын ата-аналарды түсінбеймін. Әрине, балаға берген тәлім-тәрбие, шығындаған уақыт пен қаржының қайтарымы сөзсіз болады. Ұл мен қызың өмірден өз орнын тауып, азамат болып кетсе, сол емес пе қайтарымы. Өкініштісі көбіміз осыны түсіне бермейміз. Алматының ортасында тұрса да спорт секциялары мен өнерпаздар үйірмесіне баласын алып баруға уақыт таппайтын, уақыты бола тұра құнттамайтын замандастарым көп. Біразына осыны айттым да. Құлақ асса кәнекей. Баламыз өз бетімен өсіп жатыр, бізді де кезінде ешкім сүйреген жоқ, өз күшімізбен жеттік бәріне,- деп шырт түкіріп, шыртияды. Бұл нағыз топастық. Өз бетімен өскен бала бақшадағы қараусыз қалған ағаш секілді. Өзегіне құрт түсіп, жапырағы ерте қурап, жемісі піспей жатып солады.

-Оның рас,- деп Қадронның бала тәрбиесіне байланысты философиясына бас изедім. Бұрын ондай емес секілді еді, ауырған адамның ойға көп берілетіні бар. Әйтеуір ойшыл болып кетіпті, әрі шешен сөйлейді.

-Сен Қытайда екі жыл тұрып келдің ғой, айтшы қытайлар баласын қалай тәрбиелейді?

-Олар баласын император санайды. Бір отбасына бір бала саясатын білесің. Осы қазір шамамен 100 млн отбасында жалғыз баладан. Яғни ол баланың әке шешесі, өз ата-әжесі және нағашы атасы мен апасы бар. Сонда бір баланың тәрбиесін алты адам қадағалайды деген сөз. Адам саны көп елде өмір сүру оңай емес, балаларын бәсекеге қабілетті қылу үшін қытай жұрты барын салады.

-Міне көрдің бе?!- деп сұқ саусағын шошайтып сөзге араласып кетті. Бір баланы алты адам күтіп-баптайды дейсің. Ал біз алты баланы бір кемпірге тастап, қызмет қуып жүрміз. Олардың қарны тоқ, көйлегі көк шығар, бірақ ауланың шаңын шығарып ойнағаннан басқа не бітіріп жатыр? Баяғы бабаларымыз балаларына әліпби жаттатқызар ұстаз жалдаған, өнерпаздарды алыстан алдыртып ән-күй үйреткен, соғыс өнеріне баулыған.

-Балабақшалар ашылып жатыр ғой жер-жерде,-деп сөзін бөлдім.

-Аспан асты елінен келсең де аспаннан түскендей болмашы,- деп өкпелегендей сыңай танытты. Бәрін оқып, көріп-біліп отырсың ғой. Қалалық жерде мемлекеттік балабақшаға екінің бірі қол жеткізе алмайды, жекеменшік қымбат. Ал ауылда шағын орталықтар ашып қойған, онысы құры жоғарыға есеп берудің амалы. Бір бөлмеге отыз баланы қамап, сылдырмақ, қуыршақпен ойнатып қою дегенді түсінбеймін.

-Мен де сені түсінбеймін, Қытайда біздегідей тегін балабақша деген ұғым жоқ. Бәріне ақша төлейсің. Әркім өзі үшін, өз баласы үшін жағдай жасайды....

-Міне...Менің де айтпағым сол емес пе? Неге біз бала тәрбиесін мемлекетке ысыра салып, жауапкершіліктен жалтара қашамыз. Демографияға үлес қосамыз деп оншақты баланы топырлатып туғызып тастадық. Ал.... Мемлекет үйін, уақтылы жәрдемақысын берді, мейлі дейік...Бірақ сол он баланы жақсылап тәрбиелей аламыз ба, мәселе сонда... Біздің он баламыз қытайдың бір баласына татымай жатса, қорлықтың көккесі сол емес пе? Біздің өз бетімен өскен он баламыз қытайдың әбден шыңдалған, білімді бір баласы ашқан компанияда қара жұмыс істеп, ауласын сыпырып, дәретханасын жуып жүрмесіне кім кепіл? Ата-ана жауакершілігі деген сол. Әрбір әке мен шеше мемлекеттің демографиясынан бұрын адам капиталына үлес қосқанды ойлау керек. Сен алдыңа мақсат қой, бес балаң бар ма бір кәсіпкер, екі ғалым, бір спортшы немесе дәрігер тәрбиелеп шығарамын деп жоспарла...Осы жоспарды орында. Міне - сенің ұлы міндетің....

Қызына сөйлегендікі ме Қадрон алқынып қалды. Сәл тыныстап алған соң:

-Сәруардың Мұсаханға айтқанын білесің бе,- деп сұрады.

-Жоқ, ол не депті?

-Араққа тойып алып бала айырбастайықшы деп барыпты антұрған.

-Неге?

-Енді тоғыз ұлы, Мұсаханның үш баласына татымай жатса күйінген әке не істемек? Ас ішіп, аяқ босатар тоғызын түгел берейін,бір балаңды берші көкетай деп жалыныпты.

-Анау не қылыпты?

-Не қылушы еді, арқасынан қағып шығарып салған. Көрдің бе, баласын баули білмеген әкенің көретіні сол. Сен де қазір әңгіме жазып жүрсің, өзің айтшы күлді-бадам он әңгіме жазған жөн бе, әлде сол ондықты он орап алатын бір шығарма тудырғанын дұрыс па?

-Әрине сапалы болғаны жақсы.

-Сендерді де білем, кітап толтыру үшін «шөп те өлең шөңге де өлең» деп егіздетіп, сегіздетіп жаза бересіңдер. Бір кітаптың ішінде оқуға тұрарлық бір-екі шығарма болады, қалғаны таңдайға татымас, қоймалжың бірдеңе. Былтыр сенің үйіңнен алып кеткен жас жазушылардың жартысының кітабын оқып біткенше, жынданып кете жаздадым.

-Өзің сыншы болып кетіпсің ғой түге, сенің көзіңмен қарасам әлем жетістіктен емес кілең кемшіліктен тұратын секілді.

-Жетістікті менсіз де айтып жатқандар көп. Күнде теледидардан лепіріп жатырсыңдар ғой, көрерменді керең деп ойлайсыңдар ма, айқайлап айтатын болыпсыңдар. «Өйттік, бүйттік, жеттік, болдық, толдық»,- деп құлақты жауыр қылдыңдар!

-Иемберген атаң болыпсың аумаған. Ештеңеге көңілің толмайды,-деп мен де қыршып алдым. Ол қарқылдап күлді.

-Қойдым болды, сдаюсь...сдаюсь.. сенің огородыңа тас лақтырмаймын енді деп қос қолын көтеріп, берілгендік белгісін білдірді.

-Біз кеш есейіппіз достым,- деп сөзін жалғады. Енді ерте қартайып барамыз. Біздің буынның маңдайына біткен соры сол. Сенің қытайларың ба еді, «өтпелі кезде өмір сүр»,- деп қарғайтын. Шынымен де өтпелі кезеңде тіршілік еткен адамдар бір өзеннің суынан екінші өзенге көшкен балықтар секілді екен ғой. Оның суы оларға жаға ма жақпай ма білмейді, әйтеуір торға түскен тобырға ілесіп солай қарай жөнеп береді. Қаншасы бөтен жерді жерсінбей жан тапсыратынын білмейді. Ол жақтың тұрғындары бұларды жатырқамай қабылдай ма, жоқ әлде келімсектерді жемтігіне айналдырып түтіп жей ме?! Ол жағы да күңгірт. Біз сол жапондар айтқан қарғысты көрген адамбыз, өтпелі кезеңде ержеткен ұрпақпыз. Мектепке Кеңес үкіметі тұсында кірген едік, тәуелсіз Қазақстан заманында шықтық. Мойнымызға тағып жүрген қызыл галстукты сыпырып алып, кеудеміздегі октябрять төсбелгісін қоқысқа лақтырғанмен советтік санамыз өзгермеген күйі Тәуелсіздік құрылысына араластық. Өйткені мұндай бетбұрысқа біз түгілі мұғалімдер, отандық білім беру жүйесі тұтастай дайын болмай шықты.

-Өзің ойлашы деп Қадрон етқашты саусақтарын тарбита жайды. Өздері кеңестік жүйе бойынша оқыған адам, өздері Кенесарыны қанқұйлы қанішер деп таныған ұстаздар қалайша азат ойлы шәкірт тәрбиелейді. Олар сол өзі оқыған қойыртпақты біздің басымызға жуынды құсап төге салды емес пе, өзі белшесінен батқан батпаққа білегімізден ұстап қоса тартып әкетті ғой... Ескі оқулықта жазылған дүдамал дүниелерді талдап-таразыламай-ақ миымызға сіңірді. Мектепте адам маймылдан жаратылған деп оқып едік, университетке барғанда оның барлығы қып-қызыл өтірік боп шыға келді. Осылай ескі мен жаңаның арпалысын көріп, әрбір білгіштің аузына жалтақтап, кімге сенерімізді білмей есалаң адамша алақтап жүргенде отызға да жетіп барыппыз. Меніңше, сол бір жылдары мектеп бітірген түлектерді қайтадан жинап алып, Отан тарихынан дәріс оқу керек.

-Сөзіңнің жаны бар дедім, тағы да ұстаз алдындағы шәкірттей именшектеп. Шыбындаған ат құсап бас шұлғудан өзгені білмейтін менің пұшайман түріме бір қарап алды да Қадрон көзін ағаш басындағы қызыл алмаларға қадап ойлана сөйледі.

-Қазақта шіріген жұмыртқа деген сөз бар,- деді көзін жоғарыдағы алмалардан тайдырмастан. Шіріген жұмыртқадан ешбір пайда жоқ, одан тұқым өрбімейді, жеуге жарамсыз. Жарыла қалса иісі де жаман. Мен өзімді сол шіріген жұмыртқа секілді сезініп жүрмін.

-Сені осыншалықты боркемік деп ойламаппын. Сенен де жағдайы нашарлар бар емес пе, ана құрсағынан жарымес болып туылып, өз бетінше жүріп-тұра алмайтын, төсекке таңылып, арбаға байланған мүгедектер туралы ойландың ба? Олар өмірдің рахатын сезінбестен жалғанмен қоштасып жатыр. Сен олардың қасында ақыл-есің бүтін, қол-аяғың сау, зіңгіттей жігітсің ғой. Қайратыңды жисаң әлі-ақ тас уатып, тау қопаратын мүмкіндігің бар. Күпірлік қылма!

-Шіріген жұмыртқа болмасам да, анабір құрт түскен алма секілдімін деп ағаш басындағы жұдырықтай сары алманы нұсқады. Құдай біледі сол алманы адам түгіл, сиыр да жемейді. Бір бүйірінен тесіп кірген құрт, ішін кеулеп алған шығар ендігі. Ал сол алманың құрттап кеткеніне кім кінәлі?!

-Құрт кінәлі дедім, бүтін алманың бүйірін тесіп кірген құрт кінәлі деп нығыздай түстім.

-Кәззап, әдейі қыртып отырсың менің жүйкемді жұқартып. Ол құрт пен алманың түк күнәсі жоқ. Бірінің міндеті- жеу, екіншісінікі- желіну. Алмаға бәрібір кім жесе де, құрт жей ме, жоқ әлде адам жей ме маңызды емес. Біз кінәліміз. Осы үйдің адамдары кінәліміз. Алма ағашын қаптатып егіп, оны күтімге алмағанымыз үшін кінәліміз. Көктемде діңгегін бір уақ әктеп қоюға да ерінеміз, осы қазір мына ағаштың алмасы түгіл діңгегінің өзі шіріп жатыр. Сонда да бейшара ағаш жыл сайын жеміс береді. Өзінен басқаны ойламайтын адам деген тоңмойын мақұлыққа қызмет етеді. Ал адамның өзі бүгінде құрттап бітті. Жүрегін дүние деген құрт жаулап алған, байдың да кедейдің де жүрегі құрттап кеткен, дүниенің құрты түспеген бірде-бір жүректі таппайсың қазір.

-Философ болып кетіпсің, әрбір құбылыстың астарын ақтарып, жілігін шағып тастайсың. Шіркін сенің толғамдарыңды түгелдей жазып алса ғой....

-Ауру адамның барлығы - философ...Бірақ олар данышпанмын деп даурықпайды. Өйткені олар сендер көлеңкесінен шошып жүрген өліммен күнде сөйлеседі. .. «Бізді қайтесің»,- деді аз-маз үнсіздіктен кейін. –Онсыз да кемеңгерлер көп өмірде. Алысқа бармай-ақ фейсбукке кірсең, небір білгіштер Оразалының тауықтарындай тізіліп отыр емес пе?! Солардың қолынан іс келер- келмесін білмеймін, әйтеуір ақыл айтудан аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермес. Бәрі ғұлама,бәрі данышпан. Кеңкелестің өзі кемеңгер. «Қан мен тердегі» Судыр Ахметше ауызбен орақ орады, белі талмайды әсте.

-Интелектуал білгіштер аз, бірақ білгіш болып көрінетіндер көп. Өкініштісі соңғысының жолы болғыш, жарнамасы жер жарады. Бірақ солардың беті жып-жылтыр болып, жылмиып тұрғанмен іші қуыс. Сөзінің сөлі мен нәрі жоқ. Жесең ішіңді кептірер қытайдың алмасы секілді дәмсіз, оданда құрт шалса да сенің бақшаңның алмасы дәмді деп түрегеліп барып, жерге түскен қызыл алманы беторамалға сүрте салып қарш еткізіп тістедім.

-Әрине құрт та сен секілді деп мырс етіп күлді. -Тәттіге үйірсек, дәм-сөлі жоқ, қағаз секілді қаудырлаған жемісті не қылсын олар,- деп «шіріген алма» ұғымын одан әрі тарқатып кетті.

-Не десең де шіріген алма атағын менен тартып ала алмайсың. Балғын шағымда өзегіме құрт түскен, енді сол мүжіп жеп жатыр. Бір күні сабағымнан үзіліп түсермін. Ешкімге керексіз болып, шіріген күйімде топыраққа айналармын.

-Өзекті жанға- өлім нәсіп. Бәріміздің барар жеріміз- бір. Топырақ- біздің тегіміз. Ерте ме кеш пе жер ана баласын бауырына алады. Өзің пессимист болып кетіпсің. Өмір оптимистердің арқасында алға жылжып келеді. Осыны ұмытпа!

-Сол оптимистерің бізді арандататын. Жердің байлығын түгесіп, енді өзге ғаламшарларға көз сүзіп отыр. Айдан жер сатып алып жатырмыз, неткен тойымсыз мақұлықпыз, түсінбеймін. Экономиканы дамытамыз деп экологияны құртты. Табиғаттың заңдылықтарын өздерінің топас теорияларына бағындырмақ. Алпыс екінші жылы аспанға Гагарин ұшып еді, ойбай өзімізді Құдай сезініп кеттік. Астық, тасыдық, ақыры табиғаттың заңдылығына қарсы тұру мүмкін емесін сезіп- састық. Алысқа бармай-ақ, Арал теңізінің тартылуының себебін әлі білмейміз, әрнәрсені сылтауратып жақауратамыз. Мен білсем, Аралдың түбіне жеткен Байқоңыр. Өткенде қызылордалық бір жазушы-журналистің жазғанынан оқыдым, Аралдың суы тура Байқоңырда алғашқы ұшырылымдар басталған уақыттан бері шегінген.

- Қазақ экологтарының әлі кеңестік кезеңдегі тұжырымнан аса алмай жүргені, әрине, өкінішті. Бір зымыранды ұшыру үшін бір көлдің суы кетеді деседі деп Қадронды қоштап қойдым. Ол одан бетер екілене түсті:

-Көресің, біз күндердің күні осы асқан ақылдылығымыз үшін өкінетін боламыз,-деді көзін ежірейтіп.-Алғашқы қауымдық құрылыс қайтып келсе деп армандайды әлі-ақ сенің ашкөз оптимистерің. «Оптимистерің» деген сөзді аузын толтырып, кекесінді түрде созып айтты.

-Саған сұрақ қояйыншы,-деп жастықтан басын жұлып алып шынтақтап жатты.

-Адам неге азып барады? Рухани тұрғыдағы азғындыққа жоламай-ақ қой, өзгесін айтшы...Неге біз аурушаң, әлжуаз боп кеттік? Неге ауру-сырқау, жұқпалы дерт, індет жайлағыш? Неге кемтар нәрестелер көбейді?

-Енді оның себебі көп қой, экологиялық ахуал қиындады...,-деп білгенімді айтпаққа оқтала бергенімде, «Былжырақ»,- деп қолын бір сермеді.

-Білмейсің! Көзің ашық болғанмен мұрныңның астында сүңгідей болып қатып тұрған қаспақты көрмейсің.

-Білсең айтшы қане көреген данышпаным,-деп мен қитығып қалдым.

- Біле білсең, осының бәріне ғылым, оның ішіндегі медицина ғылымы кінәлі...

-Қалай?

-Қалай болса- солай. Алдымен мына сұрағыма жауап бер, сенің әжең қанша құрсақ көтерген?

-Жетеу

-Соның қаншасы адам болып кетті?

-Төртеуі, тұңғышы бір жасында шетінеген, одан кейінгі екі ұлы туа салып кетіпті.

-Міне, көрдің бе? Сол замандағы адамдардың барлығынан сұра сенбесең, кемінде бір-екі баласын жерге берген. Өйткені бұрынғы адамдар бала күнінде табиғи сұрыптаудан өтетін. Ана құрсағында жақсы жетілген, өмір сүруге қабілетті сәбилер ғана аман қалатын. Әлжуаздар туа салып шетінеп кететін немесе бертінде түрлі ауруларға төтеп бере алмай қыршынынан қиылады.

-Түсінбедім ойыңды, не айтқың келіп отыр?

-Сөзімді бөлмей тыңда! Қазіргі медицина өлейін деп жатқан шақалақты тірілтіп алады. Әлжуазды дәрі-дәрмек салып, әйтүп-бүйтіп адам қыламыз. Содан тұқым аламыз. Әлжуаздан дімкәс туады, дімкәстан көксау, көксаудан ауру, ал аурудан кемтар туады.

- Суворов шала туған, Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбеков шала туған,-деп ойыма түскен шалатуғандарды тізбелей бастап едім орнынан атып тұрды. Аузы көбіктеніп, көзі шақырайып кетіпті. Бала күнгі әдеті. Неше жылдар өтсе де осынау балаң қылығы жоғалмапты. Досымның қуаң тартқан жүзінен балалық тентектігін тапқаныма қуандым. Қуанышымды жасыра алмай мырс етіп күліп жібердім. Ол да болмашыға бұлданғанына ұялғандай теріс айналып кетті де, шашылған карталарды жиыстырып келіп, қайта жайғасты.

-Сен мыңнан бірін айтып отырсың,- деді бәсең үнмен. Негізінде cолай, адамзат азбауы үшін тек мықтылардан тұқым тарату керек. Айналайын-ау, қораңдағы қойға да қошқар сайлағанда кәтегінен емес, ірісінен таңдайсың ғой қозылары кесек болсын деп...Бұл да - сондай селекция. Қазіргі түрлі ауру-сырқау тұрмақ ырбиған-тырбиған жігіттердің пайда болуы, қызтекелердің қаптауының түп негізі соған барып тіреледі.

-Пах шіркін, қалай-қалай орағытасың деп досымды арқасынан қағып риясыз күлдім. Ол күлмеді.

-Шіркін ерте өліп кетемін, ақырзаманды көргім келеді деді артынша.

-Астапыралла қайдағыны айтпашы. Ақыл-есіңнен адасқаннан саумысың?

-Шыным сол! Ақырзаман болған кезде айналама қарағым келеді. Адамдарға қарағым келеді. Дүние үшін арын сатқан байқұс, топас адамдардың түрін көргім келеді. Соғысып жатқан, елді атыстырып-шабыстырып жатқан бүлікшілерді, біреудің жерін тартып алып жатқан қанқұйлы саясаткерлердің өлім алдындағы бейнесін көргім келеді. Сені көргім келеді, ананы, мынаны, оны көргім келеді, өзімді көргім келеді. Тек..,-деп барып тоқтап қалды.

–Ақырзаман кезіндегі балаларымның бейнесін көргім келмейді,- деді бәсең үнмен.

-Ақырзаман ұрпағы ең бақытсыз ұрпақ деседі. Оны көруді құдай баламның баласының маңдайына жазбасын!-дедім Қадронның арманына қарсы шығып.

-Бәрібір қашып құтыла алмаймыз. Келе жатыр. Белгілері көбейіп кетті,- деп ол тағы да әлденені айтуға оқтала бергенде -, «болды осы жерден тоқтайық, басқа тақырыпта сөйлесейік»,- деп тиып тастадым.

-Оның да жөн сөз бауырым,- деп көкейіндегі ойды кейін серпіп жіберді.

-Бірақ шіріген алма туралы ойымды нақтылай түсейін саған, ақыры түсінбеген секілдісің. Біз қараусыз өскен буынбыз. Оны жоққа шығармассың. Біздің сыныпта отыз оқушы оқыдық. Солар мектепті бітіргенше болашақ мамандығын таңдай алған жоқ. Қай университеттен таныс тапты, қандай оқу орнына әке-шешесі жетелеп барды, сонда оқыды. Өзіне болашақ мамандығы ұнамаса да оқыды, ақыры білдей диплом алып шықты. Бірақ біліксіз маман болып шықты. Бізге ешкім жөн сілтеп, жол нұсқамапты ғой қарап отырсам. Жөн сілтемек түгілі денсаулығымызға назар аударған адам бар ма? Моншаға түсеміз, шылқыған дамбалымызды сығып-сығып киіп аламыз да көрпеге оранып ұйықтап қаламыз, ол бұтымызда жатып кеуіп кетеді. Қыстың күні мал жайғағанда киер етігіміз далада қатып тұрады, жерді тепкілеп тұрып әзер киетінбіз, аяғымызда жүріп жылынады оның іші. Соның барлығы денеге ауру болып жабыса береді екен ғой....

-Сақырлаған аязда боти киіп алып ойнаймыз деп мен де қосамжарласа кеттім. Ол қарқылдап күлді. Мен келгелі екінші рет күлді.

-Әне, әне тұр ол боти,- деп қолымен ошақхананың шатырын нұсқай беріп, бүктеліп жатып қалды. Атып тұрып, қасына жетіп барсам, селкілдеп күліп жатыр екен.

-Аздап шаршап қалдым, ертең келсеңші карта ойнайық деді күлкісін тия алмай.

-Жарайды онда, жатып демал,- деп келген ізіммен қайтып бара жатып ошақ қораның шатырында тұрған қоңыр галошқа көзім түсті. Галош емес боти. Әлгі сырғанақ боти. Қадрон тракторға жабысқанда киіп алып, ешкімге жеткізбей жүретін жүйрік боти. Ақыры өзіне кесел жамаған қоңыр боти. Күнге қақталып, әбден көнерген екен. Шамасы Қадронның көкесі, қонышын қиып тастап есік алдына киетін сүйретпе жасаған. Оған да жарамай қалған соң, шатырдың үстіне лақтыра салған. Көп ойланған жоқпын, досымның тағдырын тас-талқан еткен резіңке етікті бір қарғып шатыр үстінен іліп әкеттім.

-Оны не қылмақсың деді ол төсекте жатқан күйі...

-Монша жағамын, тамызыққа керек.

-Ала бер дегенді қолын бір сілтеп аңғартты.

Қаскүнем ботидан кек алуға асығып үйге қарай адымдай бастым. Қоршаудан секіріп өттім де, моншаға қарай бет алғанымда қалта телефоным безілдеп қоя берді. Қадрон екен.

-Қоңыр ботиды өртемей-ақ қойшы,-деді салған жерден. -Ол да мен секілді бейбақ қой, одан да балаларыңның денсаулығына дұрыстап қарашы!

Жауап қатуға дәрменім жетпей, байланысты үзе салдым. Көзімнен ытқып шыққан тамшылар қоңыр ботиға шашырады.

Ол да «менің не жазығым бар» деп тұрғандай көрінді.

31. 05. 2015 жыл Бейжің


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар