Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов)

18.11.2015 349

Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов)



(Жалғасы. Басы мұнда)

3.

Сонымен, Міржақып Дулатов жоғарыда атап көрсеткеніндей:


«Екінші қазақ-қырғыз құрылтайының қаулысы бойынша 11/24 маусым күні «Алашорда» үкіметі Алаш қаласында ресми түрде іске кірісті... Семей мен Ақмола облыстарында милиция жинау ісіне аса шұғыл кірісіп, отряд құрылды. Отрядтардың бірсыпырасы атты казактарға Һам офицерлерге (ақ гвардия) қосылып, Жетісу облысындағы большевиктермен соғысуға кетті… Түркістан жағынан атты казак һам башқұрт жігіттері бас қосып, большевиктермен соғысуға аттанды. Ахмет Байтұрсынов 29 июньде Қостанайға кетті. Міржақып Дулатов екі жұма шамасында сонда бармақ. Қазақтан шыққан большевиктерге ешбір рақым қылмаңыз», деген «Алашорда» кеңесінің мүшелері – Ә.Бөкейхановтың, М.Тынышбаевтің, Х.Ғаббасовтың атынан жеделхаттар жан-жаққа шұғыл түрде жіберіліп жатқан еді.


М.Дулатов (жалғасы): «Енді «Алашорда» үкіметінің желтоқсандағы қаулысын жүзеге асыруға тапсырма алдық. Соның ішінде ең басты мәселе – халық жасағын ұйымдастыру және тұрғындардан қаражат жинау еді. Сол үшін «Алашорданың» облыстық бөлімі құрылды. Бұл кейін облыстық әскери кеңес деп аталды. Кеңестің төрағасы Исполов, ал мүшелігіне Байтұрсынов, Қадырбаев және мен сайландым. Біз Ақтөбе, кейіннен Қостанай уездеріне барып жасақ құрамына жігіттерді қабылдадық, қаржы жинадық. Қару-жарақ пен әскери киімді Самарадағы құрылтай мәжілісі комитетінің үкіметі арқылы алдық. Ал командалық құраманы Орынбор әскери басқармасы берді».


Міне, кеңес өкіметінің қадала тергегені де, кешірімсіздікпен қудалағаны да, ақыры түрмеге қамағаны да, М.Дулатовтың осы әскери кеңеске мүше болып, алаш әскерін құрғандығы еді. Самара өкіметі Колчакты мойындамай, оларды Ресейдің заңды үкіметінен бас тартты, – деп айыптады. Ал Колчак үкіметі оларға қарсы әскери тосқауыл қойды. Сөйтіп, қазақ даласы – Самар құрылтайы мен Колчак үкіметі мен кеңес өкіметі әскерлерінің соғыс майданына айналды. «Алашорда» үкіметін мойындаған Самара құрылтайының әскерімен бірлесе жорыққа аттанды.


М.Дулатов (жалғасы): «Біз Қостанай уезінің Денисовка поселкасында тұрған кезде Колчактың «Алашорда» үкіметін жою туралы төртінші қараша күнгі жарлығы түсті. Сол жарлықтың соңынан казак әскері штабынан отрядтың шұғыл түрде Орынборға келіп, большевиктерге қарсы соғысуға аттануы туралы бұйрық келді. Біз бұл бұйрықпен келіспедік. Сөйтіп, Торғай уезіне бет алдық. Генерал Дашкин мен полковник Быков бастатқан командалық құрам бізбен бірге кетуден бас тартты. Офицерлердің біразын біз тұтқынға алдық, ал бір бөлімері өздері тарқап кетті. Әскери кеңес казак үкіметімен және оның командирлерімен байланысын осылай үзді. Қалған жігіттермен біз Торғай уезінің жеріне өттік. Онда Торғайдағы кеңес өкіметінің өкілдерімен келісім жүргіздік».


Осы арада Міржақып Дулатовпен қатар түрмеге қамалған Торғай облыстық кеңесінің төрағасы Мырзағазы Есполовтың көрсетіндісін тұтастай келтіреміз. Мұнда ғасырға бергісіз жылдың ішіндегі баcты оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ М.Дулатовтың тергеудегі жауабын да толықтырады.


Мырзағазы Есполов (барлық құжаттарда Испулов): «Қызылорда. 1929 жыл. Торғай ауданы, Аманкелді уезі Жолдыбай ауылында тудым. „Алаш” партиясының мүшесімін. 1916-шы жылға дейін мұғалімдік етіп, содан кейін Қазақ педагогикалық мектептерінде, мемлекеттік банкте қызметші болдым. Әйелім, үш балам бар. Одан басқа 4 адам менің күтімімде. „Алашорда” ісіне 1919 жылғы Тройцкі қаласында араластым. Сол жылы үш рет бір тәуліктен түрмеге жабылдым. Азамат соғысы жылдарында Торғай облыстық кеңесінің төрағасы болдым.


Орынбар мұғалімдер мектебін бітіргендер қазақ арасында тегін ұстаздық қызмет етті. Қазақ тілінде Тройцкі қаласында шығып тұратын жалғыз журнал „Айқапты” жаздырып алып тұрдым. Петербург қаласында шығып тұратын мұсылмандар газетіне тілшілік еттім. Менің „Ерікті адамдар” мақалам үшін газетке 400 сомға айып салды. 1916-шы жылы қарашада ол қызметтен шығып, „Қазақ” газетінің үндеуі бойынша майдандағы тыл жұмысында жүрген қазақтарға көмектесу үшін Орынбордағы Байтұрсыновқа келдім. Ол маған Москваға баруды ұсынды. Жолай Самарадағы Бөкейхановқа жолығып, оның ұсыныстарын және жолдаған хаттарын алдым. Москвада Сейдалинмен, Болғанбаевпен, Мұса Секенбаевпен кездестім. Олар маған 1916-шы жылы майдандағы тыл жұмысына шақырылған қазақтарға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Зерттеудің негізінде материал дайындап, комитетке ұсындым. Басты талабымыздың бірі – орыс бөлімі сияқты комитеттің жанынан қазақ жұмысшылары бөлімін ашуды ұсындым. Оған қалмақ өкілдері де қосылды. Дулатов мен Бөкейханов Орынбарға қайтты, қалғандары өз жұмыстарын жалғастырды. Қазақ жұмысшыларын ауылына қайтару аяқталған соң, жеті адам – Ахатов, Бірімжанов, Бекбаев, Байхожин, Төренқұлов, Сәндібеков Орынборға келдік. 1917-ші жылы Торғай облыстық қазақ құрылтайы өтті. Мені төраға етіп сайлады. Құрылтайдан кейін біз Ақтөбеге қайтар жолда Орынборға тоқтап, Бөкейхановпен жолығып, анадағы келіспеушілік туралы ақылдастық. Бөкейхановтың Кадет партиясының мүшесі болғанына біз емес, Семей, Орал қазақтары да қарсы болды. Қазан айының басында марқұм Бірімжановтың ұсынысымен Бөкейханов мені Қостанай уезі кеңсесінің екінші көмекшісі етіп бекітті. Қостанайда жәрмеңке және цирк ойынын өткізуге жетекшілік еттім. 1917-ші жылы өткен «Алашорданың» құрылтайына науқастығыма байланысты қатыса алмадым. Қостанайдан өкіл боп қатысқан адамдар мені Қостанай уезінің тұрақты соты етіп тағайындағанын айтты. Қостанайдағы кеңес үкіметі құлаған соң уақытша уездік басқарма құрылды. «Алашорда» өкілдері Қостанайда өз қызметін жалғастырды. Самарада шақырылған Орынбор мен Башқұрт, Сібір үкіметінің мәжілісіне Байтұрсынов бастатқан «Алашордалықтар» қатысты. Сібірліктен басқалар «Алашорданы» қолдады.


Орынбордағы жиналысқа Торғай обылысынан мен, Қадырбаев, Бабишев қатысты. 1918-ші жылы тамыз-қыркүйек айларында Самара қаласына бардым. Алашорданың Торғай бөлімшесіне қосылдық. Орынбор үкіметі мен арадағы қатынасты реттеу керек болды. Орынбордағы казак әскерінің қасынан басқа ұлттардың әскери бөлімін ашып, қазақ-башқұрт жасағын құру туралы ұсыныс жасалды. Біз дербес әскер жасақтауды талап етіп, бұған қосылмадық. Өйткені, башқұрттардың өзінің дербес әскери полкі бар. Ал бізде мылтық ұстап көрген жасақ жоқ болатын. Оларды әскери іске жаттықтыру керек еді. Мен бұған өзім танитын бір офицерді тарттым. Сол кезде «Құрылтай мәжілісі мен үкіметі» (Самара) мен Сібір үкіметінің және қызылдардың арасында өзара соғыс басталып кетті. Бәледен қашық болу үшін біз тарап кеттік. Торғай, Ақтөбе, Қостанай уездерінің орталығы Орынборда еді. Қазақтарды шапқыншылықтан қорғау үшін керек деген сылтаумен Самарадан бір вагон қару алуға келістік. Біз қыр қазақтарынан отряд жасақтауға жақын болу керек деген оймен қаруды Ор қаласына әкелдік. Сөйтіп, ерікті әскери жасақ құрдық. Жасаққа Қаратілеуов, Хайретдин Болғанбаев, Есмағанбет қосылды. Біз тегі татар Дәулеткелдиев деген офицерді және үш казак офицерін жасақ құруға үгіттедік. Сол арада қызыл әскерлер Орынборға келді, Ор және Тройцкі казактары қарсы көтеріліс жасады. Ол кезде қазақтардың көтеріліске қатысатындай мүмкіндігі жоқ еді. Бөкейханов Омбыда ұзақ уақыт тұрақтап қалды. Кәрім Тоқтабаев бізге Кеңес үкіметі жағына шығу туралы ұсыныс жасаған Жангелдиннің ұсынысын алып келді. Ахмет Байтұрсынов, Дулатов, Қаратілеуов Торғайда болатын».


Осы көрсетіндідегі және жалпы «Алашорда» тарихындағы елеулі оқиға Самарадағы «Құрылтай жиналысы» үкіметінің құрылуы еді. Бұл «Жиналыс» үкіметі (қазақша оңтайлы аудармасы Кеңес үкіметі) большевиктерге де, Сібір (Колчак) үкіметіне де қарсы, Біртұтас Федеративтік Россия құруды ұсынды. Негізгі күші казактар, бас қолбасшы атаман Дутов. Ол ұлттардың автономиясын, соның ішінде Башқұртстан мен «Алаш» автономиясын мойындады. Сол құрылтайдың 1918 жылы 13 тамыз күні өткен төтенше мәжілісіне «Алашорданың» атынан Мырзағазы Есполов қатысты. Автономия мен әскер мәселесі талқыланды. Заки Валидов, татар Тухватуллин, атаман Дутов т.б. пікір алысып, қаулы қабылдады. Қазақ үшін Дутовтың шабындысынан құтылатын үлкен келісім сонда жасалды. Мұнда айтылған Есполовтың пікірлері сол кездегі жағдайды барынша нақты баяндап беретін болғандықтан да толық келтіреміз әрі көрсетіндіде жазылған «тамыз оқиғаларының» ең бастысы осы болатын.


Есполов (Испулов): «Жалпы қазақтардың жағдайымен таныстырып шықты. Орал, Торғай облысы, Түркістан, Жетісу мен Семей облыстары және Астрахань губерниясында бұрын қазақтар мекен ететін. Содан кейін аталған жерлерге қоныс аударушылар орналаса бастады, тіпті кейбір жерлерді қазақтардан қоныстанушылардың саны асып кетті. Әсіресе, 1906 жылғы жаппай қоныстану ерекше екпінмен жүрді. Бұл қоныстандыруды мемлекеттік мекемелер қолдағандықтан да, 1912 жылы Қасиетті синод бір қазаққа екі қоныстанушыдан келетіндей етіп орналастыру туралы жоспар жасады.


Ақпан төңкерісінен кейін қазақтардың арасында автономия алу мәселесі басты саяси бағыт ретінде күш алды. Барлығы да: бұл мәселені шешетін Құрылтай жиналысы шақырылады деп үміттенді. Дегенмен де Құрылтай жиналысын күтпестен қазақтар 1917 жылы 13 шілде күні жалпықазақ құрылтайында автономия жариялады. Өкіметтің большевиктерге өтуіне байланысты 6–13 желтоқсандағы облыстық құрылтай қазақтардың автономия жариялау жөніндегі бірінші құрылтайдың шешімін бекітті. Орталық қазақ үкіметінің тұрақты орыны Семей қаласы болады деп шешті. Осымен бірге жергілікті қоныс аударушылармен келісім жүргізіліп, олар қазақ аятономиясы құрамында қала ма, жоқ па, сол туралы жергілікті ұсақ құрылтайлар өтті, бірақта құрылтайды большевиктер таратып жіберді. Семейді большевиктер басып алғаннан кейін 20 күн ғана өмір сүрді. Қаланы чехословактар қызылдардан тазартқаннан соң қазақ үкіметі қайтадан іске кірісті. Айта кететін мәселе, үкімет әкімшіліктің азаматтық істеріне араласқан жоқ, тек автономияға дайындық жұмыстары жүргізілді», – деп хабарлама жасады.


М.Есполовтың пікірі майда, тілі жұмсақ. Ол түсінікті де. Не астана жоқ, не әскер жоқ, өзі айтып отырғандай, құс қанаты талатын кең далада қазақ үкіметі табан тірейтін ұлтарақтай жер жоқ. Торғай облысының өкілі Лаванов міз бақпастан:


«Торғай облысында қазақтар – 58 %, ал орыстар – 42%. Қазақтарды жеке ажыратып бөле алмайсың, өйткені олар орыстармен араласып отыр. Торғай облысы үш үкіметтің – Сібір, Құрылтай жиналысы мүшелерінің Самар үкіметі және Қазақ үкіметінің ықпалында тұр. Мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес. Облыстың үш уезі Самараға іш тартады. Сібір үкіметіне де мойын бұратындар бар, олар Құрылтай жиналысынан кейін Самараға өтуге ыңғайланып отыр. Қалған екі уезд таза қазақтар, оларды Сібір үкіметіне қосқаннан көрі қазақ «Алашорданың» территориясына қосқан әділетті болар еді», – деп баспақтай қысты.


М.Есполовтың жарыссөзде не айтқаны белгісіз. Бірақта қаулыдағы:

«1. Башқұртстан мен Алашорда автономия алуы керек, бірақ орыс аралас болыстар земствоның құрамында қалады, – деген келісімге қол жеткізуі алаштың тәуелсіздігін мойындату деген сөз.


«Алашорда» үкіметі төрт құрсаудың большевиктердің, Колчактың, Самара үкіметі казактарының, чехословак корпусының қоршауында қалды. Сондай қысылтаяң оқиғаның ең шешуші жанталасы Торғайда өтті. «Алашорда ісіндегі» тергеуде де, «Алашорда» тарихы үшін де, жекелеген тұлғалардың тағдыры үшін де, жалпы қазақ үшін де ерекше маңызы бар бұл оқиға туралы барлық деректерді салыстыра отырып беруді жөн көрдік. Оқырман қай куәнің сөзіне сенсе де, бұл жанталастың соғыс жағдайында өткенін еске саламыз. Ал соғыс құрбандықты таңдамайды.


М.Дулатов (жалғасы): Келісім жүргізу үшін Торғайға Байтұрсынов және мен бардым. Келісімнің нәтижесінде біз уақытша кеңес өкіметі жағына шығатын болдық, ал біздің түбегейлі шешім қабылдауымыз үшін Байтұрсыновты Москваға жіберу керек деп шештік, келесі күні Байтұрсынов Москваға жүріп кетті. Келісім бойынша Торғай қаласына кірдік, өз отрядымызды жергілікті қызыл армия отрядымен біріктірдік, біздің біраз адамдарымыз совдептің құрамына кірді. Бұл 1919 жылдың көктемінің бас кезі еді. Торғай уезіне барымташы ретінде аты әйгілі болған Амангелді Иманов деген біреу әскери комиссар болып тағайындалыпты».


Торғайдағы оқиғаны басынан кешкен М.Денисов пен М.Гусманның 1919 жылы 10 желтоқсан күні Дала әскери комиссары Ә.Жангелдин растаған куәлігі:


«...Көктемде, шамамен наурыз айында «Алашорданың» әскері Қостанайдан кеңес өкіметі билеп тұрған Торғайға қарай бет алды. Қалаға 70-80 шақырым қалғанда уездік атқару комитетіне үш адамды – Ахмет Байтұрсыновты, Мырзағазы Есполовты және Омар Алмазовты өкіл етіп жіберді. Олар: «Алашорда» әскері казактармен барлық байланысын үзді және кеңес өкіметі жағына шықты, сондықтан да кеңес өкіметі жағына толықтай шығу үшін Торғай қаласына келді. «Өзге облыстардан келген өкілдердің алдында жігіттерді жасытпас үшін қалаға қаруларымен шеру тартып кіруге рұқсат беріңдер», – десті. Әскерді қалаға қарумен жібере ме, жоқ қарусыздандырып жібере ме – деген мәселе ұзақ талқыланды, әскери комиссар Иманов соңғы ұсынысты жақтады, сөйтіп, алашордашылардың әскері қалаға қарусыз кірді. Алашордашылар өздері мойындамақ болған кеңес өкіметін аяққа таптап, атқару комитетіне: егерде біз кеңес өкіметін алдайтын болсақ, онда өзіміздің көсеміміз Байтұрсыновты Орталыққа келіссөзге жібермес ек, – деп наразылықтарын білдірді».


М.Дулатов (жалғасы): «Бірде Шалқардағы қызыл армияның штабынан: Торғайдағы отрядтың жиырма төрт сағат ішінде Шалқарға келіп жетуі туралы төтенше бұйрық келді. Тура сол кезде көктемгі көксоқта басталды. Шалқар мен Торғайдың арасында қызыл су жүріп кетіп, сай-саладағы өзендер тасып жатты. Бұл кезде азық-түлік, қару-жарақ тиелген қосын түгіл, салт атты адамның өзі жүре алмайтын. Иманов төтенше кеңес шақырды. Оған Имановтың өзі төрағалық етті және соның ұсынысымен бірауыздан (Иманов бірінші боп қол қойды) жоғарыдағы себептерге байланысты отрядтың жорыққа шығуы мүмкін емес деп шешім қабылдап, оны хабарлауға тиіс болды. Жоғарыдағы шешімді Шалқарға шұғыл жіберудің орнына Иманов: жорыққа шығуға «Алашордашылар» қарсылық көрсетіп жатыр, сондықтан да бұйрықты орындай алмадым, – деп хабарлағанын бірнеше күннен кейін бір ақ білдік. Имановтың осы арандатуының салдарынан Шалқардағы, Ырғыздағы және Ақтөбедегі штабта: «Алашорданың» Торғайдағы бөлімшесі кеңес өкіметі жағына шығу туралы өздерінің уәдесінде тұрмады, – деген пікір қалыптасты. Бұдан кейін бізге деген сенімсіздік пен дұшпандық көзқарас өрши бастады. Егерде Имановтың тарапынан жоғарыдағы арандату болмаса, онда бұдан кейін орын алған оқиға туындамас еді. Иманов бұл мәселе жөніндегі арамыздағы түсініспестікті жоюдан сырт тартты. Имановтың арандатуының салдарынан орын алған түсініспестікті жою үшін біз: не Жангелдиннің, не Байтұрсыновтың келуін күттік. Біз сол кезде тұйыққа тіреліп, дағдарып қалдық: бір жағынан ақтардан қол үзіп кеттік, екінші жағынан қызылдар тарапынан себеп-салдарсыз сенімсіздік көрсетілді».


М.Денисов пен М.Гусман (жалғасы): «Алашорда» әскері қалаға кірген соң 18-19 сәуірге дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай қарсы әрекет жасаған жоқ. Соның алдында Ақтөбе майданынан Торғайдағы мекемелерді көшіру туралы жеделхат келген болатын. Әскери комиссар Иманов қоныс аударуға және жеке-жеке эскадрон бойынша қозғалуға бұйрық берді. Пасханың бірінші күні, яғни, 20-сәуір күні мен тәржімашы Ыдырыс Иусупов екеуміз Имановтың үйінде отырғанда екі орыс кіріп келді, олар өздерін Қостанайдың «көтерілісшілеріміз» деп таныстырды (бірінші адам – Таран, екіншісі – Иноземцев екен). Олар: қаладан 30-40 шақырым жерде тұрған отрядтарын қалаға толық қаруымен кіргізуге рұқсат беруін өтінді. Келе жатқан отряд тарапынан қандай да бір арандату орын алмас үшін Таран мен Иноземцевке қаруларын тапсыру қажеттігін өтінді. Таран мен Иноземцев оған толық келісті. Сол кезде Иманов: бұлар нағыз кеңес өкіметінің қорғаушылары екен, Торғай губерниясы бойынша төтенше комиссар Жангелдинге қалаға қарумен кіру туралы рұқсат сұрап жеделхат жолдаңдар, – деді».


М.Есполов (жалғасы): «Байтұрсынов пен Жангелдин Алашорданың кеңес үкіметі жағына шығу мәселесін талқылау үшін өзара кездесіп, содан кейін осы мәселені түбегейлі шешу үшін Байтұрсынов Мәскеуге кетті. Торғайдың әскери комиссары болып Аманкелді Иманов бекітілді. Кәрім Тоқтабаевты «Алашордамен» қарым-қатынасты реттейтін көмекші етіп алды. Аманкелді қазақтарды жаппай әскерге шақыруды қолға алды.


М.Дулатов (жалғасы): “Бірде біздің назарымызға: Иманов бізді тұтқындағалы жүр екен, оның үйінде Қостанай жақтан келе жатқан әлдебір отрядтың барлаушысы тұрады екен – деген мәлімет түсті. Осы мәліметті алысымен біз Имановты және оның үйінде жатқан белгісіз адамды тұтқындадық та, өзіміз жасақтың бір бөлігін ертіп Торғайға беттеп келе жатқан отрядтың қарсы алдынан шықтық. Қауесет шын болып шықты, бұл Таранның партизан отряды екен, ал Имановтың үйінде жасырынып жатқан белгісіз адам – Таранның өзі екен. Торғайдан отыз шақырымдай шыққан соң отрядпен бетпе-бет келдік, ешқандай қарулы қақтығыс болған жоқ, оларды казак полкінің қуғындап келе жатқанын сол жерде білдік. Біз, алашордалықтар, бұл отрядты қайтпек керек деп өзара кеңестік, егерде оны Торғайға қарай өткізіп жіберейік десек, Имановтан сескендік, өйткені олар бізден көрі соның сөзіне сенеді де, Иманов ойындағысын жүзеге асырып тынады. Бұл бір. Мәселенің екінші жағына келетін болсақ, егерде біз отрядты Шалқарға қарай ешқандай ұрыссыз әрі шығынсыз өткізіп жіберсек, онда оларды өкшелеп келе жатқан казак полкі жергілікті халықты сөзсіз қырып–жояр еді де, ең бірінші кегін бізден алар еді. Осының барлығын ақылға салып, біз отрядты қарусыздандырып, адамдарын өз еркімен қоя берейік дегенге бәтуаластық және солай істедік те. Шарасыздықтан мәжбүр болған бұл әрекетті сол арада отрядтағыларға түсіндірдік. Келесі күні Торғай қаласына кештетіп жеткеннен кейін ғана бізден бөлініп қалған жастар аласапыран кезінде Иманов пен Таранды мерт етіпті. Осыдан кейін біз казак полкінің келуін үрейлене күттік, себебі, біздің жасағымыздың саны 400-дей ғана адам еді, оның көпшілігі әлі әскери шайқасқа қатыспаған тәжірибесіз жасақтар еді”.


М.Есполов (жалғасы): Дулатов келгеннен кейін «Алашорда» кеңесінің төрағасы ретінде Жангелдиннің отрядын қайта жасақтады. Соның нәтижесінде қайшылықтар туындап, белгілі қайраткерлерді тұтқындау басталды. Соған жауап ретінде жиырмасыншы сәуірдің мөлшерінде Иманов тұтқындалды. Өйткені, ол Қостанайдан бізге қарай жазалау отрядінің шыққанын жасырып жүріпті. Біз винтовкамен қаруланып, казак әскерлерінің алдынан тосқауыл қоймақ болдық. Сол кезде Қостанайдан қызылдардың жазалаушы отряды шығып, Торғайды қоршауға алмақ болыпты. Біз қарсы шығып оларды қарусыздандырдық. Торғайға қайтып келгенде Аманкелді Имановтың атылғанын естідік. Сол кезде Қостанайдан шыққан казактардың, Ырғыз бен Шалқарға келген Қостанай жақтан шыққан Колчак армиясының Торғайға беттегенін, жолында кездескен қазақ ауылдарын атып, тонап жатқанын білдік. Қырғынға ұшырамас үшін қыстақта қалған жасақтарды Атбасарға қарай жөнелттік».


М.Денисов пен М.Гусман (жалғасы): «Сол кезде «Алаш!» деп ұрандаған айқай мен мылтық дауысы естілді. Мұны ести сала Таран мен Иноземцев Имановтың үйінен сыртқа шығып кетті. Біз Имановпен жеке қалдық. Сол кезде эскадрон инструкторы Валерьян Денисов жүгіріп келіп, түрік азаматы Хидаяттың сатып кеткенін, қаланы алашордашылар басып алғанын айтты. Келесі күні аткомның жиналысында Омар Алмазов жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, кедергі келтіре бергені үшін әскери комиссар Имановты және кеңес өкіметі жағындағы қызыл армияшыларды, Имановты қолдаушыларды алаштың әскері тұтқынға алғанын хабарлады. Солармен бірге Қостанай көтерілісшілері Таран мен Иноземцев, атбасарлық бас көтерушілер және басқалары да тұтқындады. Таранды тұтқындағаннан кейін олар оның отрядын алдаусырата отырып қарусыздандырды, оларды Атбасардан келе жатқан жазалау отрядына қарсы жіберді».


М.Дулатов (жалғасы): «Бір күні таңертең белгісіз бір отряд Торғай қаласын қоршап алды да жан-жақтан оқ жаудырды. Біз кешке дейін тосқауылда тұрып қорғандық та, кешке қарай шабуылға төтеп бере алмай Торғай қаласын тастап шықтық. Бұл Жиляевтің отряды екен. Ол Торғайда бір тәулік қана болды да әрі қарай Ырғызға бет алды. Олардан кейін үш күннен соң Торғайға капитан Могилев бастатқан казак полкі келіп кірді. Біздің барар жеріміз қалмады да Торғайға қайтып оралдық. Могилев полкі біздің барлық қуат-күшіміз бен жарақтарымызды өзінің қол астына жиып алды Бұдан кейінгі біздің әрекетіміз жоққа тән болды, ешқандай еркін қимыл жасауға мұршамыз келмеді, тек казак полкі мен тұрғындардың арасындағы делдалдық қана міндет атқардық. Бір, бір жарым айдың ішінде казак полкі Ырғыз бен Шалқарды өзіне қаратты. Алайда аз уақыттан соң қызыл армияның шабуылы басталды да тас-талқаны шыққан оңтүстік армия бей-берекет қаша жөнелді. Алашордалықтардың тобы (Есполов, Сейдалин, Бірімжанов, Тоқтыбаев, Шонанов және мен) біраз уақыт Торғай мен Атбасар уезінде тұрдық та, қаңтар айында Семей уездіне келдік, сонда қыстап шықтық. Сұрақ алған - Шығыс бөлімінің бастығы – Петров”.


М.Есполов (жалғасы): 1919-ші жылы земствоның жиналысынан кейін Әбдіқадыров, Дулатов, Байтұрсынов, Қадырбаев және басқаларымыз Қостанайға келдік. Қостанайда Колчак әскері мені тұтқындады. Қадырбаевтың таныс офицері мені босатты. Содан кейін Торғай тобымен Атбасарға қарай бет алдық. Шалқар, Арал маңындағы қызыл әскерлер Шалқарға қарай қозғалды деген хабар алдық. Қызылдардың, Колчактың, казактардың әскерінің жазалауына ұшырамас үшін мен, Дулатов, Бірімжанов, Тоқтабаев Кәрім, Сеидалин, Шонанов бәріміз 15-қазан күні Торғайдан Атбасар уезіне бет алдық. Торғайда кеңес үкіметі орнады. Семейге Шонанов, Дулатов, Бөкейханов кетті. Қадырбаев өз ауылына жақын болу үшін Орынборға кетті. Ор қаласында Валидов пен Бірімжанов кездесті. Олар еркін сөйлесетін. Қазақ-Башқұрт әскерін құру туралы ойласты”.


Міне, осындай қанды майдан жүріп жатқан кезде А.Байтұрсыновтың кеңес өкіметінің комиссарларына:


«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды», – деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатыр.


Сондай-ақ әскери тұрғыдан арандап қалмасын деген сақтықта бар еді.


М.Денисов пен М.Гусман (жалғасы): «Арада аз уақыт өткен соң көтерілісші Жиляевтің отряды алашордашыларды талқандап, қаланы басып алды, пулеметтерді және басқа да қару-жарақты қолға түсірді. Жиляев пен алашордашылар соғысып жатқан кезде Алмазов пен Теміровтен: сәл шыдаңдар, Ақсуат станицасынан казактар көмекке келе жатыр, – деп суыт хабар жіберді. Кейін білгеніміздей, бұл Могилевскийдің (Могилев шығар) отряды екен. Жолай Алмазов пен Теміров кеңес өкіметін қолдаған адамдарды ұстап берді, мысалы, Бекжан Жасымбаев атылды. Отряд қалаға келген соң 18 адамды атты, бұған басты кінәлі адам уезд бастығы Омар Алмазов.


Бұл куәлікке Гусман қосымша мынаны айтты: мамыр айында Могилевскийдің отряды келген кезде маған алашордашыл Мұзафар Қасымов келіп: сен бүгіннен бастап әскерге алынасың, «Алашордаға» қызмет етуге міндеттісің, қару-жарақты жөндеуге көмектесесің, – деді.


«Алашордашылардың» іс-әрекеті туралы көзі көргендердің бұл куәлігі Торғай уездік ревкомының мәжілісінде тыңдалды және ревкомның 12 желтоқсан күнгі мәжілісінде хатталды.


Дала өлкесінің ревәскери кеңесінің мүшесі және әскери комиссары Жангелдин. Торғай уездік ревкомының төрағасы – (қолы). Хатшысы – (қолы)».


Аманкелді Иманов пен Таранның қазасы туралы ең сенімді құжаттың бірі осы. Бұл шындықтың ашылуына тікелей мүдделі дала комиссары Ә.Жангелдиннің оқиға өте салысымен өзі жүргізген тергеудің хаттамасы. Бұл құжатта бір түсініксіздік бар және сол түсініксіздік үнемі өзге бір күдікке жетелейді. Анықтап алатынымыз мынау: соғыс жағдайында бір әскер тұрған қалаға екінші әскер қару-жарағымен кірмейді екен. Демек: большевиктердің «Алашордашыларды» қарусыздандыруы да, Аманкелдінің Таранның әскерін қарусыздандыруы да, сондай-ақ «алашордашылардың» большевиктерді (Таранның отрядын) қарусыздандыруы да әскери талап. Сұрақ: бір әскер екінші әскердің қалаға отыз-қырық шақырым қалғанша тақап қалғанын білмеуі, не одақтасы ретінде хабар бермеуі майдан жағдайында мүмкін бе? Тіпті білмеген жағдайда да сол отрядтың командирлерінің өзі неге жасырын келеді? «Алаш!» деген ұранды естігенде Таран мен Иноземцев неге үйден сыртқа тұра қашады, ал Иманов нені күтіп үйінде эскадрон командирін күтіп отырды? Басқасын былай қойғанда, Таранды қорғауға міндетті емес пе? Ең басты сұрақ: жоғарыдағы оқиғаның ішінде тікелей қатысып отырған Иван Денисов кім? Таран сыртқа қашып шыққаннан кейін бұл бөлмеде не істеген? Эскадрон командирі кірген соң Аманкелді қандай бұйрық берді? Үйге біреулер басып кірді ме, олар кімдер, Аманкелді сол жерде қолға түсті ме, жоқ атылды ма? Таң атқанша Денисов қайда болды? Міне, революциялық әскери кеңестің сұрайтын сұрағы, хаттайтын куәлігі осы болса керек. Бұдан кейінгі тура немесе жанама жүргізілген тергеулер де тура осы арада тұманданып сала береді.


Заки Валидовтің өзінің «Қатираларында» дұрыс айтқанындай, Торғайдағы «Алашорда» әскеріне ең басты қауіп төндірген ақгвардияшылар да емес, қызылдар да емес, өз ішінен шыққан большевиктер – Жангелдин мен Аманкелдінің әскері болды. Өйткені екі әскердің сүйенетіні де бір ел, азық-түлікпен қамтамасыз ететін де бір ел, бір-бірінің өмір сүру тәсілі мен айла-амалын да өте жақсы білетін. Негізінен Торғай мен Ырғыз өңірінен жасақ қатарына алынған қосындар сол баяғы ру тәсілі бойынша жасақталып еді. Ашығын айтайық, негізінен қызылдар – қыпшақтар, арғындар – алашордашылар армиясын құрады. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында қару ұстанып, әскери іске жаттығып қалған бұл өңірдің азаматтары майдан заңын тез игеріп кетті. Әрі Каспийден түсірілген оқ-дәрілер мен азық-түлік, қару-жарақ және рулық намыс үгіт-насихаттан көрі шешуші міндет атқарды. Бұл соғыста екі қазақ жасағы үшін алғы шеп те, артқы шеп те біреу ғана болатын. Бір ауылға большевиктер түстеніп, алашордашылар қоналқаға орналасып жүрді. Өкінішке орай, Ойыл мен Жымпитыдағы, Қызылқоға мен Үстірттегі, Созақ пен Сарысудағы, Торғайдағы, Ырғыздағы, Семейдегі сарбаздар мен сардарлардың, большевиктер мен алашордашылардың арақатынасы сол рушылдыққа негізделген екен. Архив деректерін оқып отырып төбе шашың тік тұрады. Біз оны таратып жатпаймыз.


Дегенмен де «Алашорда» ісіндегі» тергеуде қамтылатын оқиғалардан хабардар ететін, шындыққа көз жеткізуге себін тигізетін құжаттарды қамти кетеміз. Онсыз кімнің айғағы дұрыс, кімнің айғағы қате, кім жорта жауап берді, ол жағы толық ашылмай қалады. Біздің мақсатымыз – мәнді-мәнсіз мағлұматты жиып-теру емес, ақиқатты ажыратып, адам тағдырын аңыздан аршып алу. «Алашорда» мен Торғай ревкомының арасында «тыңшылық пен арандатушылық әрекеттер жасау үшін» қызметке тартылған Б.Алмановтың 1929 жылы 3 маусым күні БКП(б) Орталық комитетінің Қазақстандағы партиялық тазалау комиссиясының төрағасы А.С.Булинге берген анықтамасын да назарға іле кетеміз. Мұндағы деректер бұрынғы оқиғаларға «барлаушының» көзімен қарауға мүмкіндік береді:


Б.Алманов: «...Жангелдин жолдаспен бірге А.Иманов бастаған біздің отрядтың бір бөлімі – 60 адам, соның ішінде мен де бармын, алашордашылардан тазартып, онда кеңес өкіметін орнату үшін Торғайға бардық. Бұл 1918 жылдың желтоқсан айы болатын. 1919 жылдың март айында «Алашорда» контрреволюциялық үкіметі Торғай мен Ырғызды басып алуға ұмтылған екі-үш ұмтылысы сәтсіз аяқталған соң, амал-айлаға көшті. Өздерінің өкілдері арқылы (қазіргі жер жөніндегі халық комиссары, Өлкелік комитеттің бюро мүшесі Тоқтабаев т.б.) дала өлкесінің төтенше комиссары ж. Жангелдинмен: алашордашылардың кеңес өкіметі жағына шыққысы келетіні және оны толық танитыны туралы келіссөз жүргізді. «Алашорданың» Байтұрсынов, Дулатов, Кенжин (Қазақ халық комиссарлары кеңесінің төрағасы), Қаратілеуов, Тоқтабаев және басқалары кеңес өкіметі жағына шыққан алаш әскерін қарусыздандырмауды және оны сол қалпында Торғайдағы қызыл әскер бөлімдерінің құрамына қабылдау туралы талапты басты шарт етіп қойды. Байтұрсыновты Жангелдин жолдаспен бірге Москвадағы Ұлттар жөніндегі комиссарға бірге барады деп шешті. Контрреволюцияшыл алашордашыларды, оның үстіне қарулы әскерді Торғайға жіберуге Аманкелді мен біздің, ырғыздықтардың қарсылығына қарамастан, алашордашылар өздерінің тілегін орындатты, сәуір айының басында Торғайға келіп кірді. Байтұрсынов Жангелдинмен бірге Қаралдинді ертіп Москваға кетті. Алашордашылар 1919 жылы 17-сәуір күні Торғайда контрреволюциялық төңкеріс жасады, Аманкелді бастатқан барлық коммунистерді тұтқындап, өкіметті өз қолдарына алды. Мұндай қара ниетті жүзеге асыруда өзгелермен бірге Кәрім Тоқтабаев (қазіргі жер жөніндегі халық комиссары) пен Аспандияр Кенжин (Қазақ халық комиссарлары кеңесінің төрағасы), екеуі де Өлкелік комитеттің бюро мүшелері, ерекше белсенділік танытты.


Ол кезде Қостанай қаласын Колчак әскері басып алған болатын, көтерілісшіл шаруалардың партизандық отряды Ақтөбе майданына, Ташкент темір жолына қарай шегінді. Торғайға бірінші болып партияның ежелгі мүшесі Таранның отряды келді. Таранға қарсы алашордашылар Торғай ревкомының атынан бекітілген сенімхат пен Имановтың жеке куәлігімен қамтамасыз етілген өздерінің «өкілдерін» жіберді. Өкілдер Таранға: қасына екі жолдасын (ж. Жиляев және тағы біреуді) ертіп Имановпен кездесу үшін Торғайға баруды, ал жолдан шаршап келген отрядты екі-үш күн ауылда тынықтырып алуды ұсынды. Таран жолдас бұған сеніп екі жолдасын ертіп Торғайға келді, қалаға келісімен екі жолдасымен бірге тұтқынға алынды, сол түні үшеуі де атылды. Сонымен қатар Таранның отряды да тұтқындалып, көпшілігі (60-қа жуық адам) сол жерде атылды. Бұл оқиға кезінде «Алашорданың» офицерлері капитан Мұзафар Қасымов (кейін біз оны Ақтөбе майданында атып тастадық) және Бердімұхамед Сисекенов (қазір Оңтүстік түрксиб жолының 4-бөлімшесінің бастығының орынбасары) ерекше қатыгездік көрсетті. 3 күннен кейін Қостанай жақтан алашордашылардың контрреволюциялық төңкерісінен хабардар Жиляев басқарған тағы бір партизан отряды Торғайға келді, қарулы күшпен Торғайды алды, алашордашыларды уезд аймағынан ығыстырды. Алайда шегінген кезде алашордашылар тұтқында жатқан Аманкелді Иманов бастатқан 22 адамды атып кетті. Жиляевтің отряды, олардың соңынан аты шыққан қанқұйлы Могилев бастатқан Колчактың әскері қуып келе жатқандықтан да Торғайда ұзақ тұрақтай алмады. Сөйтіп, Торғайдан шегінген «Алашорда» әскері Колчактың полкімен қосылып, солардың штыктеріне сүйеніп Торғайды қайта басып алды, одан әрі қызылдарға ту сыртынан соққы беру үшін Ырғыз бен Шалқарға бет алды (Ақтөбе майданының штабы Ембі ст. орналасқан еді)...», – деп көрсетті.


Кейін осы көрсетіндіге орай А.Кенжин де жауап берді. Онда Аманкелдінің қазасына байланысты ойға салып шайқауға болатын, жағдайды анықтай түсетін деректер бар. Сондықтан да біздің назарымызды аударатын тұсты ғана қысқаша тәржімалап береміз. «Алаш» әскерін жасақтауға М.Дулатовпен, Т.Қаратілеуовпен бірге қатысқанын, өзі әскердің шаруашылық жағын басқарғанын айта келіп А.Кенжин:


«...Кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейін мені «Алашорданың» құрылымындағы Әскери кеңестің мүшелігіне өткізді. Мен оған қарсы тұра алмадым, бұл менің төртінші қателігім... Маған мұндай «құрметті» лауазымнан бас тарту керек еді. «Алашорда» кеңес өкіметінің шартын қабылдап, өзінің отрядымен қоса әскери комиссар А.Имановтың қол астындағы бұрынғы Торғай отрядының бастығы Хидаяттың қарамағына өтіп, біртұтас кеңес армиясына айналғанына тоқталып жатпай, Торғай оқиғасына бірден көшейін.


Торғайға келген күннен бастап маған ондағы жағдай ұнамады. Арғындар мен қыпшақтардың (Торғай тұрғындары арғын – қыпшақ деп екіге бөлінеді) арасындағы рулық дұшпандық бары анық сезіліп тұрды. Олар бір-бірімен жиі жауласып тұрады екен. Иманов пен «Алашорда» көсемдерінің (Дулатов, Испулов) арасында бір сенімсіздік бар еді. Мұндай жағдайда Қаратілеуов екеуміз Имановқа келіп, жағдайды реттеу үшін шара қолдануды, «Алашорда» көсемдерінің кеңес өкіметін сатып кетуі мүмкін екендігін ескертуіміз керек еді. Бұл да менің қателігім екенін мойындаймын.


Кейін анықталғанындай, төңкеріс былай жүзеге асты: «Алашорданың» жетекшісі Дулатов басы қосылған екі отрядтың бастығы, тұтқындалған түрік офицері Хидаят екеуі өзара келісіп алыпты. Осыдан бір-екі күн бұрын қызылдар соғысып жатқан Шалқар майданынан Торғайдағы отрядтың сонда бет алуы туралы бұйрық келді. Екінші рет жеделхат келген соң (отрядтың шұғыл түрде Шалқарға жетуі туралы) уездік әскери комиссар Иманов отрядтың жорыққа дайындалуына үш күн пұрсат берді, ал шаруашылық бөлімінің бастығы ретінде маған арба мен азық-түлік, жем дайындау бұйырылды. Мен шұғыл түрде дайындыққа кірісіп кеттім. Жақын маңдағы ауылдарға шабармандар жібердім, өзім қаладан 15 шақырым жердегі жайылымдағы аттарға кеттім. Қайтып келсем, төңкеріс жасалып қойыпты. Содан кейін Иманов ұсталды... Содан кейін Таранның отряды қарусыздандырылды (мен бармай қалада қалып қойғамын), Жиляевтің партизандарымен соғысты, менің Жиляевтің отрядына қосылмағаным да қателік болды, атып тастайды екен деп қорықтым... Алаш отряды қалаға қайтып оралды, ұрыс қарсаңында Имановты өлтірді. Оны мен Торғайдан шегініп кеткен күннің ертеңінде білдім. Шегінген түнде отрядтың дені қашып кетті, ал қалғандарының соғысарлық дәрмені жоқ еді. Могилев өзінің (ақтардың) отрядымен Торғайды қайтып алды. Содан бастап Могилевтің Торғайдағы қанқұйлы әрекеті басталды. Ол атқару комитетінің мүшелерін тұтқындады, әскери-тергеу комиссиясын құрды. Тұтқындалғандарды атып тастағанын келесі күні бір-ақ естідім. Әскери-тергеу комиссиясына «Алашордашылардан» Шонанов және бірнеше адам мүше болды, нақты есімде жоқ. Әскери-тергеу комиссиясына да, үкім қабылдауға да қатысқамын жоқ. Оны толық теріске шығарамын. Үкімді Могилевтің өзі шешті, мүмкін, алашордашылардың кейбіреуімен ақылдасқан да шығар. Могилевпен бірге Қасымовтың қарамағындағы «Алашорда» әскері қызылдардың соңына түсу үшін Ырғызға беттеді, ішінде «Алашорданың» өкілі А.Теміров болды», – деп көрсетті.


Дамулла Битілеуовтың 5/1-29 жылғы кезекті жауабында алдыңғы Торғай оқиғасына қатысты көрсетінділері толықтырылып, бұрынғы жауаптарын өңдеп, шетіне “аударма” деп қол қойған. Онда жоғарыда аты аталған адамдармен қалай танысты, олармен қандай қарым-қатынаста болды, соны баяндаған.


Д.Битілеуов (жалғасы): “Алашорданың” Торғайдағы бөлімшесі туралы не білетінім жөніндегі сұраққа байланысты менің білетінім мынау: бұл бөлім Торғайға кетіп бара жатып, Ор қаласының айналасындағы ауылдардан жігіттерді жинап, Торғайға бет алды, ол жерге көктемге қарай келіп жетті. Ол кезде Торғай қызылдардың қолында болатын, әуеліде “Алашордашылар” қызылдарға қосылды, алайда біраз күн өткен соң “Алашорда” жасағы қызылдарды қарусыздандырды да әскери комиссар Аманкелдіні тұтқынға алды. Бұдан кейін Торғайдағы өкімет билігі “Алашорданың” Әскери Кеңесінің қолына көшті. Қызыл командирлердің ішінде үш түрік бар еді, оларды “Алашорда” әскери Кеңесі қызылдарды қарусыздандырмас бұрын өз жақтарына шығарып алып еді. Бұл туралы жігіттермен әңгімелесіп тұрған сәттерінің бірінде Дулатов айтып беріп еді, жаңағы түріктерді мақтады. Оның сөзіне қарағанда, бұл командирлерді (түріктерді) “Алашорда” жағына шығуға көндірген адам – Дулатовтың өзі екенін аңғаруға болатын”.


Содан кейін Қостанайдан бізге қарсы қызылдардың бір отряды шыққан екен, оларға жолығу үшін “Алашорда” жағынан А.Теміров пен Алмасов қарсы аттаныпты – деген дақпырт жетті. Бұл хабарды естіген соң адамдардың барлығы әбігерге түсіп, өздерінің заттарын Торғай өзенінің арғы бетіне тасыды. Келесі күні қызылдармен болған соғыста “Алашорда” жасағының тас-талқаны шықты да, Торғай өзенінің арғы бетіне өтіп кетуге мәжбүр болды. Осы шайқастың алдындағы түнде “Алашорда” әскери Кеңесінің шешімімен әскери комиссар Аманкелді атылған болуы керек деп жорамалдаймын. Бұл туралы бізге осы ату рәсіміне Бөрте болысының Керей (аты жөні белгісіз) деген адамы айтты. Керейден естуім бойынша ату рәсіміне үш адам қатысыпты: олардың екеуі қостанайлық Ақжолов пен Мақатов екен де, үшіншісі Керейдің өзі екен. “Алашорда” Торғайда тұрған кезінде істің барлығын әскери Кеңес шешті. Ол Кеңестің құрамындағылардың ішіндегі ең белсендісі – Дулатов болды”.


Бұдан кейінгі берген жауаптарын тергеушілер қайта-қайта өңдетіп, әр нәрсені нақтылай түсіп, Міржақып Дулатовты нысанаға ала түзеттірген сияқты. Оқиғаны өз бастарынан кешкен М.Дулатовтың, М.Денисовтің, Б.Алмановтың, А.Кенжиннің, Д.Битілеуовтің көрсетінділерін салыстырсақ, жалпы мазмұндары ұқсас болғанымен, негізгі мәселе – Аманкелді мен Таранның қазасына келгенде үйлеспейді. Оларға үкім шығарған кім, Таранның өзі ол кезде қайда еді, ол қай жерде ұсталды, Имановты атқан кім? «Алашорда» үкіметінде тылдағы қамтамасыз ету қызметін басқарған, кеңес өкіметінде үкімет мүшесі болған А.Кенжиннің партиялық бақылау комиссиясына берген түсініктемесіндегі «арғын мен қыпшақ» мәселесі шешуші психологиялық қақтығыс жағдайына әкелгенін, кез-келген қазақты сондай бір ыңғайсыздық сезімге қалдыратынына қарамастан, мойындау қажет сияқты. Ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі майданда да «арғын хандығын», «қыпшақ хандығын» құрып, жеке-жеке соғысқан әскер сол «қазақы бәсекені» «Алаш» пен кеңестің қақтығысы тұсында да сақтаған. Әліби мен Аманкелдінің жасағы, яғни, қыпшақтар большевик, арғындар – «Алашорда» жағында соғысқан. Демек, бірде шоқынып, бірде мұсылманданып жүрген Степнов – Жангелдин рулық түйсігін шоқындырмаған болып шықты.


Жасыратын ештеңе де жоқ, бұл «қазақы ерегес» ХХІ ғасырдың да табалдырығын аман-сау аттады. «Алашордашылар» ақталатын тұста Байтұрсынов пен Дулатовтың басын тағы да қатерге тігіп, сол Торғайда «халықтық сот» жүргізілгені шындық. Ондағы «билердің» көзі әлі тірі. Осы ретте «Алаштың» ісін» архивтен қарап, көшіріп жүрген кезімде танысқан, бірақ қолжазбасы тосыннан қолыма түскен бір «халықтық пікірді» назарға ұсына кеткім келеді. Сәл әдепсіздік екенін білемін. Алайда маған да сол сексенінші жылдардың аяғында бұл хатты ресми мекемелер оқытып, пікір сұрағанын ескере келіп, сондағы сұраққа енді реті келіп тұрған кезде жауап бере кеткім келеді. Мен Қазақстан орталық партия комитетіне, партия тарихын зерттеу институтына, тарих институтына жазылған бір адамның бірнеше хатының ішінен мазмұнын өзіме таныстырған марқұм М.Қозыбаевқа жолданған нұсқаны және сол кезде маған таныстырған ғалымның жауабын пайдалануды жөн көрдім. Бұл тосын хатқа қайта оралуыма досым, республикалық Бас прокуратураның жауапты қызметкері Сәулебек Жәмкенұлының да себепкерлігі тигенін ескерте кетемін.


Ол – алашордашылар жаппай ақталып жатқан кез еді. Оған осы жолдардың авторының қатысы алғысөзде айтылған болатын. Сол күндері Аманкелді мен Міржақыптың отанынан пікір сұралды. Соған байланысты бейресми «халық соты» өтіпті. Сонда тарих институтының директоры, академик М.Қозыбаев алдында үйіліп жататын қалың қағаздың арасынан төмендегі хатты ұстатты. Сол күндердегі құпия саналатын әңгімені жаңғыртып отырғаныма марқұмның әруағынан кешірім сұраймын.


Халық жоқтаушысының 1989 жылы 20 тамыз күні академикке жазған хатының мәтіні төмендегідей:


«Қымбатты Манаш Қозыбаев!

Мен Торғайдағы «Алаш» партиясының көрнекті басшыларының бірі - Торғайда 1919 жылы Совет үкіметін құлатуға тікелей басшылық еткен А.Имановты Қостанай партизандарының басшысы Л.Таранды өлтіруге қатысқан және Торғайдағы атақты 17 большевикті атуды ұйымдастырған – Міржақып Дулатов туралы естігендерім мен білгендерімді, газет, журнал, тарихи романдарда жазылғандарды дәлел етіп, Қазақстан Орталық партия комитетіне (Ө.Жәнібеков жолдасқа), Орталық партия тарихы архивына – Жағыпаров жолдасқа, белгілі чекист, жазушы Серік Шәкібаевқа, Дулатовқа әдеби мұраларға шығаруға «қамқоршы» болып отырған белгілі ақын ағамыз Әбділда Тәжібаевқа хаттар жолдап, өз ойымды кең көлемде білдіргенмін. Онда егжей-тегжейлі Аманкелді Имановтың, Лаврентий Таранның және торғайлық 17 большевиктің қалай атылғаны жайында баяндағанмын. Осыған қарамастан Қазақстан Орталық партия комитетінің комиссиясы М.Дулатовты толық ақтап шығарды. Орталық комитеттің М.Дулатов туралы қаулысында: «А.Имановты өлтіргені, оған М.Дулатовтың тікелей жауапты екені документтермен және көз көргендердің куәлігімен дәлелденбеген», – деп қортынды жасайды. Комиссия бұл жерде «Көз көргендер» деп кімдерді айтып отыр екен? «Социалистік Қазақстанда» М.Дулатов туралы көлемді әдеби мақала жазған Ә.Тәжібаев ағамыз А.Иманов атылғанда 10 жасар бала, бұл –бір, екінші – Ә.Тәжібаев Торғай даласын сонау 1919 жылдарда да, одан кейін де көрмеген адам. Ал, атақты ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов пен Бейімбет Майлиндер өздерінің шығармалары мен естеліктерінде Аманкелдіге қатысты бұл деректерді толық қуаттайды. Ал, көзі көргендердің дерегіне жүгінсек, қазір 91-де, Сталин репрессияның кезінде бірнеше дүркін тұтқындалып, кейіннен ақталған, 1923-1924 жылдары Торғай уездік начальнигі болған Ерден Досмағанбетов деген ардагер ағамыз былай деп еске алады:


– Алаш партиясының М.Дулатов бастаған тобы (Алаш әскерлерімен қосқанда 100 шақты адам) 1919 жылы қыстай Торғайдың «Сарықопа» көлінің маңайындағы ауылдарда болды, бұл кезде Торғайда Совет үкіметі орнап, қаланы әскери комиссар – А.Иманов билеп тұрған. Міне, осы алаш адамдары, оның бастығы М.Дулатов Аманкелдіге арнаулы адам жіберіп: «Біз сіздермен біргеміз. Бізді Торғайға жіберіңдер, сендерге бағынып жұмыс істейміз», – деп өтініш жасайды. А.Иманов алаштардың бұл өтінішін өзінің орынбасары Веденеев арқылы Ә.Жангелдинге хабарлайды, бұл кезде Ташкентте жүрген Жангелдин Алашордашыларға мынадай талаптар қойып, Торғайға кіргізбеуді өтінеді. 1. Совет өкіметінің саясатын сөзсіз мойындау. 2. Алашорданың атты әскер полкін қарусыздандыру. Амал не, совет үкіметіне астыртын кіріп алған, Торғай соғыс комиссарының жәрдемшісі – Кәрім Тоқтабаев опасыздық жасап, Алашорда басшыларын Торғайға кіргізеді. Алаш үкіметі Торғайға кіргеннен кейін өздерінің зымиандық планын тездетіп іске асыра бастайды, Торғайға кіргеннен кейін Алашордашылардың соғыс советі құрылып, олар Аманкелді жағындағы қызыл әскерлерді қарусыздандыра бастайды, ақыр соңында неше түрлі айла-шарғымен халық батыры Аманкелді Имановты қолға түсіреді, түрмеге қамайды, ал Қостанай жақтан келе жатқан Л.Таранның отрядын алдап қолға түсіреді, одан арғысы тарихтан белгілі. А.Имановты, Л.Таранды, К.Иноземцевті және олардың 17 большевик жолдастарын жаппай атумен аяқталады. Бұларды жазалау үшін Алашордашылардың Торғайда әскери советі құрылды. Олар – М.Есполов, М.Дулатов, Омар Алмасов, Кәрім Тоқтабаев, Мұзафар Қасымов, Б.Сисекенов. М.Сейдалин, комендант – Р.Мақатов, түрік – Хидоят, Д.Ақталовтар еді. Бұларға қоса қыпшақ Әбдіғапар Жанбосынов, Сәлімгерей Қаратілеуовтер болады. Үкім орындалды: «Аманкелдінің сүйегін ешбір адам көрмейтін жерге апарып көміп тастаңдар!», – деп М.Дулатов әмір етеді. Алашордашылардың Торғайдағы ойраны осымен аяқталады. Бұл кезде Қостанай жақтан белгілі Жиляевтің отряды Торғайға кіреді, «Алаш» басшылары қарулы отрядқа қарсы тұра алмай, бет-бетімен қашып кетеді. Жиляев отряды Торғайды алғаннан кейін, іле 1-2 күн шамасында Ақтөбе майданына жол тартты. Жиляевтың одан арғы тағдыры – реввоентрибуналдың атуымен аяқталады.


А.Имановтың өлімін естігеннен кейін Дала комиссары – Әліби Жангелдин Торғайға келді. Торғайда совет өкіметі орнап, Торғай уездік атқару комитетінің председателі болып – Сейтқасым Көшімбеков сайланған. Ол А.Имановтың өліміне байланысты қылмысты істерді тексеретін комиссия құрды. Міне, осы комиссияның шешімімен, Аманкелдіні өлтіруге қатысқан, қыпшақ ханы – Әбдіғапар Жанбосыновты, Алмасов Омарды, Торғай территориясында ұстап, атып өлтіреді. Ал, М.Дулатов бастаған басқа «Алашордашылар» бұл кезде Торғайдан қашып кетеді.


Міне, М.Дулатовтың Революцияға жасаған опасыздығын, А.Имановты, Л.Таранды және олардың 17 серіктерін қалай өлтіргендлігі жайлы «көз көрген» тірілердің біреуі – Ерден Досмағанбетов қарт осылай дейді. М.Дулатов өз заманының алдыңғы қатарлы прогрессивті оқыған адамы, ол бұл істің барлығын ойластырып, саналы түрде істеді, ол үшін жауап беретінін білді де! Міне, осындай адамдарды біз бір күнде дәріптеп, бұрынғы жазылған тарихты, көзі көрген қариялардың естелігін қалайша нольге шығарамыз, бұған келешек ұрпақ не айтады? Әлде, халықтың көкейінде шексіз құрметке бөленіп, өлең-жырға арқау болып келген халық батыры – Имановтың еңбегін жоққа шығарамыз ба?! Бұл олардың аруағын қорлау, есіл ерлердің рухын аяққа басу болмай ма? Әбділда ағамыз айтқандай «бізге тек әдебиетші Міржақып керек» – деп, оның революция алдындағы қылмысын кешіре салу дұрыс па?! Сондықтан менің пікірім мынау:


М.Дулатовтың А.Имановты өлтіруге тікелей қатысқандығы баспа беттерінде анықталсын; ол үшін қазіргі Аманкелді ауданында «Иманов» атындағы совхозда тұрушы А.Имановтың туғандарынан сұралсын, бұдан кейін А.Иманов туралы Қазақстан баспаларында шыққан барлық көркем әдебиет, тарихи материалдар, азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан чекистерінің естеліктері іздестіріліп, олар жария етілсін?! Әйтпесе, халық өзінің жүрегінде мәңгі орын алған Аманкелді сияқты батырдың өлімін іздейді де жоқтайды! Сонда не айтамыз?


Сәлеммен Қорған Әмірхамзин. Август, 1989 ж.»


Иә, хаттағы айтылғандай және шындыққа өте жақын жорамал – «бүкіл қыпшақ көтеріліске шықса не бетімізді айтар едік?». Манаш марқұм өзіне тән әдептілікпен қайырған жауабын оқып та беріп еді. Ол кезде біз де жартылай астыртын жұмыс жағдайында және қалайда алаш азаматтарын ақтау шебінде жүргендіктен де, тергеу ісіне қатысы болар деп қажетті деректерді жиыстыра жүретінбіз. Соның ішінде академик М.Қозыбаевтың да жауабы сақталыпты. Оны да назарға ұсынамыз. Өйткені осында айтылған уәжге біз де қосыламыз:


«Құрметті Қорған!


Хатыңызға кеш жауап беріп отырғаныма кешірім сұраймын, демалыста болдым. Сіз: «Аманкелдіні өлтіргендердің бірі Міржақып Дулатов еді», – деп, оның есімінің ақталуына қарсы шығасыз. Шынында «Алашорданың» Амангелдіні өлтіргені рас. Бұл оқиға 1919 жылдың майының 18-нен 19-на қараған түні болды. Ал 1919 ж. апрель айында, одан қалды декабрь айында «Алашорда» қозғалысына қатысушыларға амнистия (кешірім) жарияланды. Сол кешірім бойынша совет платформасын қабылдағандардың бірі – М.Дулатов.


Қадірменді Қорған! Өзіңіз ойлап көріңізші: атақты Куприн ақ гвардияшылар қатарында болды, Парижге жер ауып, совет өкіметіне лағынет айтты, ал совет өкіметі болса оны кешіріп, барлық еңбектерін жариялады. Ал, біз неге қазақтың ат төбеліндей интеллигенциясының баршасына лағынет айтуымыз керек, олардың баршасы «Алашорда» қозғалысына қатысты десе болады.


Міржақып Дулатовтың кінәсі де аз емес, оны біз Қазақстан тарихында айтамыз, сонымен қатар, оның тұңғыш роман жазғанын, патшаның отаршылдық саясатына қарсы шыққанын, кезінде Аманкелдіні жоқтап мақала жазғанын айтуға парыздармыз. Адам бұл дүниеге келеді, кетеді, бірақ оның орны халық қазынасына берген мұрасымен есептелсе керек. Осы тұста Міржақыптың «Оян қазағы» дер кезінде Сәкенді де, Сәбитті де, Бейімбетті де оятқаны хақ. Оның есімі отаршылдықтың саясатына қарсы күрескен қауымның аузында болды десек, қателеспеген болармыз. Өмірінің екінші сәтінде ол баррикаданың арғы бетінде – Совет өкіметіне қарсы күресті. Ал күресте оқ атылады, қылыш шабылады, қан төгіледі, біз оның бұл кездегі істеген қылмысын ақтап алудан аулақпыз. Міржақыптың Алашорданың соғыс советін басқарғаны рас, ол Советтің Аманкелдіні өлімге кескені рас. Міржақыптың сол Советтің мүшесінің бірі есебінде кінәлі екені де рас, бірақ шешім ауызша қабылданған, жазба дерек жоқ, ендеше Міржақыпты ешкім қолынан ұстап ала алмайды, тек жанама дәлелдермен айыптай алады. Сондықтан да Орталық Комитеттің шешімінде де Аманкелдінің өліміне Міржақыптың қатысы туралы үзілді-кесілді дәлел жоқтығы айтылған.


Қорыта айтқанда Міржақыптың өмірі үш кезеңнен тұрады. 1-ші кезеңі –Отаршылдыққа қарсы күрескен, бостандықты аңсаған елдің өкілі. 2-ші кезеңі – Алашорда қозғалысына қатысып, қолына қару алып, Совет өкіметіне қарсы күресуі. 3-ші кезеңі – кешірім алып, кінәсін ақтауға тырысып, еліне халқына қызмет етуге талаптанған жылдары.


Біз Міржақыптың өмірінің 2-ші кезеңін айыптай отырып, өмірінің қалған екі кезеңдегі пайдалы істерін, халыққа берген мұрасын көрсетуге қарыздармыз. Бұл өскен елдің белгісі, оның азаматтық төл ісі болса керек. Біз М.Дулатовтың жеке өміріне, міне, осылай диалектикалық тұрғыдан қарауға міндеттіміз. Есіңізде бар шығар, Ленин Плехановтың 5-6 жылдық өмірін айлап бөледі, оның большевик болғанын, меньшевик болғанын, «ярый меньшевик», тағы басқа жойымпаз болғанын айлап анықтаған, біз де Дулатовтың өміріне солай қарауға міндеттіміз. Маркстік-лениндік ғылыми-методология өмірдің жақсылығын, жамандығын, ащысын-тұщысын бірдей қарауға міндеттейді. Өлең сөздің бір сөзін алып тастауға болмайды.


Сәлеммен – Манаш Қозыбаев. 12 қазан, 1989 жыл».


Иә, ол азаматтық соғыс жылдарының оқиғасы. Оның өзге соғыстан көрі қасіретті және әділетсіз, сондай-ақ кешірілмейтін кекке толы болатыны да сол. Ал жауап хаттағы бір адамның өмірін үшке бөліп қарап, «диалектикалық тұрғыдан баға» беру, әрине, өз құнын жойған жорамалға жатады.


Өкініштісі, «халықтық кек» мұнымен де аяқталмаған. «Қыпшақтың ханы» Әбдіғапар Жанбосыновты «өз қанын сатқаны үшін» қандастары ұстап беріп, аттырған. Ал Омар Алмасовты кеңестен баспаналап жүрген кезінде А.Байтұрсыновтың ауылы «Ақкөлде» ата кегін қуған азамат ... аңдып жүріп атқан. Бұған Санкт-Петербургтегі Кунст-камераның Ақ теңіз жағалауындағы бассүйектер қоймасында жатқан Кейкі батырдың шүйдесінен кетпенмен шабылған біз көрген бас сүйегін қосыңыз.


1922 жылы Ж.Аймауытов аштарға көмек ретінде 8 000 бас мал жиып, Торғайдағы аштыққа ұшырағандарға бөліп береді. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Сол кезде тағы да «қыпшақ – арғын майданы» басталып: «Алашорданың» мүшесі Аймауытов малды алашордашылардың туысына бөліп берді деп, екінші жақтағылар Ә.Жангелдиннің туысына бөліп берді деп сотқа арызданады. Тергеу ісі төрт жылға созылады. Малды айдап келгендердің еңбекақысы мен ішер тамағына бөлінген 9 қара мал Ж.Аймауытовтың мойнына мінеді. Айыбы: олардан қолхат алып, мөр бастырып, куәландірмегендігі. Тура осындай «қайтарылған немесе қайтарылмаған кектер» жоғарыда біз атаған қазақ аудандарында әлі де орын алып отыр. Мен көзім көрмесе, өз құлағым естімесе, құжатты көрмесем, мұндай обал сөзге бармас ем. Сондай сәттердегі сырқыраған сай сүйегімнің шаншуы әлі басылған жоқ. Ертеңгі күннің есінде жүретін ескертуім бұл.


Ал Әліби Жангелдиннің тергеу комиссиясының қорытындысы бойынша Аманкелдінің өліміне Мұзафар Қасымов пен Әбдіғапар хан Жанбосынов (қыпшақты қолдамағаны үшін) жауапты деп табылып, атылған. Бірақ олардың ешқайсысы да Аманкелдіні туралап атқан адамды көрсете алмаған. Ал М.Денисов айтқан деректерді (сол үйден Таранның сыртқа атып шыққанын, оның өзі Аманкелдінің қасында қалғанын, ертеңінде ғана комиссардың өлтірілгенін естігені) ешкім «ескермеген».


Біздің ойымызша бар кілтипанның бір кілтипаны осы арада жатқан сияқты. Мысалы, Балтық жағалауындағы ұлт мәселесін тез әрі большевиктік жолмен шешу мақсатында Ленин «революция мүддесі үшін» қызыл әскерлерді бір түнде латыш атқыштарына қырғызып салады да, ертеңінде: «Мұны істеген ұлтшылдар», деп жариялайды. Сөйтіп сол күні-ақ бар келісімді бұзып, олардың бірін қалдырмай көзін жояды. Мұндай арандатудың шебері Каширин сол кезде де төтенше бөлімнің бастығы болатын. Тура сол күндері «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасау туралы декрет дайындалып жатқан. Қалайда оның алдын орап, Имановты құрбандыққа шалу арқылы алашордашыларды бір түнде қырып тастап, «революциялық жүкті жеңілдетіп», «түсініспестік болды» деу мақсатымен жүзеге асырылған құпия операция емес пе екен?


Онда: Таран «көтерілісші» ғана емес, арандатушы да болғаны. Жасырын келіп Имановты өлтіруге Кашириннен, ал Каширин Сталиннен, ол ма ...ол Лениннен тапсырма алмады деп сеніммен айтуға бола ма? Әйтпесе, Таран кешкі апақ-сапақта неге жасырынып келеді? Сырттағылар әдейі аласапыран, айқай-шу шығарғанда, соны пайдаланып Таран, не «эскадрон командирі», не Денисовтің өзі құпия бұйрықты орындаған. Олардың ескермегені – «Алашорда» әскерінің әлі де қарсылық көрсету мүмкіндігі сақталғаны, олардың да барлау жүйесінің жақсы жұмыс істейтіндігі. Тіпті дәл осылай болмаған күнде де Ф.Ивановтың мойындағанындай «қанқұйлы қылмыскерді» жалдауы да мүмкін. Ал оны жүзеге асыру «техникалық» мәселе. Мәселе – кеңес чекистерінің: «бес жүз қазақ интелигенциясын атып тастаса, қазақ даласы кесілген бас сияқты қолымызда бос қалады», деген Колчактың «тапсырмасын» орындауға ұмтылуында.


Бұл – біздің ғана жорамалымыз емес. Кеңес тұсында да құпия түрде талқыланған мәселе және ол талқылауға тікелей Сталиннің өзі араласқаны: «Имановты азамат соғысының батыры есебінде таныту қажет», деген сөзі құжаттармен дәлелденген шындық. Алайда бұған да жорамал деп қарауға тура келеді. «Алашорда» Әскери кеңесінің 1919 жылы 24 маусым күні Бас қолбасшы Колчакка жолдаған есепті мәліметінде:


«...Аталған уездердің өкілдері «Алашорданың» облыстық кеңесінен оларды кеңес өкіметінің талан-таражынан құтқаруды өтінді. Большевиктердің тонауы мен зорлығы туралы арыздарына қарағанда Торғай мен Ырғыз уездеріндегі большевиктердің ұзақ орнығуы оларды барлық мал басынан, мінетін аттан айыратыны анық болды. Сол қауіптің алдын алу үшін «Алашорданың» Торғай облыстық бөлімі өзінің жігіттерімен 1919 жылы ақпанда Торғай уезіне бет алды, жолай жігіттердің құрамын жаңа жасақтармен толықтырып, содан кейін Ырғызға жорық жасау көзделді. Көктемгі қызыл су жүріп жатқан қиын жағдайда жүздеген шақырымды азаппен басып өтті, қатарын жаңа жасақтармен толықтырды, сөйтіп сәуір айында «Алашорда» Торғай қаласын алды, әскери комиссарын тұтқындады, кейін атылды. Сөйтіп, Торғай уездіндегі кеңес өкіметі құлатылды, қалалық және жергілікті басқару құрылымы қалпына келтірілді, бұл арада адмирал Колчак бастатқан Бүкілроссиялық уақытша өкіметі жарияланды. Торғай қаласы алынған күннің ертеңінде, яғни, 20 сәуір күні Қостанайдан құрамында 400 адамы бар қызыл армия бөлімі келе жатыр, отрядтың бастығы Қостанай аткомының төрағасы Таран екен – деген хабар келіп түсті. Біздің барлаушылардың мәлімдеуінше: Торғайға бет алған отряд – Қостанай қаласы мен уезіндегі көтерілісшілер екен, Торғайды алып, Ырғыздағы Ақтөбе майданымен қосылмақ екен, отряд бастығы Таран ақтардың түрмесінде жатқанда Қостанайдың переселендері босатып алыпты. 21 сәуір күні «Алашорда» бөлімінің жігіттері Қостанайдан Торғайға келе жатқан Таранның отрядын Торғайдан 40 шақырымдай жерден күтіп алды. 22 сәуір күні барлық отряд мүшелері, жиыны 337 адам қарусыздандырылды, Таран бастатқан басшылары – 30 адам тұтқындалды, кейін атылды. Таранның қарусыздандырылған отряды Атбасарға жөнелтілді», – деген дерек бар.


Бұл, әлде, М.Дулатов пен М.Есполовтың көрсетіндісінде айтылғанындай: Колчактың қанқұйлы әскерінің бетін қайыру үшін және қазақ даласын қырғынға ұшыратпай, одақтас деп жұмсақ қарату үшін өсіріліп жазылған жорта ақпарат па. Әйтпесе, кеңес өкіметі жағына шыға отырып, А.Байтұрсыновты кепілдікке бере отырып, мұндай операцияны жүзеге асыру оның көсемі А.Байтұрсыновқа қаратылған арандату болар еді. А.Кенжин 1922 жылы 16 қазан күні Өлкелік обкомның президиум мәжілісіндегі тексеруде:


«Кенжин жолдас: отрядтың қарусыздандырылуы мен атылғаны туралы ештеңе білмеймін. Көтерілісшілердің отрядын қарусыздандырған жасақ бастығы Қасымов. Мен құрылтайда бөлініп кеткен топпен бірге «Алашорданы» іштен ыдыратуға барғамын. Сол үшін де Қаратілеуов екеумізді «Алашорданың» батыс бөлімі большевик есебінде заңнан тыс деп жариялады», – деп түсінік берді.


Біз үшін А.Кенжин қай жақтың барлаушысы болса да бәрібір. Оның бұл жауабын амалсыздың жанталасы ретінде бағалаған дұрыс. Назар аударатыны – Имановты тұтқындаған Мұзафар Қасымов деп нақты көрсетіп отырғандығы. Ұзамай Қасымовтың өзі де дұшпандарының қолынан атылды.


Иә, дүние есесі дүниеде кетпейді. Академик М.Қозыбаев айтқандай, ол – азаматтық соғыс. Ал соғыс құрбандықсыз болмайды. Сол сияқты кез-келген құрбандық та өз құнын ақтамайды. Алланың берген жанын Алланың өзі ғана ала алады.


Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар