Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жұмекен ақын ғашық болған қыз...

10.11.2016 5325

Жұмекен ақын ғашық болған қыз

Жұмекен ақын ғашық болған қыз - adebiportal.kz


Жұмекен.jpg


Жұмекен Нәжімеденовтың қандай ақын екенін айтып, сөз шығындап жататын сыншыларды өз басым түсінбеймін. Оның тереңдігі, тыңнан түрен салып қазақ өлеңін түлеткен қайраткерлігі соқырға таяқ ұстатқандай анық көрініс қой. Көрініс былай тұрсын, құбылыс қой. Қазақ сыншыларына ақын-жазушының шығармашылығына жалпылама баға беруді қою керек. Ол ар алдындағы әділетсіздік, әдебиет алдындағы әлсіздік болады. Ақынның салыстырмалы түрде сапалы да, сапасыз да өлеңі болуы мүмкін. Тіпті жанр жағынан үнемі бір тақырыпта шығарма жазыла бермейді.


Жұмекен ақын жайында Қадыр Мырза Әлі: «Өзін өмір бақи мойындап өттім. Қазір де мен үшін ең мықты ақындардың бірі - Жұмекен Нәжімеденов.Тіпті лирикалық өлең жаза бастаған жастау шағымда «бұған Жұмекен қалай қарайды екен?» деп ойлайтынмын» депті. Жұмекен ақын сезімнің қылын шертетін нәзік өлеңдер мен ғашықтық емеурін танытатын туындыларға қалай қараушы еді? Осыдан бірнеше жыл бұрын бір сыншы «Жұмекен интелект ақын. Ол ұсақ-түйекке бас ауыртып, жеке бастың қамын күйттеп өлең жазбайды. Үнемі ел жайын қозғайды» деп баға беріпті. Мен бұл пікірге келіспеймін. Ақын адамзатқа қатысты мәселенің барлығына дерлік қалам қозғаған. Олардың «ұсақ-түйегін» ажырату біздің міндетіміз шығар.


Ал енді, жігіт пен қыз арасындағы сезім ишарасын қай деңгейде қарастырған дұрыс? Бұл елдік мәселенің жүгін арқаламайтыны ақиқат қой. Жеке бастың ішкі арпалысы алай-дүлей түрге еніп, өз есебіңнен жаңылып, жүректің қалауына жығылып қалатын кездер баладан бастап, данаға дейін кездеседі. Сезім - уақыт пен өлшемге бағынбайды. Жұмекен Нәжімеденовтың орда бұзар отыз жасында «Қыз құйған шай» деп жазған лирикалық өлеңі классика деп айтуға толық негіз бар.


Бұдан тәтті не бар дейсіз әлемде,
Бұдан ащы не бар дейсіз әлемде,
Тәттілігі: сол қызға бір тік қарауға бата алмау, 
ащылығы: шешесінің болатыны қаталдау.

Өлеңде ақындар аттап өтпейтін, табаны мен қаламы тиуге тиісті таптаурын бес-алты тақырып болады. Аталмыш түсініктер адам өміріне тікелей қатысы бар ортақ объектілерден құралады. Оқырман оқып отырып, өзіне қатысты өмірді өлеңнен көрген кезде «әй, мынадан артық не айтуға болады» деп санын бір-ақ соғады. Ақын деген ауылға илана бастайды. Өлеңнің біріктіруші категориясындағы құдірет осы тақырыптар айналасынан бастау алады. Себебі, пендеге тиесілі көріністердің ара-жігі, айырық-айырмасы, ен-белгісі болмайды. Мәселен, ақылды туған жерін қаншалықты сүйсе, ақымақтың да сезінуі одан кем түспеуі мүмкін. Сол сияқты поэзияда көп жырланған, көп нандырған, қалың оқырманның догмасына айналған өлеңдердің басым бөлігі ғашықтық «ғазалдары». Өңі мен меңі бар қара көздің айналасында классик ақын мен оның ізбасарлары қаулап шыққанын мысалға алсақ та жеткілікті. Қазақ ақындары сезімін білдіруден кенде емес, көзінің нұры түскен қыздан қымсынған жоқ. «Айтарын абайламай айтып кетті». Ең қатаң деген режимнің өзінде бұл тақырыпқа шектеу болмады. Ерлік пен өрлікті дәріптеген Ақтамбердінің өзі «Күрек тісін қасқитып, Сұлуды құшар ма екенбіз» деп ойын ашық айтты. Тіпті жастығы мен пәктігі тұрғысынан бәсекеге қабілетсіз келіншекке Мағжан Жұмабаев «Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін!» деп армандаған. «Одан да асырып айтқан Қасымды, Төлегенді, Мұқағалиді, ананы-мынаны» ұмыттың деп уәж айтсаңыз жарасады. Ұзын ырғақ ойдың келтесі: қазақ ақындары өзі асық болған музасын күннен бастап гүлге дейін теңеді. Расы сол, осы екі аралықта ешқандай жаратылыс қалмаған шығар. Енді оған Жұмекен Нәжімеденовтың Үндінің шәйіна жасаған жарнамасын қосыңыз. Қайдағы жоқ шайдың мұншалықты тәтті болатынын кім білген. Әдебиеттанытқыштың Ахмет айқындап кеткен формасындағы эпитетті ақын «Шай құйған қыз» деп көркем пайдаланған. Ақынның шеберлігі сол, қызға деген сезімін іште сақтамай, сыртқа шығару үшін өлең арқылы композициялық құрылым жасайды. Оқиға желісі прозадағыдай қиялыңа барлайды. Өлеңдегі образдан көздің ғана айналасынан құтыла алмайсың, жүрекпен сезінесің. Туынды моральдік тұрғысынан да үлкен ұғымдарға жетелейді. Қазақтың қонақжайлылығын, дастархан үстінде өрбитін сюжеттерінен хабар береді. Бұл далада ежелден ұсақ-түйек істерден бастап, елдік мәселеге дейін дастархан басында шешіле берген. Егер осы өлеңді Еуропа ақындары жазса «Гүл сатқан қыз», немесе Жапон ақыны жазса «Кітап сатушы қыз» деп жазар ма еді, кім білсін.

Еркек атаулы сұлу көрсе ынжықтанып, жүрегіне салмақ түскен сайын басын төмен қарай бұға беретін әдеті емес пе?! Бұндай сезім көбіне балаң махаббатқа тән. «Ең алғашқы махабаттың мектептен басталатыны» сөзімізді нақтылайды. Әлгі есейгендердің жамырасып келіп, мектеп шағын аңсайтыны осы көңілді қайтарсам деген ойдан тууы мүмкін. Бірақ, Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңіне сүйенсек, бұндай сезім орда бұзар отыз жаста да кездеседі екен. «Әлемді сұлулық құтқарады» деген қарапайым қағиданың төркіні осыдан шыққан.


Жұмекен ақын сыңаржақ пікірдің иесі емес. Салыстырмалы түрде оқырманды нандырып, дәлелдеп талай туындылар тудырды. Ол бейнелеу өнеріндегі контрастық суреттеудің хас шебері. (Анығы өлеңнің өзі бейнелеу емес пе?!). «Ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай, Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай» деген танымал тәсілі сөзімізді құнды ете түседі.


«Қыз құйған шайдің» тәттілігіне тәнті болдық. Енді «ащылығы» қандай деген сұраққа бас ауыртуымызға тура келеді. Ақын шешесінің қаталдығын «ащылыққа» жатқызады.


Әкесін де тағдыр тағы жасапты ғой қатты ғып – 
Қой, қой достым, біле білсең мұның өзі тәттілік.

Қазақ ұғымында қыз баланың болашақ жарының бейнесі әке образының айналасында қалыптасады. Қазақ қызы үшін әке деген сөз - идеал. Оның барлық ар-ұяты әке қабағының айналасында сақталады. Бұл турасында қазақ даналығы «қызға қырық үйден тыйым» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Жұмекен Нәжімеденов бұл тақырыпты тереңнен қозғап отыр. Әкесі мен шешесін былай қойып, күзетші ретінде қыздың жанына әжесін қосып қояды. Бұл үш ұрпақ бір ошақтың айналасында тату-тәтті ғұмыр кешетінін айқындайтын факторлардың бірі.


Сәл өкініп ұсынасыз тостақты жазып сіз, 
Жай отырып қысыласыз,
жазықсыздан-жазықсыз.
Жұтқан шайың тамағыңда тарсылдайтын секілді, 
бұққан сайын – күнәң ауыр, аршылмайтын секілді. 
Әжесін де маңдайыңа жылжымас қып жазыпты-ай, 
ақ тартқаны болмаса бұл, әйел емес қазық қой.

Көк дастархан мына жатқан – бейне түпсіз көк теңіз, 
Көк теңізде маяк құсап төрт көз жанды – сөкпеңіз; 
екеуі оның – жерде отырған момын қыздың өзі де, 
екеуі оның – төрде отырған қонағының көзі де!

Өлеңде келтірілгендей ғашық адам қиналысы көп, «күнәсі ауыр», мұңды келеді. Ғашықтың мұңы – тазару, күнәлі ойлардан арылу. Ондай сезімде отырған адам өмірге өзгелерден бір бас жоғары үңіледі. Дастархан үстіндегі жігіт пен қыздың көздерінің жануы тірлікке деген құштарлықты меңзейді. Әйтпесе, сол дастарханның басында өзге де көздер көп еді ғой. Олар өлеңде анық көрінбей қалды, себебі ғашық көздердің жарығы, энергиясы басып кетті.


Жұмекен Нәжімеденовтың бұл өлеңі сезімді артық-кемі жоқ қаз-қалпында суреттей білген. Оның лирикасының өзі есепке құрылады. «Өлеңде лиризм аз» деп қарсы дау айтатындар да болуы мүмкін. Себебі, біздің лирикалық өлеңдердің көбі асқақ пафоспен, аспан денелерімен тілдесе отырып жазылады. Ал, Жұмекен қиялдан гөрі, ақылға жүгінеді. Артық сурет қоспағаннан кейін, сөзіне сендіреді.


Қызға қарау қызық-ақ қой,
ал аңдысу – ауыр жәй, 
аман кетсек жарар еді біреуіміз ауырмай.

Ақынның өзі айтқандай, бұл өлеңі «бір бүйірімізден қызып, бір ұйқымызды бұзып» жіберді.


Қыз құйған шай – 
одан ащы не болады, білмедім, 
Қыз құйған шай – 
одан тәтті не болады, білмедім. 
Ащылығы – тым ертерек әке болып қалғаным, 
тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым.

Ақын өзіндегі жауапкершілікті, әке болып қалғанын сезінеді. Сезінгені былай тұрсын, ашық айтады. Бізде ата болып қалса да, немересімен жасты қызға беті бүлк етпестен өлең арнап, онысын лирикаға, ақындық мінезге теліп отыратындар көп қой. Және, өлең соңында «тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым» деп түйіндейді. Басқа ақын болса эмоцияның инерциясымен «тәттілігі – ғұмыр бойы аялайтын арманым» деп жазып жіберер еді. Жұмекен ақын ол қызды музасына айналдырып, айлар бойы ғана еске алатынын түсінеді. Одан әрі оны ойлап жүрудің еш мәні жоқ. Өйткені, өлеңнің сыртында да өмір бар...




Бағлан Оразалы











Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар