Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қуаныш Оспан: Махаббат математикасы...

10.11.2016 5275

Қуаныш Оспан: Махаббат математикасы

Қуаныш Оспан: Махаббат математикасы - adebiportal.kz


Қуаныш Оспан (Оюлы Қуаныш) - 1988 жылы 9 сәуірде бұрынғы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы Жасқайрат ауылында туған. Бірнеше облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен ақындар айтысының жүлдегері. Өлеңдері бірнеше топтама жинақтарға енген. «Ауылдың баласымын» атты жыр жинағы жарық көрген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Көкше өңіріндегі қазіргі жас толқын арасында өзіндік аяқ алысымен дараланып, қазақ әлеміне танылып келе жатқан Оюлы ақынның жырларын ұсынып отырмыз.


оюлы.jpg


Идиллия


Шай ішсе жазылған әжімі,
Табиғат,
апамдай бусанып.
Қарайған қыраттар, кәнігі,
Қараған атамдай күн салып.
О, менің, көктемім, жып-жылы!


Таңдағы бозторғай үніне,
Ұялшақ самал жел билеген.
Көбелек сыр айтса гүліне,
Үркітіп алудан именем.
О, менің, жазым-ай, мөп-мөлдір!


Ағаштың көңілін жасытып,
Өмірдің қабағы түксиді.
Түтіні Ай көзін ашытып,
Пештегі қара қи бықсиды.
О, менің, күзім-ай, мұңдылау!


"Темекі шегіп" бар тіршілік,
Аузынан аппақ бу бұрқ еткен.
Ақ қардан жанарға нұр сіңіп,
Бетімнің ұшында жылт еткен.
О, менің, қысым-ай, тап-таза!


Сағындым осының бәрін де,
Қаладан таба алмай жүргенім.
Қиялда, түсімде, әнімде,
Туған жер, сенімен біргемін!
О, менің, Ауылым,
О, менің, тәп-тәтті идиллиям!
... ап-ащы идиллиям!


О5. 10. 16


Махаббат математикасы


Таныстық та ынтық болдық, ұнаттық,
Ғашық болдық, жанарларды жылаттық.
"А" және "Б" нүктелері -- біздің жай,
Арасында жеткізбейтін жырақтық.


Біздер ортақ қуаныштан тыс қалдық,
Біздің көңіл мұң аймалап, құшқан күп.
Қос жүректің арасында -- сағыныш,
Екі нүкте арасында -- құштарлық.


Пайда бермей бір нүктеге талпыныс,
Таба алмаған жүрек байыз, жан тыныш.
Қос жүректің арасында --коэффициент,
Екі нүкте арасында -- тартылыс.


Жазымышқа болған солай құрбандық,
Шексіздікке тұтқын болып шырмалдық.
Екі нүкте арасында көлік пен
ешқандай да маңызды емес жылдамдық.


Екі ортада Ой мен Ес сенделген,
Ардың жібі дар ағашта тербелген.
Екі нүкте арасында -- молалар,
Онда біздің қайран Уақыт жерленген!


Болады деп ойлаған-ау бұлай кім,
Жете алмадым жүрсем де апта, жыл, ай, күн.
Бір нүктеде болу керек ғашықтар,
Білмеуін-ай мұны қырсық Құдайдың?!


Басқаларға аңыз, бәлкім өсекпіз,
Қосылмайтын екі бөлек төсекпіз.
"А" және "Б" нүктесінде тұратын,
Шешуі жоқ есеппіз...


03. 10. 16


"Я хотел бы жить, Фортунатус, в городе, где река высовывалась бы из-под моста, как из рукава -- рука..."
И. Бродский


Сұр аспан көзінен жас парлап,
Күз келді, кетті ұшып қасқалдақ.
Табанға тапталды сарғайып,
Ағаштың басынан қашқан бақ.


Төңірек түнерген қорымдай,
Көңілсіз болмағам, о, мұндай.
Мазаны қашырған жел үні,
Соңы жоқ сайтанның хорындай..


Қуарып шаттығым қаулаған,
Күн, әне, төбемнен аунаған.
Дірдектеп тағдырдың желіне,
Жалаңаш үмітім жаураған.


Белгісіз сен қандай жайдасың,
Сүреңсіз күз болды райласым.
Адаспай келерсің қайтадан,
Қасқалдақ-бақытым қайдасың?


Көбейіп жүргенше мұң-налам,
Көшейін,
қажытты сұр ғалам.
Бродский аңсаған қаланы,
Қайда екен, айтады кім маған??? 

 
03.10.16


Күз


Өз қанына малшынып, тағы да бір күн өлді,
Аспан төмен салбырап, бұлтқа айналған жын өрді.
Екілене үдеген есер жаңбыр сорғалап,
Топырақты жердегі есалаң қып жіберді.


Үні шықпай үйлердің, табанынан сыз өткен,
Теңселеді күйсіз бақ тұрған жандай сүзектен.
Жарып шығар саңылау таба алмаған Айдың да,
Бұлтқа соғып аңдаусыз шеке тұсы дыз еткен...


Көксау аспан күркілдеп, көмекейі жыбырлар,
Шатыр етсе оқыстан, тау құлағы шыңылдар.
Қарауытып көрінген сымға асылып, жолдағы,
Тырна сирақ бағанның кеудесінде сырыл бар.


Күзгі нөсер тоқтамай, құйып жатыр төкпелеп,
Жаз қайрылмай барады, мезгіл келсе жоқ бөгет.
Жаз емес ол жоқ əлде, менің мұңсыз күнім бе,
Суда қалған қыз ба, əлде, бара жатқан өкпелеп???


САҒЫНЫШ

Қараша ауыл көңілдегі дертім ең,
Бала кезде құлағымнан шертіп ең.
Саған келдім, қам көңіл боп шерленіп,
Алып ұшқан жүрегімнің еркімен.


Қараша үйім, қабырғасы құт сіңген,
Кездерім жоқ сені ұмытып, күпсінген.
"Неге, ат ізін салмай кеттің?" дейсің-ау,
Қабағыңнан ұғып тұрмын тіксінген.


Амансың ба қария көл, қарт адыр,
Сені аңсадым жая жота, қарта қыр.
Сары үрпектеу балғын шағым монтиып,
Қарсы алдымда танауын бір тартады ұл.


Иіскеп əкем, күн иісті кекілді,
Əңгіме айтып отыратын не түрлі.
"Қасып бер" деп шақыратын арқасын,
Қалмаушы едім жанторсығы секілді.


Үлкендерден күнде еститін тыйымдар,
Сағындырды-ау, көңілімде құйын бар.
Анау жерде асық ойнап жатушы ек,
"Сағыз шайнап" қайтқан кезде сиырлар.


Сүт кенжемін, момын балаң мен емес,
(Асық үшін болған талай төбелес).
Жон арқамда əкем өрген бишіктің,
Билеп-билеп алғаны да жоқ емес.


Кейде солай абыройым шашылып,
Жыны алынған бақсыдай боп басылып.
Əкем қатты ашуланған кезінде,
Өз арқам да қалушы еді "қасылып".


Естелік боп, өткен күнім жаңғырдың,
Бəрін-бəрін, ауыл, сенде қалдырдым.
"Əкем мені сипапты ғой" деп күлем,
Қолы қатты көтерілсе тағдырдың...



ӨМІР --- ӨЛІМ


Босаған құмсағат -- ғұмырың,
Ақтық дем -- түйір құм ең соңғы.
Мен үшін екеуі -- бір ұғым
Өмір де, өлім де белсенді!


Құмсағат ортаяр біртіндеп,
Төменге алар да бағытын.
Жүргенмен қуана күлкің кеп,
Жап-жақсы өмір де -- табытың!


Мезетте келмейді ажалың,
Сəт сайын, сəт сайын жерлейді.
Қалқиып қалғанша мазарың,
Өлімнің əлдиі тербейді!


Оның да бар күні, ай, жылы,
Тіпті, өлше минутпен өлімді.
Ажалың болмас тек қайғылы,
Ажал да кей кезде көңілді!


Көзіңді бір жола жұмғаннан,
Бір күнге жазғанмен көмуді.
Ажал да басталған туғаннан,
Туа сап бастаймыз өлуді!


30.06. 16



Ә-ге


Əдемім менің, əйбəтім менің, əдептім,
Əрəйнə таппай көңілге мынау əлекпін.
Əбігер болам əпенділеу бір адамдай,
Əйəйім менің, ағаңды əбден əуре еттің.


Əлеулайлаған, жүректе, əсем əн билеп,
Əспеттеп жаным атыңды айтам əлдилеп.
Əуселесін де көрер ем шіркін сен үшін,
Əсіре ауыр басыма түссін бар бейнет.


Əңгіртаяқ боп ойнасын мейлі басыма,
Əйтеуір сенің жетсем-ақ болды қасыңа.
Əтірін сыйлап не қылам саған дүкеннің,
Əнімді тағам шашбауың қылып шашыңа.


Əткеншек ойлар санамда сені сан тербеп,
(Əсілі сенің қылығың тəтті, бал- шербет).
Əуежай түндер түсімде саған ұшырып,
Əйнектен күлген оятып алар таң "сен" деп.


"Əпсүң" дұғам да өзіңсің күнде қайталар,
"Əлхамым" да өзің құдайдан тілеп айта алар.
Əсерсіз кино сияқты сенсіз өмірім,
Əзірейіл келер болғанда ғана жай табар.


Əлемге басқа, арманға басқа сендірген,
Əлқиссасы сол, құлай сүйгенмін мен бірден.
Əуелде біздер танысқан кезде, Есімің -
"Ə"-ден басталған төрт əріп шыққан ерніңнен...
Ұзаааақ сүйгім келеді...


25.05.16



(ІІ)


Ұзақ күннің батырдым тағы бірін,
Ойларымның сен жайлы бəрі бүгін.
Ертең тағы ойлаймын жалғыз сені,
Солай тағы өтеді ары күнім.


Кетіппін ғой, айтпақшы, түнді ұмытып,
(Сағат тілі уақытты тұрды үгітіп).
Отырмын ғой білесің, ал, сен айтшы,
Елеңдейсің, ерке қыз, кімді күтіп?!


Шам да жақпай, кетер деп түнім қашып,
Күткен кезде қасыма мұңым да асық.
Сезді ме екен сен жайлы ойларымды,
Жақындады жұлдыздар жымыңдасып.


Жұлдыздарға көрсетсем құрметімді,
Жөн көрмейді олар да құр кетуді.
Бір шоғы - қас, бір шоғы- көзің болып,
Сенің сала бастайды суретіңді.


Дəл келтіріп ернің мен мұрыныңды,
Айнытпайды тіпті ерке қылығыңды.
Бірнешеуі əнеки шолпың болып,
Түнге қосып өреді бұрымыңды.


Түнгі аспаным əп сəтте мың құбылып,
Сұлулыққа бас иді құлдық ұрып.
Сұлу АЙды жетелеп қос қолынан,
Бір шоқ жұлдыз келеді зыр жүгіріп.


Қалқатайым күткенім осы менің,
Таң келеді дегендей "өшіремін"
АЙды алқа қып тағынған суретіңді,
Асығыс дəптеріме көшіремін...


27. 05. 16



(ІІІ)

(БЕАТРИЧЕ)


Беатриче, о, сондай сұлу ма едің,
Болмаған түрің менен үніңде мін?!
Данте дамыл көрмепті өзіңді аңсап,
Құштар болған, ақынды,білуге кім?!


Ақын халық --- бақытсыз анық маған,
Қай елде олар, жылуға тарықпаған?!
Дантенің де мұң-зарлы соннеттері,
Сұр аспанда сұрықсыз қалықтаған...


Ақындардың жалғыз тек жары құдай,
Сүйсе олардың, сүйеді бəрі құлай.
Айтқанымен "рахатқа бөлеуші" деп,
Сен жетпепсің Дантенің жанына ұдай.


Тіпті сенің жасырып есіміңді,
(Қызғанышсыз сезімнің несі құнды!?)
Жұрт алдында сезімін айта алмапты,
Сол үшін де, бұл ісі кешірімді.


Күлгеніңмен ақынды əжуалап,
Жуымасын білемедің жаныңа бақ.
"Құдіретті комедия", білесің бе,
Неше ғасыр сезімге əлі мадақ?!


Сол махаббат, сол сезім - ұғым дара,
Сендер - кеше, ал біздер - бүгін ғана.
Періштем бар менің де, ынтызармын,
Сыйым да сол--- ұсынар жырым жаңа.


Періштем деп атып таң, батыпты күн,
Қауышуға жырларым асық бүгін.
Ол сүйсініп оқиды,
Сондықтан да ---
Ол --- сенен, мен --- Дантеден бақыттымын! 

 
29.05.16


(Ү)


Білем сенің мүлде басқа байламың,
Жағдайымды ұқтыра алмас жайдамын.
Кісікиік боп барады тағдырым,
Айтам сосын жұлдызға сыр, Айға мұң.


Бəлкім солай жақындармын құдайға,
Жұлдыз ақты, аспан да анау жылай ма?
Шыныменен əрбір жұлдыз өмір ме?
Пенделердің күні бітсе құлай ма?!


Құлайтұғын шақ келеді-ау бəріне,
Аспан төрін бөлеп мұңды əніне.
Əне, тағы жұлдыз ақты жарқ етіп,
Кім өлді екен жас па, əлде кəрі ме?


Жас жуады аспан жүзін айғыздап,
Дұға тілеп қолын жайды Ай мұздап.
Жоқтау үні сарнап кетті қайсы үйден,
Семіз молда сұңқылдай ма, ей, байғыздап...


Құлақ неге шуылдайды, о, тоба-ай,
Шығарып сап, келесісін тосады Ай.
Жер бетіне ағып түсіп жұлдыздар,
Құлпытасқа айнала ма, оп-оңай?!


Жə, несіне өлмеймін деп бəлденем,
Мен де солай сырғанармын сəулемен.
Пайда болар тағы да бір төмпешік,
Жұлдызы жоқ адаммын ба əлде мен?!


Мен кетейін, мейлі, қайғы-күйіктен,
Тауды салсаң көтерейін иықпен.
Нұр ойнатып менің құлпытасыма,
Сен жарқырап тұрсаң болды биіктен...

31. 05. 16


(ҮІ)

Бір мұңыма ұласады бір мұңым,
Күйін кешіп жүрген жанмын жындының.
Сезім деген оп-оңай-ақ болса ғой,
Көрсететін киносындай үндінің.


Сан қиындық көрседағы жолында,
Мəз-майрам боп қосылатын соңында.
Кинодағы бақытты ғой ғашықтар,
Армандары - режисердің қолында.


Сені сүйіп, ғашық болып қалғаным,
(Аңсауменен таңды таңға жалғадым).
Əттең біздің тағдырымыз лента емес,
Лауһылында жазулы тұр Алланың.


Бұл өмірдің шеңберінен шығайын,
Періштем-ау, басқа мендік уайым.
Шексіздікте табысамыз сеземін...
...Солай деші, ей, режисер - Құдайым! 

 
05. 06. 16


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар