Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Маржан ЕРШУ: «Сезім музейі» - махаббат туралы рома...

16.11.2016 6347

Маржан ЕРШУ: «Сезім музейі» - махаббат туралы роман»

Маржан ЕРШУ: «Сезім музейі» - махаббат туралы роман» - adebiportal.kz

     

орхан.jpg

9-12 қараша аралығында Астана төрінде кітап мейрамы, кітап мерекесі өтті. Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі көңілге шуақ сыйлайтын әдемі мейрам болды десек, артық айтқандық емес. Осы кітап көрме-жәрмеңке аясында «Фолиант» баспасының арнайы тапсырысымен әлемге әйгілі түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың «Сезім музейі» және «Менің атым Қырмызы» романдары қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көріп, қазақ оқырмандарына жол тартты. «Сезім музейімен» танысу үшін осы кітапты қазақ тіліне аударған ақын-аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия жазушылар одағының (Түркия) мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершуға кітапты таныстыру мақсатында бірнеше сұрақ қойған едік. Маржан бұған дейін де түрік поэзиясы мен прозасының өкілдерінің Жахыт Сытхы Таранжы, Ахмет Хашим, Ариф Нихат Асиа, Ашық Вейсел Шатыроғлы, Самет Ағаоғлы, Әзиз Несин, Расым Өзденөрен, Решат Нұры Гөнтекин, Якуб Өмероғлы т.б түрік ақындары мен жазушыларының шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Демек, Маржанды Орхан Памукты қазақшаға аударуға үлкен дайындықпен, тәжірибемен келген деп айтуымызға әбден болады.


- Орхан Памуктың бұл кітабы әлемнің алпыстан астам тіліне аударылған деп естиміз. «Сезім музейі» романы әлем әдебиетінде үлкен қызығушылық туғызып, махаббат тақырыбындағы үздік роман атанған. Түрікше түпнұсқасында кітап «Бейкүнә музей» деп аталады, ағылшынша аудармасында «Кінәсіздік музейі» деп аталады, қытай аудармасында «Кіршіксіз музей» деп аталыпты, тағы басқа тілдерге аударылғанда осы атаудың маңайынан алыс кетпепті. Сен неге «Сезім музейі» деп атадың?


- Қазақ тілі өте бай тіл. Мақалдап, өлеңдетіп сөйлейтін халықтың өкіліміз. Романның тақырыбы мені ұзақ уақыт ойландырды. Талғат Теменов «Менің күнәлі періштем» деген фильм түсірді. Өзі күнәлі болса, ол қандай періште болады деп бұл сөзді біздің ел қабылдай алмай жатты ғой сол кезде. Тікелей аударма «Бейкүнә музей» деген сөз біздің тілімізде құлаққа әдемі естілмейді. «Саф музей» немесе «Пәк музей» деген сөздер де көңіліме қонбады. Әлемдегі тұрғызылған музейлердің бәрі сол жерде жинақталған жәдігерге деген құрметтен, ынта-ықыластан, махаббаттан туған. Яғни, сезімнен туған. Қазақта «сезімсіз, сезімі өлген» деген сөздер бар. Памук - психолог, бұл шығармасында осы заман келбетін, қоғам дамуындағы адамдардың материалдық игіліктерге құмартуы, адам бойындағы жағымсыз мінездердің тез өріс алуы, тіпті күндердің күнінде махаббат деген аяулы сезім де музейде калады -ау, бір замандардағы қылыш, дулыға сияқты деген үлкен ой айтып отыр, бірақ ол ойын ашық айтпайды. Орхан Памуктың өзі де бұл романы туралы былай деп жазған: «Сезім музейі» ең алдымен, махаббат туралы роман. Махаббат-шығарманың тұздығы. «Сезім музейін» музей сезімін түсіндіру үшін емес, махаббат сезімін ұғындыру үшін жаздым. Бұл романда махаббат деген ұлы сезімді психологиялық, мәдени-антропологиялық тұрғыдан түсіндіріп жаздым. Махаббатты жеңіл-желпі баяндағым келмеді. Мысалы: «Мен саған ғашықпын, көргенше асықпын» деген сөз сияқты. Махаббаттың сүйініші мен қуанышын ғана емес, қайғы-қасіретін мен жан азабын да сезіндіргім келді. Махаббат адамның дәрежесіне, өресіне, жынысына, ішкі мәдениетіне, мемлекетіне, тіпті дініне қарай бөлінеді. Романдағы махаббат хикаясы – 20 ғасырдың екінші жартысындағы ыстамбулдық бір бай жігіттің басынан өткен махаббаты. Оқырманның махаббаты Кемалдың да махаббатынан терең болатынын ойладым. Роман жарыққа шыққаннан кейін кейбір оқырмандар Кемалдің эгоистігін ұнатпады, романтик және сезімтал емес деді, ал басқа бір оқырмандар хикая шиеленіскен сайын Кемалды жақсы көргендерін айтып, романтик кейіпкер санайтындықтарын айтты. Мен бұл екі ойды да қолдаймын. Осы романым шыққан соң маған : «Орхан мырза, сіз осы Кемалдың өзі емеспісіз?» – дейді жұрт. «Жоқ! Кемал емеспін. Ол менің кейіпкерім» деу өте оңай. Жазушы болу дегеніміз- өз сезіміңді өзгенің сезімі не өзгенің сезімін өзіңнің сезіміңдей ғып жеткізу емес пе?!» Орхан Памук осы сөздерімен-ақ, біраз жайды ұқтырып тұр.


- Кітап махаббат туралы екен, кітаптың мұқабасы тарихи кітаптың мұқабасы сияқты көрінеді.


- Қызығы сол, бұл кітапты көргенде Рахымжан Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары» деген кітабының мұқабасы есіме түсті. Ол кітап та осы «Фолиант» баспасынан шыққасын ба, бояу түсі де, шрифтісі ұқсас сияқты боп көрінді. Бірақ мен мұны болашақта қазақ жазушылары да Нобель сыйлығын алып қалар деп жақсы ырымға балап қойдым.


маржан.jpg


- Кітапты аударыстырып қарап шығып ем, ішінде кейіпкерлердің бірі болып Орхан Памуктың өзі де жүр! Бұл жаңашылдық па? Қытай жазушысы Мо Яньның бір романында өзі де көрініс беріп қалады. Бұл соңғы уақыттағы әлем жазушылары ұстанған жаңашыл бағыт па? Қалай ойлайсың?


- Славян халықтарының ертегілерінде «сол тойда мен де болдым. Сол кереметтің ортасында мен де жүрдім» деп аяқталады ғой. Бұл жаңашылдық емес, дәстүрдің, фольклордың жаңаша жандануы, жасарып түлеп әдебиет әлеміне қанат қағуы деп ойлаймын.


- «Сезім музейі» жайында Батыс басылымдары мысалы, THE WASNINGTON POST басылымы : «Орхан Памук осы кітабымен бәрімізге махаббаттың құдіретін ұғындырды», - деп жазса, Ұлыбританияның «Ingiliz Financial Times» газеті: «... Бұл кітапты оқығанда, тек қана махаббат туралы емес, өмір, достық, жастық, отбасы мен бақыт туралы бар ойларыңызға тереңнен әсер еткені соншалықты, кітаптың сырлы әлемінен шыққыңыз келмей қалады», - деп жазған екен. Шынында солай ма?


- Бұл кітаптың бір сиқыры бар. Оқиғаға бай. Орхан Памук көрместі көретін, сезбесті сезетін жазушы. Өткен шақ пен осы шақты байланыстырып, болашаққа болжау жасай алатын қасиеті қаламгердің фантазиясының ұшқырлығынан, жадының мықтылығынан хабар береді. Осы романнан кейін маған бір ой келді. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 25 жыл толып отыр. Тоқсаныншы жылдардың басында адамдар қандай бәтеңке киді, қандай музыка тыңдады, қалай сөйлейтін еді? Сол жылдардың суреті неге біздің жазушыларымыздың романында жоқ? Жетпісінші-тоқсаныншы жылдардың кей суретін Ақұштап Бақтыгереева «Менің Фаризам» естелігінде әдемі бір сырға орағандай ғып жеткізген кей тұста. Сол кездегі адамдардың пейілі, ықыласы ғана емес, сол уақыттағы қыздардың киген мода көйлегі мен туфлиі де өткен күннен бір белгідей қызықтырмай ма? Біздің әдебиетте осындай детальдар жетіспей жатыр. Памук осындай фактілерді қалтарыста қалдырмай, жан бітірген. Шетелдік басылымдар дәл байқағандай, «Памуктың сырлы әлемінен шыққыңыз келмей қалатыны» рас. Оқиға Себилдің қып-қызыл дүние-дүкен ішінен «Jenny Colon»-нің сөмкесін көруінен басталады. Осы қып-қызыл дүниеге қызығушылығы оның бар бақытын, тәп-тәтті армандарын быт-шыт қылады.


- Кітаптағы кейіпкерлер туралы айтып отырсаң.


- Памукте жағымсыз кейіпкер жоқ. Ол кейіпкерлерін бетін қызартып ұялтып, жазаламайды. Бәрін де жақсы көреді. Кейіпкерлерін сан қырынан ашып суреттейді. Осындай болмаңдар не осыдан үлгі алыңдар деп ұрандамайды. «Адамдар да әр түрлі, талғам да, мінез де әр түрлі. Қайтесің бұл адамның бары осы, ақылының жеткен жері осы енді» деп ойланып отырғандай көрінді маған Памук парақтың арғы жағынан. Мысалы: «Тарық бейдің қызы екені осы қылығынан-ақ көрінбей ме?» - дейді, бар қатты айтқаны осы. Немесе Ыстамбулға жарнамаға түсу үшін келген немістің аршыған жұмыртқадай аппақ, аспан түстес көгілдір көзді, алтын шашты сұлу манекеншісіне бірде бір түріктің жігіті ғашық болмайды. Бұл мүмкін емес қой. Ал, Памук кітабында мүмкін қылады. Еркек біткеннің бәрі қарлығаш қас, қараторы түрік сұлуы Пүсінге ғашық боп, соңынан жүгіріп жүр. Өз ұлтын сүю, түрік қызын құрметтеу ұғымы өте биік Памукта. Бұл романын жазушы өзінің жалғыз қызы Рүияға арнап жазған екен. Шығармалары әлемнің алпыстан астам тілдеріне аударылып, өз заманының аса танымал жазушысы болса да, Орхан Памук былай деп жазған: «Бұл күнде маған ой мен жалғыздық жар болды. Мен махаббат пен саяси көзқарасымның кесірінен жалғызбын». Памуктың махаббаты биік махаббат, әдебиетке деген махаббат.


- Бұл кітап сатылымға түсе ме, қайдан аламыз деген оқырмандарға жауап берсең?


-Орхан Памукты қызығушылықпен аударам десеңіз, басың бәлеге қалатын түрі бар. Өйткені, Памук Түркиядағы бір баспаға өзінің авторлық құқығын берген екен. Памуктың шығармаларын аударып тарату үшін дүние жүзінің баспалары оның кітаптарының лицензиясын сатып алады екен. «Фолиант» баспасы да сатып алған. Сондықтан бұл екі кітап та баспадан шығысымен сатылымға шықты. Батыс басылымдары «Памуктың романдары бұл күнде роман оқылмайды деген түсінікті жойды» деген. Қызығы сол, Орхан Памуктың романдары қай елде болмасын қызығушылық тудырып, оқылу жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр.


Сұхбаттасқан: Ербол Бейілхан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар