Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сұраған Рахметұлы. Сартрдың “Сөз”-і

08.10.2015 473

Сұраған Рахметұлы. Сартрдың “Сөз”-і

Жан Поль Сартр.jpg

Жан Поль Сартр (1905-1980) француздардың таңғажайыптарының әм осы замандық көрнекті ойшылдардың бірі. Оны теңдесі аз талант, ХХ ғасырдың экзистенциализм өкілі деп көреді. 1964 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған. Бірақ капиталистердің кеңірдегіне дейін тірелген ұстанымдарына жан-тәнімен қарсы тұратын Сартр бұл марапаттан бас тартады. Ұлы әкесі діндар, көрнекті зиялы, теңіз инженері. Кітапханасы бай еді дейді. Ол көп оқыды. Оқыған кітаптары Сартрдың әжетіне жарады, я жарамады беймағұлым.

Сартрдың «Сөз»-і ғұмырнамалық, тектік сараптар, естеліктер мен сөз құдіретіне тереңдете,сүңгіте түседі. Адам әлемінің кемелденуіне сөз өнерінің ықпалы қандай әсер етеді деген сауалға жауап іздейді. Интеллектуалды мығым ойлы шығарма. Сартрдың жас дәуренінен самаладай жайнақ хабар беретін ойлар ұшқыны ескі дәптерлерінің сарғыш беттерінде жәудіреп тұрғандай. Ғылымды классификациялау қағидалары, пәлсафалық тұжырымдары эмоциялы өте асау мінезді тұжырымдар. Сартр өзі өмір сүрген дәуірдегі философтардың жалпылама қағидаттары мен сараптық тәсілдері хақиқ дүниені дұрыс түсіндіре алмайтынын дәлелдеді. Кемел ойлаудың ең күрделі негіздерін өз шығармаларының өзегіне қосып өрді.

«Сөз»-де қызыл сөздің экспанциясы басым дейтіндер табылған, табалаған да кез-кезінде. Алайда роман оның аса қуатты көзқарасына сүйене отырып зерленген көрнекі интертекстуалды құрылым. Қотыр мылжың бос сөздерден көш ұзақ. Құдіретті өмірдің мәні мен дәмі шығарманың өн бойынан сезіледі де тұрады. Рухани азаттыққа ұмтылу, өзіне еркіндік әперудің жолындағы итіс-тартыс күндер реңі. Мұң мен жалғыздыққа қарай өрімделген өң мен бояу, жалқылық, оқшаулық. Оқшаулықтың соңы – «Мен». Мұхтар Мағауиннің менімен тіндес, түбірлес, жымдас, нәрлес. Адамның өзіне қол салуы, өлім хақындағы ойлар, үрей ауқымындағы философиялық толғаныстары Сартрды ілгерілетті.

Адамның таңдауы мен қалауы, адамзаттың құндылықтар алдындағы міндеті сөз болады. Наным, сенім аясындағы әрекеттер мен нақты құдайсыздықтың ағымындағы экзистенциялистлердің қисындарына жауап ізделінеді. Оның пайымынша ешкім ешкімге ешкім емес! Ендеше өзің өзіңе өзіңсің! Мұндағы бір кілтипан пәк Сартр әке тәрбиесін көрмеген жетім. Жасқа да жетпей қалған. Ол жалғыздықтың, аяныштың, үрейдің құшағында өскен. Оның анашына деген қызғанышы осы «Сөз»-де ерекше таңбаланады. «Өмірде жақсы әкенің орны болуы мүмкін емес, жоқ!» - бұл оның ең қатал тұжырымы.

Асау өзен үстіне салынған жалғызаяқ көпірмен теңселіп келе жатқан уақыттың көрінісін жас ғұмырдың сүгіретінен айқын байқауға болады. Шексіз қыңырлық, білімдарлық, басқаға деген дара тәкаппар – «өзімшілдігі» оны достарынан да айырады. Өзімен өзі сырласу, мұңдасу арқылы жалғыздықты жан серігі етті. Ол, жалғыздықты – құтылмайтын азап, азат өмірді – абақты деп түсіндірді. Адамның алдында ешкім болжай білмейтін бейтаныс болашақтың тұрғанын айтады. Ол, әкесінің өмірмен қоштасуын қуанышпен қарсы алып, анасының тек өз қасында қалғанын бақыт санады. Сартр, Ницщенің «Құдай өлген...» деген көзқарасын құптады. Құдай жоқ болса да рухани санамен пайымға келетін әлемде нақты құндылықтың бар екеніне сену үшін аз ғана ұмтыл да ойыңды жеткізе түс дейді. Бір сөзбен айтқанда құдай болмаса да ештеңе өзгермейді дейтін француздық радикализмнің идеясынан аластағысы келмейді. Бірақ, құдайсыздықтан қорқудың жөн-жосығын да ұзақ саралайды. Достоевскийге жүгінеді... Егер құдай жоқ болса күллі өмірге шектеу болмайды. Сондықтан адам тастанды күйге душар болады. Өзінде де, өзгеде де тірек қалмайды. Адам оң қасиеттерден адаланып, құрдымға біржола қайтады.

Кейбіреулер кереметпін дейді, кемелдікке қарай өттім дегісі келеді,күллі келелі жағдаяттар оған қарсы тұрды... Онда махаббат, етене көңілдес досы болмады... Демек оның себебі - нағыз досқа лайық достың табылмауынан. Ол, уақыт тапшылығынан жетекәміл еңбек ете алмағанын, өмір өткелінен бірге қол ұстасып өтетін әйел заты ұшыраспағандықтан «қара жүрегіңді қақ жарып беруге лайық ұрпағым болмады» дейді. Сартр оған қарсы. Адам өз өмірінің кейіпкері екенін тағы да тілге тиек етеді.

Пайдалана алмаған мүмкіндіктері мен өзіне берген еркіндіктерін өзгеден, өзге фактордан іздеу, өз осалдығын сезінбеу қандай аянышты, өлез өмір бойы өлез қалпында қалады. Сенің өмірің сенен өзге ештеңе емес... «Көсенің сүйген еріні тұзсыз тағам ішкенмен тең...». Егер Сартрды оқымаған адам оны түсінеді деп ойлай алмаймыз.

«Сөз»-де: «...Немістер әлжуаз әулет, бақытқа жарай олар бізбен көрші, біз оларға шуақ түсірудеміз...». Орыстың алғашқы төңкерісі мен дүниежүзілік бірінші қанды соғыстың аралығында Маллермэ өлді. Виктор Гюге өлгеннен кейін ешбір жаңалық оқи алмадық...

«Сартрдың рухына»

Заман мен замана шалысып жылдар ояна алмайды,

Самал жел өлең иісіндей, шалғыда мұңдар көшеді.

Өксік жаңбырлар ұзайды мұнармен-бояуы алдайды,

Қопсып төбелер, қорғасын шыңдар құмдарда өседі.

Өседі таңдар, өртеніп бұлттар, шығыс етегі

Өн бойын тырнап шуақтар өңі – сөнген ғұмырдай.

Уақыт үзіліп, үзіліп сулар, бұлақтар тынысы өтеді,

Өңірден құлап жатады сүт жолақ өрген бұрымдай.

Іңірлер күбірлеп осылай түңілген тынысты тарайтып

Көгілжім мейірім көрініп жылыстап көлдерден бір ыңғай,

Күлігің кісінеп зейінің ішіңді қылыштап ауыздық ән айтып

Түстердің түгінен мың ғасыр алжасып, алмасып түнімен,

Көк таулар тілімен шуласып өлеңнің нілінен жалайтын.

Тірі оттар жалыны тышқанның інінен, құстардың үнінен,

Түңіліп бәрінен жылдармен тебісіп, жеңісіп, айшылап

Замана заманмен шалысып, алысып бұл жолы шынымен

Аламан, аламан бұла ағын тұрады,

күліктің құлағы тәңірдің шуағын қайшылап.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар