Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Батырхан Сәрсенхан. АШЫҚ ХАТ

07.10.2015 338

Батырхан Сәрсенхан. АШЫҚ ХАТ


Батырхан

Біздің буынның жас ақындарына


Ардақты замандастар! Біз бір дәуірдің, тұтас бір қоғамның, бір буынның толқынды легіне тап келдік. Саусақ басқа болғанмен білек бір. «Біздің заманымыз келер заманның атасы, өткен заманның баласы», - депті Байтұрсынов. Бұл тұрғыдан алғанда алдымызда алпауыт ғасырдан жалғасқан Ұлы міндет тұрғаны – талассыз ақиқат. «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» қолға киелі қалам алып, ақиыққа құлаш сермеген қанаттар толқыны, әлбетте, көз қуантарлық. Бізге дейін дамыған сөз өнері бізден кейін қай сатыдан бой көрсетпек? Қолға қалам алдырған осы бір түйткілді сұрақтардың соңы «Не істеу керек?» деген табанды ойға тіреледі. Кезінде Есениннің: «Әдеби ортаның темекі сасығаны соншалық, жұтар ауа таусылуға шақ» деген пікірі көп жайдан хабардар еткені мәлім. Бүгінгі жастар шоғырының дені Алматы мен Астанадан бой көрсетеді. Жалпы, әдеби орта ақын үшін қаншалықты маңызды? Кейде, сол орталар көп уақытты көшеге жұтқызып, кітаптан біршама ірге бөлгізетіндей көрінеді маған...


Жә, түпкі мақсатым бұл емес. Көптен толғандырған мәселелер төңірегінде жеке пікірге сүйене отыра сіздерге қояр маңызды Үш талабым бар. Бұл талаптар менің емес, бүгінгі аласапыран қоғамның, кербез уақыт пен кеңістік талабы деп ойлаймын. Һәм саналы ойға қазық болар деген сенімдемін.


Біріншіден – Жүйелі ізденіске кірісу. Ізденіс дегенде, Мағауиннің «Архив хикаясы» еске түседі. Немесе тәулік бойы жазу үстелінен тапжылмай отыратын Айтматовтың жанкешті ізденімпаздығы, Жұмекен ақынның арасын суытпай қадау-қадау жинақтар беруі, Қадыр Мырза Әлінің бай кітапханасы ойға оралады. Нағыз таланттың құпиясы шығармашылығын үздіксіз дамытуы мен уақытты қадірлеуінде жатса керек. А.Энштейннің 2 минут кеш оятқан күзетшісіне айтқан өкініш сөзі бұған дәлел. Қазіргі кезде «модаға» айналған ұғым бар. Шетел жазушыларын мысалға алып, сөзін жалаулатып, еңбектері жайлы «шексіз» толғанып топ алдында сөз сөйлеу. Сыр шерту. Абайша айтқанда: « Жаттың бір тәуір кісісін көрсе «жарықтық» деп, жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай?» Жақында ғана тұсауы кесілген «Бабалар сөзінің» құнары кез-келген елдің әдеби құндылығынан озық үлгі болмаса бір де кем емес. Қазақтың «Батырлар жыры». Қара өлеңі. Жыраулар поэзиясы. Алаш мұрасы. Осыларды бойға сіңірмей, өзге елдің ирегін қамшылап, жаңғағын шағу меніңше қасаңдау. Бұл әлем әдебиетіне бойлама деген сөз емес. Ақынның басты қаруы – білімі екені даусыз.


Екіншіден – Жауапкершілікті сезіну. Әдебиетке келген әр жастың жүрегінде лава толқыны тасқындайды. «Шығып жүр ғой бүгінде, Қасым деген бір ақын. Сол болады түбінде, Енелеріңді ұратын!». Бұл шартты рефлекс. Алайда сол жастардың көбі теңізге жетпей тартылып, шегіне жетпей сарқылып, жұтылып кетіп жатқанын көз көруде. Мағауинше сөйлесек: «Құдайдың несиеге берген талантын» халқына еселеп қайтара алмай дағдарысқа түсуде. Бәлкім бұл Ұлы жауапкершілікті сезіне алмаудан туындаса керек. Құрметті замандасым! Сен жазбасаң, кім жазады? Сен айтпаған сөз маржанын, дәл сенше кім өрнектей алмақ?


Үшіншіден – Азаматтықа үн қосу. Қазіргі Қазақстанның жай – күйі әрі қуанарлық, әрі ойланарлық. Елім деп еміренген жас боздақтың жан күйзелісіне жамау болып, «қымыз ішіп қызарған» халқы үшін ойын онға, санасын санға бөлген Алаш арыстары еді. Алаш арыстары кім? Әлбетте, қалам иелері, ұлт жанашырлары. Қой үстіне бозтарғай жұмытрқалған аума-төкпе заманда ел іші қалам иелерінен қарымды сөз күтетіні белгілі. Мұндайда үнсіз қалуға болмайды. «Ақын болу өз еркің, азамат болу міндетің!». Ұлтының ар-ожданы бола білген П.Неруда, Р.Ғамзатов, Р.Тагор сынды күрескер ақындар әлемдік сахнадан орын алды. Ақтамберді жыраудың: «Қарағайға қарсы біткен бұтақпын, Балталасаң да айрылман. Сыртым құрыш жүзім болат, Тасқа да салсаң майрылман!», - дейтін өршіл рухы жер тітіренткендей. Ардақты замандастар,бауырлар! Хатқа сөзім сыйғанмен, өзім сияр емеспін. Біз әдебиетке не жасай аламыз? Нендей жаңалық әкелеміз? Сана мешеулігіне ұшыраған қауымға рухани «операция» жасай аламыз ба? Елдің ертеңі мен бүгіні қалай болмақ? Бұл сұрақтар әрбір жастың көкейінде қайнап жатса деймін.


Құрметпен, Батырхан Сәрсенхан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар