Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мағжан Жұмабаев аударған өлеңдер

07.10.2015 615

Мағжан Жұмабаев аударған өлеңдер




Мағжан Жұмабаев

* * *

 

(Арабтан)

 

Көңілде қайғы қалдырмас

Қандай да болса үш нәрсе:

Көкорай шалғын, ағын су,

Әдемі жарың әсіресе.

 

 

БАЛА МЕН ҚҰС

 

 

(Орысшадан)

 

– Жыршы құс, тілімді алып, келші мұнда,

Жасыл шөп, жасыл ағаш қалсын онда.

Қапаста жаның тыныш отырасың,

Жазы-қыс жейтін ұрық бәрі қолда.

 

Мен сені жан досымдай қадірлеймін,

Ерінбей, тамағыңды әзірлеймін.

Мөп-мөлдір саф күмістей, тәп-тәтті су

Күнде ерте, жалғаны жоқ: «Әзір!» – деймін.

 

Ас-суың керегіңше даяр қылам,

Кем-кетік жерің болса, даяр тұрам.

Жаз жетсе – қорқынышсыз, қыс уайымсыз,

Далада мың қорқыныш, суық боран.

 

Аңшы да мылтығымен ата алмайды,

Қаршыға жақындауға бата алмайды.

Күн ұзын жырың жырлап отырасың,

Басқа жан мұндай рақат таба алмайды.

 

– Жоқ, мырза, бұл мақтаған қапасыңа,

Кірмейтін боран, суық лапасыңа

Бермеймін қалың ағаш, өзен-суды,

Келсе де мың бір пәле бұл басыма!

 

Жайнаған түрлі гүлмен кең даламды,

Қай жаққа ұшсам-қонсам ен даламды,

Балақай, асу-суыңмен сыйланам деп,

Жанымнан, өз еркімнен құр қалам-ды.

 

– Кең дала, қалың ағаш, аққан бұлақ,

Сүйкімді маған дағы жасыл құрақ.

Құсеке, соны ойлашы, суық болса,

Қыласың үсіместей қайда тұрақ?

 

– Кетемін онда ұшып жылы жаққа,

Қысы-жаз қар жаумайтын біздің баққа.

Қар кетіп, сіздің жақта жылы болса,

Қайтадан ұшып келем ескі таққа.

 

– Адассаң жазатайым жолдан шығып,

Құр тоңып өлмейсің бе боран соғып?

– Шырағым, оның үшін қорқа қойма,

Жасаған жол көрсетер қайырым қылып.

 

 

ЕРТЕҢГІ СӘУЛЕЛЕР

 

 

(Орысшадан)

 

Көкте жүзіп жарық күн,

Нұрын шаша бастады.

Оянсын деп жер жүзі,

Алтын сәуле тастады.

 

Бірінші сәуле ұшты да,

Бозторғайды оятты.

Сескеніп, сасып торғайың,

Жалмаң қақты қанатты.

 

Көтеріліп аспанға,

Көктем жырын жырлады:

(Кірісті іске шаттықпен,

Жалқауланып тұрмады)

 

«Қандай жақсы ертеңгі

Саф ауада демалу,

Таза, жақсы ауадан

Бұл денеге ем алу!»

 

Екінші сәуле ұшты да,

Барып түсті қоянға.

Шаттықпенен секірді

Секситіп құлақ қоян да.

 

Шықты шөпке секіріп,

Ертеңгі тамақ іздеді.

Жұмсақ, тәтті сұлы шөп

Көп ішінен көздеді.

 

Үшінші сәуле тауықтың

Ұясына дәл түсті.

«Кукареку» деп әтеш те,

Қақты қанат, сілкіді үсті.

 

Тауықтар ұшып ұядан,

Қыт-қытқа басып, шөп-шарды

Аралап, іздеп бір тынбай

Арасынан құрттарды.

 

Төртінші сәуле араның

Ұясына түсті дәл.

Балауызды ұядан

Шықты жимақ болып бал.

 

Терезеге отырды,

Қанатын түзеп оңтайлап.

Зұм-зұм ұшты, жөнелді,

Бал жиямын деп ойлап.

 

Иісі жақсы шөптерден

Ерінбей-талмай бал жияр.

Өлеңін айтып күңіреніп,

Жібектей шөпте хал жияр.

 

Бесінші сәуле тұп-тура

Түскен екен балаға –

Еңбексіз, жалқау, еріншек,

Істен қашқан шалаға.

 

Өткір сәуле көзіне

Оятам деп түссе де,

Айналған, жатқан, ұйықтаған,

Хабарсыз, дүние көшсе де.

 

Ойлап тұрсаң, мінеки,

Дәл осындай біздің жай.

Сәулесіне білімнің

Басқа жұрт ашқан көзін-ай.

 

Өнерлікпен көкке асқан

Көре алмадық азын-ай.

Жамылдық, жаттық, ұйықтадық,

Келдік өлер кезіне-ай!

 

 

ШАЛДЫҢ ҮМІТІ

 

(Кольцовтан)

 

– Ерттеп мінсем бір жүйрік ұшқыр атты,

Шапсам, ұшсам сұңқардай құстан қатты,

Жалпақ дала, кең теңіз бәрін өтіп,

Қуып жетіп, қайтарсам жастық шақты.

 

Солқылдап жігіт болып кейін қайтсам,

Жаңғыртып ен даланы өлең айтсам!

Қартайғанда, «кет!» деген бұраң белмен

Бұрынғыдай айқасып бірге жатсам!

 

– Жоқты күтпе. Оқ қайтпас, бір атқан соң,

Қайтып татар нәрсе емес, бір татқан соң.

Ізі жоқ іздеп табар, құр қаңғырма,

Күнбатыстан күн шықпас, бір батқан соң!

 

 

ТҰТҚЫН

 

 

(Лермонтовтан)

 

Абақтыдан құтқарып,

Сәулесін күннің көрсетші.

Қаракөз жанға қыз салып,

Қара жал жүйрік ат берші.

 

Жас сұлуды жүрекке

Қысып әуел сүйейін.

Сонан соң ырғып жүйрікке,

Желдей ұшып гулейін.

 

Есік берік, әйнек те,

Дариға, бірақ тым биік.

Қаракөзді аулақта

Жатқан шығар жат сүйіп.

 

Жасыл қырда ерігіп,

Жүгенсіз жүр ғой тұлпар-ат

Құйрық-жалы төгіліп,

Бос ойнақтап, көңілі шат.

 

Жоқ жұбаныш, жалғызбын,

Жалаңаш тас – айналам.

Шашады әлсіз жарығын

Сөнетін оттай сорлы шам.

 

Естіледі жалғыз-ақ

Ар жағында есіктің

Күзетші жүр үнсіз, сақ,

Аяғын басқан есеппен.

 

 

* * *

 

 

(Әбу Фирастан)

 

Жау жеңді, берік қамады,

Кісендемін – тұтқынмын!

Тамшылап қаным ағады,

Сарғайтасың өтпей, күн!

 

Еш дыбыс жоқ, қара түн,

Жұлдыздар әлсіз сәулесін

Шашып тұр... естіп талған үн,

Таныдым шешем дауысын.

 

Көптен енді қан жұтып,

Шақырасың, қарт анам.

Тұтқын боп, қолдан ерік кетіп,

Бара алмай тұр жан балаң!

 

Сабыр қыл, анам, сарғайма

Дамылсыз зарлап күні-түн.

Қуан, қыл шүкір Құдайға,

Иманым үшін тұтқынмын.

 

 

КҮН ШЫҒАДЫ ДА БАТАДЫ

 

 

(М. Горькийден)

 

Күн шығады да, батады,

Абақтым қара әрі тар.

Түнде, күндіз күзетшілер

Тереземді бақылар.

 

Бақылаңдар, мейілдерің,

Қаша алмаймын мен сорлы.

Жүрек ерікке ұмтылады,

Үзе алмаймын шынжырды.

 

Ай, шынжырлар, шынжырларым,

Сендер – темір сақшылар.

Үзе алмас та, сындыра алмас

Сендерді асқан батырлар.

 

Қарға, қарға, қара қарға,

Неге төніп келесің?

Көзің сүзіп күтпе бекер,

Мен сенікі емеспін.

 

 

 

АРАБТАН

 

 

* * *

 

Қаһармен қарғып, шапшып, ақырып ұмтылған,

Арыстанға қарсы шапқан ерлерің –

Барқылдаған бір төбеттен қаймығып,

Қалайша іздер таса, сая жерлерін?!

 

* * *

 

Жазғытұрым көл боп жауған жаңбырың

Жомарт ердің бергеніне жете алмас:

Қапшық-қапшық алтын-күміс ер берер,

Тамшылаудан жаңбыр асып кете алмас.

 

* * *

 

Тамаша-ау жазғытұрым жеткенінде,

Көк жылап, мазақ қып жер күлгеніндей.

Жайнаған жердің жүзі алтын-күміс,

Сақтық қып ерте Тәңірі көмгеніндей.

 

* * *

 

Сопысынба, қара жүрек бол да қал,

Тізе көрсең қара жүрек адамнан!

Көп наданның мәжілісіне кез келсең,

Білем деме, болып көрін наданнан!

 

* * *

 

Басқа келген қорлыққа

Жалғанда жан шыдамас.

Шыдап тұру зорлыққа

Арлы жанға ұнамас!

 

 

* * *

 

Қу қазықты жаны жоқ

Алмасақ егер есепке,

Қорлыққа, намыс-ары жоқ,

Шыдайтын жалғыз есек те.

 

* * *

 

Сендей сұлу тірі жан

Көргенім жоқ жалғанда,

Сендей бала таба алмай,

Талай ана арманда!

 

* * *

 

Кемшіліксіз сын-сымбат,

Көп артықсың хордан да.

Жаратылдың еркіңмен,

Еркіңе Құдай салған да!

 

 

ДӘРІГЕР

 

 

(Дмитриевтен)

 

Маған айтты бір дәрігер:

– Таба алмассың бір ауру

Ұнамады деп айтқан

Мен істеген ем-дәру.

 

Ойладым: «Иә, дәрігерім,

Теріс деп ісің кім айтар!

Айтуға да қаратпас,

Өлім келер, тіл байлар!»

 

 

 

ОРМАН ПАТШАСЫ

 

 

(Гетеден)

 

Қараңғы салқын түнде кім

Аяңдамай, желеді?

Жанында жас ұлы бар,

Жолаушы жортып келеді.

 

Әкесіне дірілдеп

Тығылды бір уақ нәресте.

Құшақтап қысып баласын

Жылытады қарт әке.

 

«Неге қорқып тығылдың,

Айтшы, көзім қарасы?»

«Көз алдымда жарқ етті,

Жан ата, орман патшасы.

 

Сақалы оның қоп-қою,

Қара тәж киген Қарахан!»

«Жоқ, жаным, су үстінде

Тұман ғой ол ағарған!»

 

«Мойныңды бұр, балақай,

Маған қара, нәресте.

Не тілесең, менде бар

Сансыз қызық көп нәсте!

 

Хош иіске толтырар

Феруза гүлдер маңайын.

Бұлақтарым – меруерт,

Саф алтыннан сарайым!»

 

–«Жан ата, орман патшасы

Сөйлеседі менімен,

Меруерт, маржан қуаныш,

Береді алтын кенімен!»

 

«Жаным, жаңылыс естіпсің,

(Берген патша ол неткен?!)

Жел ғой ол жаңа оянып,

Жапырақты тербеткен».

 

«Келші маған, нәрестем,

Тоғайымның ішінде

Сұлуларым көрерсің,

Көрмеген ондай түсіңде.

 

Ай жарықта сұлулар

Тоқтаусыз ойнар да ұшар.

Тылсымды ойын, бал шумен,

Сәулем, сені ұйықтатар!»

 

         «Жан ата, орман патшасы

Шақырды қара қастарын!

Арасынан бұтақтар

Шұлғиды қыздар бастарын!»

 

«Қорықпа, балам, қараңғы

Түнде жоқ еш қорқыныш.

Ол – ақ шашты ағаштар,

Жай ғана тұр ғой тып-тыныш!»

 

«Жараланды жүрегім,

Ғашықпын, бала, көркіңе.

Енді маған келерсің!

Қоймаспын, сірә, еркіңе!»

 

- «Жан ата, орман патшасы

Қуып бізге жетті ғой.

Келіп қалды мінеки,

Қысылдым, демім бітті ғой!»

 

Жолаушы енді қысылып,

Шаппайды, ұшып келеді.

Қайғырады нәресте,

Нәресте жылай береді.

 

Құйындатып жолаушы,

Үйіне ұшып келіпті.

Бірақ оның қолында

Нәресте жолда өліпті.

 

 

БҰТАҚ

 

 

(Мятловтан)

 

 

Айтшы, бұтақ, қай жаққа,

Жолың болсын, жүзесің?

Толқыннан таудай қорықпастан,

Теңізді түпсіз кезесің!

 

Апырм-ай, жаным, байқай көр,

Ашулы теңіз мерт қылар.

Шамаң бар ма теңізбен

«Білгенің қыл!» – деп серт қылар?

 

Бұтақ дейді: «Теңізден

Сақтану маған не керек?

Мен – құрыған бір дене,

Жоқ енді менде тіршілік!

 

 

Ата-анам – ағаштан

Айырды мені жауыз жел.

Енді мейлі айдасын

Тілеген жаққа су, дауыл!

 

 

ЕКІ БЕТІҢ, СҰЛУ ҚЫЗ...

 

 

(Гейнеден)

 

Екі бетің, сұлу қыз,

Розадай ойнап, жанып тұр.

Жас жүрегің бірақ мұз,

Жүрегімді қарып тұр.

 

Мұның бәрі өзгерер,

Көрерсің әлі-ақ, сұлу қыз,

Жүрегіңе жаз келер,

Екі бетте орнар қыс.

 

 

АЙРЫЛДЫМ СЕНЕН, ЖАН СӘУЛЕМ

 

 

(Гетеден)

 

Айрылды сенен, жан сәулем,

Көруге енді жоқ үміт.

Бірақ соңғы сөздерің

Кетпейді естен боп ұмыт.

 

Жапанда жалғыз жолаушы,

Аспанда торғай жырласа,

Көзі көкте, тілегі –

Көріп жақын, тыңдаса...

 

Мен де сондай қапамын,

Тоғайға, қырға қараймын.

Қайғымен жалғыз күңіреніп,

«Жан-жарым!» – деп жылаймын.

 

 

 

КҮННІҢ БАТУЫ

 

(Генрих Гейнеден)

 

Толқындаған дарияға

Қызарып оттай күн батар.

Жұқа, ақшыл бұлттар

Құрмет қып оны ұзатар.

 

Қарсыда, қара бұлттан

Қайғылы аппақ туар Ай.

Тұманды көкте жыбырлар

Жұлдыздар ұсақ ұшқындай.

 

Баяғы ерте заманда

Бұларда артық бақ болған.

Ай әйел боп, Күн – ері,

Толықсып тұрған шақ болған.

 

Нұрлары балқып екеуі

Қосылысқан бір мезгіл.

Айнала жұлдыз – балалары –

Жайнаған өңшең алмас гүл.

 

Жайнатып бақытын қоймаған,

Өтірік, өсек жайылған.

Көрместей ғып бір-бірін,

Дұшпан қып бұларды айырған.

 

 

Осы күнде тәкаппар

Күн көкте жалғыз жайнайды.

Сәулесіне алтын мәз болып,

Күн ұзын көкте ойнайды.

 

Бақыты мол адамдар,

Көрмеген қасірет жамылып,

Оған еш зат тең келмес,

Тәңірі қып хатта табынып.

 

Түн болса, аппақ қайғылы

Қорқып қана Ай туар.

Апалап ерген артында

Балалары – жетім жұлдыздар.

 

Бақытсыз, жанған жас қыздар

Қайғыда оны ес көрер:

Мұңын жырлап аулақта,

Ащы, ыстық жас төгер.

 

Айнымас әйел көңілмен,

Айбынды Күн күйеуін –

Ұмытқан жоқ Ай сорлы

Әлі күнге сүюін.

 

Кешкі мезгіл көп уақыт

Дірілдер, қорқар, ағарар.

Жұқа бір бұлт астынан

Батқан Күнге ол қарар.

 

Жүрегі жанып мұңайып,

Көзінен Күнді батырад.

Айтатындай өтініп:

«Тоқта!– деп,– балалар шақырад».

 

Тәкаппар Күн қарамас

Мұңды Айдың түсіне.

Онан жаман қызарар,

Ашу сыймай ішіне.

 

Айыпсыз Айға қарамай,

Жатары барып тұл төсек.

Күн мен де Айды айырған

Не қылмас дейсің бұл өсек!

 

 

 

САРҒАЙЫП КЕЛГЕН ЕГІН ТОЛҚЫНДАНСА

 

 

(Лермонтовтан)

 

Сарғайып келген егін толқынданса,

Жас орман, жел күңірентіп, әнге салса,

Жапырақтың жасыл ләззатты саясында

Бақшада мойыл қаймақ жасырынса;

 

Себілген алмас шықпен шын хош иіс,

Сары алтын – ерте, яки қырмызы кеш.

Бір топтың қолтығынан күліп қана

Бас иіп есендесер күміс ландыш.

 

Секіріп салқын бұлақ ойнап сайда,

Батырып көмескі түс, тұманды ойға,

Шапқылап шыққан жерін әңгіме ғып,

Былдырлап ақ бетінен сүйгізсе Айға,–

 

Сол уақыт жай табады асау жаным,

Сол уақыт жадырайды қас-қабағым.

Шын бақты тапқандай боп осы жерде-ақ,

Көремін көк жүзінде Жасағаным...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар