Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрлан Хавдай: Әкемнің соңғы өлеңдері......

02.12.2016 5531

Нұрлан Хавдай: Әкемнің соңғы өлеңдері...

Нұрлан Хавдай: Әкемнің соңғы өлеңдері... - adebiportal.kz

IMG_20161129_185759.jpg

Әкеме елу жасы алқындырып жетті...

Әкемнің көзін көрген ағаларым жақсының тұяғы едің деп басымнан сипар еді. Сырттай тілеуімді тілеп жүретіні қаншама. Сондайда әр жолы іші-баурың қолқ ете түседі, несін жасырайын. Әкемді бірі газеттің «жедел жәрдемі» еді деп еске алады. Өзімшілдігім емес, әкемнің шын бағасы – әлгі «пәлен жол керек» деп түн ішінде Мүсірепов қоңырау шалатын Биағаңды елестетем. Тағы бір ағам айтады: «Қабаң сұқ саусақ пен ортан қолдың арасына темекісін қыстырып алып жазу жазғанда ақ қағаздың бетінде паравоз жүйткіп келе жатқандай көрінетін» - деп. Жанарым бұлдырай шайқалып бара жатады. Өзімді өзім әзер тежеймін.

Әкем дүниенің бетіне күліп қарайтын. Жалған дүние сырт айналарда баз кешіп, бүк түсіп жатып қалатын боркемік емес еді. Көрер жарығы көмескілене бастағанда да қолынан қаламы түскен жоқ. Табандап отырып әулетіміздің шежіресін жазды. Ұрпақ қамы да. Күнделік жүргізді. Денсаулығы қай күні, қай сағатта сыр берді, ауыр дерт кенет шаншудай қадалған сәттегі алғашқы секем, арпалысу керек пе, жоқ әлде шарасыз жетегіне ерем бе деген екі ұдай сезім, жанталас – адам мен албасты дерттің, үміт пен күдіктің күресі... бәрі-бәрі ойыс-кейісімен қағазқа түсті. Ол әрі бір үйдің басынан өтіп жатқан бүтін бір бұлағай заманның суреті еді.

Әкем жарты денеден жан кетіп, оң қол икемге келмей қалғанда сол қолмен сүйкектететін болды. Көңіл шіркін сайрап тұр... Қағазға түссе қамықтырады екен... Бірде ұқсап, бірде ұқсамайтын айқыш-ұйқыш жазулар бар мен жоқтың ортасында қалған ақынның аянышты халіндей еді!

Әкем, ақын-журналист Қабдай Мысаханұлы 1996 жылы 18 мартта елу үшке қараған шағында өмірден озды. Мынау қойын дәптерінде қалған соңғы өлеңдері.

Нұрлан Қабдайұлы

Көн илеп көрдім, таспа өрдім,

Атадан мұрам – қастерлім.

Қазанат қана көтерер,

Көнеден қалған қасқа ермін.

Алты тармақтан жырымым,

Аталы сөздің құлымын.

Аруақтарға шет болмау –

Арғыдан келген ғұрыбым.

Майланып келген шеттігім,

Майырып айтар беттімін.

Майысып тұрар нәзікпін,

Майып қып кетер тектімін.

Қабат та қабат таралғым,

Қаһарман алып қамалмын!

Қағынып келсең дауылмын,

Қамығып келсең самалмын!

Қожаңдап келсең жауыңмын,

Қол беріп келсең бауырмын.

Қоңырқай ғана ауылмын,

Қойторы сынды жауырмын.

Әркезден мықты айылым,

Пейілдің озық байымын.

Өзімдей сенем өзгеге,

Момынмын – осы айыбым.

Жауырға желқом тоқыма,

Сауысқан болып шоқыма!

Мұраты ата-анамның –

Жылыну өзі отына.

***

Жағаға қол жармасты,

«Күш атасын танымай»

Ақ пен қара қаржасты,

Ақ жеңер-ау тарыдай.

Әрірек жүр албасты,

Бірді бірге жанымай!

Торы айғырды қан басты,

Арыр шақта арымай.

Сәбилердің қарны ашты,

Уыз еміп жарымай.

Деді кемпір:

- Шалым-ау,

Заман болды-ау тарыққан.

Деді шалы:

- Жаным-ау,

Артық емен халықтан.

***

Дәмім біткен бір күні мен кетермін,

Көздің жасын көл қылып селдетер кім?!

Үзеңгіге аяқты нық сал балам,

Алла жазса орныма белгі етермін.

Ғұмырыма ғұмыр боп жалғанарсың,

Жалғанына жалғанның таңданарсың.

Қысқа жіптің күрмеуін өз қолыңа ап,

Несібеңмен бұйырған жан бағарсың.

...Жалғыз тілек – қамы үшін ұрпағыңның,

Қапы қалмай ертерек қамданарсың...

***

Жаутаң-жаутаң көз мынау,

Жыбырлаған бет мынау,

Ауыр науқас қылқындырып,

Ішің жылап, сыртың күліп.

Алдамшы қып елу жасым,

Алқындырып жеттің-ау!

Еңсе әсте көтертпейді,

Әлім-пірім хал мынау.

Тасты шайнап, құм жұтатын,

Құмай шағым қалдың-ау!

Әлде бейнет, әлде ажал,

Тақты келіп қарғыбау!

Қажет енді қалғымау!

***

Ауылға ат ізін бір салсам деп ем,

Алаңсыз әңгімеге қансам деп ем.

Айбары Алатаудай аналардың,

Алдынан ақ батасын алсам деп ем.

Ауылға көп кешікпей жетсем деп ем,

Туған жерге мінәжат етсем деп ем.

Көңілі көл-дария әжелердің,

Қолдарынан дәм татып кетсем деп ем.

Жұлындап жүр көп жұмыс,

Қол байлап жүр,

Жолға шығар жайлы сәт болмай қап жүр.

Білінбей зырлап өтіп кетіп жатқан,

Уақытқа ұлдарың ойбайлап жүр.

Уақыттың бұрымын жел тербейді,

Жел тербейді,

Жетерсің ертең дейді.

Өздерің де келер ең,

Біліп тұрмын,

Өзектерің мен үшін өртенбейді.

Сенім артқың келмейді-ау қолау ұлға,

Ал немесе жұмыс көп,

Жол ауыр ма?

Сендер үшін бар, жоғым бірдей шығар,

Туған анам жоқ еді сол ауылда.

Жалқылығым болып бір тұрма мінім?

Едім ғой мен, көк тоқты, құрмалығың.

Бар болса егер хабар сап тұрар еді,

Туған анам

Немесе туған інім.

Қысқы ғұмыр бір күні аяқталар,

Алыс кетсе ағайын саяқтанар.

Сезінесің сен қалай?

Ал мен үшін,

Еш нәрсем жоқ сендерден аяп қалар.

Араласып тұрмаған алыстайды,

Беріспеген бет келіп алыспайды.

Тірісінде сыйласа алмағандар,

Өлісінде топырақ салыспайды.

Бұзып кетер десек те мақтау ұдай,

Ескермейді ағайын, жат танымай.

«Бай бір жұттық», «батыр бір оқтық» деген,

Сені жұттан, мен оқтан сақта құдай!

***

Мінгенім тоқпақ жалды боз арғымақ,

Тұяғы жануардың тозар бірақ.

Өмірдің жұлым-жұлым бәйгесінде,

Бір ат қалар соңында, озар бір ат.

Құйрығы жерді соққан күлтелі еді,

Екпіні шабытты ұштап білтеледі.

Зымырап қал, бәрі бір ақжал толқын,

Жағаға жеткен күні бір тебеді.

Қиялың қайда шалқып айға барған,

Қыранды қия қайда байлап алған.

Неге досым, боркемік боп барасың,

Өзек жарған өз үнің қайда қалған?!

***

Көңілді желіктіріп, еліктіріп,

Бойыңа шым-шым батып еріп-кіріп.

Төсінде гауһар сағым сырғанаған,

Ортаңда ойнақтайды еріктілік.

Келеді көктем кеші тербетіле,

Қарасаң көз тоймайды келбетіне.

Құйылған күн нұрынан наурыз шырақ,

Жамырап бара жатыр жер бетіне.

Тартады тамсандырып тереңіне,

Келіп тұр кермарал шақ кемеліне.

Шабыт шалқып, қиялды қияға атқан,

Шалқар кез көп болмайды керегі не?!

***

Ұрымтал тұс...

Бұр бері, жанасалат!

Қапы қала қоймассың қаласа бақ.

Бұғалықтап асауды үйрен балам,

Жүрмін сені өзіме қара санап.

Жігер болса жігіттік бойыңда сәл,

Серпе лақтыр шалманы, мойынға сал!

Үміт артқан ұлымсың жөргегіңнен,

Бозқасқа айтып шешең де тойын жасар!

Бәрекелді, болайын баласына,

Қалдырмадың дұшпанның табасына.

Жігіт еді жарықтық жылқы жанды,

Жарылқағыр, тартыпсың нағашыңа.

Бұғалықтап тағыны үйрен балам,

Үйрен балам, осыны сүйген бабаң.

Боз айғырдың жағайын шоқтығына,

Қымыз әкел бір торсық үйден маған...

***

Ашу-реніш жоқ сынды көңілде ерек,

Ас-су бөлек, мал бөлек, өмір бөлек,

Не жетпейді ал сонда?

Оны білер,

Жалғыз жол бар –

Бәріміз өлу керек!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар