Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Несіпбек Дәутайұлы. Шыңыраудан шыққан шер (эссе)

01.10.2015 739

Несіпбек Дәутайұлы. Шыңыраудан шыққан шер (эссе)



Шерхан

Жазу мәнерлері әрқилы болғанымен, рухани өте жақын адамдар болады. Мысалы, Шерхан Мұртаза мен Несіпбек Дәутайұлы. Жас айырмашылықтарының алшақтығына қарамастан, жиырма жылға жуық тонның ішкі бауындай болып кеткен бір аға, бір іні қаламгерлер – әрі дос, әрі сырлас, әзілдері жарасқан. Бірінің қадірін бірі біледі.


Біраздан бері Н.Дәутайұлы көркем кітаптарымен қатар Шерағаң жайлы эсселер жазып қойып жүр. Жазғанда, әдеби ортаның айтуынша, Шерағаңның бұған дейін ешкім дәл бере алмаған портретін жасады. Сондықтан шығар, Н.Дәутайұлының эсселеріне орталық басылымдар қатты қызығушылық танытып келеді. «Жұлдыз» журналы, «Түркістан» газеті сұрап алып жариялады. Бір тобы Алматыдағы «Диолог Евроазия Казахстан» баспасының Шерхан Мұртаза туралы жеке кітапқа енді.


Бұл көркем жазылған психологиялық эсселердің құндылығы – екі қайраткер қаламгердің адам, қоғам, заман, өмір және дүниетаным тұрғысындағы өзіндік ой-толғаныстары, философиялық пайымдары, ғұмырнамалық концепциялары ешкімді бей-жай қалдырмайды, бейғамдықтан, іштарлықтан, немқұрайдылықтан арылуға, адал, әділ болуға жетелейді. Сол себепті де, өзгеше қолтаңбасы бар Н.Дәутайұлының өрнегі басқа эссесінің бірін қалап алып, өз оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.








c6043X8I.jpg

«Человек не умирает до тех пор,

пока живут знавшие его».


Чингиз Айтматов



2008 жыл. Қызмет бабымен Алматыда едім. Шерағаң мобильныйға шығып тұр.

– Қайдасың? – дейді даусы қаңсып.

Айттым.

– Қазақ пен қырғыздың Алатауы шайқалып қалды ғой. Айтматов та көшті дүниеден. Естідің бе?

– Алматының азаматтығы қатты күйініп тұр, Шераға.

– Өйтпей… Одақ не қам жасап жатыр?

– Арнайы баратын делегацияның құрамын тізімдеді. Нұрлан Оразалин өзі басқарып барады. Қонаға Қордай күтіп алмақ.

– Астанадан баратындарға Прьемер мырза өз самолетін беріп отыр. Бастап баратын Мемлекеттік хатшы, – деді Шерағаң. – Қонаға біз де сол Қордайға баратын сияқтымыз. Өзің тізімдемісің?

– Солай, сірә.

– Е, онда, хош. Жерлеуден кейін, ары қарай Таразға сенімен бірге жүремін. Ала кетемісің?

– Не болды, сізге?

– Кім біледі? – деп Шерағаң қарадай қисайды.


Қордай ауданының әкімі Мұратбай Жолдасбаев қайта-қайта звондайды. Сондағысы, менің ертерек келгенім. Он тоғыз адамға қонақ үйлерден орын дайындаған екен, кімге қандай бөлме лайық соны көрсетіп, ақылдаспақ. Қонағасы дейтін бар. Жылқы сойылған. Өзім өскен, кейінірек кісіліктің барлық шаруасының басы-қасында жүрген, кімді де, қанша адамды да азаматтықпен хан көтеріп күтіп алатын елі, жері қасиетті Қордай ғой, бұл. Жігіттерден бір күн ерте келдім. Мұратбай інім екеуміз қонақ үйлерде дайындалған орындарды бөлдік: мынау Шерхан Мұртазаға, мынау Әбіш Кекілбаевқа, мынау Рымғали Нұрғалиевке, мынау Әкім Таразиге… Осылай рет-ретімен ыңғайлап қойдық.


Ең ғажайып туындыларының оқиғасы қазақ даласында өтетін қырғыздың ұлы суреткер перзентінің қазасы дәл біз үшін Жамбыл тәтемнің: “Алатауды айналсам, Алғадайдай табам ба?” дейтін қан жұтқан қайғысымен, зіл батпан зарымен пара-пар. Кімдер келіп, кімдер кетпеген дүние. Дейсің, дегенмен келісі мен кетісі де бірдей ме. Яғни, елеусіз, болған күнде жалғыз ғана ұлттың аясына сиятындар бір басқа да, артық туған Айтматовтың кетуі алабөтен өкініш. Себебі, ол – Алып. Алыптың шалқар ойы, ақыл ауқымы, суреткерлік көкжиегі кіндік қаны тамған қырғыз жеріне сыймай, ұшы-қиыры жоқ қазақ даласына қарай самғап шыққаны айдай ақиқат.


Құрлық дейтін жалпы Жаратылыста Адам атаның тарихи шежіресінің ту-тудегі түкпірінен келер күндеріне дейінгі аралықта көретін көресісін тудыратын сан қилы құбылыстар түгел тоғысып өтіп жататын табиғи жер кіндігі болады. Сол, сірә, қазақ даласы. Айтматов осыны сезе алды, көре білді. Ол жалпыадамзаттық құдірет пен қасіретті әлемге сол біздің даламыз арқылы кімнің де ақыл-есін, ар-ұятын, жаны мен рухын сирек суреткерлік қуатымен дүр сілкіндіріп, дүниенің рухани көгіне самғап шықты.


Адам баласының арғы-бергі тарихында дара дарыны мен асқан ақыл-парасаты тең, ой-жүйесі мен қиялы ерекше үйлескен, жүрегінің түбі айтары түпсіз қазына суреткер тұлға некен-саяқ. Олардың қазасының орны толмас өкініш екендігі де сол.


Қордайда Шығыстың жұлдызы – Айтматовқа күллі қазақ халқының атынан берілген қонағасында, қазақтың біз жоғарыда айтқан абыздары алма-кезек осыны айтты. Әруақ аунату тек мұсылмандыққа тән қасиет. Өзгенің қасіретіне өзінікіндей опыну, күйіну де өзіміздің ұлттық мінез. Керек десеңіз, Айтматовтың қырғыз екенін де ұмытып кетесіз. Жақсыда жаттық жоқ-ты сосын айтқан-ау, ата-бабамыз.


Қонағасыдан соң жатар орынға келіп, ағаларымызды жайғастырған соң, Шерағаңның жанында біраз отырып қалдым.


– Осында жата сал, – дейді.

– Балаларымның үйі бар ғой, – деймін.

– Сонда мына атшаптырым бөлмеде жалғыз жатам ба?

– Сөйтесіз.

– Өстисіңдер, ә! – Шерағаң көзәйнегін алып былай қойды. – Айтматовты соңғы рет қашан көрдің?

– Нұрланның алпыс жылдық мерейтойында.

– Оразалиннің?..

– Ия.

– Оған келе алмай қалдық қой. Астана кеткелі, сол. Бәрінің бірдей қисыны келмейді. Бірінде бар, бірінде жоқсың. Шыңғысты талайдан көрмеп едім, енді міні… Осы дұрыс па?

Үндемедім.

– Ертең, бірсүкүні деп жүреміз кеп… Ар жағы – қап, әттеген-ай… Пенделік, баяғы.

– Адамның пенделігін өзінен биік пе, деп қалам.

– Ал…

– Адам сол пенделігінің көлеңкесі сияқты, маған.

– Мынауың философия ма… Дегенмен… Кісінің қазасы ше?.. Бұл жерде пенделік жоқ. Бұл өмірдің ең ұлы ақиқаты. Келісемісің?

– Енді…

– Пенделікті жеңерсің, қазаға ешкімнің құдіреті келмейді. Отырмыз, міне, Айтматовтан мәңгіге айырылып. Пенделігімізден емес, амалымыздың жоқтығынан. Ұлы еді, жарықтық.


Қайсыбір жылы Шерағаң Жуалыға, туған ауылы Талаптыға ертіп барған. Үш күн болдым қасында. Сонда ол: “Ана тауды көрдің бе?” деген шығыс жақты саусағымен көрсетіп. – Ар жағы Шекер, Шыңғыс туған”. “Кіндік қандарыңыз арасы қарға адым жерге тамған екен ғой” дегем. “Ол ұлы, мен емеспін” – деген ағамыз. – Дегенмен, аудардым біраз шығармасын. Дәтке қуат…”


– Жұмсақ, жайлы еді, – деді Шерағаң күрсініп. – Әулие-тұғын. Сес көрсетпейтін. Көңіл қалдырмайтын… Сен асығып отырған жоқпысың?

– Әдейі сұрайсыз ба?

– Е, кім біледі? – деп алып Шерағаң бір жайды есіне алды.


Ертеректе Айтматов Алматыда санаториде демалып жатқан. Ішінде Шерағаң бар көңіл жақын қазақтың қарағайдай үш-төрт жазушысы барған ғой оған, сәлемдесе. Әңгіме-дүкен. Бір кезде есік тарс етіп ашылды дейді. Бәрі селк еткен. Сөйтсе, бір жас ақын. Оң қолында гүл шоғы, сол қолында қорап. Есікті баспен ұрып ашқан. Келе, қарағайдай ағаларына қарап та жатпай Айтматовты бас салды. Айналып-толғанып өліп барады. Кемеңгер деп біледі екен, пір тұтады екен, өңінде де, түсінде де көретіні Айтматов екен... Сол қолындағы қорабынан сағат шықты. Алтын сағат. Құны удай. Сыйлығы. Бұйымтайы – шыққалы жатқан кітабына Айтматовтың алғы сөзі. Мәтінін өзі дайындап әкелген. Тек Айтматов астына қолын қойып берсе болды. Қойып берді. “Қоюға бола бұ?” деп қасындағыларға сұрау салған жоқ. Пейілі кең. Ниеті таза. Тілегі ақ…


– Қайсымыз өстер ек, – деді Шерағаң басын көтеріп. – Ештеңесін оқымаған, танымайтын, ұлты басқа алқын-жұлқын жас біреуге?.. Білмеймін.


Азанда Қордай ауданы арнайы дайындаған автокөлікпен Бішкекке, Қырғыз Республикасының ішкі істер министрлігіне келдік. Ондағылар өз көліктерімен ұлы жазушының денесі қойылған театрға алып келді. Төрттен төрттен бөлініп Айтматовтың мәйіті жанында қарауылға тұрдық.


Кемеңгер жазушың мәңгі ұйқыға шомған жүзінде көзі тірі кезіндегі парасаты мүлде өше қоймаған сияқты болып көрінді, маған. Жарық әлемнің жақсылығы мен жамандығы, ізгілігі мен зұлымдығы арасындағы қансорпа тірліктің құдіреті мен қасіретін қаламынан қан мен тері қатар ағып отырып қазбалап, жаһанның жан жарасын жалпыға жаңа дүмпумен жазып жеткізген жазушының мәйіті жанында кімнің не ойлағанын дәл айту қиын, десек те қарсы тұрған Шерағаңның жайшылықта селт ете қоймайтын жау қабағының дір-дір етіп тұрғанын көріп, жүрегін жас, қабырғасын қан жуып тұрғанын байқадым. Осы бар-жоғы жалғыз минутта ағамыз біртүрлі қалжырап қалып еді…


Айтматовпен соңғы қоштасуды қырық мыңға жақын қырғызстандықтарға қалдырып, арнайы келген делегация мүшелері екінші қабатқа көтеріліп бара жатқанда, Шерағаң шынтағымнан ұстап:

– Солай… – деді.

Нені, неге өйтті, білмедім.


Кең залдың қабырғаларына тіз қатар қойылған жұмсақ орындықтарға жайғасқан біздің адамдарға сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин келіп көңіл айтты.


– Қазақ пен қырғызда енді қашан туары белгісіз бір перзенттен көз жазып қалдық, – деді Шерағаң. – Жазу солай. Кім болса да, туады және өледі. Ешқайсысымыз қалмаймыз. Сол қалмау үшін келеміз жарық дүниеге. Қалатыны бар болса, ізіміз. Сонда қандайы… Шөп-шалам баспайтын, шаң-тозаңның, лайдың астында қалмайтыны. Айтматовтыкіндей…

– Ия, Шықаңда да арман жоқ қой, – деп қалды біреу.

– Бекер, – деді Шерағаң. – Бекер… Арманда кетпеген ешкім жоқ, бұ жалғанда. Өзі адам болса, ол қалай кетеді, армансыз. Болады, бір арман қалайда. Айтматовтың арманы… Жат жерде… Ия, жат жерде жаны қысылып, көзі жұмылып бара жатқанда… Алланың аманатын Алатауымда тапсырмай арманда аттанып бара жатырмын-ау, деп ақыл-есімен аңырамады дейсіңдер ме? Аңырады. Ақыл-есімен. Ақыл-ес ең соңынан сөнеді. Сөйтер, сірә.


Солай-ау, деп ойладым. Адам өледі, арман қалады. Ұлан-ғайыр, сан тарау. Бірден бірге қалатын мұра. Айтылмай қалған әні, естілмей кеткен зары. Соңындағылар аңыратар аманат.


Мен қырғызға жиеншармын. Қырғызстанмен іргелес мекенненмін. Сөйтсе де, қырғыз жоқтауын естімеген екенмін. Қазір, осы жерде қайсыбір жылдарда жазылып алынған таспадан естіп отырмыз. Салған жерден сай-сүйекті сырқыратады. Сұмдық сұңғыла сұңқыл. Бордай тозған боздау. Мұқалған жігер. Мұздан суық мұң. Естен айырған еңіреу. Ардағы көшкен, жанғаны өшкен өкініш. Өмір-айлаған өткір өксік. Қоланы суырып, апшыны қуырып өзектен соққан өкпек.


– Бұл жоқтаудың мынау ұлы мақамы қай кезден екен, – деп қойды Шерағаң. – Ер Манас деп еңіреген күннен бе? Кім білсін? Әйтеуір, ұлы трагедияның гимні. Ұлыға ғана арналған жоқтау. Ұлы тұлғаның мәнін мойындап, пайымдау. Ұлттың ұлы перзентін… Осы ғой?..


Әбіш Кекілбаев ағамыз теңселді. Өзгеміз де сөйттік. Күрсіну бәрімізден қатар қайталанып жатты. Екі сағат бойы… Екі сағат бойы жоқтау тыңдаған өте ауыр еді. Әрі осы екі сағат, мен сенемін, кімге де өмір мен өлімнің арасы тым жақын екенін, осы аралықтағы кісілік пен түсініктің, парыз бен борыш, адамдық пен азаматтық мәнін тереңірек толғап шығуға мәжбүр етті. Оның мәні – қысқа ғұмырда әлгінің бәріне үлгере білген екен.


Түс ауа Айтматов жерленетін Ана-Бейітке келдік. Бішкектен сәл әрі тау баурайы. Айналасы жақсы қоршалған көлемді көкорай алқапта тұтас тұла бойымен боздап тұрған Ана мүсіндері мемориал. Әсері сұмдық. Сұмдық сұңғыла шебердің қолымен жасалған. Еңіреп кете жаздайсың.


– Топырақ әкесімен бір жерден бұйырды, – деді Шерағаң. – Рухтары айқасып жатады, Айтматтың ұлы мен немересінің.

– Әкесі осында жатыр ма? – деп сұрады біреу.

– Осында.

– Шықаң әкемнің қай жерде атылғаны белгісіз деп жазбап па еді, ана жылдары.

– Рас.

– Ендеше…

– СССР-ың бордай тозып кетпегенде, – Шерағаңның жау қабағы көзәйнегінің үстіне селт етіп шықты. – Солай қала беретін де еді. Тәуелсіздіктен кейін, Құдай жарылқаған жоқ па?

– Жарылқады.

– Жарылқаса, әңгіме былай…


Шерағаңды тыңдасақ: дәл осы Ана-Бейіттің орнында сол репрессия жылдары жалғыз үйде бір әйел тұрған, кішкене қызымен. Содан қайсыбір түні бірнеше машинамен НКВД-ның адамдары жүз отыздан астам “халық жауларын” жайратып салып, көміп кетпей ме? Әйел мен қызы көреді оны. Көргендерің туралы тіс жарсаңдар, осы шұңқырға сендер де көмілесіңдер, деп кетеді қызыл жендеттер. Қолхат жаздырып алады. Жүзден астам адамды әп-сәтте қырып салғанды көзімен көріп аза бойы қаза болған адам қайтіп жақ ашады бұдан кейін. Ашпайды... Әйел кемпір болды, қызы әйел болды. Қырғыз тәуелсіздігін алды. Қорқыныш, үрей сейілді. Айтылуға тиіс емес, айтылып, шындықтың беттері парақталып жатты. Газеттер мен теледидарды қараса, НКВД-ның жендеттерінің істемегені жоқ екен. Жан түршігеді. Баяғы бір түнде 130-дан астам адамды қырып салған оқиғаны көзімен көрген қаршадай қыз, бүгін бала-шағалы бәйбіше, енді айтпай ма айналасына, әлгі әңгімені. Ешкім сене қоймайды, әуелде. Әйел есті азаматтардың «әйт-шуімен» қауіпсіздік комитетіне жазады. Болмаған соң, республика Парламентіне жолдайды арызын. Ақырында тексеру басталған. Әйел көрсеткен жер қазылды. Үйілген мәйіттер. Әрине, саудыраған сүйектері. Киімдерімен. Міне, сонда бір мәйіттің костюмінің төс қалтасынан шыққан құжатта Төреқұл Айтматов деген аты-жөн тұр. Жапсырылған фотосуретінің жартысы және сақталған. Төреқұл Айтматовты білесіңдер, Ош облысы облыстық партия комитетінің бірінші секретары болған мемлекет қайраткері. Мәскеуде оқыған, тұрған. Семьясымен. Шыңғыс бастауыш мектепті сонда оқыған. Орысша…


– Иттер сонша азаматты Бішкектен шыға бере қырып салған екен-ау, біздің Боралдайдағыдай, – деді Әкім Тарази ағамыз.

– Мына жерді Шыңғыстың өзі Ана-Бейіт атап, айнала қоршатқан, – деді Шерағаң. ­– Өзі келді енді, оған. Ал қызыл жендеттер айдап кеткен Мұртазаның сүйегі қайда жатқанын мен білмеймін... Солай...


Осы тұста Шерағаң маған шөгіп кеткендей болып көрінді. «Қызыл жебе» кітабын әкесі Бақтығұлдың даусымен «Оян, Тұрар!» деп бастайтын еді ғой, бәлкім, Мұртазаның рухы да талай-талай «Тұр, Шерхан!» деген шығар. Жетім Шерханды жебе ғып қайрап өсірген, күресін ғұмырда отқа жандырмай, суға батырмай алып шыққан, ханға да, қараға да бір Шерхан еткен, ел дегенде етігімен су кештірген сол құдірет болар.


Қырғыздың кемеңгер Перзентіне топырақ салдық. Үкімет резиденциясында марқұмға бағышталған құранға қол жайып, бет сипап, дәм таттық. Әруаққа айналған Айтматовқа тие берсін деп.


Астанадан келгендер Астанаға, Алматыдан келгендер Алматыға қайтып кетті. Шерағаң екеуміз Қордайдамыз. Қонып, Таразға жүрмекпіз. Ағамызды қонақ үйдегі түнеп шыққан бөлмесіне әкелдім.


– Әй, сен кетпе, –деді маған. – Қасымда жат.

– Балалардың үйіне барып қонайын да, Шераға!

– Сөзді қой. Әңгімелесейік те. Оқта-текте бір көреміз. Осыдан Астанаға кеткен соң, Таразға қашан келетінімді құдай біледі.


Шайымызды ішіп, жақсылап жайғасқан соң, Шерағаны тыңдап жатырмын: Ұлылардың бірінші әрі ең қатыгез жауы – оларға деген қызғаныш. Бөтеннің емес, жақынның. Қарашы, Толстойдың ақылды, ақсүйек, әдебиетші, “Анна Каренинасын” қайта-қайта барлығы 117 рет көшіріскен, одан басқа да шығармаларына ұшан-теңіз қолғабыс жасаған тасқұйрық қатыны София Андреевна қартайғанда Лев Николаевичті халықтан қызғанып, жанын жегідей жей берген соң, данышпан жазушы терезеден ұрланып қашып, түкпірдегі бір шағын станцияда, күңгірт қуыс бөлмеде көз жұмбады ма. Сөйтті… Шолоховты өзінің орыстары Мәскеуде тамағына әлдебірдеңені қасақана қосып беріп... Білемісің, мұны?


– Гавриловтың жазушының өмірбаяны туралы очерк кітабынан оқығанмын, ажалдан алып қалған бір медсестра екен, – дедім.

– Аяқ асты іші бүріп ауырып, жанындағылар ауруханаға апарады. Дереу операция жасау керек деседі. Сонда не болды?

– Гавриловқа айтқан әңгімесінде Шолохов, бір медсестра көзімен “келісім бермеңіз” деп тұрды дейді.

– Рас.

– Тек сол медсестраны кейін тауып, алғысымызды айта алмадым, – деп өкінеді Шолохов, – дедім.

– Оқығаның көп, ә.

– Енді, аздап…

– Расын айтсаң, қылың қисайып қала ма?

– Қойдық, Шераға.

– Айтматовқа деген қызғаныш та аз болмады. Әуелі қырғыздар. “Жәмила” повесін жазғанда. Байы соғыста жүрген келіншектің Даниярға деген махаббатын “ойбай, бұл не сұмдық,” бұл қырғыз әйелін опасыз етіп көрсетіп, ұлттық дәстүрді табанға таптау деп шуласын кеп. Біздің ұлы Мұхаң болмаса… Біздің Мұхаң болмаса, Шығыстың тағдыры қалай-қалай құбыларын кім білсін. Повесть Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда оны беру жөніндегі комиссия мүшелері, көбі әрине орыс, бермеудің барлық амалын жасаған ғой. Бұдан қане, не хабарың бар.


– Сонда, сол комиссияның құрамындағы Мұхаң екі рет сөз алып сөйлеп, табандап тұрып алған. Ақырында аналар, “бұл өзі қанша жаста екен, соны көрелікші” деп далбасалай ма.


– Ия, ия, – деп Шерағаң мырс етті. – Көрсе, бар-жоғы 34 жаста екен. Жерден жеті қоян тапқандай болады. Сонда аналар «жап-жас екен, өзін көрсете түссін әлі» десіп кергиді. Қайран Мұхаң қайта ма? Айтқан уәжі: «Оның қырыққа, елуге, алпыс, жетпіске келетініне кім кепілдік береді? Келмей қалса ше? Жоғары сыйлыққа лайық жазды ма, жазды. Оны бәріміз мойындап отырмыз ба, мойындап отырмыз. Француздың атын әлем білетін әдебиет сыншысы Луи Арагон Данияр мен Жәмиланың махаббатын Ромео-Джулеттаның махаббатымен қатар қойды ма, қойды. Ендеше... Әлі жас болған соң бермедік дейміз бе... – Шерағаңның даусы шығыңқырап кетті. – дейді ғой Мұхаң. Алды Айтматов Лениндік сыйлығыңды, Мұхаңның арқасында аналардың аузын ұрып... Қызығы қырғыз қаламгерлері ағынан жарылып алақайлай қойған жоқ бұған... Жүрегі жарыла қуанған біздің ұлы Мұхтар Әуезов. Қазақтың ғажайып перзенті. Енді осы екі заңғар суреткердің ең алғашқы кездесуінен хабарың бар ма?


– Бар емей?

– Ал, айтшы.

– Сенбейсіз бе?

– Сенгенде... Қане...

– Елуінші жылдардың бас кезеңі болуы керек.

– Рас. Мұхаңның қазаққа сыймай МГУ-дің шығыстану кафедрасының меңгерушісі болып жүрген кезі. Шыңғыс Горький атындағы әдебиет институтында. Қалта тесік. Киім көнетоз, ашқұрсақ. Қатты қиналып жүрген кезі екен, ­– деп Шерағаң әңгімені өзі айтып кетті. – Кімге барады? Барғанда алақандай қырғыздың баласына кім не береді? Аштан қатарың бар, Мәскеу не теңің. Сонда Шыңғыс әлгі шығыстану кафедрасын Мұхтар Әуезов дейтін қазақ жазушысының басқаратынын естиді ғой. Түбі бір туыс қой, деп дәметпей ме, енді. Қайтеді. Тұрағын біліп алады да, шықпай ма іздеп. Мәскеудің көкаяз қысы. Өзіміз де көргенбіз оны, сонда оқыған кезімізде. Дірдек қағасың. Дірдек қағып Шыңғыс та табады, Әуезовтың пәтерін. Басты қоңырауды. Мұхаң жалғыз екен. Көңілсіз екен. Қайдағы көңіл? Хан Кене мәселесімен қуғындалып жүрсе. «Кімсің? Не жүріс?» деді көнетоз пальтомен көкмұз болып дірдектеп тұрған жігітке. Қырғызбын, дейді. Осында оқып жатыр едім, дейді. Мұхаң буфеттен бір шөлмек арақты алып, айғыр стаканға толтыра құйып «Қане, тартып жібер» деп тесілмей ме? Жас жігіттің «ішпеуші едім» деп жатуға жағдайы жоқ, өлердей жаурап тұрғаны және бар, оған тиын-тебен жағынан қол ұшын берер деген дәмесін қос... Тартты да жіберді. Со бойы отырған орнында тіл тартпай ұйықтап кеткен... Ар жағы белгілі. Мәңгі рухани бауырластық. Алып жүректердің бір ырғақпен соғуы. Ұзағынан сүйіндірген ұлылық үйлесімі. Екеуінің бірінде осы қасиеттер болмағанда ше?.. Өзіміздің Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты дүлділдеріміз өзіміздің қызғаныштың құрбаны. Өзіміздің қызғанышымыз өзіміздің қанша сұңқарымыз бен тұлпарымызды өлтірді. Аз емес. Содан ұттық па, бірдеңе. Сендерге сабақ болатын әңгіме, бұл. Бірінің озғанына бірі қуанғандардың ғана әдебиеті, одан ары індетіп айтқанда бүтіней ұлты озады. Талантты көздің қарашығында сақтау керек. Халықтың тағдыр талайын талант қана тамырынан танып, ақиқатын талант қана айтып бере алады. Осысы үшін де ол ұлттың рухани әлемінің ұшар биігі. Естіп жатырмысың?


– Ойланып жатырмын.

– Шын ба-ей?

– Сенбейсіз бе?

– Сенген соң көсіліп отырған жоқпын ба, жолың болғыр.

– Сөйтсеңізші, бір уақ.

– Сөйтсеңізші... – Шерағаң тамағын қырнап алды. – Тамағымның гландысын алдырып тастап едім ана жылы, аяқ асты жыбырлап, жөтеліп те қалам... Мәскеудің саясаттағы құйтырқылығы әдебиетте де сан құбылды емес пе, со кезде. «Советский писатель» дейтін Одақтың мәні бар баспадан қазақ жақтан қазақ мойындамаған, тіпті, кейбірін қазақ біле қоймайтын авторлардың да кітабы шығып жатты, сұмдық болғанда сондағылары, міне, бұлардың бар деңгейі осы, деу. Бір, деп қой. Екінші зымияндықтары, өзге республикалардан келгендерді мақтап-мақтап ішкізіп, шәпкесін теріс айналдырып жіберетіндері. Өздерінен шығармайды, өз ақшаңа өлердей ішкізеді. Тәкен ағаңды, Әлімқұловты айтамын, сөйтіп сорлатты. Оқуға барған Мақатаев үш айдан соң ба, қашып келді.

– Шыңғыс ағамыздың жерлеуіне Ресей жақтан қалың қаламгер төбе көрсетпеді ғой.

– Айтматов Шолоховтан кейінгі әлемге ең көп аударылған жазушы. Бір уыс қырғыздың баласы құдай берген дара дарынының арқасында баса-көктеп бәрінен озып тұрды ғой. Үнемі бірінші болды. Орыстың атақты Валентин Распутин дейтін жазушысын білемісің? Соның соғыстан қашқанды жазған бір ғажап шығармасы болды. Амал не, соғыстан қашқан дизертир туралы совет әдебиетінде бірінші болып Айтматов жазып қойған, «Бетпе бетінде». КСРО халықтарының деніне түскен мәңгүрт құбылысты да алғаш пайымдап, атақты шығарма жазған Шыңғыс жарықтық. Соған іштері күйеді де. Кез келген кезде тағы бірінші болып кететін адамның қазасы сол күйікті басар, бәлкім. Қайдан білейін? Қызғаныш дейтін қызыл ит кімді таламады. Көреалмаушылық дейтін көктырнақ кімнің бетін дала-дала етпеді. Ұға алсаңдар. Өзің түгілі, бөтендікін де қызғанба. Жайыңа жүр. Барыңа ие бол. Соны місе тұт. Тәуба де. Сөйтесіңдер ме?.. Жазып жүрмісің, өзің?

– Тиіп-қашып.

– Бас алмасаң, қой дей ме, біреу?

– Айлығын алып жүрген қызмет дейтін бар емес пе?

– Білеміз. Біз де біраз пұшпағын уқалағанбыз, оның. От болып жататын сонау Орталық Комитеттің заманында әр сөйлем, нүкте, үтірден пәле іздейтін. Сезік алса бітті кел, қане, Ақ үйге, дейді. Екі күннің бірінде. Шетінен қырағы қызыл көз. Әр әріптің астынан, әр сөйлеммінң астарынан пәле іздейді. Сезік. Күдік. О, қалай? Бұ, қалай?.. Дігерлейді. Діңкелетеді. Титықтайсың. Көрлігіне, ноқайлығына. Түгел иілмесең де, амалсыз майысасың. Толық келіспесең де, түсінген ыңғай танытасың. Білесің бе, оның не екенін? Дипло... матия! – Шерағаң күлді. Күліп алып: – Сол Ақ үйдің айғай-ұйғайының астында жүріп-ақ, үкіметтің шаруасын да, жеке шығармашылығымызға да үлгергенбіз. Қазір құдай жарылқады. Жат та жаз, тұр да жаз.

– Нені, неге, қалай, дегенді қайтеміз, Шераға?

– Қайткенде... Оны өзің білесің. Бәрін білсем, баяғыда пайғамбар болып кетпеймін бе? – Шерағаң ажырайып қарады. ­– Осы сенің неңді оқыдым?

– Қайдам.

– Оқыдым-ей, талайын. Романыңды. Әңгімелеріңді. Мүлде басқаша жазасың. Шешімдерің күтпеген жерден шыға келеді. Әдеби сын мақалаларың да өзгеше, менің творчеством жайлы да жазғаның бөлек. Рақмет! Нұр жаусын! Тараздан құдай біледі ғой, сенен басқа ешкім телефон шалмайды маған, соңғы жылдары, оларға менің керегім жоқ па, немене?

Үндемедім.

­– Халық іздейді. Ал қаламдастар, қандастарың да тым-тырыс. Осыған уәжің бар ма?

– Өзіңіздің ше?

Ағамыз басын көтеріп алды.

– Қайсымыз қайсымыздан уәж сұрап отырмыз, жолың болғыр?

– Әркімнің кім болмағы қалыбынан, деген менің Кенен атам. Қилы-қилымыз ғой, Шераға!

– Япыр-ай, десеңші... Заман да, адам да қилы-қилы. Заман ірі, адамдар майда. Ұсақ-түйек. Кісіге де, өзгесіне де тиіп-қашты. Көрінбесең көңілден ұмыт, көрсе иек қағу. Дәл бір «ә, сен, әлі тірі жүр ме ең» дейтін ишара. Ақсақалға дейтін ата-бабадан қалған «ассалаумағалейкумі» адыра қалған. Жаман. Құдай әркімнен-ақ бетін ары қылсын, егер қисая кетсең, жабыла «ой, бауырымдайды». Тіріңде сыйламаған соң, өлгенде өкіргені – өтірік. Неге сөйтеді?

– Мен де сол, өзіңіз сияқты пайғамбар емеспін ғой.

– Оған сөз қайсы. Әйтсе де, адамсың. Адам адамның кез келген әрекетінің себебін білмесе, ия білгісі келмесе, не болғаны. Әсіресе, жазушымын дегендер. Жазушымын... Өстіп жүргендер өріп жүрген жоқ па, әр жерден. Шимақтары – журналистиканың ар жақ, бер жағы. Төбесіне түрікменнің бөркіне ұқсатып «Роман», «Повесть» дегенді қоқайтып қояды. Не жанына зор келді, сонда. Өлеңдері өмірдің өресінен қалып қойған өң өңмеңдері және көп. Сұмдық қой. Ұят қайда? – Шерағаң күрсініп алып, біраз бас шайқап отырды. – Шыңғыс заңғардың көп шығармасын қазақшаладым ғой. Оның кез келгенінде кез келген құбылыстың әлеуметтік себебін қазып іздеп, дәл тауып, көзіңді ашып, көңіліңді оятады, ақылың ашып, арың азап шегеді, тебіренесің, теңселесің. Телегей еді, жарықтық. Тектілердің тереңі. Жаңағы Кенен атаң айтқан: «Әркімнің кім болары қалыбынан»-ның орайы осы жерде келіп тұр, сірә. Айтматовтың анасы қасиетті-ау. Әкесі де осыл емес. Отыз жасында обкомның секретары... Ал медицинаң баланың алпыс проценті ананыкі деседі... Жан бесікте жатасың, тоғыз ай, тоғыз күн. Одан омырауын, ақ сүтін емесің... Қалыбыңа тартпай көр, қане, – Шерағаң жастығына жантайды.


Ш.Айтматовтың 50 жылдығы қарсаңында сол кездегі «Пионер» журналының жауапты хатшысы Әшірбек Көпішев екеуміз Бішкекке барғанбыз. Әшірбекке басылымның тапсырмасы – Шықаң туралы материал ұйымдастыру. Сонда архивтен Айтматовтың анасын көргеніміз ойыма оралды. Айтматов анасына қатты ұқсайды екен, анасы Ғабдолла Тоқайдың ұлтынан екен. Ол кезде қазақ, қырғыз зиялылары оқыған, тоқыған, мәдениеті, естілерден алды ғой, әйелді. Олардың күйеулерінің қайраткерлігіне ықпалы зор болған. Өзіміздің ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезовтың егер Валентина Николаевна болмаса, тағдыры қалай-қалай болып кетерін бір құдай білерін бүгін біліп жүрміз... Шерағаң сияқты Қарахан таудай қазақты туған, жетелеп жүріп жеткізген Айша ананың да жаратылысы бөлек, әрине.


– Ұйықтаймыз ба? – деді Шерағаң.

– Сөйтелік.

– Шыңғыс заңғардың рухы әкесінің рухымен табысты ғой, бүгін. Сөйтеді, деседі, рас болса... – деп ағамыз көрпесін жамылды.


Ертеңгісін Таразға бет алдық. Қордай – Шу трассасынан Меркеге бұрылып, Аспараның жазығына қарай ағызып келеміз.


– Қара жолдың мына жағы – қырғыз, – деді Шерағаң сол жағына бет бұрып. – Оң жақ өзіміздікі.

– Кезінде хан Абылай манаптарды ары қарай түріп жіберген ғой.

– Сөйтті, ә.

– Мемлекеттіктің өз сұранымына қалай қарайсыз?

– Заңдылық деп, – Шерағаң маған бүкіл денесімен бұрылды. –Қайтеді?

– Елге жер керек.

– Рас.

– Жер иелену – ерліктің ісі.

– Жөн.

– Елі, Жері, ерлігі бар халықта ғана кісілік болады, Шераға.

– Жаны бар сөз, – деді Шерағаң. – Қазағымызда кісілік мол ғой. Кешірімді де, кеңбіз. Кенесарымызды қырық төрт жасында құрбан қылған қырғыздың Айтматовы дүниеден қайтқанда өзімізге өзіміз қонағасы беріп, бір-бірімізге көңіл айтып, аза тұттық. Кісілік пе!.. Сірә, сонымыз үшін де Айтматов қазақты өте жақсы көрді, құрметтеп, мақтан тұтып өтті... Айтпақшы, осы сенің, – ағамыз көзәйнегінің үстінен бетіме үңілді. – Қырғызға ілік-шатыстығың бар ма?

– Қайтеді?

– Сұрамаймыз ба?

– Қырғызға жиеншармын.

– Әне...

– Ол аз десеңіз, нағашы апамның анасы – ұйғырдың қызы.

Қарақантаудай ағамыз қабағын керді.

– Мен, Шераға, қазағыңыздың ана ата, мына атасына жата бермеймін. Түркімін.

– Өй, ерім! – Шерағаң жарыла күліп жіберді. Мен де қосылдым.

– Қалай? –деймін.

– Сені қазаққа ортақ Несіпбек дейтіндері сол де, біраз ақын-жазушының. Түркі екенсің... Мен үшін ана ата, мына ата болғаныңнан келіп-кетер дәнеңе жоқ дейсің, ә. Керегі нағыз азамат, шын жазушы, тума талант... Олары жоқты, алдыңа келсе тістейсің, артыңнан келсе тебесің... Бетің бар, жүзің бар деуің жоқ... Жақсы. Керек. Оңай тимейтіні де, рас. Алып та, шалып та, құлатсам дегендер алыста емес, айналаңда жүреді. Алла сақтасын, алып, шалыпты ағайын бастайды, алдымен. Жоқ болсаң, бөліп бере алмайтын, бар болсаң, көре алмайтын, сол. Баяғы іштарлық. Менен озбасын деу. Озғанға қуанбаған ел орнында омала береді, дедім. Өнер жұртқа, өсер ұлға өнеге болуға тиіс ескерту осы. Естіп отырсың ба?

– Сұрамаңыз.

– Оу, нені?

– Өстіп айтар уәж болса, атыңнан айналайын демейміз бе, аға біткенге.

– Менікі ақыл емес, әй. Ел болудың бізге дейін де, біздің кезімізде де айтылып келе жатқан есті арманы, жан қалауы, – деп қойды Шерағаң тамағын қырнап. – Қара әне, қанша машина бізді басып озып барады. Өлген-тірілгенге қарамайды. Былайғы өмірде адам өйтіп өңмеңмеуге тиіс. Адам өмірі автомашиналардың жарысы емес, ақылдың, сабыр-төзімнің, ерік-жігердің, ар-ұяттың, абырой мен азаматтықтың бәсекесі. Қазақ осыны ойлай ма? – ағамыздың даусы қатты шығып кетті. – Ойласа, ортақ Отанның от басында ойдан-қырдан «ойбай, оны қой да мені тыңда» деп бір-біріне неге, оппазиция?! Билік пе, керегі әрқайсысына?! Жоқ, жүздің ойыны ма? Ондай болса, осылмаймыз ба, бір күні! Ойлаңдар.


Аз-кем үнсіздіктен кейін Шерағаң:

– Ғұмырдың ең бағалы қазынасы, ең ауыр жүгі – ой, – деді. – Біреуде қалың, біреуде жұқа, біреуде таяз. Өкінішті. Бір кем дүние... Ойлылардың өмірден озғаны отандық, тіпті одан да ары асып кететін ұлы трагедия. Айтматовтың қазасы осындай. Орта Азия үшін, әсіресе. Орта Азияның ортақ перзенті ғой ол, пайымдағанға. Осым дұрыс па?

– Айтары жоқ.

– Таразыңның төбесі де көрінді, әне. Екі мың жылдан астам кім келіп, кім кетпеген Тараз. Бәрін де көрген, көнген, өскен-өнген көненің көзі.

– Шыңғыс Айтматов та оқыған Тараз, – дедім.

– Сол заңғардан айырылып келеміз енді, оған, – деп Шерағаң бір ыңылға басты. Біртүрлі ыңыл: опынған, өкінген, өмір-айлаған... Жүйкені шымырлатқан, тамырды шыбықтай солқылдатқан, ақыл-ойды ширатқан, жан-дүниенің шыңырауынан шырқырап шыққан шер...



«БІР ТАҢ ДҮНИЕНІ» ҰМЫТПАҢЫЗ...


Қыс еді. Күтпеген жерден Шерағаң кеңсеге кіріп келе жатыр.


– Оу, Қарахан таудай ағамыз, – деймін көргеніме қуанып. – Қайдан?

– Әуелі, қал сұра.

Әдетінше, екі бүйірі тоқ қара сумкасын еденге қойып жатып:

– Кеп қалдық борандатып, мұндай қысты көріп пе ең бұрын? – деп жау қабағын керіп, бетіме үңілді:

– Біз Қордайдың асуында өскенбіз, Шераға!

– Өскенде, үнемі сол асудың қыр жотасында жүріп алмаған шығарсың. Асу десең бізде де бар Күйік деген. Кеше самолеттен түсіп, ауылға барып едім, (Жуалыны айтады) айналаңнан ат құлағы көрінбейтін ақ боран. Жаратылыс жарықтық жанын жеп тұр. Сөйтеді, кейде, дүние. Бұлқан-талқан… Не істейсің? Жаратылыс… Ей, мына сорлылар үсіп кетеді-ау, ұшып өледі-ау, демейді.

– Сібір болып тұрмыз ғой, Шераға, биыл.

– Сібір… Сібірің не… Сібір қайда, біз қайда. Сібірдің қысынан сақтасын, құдай. Жалпы Ресейде небір қыстар болып тұрады ғой, – деп Шерағаң столға екі қолын тіреп, дәл бір ұшатын қырандай денесін қомдап қойды. – Бонапартты бүрсеңдеткен, немістерді дірдектеткен… Ресейде болатын сұмдық қысты көзіңе елестеткің келсе, мынаны айтайын. Антон Павловичты білесің ғой, Чеховты?..

– Оқығанбыз біраз.

– Қайсысын?

– Ойбай, енді соны түгендеп отырамыз ба?

– Соның қыс туралы ең қысқа әңгімесі бар. О заман орыс әдебиетінің дүрілдеп тұрған кезі. Лев Толстой, Федор Достоевский, Иван Тургенов, Максим Горький… Көп қой, көп. Өң алып. Алуан түрлі әдеби процестер жүріп жатқан ғой, сонда. Бірде ең қысқа әңгімеге бәйге жарияланады. Қатты қыс туралы. Енді жазады келіп… Сол қыста, деп қойып, құдай-ау, нені айтпады. Қар адам түгілі, ағаштардың бойынан асып кеткен, деревньялар қарға көміліп қалды, жол үстіндегілер адасып, үсіп… Не керек, бәйгеге қатысқандардың қаламынан небір сұрапыл қыстар жарыса ысқырып шығып, оқығандардың иманын ұшырып, жүрегін сулатады ғой, келіп. Сосын не болды? – Шерағаң маңқиып алақанын жайды. – Сөйткен екен деп оларға ешкім бәйге бере салған жоқ. Бәйгені Чехов алды. Сондағы жазғаны жалғыз-ақ сөйлем: “Осы қыста көк қарға, көк мұз болып қатып қалды”. Сұмдық қой. Егер қандай да бір қатты қыстан тірі қалса тек көк қарға тірі қалады екен. Ал, енді айт, Чеховтың айтқан қысынан кім нені асырып айта алды? Міне, тапқыр, шебер. Ал біз келіп қай нәрсенің де дәл теңеуін тауып айта алмай діңкелейміз. Рас па?


– Айтары жоқ.

– Біздің Жуалының қысы да айтып-жеткізуі қиын астаң-кестең. Алшаңды қуырып азынайды-ай келіп. Сөйте салса жақсы, аяқ асты арыстандай ақырып, “астапыралланың” астында қаласың.

– Шераға, осы адамдар туған топырағына тартып туады деседі ғой.

– Десе… Не демек едің?

– Бауыржан көкеміз, сосын өзіңіз де…

– Әй, мені көкеңе қосақтама. Вот Баукең… Дәл Жуалының ауа-райындай не предсказуемый. Аяқ асты шатыр-шұтыр. Оқыс астаң-кестең… Ойламаған жерден дауыл… Өзі мұздай, көзі найзағай, сөзі от, өрт… Ал біздікі не… – Шерағаң бойын бір ырғап қойды. – Сонымен амансыңдар ғой.

– Жүріп жатырмыз.

– Журналыңды оқыдым. Евнейдің маған арнаған хатын беріпсің. Нұр жаусын!

– “Бір кем дүниеңізді” де бермейміз бе?

– Ол кітап болып шыққалы жатыр. Министрліктен Мәженова ше, Райхан-ау есімі… Сол кісі келіп әлгіндей деді. Сенің “Көгілдір көйлекті келіншек” деген кітабыңды да ала келіпті. Ал кеп оқиын. Япыр-ау, бәрін қайдан білесің-ей.

– Ненің бәрін?

– Кетші-әй! – деп Шерағаң мырс етті. – Өстесің ә, қарадай.

– Ойбай, енді…

– Хирург деген бар, – деді Шерағаң жау қабағын керіп. – Денеге, тәнге операция жасайды, ал сен әйелдің жан-дүниесінің, болғанда рахаттану сезімінің хирургімісің, не пәле, а…

– Қайдағы, – деймін.

– Біреуге беріп, “Көгілдір көйлекті келіншегіңді”, артынан сұрасам, қалай екен деп, делебем қозды дей ме, табаным қызды дей ме, едірең-едірең етіп, есімді шығарды.

– Бұл сонда “Көгілдір көйлекті келіншекті” ұнату ма, жек көру ме?

– Әй, сен… – деп мырс етіп күліп жіберді. – Оны жек көргенді қай атаңнан көрдің.


Осылай қалжыңдасып, қатарласып шабу әдетіміз. Е, сосын тізгін тартамыз. Келелі әңгіме килігеді. Шерағаң айтса, Астанадан екі күн бұрын самолетпен келген. Бірден Жуалысына тартыпты. Борандатып жүрістің мәнісі: Таразда Тұрар Рысқұлов атындағы санаторий бар. Сол жерде бүгін республикалық мәндегі кардиохирургиялық орталық ашылмақ. Адам жүрегін емдейтін. Жылына жүрекке 500-дей операция жасай алады. Осы күні ғой бақилыққа аттанатын адамдардың 56 проценті сол жүректен кетеді екен… Сосын да жүрек хирургиясы қазір елімізде дамуға бет алды. Елде бүгін Қазақстанда 6 кардиохирургиялық орталық жұмыс істей бастады. Біреуі міне, енді Таразда.


– Соның ашылуына арнайы хабар жіберіпті, – деді Шерағаң. – Директоры – академик. Осы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында туған. Мәскеуде оқыған. И.К.Ахубаев дейтін атақты академиктің шәкірті. Қырғызстанда көп жыл қызмет істеді. Кейін Алматыға келіп еді, ағайын қайтеді, асып туған азаматты алға салып, бетке ұстағысы келмеді, сыйғызбады. Қызығын Қырғызстан көрді, талай жыл. Енді елге келіп, орталық ашып отыр. Соған ақжол тілейін дедім. Қазақстанына қайтып келген екен, қайырын бергей деу, біздікі. – Солай. Жұртқа керектің бәрі де ұсақ-түбек болмайды. Дегенмен елеулісі жөнінде сөз басқа, – Шерағаң көзәйнегін былай алып қойды. – Біздің ең жаман әдетіміз ылғи кешігіп жүреміз. Істі кешігіп бастаймыз. Кісіні кешігіп танимыз. Әне-мінелеп жүргенде қайран да қайран асыл уақыттардың өтіп кеткенінде шаруамыз жоқ. Осыған абай болу керек. Дұрыс па?


– Айтары жоқ.

– Ел игілігіне жарайтын үлкен істің басына жақсы келмей болмайды-дан хабарың бар шығар.

– Аздап.

– Неге аздап? – Шерағаң басын көтеріп алды. – Осы сен жауабыңды бір жағынан қайыра салатының не?

– Жарысып отырмайын деймін де.

– Рас па?

– Шераға, мен шындықтың құлымын ғой.

– Шындық… – Шерағаң иегін изеп, терең күрсініп алды. – Оның құдіреті…

– Александр Невскийдің бір айтқаны бар еді…

– Орыстың ері ме, әлгі.

– Ия.

– Не депті, сонда?

– Құдірет Құдайда емес, шындықта депті.


Шерағаң жалт қарады.


– Сенің де естімейтінің жоқ. Өйдегені несі, сонда?

– Рас Құдай оны ерен ер қылып жаратты: ешкімге бас имеуі, ешкімнен қаймықпауы тиіс еді. Бірақ, амал не, Шыңғысханның қаһарлы ұрпағының алдына баласын ерте келіп, тізесін бүгіп, таңым етіп, алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болғаны рас. Таза шындық.


Ақиқитты айтып талай-талай тар жерде қасқайып тұрған қаһарман ағам: – Ия, шындық айтылады. Бұрын қайдам, бүгін одан не пайда. Қалады. Жұртқа жағады, атқамінерлер жақамайды. Айтпай-ақ, жүре берейін десең ішіңді тесіп барады, – Шерағаңның көзі алайды. – Тесіп бара жатқан ар-ұят! Мәселе, осында. Ар-ұятта. Бүгін “анау қараң қалды, мынау суалды, өйту керек, бүйту керек” десіп, мінбелерді тепкілеп, столдарды қойғылап, бақырып-шақырып жүргендер көп. Өң әсіре. Бүгін қазаққа керегі – ең әуелі қазақ өз өмірін ар-ұятпен шындықпен бастауы тиіс. Идеология солай жүруі қажет. Ал әзірше ондай иедология жоқ. Ол жоқ екен, ар-ұят та сол. Осыдан барып та түрлі пәлекет шаша етектен. Сорлап жатқан сонда кім? – Қазақ. Бұдан білетінің қаншалықты?


Үндемедім. Дегенмен, ішім алай-дүлей. Ия, қазақты – қазақ… Қазақ параны кімнен алады? – Қазақтан. Қазақ кіммен сыбайлас, жемқор болады? – Қазақпен. Қазақты ру-ру, жік-жікке бөлетін кім? – Қазақ. Абайдың балағынан алып, Жамбылдың жағасынан алып жүрген кім? – Қазақ. Осы пенделік, майдалық, ойсыздығын ойламай жүрген кім? – Қазақ…


Айттым осыны, Шерағаңа.


– Енді осы шындықтың қанын сорғалатып неге жазбайсыңдар? Қайда жаңағы құдірет құдайда емес, шындықта деп отырғаның.

– “Правда всегда почти неправдаподобно…” депті ғой, Достеевский жарықтық.

–Е, онысы несі екен?

– Шындықты мойындауға ақыл-парасат, ар-ұят, ер мінез үнемі жете бермейтіндер оны әдейі жалған қылып отырады, дегені шығар.

– Шығар… шығар… Неге өйтеді. Қоғамға да, адамға да ең керегі, өздерінің түптеп келгенде іздеп жүргендері ол емес пе. Түсінбейсің… – Шерағаң сағатына қарап қойды. – Бір кем дүние… Қазақ қазақ болғалы іздеп келеді, іздеп келеді, шындықты. Біз де іздедік. Иісі адам баласы түгел… Бірақ, бір кем дүние… Қазақ атаң мұны “тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ” деп кесіп-пішкен. Солай екен деп бірақ, тұлпар заулағаны, сұңқар самғағанын қоймайды…

– Бұл енді бір таң дүние емес пе, Шераға.

– Бір таң деймісің?..

– Иә, бір таң дүние. Бір кем дүниені жазып жатырсыз. Бір таң дүниені неге жазбасқа…


Шерағаң біраз үнсіз қалып, сосын қозғалақтады.


– Оған қайқар жете ме?.. Сонымды сұрамайсың ба, әуелі… Баукең көкең, Момышұлыны айтамын, әйел жағынан біраз неқылған кісі ғой. Жасы келіп, тағы да сол жалғыз қалыңқырап жүргенде елдегі ақсақал-көксақал басын қосып өздерінше мәміле жасамай ма. Сондағылары: “Оу, ағайын батыр бауырымызға осы біз қатынды неге қыздай әпермейміз? Елдігіміз қайда? Жұлған жерден нені де жұлып алатын Жуалының жұрты емес пе едік? Әперейік біраудің қызын, жырылмаған қауындай. Жетпісбай, Сексенбайларды туғызған атам қазақ” десіп, жер-көкке сыймайды. Қыз іздеді, табылды. Көрші ауылдан. Отырыңқырап қалған демесе, қырғиға шалдырмаған, қылы қисаймаған. Баукең арнайы жіберілген адам арқылы шақырылды. Келді. Қойдың басы мүжіліп, ет желініп, қымыз ішіліп, жұрт енді сыртқа, Баукең төрде. Ауылда болатын аласа екі аяқты орындықта отыр. Ақсақал-көксақал “сен баста, сен айтпен” бір-біріне иек қағады. Батырдың мысы қиын. Дегенмен пысықтау шалдың бірі сөз бастады: “Бауке, батыр десе батырсың, жазушысың, атың әмбеге аян, бірақ, осы қатын жағынан… Соған мына ағайын-туыстың бауыры сыздайды, жүректері ауырады. Қой дестік, осы отырған бәріміз. Батыр бауырымызға жарылмаған қауындай қыз әперелік дедік. Құры деп қана қойған жоқпыз, оны таптық та, көрші ауылдан. “Батырға тимегенде, кімге тиемін” депті ол, айналайын… Сол енді…”


Баукең айнала отырғандарға жағалай көз салып шықты. “О, менің бауырларым! Сендер сөйтеді екенсіңдер ғой. Ойлайды екенсіңдер, мені. Қабырғаларың қайысады екен. Қатын да тауып қойыпсыңдар. Қартайып қалды-ау демепсіңдер. Хош. Ой, мың алғыс сендерге. Ал, бірақ, қатын керек пе, жоқ па деп сендер… – Батыр қолын тақымының арасына апарып, оның сұқ саусағын жерге кезеп-кезеп тұрып: – Мынадан сұрадыңдар ма, оны... А!..” – деп ақырыпты.


Еріксіз күліп жібердім. Шерағаң да мырс етті.


– Қалай?

– Сұмдық айтқан екен, – дедім.

– Өзге шал-шауқан сөйтер ме еді. Жас қатын, е оның өзі жарлымаған қауындай десе, жаны қалмай жәмпеңдемес пе еді. Жас жетпісте. Ал жас қатынға жағдайым келе ме деп ойлар ма еді.

– Қазақ-еркек жас иіс дегенде жағдайын ұмытып кетеді ғой.

– Сөйтеді де… Сонда жас келді, дәурен өтті, оқ таусылды дейтін шындықты қайтеді. Сен “Бір таң дүниені” жаз дейсің. Оған ғұмыр, күш-қуат жете ме… Соны сұра, әуелі. Жазушыны айтары ғұмырына тәуелді, – Шерағаң жеңіл күрсініп қойды. – “Қыз Жібектің” қырық көшіндей інжу-маржанды қыршынында-ақ атып-қырып кеткендер бар. Мысалы, анау Лермонтов, жиырма жеті жасында! Ал, қазір біздің алпыс-жетпістегі кейбір ағайындар Жазушылар одағына енді-енді өтіп жатыр немесе өткелі жүр. Бұған дейін қайда жүрген. Аяқ асты жазушы, ақын бола қалды. Сұмдық қой. Кітап шығарады, онда-мұнда барып, әкелеп-көкелеп жүріп. Әкімдердің басын қатырады. Бюджеттің қаржысымен басып бер, айналайын. Әкім қайтеді, сақалы анау, біраз қызметтер істеген, медалі де бар… Сен Жазушылар одағының облыстағы филиалына директор емессің бе, билік бұл мәселеде ақыл қостыра ма?

– Қолжазбаны маған жібереді. Жарайды, не жарамайды деген қолым керек.

– Қолың сонда жарайдыға жүйрік пе, жарамайдыға жүйрік пе?

– Әдебиетте азуы ақсиған екен, сақалы сапсиған екен деп бүгежектейтін әңгіме жоқ қой, Шераға.

– Сөйтесің, ә.

– Қасқарау емеспін бе!

– Қасқарау… Әй, сенің бабаңның аты неге осылай, білемісің? Қасқыр-ау дегеннен шыққан. Ұстасқанмен ұстасқан, тістескенмен тістескен. Еңіреген ердің бірі. Өтеген батыр, Кебекбай, Ноғайбай шешендер, Сарыбас, Кенен сол Қасқараудан шықты. Ары қарай да жетерлік. Тағы кім бар еді?.. Жезқазған жақта Найманның бір руы – Қағаз деп аталады. Қасқараудың жалғыз қарындасы. Сол әпкеңді білуші ме едің? Жазушысың. Өткен-кеткеніңнен жадыңа жиғаның бар шығар…

– Аздап.

– Мысалы?

– Қағаз әпкем дана болмаса, ру атын алмас еді ғой.

– Ол енді түсінікті.

– Осы арада бір парызды орындай алмай жүрген өкінішім де бар… Қасқарау бабам алысқа ұзатылып кеткен жалғыз қарындасын қайсыбір жылдардан кейін артынан іздеп барады ғой. Жұрт қарсы алып, сый-құрметті аямайды. Қанша күн жатты, батырды таңқалдырған төрт түйе – екі қара бура, екі інген. Тек ауыл айнала жайылады.


Қайтатын уақыт та жетті. “Ал, көке, – дейді қарындасы. – Бұйымтайыңызды айтыңыз”. “Бұйымтайым… – Батыр қамшысының сабымен әлгі түйелерді көрсетеді. – Ана төртеуі”. “Болмайды, оларды бере алмаймын, көке, – дейді Қағаз әпкем. – Мен мына босағаны көрпесін ұзартып, көсегесін көгертемін деп аттаған жоқпын ба? Ана төрт түйе осы әулеттің нәсібі – малының иесі, көке”…


Қасқарау бабам қаһарына мінді. Қаны бір қарындасы, жаны бір жалғызы сөзін жерге тастайды, бетін қайтарады деп қашан ойлапты. Ақырып атына мінді. “Қап!” деп қара найзаны жерге ұрды. Қара күшке қарағай сап шыдамады, қақ айырыла жаздады, қарс жері шытынап кетті. Со бойы нөкерлерін шұбатып жөнеп берген. Ел-жұрттың аты – ел-жұрт. Құданы қара қазандай өкпемен жібере алмайды, қуып жетті, қаумалап құлдық ұрды. Батырды райынан қайтарып кері алып келді. Құлын сойылды. Құрмет жалғасты. Қайтар күні қадірменді қариялар қайта жиылды. “Қарағым, Қағаз, қазір мынау менің найзамды ұстар әулетімде лайықты ешкім жоқ, сондықтан саған қалдырамын. Сенің бір ұрпағың менің бір ұрпағыма табыстар. Осы саған аманат. Сен ұрпағыңа аманат ет. Ол өз ұрпағына…” деп Қасқарау бабам аттанып кетіпті…


– Бұл аңыз ба, шындық па? Болса, кімнен естіп жүрсің? – Шерағаң зер сала қарады.

– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы. Қазіргі “Өнер” баспасының директоры Әшірбек Көпішев бірде менен: “Сен осы Қасқару емеспісің?” деп сұрады. “Ол неге керек?” “Кітап істері жөніндегі мемлекеттік баспаның бас редакторы, жазушы Ғабиден Құлахметов Қасқараудың есті бір азаматымен таныстыршы, деп еді маған”.

– Таныстық. Марқұм болып кетті ғой, Ғабиден. Нағыз ер мінез азамат, талантты қаламгер еді, көке деп елпілдеп тұратын. Әлгінің барлығын сол әңгімелеп берді, маған. Қасқараудың найзасының Жезқазған қаласындағы музейде тұрғанын айтты. Алып берейін деді. Елге барып, естиярларды жиып, жөн-жобасымен алып-келіп Кененнің музейіне қоюға мәміле жасасып, әне-мінелеп жүргенімізде, қайта құру басталып кетті де, қайран шаруа жайына қалды…

– Енді қимылдасаң, қолыңнан қаға ма, біреу?

– Қақпайды ғой. Бірақ, кімге барып, қалай мәміле табамын. Ғабиден жоқ...

Шерағаң үндемеді.

– Сол Қасқарауға Сіз де бөтен емессіз, – дедім мен. – Қызын алып отырсыз. Анаусы-мынаусының емес, ауыз әдебиетінің соңғы сүлейі Кенен атамның.

– Солай, солай, – деп қойды Шерағаң. – Қазақты неге қарға тамырлы дейді, білемісің. Дейтіні – қыздары исі қазақты бір-біріне түбі бір тұтас етіп отырған. Айтып отырсың, Қағаз әпкеңді. Оның ар жағында Бәйдібек бабаңның қалың найманның екі руын Қызай, Мұрын атандырған әпкелерің тағы өткен. Ұлы жүздің бір руын өзінің жанама аты – Ысты атандырған Тағы бір анаңды білесің. Осыдан екі жарым ғасыр шамасында Арғын Байсейіт бидің шешесі, аты ауызға айналған Қыс-бике жарықтық Дулаттың қызы… Айта берсең, тірнектеп, тізе берсең, қазақ қыздары арқылы үш жүздің баласы бір-біріне нағашы, жиен, бөле… Тамыры бір, діңгегі бір, бұтақтары бір. Сөйтіп алып, “сен анаусың, мен мынаумын” деп қарадай бір-бірін бөтенсіп, бөлектене қалатыны, немене… Қазақ, өз тарихында тұңғыш рет мемлекет құрды. Тұңғыш рет Астана салды. Тұңғыш рет мемлекеттік шекарасын белгіледі. Ау, енді ұлттық біртұтастықты ойламаймыз ба? Біреу “осы сен қай жүзсің?” десе, “Аулақ жүр, қазақпын!” демейміз бе? Демейміз. “Мен енді анау…” деп міңгірлейміз. – Шерағаң тағы сағатына қарады. – Жә, уақыт болып қалыпты, мен әлгі орталықтың ашылу салтанатына барайын. Ал, сен орныңда бол, оралып соғамын. Кешкісін самолетке шығарып сал.


Ауа-райы қатты бұзылып, самолет Астанаға ұшпай қалды. Ұрып-айдап теміржол вокзалына келдік. Билет жоқ.


– Бүгін бірге түнейтін болдық, не қылса да, – деді Шерағаң.


Қыстың түні ұзақ. Жайланып, жан шақырып алған соң, жай-жапсары көп тірліктің тігісін түгендеп тіл безейтініміз белгілі. Шерағаң қазақтың бүгініне алаңдайды: барға шүкіршілік. Осыдан оншақты жыл бұрынғыға қарағанда буынымыз бекіп, қабырғамыз қата бастады. Әйткенмен осы бізде мәз болу, масайрау көп. Той-томалақтан көз ашпайсың. Айтыс деген айналайыннан аяқ алып жүре алмайсың. Басы “Тамаша” болып келетін қилы-қилы театр-шоулардан мезіміз. Көркемөнерпаздық әләулай кең етек алған.


– Шераға, осы көркемөнерпаз деген ұғым бұрынғы ТМД елдер кеңістігінен өзге әлемнің бірде-бір елінде жоқ көрінеді.

– О жағын білмеймін.

– Жалпы, самодеятельность дегеніңіз, маған самозванец болып көрінеді. Болсаң, профессионал бол. Бюджеттен әлгі көркемөнерпаздар мекемесіне бөлінетін қыруар қаржыны сол профессионалдарға төле. Ал мына қалпымызбен мәдениеттің провинцалық деңгейінде қала берміз бе, деп қорқамын.

– Әй, провинцалық деңгейден арылу үшін рухани мәселеде әуелі ұлттық элиталық ерекшелік қалыптасуы керек. Ол бар ма бізде. Біздікі ауыл-ауыл, аудан-аудан, облыс-облыстың алаң-алаңына шығып ол да ала жаздай ән салып, селкілде де билей бер. Европаны қарашы. Несімен мақтанады? Әуелі қай өнерін әспеттейді? Операсын. Бір қойылымы – 3 миллион доллар! Ал барсаң бос орын таппайсың. Біздің қазақты операға ақысыз алып барып кіргізе алмайсың. Ол түгілі, драма теартына бара ма?

– Драматургия өте әлсіз ғой, Шераға бізде – бүгінгі заман ұрпағына лайығы шанда біреу. Баяғы, балаганный… у-шу, судыраған ақыл-сөздер, сахнада ары-бері сенделіс… Темперамент, динамикадан, уақыт сұранымы – инетеллектіден ада-күде.

– Сенің осы қараң қалдырып жіберетінің не?

– Провинциялық деңгейімізге қарным ашады. Атақ, даңқ құмарлықтан жүрек айниды. Ақын атымды шығарам деп өлеңмен өліп-өшіп жүргендер өлеңкештер есепсіз. Поэзия дегенде шаруалары жоқ. Қара сөз құрай алса, осы проза деп жүрген қарадай қаламгер атап жүргендер қай жағыңнан да қабаттасып шығады. Көркемдік, суреткерлік қаперлерінде жоқ.

– Сөйте тұра, озық 50 елдің қатарына игеріп кеткіміз келеді, ә, – деп Шерағаң көзін алайтып. – Сөйте тұра, әрі мансапшыл, лауазымшылмыз. Арманымыз – биліктің бір бұтағына жетіп алу. Шама, қабілет, кісілік жете ме, пішту. Осыған сонда қаншалықты тосқауыл қойып жүрміз. Ешқандай. Мінезсіздігімізден! Біздікі – “Е, мейлі… Не пәле. Тіктеп келген тексіздіктің бетін тілу керек қой, тікесінен! Дұрыс па?

– Дұрыс.

– Ендеше, неге өйтпейсіңдер?

– Елдің бәрі Момышұлы емес, Мұртаза емес қой, Шераға!

– Баукеңді айтқаның дұрыс, оған сен мені қосақтамай-ақ, қой.


Осындайда еске әр не түседі. Шерағаң ҚР телерадио компаниясының президенті болып, біраз істеп, одан Парламент мәжілісінің кезекті бір сайлауында депутаттыққа түскені бар. Сайлау округына келіп, сайлаушылармен кездесу өткізу үшін Жуалысына келіп жатқан. Ертең кездесу болады деген күні тал түсте теледидар қарауында қызмет істеген бір жігіт жылмаңдап келіп тұр. Сөйтсе ол да осы округтан депутаттыққа кандидат болып тіркеліпті. “Аға, алдыңыздан өтейін деп келдім”, – дейді мүләйімсіп. “Өйткенде, маған немене кандидатураңызды ал деп отырсың ба?!” деп Шерағаң ақияды.


Содан не керек, ертесіне қара-құрым сайлаушылармен кездесу басталып кетті. Сөз әкімде. Депутаттыққа кандидат әлгі жігіт жайлы әңгімесінің ұзын-ырғасы былай: “Бұл Бәленше Түгеншиевті бәріңіз білесіздер, теледидардан саяси хабарларын күнде көріп жүрсіздер. Даусы қандай, сөзі қандай. Күллі әлемдегі саяси жағдайларды жілікше шағатыны қандай. Соның ақ-қарасын, асты-үстін ақтарып-төңкеріп айтқандағы ақылмандығы қандай. Қатпар-қатпар саясатты қақпақыл ойнатқанда қағазға қарамайтыны қандай. Бір өзі көреген, көсем де, шешен…”


Шерағаң ары қарай шыдамайды. “Бір ауыз…” деп сөз сұрайды.


– Теледидардың пұшпағын біз де біраз илегенбіз, – дейді сосын. – Мына депутаттыққа кандидат жігіт менің қол астымда істеген көп диктордың біреуі болған. Диктор деген теледидардың тілінде – кукла, деген сөз. Себебі ол, тек біреудің дайындаған материалын көз алдынан сырғып өтіп тұратын пленкадан оқып қана отыратын адам. Мәтінді бұларға Қайнар Олжай деген журналист дайындап береді. Егер оны мұның өзі дайындай алса, бұл баяғыда пайғамбар болып кетпей ме?!


Жаңа ғана әлгіні жер-көкке сыйғызбай тұрған әкімнің де, жұрттың да аузы аңқайды. “Шераға-ау, – дейді артынан әкім. – Біз қайдан білейік. Өзі сондай деп жүрдік қой”.


Қазір осыны еске алдым. Шерағам мырс етті.


– Е, сол қайда жүр осы күні?

– Қайдан білейін. Әйтеуір, теледидар жақтан көрмеймін.

– Қазақта “Өле алмай жүріп…” деген жаман сөз бар. Есті, білімді, айбынды біреу болса, оған айтар сөз қайда. Екі адамның басын қосып соңынан ерте алмайтын қалың көптің бірінің көрдің бе, Парламент төріне деген дәмесін. Былайғы ел қайдан біледі, оның шын мәнінде кім екенін. Мен болмасам өтіп те кетер еді, бәлкім. Осы тектестер Парламентте қазір жоқ па? Неге жоқ. Отыр онда омалып. Олардың елдің, қоғамның қамы деген түсіне де, түйсігіне де кірмейді. Бұған сонда не айтасың. Биліктің әр қилы сатысында қанша ноқай жүр. Санашы…


Мен үндемедім. Шерағаң да үнсіз. Біртүрлі еңсесі түсіңкіреп кетті. Аздан соң, маған ба, жоқ өзіне-өзі ме, ақырын айтқаны: “Ей, бір кем дүние…”


Қанша жылдан бері байқағаным, Шерағаң ерте тұрады.


Ертеңгісін шай үстінде айтқаны:


– Сен кеше “Бір таң дүние” дегенді айтып қалдың. Ойланатын-ақ нәрсе. Менің “Бір кем дүнием” жалпы философиялық толғамдар ғой. Сөйтсе де мен философ емеспін. Бірақ, философ халықтың ұлымын. Біздің бір пәлеміз өз қадірімізге өзіміз жетпейміз. Бірдеңе жазсақ шетелден шыққан ғұламалармен екі ұрттарымыз толып шыға келеді. Мысалы, керемет философ та солар. Сонау Аяз би, Жиренше, Асанқайғы, Мөңке би, Шалкиізден тартып бүгінгі Әбішт Кекілбаев, Ғарифолла Есімовке дейінгі жүз, мың ғұлама философтарымыз сол шетелдіктеріңнің қайсысынан кем. Тіпті, кейбір жағдайда артық. Абай мен Шәкәрім ше!.. Бауыржан көкең ше!.. Пайымдап қарасаң қазақ халқы кім дегенде: – философ! – деу керек. Философия біздің ұлттық болмысымыз. Жалпы, қабілет жетеді ғой, бізде. Қайсыбір замандарда ата-бабаларымыз аттан жығылып, бас-сүйегін талқандап алған адамның басына операция да жасаған. Жарамай қалған құйқаның орнына сиырдың терісін тігіпті. Мына жігіт… Ана орталықтың директоры Сейітхан Жошыбаевты айтамын. Жүрекке операция жасаудың сирек кездесетін хас шебері. Қанша қырғыздың шаруасы біткен жүрегін жөндеп берді. Сондай ғұлама дәрігер бар екен деп, Қазақстанның қазақтар да: “ой, бауырымдап” барып, өлмей тірі қалған. Қой, енді еліме, Алматыма, Қазақстандықтарыма барайын деп келіп еді… Қазақтары қайта кетірді. Шүкір, міне, бүгін әйтеуір, Таразда. Енді осы сирек қабілетті ардақтап, әспеттеп, таныта аламыз ба, елге. Оның өзі үшін емес, ұрпаққа өнеге, қабілеті, ісі үшін. Қайдам. Газеттерің жүрдім-бардым бір қарыс бірдеңе жазар. Хабар-ошар… Бітті. Баспасөз әлсіреді, әбден. Тереңдей алмайды, тебірене білмейді. Түлейленді. Сонда, кімді қалай таниды, жұрт?!


– Сіздей редактор туа бермейді ғой, Шераға!


– Біздей… Парасатпен пайымдауды, мінезбен қопара айтуды, талдап, тарқатып беруді немене, біз қалтамызға салып кеттік пе? Бар ғой, қазір де біраз жігіттер Алматы жағыңда. Әңгіме сондай салған жерден самғап шығатын саңлақ ойлы, сайыпқырандардың барлық жерде болғаны, – деп Шерағаң біраз көсілген.


Оқшау жүретін адам үшін оқшау, дара біткен адаммен әңгіме-дүкен – үлкен мектеп. Өзім өмір дегенді – үйрену деп білемін. Әттең соны кейде қаперден шығарып, боямасы көп әсіре қызыл күндермен ғұмырдың үлкен бөлегін рәсуа етіп аламыз.


Шерағаңың қоштасарда қолымды алып, арқамнан қағып тұрып: “Елің аман болсын! Өзің де аман бол! Нұр жаусын!” дейтіні бар. Бұл жолы да сөйтті.


– “Бір таң дүниені” ұмытпаңыз, – дедім мен. 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар