Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
1986 жылдан соң Қазақстанды әлем таныды...

14.12.2016 5632

1986 жылдан соң Қазақстанды әлем таныды

1986 жылдан соң Қазақстанды әлем таныды - adebiportal.kz


jeltossan-meydan-6.jpg

Әрине, Желтоқсаннан кейінгі жылдарды ғасырға бергісіз «алтын кезеңге» баласа да болады. Себебі, бүкіл әлемнің тең жарымына үстемдігін жүргізген қуатты империя қазақ жастарының бұлқынысынан соң шашылып түсті. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы қазақ жастарының бас көтеруінен кейін Бакуде, Саха республикасында, Вильнюсте, Сумгайтта, Ферганада, Тбилисиде қанды қақтығыстар орын алып, олар да қарулы әскерлер мен танктердің күшімен басып-жаншылды. Бірақ та мұнымен Кеңестер империясы бұрынғы өзінің біртұтастығын сақтай алмады. Желтоқсан көтерілісінің жол бастап берген толқынысы бүкіл одақтас республикаларды шарпып, ақыры жер бетінің жарты бөлігін уысында ұстаған алпауыт империя КСРО – он бес өз алдына тәуелсіз елге жаңқалана бөлініп кетті. Міне, осылай қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы наразылығы әлемдегі қалыптасқан жүйені тас-талқан етіп, КСРО мен АҚШ бастаған социалистік және капиталистік лагерлер арасында тұп-тура қырық жылға созылған қырғиқабақ соғысқа нүкте қойды. Сонымен қатар, Желтоқсан көтерілісі Ресей империясы боданында үш ғасыр бойы 300-дей үлкенді-кішілі ұлт-азаттық көтерілістерін басынан кешірген қазақ халқының соңғы күресі болып еді. Демек, Желтоқсан көтерілісі – әлемде ұлы өзгеріс жасаған, КСРО құрамындағы 15 республика мен социалистік лагерлердегі 20-ға тарта елге азаттық әперген XX ғасырдың ең айтулы даталарының бірі. Жасыратыны жоқ, Алматыдағы жастар наразылығының дүмпуі алғаш рет Еуропаға жеткенде, көптеген елдер бұл хабарға сенімсіздікпен қарапты. Бұл ретте, тіпті, «...Неге Алматы? Қалайша Қазақстан?» – деп таң қалысқан екен. Себебі, бүкіл батыс сарапшылары, әсіресе, АҚШ саясаткерлері мұндай толқулар Украинада, Балтық жағалауы елдерінде, Кавказда орын алуы мүмкін деп есептеп келіпті. Керек десеңіз, «Халық қарсылығы Өзбекстанда болуы да ғажап емес. Тек оның Алматыда болуы мүмкін емес» деп те ойлаған. Кейіннен барып жоғарыдағы ақпарат расталған соң Еуропа мен АҚШ алғаш рет Қазақстандағы ұлттық мәселеге назар аудара бастапты. Өйткені, олар бұған дейін КСРО-ның еуропалық бөлігі мен Балтық жағалауы елдерін ғана тыңғылықты да терең зерттеп, Орталық Азия өңіріне, оның ішінде Қазақстанға тіптен назар аудармаған. Ал Желтоқсан көтерілісінен кейін әлем жұртшылығының Қазақстанға деген көзқарасы күрт өзгерген. Олардың көбі Кеңестер Одағы тек Ресеймен ғана шектелмейтінін, онда Қазақстан секілді батыр да қайсар халықтар тұратынын түсіне бастаған. Демек, Желтоқсан көтерілісі – Қазақстанды Еуропа мен Америкаға танытты. Сосын, мұндағы қазақ ұлтының өкілдеріне деген көзқарас түбегейлі өзгере бастады. Тұңғыш рет шет елдерге тарыдай шашылған бауырларымыз өздерінің қазақ екендігін кеуделерін кере мақтана білдірумен болды. Өйткені, Қазақстан жүрегі – Алматыдан «Қазақстан – қазақтар үшін» деген ұрандар бүкіл төрткүл дүниеге тарап жатқан еді. Сондай-ақ осыдан соң әлемдегі түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Соның бір белгісі – үстіміздегі жылы Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен «Орталық Азия – мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында» атты дөңгелек үстел басындағы кездесуде тәжік кинорежиссері Гүлбахор Мирзоев 1986 жылғы Желтоқсан «оқиғаларын» – Орталық Азиядағы ұлттық сана сілкінісінің басы деп атаған. Әрине, бүгінде мұндай бағаны әлемнің көп еліндегі саясатшылардың аузынан естуге болады. Демек, Желтоқсан – әлем мойындаған, «Тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық көтеріліс» деген бағасын алған әлемдік ауқымдағы оқиға. Ал енді осы әлемге ұлы өзгеріс әкелген Желтоқсан көтерілісінің қалай басталғанын білеміз бе?.. 1986 жылы 16 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 10.00-де Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің V Пленумы өтіп, ол рекордтық қысқа уақытта, небәрі 18 минутта аяқталады. Сөйтіп, 30 жылдай Қазақстанды басқарып, үш рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа бір ауыз жылы сөз қимай, орнынан алып тастап, ол орынға Қазақстан жөнінде ешбір түсінігі жоқ, жергілікті қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінен мүлдем хабарсыз – Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В Колбин дегенді әкеліп отырғызады. Осы орайда республика халқының пікірі тыңдалмақ тұрмақ, қазақ халқымен санаспайды да. Оның үстіне мұның өзі сол кезге дейін ұлттық республиканы жергілікті ұлт өкілі басқармаған бірден-бір жағдай еді. Бұл Орталықтың қазақ халқын ел деп санамай, өз отары ретінде бағалаған келесі бір қорлауы болатын. Шыдам деген мәңгілік нәрсе емес. Ол ертелі-кеш пе, ақыры жарылады. Сол секілді осы жолғы қорлау мен шектен тыс басыну қазақ жастарының намысын қайрап, алаңға алып шықты. Сөйтіп, Алматы көшелері мен алаңдары 35-50 мыңдай қазақ жастарына толды. Және бұл наразылық шерулері Алматы қаласымен шектеліп қалмай, ол Шымкент, Талдықорған, Жамбыл, Қарағанды, Арқалық, Көкшетау, Сарыөзек, Талғар және басқа да Қазақстан қалаларын шарпыды. Әрине, ресми Мәскеу қазақ жастарының талабын тыңдағысы келмеді. Тіпті, оларды адам ретінде де санамады. Сөйтіп, табан астында бейбіт шеруді жаншып-таптау үшін «Метель» жоспарын қолданды. Нәтижесінде, КСРО-ның сегіз қаласынан шұғыл әкелінген 12729 адамнан тұратын мұздай қаруланған әскерлер Алматы көшелерінде жабайы жыртқыштардай қимылдады. Қарусыз жас жігіттер мен қыздарға қарсы темір таяқтар, шағын саперлік күректер қолданды, иттерге талатты. Сондай-ақ, 20 градустық аязда 11 өрт сөндіргіш машинамен жастар үстіне тастай суық су атқылатты, 15 БТР-мен шеруді «бұзып-жарды». Міне, осылай КСРО ІІМ арнайы әзірлеген «Құйын» («Метель») операциясы алғаш рет Алматыда жүзеге асырылып, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы көкөрім қыз-жігіттер қанға бояла басып-жаныштал- ды. Соққыға жығылғандарды ұрып-соғып қала сыртына апарып, сырт киімдерін шешіп, лақтырумен болды. Жас қыздарды келешекте ұрпақсыз қалсын деп мұз асфальтқа отырғызды. Бұл аздай содан кейін көтеріліске қатысқандарды жаппай жазалау орын алып, 2401 адам – ішкі істер бөліміне, 2212 адам – мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне, 2401 адам – прокуратураға жеткізілді. Сондай-ақ, 20 жедел жәрдем бригадасы жарақат алған 768 адамды емдеу мекемелеріне әкеліп, олардың 204-і ауруханаларға жатқызылған. Осы орайда ауыр жағдайда – 17 адам, өлім халінде – 2 адам түскен (екеуі де қайтыс болды). Ал жалпы алғанда Желтоқсан көтерілісінен кейін 99 адам Қазақ КСР қылмыстық Кодексінің 60-бабы (ұлттық және нәсілдік тең құқықты бұзу) және 65-бабы (жаппай тәртіпсіздік) бойынша 3 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Екеуі ең жоғарғы үкім – ату жазасына кесілді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының 12 ректоры мен басқару саласындағы 33 мың адам қызметінен алынды. Және де ішкі істер жүйесіндегі 1200 адам жұмысынан кетірілді. Ал енді көтеріліске қатысқандар осылай аяусыз жазаланып жатқанда «Алматы қаласындағы қоғамға жат тәртіпсіздіктерді жою кезінде көрсеткен ерліктері үшін» 16 адам – КСРО орден-медальдарымен, 1586 ішкі істер қызметкері – «Милиция үздігі», «Үздік қызметі үшін» белгілерімен, жүздеген адам КСРО және Қазақ КСР Жоғары Кеңестері Президумының құрмет грамотасымен марапатталды. Міне, біз келесі жылы 20 жылдығын атап өткелі отырған Желтоқсан көтерілісінің қысқаша тарихы осындай. Ол алғаш рет қазақтың өрімдей жас ұрпағының бүкіл әлемге жар сала «Мен қазақ» деп айқайлаған күні еді. Ол – қазақ рухының, намысының, қайсарлығының, бірлігінің асқақтаған күні еді. Ол – әлем жұртшылығына мына Жер планетасында қазақ деген батыр, ержүрек, қайсар ұлттың бар екенін сездірген күн еді. Сондықтан да Желтоқсан көтерілісінің рухы қазақ халқының жүрегінде мәңгі өшпек емес.


Құттыбек Аймаханның “Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады” атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар