Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Салауат Кәрім. Күн астындағы қазақ...

15.12.2016 4069

Салауат Кәрім. Күн астындағы қазақ

Салауат Кәрім. Күн астындағы қазақ - adebiportal.kz


Бірде бір халық тірі жүрмес еді,

егерде ақ пен қараны айыра алмаса;

Ф. Ницше


выа.jpg



Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Қазақ деген мал баққан елміз..., дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз... » деген еді, асыл дана Абай: «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» деп өтті, Алашшыл Міржақып Дулатов: «Оян, қазақ!» деп жар салғанын барша жақсы біледі, ержүрек Қасым ақынның: «Мен – қазақпын, сен – фашиссің» деген айбатты сөзі еріксіз еске түседі, бертін келе ақын Жұбан ағамыз: «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп жазды.


Біз өзінің қадірін өзі жақсы білген халықтың ұрпағымыз....


Қазірде күн астындағы тірлігімізге шүкіршілік етіп, әрбір күнімізді өзімізше түсініп, өзімізше түйіп жүрген, жүрегіміз ашық, ниетіміз таза, адал жандармыз: сен, мен, ол, біз.... Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады.


***


Күн астындағы қазақ – өз тірлігін өзі көріп жүрген, адамшылық қасиеттерді бойында сақтап қалған қазақ, ол уақыт пен заманның қандай болмасын дүлей дауылдары мен құйындарына, дағдарыстарына өзінің кісілігімен қарсы тұрады; ол – өмір көптеген түсініктерден тұратынын, қызықтар мен жақсылықтан ғана тұрмайтынын, сондай-ақ адам жаны күйзеліске толы екенін жақсы біледі, сонан да шығар ол қандай жағдайлар болмасын өмірінің мәні болғанын қалайды, өмірін бекер өткізбейді; ол – қызықта және қайғыда, жақсылық пен жамандықта адам болып қалады.


***


Күн астындағы қазақ – кісілікті өмірінің басты құндылығы санайды, әрқашан кісілігін сақтайды, ол кісілігінен айырылса өзіне жат болатынын, одан соң жақсы көретіндері алдында, айналасына керек болмайтынын жақсы біледі; ол жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, адал мен арамның парқын айыра алады, оның басынан көп нәрсе өтті, ол жүзін жаманға бұрмайды, өйткені талай рет жаманнан көңілі қалды, сағы сынды, тауы қайтты, бірақ өткен жылдар оның рухын сындыра алмады.


***


Күн астындағы қазақ – көкірегі ояу, түсінігі бар адам, көп оқиды, көп түйеді, оның білетіні көрініп тұрады, білгені мен түйгенін жақсылыққа жұмсайды; ол – өмірден үйренеді, өмірден сабақ алады, адамға болсын деп жүреді; дана асылы Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» сөзін жүрегінде жатқа ұстайды, қазақты дос, бауыр көреді және оны итермейді.


***


Күн астындағы қазақ – оның өмірінде қиын және ауыр кезеңдер болғанын, ол бір кезде өзінің қателескенін де жасырмайды, өткеніне көз жіберіп, ақылға сала отырып, ол өзін сақтау үшін істегенін байқайды, ол өзінің дұрыс істегенін, дұрыс жолды таңдағанын, соның арқасында дұрыс келе жатқанын түсінеді; ол қандай болмасын жетістікке өзінің білімімен, ақылымен, күшімен жетеді, кішкентай болса да өзі жеткен, өзі шыққан биікті мұрат тұтады.


***


Күн астындағы қазақ – ол күншіл емес, адамға қызғанышы жоқ дені сау адам; айналасындағы адамдардың жетістіктері мен қуаныштарына шын ниетімен қуанады, жақсылыққа ортақ жан.


***


Күн астындағы қазақ – «адам арамдығының шегі жоқ», – дейді, ол арам адамдардан бойын аулақ ұстайды, адалдықты қазына байлық, ерлік нышан деп біледі, ол – өмірін адал сүреді, адал еңбекпен келмеген дүниенің арам екенін, арам дүниенің тесіп, не жарып, не жаралап шығатынын, ал кейде адамды жоқ ететін жақсы біледі, сонан да болар ол ешқашанда арамдыққа, арам іске бармайды; ол – дүниенің құлы емес, дүние байлық, көп ақша өмірінің мақсаты емес, асып – тасқан байлықты құдайда қостамайтынын жақсы біледі, ол – қанағатшыл, кедейлігін кемдік санамайды.


***


Күн астындағы қазақ – екі жүзділік пен сатқындықты қабылдамайды, азғындық ішіндегі екі жүзділік пен сатқындық ең жексұрыны екенін бала кезінен біледі, ал қате болып, не қателікке ұрынған күнде, ол өзінің жасағанын, өзінің қатесін мойынымен көтереді.


***


Күн астындағы қазақ – адам қадірінде, өзінің қадірін де жақсы біледі, ешкімді өзінен кем санамайды, «қадірсізден құт қашатынын» жақсы біледі.


***


Күн астындағы қазақ – махаббаттан өмір туады, «егер де сүю болмаса, адамда болмас еді» деп түсінеді, жүрегі мейірімге, махаббатқа толы жан.


***


Күн астындағы қазақ –туған өлетінін, жаралған жоғалатынын, келген кететінін, ажалдан ешкім құтыла алмайтынын жақсы біледі, ажал жетпей өлмек жоғын да түсінген бұл дүниедегі қонақ; ол өмірдің күшті екенін, өлім одан да күшті екенін жақсы біледі, ол құдайдан өлімінің ұятты болғанын қаламайды.


***


Күн астындағы қазақ – бала кезінен тәкаппар жандарды,пысықтар мен пасықтарды ұнатпайды, оларды көргенде ол ішінен тынады, ал біраз жылдардан кейін олардың сүмірейген ұсқындарын көріп тағы да үндемей қалады, өйткені олардың надандардан екенін бала кезінен жақсы біледі, олардың опасыздықтан тайынбайтынын талай көрді, өзі де солардың талай құрбаны болды.


***


Күн астындағы қазақ – мұсылман, Жаратқан ием, Алланың құдыретіне бағынатын адам. Құран Кәрім кітабын қолынан тастамайды, жылдар, күндер бойы, сағаттап құран оқиды. Жаратқан иемге жалбарынады, иманын жүрегінде сақтайды. Бәрі Алланың қолында екенін, Жаратқан ием иелігінде екенін ол жақсы түсінеді.


***


Күн астындағы қазақ – ол ата-анасын құрметтеп сыйлайтын, кәрілігінде күтіп бағатын, өлгенде қадырлеп көметін, олардың бейнесін жүрегінде ұстап, жұма күні олардың аруақтарына бағыштап дұға оқитын жан.


***


Күн астындағы қазақ – ержүрек, қорқынышын білдірмейді, ұялған батыр болады деп түсінеді. Ерлік – ақыл мен жүрек шешімінен кейін ғана туатын әрекет санайды.Батырлық, ерлік мыңның бірінің қолынан келе бермейтінін, ездік билеген жерде ерлікке орын жоқ екенін ол жақсы түсінді.


***


Күн астындағы қазақ – жақсылықтан үміт үзбейді, басына ауыр күндер түскенде күшін қиындықтарды жеңуге жұмсайды, ол ауырлықпен бірге жеңілдік барын, қиыншылықпен бірге оңайлық барын, белін қайыстырған жүктің түсетінін, көңілінің ашылатынын, абыройының көтерілетініне сенеді.


***


Күн астындағы қазақ – өзінің күш – қайратын күтеді, босқа шашпайды, өйткені оның күш –қуаты оның өмірі үшін маңызды екенін жақсы біледі, сондықтанда болар ол қиын сәтте өзін тоқтатады, сабырға салады, ақылын ашуға жеңдірмейді, күш - қуатын келешекте басқа игі істерге қалдырады.


***


Күн астындағы қазақ – өзінің жүрегін тыңдайтын адам, жүрегінің оны алдамайтынын жақсы біледі, қандай болмасын шешім қабылдар алдында ол ақылынан гөрі жүрегін тыңдайды, сонан да шығар оның жүрегі көп ауырмайды, өйткені шын жүректен шыққан сөз, не жасалған игілік қандай болмасын жүректен орын алатынын жақсы біледі.


***


Күн астындағы қазақ – қиыншылықта адамға қол ұшын созады, жақсылық істейді, жақсылық істей отырып, ол өзінің адамдарға қажеттілігін сезінеді, өзі де қуанышқа бөленеді, жақсылық үшін ол өзінің қолындағысын бөліп береді, сол кезде ол өзінің жүрек сезімдерімен әрекет қылады, осылайша ол өзінің жүрегін ізгілікпен шыңдайды.


***


Күн астындағы қазақ – еңбекқор, еңбексүйгіш, ол бала кезінен еңбек етті: жерде жыртты, егінде салды, шөпте жапты, малда бақты, құрылыста салды, ұстаздық етті, көп жылдар кеңседе қызмет атқарды, кітап жазды, ол қандай болмасын еңбектің дәмін татты, қандай болмасын оған тапсырылған жұмысты адал атқарды, ол – өз ісінің білікті маманы, ол адал еңбегімен нанын тауып жейді; ол бүгінгісін ертеңге қалдырмайды, жалқаулықты арамтамақтық санайды, жатып ішерлікті, қыңыр-қырсықтықты ешқашанда қолдамайды.


***


Күн астындағы қазақ – досының кемшілігін кешіре біледі, досынан сұрамайды, досын дұшпан санамайтын адам, ол жалғаннан жанын аулақ ұстайды, жанын өтірікке сатпайды, өтіріктен кейін жазылмайтын жара қалатынын жақсы түсінген қазақ.


**


Күн астындағы қазақ – ол адамға қиянат жасамайды, адамға қиянат жасау қылмыс деп біледі.


***


Күн астындағы қазақ – оның елінде, мемлекетінде, қоғамда, адамдар арасында әрқашанда әділдік болғанын қалайды, әркім өзіне, өзгеге әділ қараса деп ойлайды, ол әр нәрсеге әділ көзбен қарайды.


***


Күн астындағы қазақ – жемқорлық пен парақорлық азғындықтың бір түрі санайды, оларды құзғындарға теңейді, өйткені қаншама құзғындар аспанда самғаса да олардың жарылып өлетінін және олардың жарымағандардан екенін бала кезінен жақсы біледі.


***


Күн астындағы қазақ – сабырлы, әрқашанда амандығына шүкіршілік етеді. Бәле келсе «кетер» деп, төзімділік сақтайды.Ол әр нәрсенің шегі барын жақсы білетін адам.


***


Күн астындағы қазақ – өзінің ұрпағының тәрбиесіне үлкен мән береді, қоғамның, қазақтың ең басты мәселесі санайды, ол тәрбиенің өзегі: «Ата - анадан өсіп ұрпақ таралған, жақсы, жаман болса бала – солардан» деп түсінеді және есінде сақтайды; ол қазақ отбасында ерлі- зайыпты адамдар арасындағы қатынас махаббатпен және өзара сенімге, түсіністік пен сыйластыққа құрылып, қазақ отбасында еркек – ер, ал әйел – ана болып қалуының маңызы зор деп санайды.


***


Күн астындағы қазақ – балалары бойында жағымсыз қылықтар мен кемшіліктерді көргенде ол өзінен жұққан, не ауысқан кемшіліктер деп біледі, ол балаларының алдында өзінің тәрбиесіне көңіл бөледі, өзінің қылығы мен сөздеріне мұқият, жүріс -тұрысымен балаларына үлгі. Ол балалары алған білімдерімен ғана емес, адамшылықтарымен биік тұрғандарын қалайды.


***


Күн астындағы қазақ – Құдай қосқан қосағын, сүйікті жарын сыйлайды, тату өмір сүріп, балаларын тәрбиелеп, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп, араларына дақ түсірмей өмір сүреді; ол – әйелдің ұяттысын, жардың ақылдысын, қыздың қылықтысын дұрыс көреді, әйелдің көркі – оның ар- ұяты, ақылы, сүйкімді қылығы деп біледі, ол әйел алдындағы сертіне берік қалады, айтқан сөзін жерге қалдырмайды.


***


Күн астындағы қазақ –сәлемім саулық, сәлем алған қызығын көреді, әдепті жақсы қылық, әдепті сөйлеп – өз ортасында сүйкімді жүретін, әрқашанда сәлемі түзу адам.


***


Күн астындағы қазақ – туған-туысқанын жақын көреді, жақынымен арасын үзбейді, ал үзіле қалса өзінің өкпесін қойып ағайынына, туысқанына жақындай түсетін қазақ.


**


Күн астындағы қазақ – өш алғаннан гөрі кешірген жақсы деп біледі, сондықтанда болар ол оған қарсы жасалған барлық жамандықтарды жанымен қиналып, жанымен кешіреді, ешқашанда кек сақтамайды.


Күн астындағы қазақ - елі, халқы, оның өткені және келешегі туралы


Күн астындағы қазақ – елі, қазағы, оның өткені мен келешегі туралы көп ойланады, көп толғанады, ол жер әлемде және өзінің туған жерінде қазақтың ең болмағанда он бес миллионға толмайтынын жақсы біледі, ол әрқашанда елінің мүддесін жоғары қояды; тәуелсіз елінің шырқын бұзатын қандай болмасын қауіптен сақтанады, ол елінің амандығын тілейді, тәуелсіздігінің қадырын түсінген қазақ.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – күн астындағы француз, жапон, ағылшын, үнділер мен қытайлар және басқа да күн астындағы халықтар сияқты өзінің ғасырлар тарихын жақсы біледі, қазақ халқының қадір-қасиеті биік, оның ата-бабалары әділ, адал, шыншыл, ержүрек, қаһарман болғанын, ол халқының адамшылық құндылықтары мен түсініктерінің тамыры, оның кісілік қайнары тереңде екенін сезеді, ол одан сайын халқының болашағына сеніммен қарайды және оның келешегіне күмән келтірмейді.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – елдігінен айырылған үш ғасырға жуық кезең уақыт пен өмірдің тоқтаған, қазақтың тынысы тарылған, тарыдай шашылған ауыр кезең санайды, ол өткенінен өшпес сабақ алды, өткенде көргенін ешқашанда қайталағысы келмейді. Ол өзінің тарихынан сында және мінде іздемейді, бұдан былай қателікке ұрынбас үшін ақиқатты таңдайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – адам құндылықтары мен түсініктерінің өзгеріп жататынын, ал кейбіреуі қоғамның сипатына қарай ескіріп, ал енді біреулері қалып жататынын да біледі, ол ең басты құндылық - қазақ және оның өмірі деп санайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – өзін біздің заманға дейінгі екі мыңжылдық уақытта Еуразия құрлығының қақ ортасында, қазіргі кең байтақ қазақ даласында өмір сүрген асқақ жанды, адал ниетті, еркіндік аңсаған, батыл адамдар – көшпенді дала тайпаларының заңды жалғасы.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – жайылым жер мүддесінде, шаруашылық тіршілігінің және салт-дәстүрінің ұқсастығы мен тайпалық, рулық бірлігінде қазіргі қазақ жерінде елдігін қалаған және құрған, оған қосылған (тайпалық одақ, бірлік, қағанат, орда, хандық, автономиялық республика, социалистік республика) тарихи тамыры терең елдің, он бесінші ғасырда Қазақ хандығы аясында халық болып бірігуі арқылы қалыптасқан, соңғы үш ғасырға жуық уақытта мемлекеттік тәуелсіздігінен айырылып, қазіргі ұрпағына кең байтақ жерін қалдырған қазақтың баласы.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ –жерінің кеңдігі, елдігі осы күйде оңайлықпен келмегенін, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың біртұтас қан бірлігінің, жан бірлігінің жемісі екенін, ел тәуелсіздігі - тарихи заңдылық деп санайды.

Қазақ халқы адамзат баласын қызыл қанға бояған, аштық пен жоқшылыққа ұрындырған, сталиндік зорлық - зомбылыққа ұшыратқан тоталитарлық жүйенің құрсауынан аман қалды, құрығынан аман шықты.

Күн астындағы қазақ – 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жетті, жаһан әлемдегі жаңа ел, күн сәулесіне қырандай атылған – Қазақ Республикасының азаматы.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – қазақ халқының сабырлы екенін жақсы біледі, қандай болмасын тарихи өткелдер мен асуларда, сын сағаттарда елдік пен бірлік көрсетті, оның басына түскен ауыр кезеңдер мен күйзелістерде, өмір мен өлім сәтінде төзімділік көрсеткен халық; ол қазақтың төзімді және сабырлы табиғатын қадыр тұтады, сол үшін сыйлайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – қазақтың сыртқы тұлғасы, бет пішіні мен келбетіне, ішкі жаны мен ой жүйесіне, мінез - құлқы мен сөз саптауына, әлеуметі мен мәртебесіне және басқа да түрлі белгілеріне қарап оларды бөлмейді, қазақты сол қалпында қабылдайды, өзі де өзге болғысы келмейді. Ол халқын жанымен сүйетін қазақ, онысын ешқашанда жасырмайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – ол біреудің жеріне көз жүгіртпейді, өзінікі өзіне жететін ел, ол жау іздейтін ел емес, «соғыстың бетін аулақ қылсын» дейтін бейбіт халық, ол жер бетінде, әлемде соғыс болғанын қаламайды, ал оның еліне жау шапса, ол елі үшін, жері үшін жанын аямай, қасық қаны қалғанша қорғайтын ержүрек жауынгер, оны уақыт пен тарих сан мәрте дәлелдеді және оған куә болды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – халқының биліктен әрқашанда биік тұрғанын, қазақ тарихының қай кезеңі, қандай ғасыры мен заманы болмасын, қандай билік қазақ басында тұрмасын ол өзінің адамшылық биігінде ел болып қалған халық екенін жақсы біледі; ол өзінің ғасырлар қалыптасқан еркін рухы, адал табиғаты мен ұлттық болмысы, ой санасы, төзімдігі мен бірлігі арқасында елдігін сақтады; алты ғасыр - Қазақ елі болып келеді және қала береді,елінің мәңгілігі – оның мәңгілігі.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – ол қазақ тілінің көрген қасіретін жанымен қиналып, ана тілімен бірге тартады, ол қазақ тілін қатынас құралы қызметінен кең санайды, қазақ тілі – қазақтың өзі, қазақтың жаны, өмірі, оны қорғайтын және сақтайтын құрал деп біледі; ол - өз тілінің қасиетін төмен түсірмейді, ол - қазақ тілінде сөйлейді, қазақша ойлайды, қазақша жазады.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – өзінің жеті атасын, руын, жүзін білетін, өзінің туған жерінің салт-дәстүрін білетін қазақ, оның осы белгілері ұлттық тұтастығының негізі деп санайды. Ол қазақтың руға, жүзге, аймаққа бөлініп, жарылғанын қаламайды, өйткені ол бөлінсе тірлігінен, бірлігінен айырылатынын, елінің жоғалатынын жақсы түсінеді.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – оның жерінде онымен бірге өмір сүретін күн астындағы басқа да ұлттарды тең көреді, олардың да елі – қазақ жерінің шын қолдаушылары мен жанашыры болғанын қалайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – уақыт құдыретін жақсы түсінеді, бәрі уақытқа келіп тіреледі, уақытсыз оның өмірі жоқ, өлшеулі уақыт әркімге берілген мүмкіндік, адам уысындағы өмір оның бүгінгісі және келешегі деп санайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – өткен күннің қайтып оралмайтынын, мың рет бақырса да, өткен уақытты қайтару мүмкін еместігін, сондай-ақ мезгілі жетпей істің бітпейтінін де жақсы біледі, ол өткен істен сын іздемейді, артына көп алаңдамайды, келер күнін ойлайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – ең бастысы қазақтың арсыздық пен азғындыққа былғанбағанын, оның бойында әділдік жоғалмағанын, шындығы тапталмағанын, өзінің азбағанын, қазақтың біріне бірі: жат, өгей, өш,қас болғанын және қазақтың жаны күйзелгенін қаламайды.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – елінің бүгін және ертеңгі ілгері дамуының негізі – халықтың лайықты өмір сүруі, әркімнің еліне қызмет етуі, ой арманының іске асуы, жанының кеңдігі және ұрпағының ертеңгі күнге деген сенімімен өлшейді.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – қандай болмасын жетістіктер халықтың арқасында жасалатынын, қандай болмасын кемшіліктерге де халықтың өзі жауап беретінін жақсы біледі, сонан да шығар ол ешқашанда өзінен жауапкершілікті түсірмейді және заманға итермейді, заманнан көрмейді.


~~~~~~~~~


Күн астындағы қазақ – қазақ елі, қазақ жері және қазақ халқы өте қымбат және қасиетті ұғымдар, жан беретін, қан ағызатын ұғымдар санайды. Аталған ұғымдарды керегі жоқ, ұсақ, тіршілік қаракеттеріне, алдамшы мүдделер мен алданыштарға, түкке тұрмайтын жетістіктермен алмастыруға және сатуға болмайды деп санайды.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар