Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бақытбек Қадырұлы: «Ит пен құсқа» рәсуа болған қаз...

21.12.2016 4180

Бақытбек Қадырұлы: «Ит пен құсқа» рәсуа болған қазына ел мәдениетіне жұмсалуы керек еді...

Бақытбек Қадырұлы: «Ит пен құсқа» рәсуа болған қазына ел мәдениетіне жұмсалуы керек еді... - adebiportal.kz


12548931_537143359790198_3326611336840359631_n.jpg


Қазақ қаламгерлерін шетелге өз деңгейінде таныта алмай жатырмыз. Әлеуметтік деңгейі төмен деген елдер әдебиетшілерінің өзі бұл сатыдан өтіп, Нобель сыйлығына ұсынылуда. Аударма саласына не жетіспейді?


Әлеуметтік деңгейі төмен, тіптен соғыс болып жатқан елдердің әдебиетшілері әлемдік Нобель сыйлығын аламыз деп әлек. Бірақ, олардың көбісі - эмигранттар. Бұл, тәрізі, сыйлық алудың жолдары ғой... Ал қазақ әдебиетін таныту мәселесі болса – оған мемлекет кешенді түрде қолдау көрсетпей, көсегеміз көгермейді. Елімізде Мемлекеттік деңгейдегі сыйлықтарға қаншама ақша бөлінеді, сол секілді арнайы бағдарлама қажет. Мұндай үрдіс әлемнің өркениетті елдерінде бар нәрсе. «Ит пен құсқа» рәсуа болған қазына ең болмағанда осындай ел мәдениетіне жұмсалуы керек еді. Амал не?!


Ал аудармаға келсек, өз кезінде «Қазақтың Пушкині» атанған ақын Өтежан Нұрғалиевке бір тілші: «Хакім Абайды Әуезхан Қодар бауырыңыз тәржімалады. Ал, неге әлі күнге дейін мына тұрған орыстар Абайды мойындамай келеді?», - деп сұрақ қойса керек. Сонда Өтекең өзінің «майда» тілімен: «Ол нағыз Абай емес, ол Қодардың Абайы ғой», - деген екен... Осыдан асырып не айтуға болады.


– Әдеби сын тоқырап қалды. Оның үстіне сынды қабылдау мәдениетіміз де анау айтқандай жоғары емес. Қайтпек керек?


Сын туралы атүсті бірдеңе деу - қиын нәрсе. Дей тұрғанмен көкейде жүрген ойымыз мынадай: бізде қазір сынның негізгі екі түрі басымырақ. Бірі - «ұйымдасқан сын». Екіншісі  - мадақтайын, я мазақтайын сын. Мұндай "сын" болған жерде қандай әдебиет, қандай мәдениет болсын. Кейбір "сыншымыз" деген азаматтардың сынының өзі сын көтермейтіндігі жасырын емес. Сондықтан, сыншы бек мәдениетті болса көсегеміз көгерер еді. Кейде ойлайсың: "мұндай буынның сырқаты, тек сол буынмен кетеді", - деп. Жаңа низам олай болмауы керек еді...


– Рулық, географиялық, ұжымдық айналада әдебиет жасау белең алып кетті. Әдебиет деген - жалқының олжасы ғой. Осыны қалай тежесе болады?


Адам техниканы тежеуі мүмкін. Ал әдебиет – «ол әдебиет» қой дегеннен басқа не дерсің?! Рухани келеңсіздікті бір сәтте тежеуі мүмкін бе? Оның үстіне бір өзін бүтін бір ру-тайпаның тағыдырына жауапты сезінетін азаматтар болады. Олар солай «топтасып өмір сүруді» өнерге айналдырып алады. "Мұның дұрыс емес" деп тағы айта алмайсың. Себебі, біз құрған қоғам осындай...


Ұлт руханиятын жаңа белеске көтеру үшін ғаламдық деңгейде кең ойлай алатын, өнерде алда жүретін мұзжарғыш кеме секілді серке азаматтар керек. Солар соны соқпақ іздеп, жаңа альтернатива ұсынуы керек... Сонда ғана біз осындай сұрақтарға бас қатырмаймыз деп ойлаймын. 




adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар