Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Қанат қаға бер, «Әдебиет по...

23.12.2016 2222

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Қанат қаға бер, «Әдебиет порталы»!

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Қанат қаға бер, «Әдебиет порталы»! - adebiportal.kz

(үш жылдығына орайлас ой)


жолтай.jpg

Уақыт деген, шіркін-ай, расымен-ақ атқан оқтай! Бүгінгі күнің ертең тарих, ертеңің бір айнала беріп, ол да тарих қойнауына сүңгіп кете бармақ! Жас өспек, егде қартаймақ! Атқарған іс, бітірген шаруа - бәрі де деп-демде көмескі тартпақ! Бұл не? Бұл - өмір! Есте жоқ ескі заманда да солай болған, кеше де сөйткен, бүгін де солай, ертең де сол ізбен сүрлеу салмақ!.. Жә, өмір сонысымен де қызық, сонысымен де жұмбақ! Күні кеше ғана еді, ұлт әдебиетін қайтсек асқақтатып, әлемдік биіктен паш ете, жалпы жұртшылыққа жар салып жария етеміз деп бас қатырып барып, ең соңында замана ағымына ілесе алатын «әдеби портал ашу керек» деген тоқтамға келіп ек! Аяғы осынау сіз бен бізге қазіргі кезде бек танымал болып қалған «Әдебиет порталының» жарық дүние есігін айқара ашуымен сабақтасқан-ды! Мақсат – ұлттың ең үздік әдеби туындыларын қазақ, орыс, ағылшын, түрік, т.б. тілдерде интернет арқылы насихаттау болған. Мына қазіргі порталды жүргізіп отырған ат төбеліндей ғана аз ұжым осы ұлы істі ауыр да болса, арқаға салып, қабақ шытпастан көтеріп-ақ келе жатқандай. Соны сезінгендейміз! Осы портал арқылы қаншама көрнекті қаламгерлер мен сөз сардарлары өзінің сүйікті оқырмандарымен қауышты! Осы портал арқылы қаншама жас таланттар емін-еркін қанат қағып, әдебиет деген ұлы айдынға құлаш ұрды! Осы портал арқылы қаншама әдеби байқаулар, конкурстар, бәйгелер ұйымдастырылып, оза шапқан сандаған үздіктердің бағы жанды! Осы портал арқылы қаншама ақын-жазушылардың талантты туындылары өзге тілдерде «сөйлеп», ыстық жүректі оқырмандарымен өте жылдам жүздесіп жатты! Осы портал арқылы қаншама әдеби-мәдени пікірталастар мен парасатты ойласулар «алаңы» ұйымдастырылып, соған үн қоспағандар мен тілек сөз айтпағандар әй, қалмаған-ақ шығар! Қайсыбірін айтып, қайсысын термелейін! Рас, бұл, біздің байқауымызша, әзірге үлкен де ауқымды істердің басы ғана! Ұжымның алдағы жоспар-ойлары, портал басшылығының сөзіне сенсек, бұдан да ұшан, бұдан да биік, бұдан да асқақ! Содан да болар, біз бұл «Әдебиет порталын» кішігірім Қаламгерлер Ордасына теңеп, соған орай құрмет көрсетіп жатамыз! Қадамына ақжайма жайғандай боп, ақжол тілейтініміз де содан! Үш жасың құтты болсын, «Әдебиет порталы!» Енді аяғыңды нық басып, жұмыр жер бетінде өз ізіңді салып, алға қарай еркін адымдап, ұлт көркемсөзінің жанашыр жалаугері бола бергейсің! Өзіңе шын тілеулес көп қаламгердің бірі ретінде осы жүрекжарды тілегімді жолдап отырмын! Кедергілерге тоқтама! Қанатыңды еркін серме! Ұш! Самға! Биікке өрле!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар