Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты әдеби-музык...

29.05.2017 4238

«Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті

 «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті - adebiportal.kz

Халқымыздың аяулы перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері, Төтенше және Өкілетті елші, ғұлама ғалым, ел ағасы Мырзатай Жолдасбековтың 80 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеші 27 мамыр күні «Қазақстан» Орталық концерт залында болып өтті.

Мырзатай Жолдасбекұлы 1937 жылы мамырдың жиырма жетісінде, қазыналы Қаратаудың қойнауында, Таластың бойында, Ақтөбе деген алақандай ауылда дүниеге келеді.

«Ел тағдыры – Ер тағдыры» кітабында Мырзатай аға өз өмірбаянын жіпке тізген моншақтай мөлдіретіп баяндайды. Әсіресе күнделіктің жетімдік тауқыметін тартқан беттерін оқығанда көзіңізге еріксіз жас келеді. Сол мехнатты бала Мырзатаймен бірге кешкендей боласыз. Бірге тебіреніп, бірге толғанасыз.

Мырзатай аға 1955 жылы Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Азаматтың жарқын жолы осыдан басталады. Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Нығмет Сауранбаев, Зейнолла Қабдолов секілді ғұлама ғалымдардан дәріс алады. Әсіресе, ұлы Мұхтар Әуезовтің үш жыл қатарынан үзбей оқыған лекциялары болашақ ғалымның қалыптасуына ерекше ықпал етеді.

Мырзатай ағамыз 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Мұхтар Әуезовтың ұсынысымен сол университеттің Қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке қабылданады, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет қазақ әдебиетінің түп-төркінін зерттеуге кіріседі. Әдебиет тарихы тартысқа түсіп, әрі-сәрі күй кешіп, дау-дамай өрттей өршіп тұрған кезеңде мұндай тағдырлы тақырыпқа тыңнан түрен салу көзсіз батырлықпен пара-пар еді. Бейсенбай Кенжабаевтай ғалымның шәкірттері Мырзатай Жолдасбеков пен Мұхтар Мағауиннің сол тұстағы ерліктері әдебиет тарихында алтын әріппен жазылды.

Мырзатай ағамыз мемлекеттік қызметте, ат үстінде жүрсе де қаламын қолынан бір күн тастаған емес. Ата тарихы, ертедегі әдебиет тарихы, жыраулар мұрасы, Жамбыл және Кененді зерттеуге арналған еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қазынасын құрайды.

«Қазақстан» орталық концерт залында өткен шығармашылық кеш аясында алғаш болып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев Мырзатай ағаға арнау арнады. Сонымен қатар, қырғыз ақыны да өлеңнен өрнек өріп, ел ағасына деген құрметін жырмен жеткізді. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажанова, Гүлмира Сарина, Нұркен Әшіров, Жанғали Жүзбаев, Досымжан Таңатаров сынды өнер майталмандары кештің көрігін қыздырды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар