Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Хамит Есаман: «Әркімнің өз жолы бар»

15.09.2015 309

Хамит Есаман: «Әркімнің өз жолы бар»





«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, ақын Бауыржан Әліқожаның өлеңдеріне Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, ақын Хамит Есаманның жазған пікірін ұсынамыз. 




www.adebiportal.kz





616488_404773496317086_151952899_o.jpg




Топырақпен сырласу

 

Өн бойыңа сіңгендей тылсым дұға,

Түйіріңде қадір бар бір сұңғыла.

Жерге біткен қоп-қоңыр болмысыңмен,

Дүниені көтеріп тұрсың мына.

 

Қойының - алтын, бітеді гүл де саған,

Жомартсың-ау, болыпсың кімге сараң.

Сан қырыңды жүргенмен зерттеп бәрі,

Тағлымыңды бес күнде білмес адам.

 

Батырмайсың алалап нала-мұңға,

Құнарысың баланың, дананың да.

Сонша байлық иесі болсаң-дағы,

Бұл ғаламның жатсың-ау табанында.

 

Құндақтаулы құпия қойнауыңда,

Жетелейсің әр жанды ойлануға.

Тас қаладан қашамын қажып кейде,

Саған аунап жатсам -деп- қойлы ауылда.

 

Тіл бітірген, таранған тоты баққа,

Өзіңді аңсап құлайды жапырақ та.

Қасиетіңді сезінер, қайран дүние,

Айналғанда бір күні топыраққа.               

 


Қоштасу


 

Жайсаң ару, неліктен кесірлендің,

Қалдың жалғыз мұңымен жесір желдің.

Гүл егілген көңілің солған шығар,

Жүрегімнен бейнеңді өшірген күн.

 

Болмай жатып шаттықтың татып дәмін,

Неге ертерек үзілді бақытты әнің?!

Бал-бұл жанған бал күндер жоғалғандай,…

Енді орнына қоймайды уақыт бәрін.

 

Бұрынғы ыстық от сезім суынғандай,

Себебі бар демессің мұның қандай?!

Өмірімнен өзіңді артық көріп,

Кеудемдегі сүйіп ем шыбын жандай.

 

Кірпігіңе ілінді бір шық бүгін,

Өзегімде булыға тұншықты мұң.

Балта шапты сезімге қыңырлығың,-

Бәлкім менің бірбеткей қырсықтығым.

 

Өткен күнге өткінші, өкінбеспін,

Қалмас мәңгі ызғардың өтінде ешкім.

Көңіл-емен морт сынып құлазыдық,

Деміменен тыныстап жетім кештің...

 

Жалқы жүрек мақсатқа жете алар ма?!

Ұлы жолда кірмейді не табанға...

Жанды қосқан сол бақта қоштастық та,

Кете бардық айналып екі адамға...

 


***

 


Жоғалды сол бір бал күндер,

Тұр ма еді соған күз жылап...

Біреулер бәлкім тағдыр дер,

Жасадық қолдан біз бірақ.

 

Тағдырдан қашып тағдырға,

Жетектеді ме бір сенім...

Мұңайтқан мына жаңбыр ма,

Көз жасың ба әлде, бұл сенің...

 

Өтті ғой небір тәтті күн,

Тұратын аңсап, шіркін-ай...

Кетуші ек шалқып, шаттығым,

Ерінің татып құлпынай.

 

Ақыл да бүтін, дене сау,

Білмеймін неге, торықтым...

Өзгергеніңе емес-ау,

Жалғыздығыңнан қорықтым.

 

Азапталғаны жанымның,

Сүйгені шығар айыбы.

Келмеске кеткен шағымның,

Мұның да болар қайыры.

 

Күтуге мәңгі жетер ме ой,

Қорқынышты емес ол да аса.

Ұмыту оңай екен ғой,

Сағыну қиын болмаса...

 


***

      

  

Енді өтерсің бал шақты аңсап мәңгі,

Мен де өлердей сағындым сол шақтарды.

Бүкіл денең бөленіп сағынышқа,

Күтуменен жүрсің бе қарсы ап таңды?

 

Сыр ашса да төбеңде Ай мұңдаса,

Жеңілдетпес ол-дағы қайғыңды аса.

Қандай бақыт күтетін жан болуы,

Ең жаманы күткенің қайрылмаса...

 

Болғың келді сезімнен асқағырақ,

Тұрған шығар оныңа тас та жылап.

Жанарыңмен жанымды өртесең де,

Табаныңмен жүректі баспа, бірақ.

 

Ғұмырымда өзіңді кінәламан,

Тұрғансың да бұйырмай сірә, маған...

Ешкімге де көрсетпе көз-жасыңды,

Ештеңені шешпейді жылап адам.

 

«Қош!» - десе бақ есікті қаққан күліп,

Кеш болады шырағын жаққанда үміт.

Тілегіңе беймәлім жетерің де,

Жүрегінде жігіттің дақ қалдырып.



***

 


Осы болды-ау саған жайсыз тиген күз,

Мезгіл мұңы серігіңе айналмақ.

«Өзімді емес, өлеңімді сүйген қыз»,

Адасқанға қона қойсын қайдан бақ?

 

Өлең–өзім екендігін кеш ұқтың,

Түйсік сезім бірін-бірі жеңе алмай...

Енді алдында тұрғаның не есіктің,

Баяғыдай ішіме еркін ене алмай.

 

Түніменен маза бермей елесім,

Таңды ұйқысыз қарсы алдың ба тағы да...

Бақыт құстың қонарына сенесің,

Жоғалмас-деп- жаралған жан бағыма.

 

Елегізіп, көше жаққа елеңдеп,

Махаббаттың оңаша айтып қилы әнін,-

Зарықтың ба «жаным қашан келер»-деп,

Бар мұңыңнан құтқарардай дидарым.

 

Көңіліңнің мені аңсайды айдыны,

Кездесуге тапқысы кеп бір амал...

Жанарыңа жасырынған қайғыны,

Жасың жусын ағыл-тегіл жылап ал...

 

Өмір–сынақ абайсызда сүрініп,

Шыны–ғұмыр кетпесе екен бүлініп...

Қауышатын кезге сеніп,

Бір үміт...

Тұрды үзілмей кірпігіңде ілініп.


       

Махаббат көпірі        

 


Бүгінгіге жарайтын үлгі етуге,

Қанша тағдыр түйіскен бұл көпірде.

«Қылкөпірге» айналып біреу үшін,

… Біреулердің ойнады-ау нұр бетінде.

 

Қос қапталы көпірдің толған құлып,

Тұрды мұнда тоңған қыз, тоңған жігіт.

Висланың үстінде таңды атырып,

Жүректерден жүрекке жолданды үміт.

 

Белгісі боп сезімнің құлып қалды,

Қанша жүрек ашылмай құлыпталды...

Ал біреуі серттесті серігімен,

Мәңгі-бақи мұрат ғып ұмытпауды.

 

Мұңнан басқа айтпайды күз де еш сырды,

Сабылдырып Мәжнүнге із кестірді.

Талайларды бұл ара қоштастырып,

Талай жанды қуантып жүздестірді.

 

Құп алатын шаттықпен қарсы алғанды,

Күту, іздеу бұл жерде аңсау бар-ды.

Қосқан көпір өзеннің қос жағасын,

Жалғады екен үзбестен қанша арманды?!

 


Таңғы шық


 

Түнгі бұлттар жауынын бүркіді де,

Кер даланың шық қонды кірпігіне.

Шоқ гүлдердің жанары тұр жәудіреп,

Алып ұшқан сезімін іркіді не?!

 

Тиын көз, таңғы шықтай мөлдіреген,

Мысалы, қарашықтай көл бір өлең.

Мөлтілдеп түннің жасы жерге сіңер,

Қылмастан қағып түскен желді де елең.

 

Жұпар исін аңқытып жаздағы өңір,

Аңқаңды ашып салады сазға небір.

Мөлдір шықтар болмысын сақтап өтер,

Маңдайына жазса да аз ғана өмір.

 

Мөлдір ойлар тізілді парағыма,

Көшірмесі дәл оның дала мына.

Таңғы шықтар жымыңдар жұлдыздардай,

Кеңістікті сыйдырып жанарына!

          

          

Ай мен сұлу

 


Бір аунап алып ақша бұлттарға,

Барады Ай жүзіп дөңгелек...

Өне бойында бақ, шабыт барда,

Қалдырмақ па екен зер бөлек?!

 

Сен көшірмесі - аспандағы Айдың,

Қарақат көзің тұңғиық.

Еңсемді езіп басқанда қайғым,

Емдейсің өзің нұр құйып.

 

Аядай ғана ардағым менің,

Бұл біздің лаулар отты шақ.

Көзіме түсті қолдағы меңің,

Ай бетіндегі дақ құсап.

 

Теңіз-сезімнің тереңін арна,

Махаббатыңа сай деп ұқ.

Көктегі Айдың керегі бар ма,

Жанымда тұрсаң Ай болып!

 

Киіпті көйлек сабырдан өңің,

Жүрегің толы ар-иман.

Қолыңнан ұстап жалындап едім,

Кернеді бойды дариға-ән...

 

Өзгеден, қалқам, шын қызғандым ба?!

Құшақтай алдым аңсаумен.

Қадірі жоқ-ау жұлдыздардың да,

Жымиып күлсең жан сәулем.

 

Ерке «Есентайдың» жағасындамыз,

Кеудеге көшіп бұл көктем.

Әңгімеміздің арасында біз,

Көзбен де айттық сырды еппен.

 

Көңіл-айдыннан шағала-мұң да,

Ұшты-ау бір басқа өлкеге...

«Хамит ақынның жағалауында»,

Жыр оқып бердім еркеме.

 

Маңайға мынау өң беріпті ұл-қыз,

Секілді әлем - пәк өлең.

Желменен бірге тербеліп тұрмыз,

Көркем Ай, сұлу және мен.




«Әркімнің өз жолы бар»

 


 

12021954_505992489566853_736012302_n.jpg

Бір сөздің бірнеше баламасы бар болғаны сияқты, бір тақырыпқа да неше түрлі өлең жазуға болады. Кімнің ерекше болғысы келмейді. Бірақ ерекшелену үшін көңілге қонбайтын, ақылға сыймайтын өлең жазуға тағы болмайды. Әркімнің өз жолы бар. Кім қалай жазғысы келеді, солай жазады. Кім жаратылысты, жалған дүниені қалай қабылдайды, өлең шіркін солай өрнектеледі ғой.

 

Автордың өз ойы бар. Адам не ойлайды, не үшін өмір сүреді, не үшін өлең жазады өзі? Ал енді нені, қалай жазады, ол оның ақындығына байланысты шығар. Автордың «Топырақпен сырласу» дейтін өлеңі бар. Топыраққа бүкіл жаратылыстың пәлсапасы негізделгенін бәріміз білеміз. Діни тұрғыдан болса да, өз түйсігімізбен болса да топырақтың қастерлілігін ұғынамыз. Автор да топырақ туралы жазады.

 

Өн бойыңа сіңгендей тылсым дұға,

Түйіріңде қадір бар бір сұңғыла.

Жерге біткен қоп-қоңыр болмысыңмен,

Дүниені көтеріп тұрсың мына, – дейтіні сондықтан.


Осы топырақтың үстінде біз қызылды-жасылды дәурен сүріп келеміз. Ақиқат пен жалғандықтың айқасы да осы топырақ үстінде. Біз сондаймыз, қай жерде, не үшін өмір сүріп жүргенімізді ойламаймыз. Бүгін кімсің, ертең кім боласың? Бұл да жоқ. Автордың бұл шығармасында адамзатқа ортақ осы кемшілікті көрсету жатыр деп ойлаймын.

 

Одан кейін «Қоштасу». Бұл да жырланып бітпейтін тақырып. Қызбен қоштасасың, жаның ауырады, отырып өлең жазасың. Жаныңды әлдебір сезім билейді. Автор да:


Жайсаң ару, неліктен кесірлендің,

Қалдың жалғыз мұңымен жесір желдің.

Гүл егілген көңілің солған шығар,

Жүрегімнен бейнеңді өшірген күн, – дейді. 

Жақсы өлең, бірақ «жесір желдің» деген тіркес ұйқас үшін ғана алынған сияқты. Жел жесір бола ма, онда мына дүние де жесір ғой.

 

Бұдан кейінгі өлеңдер де көңіл-күй лирикалары. Ақын ғана көре алатын суреттер.


Түнгі бұлттар жауынын бүркіді де,

Кер даланың шық қонды кірпігіне.

Шоқ гүлдердің жанары тұр жәудіреп,

Алып ұшқан сезімін іркіді не?!


Тағы да: «Мөлтілдеп түннің жасы жерге сіңер», «Мөлдір шықтар болмысын сақтап өтер» деген сияқты жолдары сәтті. Мөлдірлік өз болмысын сақтап өтеді. Мөлдір өлең де сондай.




Хамит Есаман


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар