Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Смағұл Елубай. Ойсылқара

31.05.2017 3452

Смағұл Елубай. Ойсылқара

Әңгіме

Ата бура қазығын айналып, ұрынып тұр. Түн ортасы. Ауыл ұйқыда. Шекелеп жүзген толық ай. Төңірек сүттей жарық. Ай сәулесінен алыс-жақын қырлар ақ қылаңытады. Төбеде үнсіз созылған кең аспан. Теріскей етегінде көлденең жатқан бұлт бар. Түңліктері жабулы төрт-бес үй томпиып үнсіз ғана мүлгиді. Үй маңында қыбыр еткен жан белгісі жоқ. Әріректе қора толы қой жатыр. Әлсін-әлсін пысқырған белгі білінеді. Түнімен атойлап шығатын екі-үш салпаң құлақтың үні өшіпті. Үйді ықтап бүк түсіп жатыр.

Тыншымай тұрған жалғыз бура ғана. Құйрық сабап күркілдеп, тым мазасыз.

Қараңғы үйде қатпа шал: «Пах, пах, мына бураның жарауын - ай! — деп күбірлеп төсегінде бір аунап түсті де, кенет бураның кәрілігі есіне түсіп: — Ұялсайшы шіркін!» — деп сыбырлап жатып ұйықтап кетті.

Бураның есі-дерті есік алдындағы ықтасын шұқырдан ауық-ауық естіліп тұрған дауыста. Сол жерде, анау боз төбенің құлар астында түйе ойнақ бар. Ауыл түйесінің қыстай түнейтін жылы мекені.

Бүгіндері аруана біткеннің келеге келген күндері. Күн суып, еті салқындаған күйлі қараның түн жатпай науқан кешетін ыстық шақтары.

Ата бураны тынышынан айырып тұрған — ойнақ тұстан аруана - құнаншалардың әлсін-әлсін жіңішке шыңғырып бақырғаны, буыршындардың зіркілдеп науқан кешуі. Кезбе самал алып жететін аруана иістер.

Бура құйрығын сап-сап ұрып, желкесін күждиіп, шірене лақ - лақ күркілдеді. Көмекейі терең судың лоқылы бүлкілдеп, ауызынан ақ көбігі шұбырды. Тісін шиқ-шиқ қайрады. Жанарында ашу-ыза оты ұшқындап, қазығын емпең-емпең айналады.

Бураның сергек құлағы дыбыс аңдиды. Әлсін-әлсін аруана - құнаншалардың дәрменсіз жіңішке сарыны естілгенде, кендір арқанды үзердей аласұрады. Құйрығы қайқаңдап қашқан аруаналар, өкшелеп жүрген буыршындар сайраны көз алдына елестейді.

Ата бура қазығында тұрып үйірін аңсағанда, аруаналарға ауыз салып жүрген буыршын атаулыға ашулы. Әсіресе қазір дауысы жиі естіліп қалып тұрған Қара буыршынды жиі еске алады. Еске алған сайын тырсиып ісіне түседі. Аяқ-басын шандыған мынау арқан сәл ажыратса, алып ұшып үйірге жетер еді де, өздігінен аруаналарға жорық бастаған буыршынды екі бүктеп, бір шайнар еді.

Түн түкпірінен Қара буыршынның өктем зіркілі жиі естіледі. Көп буыршынның ішінен соның дауысы ғана шын жеңімпаз үстем бұрқылдайды. Ата бураға бұл сәтте Қара буыршын құбыжық, қас жау бейнесінде елестейді.

...Өткен жылы осы мезгіл. Аруана атаулы жайшылықты оттау, күйсеуден танып, бура жағалап иіскелеп бола бастаған кез. Жақындап тақымын иіскеген аруаналарға буыршындардың еркектік көрсетіп тіріле қалғанын байқаса болды, Ата бура бұлқан-талқан ашу шақыратын да, «еркек сымақ» шетінен тырқыратып бел асырып қуып тастайтын. Аруаналар Ата бураны төңіректейді. Буыршындар аруанаға жақындаудан безер. Дәл осындай шақта Ата бураны иесі кеп ұстап, басына ноқта салды да, үйірден айырды. Үстіне ауыт салып, үш күн ұдай құм сақ шағылдан сексеуіл тасыды. Үш күннен кейін босатып еді. Ата бура басына ерік тиісімен Сары жазыққа тура салды. Үш күн ұдай есінен бір шықпаған сүйкімді аруаналарына асықты. Өңкілдеп желіп отырып өріске жетті. Келсе, үйірді үркердей үйіріп қойып, екі буыршын айқасып жатыр. Біреуі бұны байқап қалып, тұра келіп қашты. Екіншісі әйгілі шәлкес Қара екен. Бой салып қашпады. «Келсең, келші!» дегендей сырт беріп, селсоқ қозғалады. Бұзық іш ниетінің барын аңғартады. Бала бураның онша тайсала қоймаған керенау кейпі Ата бураның ала сайтанын шаптан түрткендей болды. Қаны қайнап, көзі түк көрмей, кере құлаш азуды арандай ашты. Шабысы аздық еткендей, жұлына секіріп демде жетіп келді. Мойнын созып жіберіп, қиқар Қараның алғы жіліншігіне ауыз салды да, екпінмен сүйкей қағып жіберді. Қара буыршын тұмсығынан шаншылып омақасып кетті. Тұра сала қарсыласпақ болған әрекетін екі-үш рет күйрете тойтарып еді, буыршынның беті қайтып қалды. Қорғана берді де, бір ыңғайда сытылып шығып, шығына қашты. Аянбай бұл да қуды. Тірсегін тістеп - қыршып, белден белге асыра қуды...

Ата бура қазығын әлі айналып тұр. Танауынан бұрқ-бұрқ буы бүркиді. Өзімен бірге аяқ астында тарбаңдап көлеңкесі де айналып тұр.

Таң саз бере ойнақтағы түйелер Сары жазыққа қарай бет алды. Үрдіс тартқан топ соңында қаншырдай қатқан тығыршық Қара буыршын келеді. Бітім - пошымы бөлек. Жабайы еменнен кесіп-кесіп құрастыра салған жонусыз кеспелтек. Екі езуінен көбік шашып, бұрқ-сарқ диланады. Ол — анау топқа кіре алмай шеттеген үш буыршынға істеп келе жатқан қыры. Үш буыршын әзірге бұның оңыспас қас жауы. Әлдеқашан ықтырып қойса да, өлі қауіп ойлап, көз қиығынан тастамайды. Олар да бұның көзі тайып кетсе болды, қоралы аруанаға есалаң жындай тиеді.

Қара буыршынның үздіксіз зіркіл сарыны қораз секілді қоқиланып алыстан әпербақан айбат көрсетуінен жасқанып қалған үш буыршынға жан алғыштан жаман әсер етеді. Дүр Қараның мойыны бері бұрылды дегенше, бұл үнемі жалт айналып, өкшені көтереді.

Үйір басы Ата бураның төбе көрсетпегеніне бірталай күн. Ол кетісімен ұзамай аруаналар келеге келді. Дені сезімтал, сергек мінез ашып, буыршынды жағалап иіскелеп шығарды. Үйірдегі төрт буыршын мүлдем сыйыса алмады. Жата қап қырқысты. Тұра қап сілкісті.

Сары жазықты бойлай бірін бірі қуысты. Сан ойпаңның ат көпірін шығарып айқасты. Ақырында күш атасын танып, үйірде Қара буыршынның тегеурініне төтеп тұратын еркек кіндік қалмады.

Елсіз медиен жым-жырт. Қапталдап жағалаған күн көзі көмескілеу жарық себеді. Аспан шағырмақтанып, тұтасқан бұлт түйіліп тұр. Ойдан-қырдан қара же л оянып, азынап бас көтеріп қояды. Панасыз жазықта сидитып қураған ебелек, жусан, селеу бастары қалтыранып дірілдеп, без-без шуласып қалады.

Оңашада далада шашырап жайылған бір келе түйе қара көрінеді. Шөбі бітік, балықкөз, сорасы мол өрісте тоқтап жайылып жатыр.

Кейде тыныштықты бұзып бақырған аруана дыбыс, жалт-жұлт буыршын қимыл байқалады. Бұл дүр Қараның науқан жорығының бір көрінісі. Әнекей, жіңішке шыңғырған құнаншаның дауысы шықты. Ізінше дүр Қараның алдына үйірден бөлініп бір құнанша түсті. Икеміне көнгісі келмеген асау құнаншаны дүр Қара қуып келеді. Құнанша әлсін-әлсін шыңғырып қойып, құйрығы қайқаңдап қашады. Дүр Қара шүйлігіп азу жұмсады. Құнанша шыңғырып тоқтай қалды. Тоқтасымен тізе бүкті. Буыршын омырау салып қонжия беріп еді, құнанша ыршып кетті. Ол әлі бураның озбыр омырау езгісін көрмеп еді. Тұрып алып, айдаланы бетке алып қашты.

Буыршын бұрқырап ашуға мінді. Анау құнаншаның адымын аштырмай қуып жетті де, азуды тірсектен салды. Құнанша жалп ете қалды...

Түс ауа Сары жазықтың күншығыс қабағынан емпеңдеп желген бір қара құлады. Бұл Ата бура еді. Аяғына салған кісеннің талқанын шығарып, ауылдан қашып келе жатқан беті осы. Түнімен қазығын айналып ұрынғанда, таң ата шығырға жеккен еді оны. Епті қолдар белін білеу-білеу арқанмен шандып, құдық басына алып келген. Шығыр — Ата бураға талай жылдан таныс кәсіп. Бір ұшы шығыр ағашынан асып, қауғада жатқан тростың екінші ұшы иығындағы ашамайға тас түйін таңылады. Сонан сағағынан бір жеңіл аяқ бала жетектеп, елу аттам жерді ілгері кейін таптатады да жүреді.

Бура түсте шығырдан босатылып, құдық маңындағы сораңға жайылысқа жіберілген. Бірақ бураның есі-дерті Сары жазық болды. Кісенді жүрісі мандымаса да, өріске қарай дәме айдап, қыбыр - қыбыр қозғала береді.

Аруаналарды иемденіп омыраулап жүрген Қара буыршынның құбыжық бүйі бейнесі көз алдына елес бергендей болады. Онан сайын ыза қозып, ырғып - ырғып түседі. Кісен қажап, қаны шыққан аяғын байқамайды.

Бір сәт шоқақтап секіріп келе жатқанда, жолшыбай томарға сүрініп кетті. Зор кеудесі ошарылып еңкейе берді. Салмақ екпінмен ет беттеп барып, ышқына қайта шапшып еді. Аяқтағы кісен борт етіп шынжырынан қақ бөлінді. Қуаныш па, қорқыныш па, Ата бура шынжыр үзіліп кеткенде бота секілді тұмсығын көтере секіріп, тапырақтап біраз шапқылады. Бауырын жазып, алдынан салқын самал соқтыра сілтеді. Құлақ түп, қолтық, шабы бусағанша еркін көсілді. Оңаша кеңістікте жалғыз тайраңдап құмардан шықты. Қалған жол ұзағында май бүлкілге түсіп, емпеңдеп тартып отырды. Көмекейінен күркіл оянып, ен даланы жалғыз өзі бөрліктіріп келеді.

Сары жазықтың күншығысынан құлаған жалғыз қара шоқ бұлттай түйіліп, емініп таяна түсті. Бураның дауысын қозы көш жерден таныған қоралы үйір жайылыстан басын алып, аңырып қарап тұрды.

Ата бураның жолында «жолы болмаған» үш буыршын жатқан. Үйірге араласуға дүр Қарадан қаймығып, ара үзіп және кете алмай, оттауға селқос, ойпаңда қалғып-мүлгіп жатқан. Бір құлаққа жайсыз сес еміс-еміс ызыңдағандай болады. Алғаш бұл сарынның мәнісін ұқпай, тың тыңдасты. Енді бірде үшеуі қатарынан еттеріне біз сұққандай ыршып түрегелісті. Жау белгісін байқаған шөл киігі секілді бастары қайқаңдап тасадан шыға берді.

Аңдысқан жақын жау ылғи үйір тараптан тиюші еді. Үш буыршын сол дағдымен бетті елсіз кеңістікке бұрысқан. Қарсы беттен әлем-жәлем екі иығын жұлып жеп жосылып келе жатқан жау жаманы — Ата бураны көрді. Көптен үні өшкендей болған жау жаманы аспаннан түскендей иекке тақап қалыпты. Үш буыршын кілт бұрылып, тұра қашты. Жау жаманы бұтадан сатыр-сұтыр қарғи секіріп ұра келе қуды. Бастары қалқиып үш буыршын тырағайлайды. Өкшелеген жау одан бетер құтырынып, өршіп, желпіне түсті. Таудан құлаған жартастай қара жерді бұрқырата соғып тайрақтап қосылды. Үш буыршын үйірге таяна естерін жиды. Үйірдің бұлар жақ шетінде шағын қырқаға көтеріліп, санын сабап Қара бүлік тұр екен. Мойнын иіре көтеріп, тұра қап құйрығы мен бұтын сабап, зілдене күркірейді. Екі езуінен шұбап ақ көбігі төгіледі. «Ақылдарыңнан адасып, қайда ентелейсіңдер әлде ажал айдады ма?» - ны сырт пішінмен ұқтырғандай, дүр Қара жолды кес-кестеп, еркек кесірткедей ісініп, шиыршық атып тұр. Үш буыршын бағытты өзгертіп, қос қапталға қақ жарыла қашты.

Ата бураның көзі пышырай жөнелген үшеудің орнында қасқайып қарап тұрған Қара буыршынға түсті. Дүр Қара да бұны байқап, өзгеше диланды. Тісін шықырлата қайрап, көлденеңдеп зілмен қозғалады. Бұнысы «өтуге жол жоқ, алдында мен бармын» дегенге саяды. Кекірейіп, көмекейінен лық-лық үн шығарып, шайқас дабылын сездіреді.

Ата бура жосылып келеді. Қарсы кезіккен күш атаулыны жаппай тапап өтердей өңмендеген қаһарлы қарқынға мінген. Тосылып, соқтығысып толас таппаса, тыншытпас дүлей ыза кеудесін буғандай. Тіс түбіне жиналып қышытқандай.

Ата бура дүр Қараны айналып кеп тұра қалды. Дүр Қараның көзі қан бүріккендей. Орнынан шіреніп қозғалып, бұл да Ата бураның сыртын орады. Ата бура тісін қайрады. Қатарласып өткенде Ата бура тұрқы биіктеу. Дүр Қара кішілеу көрінгенімен, жинақы, ширақ. Сәт бағысқан азғана аңдысу өтті. Біреуі сүйкеніп кеткендей болған. Айқас көзді ашып-жұмғанша шарт-шұрт тез басталды. Іле жел тиген өрттей үдеді. Табан астында сатыр-сұтыр бұта қирады, бұрқ-бұрқ шаң шықты.

Уілдеп жел тұра бастады. Бұта біткен басын шұлғып, аза күйін шертеді. Самарқау, тұнжыр бұлттар қанатын кең жайып, күн көзін перделеп алған. Жалпақ дала көгінде томсырайып ұзақ ойланып тұрып, бір мезет ұшқындап қар түсе бастады.

Үйір түйе әлдеқашан жайылысты тоқтатқан. Тұс-тұстан едірейісіп, состиып, айқас алаңын жағалап жиналып қалыпты. Онша жақындап та келе қоймай, анадайдан аңырып үрпиіседі.

Басталғанына бір жайылым уақыт өткен арс - гүрс айқас әлі жүріп жатыр. Екеуі де қайтпай, табандасып өлуге бар. Шегініп тізе бүгері байқалмайды.

Су жүрек үш буыршынның біреуі тәсіл қойлау екен. Қос дұшпанының ұр да жық қырқысын азын-аулақ тамашалағаннан кейін, иесіз аруаналарға көз қиығын тастады. Буыршынның мәністі көз тастасын сезген шеткі аруана қипақтады. Үміті тірілген буыршын қос дұшпанына сақтықпен тағы бір назар салды да, үйірге таман майда басып аяңдады. Жақындаған сайын көптен ұмыт болғандай еркектік айбат, тәкаппарлығы оянып, желкесі күждиіп, көзі қиланды. Көбік шашып, көмекейін зіркілдетті.

Өзіне төнген кәрді сезіп, шеткі аруана тұрған жерінде шыңғыра бастады. «Жау келді» деп тұр.

Айқастың қызған шені. Ата бура бар күшімен кейін жұлқып серпілді. Екпінін ірке алмай шалқалап, жамбастай берді. Ұмтылып төнген кеспелтек Қара дене салмағымен бөксесін жаншып үстіне құлады. Әлдене сынды. Дүр Қара Ата бураны шекеден қарпып жұлқып сілікті.

«Бақ» еткен аруана дауысы шықты. Дүр Қара бүркіт көзденіп жалт қарады. Аруананы тістелеп шөгеріп жатқан буыршынды байқады. Жеңіліс тапқан Ата бураны тастай беріп, тұра ұмтылды. Атып тұрып ұмтылған Қара бүлікті көріп үрпиіскен түйелер дүр көтеріле қашты. Алға суырылып шығып, өзгеден бөлек бір буыршын зымғаған. Дүр Қара соның ізіне түсті.

Ата бура қайта-қайта ышқынып, тұруға ұмтылады. Бөксесі жерден алдыртпайды. Құлап қала береді. Ақыры, алғы екі аяғына көтеріліп, шоңқиып отырды. Қанталаған жанары жалт-жұлт ызғар отын шашады.

Қар еселеп, үдеп тастап тұр. Төңірек дала, кең жазық тегіс ағарған. Түсі суық мелшиген ақ әлем қоршапты маңайды.

Саудырап жөңкіген түйелер бір топ шоғыр боп қарауытып, батыс дөңге тырмысып барады. Өрісті тастап, әлдеқайда ауып барады. Топ соңында Қара буыршын. Шашау шыққанын қуып тығып, иіріп айдайды.

Алыстап бара жатқан үйірінің соңынан қарап, шоңқиып Ата бура отыр. Ол тұстан Дүр Қараның лық-лық гүркіл өктем үні естіледі.

Ата бура ыңырсып, жан-жағына қарады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар