Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Рухани жаңғыруды» түрік зиялы қауым өкілдері талқылады

31.05.2017 2116

«Рухани жаңғыруды» түрік зиялы қауым өкілдері талқылады

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде түрік зиялы қауым өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады.

Елшілік тарапынан алғашқы рет ұйымдастырылып отырған «Түрік зиялыларының басқосуы» атты жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-Түркия парламенттік достық тобының төрағасы Халюк Ипек, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түркия Үкіметіне қарасты Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары құрылымының басшысы Дерья Өрс, «Түркі ошақтары» ұйымының төрағасы Мехмет Өз, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Ататүрік атындағы Мәдениет орталығының директор орынбасары Шабан Абак, Түркия Ғылым және әдебиет авторлары одағының төрағасы Мехмет Нұри Пармаксыз, Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Өмероғлы, Түркі әлемі сәулетшілер және инженерлер одағының Бас хатшысы Ілияс Демиржи және «ЕкоЕуразия» қауымдастығының ғылыми кеңес мүшесі Жан Үнвер қатысты.

Жиынды ашқан Елші А.Сапарбекұлы Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланың негізгі бағыттары мен бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.

Түркияның экс-министрі Намык Кемал Зейбек Қазақстанның ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктерін атап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесу туралы әңгімелеп берді. Әңгіме барысында Елбасының Ататүріктей көреген саясат жүргізіп отырғандығын, бағдарламада көтерілген мәселелердің қазіргі Түркия үшін де көкейтесті екендігін және латынға көшу бойынша Қазақстан Үкіметінің өте құптарлық саясатты ұстанғандығын жеткізді. Сондай-ақ, мақалада айтылған «меритократия» сөзінің қазіргі түркітілдес елдері үшін, әсіресе Түркия үшін аса қажетті ұғым екендігін айтты.

Ал ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және гуманитарлық сала бойынша, сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында ТҮРКСОЙ тарапынан атқарылып отырған жұмыстар туралы егжей-тегжей ақпарат беріп, мақалада көтерілген негізгі бағыттардың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркітілдес халықтарының рухани жаңғыруына аса қажетті екендігін жеткізді.

Өз кезегінде, Түркия мәжіліс депутаты Х.Ипек Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын жоғары бағалап, Елбасының уақыттың тамырын дөп басып, қоғамның қажеттілігіне жарайтын дүниелерді ұсынып отырғандығын, ширек ғасырда алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізе білгендігін және екі елдің парламенттері арасындағы қарым-қатынастың нығаюына зор үлес қосқандығын айтты. «Әрбір мемлекет басшысының өз алдына қоятын мақсаты белгілі – елді жайбарақат тіршілік ете алатын дәрежеге жеткізу. Ал ол үшін не керек? Әрине, ақылды бағдарлама керек. Осы тұрғыдан келгенде, Президент ұсынған бағдарлама Түркия үшін де қажетті деп ойлаймын» - деді депутат.

Өткенді терең білетін, болашақты көре білетін бағдарлама деп сипаттаған Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары құрылымының басшысы Д.Өрс әлемдік саясатының көшбасшысы Н.Назарбаевтың ұсынған бағдарламасының барлық әлем жұртшылығының дамуына арналған жол картасы екендігін атап өтті. «Мақаланы оқып отырып, автордың өз елінің мәңгі болып қалуын тілейтіндігі көрінеді. Мәңгілік елге қажетті және жарамды терең ойларды қозғайды. Түркияның 200 жылдық даму тарихын зерттегендей байқалады. Өйткені мақала сан ғасырлық тәжірибені қамтиды. Яғни кешегі мен ертеңгі құндылықтарды сақтау үшін қазірден бастап нақты ұсыныстар келтірілген. Сондықтан мен бұл мақаланы «Әлемдік манифест» деп атар едім. Өйткені ел ғана мәңгі болмау керек, мемлекет те мәңгі болу керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бұл мақала бәріміз үшін өте құнды,» - деп пікір білдірді.

Кезінде Ататүріктің өзі құрған «Түркі ошақтары» ұйымының төрағасы М.Өз ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, болашақты құрудың оңай емес екендігін, осы себептен мақалада ұлттық болмыс туралы айтылған мәселеге уақыт қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ, аталған бағдарламаның жержүзілік сипат алғанын және негізгі бағыттарды жүзеге асырудың бірде-бір жолы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қолдау көрсету керек екендігін айтты.

Ал Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы М.Йылдыз Түркі әлеміне ортақ университеттің мүмкіндігін пайдалана отырып, аталған мақаланың басты бағыттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуге дайын екендігін айтып, «Қазақстанның 100 есімі» сынды нақтыланған бағдарламалармен қоса, күллі әлемді мойындатқан Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғаларды насихаттауға бағытталған іс-шараларды да көбейту керек екендігін жеткізді.

Ататүрік атындағы Мәдениет орталығының директор орынбасары Ш.Абак аударма мәселесіне жүйелі түрде көңіл бөліп, аудармашыларға қолдау көрсету керек екендігін айтса, Түркия Ғылым және әдебиет авторлары одағының төрағасы М.Н.Пармаксыз қаламгерлердің қаламақы мәселесінің шешілмей рухани жаңғыруға қол жеткізу мүмкін емес екендігін атап өтті. Бұған қоса, Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Я.Акенгин Ислам тарихының ең дамыған кезеңдері туралы мәлімет беріп, дамудың басты себебі ретінде аударма мәселесіне көңіл бөлгендік деп көрсетті. Осы себептен аталған мақаланың түгел түркі жұрты үшін қажетті манифест екендігін қоса айтты.

Өз кезегінде, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Я.Өмероғлы аталмыш бағдарламаның ХХІ-ші ғасырдың олжасы және рухани жаңғырудан бұрын ұлттық рухты қайта қалыптастыратын үрдіс екендігін айтып, руханияттың негізін қалап отырған әдебиет өкілдеріне қолдау көрсетудің қажеттілігін жеткізді. Аударма мәселесіне тоқталған Я.Омероғлы Түркия тәжірибесіне сүйене отырып, шет тілді меңгергендердің шет елдердің өкілдері емес, шеттегі өз ұлтының өкілі болу керек екендігіне назар аударды. Аталған бағдарламаны жан-жақты және шынайы жүзеге асырған жағдайда қазіргі таңда руханиятқа қауіп төндірген радикализм мен лаңкестікке қарсы күрестің бір түрі боларына сенім білдірді.

Түркі әлемі сәулетшілер және инженерлер одағының Бас хатшысы І.Демиржи өз кезегінде Елбасының ұсынған бағдарламасының тұтас түркі әлеміне қажетті жол картасы екендігін айтса, «ЕкоЕуразия» қауымдастығының ғылыми кеңес мүшесі Ж.Үнвер мақаланы мүлде жаңа көзқарас деп сипаттады.

Жиын соңында түрік зиялы қауым өкілдері бағдарламаның толығымен жүзеге асуына тілектестігін білдіріп, Елшілікке алғыс айтты.

Меруерт Памбетова

ТРТ Аваз телеарнасы

қазақ тілі нұсқасының редакция меңгерушісі, диктор

Анкара / Түркия


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар