Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Поэзия мен прозаны қатар ұстаған қаламгерлер кімдер?

30.05.2017 4753

Поэзия мен прозаны қатар ұстаған қаламгерлер кімдер?

Әдебиет әлемінде шығармашылығын ақындық жолдан бастап, кейіннен жазушылыққа ойысқан немесе жазушылықтан ақындыққа бет бұрған қаламгерлер аз емес. Мысалы, орыс поэзиясының пірі Пушкин жазған «Капитан қызы» ақынның жазушылық шеберлігін танытса, поэзия мен проза жұптасқан мұндай мысалдар біздің көркем әдебиетте аз кездеспейді. Бейімбет Майлин, Ғафу Қайырбеков, Сапарғали Бегалин, Ілияс Есенберлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқановтар өлең өлкесінен еншісін бөлек алып кеткен қаламгерлер еді. Мәселен, Жүсіпбектің өлеңдері жиналып басылмай, кезінде жарық көрген күнделікті баспасөз бетінде ғана қалған екен. «Сарыарқаның сәлемі», «Көшу», «Ұршығым», «Әскер марсельезасы», тағы басқа өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасында автор ескі өмірдің келеңсіз суреттері мен жаңа дәуір өзгерістерін ақындық сезіммен жырлауға тырысса, Сәбит Мұқанов 20-30 жылдары қазақ жалшы-батырағының құлдықтан босанып, қатарға қосылуын, қоғам мен адам өміріндегі өзгерістерді бейнелейтін, қазақ жалшысының өткен өмірін, жүрген жолын суреттейтін және Шоқпыт туралы топтама өлеңдерімен қазақ әдебиетін байытуға өз үлесін қосқан болатын. Ал, жазушы Қабдеш Жұмаділов жайлы белгілі ақын Оразақын Асқар: «Қабдештің ерекшелігі - ең алдымен ол қаламгерлігін ақындықтан бастаған. «Жас өрен» деген өлеңдері шыққан. Көргені өлеңге симайтынын біліп, прозаға ауысқан. Өлеңнен бастаған соң шығармаларында көркемдік тұнып тұр. Прозасының өзі поэзия сияқты. Тума талант», - деген болатын. Шерхан Мұртаза ағамыз болса Фариза апамыздың ақындығынан бөлек жазушылығын да жоғары бағалайтынын айтады: «Ал енді заманымыздың заңғар ақыны Фариза Оңғарсынованы алар болсақ… Поэзиясы - шың. Прозасы - сол шыңды тіреп тұрған шоқылар. «Шашы ағарған қыз» повесі сонау азамат соғысы кезіндегі алқын-жұлқын алапат күндерді еске салады. Фариза прозасындағы эссе - қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия. Және шырылдап тұрған шындық. Фариза Оңғарсынова - поэзияда да, прозада да тұяғы мұқалмаған хас дүлдүл», - деп баға беріпті Шераға. Біз бұл мақаламызда өзге де жазушыларымыздың алғашқы өлең өлкесіндегі шығармаларымен таныстыруды мақсұт қылдық.

Сұрапыл соғыстың шындығын өзек еткен

(Әбіш Кекілбаев)

Қалың оқырман қауымға Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолын ақындықтан бастағаны таныс шығар. Халық жазушысы әдебиетке ақын болып келген қаламгердің 23 жасында 1962 жылы «Алтын шуақ» деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрді. Әдебиет әлемінің жеті асқар биігіне жеткен ұлы қаламгерді қазақ жұрты ақын ретінде қабылдаған. Бұл жинаққа «Арғымақ», «Абайла, бауырым, абайла», «Айым сен деп жүр едім», «Археология», «Айдай аузы, күндей көзі – шын сұлу», «Ай да бір сәт қалжырап», «Адам қолы талай жауды жайратқан», «Аласарып кетердей көп қой қауіп», «Іңір сембей іргеге кеп құлаған» атты өлеңдері енген.

Әбіш Кекілбаевтың жастық шағы, бозбала кезеңі бүкіл халықтың басына түскен сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген еді.

«Төбемізге талай қатер төнген-ді,
Жатқанда ажал ат ойнатып, дауыл сап.
Түсімізге қоса қабат енген-ді

Көкеміз бен қызыл-күрең бауырсақ», деген өлең жолдары осының айғағы.

Соғысты көзімен көрген, басынан өткерген, қаны мен терін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен ұрпақтан артық білетін жанды табу қиын. Сондықтан өзегіне соғыстың сұрапыл шындығын арқау еткен шынайы шығарма жазуға екінің бірінің тәуекелі жете бермейді. Бүгінде бұл тақырыпта үлкен эпикалық шығарма жазуды айтпағанда, шағын өлең шығарудың өзіне үлкен батылдық керек. Қаламгер өзін толғандырған қай тақырыпты да бостекі жырлай салмай, алған нысанына тереңдеп еніп, биіктен ой айтады:

Күндерде өтті әлемнен
Өлімнің селін бүріккен.
Үндер де өшті әлемнен
Көңілден күлкі үріккен.
Қайғыға жұрттың еті өліп,
Күлкіге енді үйренді.
Сол жылғы бала есейіп,
Сол жылғы қызға үйленді.
Өмірдің шалқып бастауы
Тасыды тағы кенеле,
Бақшаға бара бастады
Атасыз өскен немере.
Құлпырып қайта сан арман,
Иықтан батпан түсті мұз.
Иін босап жамаудан,
Бүтінделді үстіміз,
Жүректе бірақ , жатыр мұң,
Жатыр сол бір кесір күн
Тыртығында батырдың,
Әжімінде жесірдің, - деген өлең жолдары жазушының қуатының қарқынды екенін көрсететіндей.

«Дүниенің бар заңына қайшы кеп...»

(Төлен Әбдік)

«Сенің көзің күміс көлдің жарқыраған айдыны,

Ғашық болдым сол бір көзге, есімде жоқ қай күні.

Білетінім – жанымды өртеп, қапияда жалт еттің,

Сенен басқа жар сүймеске Алла атымен ант еттім»

немесе

«Жауыз қашар өткен күннен, ашылар деп қылмысым,

Жарлы қашар өткен күннен есіне алып тұрмысын.

Келер күндер көз ұшында қызықтырып арбайды,

Өткен күндер жағаласып шаужайыңнан қалмайды.

Келер күнге көз тіккенмен жұрттың бәрі жарқылдап,

Жұрттың бәрі өткен күнге тура қарай алмайды!», - деген тамаша жырлардың авторы бүгінде қазақ әдебиетін тағы бір биікке жеткізген Төлен Әбдік болатын. Ол өзінің әдебиет жолының қалай басталғандығын, ақындықты әлі де тастамағандығын бір сұхбатында жеткізген еді.

— Студенттік кезде бірнеше өлеңдерімді Жазушылар одағына алып бардым. Ол кезде жас ақын-жазушыларға ақыл айтып, түзеп отыратын кеңесшілер болатын. Мен барған кезде Мұзафар Әлімбаев отырды. Өлеңдерімді көрсеттім. Мұзағаң бес-алтауына белгі қойды да: «Машинкаға басып алып кел, «Қазақ әдебиетіне» шығаруға тырысамын»,- деді. Оның алдында бір әңгімемді «Лениншіл жасқа» апарып бергенмін. Үшінші курста жүрген уақытым. Машинкаға бастыруға ақша жоқ, ол туралы ойлаған да жоқпын. Бір күні курстас досым, бұл күнде көнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Сені Жазушылар одағында белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев шақырып жатыр» демесі бар ма. Ештеңеге түсінбеген күйі келесі күні келдім. Зекең менің «Райхан» атты әңгімемді мақтап ала жөнелсін. Қайдан алғанын да білмеймін. Ақыры белгілі болды. Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» атты әңгімелер жинағы жарық көрмек екен. Соған менің әңгімем де еніпті. Әлі кім боларын білмей жүрген студентте не ес қалсын, қуанышымда шек жоқ Содан кейін ойланып-ойланып, осы бір жанрға тоқтағаным дұрыс болар деген шешімге келіп, прозаны таңдадым. Поэзияны мүлде тастадым деп айта алмаймын, бірақ тек өзім үшін жазамын, - дейді Төлен ағамыз.

Төлен Әбдіктің мына бір тамаша өлеңін ақындар қауымы жоғары бағалап, кейбір жас ақындар жаттап та алған еді.

***

Періштедей тәнім таза Арым мөлдір кезімнен,

Перғауының мазарындай мызғымайтын төзіммен.

Ант ішерде айтылатын сөзіммен,

Сүйіп едім.

Жылдар жылжып, айлар өтіп, ойсоқты боп күні-түн,

Нәр тамбаған нәзік гүлдей суалса да үмітім.

Есім ауып, арымнан да, жарымнан да сескенбей,

Данышпанның жаны ашыған ақылына еш көнбей,

Өзгені ұқпас тас меңіреу тілін кескен үнсіздей,

Эшафотқа қарсы жүріп қасарысқан дінсіздей,

Кесірленіп сүйген едім мен сені!

Бірақ маған бұйырмады қыр гүлі

Деп жүргенде бір күні...

Оралмайтын үміттерді оралтып,

Жоғалмайтын күдіктерді жоғалтып,

Үзілмейтін уақытты үздіріп,

Бұлжымайтын ақиқатты бұздырып,

Кідірмейтін қозғалысты кідіртіп,

Жасағанды зердесінен мүдіртіп,

Отырғанмын күйім болмай тағдырыма қарсы кеп,

Ақыл-ойым сағыныштан әлсіреп,

Жеттің-ау сен, жеттің-ау сен, жарығым,

Дүниенің бар заңына қайшы кеп!

«Жазира жондар күнсіген..»

(Рахымжан Отарбаев)

Жуырда "Жалын" журналының 1982 жылдың 4-санындағы мұрағатынан Раxымжан Отарбаевтың жырларын көзіміз шалып таң қалғанымыз бар. Бірде жазушы Несіпбек Дәутайға Рақымжан ағамыз: «Біз дер кезінде жолымызды тауып, жазушылыққа ауысып кеттік қой» деп айтқанын жазушының өз аузынан естігенбіз.

Оқырман қауымға Рахымжан ағамыздың «Жалын» журналына сондағы жарияланған «Киіктер» өлеңін ұсынып отырмыз.

Киіктер

Жазира жондар күнсіген,
Айнала тегіс саздау қыр.
Қуғыншы көріп, тынысы кең
Киіктер бауырын жазды-ау бір.

Бұлдырап қалды биік бел,
Бет бұрған жағы алыс тым.
Кестірмес алдын киіктер
Келбеті сынды намыстың.

Даланың сұлу еркесі,
Қалайша кінә тағайын?..
Дүрілдеп күйше жер төсі,
Дүбір боп кетті маңайым.

Тағыға оны балама,
Жанары қандай тұп-тұнық.
Алдыңды туған далада
Кестірмей жүрсең - мықтылық!

«Көтеріп кеудемнің сыр көк күмбезін...»

(Адам Мекебаев)

«Жадыра», «Жезтырнақ» атты оннан астам проза кітаптарының, «Періште келіншек», «Жер кіндігіндегі апат», «Қазына сыры» романдарының, «Жар жағалаған қыз» повестер жинағының, «Ой түбінде жатқан сөз», «Мың жарым жылдық қате» атты публицистикалық кітаптардың авторы Адам Мекебаевтың да ақындық қыры барын біреу білсе, біреу білмес. Ендеше Адам ағамыздың жырына кезек берсек:

Көтеріп кеудемнің сыр көк күмбезін,

Түнектен жарығы мол отты іздедім.

Түнерген бұлттардай сапырдым бір

Үзілмес үміттердің көп тізбегін.

Көңілдің көк сандығын күмбірлеттім,

Айта алар бірақ мені бұлбұл деп кім?!

Тек қана маңдайдан тер тамшылатып,

Болашақ көктеміне үлгірмекпін.

Келер ұрпақ!

Армысың, болашағым!

Өздеріңмен биікпін, аласамын.

Мен сендердің аузыңда жүрсем ғана,

Маңдайына өмірдің жарасамын, – деп толғанады жазушы.

P.S. Бұл тізімді осылайша жалғастыра беруге болады. Бүгінгі таңда да проза мен поэзияның да «құлағында ойнап», екі кеменің басын қатар ұстаған қаламгерлер аз емес. Олардың қатарында Нұржан Қуантайұлы мен Серік Сағынтайды ерекше атар едік. Одан бөлек ақын Ақберен Елгезектің де прозалық шығармаларын кездестірсек, жолын ақындықтан бастап, бүгінде жазушылығымен танылып жүрген Есбол Нұрахмет бар.

Қайткен күнде де проза мен поэзия арнасының келіп құяр айдыны – әдебиет болғандықтан сол айдынға құйылар арнаның тұмадай тұнық, аспандай мөлдір болуын тілейміз.

Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар