Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есей Жеңісұлы: Қазақ жазушысын мыңдаған тақырып күтіп жатыр

05.06.2017 3247

Есей Жеңісұлы: Қазақ жазушысын мыңдаған тақырып күтіп жатыр

БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРЛЕР ӘЛІ ДЕ АУЫЛДАН ҚАЛАҒА КЕЛМЕДІ

Есей аға, айтыңызшы, қазаққа қандай әдебиет керек?

– Осы сұрақ алдымнан шықса, не деп жауап берерімді білмей қаламын. Өйткені, менің ойымша, әр адамға, әрбір қаламгерге өз дәуірінде әдебиет олқы, шабан, қауқарсыз көрінетін секілді. Өзіне дейінгілер жазып, қазіргілер соны жалғастыра алмай жүргендей сезіле ме, білмеймін. Мүмкін, өзгелер бұлай ойламайтын болар, бірақ өз басымда солай. Сондықтан қазаққа дәл қазір мынадай әдебиет қажет деп айту қиын. Тарихи шығармалар жазылып жатыр, бірақ 1980 жылдардағыдай оқылмайды. Осы тақырып тұрғысынан қарағанда, қазаққа тарихи жадыны жаңғыртатын шығармалар қажет сияқты. Кенесары образы әдебиетте мүлде жаңа сипатта тірілсе деймін. Одан беріректегі, ХХ ғасыр басындағы түрлі әлеуметтік-саяси оқиғалардың да көркем кестеленгенін көргім келеді. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесінен» кейін қазақ даласының өндірістік тұрғыда талан-таражға қалай түскені туралы көп ештеңе жазылған жоқ. Алаш арыстарының тұтас өмірі болмаса да, халық мәңгі ұмытпауы тиіс азаматтықтарының бір көрінісі циклды әңгімелерге айналса деп те армандаймын. 1920 жылдардағы аштық туралы тіпті ештеңе жоқ. Оның алдында 1916 жылы майданның қара жұмысына аттанған қазақ ұландары туралы тіпті жазылмаған. 1928 жылдан басталған коллективтендіру туралы жаңа заманның, тәуелсіз қазақтың көзқарасы керек. 1932-33 жылдардағы аштық туралы роман, хикаят, әңгімелер саны ұзаса 10-15 қана шығар, оны да індетіп зерттейтін, көркем шығармаға айналатын күн қашан туар екен? 1937 жылғы репрессия туралы бірді-екілі драмалық шығармалардан басқа көркем дүние мүлде жоқ. Карлаг, АЛЖИР туралы сүбелі дүниелер жазылатын күн әлдеқашан жеткен. Екінші дүниежүзілік соғыста да ашылмай жатқан тақырып ұшан-теңіз. 1953 жылдан басталған тың көтерудің азабын көрсеткен «Жапандағы жалғыз үйден» (С.Жүнісов) басқа қандай шығарма бар? Көрдіңіз бе, қазақ қаламгерлерінің мойнында қаншама жүк тұр.

Бұлардың сыртында, қазақтың қалалық келбетін әдебиетте тұрақты образға айналдыру мәселесінде де кешігіп жатырмыз. Біздің кейіпкерлер әлі де ауылдан қалаға келмей жатыр. Ал ХХІ ғасыр қазақтан қала ұлты болуды талап етеді. Керісінше, қазақ қаламгерлері қаланы қазақы келбеттен мүлде ада, тек қатыгез, безбүйрек орта ретінде суреттеуге бейім.

Бұдан бөлек, қазіргі әлемдік әдеби үдерістерден хабардар болып отыруымыз керек. Бұқаралық әдебиет те қажет. Өйткені, қазір қазақ кітап оқымайды. Кітап дүкендерінде орыс тіліндегі кітаптар сығылысып тұр. Қысқаша айтқанда, мықты тақырыптарға есеміз қатты кетіп жатыр, ал әлемдік әдеби үдерістер бізді күтіп тұрмайды.

АБАЙДЫ ДА, ӘУЕЗОВТІ ДЕ ТАНЫМАЙДЫ

– Қазақ әдебиетінде көркемдік құндылығы жоғары дүние көп. Әдебиетіміздің әлем әдебиетінен алатын орнын іздеместен бұрын ТМД-дағы алар орнын іздесек, мұндағы халықтар біздің әдебиетімізді әлі толық мойындай қоймағандай көрінеді. Бұл туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Жақында Түркияға жолымыз түсті. Әдебиет мәселесі кеңінен қозғалған конференцияға қатыстық. Соңында жергілікті бір профессормен жеке әңгімелестім. Өкінішке қарай, туыс, бауыр, түбі бір дейтін түрік ағайындардың өзі біздің әдебиеттен бейхабар екен. Олар біздің кеңістікке жалпы Орта Азия әдебиеті деп қарап, Шыңғыс Айтматовты ғана айтады екен. Әуезов те жоқ, тіпті Абай да жоқ. Ойлана келе, осының бәрі өзіміздің олқылығымыз деп байлам жасадым. Қазақ әдебиеті қанша көркем, терең, мағыналы, сындарлы, ғасырлар өтсе де көнермес болғанымен, өз қазанында ғана қайнап жатыр. Қазір тіпті өз қазағы оқымауға айналды. Сондықтан мемлекет жаны ашымаса да, жекелеген адамдардың «қазақтың әдебиетін әлемге танытсам» деген бастамасын барынша қолдауымыз қажет екен. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінен ағылшын тіліне қандай көркем шығарма аударылды? Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» хикаяты, бірнеше пьесасы ғана. Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы ғана. Басқасын әлде мен білмеймін, әлде шынымен аударылған жоқ. Сондықтан қазақтың әлемге рухани есесі күн сайын кетіп жатыр дей аламын. Ал ТМД көлемінде де тіпті танылып жатқанымыз жоқ. 1991 жылдан кейін ағылшыншаны қойып, орыс тіліне аударылып жатқан қазақ романдары жоқтың қасы. Ендеше, бізді ТМД білмейді. Білсе де, Әуезовті, Мүсіреповті, Мұстафинді, беріректегі Бөкейді білуі мүмкін. Өткен жылдың күзінде Мәскеу қаласында Қазақстан елшілігінің бастамасымен шыққан Қазақстан-Ресей әдеби альманахының тұсаукесеріне бардық. Кеш жақсы өтті. Сөйледік, пікір алмастық. Соңында әдеби журналдың тілшісі аз-кем сұхбатқа шақырды. Қойып отырған сұрағын естіп шошыдым. Олар әлі күнге қазақтар әлем әдебиетімен тек орыс тілі арқылы сусындап отыр деп ұғады екен (шынында да, солай өзі...) «Да Винчи коды» романы ағылшыншадан қазақ тіліне тікелей аударылғанын айтып едім, сене алмай, бетіме тесіле қарап қалды. Шындығында, бұл романды қазақ тіліне Қытайдағы қандастарымыз аударған ғой. Көрдіңіз бе, біз өзіміз танылмай, өзіміз де ешкімді танымай, мешеу күйге еніп бара жатырмыз. Бұл өте қатерлі.

– Сіздіңше, қазақ қаламгерлерінің жағдайын нарықтық қатынасқа бейімдеуге бола ма?

– Қазақ қаламгерлері қазірдің өзінде нарыққа кәдімгідей бейімделіп қалды. Негізі, тәуелсіздіктің ширек ғасыры бізді көп нәрсеге үйретті. Бұдан кейін қазақ жаман халық болмас деген ойға мықтап бекідім. Әуелгі кездері шөп те, шөңге де өлең болып, отбасылық тарихтар кірпіш кітаптарға айналып, өмірінің 60 жылын шенеунік, тарихшы, мұғалім, кенші, мұнайшы, әйтеуір әдебиеттен тыс өткізген жандар жазушы болып шыға келгенде, қатты таңырқадық. Тіпті тосылдық. 1990 жылдары өмірге араласқан толқын үшін жазушылық деген Есенберлин, Мағауин, Кекілбаев, Исабеков, Мақатаев, Қайырбеков, Асанов үлгісіндегі жанкештілік, құрбандық секілді еді. Солай болмай шыққанына налыдық. Бірақ уақыт бәрін орнына келтіріп жатыр. Уақыт төреші ғана емес, елек, сондай-ақ, сүзгі екен. Қазір қараңызшы, отбасылық мемуарлар кәдімгідей азайды. Азаймаса да, оны шығарушылар әулет тарихы 1 мың, 2 мың оқырманға, тіпті далитып айтқанда, мұқым қазаққа қызық емес екенін сезді. Сөйтіп, өз «жыландарының басын қайтару» үшін ғана аз таралыммен шығарып жатыр. Ал шынайы қаламгерлер әуелі мемлекеттік бағдарламадан үміттенді, соңғы кездері өз бетінше кітап шығарып, кештер ұйымдастырып, оқырмандарға жақындап жатыр. Алдағы уақытта осы үдеріс тереңдеп, жанкешті қаламгер мен жанкешті оқырман ғана қалады. Осыған сенемін. 325 миллион халқы бар АҚШ та, 503 миллион халқы бар Еуроодақ та «оқырман сізге келеді» деп қол қусырып отырған жоқ. Біз де соған келе жатырмыз. Көп нәрсе көбею факторына байланысты екеніне көзіміз жетті. 30 миллионға жетіп алсақ, соның ішінде 2-3 миллионы белсенді оқырман болса, қазақ қаламгерлері нарыққа бейімделгеннің көкесін көрсетеді. Қазақ – өте прогрессивті халық, біз тез үйренеміз.

ҚАЗАҚТА КІТАП ОҚЫМАЙТЫН ҚАЛАМГЕРЛЕР АЗ ЕМЕС

– Әдебиет тақырыбына байланысты сауалнама жүргізіп, көптеген ақын-жазушыға хабарласам. Көпшілігінен «сұрақтарың қиын» деген жауап естимін. Бірақ... сұрақтарымның күрделі емес екенін білем. Кейде маған «бізде ақын-жазушы көп, бірақ интеллектуалдар аз» деген ой келеді. Осы пікіріммен келісесіз бе?

– Қазақта кітап оқымайтын қаламгер аз емес. Сұрағыңыздың қиын болатынының жауабы сол ғана. Өзі мен айналасындағы қаламгерлердің жазғанын ғана оқып, таңдай қағып, содан озық ештеңе жоқ секілді көрініп, әлемдік үдерісті көретін көзі жабылып қалатын қаламгерлер бұрын да болған, қазір де бар, алда да бола береді. Мысалы, қолына қаламды енді ұстаған қазақ прозашысы не істейді? Балалық шақтың естелігін жазады. Өзі әлі бала. Ол бала шағында әдеби багаж жинамаған, ішіндегі 1 пайыздық таланты түртпектеген кезде, балалық шақтан басқа ештеңе жаза алмайтынын байқайды. Сөйтіп, таусылмайтын тақырыптарға – әже мейірімі, қатыгез көрші, балық аулап батпаққа аунаған кезі, т.б. айдай анық нәрселерге барады. 99 пайыз еңбек керек екенін кеш түсінеді.

Қазір ойланып отырып, Асқар Сүлейменов, Сағат Әшімбаев, Герольд Бельгер, т.б. интеллектуал қаламгерлерге қазақ қоғамында өмір сүру қаншалық азапты болғанын ептеп түсінемін. Олар адамзат ойының бірнеше қат биігіне шығып алып, әдеби ортаның күйкілігіне күле қарап, бәрін кешіріп тұрғандай көрініп кетеді. Оларға, мүмкін, сыйлыққа талас, соның жолындағы өлермендік өте жабайы, варварлық болып көрінген шығар. Бірақ қаламгердің бәрі интеллектуал бола беруі де шарт емес. Әркім өз бабы жеткенше шабады. Айтар едім, қаламгер – өзі қаласа да, қаламаса да, ұлтының айнасы. Эстрадалық қаламгер болса, эстрадалық ортаға бейімделген деуіміз қажет. Жоғарыда бұқаралық әдебиет дегенім де сол.

Соңғы кезде «Әлемде поэзия сәнде емес» деген пікір жиі айтылады. Шығыс халқының табиғатына поэзия жақын ғой. Сізде «бізде де поэзия сәннен қалады» деген қорқыныш жоқ па?

– Қайта бізде поэзияға іңкәрлік өте жоғары. Менің ойымша, қай-қай елде де поэзия прозаға қарағанда өнімді және халық жанына жақын. Қазақ ешқашан өлеңді босағада қалдырмайды. Әрине, өлеңді түсінетіндер көп емес шығар, бірақ ақындардың жазғандарынан өзін, өзінің тағдырын, ішкі мұңын, жан күйзелісін көретіндер азаймайды. Өлең деген – халықтың өзі. Мысалы, фейсбук желісінде қаншама өлең жарияланса да, уатсаппен қанша өлең келіп жатса да, лүпіл басудан тыйылған қазақты көрмедім. Әңгіме – ортақол өлеңмен ортақол оқырман тәрбиелеп жатқанымызда. Әсіресе, уатсапп желісімен келетін арзан өлеңдер көбейді. Авторына қарайсың, аты таныс емес. Болар-болмас жазбасының астына копирайт белгісімен аты-жөнін жазып, лақтырып кеп жібереді. Міне, осындай әрекеттер өлең табиғатын құрта ма деп қорқамын. Фейсбукте бұл жағынан жақсырақ: шын өлең бірден танылады, шын жанашыр бірден кемшілігі мен жетістігін көрсетеді. Бірақ әлеуметтік желілер де бірте-бірте қазіргі алапат әсерлілігінен айырылады деп сенемін. Одан да жалығамыз. Сол кезде шынайы оқырман шынайы өлең іздейді. Қазір-ақ іздеп жатыр.

ТАҒДЫРЫММЕН ОЙНАҒАН АДАМДАРДЫ ҚАТТЫ АЙЫПТАДЫМ

Қоғамда жазушылардың беделінің түсуіне өздерінің де тигізген әсері бар ма?

– Әрине, бар. Бірақ мұның бәрін заманның өзгеруінен деп қараймын. Қазір жазушы-ақындардың 90 пайызы басылымдарда жұмыс істейді. Қазақ басылымдары әлі күнге тиын төлейді. Бірді-бірге соқпасқа амал жоқ. Сондықтан ағалап-жағалап жүрген қаламгерлерге де түсіністікпен қарауға тырысамын. Бұл өзі – өте күрделі нәрсе. Жазушы да адами, пендеуи кемшіліктерден ада емес. Оның да адам сияқты өмір сүргісі келеді. Сөйтіп, пендешілігін байқатады. Оны оқырман кешіре алмайды. Неге екенін, ширек ғасыр өтсе де қазақ қоғамы қаламгерлерге әлі кеңестік көзқараспен қарайды. Жазушылық адамның өмірлік кәсібі дегенді қабылдағысы келмейді, керісінше, оларға жерлік емес, адами күйкіліктен ада жаратылыс ретінде қарап, кез келген кемшілігін трагедия деп көңіліне тым қатты алады. Олай емес. Жазушы да – жанбағыс иесі. Бар айырмашылығы – ол қарапайым адамнан тереңдеу ойлана алады. Тереңдеу болғанда, ол қарапайым адамнан мүлде басқа нәрселерді ойлап жүреді.

Сіз тым сезімтал адамсыз. Жандүниеңіздегі арпалысты қалай жеңесіз?

– Қайта өзімді сезімі доғал адам сезінемін. Бұрын барлық нәрсені тым жақын қабылдайтын едім, уақыт өткен сайын одан да арыла бастадым. Бұрын адамның жаман мінезін кемшілік дейтін едім, қазір ешкімнің өз басынан артық секіре алмайтынына көзім жетті. Жан дүниемдегі арпалысты ойланып жеңемін, басқа емін таппадым.

Адамдардан қатты көңіліңіз қалған сәтте бір сәтке болса да, дұшпаныңыздан кек алу туралы ой бола ма?

– Болады, әрине. Бірақ ол уақытша сезім ғана. Негізі, келіншегіммен ұрсысып қалсам да бес минуттан кейін ұмыттырып жіберуге тырысамын. Қыртиып біраз жүріп көріп едім, біртүрлі ішім атойлап, «қойсаңшы, саған не болған? Балаға ұқсап...» деп өзімді жазғыра берді. Сосын ондайды қойдым. Өмірімде бір-екі рет үлкен толқыныстар болды. Сол кезде алдаған, тағдырыммен ойнаған адамдарды қатты айыптадым. Бірақ сыртқа шығарып айтпадым. Оларға кектенгеніммен, ештеңе өзгермесі белгілі еді. Уақыт бәрін орнына қойып жатыр. «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» дегенге қатты ұйыймын. Қазір былай шештім: кектенуге уақыт жоқ. Өйткені, жасым қырыққа таяды, үлгермей жатқан нәрсем көп. Кектеніп жүріп уақыт өткізгенше, әрекеттеніп көрейін. Бірдеңе шықса, тіпті жақсы, шықпаса – өзімнен.

ЕНДІ ҰЗАСА 25 ЖЫЛ ҚАЛҒАН ШЫҒАР, АРЫ ҚАРАЙ БӘРІ ТҮЗЕЛЕДІ

– Кейбір жазушылар шындықты айтуға мүмкіндігі бола тұра қоғамдық мәселеге үн қосудан саналы түрде бас тартатын сияқты. Осының себебін сіз қалай түсінесіз?

– Сізге өмірден түйген бір тәжірибемді айтайын. Бізде ақындар мен жазушыларға қияли, «басқа әлемнің адамы» деген көзқарас басым. Солай екені де рас. Өйткені, олар терең ойланады. Бір қурайдың басы сынып қалса да жаны ауырады. Тіршілікке алданған адамдар назар аудармайтын нәрсенің бәрін бақылап жүреді. Оның көзі де, жаны да көреген. Бірақ жақсылыққа селт етпейтін мына заманда қайырымсыздыққа, шектен тыс тоқмейілсуге, ұрлықы малмен мақтанға, көке көмегімен өрлеуге, қысқасы, барлық минустарға оның жаны ауырып, күйзеліп біткен. Ештеңе өзгермесіне көзі жеткен. Сондықтан ол қоғамдық мәселеге үн қосудан саналы түрде бас тартады. Айтқыштар бар екенін, оның өз немесе айналасының пайдасы үшін ғана мәселе көтеретінін жақсы біледі. Ең бастысы, саналы қаламгер мұның бәрінің өткінші екенін біледі. Жиырма бес жыл өтті ғой, енді ұзаса сонша жыл қалған шығар, ары қарай бәрі түзеледі. Барлық жаңа қоғамда осындай болған. Байлық, билік үшін өлермендік, ақша табудың жанкештілігі. Екі ұрпақ тойынбай оның қоғамдық үніне мәу дейтін құлақ жоғын жақсы түйсінеді. Сондықтан өз ғұмыры құрбан болып кетсе де күтуге бар. Бірақ өзі құр қарап жүрген жоқ. Алла берген дарыны жеткенше ізгілік дәнін сеуіп жүр. Сол дән ендігі жиырма бес жылда көктемейді дейсіз бе?..

– Елбасы Теодор Драйзердің «Қаржыгер» кітабын оқыдым» деп сұхбат бергеннен кейін кітап дүкенінен осы кітапты іздегендер саны көп екен. Сіз оқырманға кітап оқытудың қандай жолын ұсынар едіңіз?

– Соны білмедім. Ойланып таппадым. Балаларыма қазір кітапты күштеп оқытып жүрмін. Әдет етіп алса ақылымды сұрамас деп. Меніңше, кітап оқуға адам өзі келу керек. Университетте дәріс оқып жүргенімде, мектеп қабырғасында мүлде көркем шығарма оқымаған жастардың талайын көрдім. Басында күйіндім, кейін бос уақыт бола қалса, топ болып кітап оқытып, талқылап, кейде тіпті финалын өздеріне өзгерттіріп, қызықтыруға тырыстым. 15 студент алдымда отырса, соның кемі үш-төртеуі кітапты өмірсерігі етіп алғанын көзім көрді. Мемлекет тұрғындарының 50 пайызы кітап оқуы мүмкін емес. 12-15 пайызы оқыса жетеді. Мемлекет алға басу үшін сол жеткілікті.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар