Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Нобель сыйлығынан бас тартқан қаламгерлер! Олар кі...

31.05.2017 8304

Нобель сыйлығынан бас тартқан қаламгерлер! Олар кімдер?

Нобель сыйлығынан бас тартқан қаламгерлер! Олар кімдер? - adebiportal.kz

Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының ең алғашқы иегері француз ақыны Арман Сюлли-Прюдомнан бастап әдебиетсүйер қауымның бүгінгі күнге дейін «Нобель кімге бұйырады?» деген қызығушылығы бәсеңдемей келеді. Бұл, сірә, аталған сыйлықтың бәсі жоғары екендігін көрсетсе керек. Ал, әдебиет тарихында Нобель сыйлығы беріліп тұрса да, одан өз еркімен бас тартқан «қыңырлар» мен белгілі бір саяси себептерге қатысты сыйлық берілмеген қаламгерлер де аз кездеспейді. Иә, Нобель cыйлығын алу – бір жазушы үшін өміріндегі ең зор даңқ, ал әлдекімдер үшін түкке тұрмайды. Біз бұл мақаламызда сондай қаламгерлер жайлы қысқаша тоқталып өтпекпіз.

«Әлдеқандай керосин сатушы Нобель сыйлығын ұсынады, бұл қалай болды?»

(Лев Толстой)

Әлемде шығармалары ең көп оқылатын жазушы Лев Николаевич Толстойды «Нобель сыйлығынан бас тартқан» деген болжамдар өте көп. Солженициннің жазуына қарағанда, Толстой: «Әлдеқандай керосин сатушы Нобель сыйлығын ұсынады, бұл қалай болды?» деп мысқылдапты-мыс. Толстой сыйлықтан 1906 жылы бас тартқаны күмәнсіз делінеді де, ал 1901 жылы енді ғана беріліп жатқан, әлі әлем назарын қатты аудара қоймаған сыйлық жайында Тостойдың құлағдар болуы да күмәнді жағдай делінеді.

1906 жылы Ресей академиясы Толстойды Нобель сыйлығына ұсынып, Стокгольмға хат жіберген кезде, ол мұның алдын алуға кіріседі. Шығармаларын фин тіліне аударатын жақын досы – Арвид Ярнафельдке одан өзінің Швециядағы таныстары арқылы сыйлықты өзіне бермеуін сұрауды өтінеді. Ярнафелд бұл өтінішті орындайды. Ақыры сол 1906 жылы Нобель сыйлығы итальян ақыны Каддучиге беріледі.

Дегенмен, көптеген елдерден Толстойға аталған сыйлыққа байланысты хаттар лек-легімен ағылады. Мәселен, 1902 жылдың қаңтарында әдеттен тыс жанрда Толстойға хат жолдағандардың қатарынан: «Нобель сыйлығы алғаш рет берілуі себебінен біз, қол қойған ақын, жазушы және сыншылар сізге өз құрметімізді білдіріп... Өзіңіздің ішкі әлеміңізбен осы сияқты сыйлықтарға ұмтылмаған болсаңыз да, сіздің бойыңыздан заманауи әдебиеттің патриархын, бәлкім бүгінгі күнде бәрімізден бұрын көз алдымызда келе жатқан үлкен сөз зергерінің бірін көреміз», дейді.

Мұндай хаттар ағымынан соң, Лев Толстой да өз пікірін білдіріп хат жазуды ләзім көрді.

«Қадірлі де құрметті, бауырлар! Нобель сыйлығы маған берілмегендігіне қуаныштымын! Бұл, біріншіден зұлымдық келтіруі мүмкін болған ақшаларды сарп ететіндей ауыр жұмыстан босатты, екіншіден, маған таныс болмаған, бірақ өте қадірлі болған осыншама адамдардан жылы лебізді хаттар алғаным мен үшін үлкен мәртебе!» дейді әдебиеттің белді өкілі

«Егер Толстой Нобель сыйлығын алғанда не болар еді?» деген сауалға қалың оқырман: «Ол өзінің биіктігімен бұл сыйлықтың да деңгейін көтерген болар еді. Оған лайық болғандарға биік межені белгілеп, Толстой шыңын бағындыртқандай болар еді», деген жауап қатады.

«Жазушы биліктің берген атақ-марапатынан сақ болуы керек»-

(Сартр Жан-Поль)

Франциялық жазушы, философ Жан-Поль Сартр саналы түрде, өз еркімен жүрек жарды сөзін айтып Нобель сыйлығынан бас тартқан бірден-бір адам. Себебі, ол – ақша мен атақ-мәртебеге сатылмайтын санаулы адамның бірі болатын.

1964 жылы, Сартр өзінің Нобель сыйлығын бағалау комитеті жағынан сыйлық кандидатына көрсетілгенінен, әрі, осы жолғы Нобель әдебиет сыйлығын алуы мүмкін екендігінен хабардар болған соң, бағалаушылар комитетіне хат жазып, сыйлықты алудан бас тартатынын білдірді. Бірақ, бағалаушылар комитеті сол жылғы Нобель Әдебиет сыйлығын қасарысқандай салтанатты түрде Сартрге береді. Себебі, Сартрдың ой-пікір мен еркін рухқа бай, ақиқат іздеген шығармалары сол заманға үлкен ықпал жасаған болатын.

Француз жазушысы сыйлық тарату хабарын естіген соң дереу «Жазушы әкімшілік түс алған құрылымдардан бас тартуы керек»- деп баяндама жариялады. Әрі, сол жылы 22 қазанда, Швециядағы баспа саудагері арқылы бір уәкіл жіберіп, бұл баяндамасын Стокгольмде оқытқызды.

«Сартр не үшін Нобель Сыйлығынан бас тартады?», деген сауалға мынандай екі түрлі себепті алдыға тартуға болады.

«Менің бұлай бас тартуым ат үсті жасалған шешім емес. Мен үкімет жақ берген атақ-мәртебенің бәрінен бас тартамын. Бұл позиция жазушылыққа ұстанған көзқарасымнан туындаған. Саясатқа, қоғамға, әдебиетке өз ұстанымын білдіретін жазушы тек өз тәсілімен, яғни жазған шығармалары арқылы бой көрсетеді. Ол қол жеткізген барлық атақ-мәртебе оқырмандарына бір түрлі басымдылық түсіреді. Меніңше, бұл басымдылықты жоғалту қиын. Жан Поль Сартр мен Нобель Сыйлығының иегері – Жан Поль Сартр екі басқа шаруа», дейді автордың өзі. Бұл – бір.

Екінші, автордың мына сөзін алсақ болады. «Көз алдымызда Батыс мәдениеті мен Шығыс мәдениетінің арасында толассыз күрес жүріп жатыр. Мен осы екі жақ айқара құшақтасуы керек деп отырғаным жоқ. Екі түрлі мәдениет ара ауыс-түйіс өзара қақтығыс формасында өмір сүретіні хақ. Екі түрлі мәдениет арасындағы қайшылықты жаныммен сезінемін. Менің бойымда да осындай қайшылықтар өмір сүруде. Сондықтан, мен Шығыс немесе Батыстың жоғары дәрежелі мәдениет құрылымдары берген әрқандай сыйлықты қабыл ала алмаймын. Әйтсе де, осы құрылымдардың істегендері маған бес саусағымдай аян.

Нобель Сыйлығының батыстағы бір топтың әдебиет сыйлығы емес екені маған айдан айқын. Бірақ, шындығында бұл сыйлықтың кей істерін Швеция Әдебиет Академиясының мүшелері де белгілей бермейтін сыйлыққа айналды. Сондықтан, Нобель Сыйлығын алу сияқты адамдардың құрметіне бөленетін зор атақ-мәртебе болса да бәрібір, жазушы әкімшілік түс алған құрылымның бәрінен бас тартуы керек», - дейді шығармашылығы мен болмысын сыйлықтан жоғары қоя білген жазушы.

«Қоғамның осы сыйлықтың мақсаты туралы түсінігі салдарынан, Нобельден бас тартамын»

( Борис Пастернак)

Қоршаған ортасы, идеология және саяси көзқарастың мәжбүрлеуімен бас тартқан қаламгерлердің ішінде Кеңес Одағының жазушысы Пастернак бар еді. Даудың басы оның атақты «Доктор Живаго» романынан туындаған еді. Себебі, кеңестік сыншылар «бұл романда автордың төңкерісті жақтырмайтын көзқарасы бар» деп таниды. Шығарманың төңірегінде кеңестік цензура ұйытқып тұрған уақытта, белгісіз бір себептермен “Доктор Живаго” романы шетелдіктердің қолына түсіп, тұңғыш рет роман Милан қаласында итальян тілінде басылып шығады. Ал Швед академиясы туындысымен дау туғызған орыс ақыны Борис Пастернакқа 1958 жылы “Доктор Живаго” романы үшін Нобель сыйлығын береді. Бұл жағдай “Доктор Живаго” романын қаралап жатқан кеңестік бюрократияның шамына тиеді.

Содан Пастернакқа қысым көрсету басталады. Кеңестер Одағының орталық басылымдары “Правда” және “Литературная газетада” ақын Борис Пастернакты «шет елдің тиын-тебеніне бола Отанын сатқан азғын» ретінде қаралаған мақалаларды бірінен-соң бірін жариялайды. Тіпті 1958 жылдың 31 қазанында Жазушылар одағының мәскеулік бөлімшесінің жиыны өтіп, ақын Борис Пастернакты Жазушылар одағының мүшелігінен шығару туралы бірауыздан шешім қабылданады. Мұның барлығы Пастернакқа оңай соқпайды.

Ақырында ақын 29 қазанда почтаға барып Швеция Әдебиет Академиясына телеграмма жолдап: «Мен тәуелді қоғамның осы сыйлықтың мақсаты туралы түсінігі салдарынан, сыйлықтан бас тартамын һәм ғафу өтінемін!» – дейді.

Англияда ондаған жазушы бірлесіп қол қойып: «Доктор Живаго» саяси құжат емес, қайта жан тебірентерлік өмір кешірмесінің айғағы, – деп түсіндірді. Бірақ, Пастернак бәрібір сол жылғы Нобель Әдебиет Сыйлығынан бас тартты. Арада екі жыл өткенде, ауру мен іш құсталық меңдеткен ол өмірден озды.

«Нобель сыйлығын аламын деу ойымда мүлде болған емес»

(Эльфрида Елинек)

2004 жылы 7-қазан, Швеция әдебиет академиясы 2004 жылғы Нобель әдебиет сыйлғының Австриялық әйел жазушы Эльфрида Елинекке берілгендігін жариялады. Швед әдебиет академиясының айтуынша: «Оның романдары мен пьессаларында гармониялық ұйқасы басым, шығармаларындағы аса тебіреністі сезімге толы тілі арқылы қоғамдағы қатып-семген, іріп-шіріген болмыс пен қара ниет, озбырлардың жалған кейіп-кеспірін жеріне жете қазбалайды».

Елинек өзінің Нобель әдебиет сыйлығын алған тұңғыш Австриялық екенін естігенде ел ойлағандай тебіренбеді. Керісінше, 8 қазанда байкот жариялап, өзінің Стокгольмге барып бұл қомақты сыйлықты алмайтындығын жариялады.

«Нобель сыйлығын аламын деу ежелден ойыма кірмепті. Әсілі бұл сыйлық тағы бір Австриялық жазушы Федер Хандрикке берілуге тиіс», дейді Елинектің өзі. Ол үкіметтен өзін аулақ ұстауды жөн көрді және осы бағытынан жазбады.

Елинектің Нобель сыйлығынан бас тарту себебіне қатысты көп мәліметтер болмағанымен, Сартрдың кезіндегі сыйлықтан бас тарту себебімен ұқсас екенін аңғару қиын емес.

P.S. Үлкен сыйлықтың айналасында үлкен даулар жүретіні рас. Бірақ, осы жоғарыдағы тапсырылмаған сыйлықтар Нобель жылнамасында сақталып, оның есебіне жазылғанын баса айтуымыз қажет. Біздің қазақ әдебиетінің де ірі өкілдері осы жылнамада жазылатын күн туар бір күні...

Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар