Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Елімізді әлемге танытатын туындылар қалай іріктелмек?

08.06.2017 3382

Елімізді әлемге танытатын туындылар қалай іріктелмек?

Астанада Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласында аталған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.

Отырыс барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева бүгінгі күні жұмыс тобы заманауи мәдениеттің негізгі бағыттары: әдебиет, театр және кино, классикалық және дәстүрлі музыка, бейнелеу өнері бойынша үздік үлгілерінің тізімін жинақтау мен жүйелеудің белсенді кезеңіне өткенін атап өтті.

Іріктеу нәтижесінде туындылардың шорт-парақтары жасалады, осыған сәйкес авторлардың мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық сыйлықтарға ие болуы, халықаралық фестивальдер мен өзге де шетелдік конкурстарға қатысуы сияқты еңбектері ескерілетін болады.

Жұмыс тобының мүшесі, ақын Несіпбек Айтұлы жүргізілген жұмыстың уақытқа сай өзектілігі мен маңыздылығына тоқталып өтті.

«Әрине, бізге дәл осындай сараптау топтарын құрудың қажеті зор. Оларды таңдаған соң, әрине, аударма саласындағы кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды тартқан дұрыс қой. Себебі, біз өз авторларымыздың туындыларын жаңа деңгейге алып шығудың қажеттілігін айқын сезініп отырмыз. Біздің бай рухани мұраларымызбен мейлінше көп адам танысу үшін, оларды барша әлемдік деңгейде насихаттауымыз керек».

Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру арқылы талантты композитор авторлардың өздерін шетелдерде жақсы қырынан көрсетуге мүмкіндік беріліп отырғандығын атап өтті.

Туындыларды іріктеу үш кезеңмен жүрілетіндігін атап өткен жөн. Көпшілік талқылау мен арнайы сараптаудан өткеннен кейін жұмыстар тізімі жұмыс тобының жалпы отырысында және әр бағыт бойынша порталдарда талқыланатын болады, ал осыдан кейін ғана Ұлттық комиссияның талқылап бекітуіне ұсынылады.

Жұмыс тобының өткен жолғы отырысында туындыларды іріктеу бойынша нақты критерийлер бекітілді.

Біріншіден, туындылар тек Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында ғана жарық көрген болуы тиіс.

Екіншіден, қоғамда барынша танымалдыққа ие болған авторларға артықшылық берілетін болады.

Үшіншіден, туынды (кітап, фильмография, театрлық қойылым) қоғамға танымал болуы тиіс.

Төртіншіден, туындының жаңашылдығы, дәйектілігі, зияткерлік деңгейі, образдылығы, халықтығы ескерілетін болады.

Бесіншіден, туынды жоғары кәсіби деңгейлі, мәдениет талаптарына, әдеби талғамға, сахна мәдениетіне сәйкес жазылған болуы тиіс.

Алтыншыдан, туындыда қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, діни алауыздықты, нашақорлықты насихаттау сарыны болмауға тиісті.

Жетіншіден, туындыда Қазақстанда тұратын барлық мәдениеттер мен этностардың ұлттық әралуандық сипаты ескерілген болуы тиіс.

Әдебиет саласы бойынша шығармашылық одақтардан ұсынылған туындыларды www.adebiportal.kz тізім бойынша жариялап, оқырмандардың ашық талқылауына салып, арнайы дауыс беруді ұйымдастырады. Оқырмандардың сараптау пікірлері нәтижесінде лайықты деп танылған туынды Ұлттық комиссияның талқылап бекітуіне ұсынылады.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар